Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Силабус по казахскому 2008 РАП, РАФ, РА.doc
Скачиваний:
20
Добавлен:
16.11.2018
Размер:
1.28 Mб
Скачать

Қазақ халқының ұлттық ойын-сауықтары

Ұлттық ойын-сауықтарының түрі сан алуан. Өте көп тараған түрлері әдеби-көркемөнерлік түр: күй шерту, ән айту, би билеу, өлең айтысу, дастан-қиссалар айтысу. Ойын-сауықтардың бірсыпырасы балалар мен жасөспірімдердің ойындары.

Ертеден келе жатқан ұлттық ойындардың бірі – «тоғыз құмалақ». Мұны шахмат сияқты екі адам ойнайды, бұдан басқа қазақ арасында дойбы және асық ойынының біраз түрлері бар.

Қазақ ойындарының мол түрі спорттық шынығу сипатындағы ойындар, көпшілігі ат үстінде шынығуға арналған.

Қазақ халқының ұлттық ойын-сауықтары халқымен бір туып, біте қайнасқан. Оның ұзақ тарихы бар.

Алыбақан – қазақ халқының ұлттық ойын – сауығының бір түрі. Алтыбақан көшпелі халық үшін өте қолайлы, себебі тез жиналып, көңіл көтереді. Екі жас алтыбақанда тербеліп, ән салады. Оларды жанында құрбылары тербетіп тұрады. Ойын көпшілікке арналған. Ойынның бұл түрі көп жерде кездеседі.

Арқан тарту ойыны көбіне мерекелерде, тойларда өткізіледі. Арқан тартуға көбіне ер адамдар қатысады. Ойын өтетін жер тегіс болуы шарт. Алаң ортасына көлденең сызық сызылады. Сызықтан тепе-тең қашықтықта екі межені белгілейді. Ойынға ұзын жіп немесе арқан керек. Ортадағы көлденең сызықтан кім бұрын арқанды тартып өткізсе, солар жеңіп, жүлде алады.

Асық – балалар ойыны. Қазақта әр үйдің баласы сойған малдың, әсіресе қойдың асығын жинайды. Асықты бояды. Асық ойыны баланы ептілікке, мергендікке үйретеді. Асық ойыны күндіз де, түнде де, үйде де ойналады. Балалар асықтарды белгіленген жерге тігіп, көмбеден атып тигізуі керек. Ойыншы сақасы тиген асықты алады. Ұтылған жақ жаңа асық тігеді.

Көкпар - өте ертеден келе жатқан ойынның бір түрі. Ежелгі адамдардың күнтізбелік түсінігі бойынша бір жыл алты ай жаз бен алты ай қысқа бөлінгендіктен, жаз айларының бейнесіне «оттан жаралған» қой малы, қыс айларының бейнесіне «тастан жаралған» ешкі түлігі алынған. Жадырап жаз шыққан сәтте «зұлымдық атаулының аты өшсін» деген сеніммен, қыс бейнесі – қара ешкі сойылып додаға салынады екен.

Көкпарды тарту тәртібі: көкпаршылар алаңды айналып тұрады. Қолында көкпары бар төреші оны алаң ортасына тастап, «баста» деп әмір береді. Лап қойған жігіттер лаққа бас салады. Белгіленген межеге көкпарды кім бұрын әкелсе, сол жігіт жеңімпаз аталып, тиісті сыйлығын алады.

Қазақша күрес - қазақ халқының ежелгі спорт ойыны. Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар ол қорғанудың ұлттық өнері. Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады.

Палуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жаурыны жерге тигізілуімен аяқталады.

Күресетін, палуандар жаңадан енгізілген ереже бойынша жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 10 минут, жас өспірімдер үшін 5 минут. Кейде жығылған адамды басып жатып, жаурынын жерге тигізу шарт емес. Бұл күрестің шарты – күшін, әдісін асырып, талассыз жығу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап, «күш алу» деген байырғы жеңіс белгісі жасалады.

Қазақша күрес ресми түрде жұрт таныған өнер.

Қыз қуу - қазақ халқының өте көне ойындарының бірі. Ол республикамыздың халықтарының арасында кеңінен тараған ұлттық ат ойыны тобына жатады. Сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны, ертеде «Қыз қуалар» деп аталған. Сол заманғы тәртіп бойынша жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін оның қызбен некелесуге хұқы болмаған. Ертедегі аңыз-ертегілерге қарағанда, қазақтарда тағы бір мынадай әдет-ғұрып болған. Осы әдет бойынша жарысқа екі рудың қыз бен жігіті түскен. Жігіттің жеңілуі оған салынатын айыппен, қоса, өз руында еті жігіт пен атының жоқтығы үлкен кемістік болып табылған. Егер қыз жеңілген деп табылса, ешқандай қалыңсыз-ақ тұрмысқа шығады.

Бұл сияқты ескі әдет әлдеқашан ұмыт болды.

Қазіргі кездегі қыз қуу спорт жарысында күшті теңдестіру үшін әлсіз жаққа берілетін тиімді шартты еске салады. Жарыс мынадай тәртіппен өткізіледі. Сөреге қыз бен жігіт шақырылады. Жігіт қызды қуып жетсе, өзінің жеңгендігін білдіру үшін оның білегінен орамалды алуға тырысады. Ал қыз оның керісінше, қуғыншыдан қашып құтылып, сөреге бұрын жетуге әрекет жасайды.

Қыз қууды қазіргі бағытымен келешекте де дамытудың үлкен спорттық маңызы бар. Оны ұлттық спорт ойындарының қызғылықты бір түріне айналдыру үшін мүмкіншілік толық.

Теңге алу - ертеден келе жатқан ойындардың бірі. Теңге алу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Ойынға жасы он сегізден асқан адамдар ғана қатысады. Тақыр жердің ойықтау тұсына ақ шүберекке түйілген зат тасталады.

Ойыншылар қос тартпалы мықты ерттелген атқа мініп отыз-қырық метрдей жерден шауып бара жатып, ақ шүберекке түйілген затты еңкейе беріп, іліп алып кетулері керек. Шүберекке түйілген тиынды, ат үстінен әкеткен адам жеңімпаз атанып, жүлде алады.

Ойыншылар атқа кезек мініп, немесе бірнеше атпен кеп ойынға қатынаса береді. Алғашқы адам тиынды іліп кетсе, оның орнына тағы да тиын салынады.

Ат ойыншының қалауынша шабады, бірақ теңге жатқан жерге келгенде, баяулауға немесе тым ағынды шабысқа салуға болмайды.

Тоғызқұмалақ – қазақ ұлттық ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны. Оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Тоғызқұмалақ бұрынғы өткен заманда қазақ даласында ең көп тараған ойындардың бірі болған. Өкінішке орай, ол Кеңес Одағы кезінде біршама тоқырауға ұшырап, кейіннен тіпті насихатталмай қалды. Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері осынау ұлттық ойын қайта жандану жолына түсті. Қазіргі таңда Республикамызда оның жеке қауымдастығы бар, облыс орталықтарында тоғызқұмалақ үйренемін деушілерге қауымдастықтың бөлімшелері мен үйірмелері ашылған. Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Сардар Шәріпов пен «Таңғажайып тоғызқұмалақ» кітабының авторы, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ ғылыми орталығы директорының орынбасары Мақсат Шотаев деген азаматтар осы ойынның жандануына үлкен үлес қосты. Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде бұл ойын жақсы насихатталып жатыр. Монғолияда тоғызқұмалақ сабағынан олимпиада ойындары өтеді екен. Қытайда, Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми еңбектер шығуда, Алтайда үйірмелер ашылған. Жалпы, тоғызқұмалақ зияткерлік ойынға жатады. Ал зияткерлік ойындар дегеніміз – адамның ойлау қабілетін, ой-өрісін дамытатын спорт түрі. Ғалымдардың пікірінше, бұл ойынның тағымдылық, тәрбиелік, танымдық құндылықтары көп, сонымен қатар зияткерлік ойындардың терапиялық сипаты да зор екен. Тоғызқұмалақ маманы Мақсат Шотаевтың айтуынша, қазір бұл ойын Интернет арқылы жедел дамып келе жатыр.

Жаңа сөздер:

ұлттық-национальный

қорғану-зашитить

палуан-борец

әдіс-метод

күш-сила

салмақ-вес

күрес-борьба

қызғылықты-интересный

Тапсырмалар:

  1. Әрбір мәтінді аударып, сұрақтар дайындаңыз.

  2. Берілген сөздерге бір сөйлеммен анықтама беріңіздер: арқан -, асық -, бақан -, теңге -.

  3. Зат есімнің жалғауларын табыңыз.

  4. Ұлттық, тәрбие, отбасында, өмір, халық сөздерімен сөйлемдер құрастырыңыз.

  5. Мәтіннен сын есімдерді көшіріп жазып, сөз тіркестерін жасаңыз.

  6. Мәтіндерден есімдіктерді тауып, жіктеу және сілтеу есімдігінің септелуіне мысал келтіріңіз.

  7. «Наурыз тойында» тақырыбына сұхбат құрастырыңыз (Ұлттық ойындар, салт-дәстүрдің Наурыздағы көрінісі сұхбатыңыздың негізі болсын).