Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
topyrak_tanu_zh_ne_geologiya_negizderi / Топыра тану ж не геология нег здер.doc
Скачиваний:
636
Добавлен:
19.03.2016
Размер:
45.3 Mб
Скачать

3.3. Тайгалы-орман аймағының топырақтары

3.3.1. Топырақ құралу жағдайлары

Тайгалы-орман аймағы ТМД елдері ішінде негізінен Ресей мемлекеті аумағын қамтиды. Бұл аймақ солтүстігінде тундра, ал оңтүстігінде орманды-дала аймақтарымен шектеседі. Алып жатқан жер аумағы 1 млрд. 150млн.га. ТМД елдері аумағының 52%, ал соның ішінде Ресей мемлекеті жер ауданының 55% құрайды. Бұл аймақ өте үлкен ауданды қамтығандықтан топырақ құралу жағдайлары әр түрлі көрсеткіштермен сипатталады.

Климаты бореалды, яғни қоңыржай-салқын биоклиматтық белдеуге тән. Ең жылы және ылғалды болып Еуропа бөлігі есептеледі. Бұл бөлікте жылдық орташа температура 0,80С қаңтардың орташа температурасы-16-270С. Шілденің орташа температурасы +17-180С. Жауын-шашын мөлшері 500-680мм. Аймақтың шығыс бөлігіне қарай климаттың салқындығы арта түседі. Батыс Сібір бөлігінде жылдық орташа температура -3,00-7,80С. Шығыс Сібірде климат айқын континентальды. Жылдық орташа температура -7-160С аралығында болады. Жауын-шашын мөлшері 150-320мм. Топырақ терең қабаттарға дейін қатады. Мәңгілік тоң да кең тараған. Қиыр Шығыс бөлігінде климат біраз жылырақ, Орталық Амур және Уссури өлкесінде климат муссонды: жауын-шашын 600-700мм, оның басым бөлігі шілде-қыркүйек айларында жауады. Қысы құрғақ және суық, ал жазы ылғалды, жылы. Шілденің орташа температурасы +200С (Т.Тазабеков ж.т.б. 2000). Негізінен жауын-шашын аймақта жылдың жылы мезгілінде жауады. Жер бетінен ылғалдың булануынан жауын-шашын мөлшері 1,10-1,33 есе артық. Сондықтан бұл аймақ ылғалдылығы жеткілікті және ылғалдылығы артық аймақ болып есептеледі.

Жер бедері. Аймақтың Еуропа бөлігі Орыс жазықтығында орналасқан. Бұл жерлердің бедеріне мұз дәуірінің мұздықтары үлкен ықпал жасаған. Абсолютті биіктігі теңіз деңгейінен 290-460 мм биіктігі бар жалдар мен дөңдер және олардың аралықтарында көлдер мен көптеген батпақтар орналасқан. Сонымен бірге бұл жерлер көптеген өзендермен жыралардың ықпалынан айқын толқынды, дөңді жер бедері болып қалыптасқан.

Аймақтың Батыс Сібір бөлігі жадағай-жазық, ойпатты бедерлі, әлсіз құрғатылатын Батыс Сібір жазықтығында орналасқан, ал Енесей өзенінен шығысқа қарай тайгалы-орман аймағы Орталық Сібір қыраты мен Шығыс Сібір тау жүйесінде және Қиыр Шығыста орналасқан. Бұл өңірдің геологиялық құрылысы өте күрделі және көбінесе таулы жер бедерінен құралған.

Топырақ түзуші тау жыныстары Еуропалық бөлікте, Батыс Сібірде мұздықтармен, мұздықтар суының шөгінділерінен құралған. Олар негізін гранулометриялық құрамы әр түрлі болып келген карбонатсыз кейде карбонатты мореналық (мұздықты) аналық тау жаныстары. Осылармен бірге жамылғы саздақтар, балшықтар, мұздық сулары жинаған құмдар мен құмдықтар кездеседі. Аймақтың таулы өлкелерінде аналық тау жыныстары түпкі тау жыныстарының элювилі және делювилі. Орталық Саха ойпатында аналық тау жыныстары төрттік кезеңнің лөсс тәрізді саздықтары және құмдақтар, ал Қиыр Шығыстан жазықтық жерлерінде–төрттік және үштік кезеңнің құмдары, құмдақтары және балшықтары болып келеді.

Өсімдік дүниесі Тайгалы–орман аймағының батпақсыз жерлерінде негізінен қылқан жапырақты ағаштар-шырша, самырсын, балқарағай, майқарағай өседі. Кейбір жерлерде жалпақ жапырақты-қайың, көктерек, қандыағаш өседі. Аймақтың оңтүстік бөлігінде қылқан жапырақты ормандар сирей түседі де олар аралас ормандарға біртіндеп ауысады. Аралас орман ішінде жалпақ жапырақты-емен, жөке, қарағаш, үйеңкі сияқты ағаштар көбейеді. Осы өсімдіктер жамылғысы мен бірге орман жиектерінде, ашық алаңдарда шөптесін шалғын өсімдіктер дамыған. Сонымен бірге Тайгалы-орман ішінде мүк өсімдіктері бар батпақты ортада өсетін өсімдіктер бірлестігі қалыптасқан батпақтар жиі кездеседі. Әсіресе аймақтың солтүстік бөлігінде және Батыс Сібір жазықтығында батпақтар көп тараған.

Қорыта айтқанда, тайгалы-орман аймағы өте үлкен аумақты қамтып, топырақ құраушы жағдайларының өте күрделілігімен және алуан түрлілігімен сипатталады. Сондықтан бұл аймақта топырақтар құралуына күлгіндену, шымдану, батпақтану топырақ түзілу үрдістері ықпал жасап, күлгін топырақ, шымды топырақ, шымды-күлгін, батпақты топырақ, батпақты-күлгін және тоңды-тайгалы топырақтар типтерін қалыптастырады.

      1. Күлгін топырақтар

Күлгін топырақтардың жаралуы. Күлгін және глейлі–күлгін топырақтар ТМД-елдерінде 132 млн. гектар аумақта тараған. Күлгін топырақтар көбінесе тайгалы қылқан жапырақты ормандар жамылғысы астында қалыптасады. Олардың жаратылуына күлгіндену, элювилі-глейлену және лессиваж үрдістері ықпал жасайды.

Күлгін топырақтардың жаралуы туралы тұжырымдамаларды В.В.Докучаев, Н.М.Сибирцев, К.К.Гедройц, В.Р.Вильямс қалыптастырды. Кейіннен бұл бағыттағы ілімнің дамуына И.В.Тюриннің, С.П.Ярковтың, А.А. Завалишиннің, Н.П. Ремезовтың, А.А.Роденнің, Е.Н.Иванованың, И.С.Кауричевтің, В.В. Пономареваның ғылыми еңбектері үлкен үлес қосты.

Күлгін топырақтардың жаралуына күлгіндену үрдісі үлкен ықпал жасайды. Күлгіндену үрдісінің басты ерекшелігі топырақтың үстіңгі қабаттарында бастапқы және туынды минералдардың ыдырауы, пайда болған өнімдердің топырақтың төменгі қабаттарына және жер асты суларына дейін шайылып кетуі. Сондықтан топырақтың үстіңгі қабатында қоректік заттарға кедей күлгінденген қабаттың пайда болуы.

Күлгіндену үрдісі қылқан жапырақты орман ішінде өте әлсіз дамыған шөптер астында немесе шөптесін өсімдігі жоқ орман астында байқалады. Орман ішінде түскен мүкпен қыналар қалдықтары топырақ үстінде орман төсенішін қалыптастырады. Бұл қалдықтар құрамында кальций мен азоттың мөлшері аз, ал ыдырауға төзімді заттардың лигниннің, балауыздың, илік (дубилдік заттың) мөлшері мол болады. Осы орман төсеніші ыдырауға ұшырап, одан әр түрлі суда ерігіш органикалық қышқылдықтар бөлінеді. Орман төсеніші құрамында қоректік заттар және негіздер аз, сонымен бірге саңырауқұлақтар микрофлорасы басым болғандықтан ыдырау өнімдері ішінде қышқылдар әсіресе, фульвоқышқылдар мен төменгі молекулалы органикалық қышқылдар (құмырсқа, сірке және лимон қышқылдары) мол түзіледі. Бұл қышқылдардың біраз бөлігі пайда болған негіздермен бейтараптанып топырақ қабатына сіңіп, оның бөлігімен әрекеттесіп ыдырау құбылыстарын жүргізеді. Күлгіндену үрдісіне әсіресе белсенді ықпалын тигізетін орман төсеніші ыдырағанда пайда болатын ерекше және ерекше емес органикалық қышқыл өнімдер болып саналады. Пайда болған заттар ауа райының ылғалды болып, топырақта шайылмалы су режімін қалыптастыруына байланысты сумен еріп, топырақтың төменгі қабаттарына шайылады. Алғашқы кезде суда тез ерігіш заттар, содан кейін кейбір төзімді заттар да еріп төмен жылжиды. Әсіресе шаңды-тозаңды құнарлы бөлшектер топырақтың үстіңгі қабатында тез ыдырап топырақтың терең қабаттарына көшеді.

Топырақтың үстіңгі қабатында ыдыраудан пайда болған өнімдер топырақ ерітіндісі құрамында минералды, органикалық–минералды қосылыстар түзіп топырақтың астынғы қабаттарына түседі. Олардың құрамында калийдің, кальцийдің, магнийдің, марганецтің темір мен алюминийдің қосылыстары және органикалық-минералды қосылыстар мол болады.

Күлгіндену үрдісінің әсерінен орман төсеніші қабатының астында күлгінденген қабат құралады. Бұл қабаттың келесідей сипаттамасы бар:

-темір мен марганецтің топырақтарының жиналуы нәтижесінде оның түсі қызғылт-құба немесе сарғыш-құба түстен ашық-сұр немесе ақшылт түске көшеді (оттан қалған күл түсті);

-қабат қоректік элементтерге тотықтарға (Fe2O3., Mn2O3) және шаң-тозаң бөлшектеріне өте кедей;

-қабаттың реакциясы қышқыл және негіздермен қанықпаған;

-құрылымы тақталы-жапырақты немесе құрылымсыз болады;

Орман төсеніші және күлгіндену қабаттарынан шайылған қосылыстардың біраз бөлігі күлгіндену қабатының астына орналасқан иллювиальді қабатқа шоғырланады (шаң-тозаң бөлшектер, темір мен алюминийдің тотықтары және басқа заттар), ал келесі қалған бөлігі жер асты суларына дейін шайылып кетеді.

иллювиальді қабатқа шоғырланады (шаң-тозаң бөлшектер, темір мен алюминийдің тотықтары және басқа заттар), ал келесі қалған бөлігі жер асты суларына дейін шайылып кетеді.

Күлгін топырақтың құрылысы мен қасиеттері. Күлгін топырақтың кескіні келесідей қабаттардан құралған: А0- А1–А2–В-С.

АО-орман төсеніші, жартылай ыдыраған, көбінесе шымтезектенген өсімдік қалдықтары, 2-10см қалыңдығы бар;

А1-әлсіз дамыған қарашірінділі қабат, қуаты 1-5см;

А2- күлгінденген-элювиальді қабат, түсі ақшылт немесе ашық-сұр, кремнеземге (SiO2) бай, жеңіл гранулометриялық құрамды, тақталы-жапырақты, қабыршақты құрылымды;

В-иллювиальды, балшықты–темірлі, қоңыр-құба, қызғылт-құба түсті, өте тығыздалған, ірі кесекті құрылымды, тереңдігі 100см-ге дейін жетеді.

С-карбонатсыз, саздақты немесе балшықты гранулометриялық құрамы бар әр түрлі шығу тегі бар аналық тау жынысы. ( 34-сурет).

Күлгін топырақтардың минералды бөлігі элювиальді-иллювиальді. бағытта жіктелген. Яғни, топырақтың үстіңгі қабаттарынан шаң-тозаң бөлшектер және Fe2O3 , Al2 O3 сияқты тотықтар шайылған (элювилальды құбылыс және олар төменгі В иллювиальді қабатқа шоғырланған (иллювиальді құбылысы).

Бұл топырақтардың құрамында туынды минералдардан бастапқы минералдар мөлшері аса көп болып қалыптасқан. Суда тез ерігіш тұздар және карбонаттар топырақ кесікінінен шайылып кеткен. Осы топырақтар құрамында жылжымалы темір, алюминий және марганец мөлшері мол, кейде олардың мөлшері өсімдіктерге зардапты дәрежеде болуы мүмкін.

Осы топырақтың ерекшелігі- қарашірінді қабаты өте әлсіз жұқа (1-5см) және қарашіріндінің мөлшерінің аз болуы (1-2%). Қарашіріндінің типі фульватты (СГҚФҚ═0,4). Сіңіру қабілеті нашар (2-17м-экв 100г топырақта) негіздермен қанығуы төмен (50%-дан кем), топырақ ортасы реакциясы қышқыл, буферлігі әлсіз. Топырақтың сіңіру кешені құрамында сутегі және алюминий иондары көп мөлшерде шоғырланған.

Қорыта айтқанда, күлгін топырақтардың физикалық, химиялық, қасиеттері нашар болып келеді, құнарсыз топырақтар қатарына жатады.

Күлгін топырақ типі екі типшеге жіктеледі:

-күлгін топырақ

-глейлі –күлгін топырақ

Осы типшелер келесідей тектерге жіктеледі:

-кәдімгідей

-қалдықты-карбонатты

-жанаспалы-глейленген

-иллювиальды-темірлі

-иллювиальды–қарашірінділі

-әлсіз жіктелген.