Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Б ЕГІНШІЛІК, АГРОХИМИЯ ЖӘНЕ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ...doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.84 Mб
Скачать

2.1.6 Тұқымның жарақаттануы және оны азайтудың шаралары

Комбайндар мен молотилкалардың, тұқым тазалағыш және сорттағыш машиналардың, кептіргіштердің әртүрлі тиеу құралдарының сеялкалар мен басқа машиналардың жұмыс органдары тұқымдармен түйісу және оларға әсер етудің нәтижесінде белгілі бір дәрежеде оларды жарақаттайды. Әсіресе астық бастырғанда тұқымның ең көп жарақаттануы байқалады.

Зақымдану дәрежесіне қарай тұқым жарақаттануының екі түрі ажыратылады:

а) макрожарақаттар бұл тұқымның бір бөлігінің шығынына байланысты анық көрінетін зақымдар (уатылған, ұрылған, езілген, ұрықтың толық немесе бір бөлігінің болмауы). Тұқым тіршілігіне ең қауіптісі осылар, көбінесе шығымдылықты жоғалтуымен байланысты. Макрозақымданған тұқымдарды себуге дейін тазалау мен сорттаудың нәтижесінде бөліп алуға болады;

ә) микрожарақаттар – көрінбейтін, көзге шалынбайтын зақымдар. Бұл қабықтар мен ішкі тканьдердің жарықшағы, олар микроорганизмдер мен ішкі зиянкестердің әсерінен пайда болады. Олардың тұқым сапасына тигізетін теріс әсері айтарлықтай, әсіресе ұрықтың зақымдары қауіпті.

Тұқымның ең көп зақымдануы астық бастырумен байланысты екендігін ескере келіп, жарақаттанудың себептері мен оларды болдырмаудың мүмкіндіктеріне тоқталған жөн. Сондықтан астық бастырғанда тұқымның жарақаттануына әсер ететін факторлар:

1) орталық машина сынау станциясының деректері бойынша комбайн барабанының айналу жылдамдығын минутына 1200-ден 900-ге дейін азайтқанда бидай тұқымының зақымдануы екі есе кемиді, оның үстіне негізінен бұл микрозақымданудың, әсіресе ұрықтың, азаю есебінен болады. Осы жағдайларды еске ала келе тұқымдық егісті жинағанда барабанның айналу жиілігі әртүрлі дақылдарда мына шамадан аспауға тиіс: бидай мен сұлыда – 800-900; қара бидай, арпада – 700-800, тарыда – 600-700, қарақұмық пен асбұршақта – 450-500, күнбағыста – 400-450 айналым/мин;

2) жиналатын дақылдың бастыру аппаратына берілетін массасын көбейткен сайын тұқымның макро және микрозақымдануы азаяды. Орталық машина сынау станциясының деректерінде СК-5 комбайнының бастыру аппаратына берілетін массаны 3,2-тан 5,3 кг/сек дейін арттырғанда тұқымның уатылуы 1,9 есе, ал жалпы зақымдануы 1,6 есе төмендейді;

3) әртүрлі дақылдар мен сорттар тұқымдарының морфологиялық анатомиялық ерекшеліктері тұқымның әртүрлі механикалық әсерлерге төтеп беруін анықтайды. Мысалы, қара бидай бидайға қарағанда көбірек зақымданады, өйткені оның дәнінің ұрығы шығыңқы орналасқан және қабыршағы болпылдақ болып келеді. Жылтырлығы (шынылығы) жоғары болғандықтан қатты бидай жұмсақ бидайға қарағанда күштірек зақымданады. Қабыршағы жұқалау ақ бидай қызыл бидайға қарағанда біршама қаттырақ зақымданады. Тіс тәрізді жүгерінің тұқымы ұзын әрі эндоспермдегі крахмал дәндері борпылдақ болып келетіндіктен көбірек зақымданады. Барлық осы ерекшеліктерді астық бастыру алдында комбайнды дайындап реттегенде ескеру қажет.

4) тұқым бастырарда тым құрғақ немесе тым ылғалды болса да жарақаттанады. Құрғак тұқымдар қатты соққыдан жарылып кетсе, ылғалды тұқымдар деформацияға ұшырап микрозақымдар алады. Астық бастырған кездегі дәнді, дәндібұршақ дақылдарының, жеке мал азығындық шөптердің тұқым ылғалдылығы 15-25%, ал майлы дақылдарда 13-15% болғанда тұқымдардың ең аз зақымданатыны анықталды.

Тұқымның жарақаттануы егін жинағаннан кейінгі тұқым өңдеу (сорттау, тазалау, кептіру) технологиялық процестерімен де байланысты. Егер қажеттілік болмаса астық тазалағыш машиналардан тұқымды артық көп өткізуден аулақтаған дұрыс.