Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / ФИЛОСОФИЯ / Қазақ философия туралы / Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi және қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi моносиллабтардың құрылымдық е.doc
Скачиваний:
245
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
1.87 Mб
Скачать

5.1.2 Моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгi

Сөз мазмұны мен тұлғасы кешендi түрде алғанда әлем болмысындағы тұлға және мазмұн жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болғандықтан философиялық категориялар – «тұлға» мен «мазмұнның» жалпы сипаттамасының аясына кiредi. Философияда «мазмұн белгiлi бiр заттар мен құбылыстарды құрайтын элементтер мен үдерiстердiң жиынтығы, олардың байланыстарының қайшылықтары мен тенденцияларының бiрлiгiн бейнелейтiн ұғым, элементтердiң өзара әрекеттесуiнiң бiршама айқындылығы, оның түрi мен құрылымы» болса, «форма мазмұнның өмiр сүру тәсiлi, оның құрамы, сыртқы көрiну әдiсi [250,81]. Мазмұн мен форма барлық құбылысқа тән, кез келген құбылыстың, заттың «қалыптасқан белгiлi бiр формасы бар мазмұны ғана болмақ, мазмұнсыз форма да болмайды. Форма әрқашан да мазмұнды, ал мазмұн формалы келедi» [250,81]. Лингвистикада да сөз тұлғасы мен сөз мағынасына анықтама беруде осы философиялық тұжырымдар негiзге алынуда (К.Аханов, А.Ысқақов, Ә.Болғанбаев, I.Кеңесбаев т.б.).

Тiл бiлiмiнде мазмұн мен тұлға бiрлiгi лексемалар арқылы айқындалады. Бұл жөнiнде В.В.Кодуховтың «сөз сөйлеу дәстүрiнде қалыптасқан лингвистикалық бiрлiктiң дыбыстық бейнесi мен оның тұлғасының ассоциациялық байланысының нәтижесi» деген ойлары автордың сөз тұлғасы мен мағынасының байланысына шарттылық сипат беретiнiн көрсетедi [251,187]. Тiлдiң таңбалық теориясы бойынша сөз бен сөз мағынасы да, сөздiң акустикалық тұлғасы мен графикалық бейнесi де шартты таңба. Моносиллабтық деңгейдегi сөз тұлғасын сөйлеу дәстүрi бойынша қалыптасқан таза физикалық-материалдық сипатта қарастыруға келмейдi. Оларды қолданудың да өзiндiк бiр танымдық-психологиялық негiздерi бар. Тiлдiк таңба зат пен оның атауының қатынасын емес ұғым мен акустикалық бейненiң қатынасын таңбалайды. Акустикалық бейненi тек материалдық дыбыстау, таза физикалық құрылымы ретiнде қарастыруға қарсы Ф.де Соссюр сөздiң акустикалық тұрпаты мен ұғымның байланысы жайлы «акустический образ является психическим отпечатком звучания, представлением, получаемым нами о нем посредством наших органов чувств; акустический образ имеет чувственную природу, а если нам случается называть его «материальным», то только по этой причине, а также для того, чтобы противопоставить его второму члену ассоциативной пары – понятию, в общем более абстрактному» [180,27] дей отырып, акустикалық бейненiң психикалық сипаты адамның сыртқы сөйлеу органдарын (тiл, ерiн, тiс) қозғалтпай-ақ iштей өзiмен-өзi сөйлесуiнен анық байқалатынын айтады. Бұл жалпы сөйлеу тiлi негiзiнде айтылған тұжырым болғанымен моносиллабтар жүйесiндегi сөз тұлғасының психико-когнициялық сипатына да қатысты. Түбiрлес моносиллабтардың семантикалық аясының ауқымдылығы, семантикалық өрiс шеңберiнде синонимдес те, антонимдес те ұғымдардың қамтылуы, семантикалық ыдырау көп жағдайда архетұлға құрамындағы дыбыстардың өзгерiстерiмен немесе екi-үш құрамды моносиллабқа негiз болған iлкi түбiрлерге жаңа дыбыстардың жалғануымен ажыратылуы бiр буындылардың акустикалық бейнесiн тек материалдық жамылғаш ретiнде қарастыруды қолдамайды, яғни моносиллабтар табиғаты мұндай бiржақтылықты қабылдамайды. Белгiлi ғалым М.Оразовтың «Лексикалық мағына дегенiмiз белгiлi бiр дыбыс не дыбыстар тiзбегi мен шартты, тарихи және әлеуметтiк байланысқа түскен объектив дүниедегi заттардың, амал-әрекеттердiң, түрлi құбылыстардың адам санасындағы жалпыланған, дерексiзденген бейнесi» [252,45] деген пайымдауы моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мағына үйлесiмдiлiгiн сипаттайды.

Архетұлға мен архисемада модификациялық қатынастағы байланыс бар. Бұл антропогенездік, глоттогенездік, онтологиялық және гносеологиялық, семиотикалық негізде, аталған ілімдерді сабақтастыра отырып қана анықтауға болатын құбылыс. Ал ішкі тұлға мен сыртқы тұлғаның арасындағы абстракциялық, ассоциациялық, аналогиялық қатынастар адамзаттың алғашқы дыбыстық тілі қалыптасқаннан кейінгі ақыл-ойдың жетілген кезеңдерінде, адам санасында бұрын танылған құбылыстар мен заттардың, қимыл, іс-әрекеттің тілдік жүйедегі орныққан атауларын қолдана отырып, сол ұғымның ерекше белгілерін жаңа танылған ұғымдармен салыстыру, ұқсату, байланыстыру нәтижесінде жүретін процесс. Абстракция құбылысының кейiнгiлiгiн белгілі қазақ ғалымы І.Кеңесбаев та «...тарихи ақиқатты салыстыра отырып зерттесек, көптеген абстракт сөздердің кейін пайда болғандығын көреміз» [253,40] деген пiкiрi арқылы бiлдiредi. Қазіргі жетілген адамзат тілінде сыртқы тұлға мен ішкі тұлғаның арасындағы байланыс көмескіленіп, шарттылық сипат алған десек те, фонологиялық, морфемдік, семантикалық, танымдық-логикалық талдау әдістері арқылы көне белгiлердi анықтауға болады.

Тіл білімінде фоно-семантикалық құбылыс, идеофондық сапа, фонетикалық сөзжасам тәсілі, ішкі флексия, жасырын синкретизм т.б. деп әр қырынан қарастырылып жүрген, құрамындағы дыбыс сәйкестіктері арқылы түрлі мағына беретін гомогенді түбір-негіздердің бастапқы жалпы тұрпаты мен мазмұны ортақ болғанымен тұлғасы мен мағынасы әртүрлі. Тек дербес мағыналы моносиллабтар ғана емес дисиллабтар мен полисиллабтар құрамындағы алғашқы буынды да көне тұлғалар (архетұлға емес) ретінде қарастыруға теориялық негіз бар. СVСмодельдi бір буынды сөздердің соңғы дыбыстарының тарихи тұрғыдан алмасуы соңғы дыбыстардың жаңа мағына тудырушы қосымша – модификаторлық сипатымен түсіндірілсе (боз≈бор, бос(ану≈бош (алау), жоқ≈жой≈жұт, жүз≈жүр, кел≈кет, өс≈өн≈өр(кендеу) ≈өш, ой≈ұқ, кес≈кез(дік), сыз≈ши(май), жан≈жақ≈жал(ын), тер≈тіз, сөз≈сөй(ле)≈сөк, сұқ≈су(ыр), уат≈уақ≈ұсақ≈ұнт.б.),VС, СVСмодельдерiнiң анлаут, инлаут позициясындағы сәйкестіктер (ен≈ін, ат(у) ≈ыт(у), оң≈өң, із≈ыз(у), қыр(у) ≈сыр(у) ≈жыр(у), ағ(у) ≈ығ(у), боз≈бөзт.б.) ішкі флексия құбылысының іздері ретінде қарастырылуда. Мұндай мысалдар сөздің дыбыстық тұлғасын ішкі тұлғаның, ұғымның жамылғышы ғана деп қарауға кепілдік бере алмайды. Адамзат тілінің жетілген кезеңінде ұғым-мазмұн бірінші туындап, соған лайық дыбыстық тұлғаның сомдалуы немесе жаңа ұғымды атау қажеттiлiгiнен бұрын қолданыстағы варианттас сөздердiң семантикалық ыдырауы дау тудырмайды. Ал дыбыстық тіл эволюциясының алғашқы кезеңі жайлы мұндай тұжырым жасау негізсіз, себебі алғашқы адамзат тілінде алдымен дыбыстық қалып-тұлғалар (рефлекстi дыбыстар мен дыбыс тіркестері) қалыптасып, адам санасының жетілуіне байланысты мағына-мазмұнға ие болып отырған. Моносиллабтар құрамындағы дыбыс сәйкестіктерінің семантикалық саралануға ықпал етуін жекелеген дыбыстардың семантикалық мәні, яғни фоно-семантикалық заңдылықтар арқылы ғана түсіндіруге болады. Жаңа сөз тудыруда ішкі тұлға мен сыртқы дыбыстық тұлға тікелей және жанама қарым-қатынасқа түсіп, күрделі лингвистикалық бірлікке айналады. «Дыбыстық комплекс пен мағына ұғымды жалпыланған бейне арқылы объективтi дүниемен, ондағы заттармен, құбылыстармен байланыстырып жатады» [252,73].

Жалпы тіл біліміндегі түбіртану мәселесі тіл онтологиясымен сабақтас болғандықтан құрылымдық-тұлғалық, семантика-семиотикалық, когнито-логиялық әрі грамматологиялық тұрғыдан кешенді түрде зерттеуді қажет етеді. Адамзат тілінің идеялық қырына ерекше мән беріліп отырған ХХІ ғасыр лингвистикасында адам факторы, туа біткен адами қасиеттер мен қоғамға, табиғи ортаға қатысты туындаған сапалық белгілер негізге алынып, тілді адам санасында алғаш танылған символдық нышандар мен одан таралған ұғым, тану нысаны – заттар, құбылыстар арасындағы көзге көрінбейтін семиотикалық-логикалық байланысының көрінісі ретінде когнитивті парадигма негізінде қарастыру тіл философиясының онтологиялық принциптеріне сүйенеді. Тілді онтологиялық негізде зерделеу парадигмасы аясынан биофизиологиялық,

психофизиологиялық, логикалық, семиотикалық амал-тәсілдермен қатар фонеманың, графикалық таңбаның идеялық қырларына сүйенетін идеофондық, идеографиялық болжамдар да тыс қалмағаны жөн. Кеңестік тіл білімінде дыбыстық таңбалардың идеялық-мазмұндық сипаттары әр жылдары, әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы қарастырылып келді (Журавлев А.Т., Гурджиева Е.А., Воронин С.В., Горелов И.Н., Ысқақов А., Хусаинов К.Ш. т.б.). Имитативтер жүйесiндегi белгілі бiр идеяны білдіретін дыбыстар мен дыбыс тіркестері кездейсоқ қолданылмайтыны туралы пікірлер лингвистикадағы фоно-семантика теориясын қалыптастырды. Фоно-семантикалық зерттеулер нәтижелері ұғым-идеяның маңыздылығын мойындай отырып, моносиллабтық деңгейдегі дыбыстық тұлғаны кездейсақ «материалдық жамылғыш» ретінде қарастыруды қолдамайды. Ішкі тұлға мен сыртқы тұлға онтогенездік тұрғыдан өзара үйлесімділікті сақтай отырып, тілдің дамуына жағдай жасайды, жаңадан танылған құбылыстар мен заттарды таңбалайтын, бейнелейтін ұғымның денотаттық, сигнификаттық атауларын қалыптастырады.

Түбір сөзді фоно-семантикалық тұрғыдан зерттеу тіл онтологиясына алып келеді. Ал дыбыстық тілдің онтологиясы адамзаттың саналы дәуірінен бастала ма, жоқ әлде тіршілік иесі ретінде рефлекстік қатынаста болған дәуірінен бастала ма, тағы да беймәлім. Әдетте рухани категория ретінде сана мен тіл бірлікте қарастырылады. Дегенмен, сана қалыптасқанға дейінгі рефлекстік дыбыстармен алғашқы дыбыстық тіл арасындағы сабақтастықты да жоққа шығаруға болмайды. Қарапайымнан күрделіге бағытталатын диалектиканың заңдылығына сүйенсек, дыбыстық тіл жүйесіз рефлекстік негіздегі дыбыстық (дыбыс немесе дыбыс тіркестері) қатынастардан бастау алады. Алғашқы адамзат өкілдерінің дыбыстық қарым-қатынасы олардың физиологиялық, артикуляциялық қабілетімен, дыбыс шығару органдарының мүмкіндігімен өлшенеді. Мәселен, И.А.Бодуэн де Куртенэ үңгір адамдарының иек, тіл бұлшық еттері өте әлсіз болғандықтан алғашқы адамдар тіл алды дыбыстарын айтуға қабілетсіз, тек тіл арты дыбыстарын айту мүмкіндігіне ие болғанын [254,60] көрсетеді. Мұндай физиологиялық процестердің миллиондаған жылдарға созылатын ұзақ мерзімді қамтитыны белгілі. Сондықтан алғашқы дыбыстық тілдің сұлбасын айқындау антропологиялық зерттеулердің нәтижесіне де сүйенуді талап етеді. Физологиялық жетілу психологиялық дамумен бір-біріне тәуелсіз түрде, өзара ықпалдаса отырып қатар жүретін процесс (психофизологиялық дуализм). Антропоидтар мен ежелгі адамдардың қатынас құралы қызметін атқарған алғашқы дыбыстық жүйе мен қазіргі дыбыстық тілдің арасындағы психофизиологиялық даму филогенетикалық тұрғыдан қарама-қайшылыққа толы болғанымен жалпы адамзат онтогенезі бойынша белгілі бір сабақтастыққа, ортақ желіге негізделеді.

Еліктеуіштер мен бейнелеуіштердің күрделі табиғаты жайлы зерттеушілер пікірінде қарама-қайшылықтар болуына байланысты имитатив теориясы универсалды теория деңгейіне көтерілмегенімен, көптеген белгілі ғалымдар тарапынан қолдау тауып отырған, мол тілдік деректермен дәйектелген, тілдің фоно-морфологиялық құрылымымен бірге фоно-семантикалық жүйесін де терең түсінуге мүмкіндік беретін ғылыми бағыт екені белгілі. Әрбір дыбыстық тұлғаның ішкі мазмұнға ие болуы да күрделі даму жолынан өткен құбылыс, ой-сананың өсуіне байланысты рефлексті түрде туындайтын табиғи дыбыстар белгілі бір ұғымды (мазмұн, мағына, мағыналық реңк түрінде) білдіре алатындай дәрежеге жеткен. Алғашқы адамзат тілінің сарқыншағы ретінде қаралатын гомогенді имитатив түбірлер арасындағы мағыналық реңктер мен айырмашылықтар да осындай тұжырым жасауға негiз бола алады. Жануарлар әлемiндегi дыбыстарды адамзат тiлi қалыптасуының биологиялық негiзi, алғы шарты ретiнде қарастырған А.Г.Спиркиннiң пiкiрiнше, адами тiлдiң қалыптасуының келесi қайнар-көзi тiлдiң дамуына орай жүретiн дыбыстардың тұлғалық өзгерiстерi [255,28-29].

Имитатив теориясы жайлы ой-пікірлерге, теориялық тұжырымдарға талдау жасай отырып, академик Ә.Т.Қайдар «дыбыстық тілдің қалыптасуы ең алғашқы Адамның табиғаттағы белгілі дыбыстарға нақтылы бір, не бір топ мағына жүктеп, меншіктеп қолдануынан басталды дейтін пікірге толық қосылуға болады» деп көрсетеді [256,18].

Жалпы түркілік моносиллабтар жүйесінің көне түркілік қабаты саналы адамзат – кроманьонецтердің дыбыстық тілі дәуірінен бері алып қарағанның өзінде 40-50 миллион жылды қамтитын [251,55] тіл ғұмырының онтогенездік лингво-эволюциясының ең соңғы кезеңдерінің көрінісі болғанымен, бізге жеткен ең көне түркі жазба мұрасы ретінде қазіргі түркі лексикасына негіз болып отырған бір буынды түбірлер мен түбір-негіздердің тұрпаттық, мазмұндық құрылымдарының даму бағытын анықтауға мүмкіндік беретін лингво-ақпараттық құндылығымен ерекшеленеді.

Көне түркі тілдері лексикалық қорындағы бір буынды сөздердің бәрін имитативтермен байланыстыруға тілдік деректер мүмкіндік бермейтін де белгiлi. Дегенмен қазіргі жетілген, жүйеленген дыбыстық тілдің деректері негізінде алғашқы адамзат тілінің элементтерін анықтауды көздейтін «Имитатив теориясының» ретроспективті талдау әдістерін көне түркі тіліндегі, қазіргі тіліміздегі, синхронды тұрғыдан алғанда еліктеуіштер мен бейнелеуіштерге қатысы жоқ саналатын бір буынды түбір-негіздердің архетұлғалары мен архисемаларын ажыратуда да қолдануға болатын сияқты. Себебі түркі тілдеріндегі имитативтер тобына жатпайтын жекелеген лексемалардан бейнелеуіш, еліктеуіш негізді сөздермен жақындықты байқауға болады. Мәселен, гомогенді бейнелеуіштердің үлкен шоғырын құрайтын *ža/žï/žu (жалт, жұлт, жылт, жылтыр, жалтыр, жарқ, жұрқ, жарық, жұлдыз, т.б.) имитатив негізді түбірлер мен жан, жақ, жалын, жылу т.б. тәрізді отқа, байланысты лексемаларға негіз болып тұрған *ža/*žï ілкі түбірін мағыналық-мазмұндық жағынан да, тұлғалық-сұлбалық жағынан да сабақтастыруға болады. Э.В.Севортян jalïn «пламя» сөзінің құрамындағы jal тұлғасы жайлы «... нельзя исключить возможности имитативного происхождения этой глагольно-именной основы, соотносимой в таком случае с йалт, йалдыр, йалтыр «сверкание пламени», йыл и т.п.» (ЭСТЯ IҮ, 22-24) деп жазады. Аталған сөздер кешеніне жай, жас(ын) «найзағай», жаз «жыл мезгiлi» лексемалары да кіреді. Ескерткiштер тiлiнде *ja тұлғалы jart «освещать» МЧ. IҮ, 42, jaruk «свет» МЧ. II, 13 (ДТД, 4), jaz «весна» БҚ. 31, КТү. 48, jaj «лето» МЧ. II, 20 (ДТД, 43) лексемалары тiркелген. Қыпшақ тiлдерiнде *ja, *ža тұлғалары араласа қолданылады: құм., ноғ., тат., башқ. jarïq, қаз., ққалп. zarïq «свет, освещение»; құм, jašïn, тат., башқ. jäšin, қаз., ққалп. žasïn, ноғ. jasïn «молния»; қазақ тiлiнде жауын-шашын қос сөзi құрамындағы šаšïn лексемасы да žasïn тұлғасының фоно-семантикалық дамуы негiзiнде қалыптасқан тұлға. šаš (шашу, шашырату) етiстiгiмен гомологиялық сәйкестiк түзгенмен, өзара гетерогендi моносиллабтар. *ža/žï/žu моносиллабы сегменттерінің семантикалық өріс шеңберіндегі таралу амплитудасы да әр қилы, кейде бір-біріне өте жақын тектес ұғымдарды бірдірсе, кейде аналогиялық жолмен бір-бірінен біршама алшақ ұғымдардың лингвистикалық бірлікке айналуына негіз болады. Жалт-жұлт, жылт, жылтырауық, жалтырауық, жарқ-жұрқ, жарқырау, жарқырауық т.б. сөздерінің ортақ семасы «сәуле шашу» болса, жалтыр, жылтыр лексемалары «жылтырауық, жалтырауық» мәнімен қоса «тегіс, кедір-бұдырсыз» семасына, жан, жақ етістіктері «жарық, жылу шығаратын құбылысты тудыру әрекетін» жалын сөзі «от жану әрекетінің нәтижесін», жалқын лексемасы «от жалынының түсін», жай, жасын «найзағай нәтижесінде жарқыл, от ұшқындары байқалатын, табиғи құбылыс» мағыналарын береді. От бар жерде жоғары температура, қызу бар. Осы сема жылу сөзіне, жаз/жай (жайлау) «жылдың жылы мезгілі» лексемаларына негіз болып тұр. Төңірегіне сәулесін түсірер жарқыл, от бар жерде жарық бар. Жарық сөзінің семасы мағыналық ауысу негізінде жарқын (жарқын болашақ) «ашық, айқын», ақжарқын (жарқын көңіл) «ниеті таза, адал» ұғымдарын берсе, жайдары «ақжарқын», жайна «құлпырау» лексемаларына жылдың ең жылы, жаймашуақ мерзімі жаз сөзінің басты сапалық белгілері уәждік қызмет атқарады. «Жарқыл, жылу, от, жарық т.б.» семаларын бойында сақтаған *ža/žï/žu (түркі тілдері бойынша: *ja/jï/ju ≈ *da/dï/du ≈ *dža/džï/džu ≈ *sa/sï/su ≈ *ča/čï/ču ≈ *ša/šï/šu) тұлғалы комплекске кіретін лексемалар тобы түркі тілдерінің қазақ векторының өзінде отызға жуық. Ал жалпы түркі тілдерінде, жалпы алтай тілдері бойынша тұлғалық та, семантикалық та парадигмасы әлдеқайда ұлғаяры анық.

Қазiргi тiл деректерi негiзiнде *ža/*žï/*žu тұлғалары арқылы қалыптасқан моносиллабтардың даму жолы түркi тiлдерi дамуының бiрнеше кезеңiн (агглютинативтi құрылымда) қамтитынын аңғарамыз:

1 кезең. СV модельдi *ža/*zï/*žu тұлғалары құрамындағы дауыстылардың мағыналық реңктерге ие болуы – а «жарықтың, от жанудың, жылу табының айқындылығы күштiлiгi», ï «бәсеңдiлiгi», u «құбылыстың бiрде бәсең, бiрде айқын бiлiнуi»;

2 кезең. *ža/*žï/*žu моносиллабтарынан СVС модельдi тұлғалар қалыптасып, олардың бастапқы ортақ мазмұны дараланып, нақтыланып, дербес мағыналарға негiз болады, мұндағы даралаушы сема соңғы дауыссыздардың қызметiмен байланысты. *ža моделiнiң тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясын былай көрсетуге болады.

žaq «отты адам қолымен жасау әрекетi»

žan «оттың жану процесi»

*žal «от жану процесiнiң нәтижесi»

*žar «жарық, сәуле»

*ža žаz «жылдың жылы, шуақты мерзiмi»

žaj «от шашатын табиғи құбылыс, найзағай»

*žas «от шашатын табиғи құбылыс», «атмосфералық

құбылыс»

*žad «ашық, жылы, жадырау»

*ža тұлғасының варианттары *žï, *žu модельдерiнiң тұлғалық парадигмасының таралу ауқымы шағын, семантикалық реңкi бәсең:

*žï → *žïl «сәуле, сәуле шашу»

*žu → *žul «ұшқындау, сәуле шашу», «сәуле шашатын аспан денесi»

3-4 кезең. Әрбiр моносиллаб одан әрi қарай даму жолына түседi, мысалы:

žalt → žaltïr

*žal žalïn *žad žadïra

žalqïn

žarq žajlaw

*žar žarïq žaj zajdarï

žarqin zajna

*žïl žïlt žïltïr žïltïraq

*žul žult žuldïz

Мұндай мысалдар дыбыстық-бейнелеуiштiк символика мен мағына жүктейтін идеофондардың тіркесінен жасалған имитативтердің ілкі түбірі екі бағытта дамитынын көрсетеді: 1. таза имитативтік сипатын сақтай отырып, бірнеше дәрежелі индикаторларды қабылдау арқылы жүйелі түрде қалыптасқан өздеріне тән сөзжасам модельдері негізінде дамыса [256,21-27] (*жа, жарқ, жарқыл, жарқылда, жарқыра, жарқылдауық, жарқылдақ, жарқырауық, жарқырақ т.б.); 2. еліктеуіштік, бейнелеуіштік мәнінен ажырап, шарттылық, таңбалық сипат ала отырып, семасиологияның жалпы заңдылықтарына орай түбір-негіздер жасалып (жан, жақ, жаз, жай, жал(ын) т.б.), одан әрі қалыптасқан сөзжасам модельдері арқылы туынды сөздер өрбиді. Екі бағытта да архетүбірлер мен архисеманың тарихи-эволюциялық дамуы белгілі бір тілдік ортадағы этностық сипаты бар қауымның қоршаған табиғи ортаны танып-білу деңгейімен, эстетикалық-образдық дүниетанымымен, жалпы болмысымен біте қайнасып жүзеге асатын процесс. Ескерткiштер тiлiндегi aj «говорить» (ДТД, 42) етiстiгiнiң қазiргi тiлiмiздегi «қатты дыбыстауды», «қаратпа мәндi», «шектеудi», «тиымды», «ауырсынуды», «өкiнiштi» бiлдiретiн полисемиялы aj! одағайымен тек тұлғалас қана емес мазмұндас та екенiн айқай лексемасының семантикасынан, тiлiмiзде сақталған Ай дейтiн ажа жоқ, қой дейтiн қожа жоқ паремиологиялық оралымы құрамындағы ай тұлғасынан аңғарамыз. Орхон мұраларында тiркелген «хабар, дыбыс» (Айд. I, 215), «молва, весть» (ДТС, 322) лексемасының елiктеуiш негiзден тараған күңкiл, күбiр, күмбiр сөздерiнiң құрамындағы *kü моносиллабымен тұлғалас әрi мазмұндас болып келуi де кездейсоқ құбылыс деуге келмейдi. Сондай-ақ бейнелеуіш мәнді жалп, желп т.б. сөздерімен жел, желік, желу, желдірме т.б лексемалары; жалба, жұлба, жұлма-жұлма тұлғаларына жұл етістігі; қыр-қыр, қырт-қырт дыбыс еліктеуішімен қыр, кес, керт етістіктері де түбірлес болуы ықтимал. jel «ветер», jul «оторвать» (ДТД, 47) лексемалары Орхон ескерткіштері тілінде де кеңінен қолданылады. Әрине, барлық бір буынды сөздерден имитативтік негіз, уәж іздеу мүмкін емес, дегенмен бірен-саран тұлғалық әрі мағыналық жағынан сәйкес келетін бір буынды түбір негіздер мен имитатив сөздерді бірлікте қарастыру моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұнның үйлесiмдiлiк сипатын айқындауға мүмкіндік береді.