Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
_аза_+т+л+.+Экономика+факультет+не+арнал_ан+25....doc
Скачиваний:
66
Добавлен:
11.11.2019
Размер:
1.47 Mб
Скачать

Базаршы жігіт пен ақылды қыз

Ертеде бір бидің жалғыз ұлы болыпты. Ақылдылығымен, әділдігімен ел аузына іліккен би ұлының болбыр өскеніне налиды екен. Бірде алыс сапар үстінде келе жатқан әке баласын сынамаққа «Қарағым, осы жолды қалай қысқартуға болады?» - дегенде, аң-таң қалған ұлы мандыртып жауап айта алмайды. «Ой жетесіз, әсерлі әңгіме айта білсең, жолдың қысқарғаны сол», - деп қатты күйінген би ойланып-толғанып бір шешімге келеді.

Бір күні ұлының алдына жүз саулық қой салып, базарға айдатады. Сапарға шығар алдында шартын айтады:

- Балам, мына малды базарда ретін тауып үш рет сатып, пұл етерсің. Бір рет сатсаң, сен маған ұл емессің, үйдің бетін көрме...

Әкенің қатал сынына ұшыраған бала малын базарға айдап келсе, сатып алушылар көп екен. Саулықтардың құнын сұраған халыққа:

- Әр басты үш реттен сатамын, - дейді иесі.

- Оу, бір қойды үш реттен сатқанды кімнен көріп едің? – деп таңданған жұрт теріс айналады.

Күн артынан күн өтеді. Малы өтпей, шаршаған базаршы жігіт малының жанында бүк түсіп, бүрісіп жата беріпті.

Жігітті аяп кеткен бір жас қыз одан:

- Неге сонша жабырқаусың, жігітім? – деп сұрайды.

Бала болған жағдайдың бәрін баяндайды. Мән-жайды түсінген қыз сонда былай депті:

- Қораңдағы малыңды үш рет сату үшін менің айтқанымды бұлжытпай орындауың керек. Алдымен анау қара орманнан ағаш қиып әкеліп, қора жаса, қойды сонда ұста. Уақыт өткенде, мезгіл жеткенде қораң қойға толады, малдың жүні өседі. Сонан кейін қиды бір рет сат, жүнді екі сат. Малдың өзін және сат. Бір басты үш рет сату деген осы.

Жігіт дерек іске кіріседі. Күндіз-түні ерінбей тер төгеді де, көп кешікпей қалтасын ақшаға толтырып үйіне қайтып оралады.

Ұлының олжалы оралғанына риза болған би оның мұндай ақылды кімнен үйренгенін анықтағысы келеді. Жігіт сырын жасырмай, шынын айтады.

Би іздеу салып жүріп ақылына көркі сай сұлу қызды ұлына әпереді.

Содан кейін би баласы мен ақылды қыз өз алдына отау тігіп, дәулетті әрі бақытты ұзақ өмір кешіпті.

Сұрақтарға жауап беріңіз:

1. Ертеде бидің кімі болыпты?

2. Би неге налиды?

3. Әке баласын сынамаққа қандай сұрақ қояды?

4. Жолды қалай қысқартуға болады?

5. Қатты күйінген би қандай шешімге келеді?

6. Бір күні ол не істеді?

7. Сапарға шығар алдында қандай шарт айтады?

8. Қойдың құнын сұраған халыққа бала не деді?

9. Таңданған жұрт не дейді?

10. Баланың қойы базарда өте ме, қандай күйге түседі?

11. Жігітті аяған қыз не дейді?

12. Жігіт не істейді?

13. Ұлының олжалы оралғанына қуанған би нені анықтағысы келеді?

14. Би кімді іздейді, не істейді?

15. Содан бала қалай өмір сүріпті?

16. Налиды, ренжиді сөздері синоним бе?

17. Саудада да бәсеке бар. Сатқан адам көбірек ақша алу үшін, алушы төмендету үшін бәсекеге түседі. Саудаласуға да ғылым, білім керек. Бұл пікірлерге келісесіз бе?

Даналар сөзін тыңдайық

Егер ісім өнсін десең, ретін тап.

Абай, 37-ші сөзінен

Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір рет, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір мәрте өзіңнен есеп ал.

Абай, 15-ші сөзінен.