Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / ФИЛОСОФИЯ / Қазақ философия туралы / Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi және қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi моносиллабтардың құрылымдық е.doc
Скачиваний:
245
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
1.87 Mб
Скачать

5.1 Тiлтанымдағы тұлға мен мазмұнды зерделеудiң философиялық негiзi

Түркі халықтары тілінің қалыптасу, даму тарихы да жалпы адамзат тілінің пайда болу, даму тарихының құрамдас бөлігі болғандықтан, жалпы тіл онтологиясы аясында, тіл онтогенезі жөнінде қалыптасқан бағыттар мен ағымдардың әдiснамалық негіздерін, зерттеу нәтижелері мен тұжырымдарын саралай отырып, тілдік деректер негізінде ғана анықтауға болатын күрделі теориялық мәселе. Адамның сөйлеу тілінің пайда болуы жайлы ең алғашқы пікірлер ежелгі философтар тарапынан айтылғаны да белгілі. Сол кезеңдерден бері тіл табиғатын анықтаудың өзекті мәселелері – тіл онтогенезі, даму заңдылықтары, таныммен, ой-санамен байланысы, тілдегі тұлға мен мазмұн ықпалдастығы, тілдің қоғамдағы мәні, қызметі, тілдің таңбалық сипаты тәрізді қырларын зерттеуде лингвистикалық заңдылықтармен қатар философиялық қағидалар да теориялық-методологиялық негіз болып келеді. Әлемді, қоршаған ортаны, қоғамдағы адамның орнын айқындайтын дүниетанымды, идеялар мен көзқарастар жүйесін, танымдық, этикалық, эстетикалық қатынастарды зерттеуге бағытталған философия ғылымының алғашқы кезеңінде-ақ дүниені танудың негізгі тетігі ретінде таным мен ойлау және ойлаудың материалдық формасы – тіл басты назарда болды.

Философия ғылымында тiл мен ой-сана, дүниетаным арасындағы қатынасқа ерекше мән беру тiкелей адам болмысы негiзiнде айқындалатын жалпы болмыстың мәнiн ашудың тетiктерi ретiнде қарастырылады. Болмыс туралы iлiм – онтология терминi ХҮII ғасырдан бастап қолданылғанымен болмыс тарихы бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi антикалық философиядан бастау алады. «Болмыс туралы ең өткiр сұрақтар құдайдың құдiреттiлiгiне күмән келтiрiлген, ортодоксальды ақыл-ойдың дағдарысы тұсында қойылды. ... Қалыптасқан тығырықтан шығу жолын, болмысты рационалды түрде негiздеп, оның шынайылығына сенiмдiлiк бiлдiретiн философия» [238,141-142] ғаламдық мәселелердi адам бойындағы туа бiткен табиғи қасиеттер мен рухани құндылықтар арқылы, адам мүмкiндiгiнiң шегiн анықтау негiзiнде көрсетуге мүдделi болды. Сондықтан ғаламдағы Адам позициясын нақтылап, адам әлемiн қалыптастыруға мүмкiндiк беретiн адамзат ақыл-ойы мен тiлi философиялық еңбектерде түрлi аспектiде қарастырыла бастады.

Философия тарихындағы қым-қиғаш ағымдар мен бағыттардың тіл мәселесіне тоқталмағаны кемде-кем. «Адамның өзiнiң шеңберiнен шығуға мүмкiндiк беретiн рухани форма» [238,7] философия iлiмiнiң алғашқы өкiлдерi адами болмыстың бастау көздерiн ақиқатты рухани-практикалық тұрғыдан игеру жүйесi болып табылатын дүниетаныммен, ақыл-оймен, оның объективтену тетiктерiнiң негiзгiсi тiлмен байланыстыруға талпыныстар жасады. Ақылды алғашқы қозғаушы ғарыштық қуат ретiнде таныған Аристотельдiң заттық себептi-мақсатты құрылым – эйдос «нечто» туралы iлiмiне талдау жасаған А.Ф.Лосев «Этот свой ум – перводвигатель Аристотель трактует настолько конкретно, что в нем имеется и материал, на котором он возникает, и та идея, которая осмысливает и оформляет эту материальную сторону ума. ... Ум – перводвигатель, как и всякий эйдос вообще, объязательно материален не в чувственном, но в умственном смысле слова, и не просто материален, но оформлен в предельно совершенном виде» [239,72-73] деген ойлары арқылы Аристотельдiң болмыс туралы концепциялары ақыл-ой мен сөз, тұлға мен мазмұн арақатынасының үйлесiмдiлiгiне сүйенгенiн нақтылай отырып, ғұлама iлiмдерiнiң антикалық философиямен сабақтастығын, өзiндiк жаңалықтарын, оның iшiнде сөз, сөздiң мән-мағынасы, ақыл, зат, заттың идеясы т.б. ұғымдарды даралап көрсетуiндегi аңғарымпаздығын баса айтады.

Ежелгі философия ғылымының зерттеу нысаны мен қарастыратын мәселелері тым ауқымды әрі әмбебаптық сипатта болғандықтан, оның нақтылы ғылыми сипаттамасы да белгіленбеді, философия термині алуан түрлі рухани және рухани-практикалық іс-әрекеттердің жиынтық пәнінің атауы ретінде кең мағынада қолданылды. Пуритандық философияның логика, грамматика, риторика, теология тәрізді «еркін өнер» аталған пәндердің синонимі ретінде де қабылдануы [240,10] адам болмысын анықтаудың лингво-философиялық негiзiне, тiлдiң ақпараттық құндылығына сүйендi. ХҮІІІ ғасырда пуританизм бағыты аясында Еуропада өріс алған моральдық философияда, ХІХ ғасырда Америкада кеңінен таралған психологиялық философияда, теологтар тарапынан қолдау тауып, дамыған философиялық антропологияда, буржуазиялық философияға тән диалектика теориясында, рухани және материалды құндылықтарға қатысты айтылған басқа ой-пікірлерде де тіл мәселесі назардан шет қалмады. Пуритандық ағым бойынша грамматика мен риторика диалектикадан бір саты төмен тұрды. Диалектика аталған екі өнердің де мазмұнын құрайтын материалдармен қамтамасыз етуші ретінде танылып, грамматика сол мазмұн мен мағынаны қоғамға жеткізуші дәнекер саналды. Грамматиканың негізгі зерттеу пәні ретінде «сөздердің өзара қарым-қатынасы мен байланысы, ықпалдастығы мен әсері қарастылып, пәннің өзі этимологияға және синтаксиске жіктелді» [240,102]. Пуритандық философияның типологиялық методологиясы ХҮІІ ғасырдың өзінде-ақ жалпы ғалам бейнесін танудың негізгі теориялық ұғымдарын айқындап берді. Философтар пуританистердің түсінігіндегі ғалам бейнесінің кемшілігі ретінде танымдық жолдардың толық анықталмағанын көрсетеді. Аталған мәселенің тілдік құрылымға қатысы, ғалам суретін айқындайтын алғашқы ұғымдық тұлға жайлы Н.Е.Покровский «Переводя этот вопрос в лексический строй, характерный для пуритан, его можно поставить так: насколько точный копией архетипа был эктип? Существовали ли серезные расхождение между ними?» [240,114] дей отырып пуритандық ағым өкілдері ғалам бейнесін сомдаудың гносеологиялық, онтологиялық сипатын ажырата алмағанын дәйектейдi. Аталған бағыттағы ойшылдар Аристотель дәстүрінің ізімен барлық тіршілік иелерін негізгі белгілеріне қарай өсімдік, қозғалушы деп бөліп, үшінші түрі рух «жан» ретінде сезімді қосады. Сезімдік тәжірибені сипаттайтын бес сыртқы сезімді: көру, есту, дәм, түйсік, иісті – мидың маңдай тұсындағы алдыңғы бөлігінде жүзеге асатын ойдың, қиял мен елестің, алғашқы ұғымның қалыптасуын қамтамасыз ететін ерекше қасиетке ие фантазмалар түрінде таниды. Алғашқы ұғым, санадағы идея жайлы ой-тұжырымдардың бәрінде тiл деректері ойдың дыбыстық бейнесі, фантазмалардың деректенуінің көрінісі ретінде талдана отырып, олардың арасындағы тығыз байланыстың маңыздылығына мән берiледi.

Жалпы философия тарихына көз жүгіртсек, түрлі буржуазиялық философиялық мектептер мен ағымдар теориялық концепцияның құрылымдық модельдерінің сциентизм және антропологизм бағыттарының аясында топтасқанын аңғарамыз. Лингвистикалық мәселелерге ерекше маңыз беретін ағымдар ішінде позитивизм, неопозитивизм және структурализм бірінші бағыттың басты ұстанымдарын негізге алса, экзистенциализм және персонализм екінші бағыттың методологиясы мен ұстанымдарын тірек етеді. Сциентизм бағыты философияның дәстүрлі дүниетанымдық мәселелерін теріске шығарып, дүниетанымдық құбылыстарды ғылыми әдіс-тәсілдер арқылы айқындау мүмкінігіне күмән келтіреді. Сциентизм бағытының кейбір өкілдері Аристотель ілімдерінен бастау алатын метафизикалық тұжырымдарды да жоққа шығарып, «ғаламның синтетикалық бейнесі» ұғымын ұсынады. Философия iлiмiн қатаң ғылыми сипатта реконструкция жасауға ұмтылған сциентистер «философиялық бiлiмдi табиғи тiл мен ғылыми тiл деректерi арқылы талдауды метафизикаға қарсы қойды» [241,23]. Ал сциентазимге қарсы бағыт – антропологизм адам ақыл-ойының мазмұндық құрылымы мен оны анықтаудың тетіктерін онтологиялық (жалпы болмыс) негізде қарастыратындықтан белгілі бір дәрежеде діни ілімдердің мифологиялық концепцияларымен де астасып жатқанын байқауға болады. Антропологизм адамзат ой-санасының, жалпы болмысының мазмұндық құрылымы адамның сөйлеу әрекеті, яғни тілі арқылы ғана анықталатындықтан «тіл» ұғымын ерекше философиялық категория ретінде қарастырады. Жалпы философтарды тілдің лингвистикалық сапасы емес, оның мазмұны, мағынаны бойында сақтаушы, жеткізуші ретіндегі қызметі қызықтырады. Тілдің ақпараттық қызметіне айрықша мән берген антропологиялық бағыттағы феноменология, персонализм, экзистенциализм ағымдары да өздерін материалистік философия мен марксизмге қарсы қойып, адам болмысын адамға қатысты барлық құндылықтармен сабақтастыра отырып, кешенді түрде қарастыратын жаңа ілім қалыптастыруға ұмтылады. Бұл ағымдардың басын біріктіруші басты критерий позитивизмге тән философиялық және ғылыми зерттеулерді теңестіре қарастырудан бойын аулақ салу, философияның өзіне ғана тән зерттеу нысанын, өзіндік пәнін айқындауға ұмтылу; философияның басты нысаны болмыстың ақиқаттығын емес, оның мәнін, мазмұнын ашу, яғни адамның еркін және шығармашылық іс-әрекетінің принциптерін анықтау арқылы жалпы болмыстың мәні мен мағынасын айқындау. Антропологиялық бағыттағы философтардың тіл жөніндегі ой-пікірлері «тіл – адамзат іс-әрекетінiң себептерін айқындаушы ұлы құрал, адамзат болмысының мазмұнын көрсететін рухани құндылық» [242,174] деген пайымдаудың мазмұны аясында топтасады.

Позитивистік бағыттағы ағымдардың ішінде лингвистикалық талдау философиясы (Тiл бiлiмi философиясы) ағымы екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Англияда ерекше қарқынмен дамыды. Идеяның орнығуына Дж. Мур, Л.Витгенштейн, Дж. Уиздом, Дж.Райл, Дж.Остин тәрізді философтар үлес қосты. Лингвистикалық философия логикалық позитивизмнің ғылыми ой қорыту барлық саналы ой қорытулардың тамаша моделі болып табылатыны жайлы тезисіне қарсы, қолданыстағы тілдің бірнешеге бөлінетіні, мәселен жекелеген «тіл – ойындар» (Л.Витгенштейн), «логикалық типтер», «тіл категориялары» (Дж.Райл), «тілдік қабат» (Ф.Вайсман) т.б. тұратынын, әрбір тілдік бөліністердегі бірліктердің контекстегі қолданысы принципті түрде ажыратылатыны жайлы тұжырымдарын ұсынады [243,120]. Тұлғасы бірдей болып келетін сөздердің контексте мағыналары әртүрлі болып қолданылуын тікелей сөйлеушінің мақсатымен, жағдаймен байланысты қарастырған аналитиктер, «тіл – ойынды» сөздердің бір-бірімен оқшауланған қатынасы емес, адамзаттың тіршілік әрекеті ретінде жалпы тілді әлеуметтік институт әрі «өмір сүру формасы» ретінде; мағынаны белгілі бір контекстегі сөздің қолданыс тәсілі» ретінде түсіндіреді. Лингвистикалық философия өкілдері философиялық проблемалар логиктердің табиғи тілдің болмысын жете түсінбеуi нәтижесінде туындағанын ұғынып, тілдік талдау жасауға, түрлі контекстегі сөз қолданымға жан-жақты сипаттама беруге айрықша мән береді. Лингвистикалық философияның негiзгi ұстанымдары мен тiлге басымдық беретiн көзқарастары ХХ ғасырдың көрнектi философы М.Хайдеггердiң еңбектерiнде нақтылана түстi, ғалым тұжырымының жалпы мазмұны адам болмысын танып-бiлу үшiн тiлге мән берiп, тiлдiң өзiн сөйлету керек. Тарихи-аксиологиялық ақпаратты бойында сақтайтын тiл әрбiр адамның өзiн-өзi ашуына, сол арқылы ғалам мен өзiнiң қатынасын анықтауға мүмкiндiк бередi [244].

ХХ ғасырдың басында гуманитарлық ғылым салаларында (лингвистика, психология, фольклористика, әдебиеттану, этнология, эстетика т.б.) құрылымдық әдісті, модельдеуді, семиотикалық элементтерді, математикалық әдістерді қолдануға байланысты қалыптасқан структурализм мәдениетті таңбалар жүйесінің (тіл, ғылым, әдебиет, өнер, мифология, сән, жарнама т.б.) жиынтығы ретінде қарастырды. Структуралистік бағыттың өкілдері (К.Леви-Стросс, М.Фуко, Ж.Лакан, Р.Барт, Ж.Деррида, Л.Гольдман т.б.) құрылымдық әдістің нақты ғылыми қағидаларына ерекше басымдық береді [245,1283]. Бұл структурализмнің экзистенциализм, персонализм, неопозитивизм тәрізді гуманитарлық-антропологиялық бағыттағы ғылыми ағымдармен антиномиялық қатынасын, яғни қарсы қойылғанын сипаттайды.

Структурализмнің көшбасында структуралық лингвистика тұрды. Этнология, психология, философия, мәдениеттану т.б. гуманитарлық ғылымдарды құрылымдық тұрғыдан зерттеушілер лингвистикалық модельдерді белсенді түрде қолданғанымен, сөздің танымдық негізіне, идеялық қырына, тіл иесі этнос болмысымен байланысына жете мән берілмеді. «Слово структурализм стало своего рода ярлыком почти для всякого движения, порвавшего с традицией» [246,5] деп белгілі лингвист А.Мартине көрсеткендей тіл мен сол тілде сөйлеуші этностың тарихи тамырының, салт-дәстүр, әдет-ғұрпының, діни наным-сенімдерінің, басқа да рухани құндылықтарының сабақтастығы көп ескерілмеді. Структуралық лингвистиканың өкілі, швед лингвисі Фердинанд де Соссюр «Курс общей лингвистики» атты еңбегінде өз әдісінің негізгі қырларын тұжырымдай отырып, лингвистиканың зерттеу нысаны жайлы «Единственным и истинным объектом лингвистики является язык, рассматриваемый в самом себе и для себя» деп қорытады [180,14]. Ф.Соссюр ілімі бойынша тіл индивидтің сөйлеу әрекетін қамтамасыз ететін өзара тығыз байланысты мағына мен тұлғаның т.б. элементтердің жиынтығы, жүйелі құрылым.

Тілді зерттеуде формула тәрізді конкретті тілдік модельдерді қолданған структуралық тіл білімінің әдіс-тәсілдері тілдің танымдық, биопсихологиялық қырларын терең аша алмағанымен, интралингвистикалық заңдылықтарды анықтауда үлкен нәтижелерге жетті, сондай-ақ барлық гуманитарлық ғылым салаларындағы тілдің рөлін, белсендiлiгiн, маңызын көрсетіп берді. Ф.Соссюр «таңбалар жүйесiндегi ең маңыздысы – тiл» [180,27] деп тiлдiң өнер, дін тәрізді басқа семиотикалық жүйелерден артықшылығын көрсетсе, Э.Бенвенист «... тiл жалпы семиотикалық жүйенiң интерпретанты» [247,64] деген ойлары негiзiнде барлық тілдік емес таңбалар жүйесінің мәні тілдің таңбалық жүйесі арқылы ғана анықталатынын ашып бередi. «Бенвенистiң формуласы барлық таңбалардың (сурет, музыка т.б. немесе хайуанаттар әлемiндегi байқауға болатын таңбалардың) мән-мағынасы адамға тек өзiнiң тiлi арқылы ғана ұғынықты болатынын нақтылай түстi» [248,137].

Тіл біліміндегі структуралистік ағымның маңызды қырларының бірі лингвистикалық таңбалардың жүйелілігіне, әмбебаптығына мағыналық құрылымына, өзара оппозициялық сипатына ерекше мән беруінде. Ф.Соссюр идеяларын негізге алған Н.С.Трубецкой дыбыс алмасуларының сөздің сыртқы тұлғасын ғана емес ішкі тұлғасын да өзгерте алатынын ескере отырып, фонологиялық оппозиция жайлы: «Мы понимаем такое противоположение звуков, которое в данном языке может дифференцировать интеллектуальные значения» [181,41] деген ойлары арқылы сөз тұлғасы мен мазмұнының байланысына шарттылық сипат берудiң бiржақтылығын меңзейдi. Ф.Соссюр іліміндегі тілдік таңбалар оппозициясын басқа гуманитарлық ғылым салаларындағы зерттеушілер де ұтымды пайдалана білді. Структуралистік лингвистика анықтаған «таңбалар мағынасы» теориясы структурализмнің өзімен антиномиялық бағыттағы антропологиялық лингвистиканың мүдделерімен белгілі бір дәрежеде астасып жатқанын аңғартады.

Кеңестік түркітануда да структуралық лингвистиканың қағидалары мен методикалық негіздерін басшылыққа алған зерттеулер үлкен нәтиже берді. Түркі тілдерінің фонологиялық жүйесі, морфологиялық құрылымы, синтаксистік конструкциясы, лексикалық құрамы, бір тіл ішінде де, салыстырмалы, салғастырмалы негізде де жан-жақты зерттеліп, әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктері мен даму жолы ғылыми талдауға түсті. Түркі тілдеріне қатысты көптеген құнды еңбектер структуралық лингвистиканың амал-тәсілдері мен ұстаным-қағидаларын негізгі алғанымен түбіртануға, ішкі құрылымға, сөз семантикасына, сөзжасамдық модельдерге, сөз этимологиясына арналған зерттеулерде, тіл онтогенезі, имитатив теориясы, этногенез бен глоттогенез бірлігі, тілдің этнолингвистикалық сипаты, әлеуметтік негізі жайлы антропоцентристік бағыттағы тілдің танымдық қырларын меңзеген тұжырымдар түркi тiл бiлiмiнде когнитивтi бағдар кеңiнен тарағанға дейiн-ақ айтылып жүрді.

Түркі тілдерін зерттеуде философия іліміндегі сциентистік бағыттың әдіснамалық негізі ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап құрылымдық негізде кеңінен қолданылғанымен, ХХ ғасырдың соңғы он жылдығынан бері антропологиялық бағытқа деген қызығушылық ерекше өрiс ала бастағаны белгілі. Қазіргі таңда әлемдік тіл білімінде ерекше ықылас тудырып отырған В.фон Гумбольдттың тілді ойлаумен, тілдік бейне мен тілдік таңбаны ұштастыра қарауға негізделген «ішкі форма» [249] теориясынан бастау алатын «түпкі құрылым» ұғымын қалыптастырған генеративті лингвистиканың теориялық-әдістемелік ұстанымдарын арқау ететін тілдің когнитивті аспектісі қазақ тіл білімінде де айрықша маңызға ие болып отыр.

Алғашқы қалыптасу кезеңінде логикалық категориялардың тілге қатысы жөніндегі гипотезалар мен танымдық қағидалардың сипаттамалық негізіне ғана сүйенген когнитивті лингвистика бірте-бірте өзінің ішкі құрылымын, категориялық аппаратын, теориялық концепциясын, принциптерін айқындап, дербес лингвистикалық бағыт ретінде орнықты. Қазақ тiл бiлiмiнде де тiлдiң танымдық қырларын лингвокогнитологиялық, лингвокультурологиялық, лингвопсихологиялық аспектiде қарастырып, концептуалды жүйенiң iшкi, сыртқы құрылымдық модельдерiн сомдауға бағытталған бiрнеше зерттеулер жарияланды (Смағұлова Г., Жаманбаева Қ., Сағидолда Г., Ислам А., Тiлеубердиев А., Қосымова Г., Жапақов С., Әмiрбекова А., Қожаева М. т.б.). Қазақ тiл бiлiмiндегi танымдық қағидалардың бастау көздерi, танымдық бағыттың қалыптасуы мен дамуы жан-жақты талдауға түстi (Оразалиева Э.). Жалпы тiлдi танымдық тұрғыдан зерделеуде паремиологиялық жүйе, фразеологизмдер, көркем шығарма тiлiндегi бейнелi оралымдар, мәдени лексика мен ономастикондар, кәсiби сөздер мен терминдер негiзге алынуда. Ғаламның толыққанды тiлдiк бейнесi жетiлген, қалыпқа түскен көркем тiл арқылы сомдалатындықтан бойына этно-мәдени ақпаратты молынан жинаған лексемалардың талдауға түсуi аса маңызды. Дегенмен тiлдiң танымдық қырларын анықтауда моносиллабтық деңгей де қалыс қалмағаны жөн. Бұл жағдайда iшкi мазмұнмен қатар сыртқы тұлға да қатысады. Себебі ішкі тұлға мен сыртқы тұлға лингвогенездiк тұрғыдан тiлдiң дамуына жағдай жасайды, жаңадан танылған құбылыстар мен заттарды таңбалайтын, бейнелейтін ұғымның денотаттық және сигнификаттық атауларын қалыптастырады. Сыртқы тұлғаның да, ішкі тұлғаның да шарттылық сипаты адамзат тілі дамуының кейінгі кезеңдерінің жемісі. Тілдің таңбалық сипаты да ішкі тұлға мен сыртқы тұлғаның шарттылық сипаттарына негізделді. Тiлдiң танымдық қырларын зерттеуде қолданылатын концепт ядросы адам санасындағы ең алғашқы археидея, олардың тiлдегi көрiнiсi – архетұлғасы дыбыстар мен дыбыс тiркестерi, бiршама жетiлген кезеңдегi бейнесi – моносиллабтар. Сондықтан концепт жүйесiн анықтау ең алдымен адам санасында танылған архенышандар, археидеялар, археұғымдар, архесемалар мен архетұлғалардың арақатынасын көрсетуге негiзделiп, тiлдiк дерек ретiнде бiр буынды сөздердiң iшкi-сыртқы модельдiк құрылымы да талдауға түсуi қажет.