- •Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi а.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты
- •1.2 Көне түркі тілі мен көне қыпшақ, қазіргі қыпшақ тілдерін сабақтастыра қарастырудың тарихи-лингвистикалық негізі
- •1.3 Түркі тіл біліміндегі түбіртанудың теориялық, методологиялық негіздері
- •II Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық моделдерi
- •2.1 V тұлғалы моносиллабтар
- •2.2 Vс тұлғалы моносиллабтар
- •2.3 Сv тұлғалы моносиллабтар
- •2.4 Сvс тұлғалы моносиллабтар
- •2.5 Vсс модельдi моносиллабтар
- •2.6 Сvсс модельдi моносиллабтар
- •Iіі Моносиллабтар құрамындағы дауысты фоно-корреляттар
- •3.1 Моносиллабтар құрамындағы а дыбысының өзгерістері
- •3.2 Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі е фонемасының өзгерiстерi
- •3.3 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы ï, і дауыстыларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •3.4 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы u, ü, o, ö дыбыстарының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiсi
- •Іү Моносиллабтар құрамындағы дауыссыз фоно-корреляттар
- •4.1 Ескерткіштер тіліндегі j дыбысының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiстерi
- •4.2 Ескерткiштер тiлiндегi p, b, m, n, ņ фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •4.3 Ескерткiштер тiлiндегi l, r фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •4.4 Моносиллабтар құрамындағы q, k, γ, g дыбыстарының өзгерiстерi
- •4.5 Моносиллабтар құрамындағы d, z дыбыстарының өзгерiстерi
- •4.6 Моносиллабтар құрамындағы t, s, š, č дыбыстарының өзгерiстерi
- •5.1 Тiлтанымдағы тұлға мен мазмұнды зерделеудiң философиялық негiзi
- •5.1.2 Моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгi
- •5.2 Көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының моносиллабтық негiзi
- •5.2.2 Моносиллабтар дамуындағы бинарлық қатынастар жүйесi
- •5.2.3 Көне түркi тiлiндегi концептiлер тоғысын бейнелейтiн моносиллабтар
- •5.3. Көне түркілер ономастиконының моносиллабтық негізі
- •5.3.1 Этнонимдер жүйесiндегi моносиллабтар
- •5.3.2 Антропонимдік жүйедегі моносиллабтар
- •5.3.3 Топонимдер құрамындағы моносиллабтар
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет:
- •Шартты қысқартулар
II Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық моделдерi
Түркiтану ғылымында ұзақ жылдардан берi зерттеу нысаны әрi өткiр пiкiрталастың өзегi болып келе жатқан түбiр сөздердiң дыбыстық құрылымын жалпы түркiлiк континуумда анықтау қазiргi түркi, орта ғасыр түркi тiлдерiмен қатар ҮIII-IХ ғасыр түркiлерi тiлiне де сүйенетiнi белгiлi. Жалпытүркiлiк түбiртанудың зерттеу нысанының үлкен бiр тармағын құрайтын қыпшақ тiлдерiндегi түбiрлер мен түбiр-негiздер де ортақ құрылымдық жүйе аясында қарастырыла отырып, өзiндiк фонетикалық-фонологиялық сипатымен ерекшеленедi. Сондықтан қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi моносиллабтарды көне түркi тiлiндегi түбiрлес моносиллабтармен салыстыра қарастыру да жалпы түркiлiк моносиллабтардың табиғатын тереңiрек түсiнуге мүмкiндiк беретiн өзектi мәселелердiң бiрi.
Бiзге жеткен көне жазбалар тiлi лексикалық қорының негiзiн құрайтын бiр буынды сөздер аса көп емес. Салыстырмалы түрде, шамамен алғанда қазiргi жекелеген түркi тiлдерiндегi моносиллабтардан 10 еседей аз. Қазақ тiлiнде 3000 мыңға жуық (2704) [145,183] бiр буынды сөз белгiлi болса, А.Г.Шайхулов Орал-Волга бойы қыпшақ тiлдерiнде шамамен 4000-дай моносиллабтарды ажыратуға болатынын көрсетедi [154,56], И.А.Батмановтың редакциясымен шыққан «Древние тюркские диалекты и их отражение в современных языках» атты еңбекте көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi бойынша 1160 лексема түбiр сөздер ретiнде тiркелген. Сөздiк авторлары бiр сөздiң грамматикалық формаларын да (adïr, adïrt, adïrïl, adïrïlmaj, adïrïn т.б.), түбiрлес туынды сөздердi де (bat, batïm, batsïk т.б.) қамтыған [52, 108, 112]. Орхон ескерткiштерi тiлi мен якут тiлiндегi лексика-семантикалық құрылымды зерттеуге бағытталған Г.Г.Левиннiң еңбегiнде 498 түбiр-негiздер берiлген, бұл сөздiкте де bar, barïm, barï, barča т.б. тәрiздi түбiрлес сөздердiң тiркелуi [80,168] синхронды тұрғыдан жiктеуге келмейтiн дербес моносиллабтар мен полисиллабтарды көрсетуге бағытталған автордың мақсатына байланысты болса керек.
Моносиллабтық деңгейде қарастырсақ, Орхон, Енисей, Талас жазбаларында 50-дей ғана бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздер қолданылған. Аз ғана бiр буынды модельдер бабалар тiлiнiң лексикалық қорына негiз болған түбiрлер жүйесiн толық көрсете алмасы да анық. Көне мұралар тiлiндегi моносиллабтар көлемiнiң қазiргi түркi тiлдерiндегi моносиллабтарға қарағанда ықшам болуы, бiрiншiден жекелеген авторлар мен бедiзшiлердiң сөз қолданысына, тiл байлығына, дара стилiне байланысты болса, екiншiден арада өткен 1300 жылдық тiл дамуының табиғи заңдылығы да ықпал етпей қоймайды. Көне жазбалар тiлiнде сақталған моносиллабтар сандық көрсеткiшi шағын болса да, көне тiлдiң басты ерекшелiктерiн, түбiр сөздер мен түбiр-негiздер жиынтығының сұлбасын анықтауға мүмкiндiк бередi әрi қазiргi түркi тiлдерiндегi түбiр табиғатын саралауда деректiк құндылығы аса жоғары.
Түркi тiлдерiнiң түбiр және түбiр-негiздер жүйесiн құрайтын «классикалық алтылықтың» барлық модельдерi де көне түркi тiлiне тән болғанымен, олардың қолданыс жиiлiгi, мағыналық дербестiгi, қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi нұсқаларымен тұлғалық сәйкестiгi әртүрлi.
