Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Б ЕГІНШІЛІК, АГРОХИМИЯ ЖӘНЕ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ...doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.84 Mб
Скачать

2.2 Тұқымның себу сапасы және оны анықтау

Біздің елімізде тұқымды себу сапасына талдау бірыңғай тәсілмен мемлекеттік тұқым инспекцияларында жүргізіледі, ал сапа көрсеткіштері жалпы мемлекеттік стандарттар (МСТ) арқылы тағайындалады.

Себу сапасының көрсеткіштеріне мыналар жатады: тұқым тазалығы, өнгіштігі мен өну энергиясы, ылғалдылық, өмірге бейімділігі (тіршілік қабілеті), өсу күші (қуаты), 1000 тұқымның массасы, аурулар және зиянкестермен залалдануы.

Мемлекеттік стандарттар (МСТ) бойынша тұқымның кондициялық ылғалдылығы еліміздің аймақтарына, жекеленген дақылдарға нормаланады. Атап айтқанда, Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс облыстарында көпшілік дәнді дақылдардың тұқым ылғалдылығы 16-17%, жармалық дақылдарда (тары, қарақұмық) 15-16%, май дақылдарында 10-13%, астық-тұқымдас мал азығындық шөптерде 15%-тен көп емес, бұршақ тұқымдас мал азығындық шөптерде 13%-тен жоғары болмауға тиіс.

Егіске арналған барлық тұқым себу сапасына тексерілуі керек. Мемлекеттік стандарттардың (МСТ) шарттарына сәйкес келетін тұқымдарды ғана себуге рұқсат етіледі.

Тұқым тобының немесе бақылау өлшемі себу сапасын белгіленген тәсіл бойынша (МСТ 12036-84) алынған екі орта (біріншісін шағын дорбаға салады, екіншісін дымқылдығын, ауруын анықтау үшін шөлмек сияқты аузы тығыздалатын ыдысқа салады) үлгіні талдау нәтижелерімен Мемлекеттік тұқым инспекциясында анықтайды. Орта үлгінің мөлшері дақылдар тұқымының ірілі – ұсақтығына байланысты 50 г (сәбіз, пияз, еркекшөп), 250 г (жоңышқа, беде, түйежоңышқа), 500 г (тары, зығыр, кенепшөп), 1000 г (бидай, сұлы, арпа, жүгері, бұршақ, т.б.).

Мемлекеттік стандартпен себу сапасының негізгі көрсеткіштері – тазалығы мен өнгіштігі – бойынша дәнді, дәнді бұршақ, май дақылдарының тұқымдары үш класқа бөлінеді, мал азығындық шөптер, қант қызылшасы, мал азығындық тамыржемістер, картоп, бақшалық дақылдардың тұқымдары екі класқа бөлінеді ( 2.2.1 кесте). Көрсетілген кластардың біріне кіретін тұқымдарды кондициялы деп атайды, олар себуге жарамды. Себу сапасының көрсеткіштері үшінші (екінші) класты стандарттық шарттарына сәйкес келмейтін тұқымдарды кондициялы емес (кондициясыз) тұқымдар деп есептейді де оларды себуге рұқсат етілмейді.

Арнаулы тұқым шаруашылықтарының, ЖШС, ӨК және жекеменшіктегі шаруа қожалыктарының тұқымдық учаскелерінде бірінші класты тұқымдар ғана, және тек ерекшелік ретінде, екінші класты тұқымдар себіледі. Осындай шарттар өсірудің интенсивті технологиясы пайдаланылған егістіктерге де қойылады.

Тұқымның орақ үлгісін талдаудың нәтижелеріне қарай Мемлекеттік тұқым инспекциясы “Тұқым кондициясы жөніндегі куәлік” немесе “Тұқым талдаудың нәтижесі” деген құжаттар береді.

“Тұқым кондициясы жөніндегі куәлік” – себу сапасы тексерілген және барлық көрсеткіштері стандарттың шарттарына сәйкес келетін тұқымдарға беріледі. Куәлікте тұқымның класы нормаланатын тұқым сапасының ең төменгі көрсеткіші бойынша анықталады.

Егер күздік дақылдар жиналған жылы себілсе, онда өнгіштіктің орнына тіршілікке қабілеттілігі анықталады да ерекшелік ретінде “Тұқым кондициясы жөніндегі куәлік” қағазын беруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ тұқым тобын егін себуден 10-15 күн бұрын ылғалдылығы мен зиянкестер санын анықтамай-ақ тексергенде де жоғарыда аталған құжатты береді.

«Тұқым кондициясы жөніндегі куәлік» құжатының әсер ету мезгілі берілген уақытынан санағанда көпшілік дақылдар үшін (көкөніс, бақшалық дақылдар және мал азығындық тамыр жемістерден басқалары) – төрт ай және ол мерзім тұқымның өнгіштік көрсеткіші бойынша белгіленеді.

«Тұқым талдаудың нәтижесі» - себу сапасы стандарттың шарттарына сәйкес келмеген тұқымдарға және нормаланатын көрсеткіштер түгел тексерілмегенде берілетін құжат. Бұл құжатта тұқымды талдаудың нәтижесі келтірілген және қандай себептермен стандарттың шарттарына жауап бермейтіндігі көрсетіледі және кондицияға жеткізу үшін әрекеттер тізбеге жазылады.