Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
_аза_+т+л+.+Экономика+факультет+не+арнал_ан+25....doc
Скачиваний:
67
Добавлен:
11.11.2019
Размер:
1.47 Mб
Скачать

Жиырмасыншы сабақ

СУ ҚАДІРІН БІЛЕСІҢ БЕ?

«Судың да сұрауы бар»

Біздің планетамызда су көп, әйтсе де сол судың қадірін білеміз бе? «Бұлақ тартылып қалғанша қадірін білмейміз» деп моңғол мәтелінде айтылғандай су қадірін ел де біле бермес. Жер шарының 60%-інде тұратын халық тұщы судың болмауынан немесе жетіспеуінен зардап шегеді. Мәселен, Грекияның Афины және Пиреяға жақын орналасқан аудандарында ауыз су жоқ. Оны алыстағы таулардан тасып ішетіндіктен, су бұл жерде шараптан да қымбат. Хорватияның көптеген облыстарында судың әрбір тамшысы есептелінеді. Югославияның кейбір теңіз жағалауындағы аудандары мен аралдары кемемен жеткізілген тұщы суды пайдаланады. Кейбір жерлерде су автомашинамен, тіпті ұшақпен тасылады. Мәселен, Гонконг пен Сингапур тұщы суды көршілес Қытай мен Малайзиядан алады. Алжир елі бүтіндей дерлік ауыз суды тасып ішеді. Жапон елінде де ауыз су өте көп еңбекпен келеді.

Соңғы онжылдықтарда ауыз су қиыншылығын көріп отырған жер шарының аталған аудандарының қатарына әлемнің көптеген ірі қалалары да қосылып отыр. Мәселен, Нью-Йорк халқы әлі күнге дейін әдеттегі нормадан едәуір аз мөлшерде су алған 1949 жылдың желтоқсан айын ұмыта қойған жоқ. АҚШ тұрғындарының сол кезде-ақ ауыз судың қадір-қасиетіне көздері жеткен болатын. Қазіргі кезде де АҚШ-тың азық-түлік дүкендерінде шөлмекпен су сатылады. Судың сапасына қарай олардың бағалары да әрқалай.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Су туралы көп жазылып та, айтылып та жүр. Көбінесе онсыз экономика дами алмайтын маңызды табиғи ресурс ретінде жазылады. Су проблемасы аса маңызды проблеманың біріне айналатын күн де таяу. Біздің экологияға жауапсыз қарауымыздың салдары қаншама теңіз, тұщы суларды бүлдіріп, өзендер мен көлдердің суын уландырып жатыр.

Бір кезде академик А.Е.Ферсман тұщы суды «онсыз тіршілік болмайтын жер бетіндегі ең маңызды минерал» деп атаған. Жыл өткен сайын бұл ақиқатқа айналып келеді. Суды ешнәрсемен алмастыруға болмайды, өйткені тірі организм сусыз тіршілік ете алмайды. Сонымен «судың да сұрауы бар» дейді. Су қадірін білеміз бе?

(Газет материалдарынан, «Заман-Қазақстан», 1996 ж.)

1-тапсырма.

1. Мәтінге өзіңізше ат қойыңыз.

2. Мәтінді мағыналық бөлімдерге бөле отырып, жоспар құрыңыз.

3. Мәтінді әңгімелеуге қажетті сөздер мен сөз тіркесін жазыңыздар.

4. Мәтінді жоспар бойынша әңгімелеңіз.

2-тапсырма.

а) уважение, достоинство, свойство, почет, уважать, ценить, починить, почетный, уважаемый сөздерінің қазақша баламаларын айтыңыздар (сөздікті пайдаланыңыз).

ә) «Су қадірін білеміз бе?» - деген сұраулы тақырыпты қалай түсіндіңіз?

б) Тақырыпшадағы «Судың да сұрауы бар» деген фразеологиялық тіркес пе, еркін сөз тіркесі ме?

3-тапсырма.

а) Қадір, қадірлі, қадірсіз деген сөздердің мағынасын талдаңыздар.

ә) Сыйлы, құрметті, бағалы, қасиетті сөздері қадірлі сөзімен синоним бола ала ма?

б) Қадірледі, қастерледі, қадір тұтты, құрметтеді сөздері бір-бірімен синоним бола ала ма?

4-тапсырма.

Абыз шешеннің өлеңін талдаңыздар. Қай сөз көп қолданысқа түскен.

Ата-ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің.

Балалықтың қадірін

Саналы болғанда білерсің.

Денсаулықтың қадірін

Ауырғанда білерсің.

Жиырма бестің қадірін

Жас өткенде білерсің.

Қара көздің қадірін

Нұр кеткенде білерсің.

Татулықтың қадірін

Дос болғанда білерсің.

5-тапсырма.

Құрметті, сыйлы, ардақты, қадірлі, қадір-қасиет, қадір-құрмет сөздерімен сөйлем құраңыздар.

Үлгі: Туған жердің сұлулығы мен қадір-қасиеті бөлек қой, шіркін.

6-тапсырма.

Мына сөз тіркестерінің мағынасын талдаңыздар (түсіндірме сөздікті пайдаланыңыздар):

Ауыз су, аузының суы құрыды, қара суға түсті, мойнына су кетті, су жаңа, су жүрек, су сепкендей басылды, суға салса батпайды, отқа салса жанбайды, судан тұнық, сүттен аппақ, судың да сұрауы бар.

7-тапсырма.

Қазақстандағы өзен, көл, теңіздерді атаңыздар. Сулы өлкелер туралы әңгімелеңіздер.

8-тапсырма.

Арал теңізінің жай-күйі. Ол туралы не білесің? Сұхбат құрыңыздар.

9-тапсырма.

Теңіз тазалығы туралы конвенция құрыңыздар. Ол кем дегенде бес-алты пункттен тұратын болсын. Айтылған мәселе көп елге қатысты болсын. (Мысалы, Каспий теңізі туралы).

10-тапсырма.

«Теңіз кімге тиісті», «Теңіз құқығы» туралы пікірталас құрыңыздар.

11-тапсырма.

«Қазақстандағы өзен-су атауларын кім көп біледі?» деген тақырыпта жарыс ұйымдастырыңыздар.

12-тапсырма. Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Академик А.Е.Ферсман суды қалай айтады?

2. Қазіргі кезде тұщы су мәселесі неге күннен-күнге қиындап бара жатыр (жауапта газет, журнал материалдарын пайдаланыңыздар).

3. Қай елдерде суды сатып ішеді?

4. Судың маңызды табиғи ресурс ретінде экономика дамуына қатысы қандай?

5. Бұлақ туралы әңгімелер білесің бе?

13-тапсырма.

Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесін оқып, талдау жүргізіңіздер.

Қорытындылау үшін

Пікірталас тақырыбы:

1. Каспий теңізінің мәртебесі туралы (топ екіге бөлінуі керек).

2. Судың да сұрауы бар.