Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Б ЕГІНШІЛІК, АГРОХИМИЯ ЖӘНЕ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ...doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.84 Mб
Скачать

2.1.4 Тұқымның өнуі және егін көгінің пайда болуы

Тіршілікке қабілетті тұқымның өнуіне су, жылу және міндетті түрде оттегі қажет. Өну судың әсерінен тұқымның бөрткен кезінен басталады. Тұқымның бөртуіне қажетті судың мөлшері оның химиялық құрамына байланысты, өйткені оған кіретін заттар әртүрлі мөлшерде су сіңіреді: белоктар 150, крахмал 70, қатайып кеткен клетчатка 30% (В.В.Гриценко, З.М. Калошина, 1984).

Ылғалмен қатар тұқымның қалыпты өнуіне қолайлы температура жағдайлары қажет. Температура дәрежесінің 3 түрі ажыратылады: ең аз (минимум), одан төмен болғанда тұқымның өнуі мүмкін емес; қолайлы (оптимум), өсіп-өнуге ең қолайлысы, ең көп (максимум), бұдан жоғары болғанда тұқымның өнуі тоқтайды.

Тұқымның өнуіне ең қажетті жағдайдың бірі тұқымның тыныс алуына және эндоспермдегі қорлық қоректік заттардың тотығуына жеткілікті мөлшерде оттегінің қажеттігі болып табылады. Оттегі жетімсіз болғанда анаэробтық тыныс күшейеді, мысалы, көмірқышқыл газының 17%-ға көбеюінен тұқымның өнуі өте нашар өтеді, ал ол 35 % жеткенде тұқымдар өліп қалады (К.М.Фирсова, 1969).

Тұқым өнуінің бірінші көрінетін морфологиялық белгісі ұрықтың өскінге айналуы, ал содан кейін тамыршалардың пайда болуы. Тамыршалардың өсуі олардың ұштарындағы өсу аймағында жүретін қарқынды клетка бөлінуі арқылы іске асады. Астықтың бірінші тобы (бидай, қара бидай, арпа, сұлы) бірнеше ұрықтық тамыршалармен өнеді, ал екінші тобы (тары, жүгері, күріш) жалғыз ұрықтық тамыршамен өнеді.

Бірінші (ұрықтық) тамыршалардың соңынан өркен (сабақ өркені) өсе бастайды және бірте-бірте жер бетіне шығады, сөйтіп, егін көгіне айналады.

Егін көгі кезеңінің басталуы деп алқаптағы өсімдіктердің 10 процентінде бірінші жапырақтар пайда болған күнді, ал толық көктеуі деп 75 процентінде бірінші жапырақтар пайда болған кезеңді есептейді.

2.1.5 Тұқымның далалық өңгіштігі, оның әртүрлі факторлар мен жағдайларға байланыстылығы.

Далалық өнгіштік барлық жағдайларда лабораториялық көрсеткіштен төмен және көптеген факторларға тәуелді. Н.Н. Кулешов бұл факторларды бес топқа бөледі: тұқым сапасы, метеорологиялық жағдайлар, топырақ жағдайлары; агротехника; тұқым мен өскінді зақымдайтын аурулар мен зиянкестер.

Тұқымның далалық өнгіштігінің төмендеуі белгілі бір дәрежеде дәнді және басқа дақылдардың өнімін азайтады. Есептеулер көрсеткендей, далалық өнгіштік 1 процент төмендегенде егін өнімінің төмендеуі жаздық дақылдарда 1,5-2,0 процент, ал күздіктерде – 1,0-1,5 процент (Н.К.Ижик, 1976). Өнімнің азаюы әрі сабақ бітіктігінің кемуі есебінен, әрі өсімдік өнімділігінің төмендеуінен болады. Далалық өнгіштік төмен болғанда аңызға себілген көп тұқым зая кетеді.

Толық бағалы әрі біркелкі егін көгін алу көп жағдайда тұқым сапасына байланысты (өну энергиясы мен өнгіштігіне, жарақаттануына, физикалық пісіп-жетілуіне, біркелкілігіне, ірілігіне т.б.):

а) тұқымның лабораториялық өнгіштігі айтарлықтай дәрежеде далалық өнгіштікті анықтайды. Әдетте, лабораториялық өнгіштік төмендеген сайын далалық өнгіштік те төмендейді.

ә) тұқымның жарақаттануы далалық өнгіштіктің төмендеуінің басты себептерінің бірі. Көп авторлардың көрсеткеніндей (И.Г.Строна, 1972, Н.В. Барнаков, 1982 т.б.), егін жинау кезінде және жинағаннан кейін өңдегенде жарақатталған тұқымдар тұқымның өнуі мен қалыптасуына ғана зиянын тигізіп қоймайды, сонымен бірге өсу процесін кешеуілдетеді, өсімдік өнімін азайтады.

б) тұқым ірілігі мен ауыр салмақтылығы далалық өнгіштікке айтарлықтай әсер етеді, бірақ әртүрлі жағдайларда бұл біркелкі болмайды. Тұқым эндоспермі қоректік заттармен неғұрлым көп қорланса, солғұрлым олармен ұрық жақсы қамтамасыз етіледі де қуаттырақ өркен пайда болады. Далалық жағдайда мұндай өркендер (өскіндер) қолайсыз кедергілерді жеңіл жеңеді, топырақ бетіне жылдамырақ шығады.

Мұның өзі далалық өнгіштікке әсер етеді.

в) өнімдегі тұқымның әр түрлі сапалылығы (әртектілігі) тұқым бөлігіндегі далалық өнгіштіктің төмендеуі мен лабораториялық және далалық өнгіштіктің арасындағы айырмашылықтың себептерінің бірі.

Көптеген зерттеулермен ең ірі тұқымдар мен жоғары себу сапасы сұлы мен тарыда сіпсебастың жоғары бөлігінде, қара бидай, бидай, арпада – масақтың орта бөлігінде, ал қарақұмық, ас бұршақ, ноқатта – төменгі бүршіктерде қалыптасатыны анықталады.

Тұқымның әртүрлі сапалылығының далалық өнгіштігін арттыру үшін ірілігіне қарай ең жақсы фракцияларды іріктеу арқылы бөліп алу және ұсақ әрі сенген тұқымдарды аластату қажет.

г) тұқымның физиологиялық піскендігі далалық өнгіштікке айтарлықтай әсер етеді. Биологиялық тыныштық кезеңін өтпеген тұқымдарды егіске пайдаланғанда олардың далалық өнгіштігінің айтарлықтай төмендейтіндігі байқалады. Бұл құбылыс әсіресе күздік астық дақылдарын жаңа жиналған тұқыммен сепкенде орын тебеді.

Жоғары айтылғандармен қатар, тым төменгі, сол сияқты тым жоғары температуралар тұқымның өнгіштігін азайтады. Далалық өнгіштік кенеттен салқындап және ұзаққа созылғанда, толассыз ақ жаңбырларда және сепкеннен кейін топырақтың тығыздалуынан ерекше төмендеп кетеді. Мұның бәрі өскіннің пайда болуын көп уақытқа дейін кешеуілдетеді.

Топырақтың физикалық, механикалық қасиеттері де тұқымның өнуі мен өсуіне тікелей де, өсіп келе жатқан өркендерге белгілі кедергі келтіріп, жанама түрде де, топырақтың су, жылу және ауа режимдерін өзгертіп әсер етеді.

Тұқымның өнуі мен өркеннің пайда болуына топырақтың егістік қыртысының тығыздығы маңызды рөл атқарады.

Топыраққа сіңірген тұқымдар және олардың өркендері әртүрлі топырақ зиянкестерімен зақымданады, мұның өзі далалық өнгіштікті төмендетеді.

Ең қолайлы агротехникалық мерзімде себу – тұқымның далалық өнгіштігін арттырудың басты шарттарының бірі. Себу мерзімі дақылдардың биологиялық ерекшіліктеріне, сонымен қатар температура мен егілетін топырақ қыртысының ылғалдылығына байланысты. Сепкен уақыт пен өркеннің пайда болған кезеңіндегі топырақ пен ауаның температурасы арасында тура тәуелділік бар.

Ерте себілген тұқымның далалық өнгіштігінің азаюы ұзақ уақыт салыстырмалы төмен температураның әсерінен, ал кеш себілгенде - топырақтың бет қыртысының кеуіп кетуінен болады.

Егіс нормасы мен себу әдісі де әртүрлі далалық өнгіштік көрсеткішіне әкеліп соғады. Себу жиілігі (қоректену алаңы) өсімдік өмірінің алғашқы күндерінен-ақ әсер ете бастайды.

Тұқым сіңіру тереңдігі далалық өнгіштікке айтарлықтай әсер ететін фактор. Оның өзі тұқымның ірілігіне, топырақтың механикалық құрамына, топырақтың егістік қыртысының ылғалдылығы мен температурасына тәуелді. Н.К. Ижиктің (1976) деректері бойынша жаңбырдан кейін жеңіл сазданған ауыр топырақтарда дәнді дақылдар тұқымының ең жоғары далалық өнгіштігі оларды 1-2 см тереңдікке сіңіргенде байқалады. Сіңіру тереңдігін 4-5 см өсіргенде тұқымның далалық өнгіштігі жаздық бидайда – 26, арпада – 25, сұлыда – 16, қарақұмықта – 28 процент кемиді.

Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егіншілік шаруашылығы бөлімінің зерттеулері көрсеткендей, егістік қыртысының қолайлы ылғалдылығына жаздық бидай тұқымының сіңіру тереңдігінің артуына қарай далалық өнгіштік азайды. Атап айтқанда, Саратов-29 бидайының далалық өнгіштігі әртүрлі тұқым сіңіру тереңдігінде мынадай болды: 5-6 см – 71,4-70,6; 7-8 см – 62,4-60,1; 9-10 см – 42,1-40,0 процент. Қарақұмық тұқымының далалық өнгіштігі тиісінше 69,4, 52,6 және 29,2 процент болды.

Егінді баптап-күтудің агротехникалық шаралары да тұқымның далалық өнгіштігіне үлкен ықпал жасайды. Себуге дейін және сепкеннен кейін топырақты тығыздау арқылы тұқымның далалық өнгіштігін арттыру еліміздің әртүрлі, оның ішінде Солтүстік Қазақстан аймағында көптеген ғалымдардың деректерімен дәлелденді.

Себу кезінде енгізілген тыңайтқыштар, егер тыңайтқыш түйіршіктері мен тұқым арасында ауа қабаты болмаса, тіпті аз нормасының өзі тұқымның далалық өнгіштігін төмендетеді, бұл топырақ ерітіндісінің концентрациясы тұқым мен тыңайтқыш түйірлерінің түйіскен жерінде жоғары болуынан. Сазданатын ауыр топырақтарда суару мен жаңбырдың әсерінен қабыршақ пайда болуы себепті егін көгінің пайда болуы тежеледі.