Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / ФИЛОСОФИЯ / Қазақ философия туралы / Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi және қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi моносиллабтардың құрылымдық е.doc
Скачиваний:
245
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
1.87 Mб
Скачать

2.5 Vсс модельдi моносиллабтар

Түркi тiлдерiнде VСС тұлғалы түбiр-негiздердiң сандық көрсеткiшi тым аз екенi белгiлi. Қазiргi қазақ тiлi бойынша VСС модельдi 19 дербес лексема тiркелсе [145,63-64], А.М.Щербак реконструкциялаған жалпы түркiлiк бiр буынды сөздер тiзiмiмен 6 сөздi ғана кездестiруге болады: ant «клятва»; *ält «нести, тащить», «уносить, уводить»; *ärk «сила», «власть», «воля», «свобода»; ärt «проходить», «миновать»; ört «огонь, пожар»; ürk «бояться, пугаться» [158,193-198]. Ғалым жалпы түркiлiк моносиллабтардың архетипiн анықтауда негiзiнен түркi жазба ескерткiштерi лексикасы мен қазiргi түркi тiлдерiнiң көпшiлiгiне ортақ лексемаларға сүйенгендiктен, бұл көрiнiс Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiндегi моносиллабтар жүйесiнде де қайталанады.

*alk «ослабевать, уменшаться» (ДТД, 59); alq→alqïn КТк. 9; Тон. 3: türk budun ölti, alqïndï, joq boltï «Түркi халқы қырылды, алқынды, жоқ болды» (Айд. II, 104) ~ қаз., ққалп. alqïn; қырғ. alkïn. Қазақ тiлiндегi alqïn етiстiгiнiң «ентiгу», «әлсiреу, шаршау» мағыналары арқылы *alq моносиллабының негiзiнде елiктеуiштiк мазмұн жатқанын аңғаруға болады. Alqïm «тамақ, мойын», alqa «мойынға тағылатын әшекей» сөздерi құрамынан да *alq моносиллабын кездестiремiз.

alp «силач, великан» (ДТД, 59) КТк. 6: Edgü bilge kisig, edgü alp kisig jorïtmaz ermis «Игi бiлгiш кiсiлердi, игi батыр кiсiлердi қозғалта алмады» (Айд. I, 169) ~ қаз., тат. alïp; қар., қырғ., ққалп. alp. А.Н.Кононов жалпы түркiлiк alp сөзiн монғол тiлiндегi alban «служба» сөзiмен байланыстыра отырып, al «алу» етiстiгiнен таратады [175,97]. Левин Г.Г. тува тiлiндегi alban «служба, служебный» лексемасы мен көнетүркiлiк alp сөзiн салыстыру барысында «Мы определили тувинскую alban как поздний рефлекс древнетюркского alp» [80,85] деген қортындыға келедi. Э.В.Севортян alp, alban лексемаларын бiрлiкте қарастырудың семантикалық негiзi жеткiлiксiз деп санайтын пiкiрлердiң де бар екенiн көрсетедi (ЭСТЯ I, 139). Қазақ тiлi этнонимдер жүйесiндегi alban атауының да alïp лексемасына қатыс-дәрежесi де анықтауды қажет ететiн мәселе, alban түркi-монғол тiлдерiне ортақ элемент болуы мүмкiн. Көне түркiлiк alp сөзi қазақ тiлiндегi alpamsadaj, alpawït лексемаларының, Alpamis антропонимiнiң құрамында сақталған. Alïp сөзiнiң құрамындағы ï сына дыбысы қазақ тiлiнiң орфографиялық ережелерiне сай орнықса керек.

elt «тянуть, вести, уводить» (Лев. 40) КТү. 23: jarаqlïγ qantan kelip jana eltdi «Жарақты қайдан келiп айдап кеттi» (Айд. I, 176) ~ ескi қыпшақ тiлiнде еlt (Құрыш. 111); ққалп., қар., құм. еlt; тат., башқ. ijlt. Э.В.Севортян elt лексемасын el «әкелу», «апару (алып бару)», «жеткiзу» түбiр етiстiгi мен бұйрық райдың қосымшасы -t арқылы жасалған екiншi дәрежелi етiстiк ретiнде таниды (ЭСТЯ I, 269). elt лексемасын el→elig «қол» сөзiнiң құрамындағы *el моносиллабының семантикалық, тұлғалық парадигмасының аясында қарастыруға мүмкiндiк бар. Бiрақ «қолмен ұстап әкелу, апару» мәнiн беретiн еl/аl түбiрiмен «iлестiрiп әкету, апару» мәнiн беретiн еlt лексемасын байланыстыру логикалық қисынға қайшы, екi тұлғаға ортақ семантикалық уәж жеткiлiксiз. Ә.Құрышжанов күнелту сөзiнiң құрамындағы -елт тұлғасын ХIII ғасырдан жеткен қыпшақ ескерткiштерi тiлiндегi еlt етiстiгiнiң қазiргi қазақ тiлiндегi көрiнiсi ретiнде көрсетедi [Құрыш. 111]. Қазақ тiлiндегi el/elt → eltiw, eligiw, eliktew сөздерiнiң жалпы мазмұнынан «iлесу, iлестiрiп әкету» мағыналарын аңғарамыз. Салыстырыңыз: er→ ert «iлестiру».

ört «пожар» (Лев. 173) Тон. 40: Örtče qïzïp kelti «Өртше қызып келдi» (Айд. II, 111) ~ қаз., ққалп., ноғ. ört; тат., башқ. ürt. Монғол тiлiнде örnüün «қызу» (МҚС, 395). Зерттеушiлер ört лексемасы түркi-монғол тiлдерiне ортақ *ör «пожар, огонь, пламя», «разжигать, вспыхивать, гореть, пылать» синкреттi моносиллабынан таратады (ЭСТЯ I, 551). Қыпшақ тiлдерi бойынша rt дауыссыздар тiркесiнiң тұрақты болып келуi, *ö тұлғасының жалпы түркi тiлдерi қалыптасуы кезеңiндегi мағыналық аясының аса кең болғанын, ört сөзiнiң дараланып шығуының өзi де өте ежелгi кезеңдерде басталатынын көрсетедi.

ürk «вздрогнуть, пугать, вспугнуть» ~ қаз., ққалп., ноғ. ürk; тат., башқ. örk. Г.Левин якут тiлiндегi ürgut «пугать», хакас тiлiндегi ürgü «пугаться», тува тiлiндегi ürgü «отступать испугавшись» сөздерiн мысалға келтiре отырып, ürk моносиллабын Орхон ескерткiштерi тiлi мен якут тiлiнiң тiкелей байланысын көрсететiн көне элемент ретiнде қарастырады [80,85]. Көне түркiлiк ürk етiстiгiнiң тек шығыс түркi тiлдерiнiң ұйғыр-оғыз тобындағы тiлдерде ғана емес, батыс түркi тiлдерiнде, олардың iшiнде қыпшақ тобындағы тiлдерде де көне түркiлiк мағынасы мен тұлғасын өзгерiссiз сақтауы Орхон ескерткiштерi тiлiне тек якут, тува, хакас халықтары ата-бабаларының тiлiн байланыстыруға болмайтынын көрсетедi. Көне түркi тiлi сөздiгiнде ür «вздрогнуть», «пугаться» (ДТС, 211) сөзi тiркелген. Э.В.Севортян сөз соңындағы тұлғасын интенсивтi қимылды бiлдiретiн көрсеткiш ретiнде қарастырады (ЭСТЯ I, 636). Оғыз тiлдерiнде ürk етiстiгiнiң протезалық дыбыстар арқылы тұлғалануы кездеседi: гаг. jürkek. Әзiрбайжан тiлiндегi hürkäk «пугливый, боязливый» (АРС, 387) лексемасы құрамындағы анлаут h дыбысының протезалық сипаты түркi тiлдерiндегi qorq «бояться, пугаться» [158,194] етiстiгiнiң этимологиясын анықтауда ескеретiн мәселе. Qorq лексемасы ескерткiштер тiлiнде де қолданылады: Neke qorqurbïz az tijïn «Неге қорқамыз азбыз деп» Тон. 39 (Айд. II, 111) ~ қаз., ноғ., ққалп. qorq; тат., башқ. kurk; Типтес фонемалар тобына жатып q, k, γ, g, x, h дауыссыздары түркi тiлдерi дамуында ерекше орын алатын дыбыстар екенi белгiлi, сондықтан аталған дыбыстардың анлаут жағдайда қолданылу табиғаты арнайы зерттеудi қажет ететiн мәселе, алғашқы түркi дауыссыздары негiзiнен қатаң дыбыстар болғаны жайлы теорияның көпшiлiк зерттеушiлер тарапынан қолдау тауып отырғанына сүйенсек, анлаут позициядағы q/k консонанттарының бәрiне бiрдей протезалық сипат беруге болмайтынын да есте ұстау қажет. Қыпшақ элементтерiн сақтаған орта ғасыр ескерткiштерi тiлiнде де qorq сөзi қолданылған (Құрыш. 165).

Жоғарыда көрсетiлген тiлдiк деректер негiзiнде ҮI-ҮIII ғасыр түркiлерi тiлiндегi VСС тұлғалы моносиллабтардың бәрi бiрдей архетип бола алмайтынына көз жеткiзуге болады. Ә.Қайдар VСС моделi жайлы «В фонологическом отношении ГСС характеризуется сочетанием следующих согласных [йт], [кт], [лт], [нт], [рт], [ст], [лп], [рс], [нк], [нқ], [рк], [рқ] в конечной позиций, что представляет собой вполне закономерное явление в звуковой системе древних и современных тюркских языков» деген ойы арқылы сөз соңындағы дауыссыздар тiркесi түркi тiлдерiндегi басты заңдылықтардың бiрi екенiн көрсетедi [145,64]. Көне түркi әлiпбиiнде rt, nč, nt, lt тiркестерiнiң бiр таңбамен ғана белгiленуi де бұл құбылыстың көне түркi тiлiне етене жақын екенiн бiлдiредi. Ал жалпы түркi түбiрлерiнiң тарихи эволюциясы тұрғысынан қарағанда VСС моделi түркiлiк тектiл кезеңдерiнде қалыптаса бастаған екiншi дәрежелi моносиллабтар болуы мүмкiн.