- •Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi а.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты
- •1.2 Көне түркі тілі мен көне қыпшақ, қазіргі қыпшақ тілдерін сабақтастыра қарастырудың тарихи-лингвистикалық негізі
- •1.3 Түркі тіл біліміндегі түбіртанудың теориялық, методологиялық негіздері
- •II Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық моделдерi
- •2.1 V тұлғалы моносиллабтар
- •2.2 Vс тұлғалы моносиллабтар
- •2.3 Сv тұлғалы моносиллабтар
- •2.4 Сvс тұлғалы моносиллабтар
- •2.5 Vсс модельдi моносиллабтар
- •2.6 Сvсс модельдi моносиллабтар
- •Iіі Моносиллабтар құрамындағы дауысты фоно-корреляттар
- •3.1 Моносиллабтар құрамындағы а дыбысының өзгерістері
- •3.2 Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі е фонемасының өзгерiстерi
- •3.3 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы ï, і дауыстыларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •3.4 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы u, ü, o, ö дыбыстарының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiсi
- •Іү Моносиллабтар құрамындағы дауыссыз фоно-корреляттар
- •4.1 Ескерткіштер тіліндегі j дыбысының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiстерi
- •4.2 Ескерткiштер тiлiндегi p, b, m, n, ņ фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •4.3 Ескерткiштер тiлiндегi l, r фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •4.4 Моносиллабтар құрамындағы q, k, γ, g дыбыстарының өзгерiстерi
- •4.5 Моносиллабтар құрамындағы d, z дыбыстарының өзгерiстерi
- •4.6 Моносиллабтар құрамындағы t, s, š, č дыбыстарының өзгерiстерi
- •5.1 Тiлтанымдағы тұлға мен мазмұнды зерделеудiң философиялық негiзi
- •5.1.2 Моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгi
- •5.2 Көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының моносиллабтық негiзi
- •5.2.2 Моносиллабтар дамуындағы бинарлық қатынастар жүйесi
- •5.2.3 Көне түркi тiлiндегi концептiлер тоғысын бейнелейтiн моносиллабтар
- •5.3. Көне түркілер ономастиконының моносиллабтық негізі
- •5.3.1 Этнонимдер жүйесiндегi моносиллабтар
- •5.3.2 Антропонимдік жүйедегі моносиллабтар
- •5.3.3 Топонимдер құрамындағы моносиллабтар
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет:
- •Шартты қысқартулар
Iіі Моносиллабтар құрамындағы дауысты фоно-корреляттар
Түбірлес сөздердің тұлғасына, кей жағдайда ішкі мазмұнына да тікелей әсер ететін дыбыс сәйкестіктері әлемдік түркологияның өзекті мәселелерінің бірі ретінде ұзақ жылдар бойы кешенді зерттеулер нысаны болып келе жатқанымен, соңғы жылдары сөздің пайда болуы мен мағыналық дамуды танымдық деңгейде қарастыру үрдісінің жандана бастауына орай тұлғалық өзгерістерге шарттылық сипат беріле бастады. Сөз мағынасына әсер етпей ауыса беретін тарихи дыбыс өзгерістері әдеттегі құбылыс ретінде назардан тыс қалып жатады. Түркiлiк тiлтаным ғылымы тарихында дыбыс өзгерiстерiнiң тiл табиғатын танытудағы маңызын, туыс тiлдердi өзара ажыратудың басты белгiлерi ретiндегi қызметiн саралау ХI ғасыр лингвисi М.Қашқаридың еңбегiнен бастау алады. Ғалым «Диуани лұғат–ит түрк» шығармасында 30-дан аса түркi тiлдерi мен диалектiлерiнiң гомогендi лексикалық бiрлiктерiн салыстыра отырып, бiрнеше дыбыс сәйкестiктерi мен фонетикалық заңдылықтарды анықтап беруi (МҚ I, 64-69) классикалық араб лингвистикасымен сабақтаса дамыған түркi тiл бiлiмiнде салыстырмалы-тарихи фонетиканың негiзi бұдан мың жыл бұрын-ақ қалана бастағанын көрсетедi. Түркi халықтары өмiрiндегi күрделi саяси-әлеуметтiк жағдай, жартылай көшпелi өмiр салты ғылымның үздiксiз дамуына қолайлы жағдай туғыза алмауына орай лингвистика ғылымы да белгiлi бiр дәрежеде кешеуiлдеп қалды. ХI-ХҮ ғасыр аралығында түркi тiлдерi жайлы жазылған құнды лингвистикалық еңбектердiң бiразы бүгiнгi ұрпаққа жетпеуi де мүмкiн. М.Қашқари заманынан кейiн араға 7-8 ғасыр салып барып, батыс Еуропада салыстырмалы-тарихи фонетиканың негiзi қалана бастады. ХIХ ғасырдың 15-20 жылдарынан басталған батыс ғалымдары Расмуск Раск, Якоб Гримм, орыс лингвисi А.Х.Востоковтардың дыбыс жүйесiндегi өзгерiстердi туыс тiлдер деректерi негiзiнде салыстыра қарастырып, дыбыстардың артикуляциялық ерекшелiктерi мен дыбыс өзгерiстерiнiң өзара сабақтастығын, байланысын анықтауға ұмтылған ғылыми iзденiстерi тiл бiлiмiнде тарихи-салыстырмалы фонетиканың қалыптасуына ықпал еттi.
«Жеке дыбыстардың өзгеруiн сипаттаумен, олардың спирантизациялану, делабиализациялану процестерiн, ротацизм мен ламдаизм құбылыстарын қарастырумен шектелген ХIХ ғасыр тарихи фонетикасы» [178,359] дыбыс жүйесiндегi кешендi өзгерiстердiң негiзгi факторларын, дыбыс өзгерiстерiнiң сөз мағынасына әсерiн, тектес дыбыстардың дифференциациялануы мен түбiрлес сөздердiң семантикалық деривациясының байланысы т.б. тәрiздi тiлдiк құбылыстардың табиғатын ашып бере алмады. Лингвист-ғалымдар тiлдегi дыбыстарды дербес тiлдiк бiрлiк ретiнде қарастыруға мүдделi болды. Түркі тілдеріндегі дауыстылар үндестігіне ерекше көңіл бөлген В.В.Радлов, дыбыс өзгерістерінің тілдің тарихи дамуындағы маңызына да тоқталғаны белгiлi. Ғалым «Кроме строго соблюдения закона гармонии гласных..., происходят ... еще и другие фонетические изменения в ауслауте корней и ауслауте аффиксов, которые могут быть истолкованы как средство связи между «предметом – содержанием» и «предметом – формой», в силу чего образуется своего роды гипераглютинация ..., ... ощущение членимости утрачивается, и в результате сплавления корня с аффиксом возникает нечленимое новообразование» (W.Radloff. Einleitende Gedanken, zur Darstellung'der Morphologie der Türksprachen, 1906) [44,13] деген ойлары арқылы лексема құрамындағы дыбыс өзгерістерінің сөз тұлғасымен қатар сөз мағынасына да ықпал ететінін көрсетеді.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы лингвистика ғылымындағы младограмматикалық бағыттардың негізін салушылардың бірі И.А.Бодуэн де Куртенэ сол кезге дейін қалыптасқан дәстүрлі дыбыс заңдылықтарына, тектілдерді механикалық жолмен қалпына келтіру мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарап, тың идеялар ұсына бастады. Ғалым айтқан фонеманың акустикалық қырынан басқа мазмұндық негізі жайлы пікірлері фонологияның немесе фонема теориясының қалыптасуына негіз болды. Фонетикалық альтернация теориясын енгізген ғалым, фонеманың адамзат тіліндегі қызметін морфологизация, семасиологизация ұғымдарымен яғни сөз құрылысымен, сөз мағынасымен тығыз байланыста қарастырды. 1917 жылы «Фонемы ... становится языковыми ценностями и могут быть рассматриваемы лингвистически только тогда, когда входят в состав всесторонне живых языковых элементов, каковыми являются морфемы, ассоцируемые как с семасиологическими так и с морфологическими представлениями» [179,276-277] деп көрсеткен И.А.Бодуэн де Куртенэнің тұжырымы дыбыс жүйесiндегi «альтернация» немесе «алмасу» құбылыстары арқылы анықталатын фонемалардың дербестiк сипатын айғақтайды.
Тiлдi таңбалар жүйесiнде қарастырған Ф.де Соссюр тiлдiк таңбалардың тұрақтылық, тұрақсыздық (өзгермелiлiк) қасиеттерiне, дыбыстық өзгерiстердiң маңыздылығына мән бередi. Ғалым ойлары сөз мағынасының өзгеру себептерiн дыбыстың акустикалық бейнесiнен (фонетика) емес оның iшкi мазмұнынан, фонологиялық қызметiнен iздеу қажеттiгiн меңзейдi «... сами слова непосредственно не участвуют в фонетических изменениях, мы опираемся на то простое наблюдение, что такие изменения происходят фактически независимо от слов и не могут затронуть их в их сущности. Единство слова образовано ведь не только совокупностью его фонем, оно держится но не его материальном качестве, а на иных его свойствах» [180,49].
Дыбыстың функционалдық қырларын, олардың тiлдiк жүйедегi маңыздылығын талдау тарихи фонологияны дүниеге әкелдi, әлемдiк тiл бiлiмiнде бiрнеше фонологиялық мектептер қалыптасты. Прага мектебiнiң өкiлi Н.С.Трубецкой дыбыстың сөйлеу актiсiндегi сипаты мен тiл жүйесiндегi болмысының бiр-бiрiне ұқсамайтынын, олардың әрқайсысын дербес қарастыру қажеттiгiн, дыбыс туралы қалыптасқан екi ғылым саласы өздерiнiң мақсат-мүддесi мен зерттеу нысанына орай әртүрлi әдiстеменi негiзге алатынын көрсетедi. «Сөздегi (сөйлеудегi) дыбыс туралы iлiм физикалық құбылыстармен тiкелей байланысты, ол жаратылыстану ғылымдарының әдiстемесiн негiзге алады, ал тiлдегi дыбыс туралы iлiм бұған қарама-қарсы, таза лингвистикалық әдiс-тәсiлдер мен қағидаларға, кеңiрек алсақ, қоғамдық гуманитарлық ғылымдардың тәжiрибелерiне сүйенедi» [181,94] деген ойлары арқылы екi ғылым саласының ара-жiгiн ажыратып берген ғалым, сөйлеу жүйесiндегi дыбыс туралы iлiмдi фонетика, тiл жүйесiндегi дыбыс туралы iлiмдi фонология деп атауды ұсынады. «Тарихи фонология әр дыбыстың өзгеру құбылыстарын бөлек-бөлек алмай, оларды басқа дыбыстармен байланыстыра отырып, олардың бүкiл фонетикалық жүйесiн бiрге зерттеудi мақсат еттi, оның зерттеу нәтижелерi классикалық фонетикалық заңдылықтар мен құбылыстарға негiзделдi» [178,359].
Типологиялық зерттеулердiң нәтижелерiн салыстырмалы-тарихи тiл бiлiмiнде қолданудың пайдалы жақтарын көрсетiп, жалпы адамзат тiлiн тұтас жүйе түрiнде зерттеудiң маңыздылығы, адамзат тiлiнiң кешендiлiк сипатын айғақтаудағы фонологияның рөлi жайлы мәселелердi қарастырған Прага структуралық мектебiнiң тағы бiр өкiлi О.Р.Якобсон «Принцип последовательного членения все глубже и глубже проникает как в грамматику, так и в фонологию. ... Нужно уже сейчас поднять вопрос о языковых, в частности фонематических универсалиях» [182,334-336] деген қорытындыға келедi. Ғалым фонематикалық екпiнге, дыбыстардың созылыңқы, қысқа айтылуының мағына ажыратқыш қасиеттерiне де ерекше мән бередi. Фонология теориясының маңыздылығын көрсететiн, оның ғылыми ұстанымдары мен әдiс-тәсiлдерiн жетiлдiруге үлкен үлес қосқан ғалымдар қатарында А.Мартине, В.Маллиберг, Л.Ельмелев, Л.Блумфильд, Д.Джоунз т.б. тәрiздi әр түрлi фонологиялық мектеп өкiлдерiн атауға болады.
Қазақ тiл бiлiмiнiң атасы А.Байтұрсынұлының қазақ тiлiнiң дыбыс жүйесiне сәйкес сингормониялық әлiпби мен орфогрияны түзуде ұстанған лингвотеориялық ой-пiкiрлерiнiң негiзiнде ұлттық тiлдiң табиғатын айқындайтын дыбыс заңдылықтары жатқаны белгiлi. Ұлы ғалымның қазақ тiлiндегi у дыбысы қолданысының үш түрлi табиғатын – дауысты, дауыссыз, жартылай дауысты – көрсетуi, й дыбысын да жартылай дауыстылар қатарында қарастыруы [183,382-381], тектес дыбыстарды, яғни бiр фонеманың аллофондарын дәл ажырата бiлуi оның терең бiлiм иесi екенiн, фонологиялық жүйенiң заңдылықтарын жете меңгергенiн аңғартады. А.Байтұрсынұлының фонологиялық ой-пiкiрлерi кейiн әлем тiл бiлiмiнде танымал болған фонологиялық теориялардың, тiлдiң дыбыс жүйесiн зерттейтiн әдiстердiң, алфавит және орфография жасау принциптерiнiң негiзiн қалауға медеу болды [184,5]. А.Байтұрсынұлының лингвистикалық шығармашылығын терең зерттеп, ұлы ғалымның фонологиялық тұжырымдарын Москва фонология мектебi теориясы сарынында жазылған еңбектермен салыстыра қараған М.Жүсiпұлы «... тiлдiң дыбыс жүйесiн ғылыми сарында зерттеуде, сингармоалфавит пен сингармоорфографияны жасауда, сингармофонема ұғымын дүниеге келтiруде А.Байтұрсынов... тұңғыш (пионер) зерттеушi ...» деген тұжырымға келедi [184,6].
Қазақ тiл бiлiмi фонологиясының дамып, қалыптасуына ықпал еткен «Қ.Жұбанов ұстанған ғылыми зерттеу қазақ тiлiнiң дыбыс құрылысын фонологиялық тұрғыдан зерттеудiң басы болды» [185,...]. Ғалым қазақ тiлiндегi дыбыстар жүйесiн топтастыру үрдiсiн жетiлдiрiп, артикуляциялық ерекшелiктерiн дәл сипаттап беруiмен қатар, дыбыстық өзгерiстер сөздiң лексикалық, морфологиялық сипатына да әсер ететiнiне, яғни сыртқы тұлғаның өзгерiстерi iшкi тұлғаның да өзгеруiне себепкер болатынына мән бередi [170,151]. Қазақ тiлi интонациялық жүйесiн, интонацияның эмоционалды-экспресивтi реңкiн жан-жақты зертеген ғалым З.Базарбаева [186,...] Қ.Жұбанов iлiмi қазiргi фонема тұрғысынан қарағанда, Ленинград фонологиялық мектебiнiң теориялық ұстанымдарына сәйкес келетiнiн көрсетедi [178,362].
Қазiргi таңда тiл дамуындағы фонемалардың дербестiк қасиетi, функционалдық қырлары жан-жақты талдануда, фонеманың сөз мағынасын айқындау мүмкiндiгi де мол тiлдiк деректермен, теориялық тұжырымдармен дәйектелдi. Әлем тiлдерi бойынша фонологиялық жүйе супрафонологиялық қабат деңгейiнде қарастырылып, дыбыстардың просодиялық қырлары, тональдық, акценттiк ерекшелiктерi атомарлық – морлық, интеграттық – буындық, фраземалық – конгламераттық негiзде сипатталуда [187,11-12]. Қазақ тiлi фонологиялық жүйесiндегi үндестiк заңы жайлы еуропалық дәстүр бойынша қалыптасқан анықтамадан әлдеқайда терең де ауқымды, жаңаша көзқарас қалыптастырған белгiлi ғалым Ә.Жүнiсбек [188] дыбыс жүйесiндегi мағына ажыратуға қабiлеттi сегменттерге байланысты сегментология терминiн ұсынады [189,10].
Тіл дамуын, әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасуын қамтамасыз ететін басты механизмдердің бірі – дыбыс өзгерістері өте баяу әрі үзіліссіз жүріп отыратын, әр тілде түрліше жүзеге асатын процесс екені белгілі. Тiлдегi дыбыстық өзгерiстердiң негiзгi факторларының бiрi барлық тiлдерге тән универсалды құбылыс фонологизация процесi. «Фонемалардың дифференциялануы негiзiнде, олардың аллофондары, тiлдiң дамуына сәйкес мағына айқындау қасиетiне ие болады» [178,367]. Фонема мен буынның, морф пен морфеманың арақатынасындағы дыбыстардың мағынаға ықпалы морфонологиялық зерттеулерге негiз болуы [190], тiлдiк жүйенiң ең кiшi бiрлiгi – дыбыс табиғатының күрделiлiгiн, морфемалық, лексикалық деңгейлермен сабақтастыра қарастыруды қажет ететiн универсалды құбылыс екенiн нақтылай түстi.
Әр тілдің дара болмысымен қалыптасуына, ішкі жүйеліліктің ретке келуіне интралингвистикалық, экстралингвистикалық, физио-биологиялық, психо-физиологиялық ықпалдар қатар қызмет атқарады және бұл ықпалдардың әсері тілдік бірліктердің барлық деңгейінде көрініс беруі мүмкін, бірақ фонетика-фонемалық деңгейдегі өзгерістер өзінен кейінгі морфемалық, лексемалық деңгейлердегі өзгерістердің негізін қалайтын басты тетік болып табылады. Бұл жөнінде Э.Р.Тенишев «Каждый язык регулируется двумя факторами: физическим фактором (воспроизведением звуков); психическим фактором (применение звуков для передачи мысли)» [191,38] деп тілді ретке келтіруші факторды фонетикалық және фонемалық деңгейде қарастырады. ХІХ ғасырдың соңында фонема ұғымы дыбыстың психологиялық эквиваленті ретінде таныса, комбинаторлық өзгерістердегі дыбыс алмасуы дивергенция, алмасушы дыбыстар дивергенттер деп аталды. Ал физикалық себептермен, комбинаторлық шарттармен түсіндіруге келмейтін дыбыс алмасулары корреляция, алмасушы дыбыстар коррелятив ұғымдарымен аталғаны белгілі. Альтернация құбылысының бұл түрлері қазіргі таңда дыбыс алмасуы және дыбыс сәйкестігі деп принципті түрде ажыратылады [145,84-85]. «Изменение звуков, которые происходит в речи и оказывают столь глубокое влияние на судьбы самого языка» [180,21] деп Ф.де Соссюр көрсеткендей кез келген тілдің тек фонологиялық жүйесін ғана емес морфологиялық құрылымын, лексикалық құрамын, семантикалық дамуын зерттеуде де тарихи дыбыс сәйкестіктерінің фоно-морфо-семантикалық табиғатын негізге алу басты қағидалардың бірі болып қала бермек.
Тілдің таңбалық теориясының негізін салушы ғалымдар тілдік таңбаны өзара тығыз байланысты, ықпалдас ұғым мен акустикалық бейненің бірлігінен туындаған психикалық құбылыс деп таниды [18021]. Акустикалық бейне ұғымның дыбыс шығару органдары арқылы дыбысталуы, демек сөз тұлғасымен мәндес. Сондықтан ұғым атауының толық мағыналы дербес сөзге айналуы тұлға мен мазмұн бірлігіне негізделеді. Түбірлес моносиллабтардың тұлғасын өзгертетін дыбыс сәйкестіктерінің табиғатын жан-жақты әр қырынан талдау қажеттілігі де осыдан туындайды.
Түбірлес сөздердегі мағынаға ықпал етпейтін дыбыс сәйкестіктері мен фоно-морфологиялық, фоно-семантикалық сипаттағы дыбыс сәйкестіктерінің түп-төркіні бір екені, адам физиологиясының дамуына орай жүретін артикуляциялық мүмкіндіктердің жетілуіне байланысты бір дыбыстың аллофондары немесе дыбыс тіркестерінің ыдырауы арқылы қалыптасқан сингармониялық варианттардың танымдық шеңбердің кеңеюі нәтижесінде сингармониялық параллельдерге айналуы физиологиялық, психикалық, танымдық дамудың жемісі екені көптеген зерттеулерден белгілі (В.Богородицкий, И.А.Бодуэн де Куртенэ, Г.И.Рамстедт, М.Рясянен, В.Л.Котвич, А.Н.Кононов, Э.В.Севортян, Н.А.Баскаков, А.М.Щербак, Э.Р.Тенишев, т.б., қазақ тіл білімінде – Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Томанов, Ж.Аралбаев, Ә.Қайдар, Б.Сағындықұлы, А.Айғабылов т.б.). Барлық дыбыс сәйкестіктерінің сөз мағынасына әсер ете алмайтынын, жаңа сөз тудыруға қабілетті сәйкестіктердің өзі жүйелі түрде сөзжасамдық қызмет атқара бермейтінін де тілдік деректер көрсетіп отыр. Сондықтан сөз мағынасын ықпал ететін дыбыс сәйкестіктерінің табиғатын терең түсіну үшін алдымен сөз тұлғасын ғана өзгертетін сәйкестіктердің жүйелі/жүйесіздігін, сөздік қорды қамту мүмкіндігін, бір тіл ішіндегі және туыстас тілдер арасындағы, көне тілдер мен қазіргі тілдер арасындағы үлес салмағын анықтап алудың орны ерекше.
Дыбыс өзгерістері әр тілдің тарихи-лингвистикалық даму жолына сәйкес түрліше қалыптасқанымен барлық тілге тән процесс. Сондықтан әрбір тілдің дыбыс жүйесіндегі сәйкестіктер физикалық фактор (дыбыстау) мен психикалық факторға (ойды беру үшін дыбысты қолдану)» негiзделедi [191,38]. Бұл дыбыс сәйкестіктерінің фонологиялық мәндегі немесе фонологиялық мән жүктемей қолданылуының ара-жігін көрсетеді.
Қазіргі түркі тілдеріндегі дыбыс сәйкестіктерін көрсетуде ҮІІ-IХ ғасыр түркілерінің тілдік дерегі – Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштерінің тілі негізгі діңгек ретінде қарастырылады. Н.А.Баскаков түркі тілдері дыбыстық жүйесінде дауыстыларға қарағанда консонантизмдер көп өзгеріске түспей, біршама тұрақтылығын сақтағанын айта отырып, «… более сложный процесс развития перенесла система вокализма, характер и тип который могут служить основными признаками, определяющими целую группу языков» [159,72] деп көрсеткендей, ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі дауыстылар жүйесінің өзгерістері де жалпы түркілік вокализмдердің күрделі даму жолын, даму үрдісінің бағыт-бағдарын, қыпшақ тобындағы әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктерін, көне түркі тіліне қатыс-дәрежесін білдіретін тілдік құбылыс.
Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштері мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі моносиллабтар құрамында да дауыстылар сәйкестіктерінiң кездесуi тiл дамуының табиғи заңдылығы. Ескерткіштер тіліндегі сегіз дауысты дыбыс қазіргі түркі тілдерінің, оның ішінде қыпшақ тілдерінің де дауыстылар жүйесінің негізін қалайтыны белгілі. Көне түркілер әліпбиінде сегіз дауыстының төрт қана полифонды таңбамен бейнеленуі алфавит түзу барысында дауыстылар жүйесінің артикуляциялық ерекшеліктері мен сапалық қасиеті, генезистік сипаты (фонема мен аллофондар негізінде) толық ескерілгенін көрсетеді. Түркі тілінің сингармониялық табиғатын үйлесімділікпен дәл беретін әліпби түзу мүмкіндігі көне түркілердің дыбыс жүйесі даму жолын саналы түрде игергендігін білдіреді. Ескерткіштер тіліне эпиграфиялық, мәтіннамалық, этнографиялық, фонологиялық талдау жүргізген ғалым Қ.Сартқожаұлының көне түркi тiлiнiң дыбыс жүйесiне берген онтологиялық сипаттамасы бойынша «Көне түркілер ұйғарымында әлем аталық пен аналықтан тұрады. Аталықтың жердегі символы – тау, аналықтың символы – су. Бұлардың үстінде «Тәңір»... жан тәңірден жіберіледі, тән жерде қалады. Осы дүниетанымды негізге ала отырып, біз төрт таңбалы сегіз дауыстыны – жан деп танимыз. Ал дауыссыз дыбыстар – тән. Оларға жан – дауысты дыбыстар қан беріп, тіршілік әлеміне қосады» [8,91]. Зерттеушiлердiң көпшiлiгi бір буынды сөздер құрамындағы дыбыстар үндестігінде негізінен дауыстыларға басымдық беретiнiн [192,439-440] ескерсек, жоғарыда айтылған тұжырым түркі тілдерінің басты ерекшелігі сингармонизм заңдылығымен сәйкес келетінін байқаймыз. Ескерткіштер тіліндегі және қазіргі қыпшақ тілдеріндегі дауыстылардың өзгерістері синхронды деңгейде қарағанда дауыссыздарға қатыссыз іске асатыны да осыны меңзейді.
Жалпы адамзат тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың, функционалдық-сапалық деңгейі бірдей, өзара ықпалдаса, байланыса отырып сөз тұлғасына, сөз мағынасына әсер етеді. Толық мәнді лексема жасауда дауыстылар мен дауыссыздарды бөліп қарап, біреуіне ғана басымдық беру тілдің онтогенездік табиғатына қайшы. Алғашқы әліпбилер консонанттық жүйеге негізделгендіктен дауыссыздарға ерекше мән беруді ұсынушы пікірлер қалыптасса керек. Алайда шынайы тіл табиғаты консонанттар мен вокализмдер жүйесін тең дәрежеде қарастырғанда ғана ашылары анық. Сондықтан түркі тілдеріндегі моносиллабтардың тұлғалық, мағыналық даму бағытын айқындауда дауыстылардың да, дауыссыздардың да сәйкестігінің маңызы ерекше.
Қазақ тiл бiлiмiнiң ұлы тұлғаларының бiрi С.Аманжоловтың «... дауысты дыбыстар мен дауыссыз қатаңдар бiр-бiрiне қарсы қойылады. Ұяңдар мен сонорлар дауыстыларға онша қарсы қойылмайды. Жалпы дауыстылар мен дауыссыздарды қарама-қарсы қоюдың өзi шартты нәрсе» [153,46] деп тұжырым жасауы да вокализмдер мен консонанттардың тiлдегi маңыздылығына байланысты болса керек.
Көне түркі әліпбиінің жартылай консонанттық жүйеге негізделгендігі, кей жағдайда дауысты дыбыстардың жазылмауы, 8 дауысты дыбыстың төрт полифонды таңбамен ғана берілуі тәрізді мәселелер мәтіндерді оқуда қиындықтар туғызып, көне түркі тілі мен қазіргі түркі тілдеріндегі дауыстылар сәйкестіктерін дәл анықтауды да күрделендіре түседі. Мәселен, Э.Умаров о және u дыбыстарын белгiлейтiн >, таңбаларының оқылуында қателіктер бар деп көрсетіп, boz «боз» КТү. 32, otuz «отыз» КТү. 41, oγuz «оғыз» КТк. 2, tüman «түмен (он мың)» Тон. 36 т.б. тәрiздi сөздердi buz, оtuz, uguz, toman түрiнде оқуды ұсынады [194,21-22]. Автор өз пікірін білдіруге татар тілінің деректеріне сүйенеді. ҮIІ-IХ ғасыр жазба ескерткіштері қазіргі түркі тілдерінің бәріне ортақ мұра болғандықтан (билеуші тайпа тілі ерекшеліктерінің басымдығын жоққа шығаруға болмайды, ондай этностық топ әлі анықталмағаны белгілі), мұндай тұжырыммен келiсу қиын. Ескерткiштер тiлiндегi бiрдей таңбаланатын дауыстыларды авторлардың әртүрлi транскрипциялауы көне түркi әлiпбиiнiң графемалық сапасын анықтаудың күрделiлiгiне байланысты болса керек. Қазақ жазуын, әлiпби жүйесi мен орфографиясын фонологиялық, грамматологиялық тұрғыдан зерттеушi ғалым Н.Уәлиұлы фонема мен графеманың инварианттық, дыбыс пен әрiптiң варианттық қатынастарының ара-жiгiн, графеманың референттiк сапасын ашып көрсетедi [164,87].
Түркі тілдеріндегі моносиллабтар құрамындағы дауыстылардың табиғаты дисиллабтар мен полисиббалтардың екінші, үшінші, төртінші буынындағы дауыстылар табиғатынан өзгешелеу. Бұл жөнінде А.М.Щербак «Гласные в односложном слове постоянны и независимы в качественном отношении; что касается гласных в многосложном слове, то для них характерна некоторая неустойчивость и, кроме того, синтагматическая предопределенность, являющаяся следствием существования таких явлений, как гармония гласных и так называемый уйгурский умлаут» дей отырып, бір буынды сөздер құрамындағы дауыстылардың комбинаторлы-шарттылық жағдайының жиі байқалатынын көрсетеді [158,26].
Жалпы түркі тілдеріндегі вокализмдер жүйесі: «бірінші дәрежелі» созылыңқылар, дифтонгтар мен полифтонгтарға және біршама қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – оғыздық тип; «екінші дәрежелі» созылыңқылар мен біршама қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – алтайлық тип; біршама созылыңқылар мен өте қысқа айтылатын дауыстыларға негізделген жүйе – қыпшақтық тип; «екінші дәрежелі» созылыңқыларды, фарингалданған және қысқа дауыстыларға негізделген жүйе – тува-тофалар (қарағас) типi [192,16] деп төрт түрге сараланып қарастырылады. Л.С.Левитская қыпшақтық жүйенiң даму жолының түрлі кезеңдері қазақ, ноғай, қарақалпақ, қырым-татарлары тілінде, өзбек тілінің қыпшақ говорында, татар тілі мен диалектілерінде, башқұрт тілінде және біршама өзгерістерге түскен күйінде чуваш тілі дауыстылар жүйесінен де көрініс бередi [195,27]. Бұл жіктеудегі қыпшақ жүйесінің белгілері полисиллабтар құрамындағы бірінші буындағы дауыстылардың сапалық қасиетіне негізделген болу керек. Қыпшақ тобына кіретін қазақ тілінде дербес қолданылатын моносиллабтар құрамында дауысты дыбыстар өте қысқа (сверхкраткий) болып айтылмайды, тек эмоционалдық-стильдік ыңғайда, императивтік мәнде жұмсалғанда ғана біршама қысқа айтылуы мүмкін. Бұл моносиллабтар құрамындағы дауыстылар мен полисиллабтар құрамындағы дауыстылардың сапалық деңгейінің біркелкі еместігін айқындайды.
Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тіліндегі дауыстылар жүйесі қазіргі қыпшақ тобындағы дауыстылар жүйесінің құрамынан ерекше ажыратылмайды. Басты ерекшелік – қазіргі тілдерде ä дыбысының дербес фонема ретінде қолданылуында ғана. Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде қолданылатын ä дауыстысы Орхон-Енисей ескерткіштері тілінде де қолданыста болғанын көрсететін еңбектер бар [126,91-93]. Орхон ескерткіштерін оқып, аударуда еңбек сіңірген белгілі ғалымдар да өз транслитерацияларында ә(ä) дыбысын қолданған және 9 дауысты фонеманың болғанын көрсетеді [2,60]. Қазақ ғалымы Ғ.Айдаров өз еңбектерінде тек е дауыстысын ғана қолданса [59. 60], И.Л.Кызласов, Л.С.Левитская тәрізді белгілі түркітанушылар ä, е дыбыстары бір фонеманың варианттары ретінде қатар қолданыста болған деген пікірде [37,137. 195,9].
Қазіргі түркі және орта ғасыр түркі тілдерінің деректері негізінде, қазiргi түркi тiлдерiнiң кейбiрiнде ä фонемасының қолданылмауына байланысты мамандар таза түркілік фонема ретінде е дыбысын таниды, ä дыбысы кірме элемент ретінде қарастырылады. Сібір түркі тілдері дауыстылар жүйесінде ä дыбысының қолданылмауын олардың араб әліпбиін пайдаланбауымен, сондықтан да ол тілдер араб-парсы ықпалына ұшырамағындығымен, түркілерге ä фонемасының келуін түркі халықтары мен парсылардың тығыз қарым-қатынаста болып, парсы мәдениетінің түркілер арасында кеңінен таралуымен байланыстыра отырып, К.Мұсаев «Орхон ескерткіштері тілінде ә дыбысы қолданылды» деген жаңсақ пікірдің қалыптасу себебін «19 ғасырдың алғашқы түркологтары түркi тiлдерiнiң құрылымдық жүйесiн зерттеуде араб-парсы ықпалына ұшыраған тiлдердi негiзге алды және олардың тiрi түркi тiлдерiн толық меңгермегенi де белгiлi» деп түсіндіреді [196,48-53].
Түркi вокализмдерiнiң дамуы жалпы түркi тiлдерi дамуының бес кезеңiне – алтай дәуiрiне дейiнгi кезең, алтай дәуiрi, хун дәуiрi, көне түркi дәуiрi, қазiргi түркi тiлдерiнiң қалыптасу дәуiрлерiне сәйкес қарастырылатыны белгiлi. Көне түркi дәуiрiнде түркi тiлдерiнiң булғар, оғыз, қыпшақ, қарлуқ, ұйғыр т.б. топтарының фонологиялық жүйесiнiң ерекше белгiлерi өзара ажырай бастаса, ал қазiргi түркi тiлдерi дәуiрiнде әрбiр жеке тiлдердiң өзiне тән фонологиялық белгiлерi қалыптасып, дербестiкке ие болды. Ә (ä) дыбысын түркi тiлдерi фонологиялық жүйесiнiң дамуындағы кейiнгi құбылыс ретiнде таныған Н.А.Баскаков көне түркiлiк дауыстылар жүйесiне аталған дыбысты қоспайды. Иран субстратының ықпалына ұшыраған жалпы түркiлiк вокализмдер жүйесiнiң деформациялануы нәтижесiнде қалыптасқан ä дауыстысының қолданыс аясы оғыз тобындағы әзiрбайжан, гагауыз, қарлұқ тобындағы ұйғыр, өзбек, қыпшақ тобындағы татар башқұрт тiлдерiмен ғана шектелетiнiн көрсеткен ғалым «В некоторых языках этот звук весьма ограничен из двух основ с различным рядом гласных, например в казахском, каракалпакском, ногайском и крымско-татарском, либо использованием как результата стяжения дифтонга или субститута долгого гласного, например в туркменском. В остальных языках ä (ә) как самостоятельная фонема - отсутствует» деп пайымдайды [159,96]. Көне мұраларды түпнұсқадан қайта оқумен айналысып жүрген кейінгі зерттеушілер де Орхон-Енисей жазбаларының мәтінінде ä дауыстысының қолданылмағанын құптайды [182,14].
Жалпы әлемдiк тiл бiлiмiнде дыбыстардың артикуляциялық жiктелiсi теориялық тұрғыдан көпфокусты болып келгенiмен, табиғи тiлдерде олардың бәрi байқала бермейдi. Табиғи тiлдерден анық байқалатын дыбыс жүйесiнiң негiзгi артикуляциялық типтерi мыналар: лабиализация (ерiннiң қатысына қарай), дентолабиализация (астыңғы ерiн мен үстiңгi тiстiң қатысына қарай), палатализация (тiл ортасы мен қатты таңдайдың қатысына қарай), ретрофлексизация (тiлдiң алдыңғы бөлiгi мен қатты таңдайдың артқы бөлiгiнiң қатысына қарай), веляризация (тiлдiң соңғы бөлiгi мен қатты таңдайдың қатысына қарай), увуляризация (тiлдiң соңғы бөлiгi мен жұмсақ таңдайдың соңғы бөлiгiне қатысты), фарингализация (тiлдiң соңғы бөлiгi мен көмейге қатысты), латерализация (тiлдiң жиегi мен жоғарғы шеткi тiстерге қатысты), эмфатикалық ларингализация (дыбыстың жұтқыншақтан жiңiшкерiп шығуы), ларингализация (дыбыстың жұтқыншақтан қысаңданып шығуы) [181,39-40].
Түркi тiлдерiндегi дыбыстардың фонематизациялану процесiн кезеңдерге бөлуде фонема → аллофон → фонема бағыты негiзге алынып келедi. Әлемдiк фонологияда дыбыстарға акустикалық тұрғыдан сипаттама беруде түркi тiлдерiнде қалыптасқан фонематизация процесiне керiсiнше аллофон → фонема → аллофон бағыты да көрсетiледi, мысалы «При акустическом анализе вообще имеет смысл ориентировать правила в обратную сторону – от аллофонов к фонемам, поскольку именно так, очевидно, работает человеческая перцепторная система: из физических звуков выделяются «существенные», т.е. категориальные признаки, объединяемые затем в фонемы» [187,75]. Мұндай тұжырымдарды саналы адамзат тiлiне дейiнгi рефлекстiк дыбыстауларға қатысты қарастырған жөн сияқты.
А.Н.Кононов ҮII-IХ ғасыр түркiлерi тiлi дауыстылар жүйесiнiң сапалық сипаттамасын жасауда жалпы адамзаттың сыртқы дыбыстау мүшелерiнiң қатысы арқылы анықталатын әлемдiк фонетикалық топтастырудың негiзгi үш критериiн қолданады. «1. Көне түркi дауыстылары жақтың ашылу деңгейi мен тiлдiң көлденең қозғалыстағы жағдайына қарай үш деңгейлi оппозиция құрайды. Ашық: а, ä. Орташа ашық:(е), о, ö. Қысаң:ï, i, u, ü.2. Жасалу орнына қарай (жуан/соңғы қатар – жiңiшке/алдыңғы қатар) көне түркiлiк 8 дауысты былай бөлiнедi. Жуан қатар:а, о, u, ï. Жiңiшке қатар:ä (ę), ö, ü, i.3. Ерiннiң қатысына қарай ерiндiк және ерiндiк емес (езулiк) болып бөлiнедi. Ерiндiк:о, ö, u, ü. Езулiк:а, ä (ę), ï, i» [2,60-61]. Дауысты дыбыстардың қысқа және созылыңқы болып айтылуын дауыстылардың сандық сипаттамасы ретiнде қарастырған ғалымның созылыңқы дауыстылардың табиғаты жайлы «… конец слова с долгим гласным как правило, ударен; на месте старых долгих гласных почти всегда появляются широкие гласные; в периоды, следующие за древнетюркским, образование гласного в конце слова после согласного всегда связано со слогом, имеющим старую долготу гласного; гласные конца слова значительно открытее гласных, находящихся в других позициях» [2,61] деген тұжырымы алғашқы созылыңқы дауыстылардың орнына негiзiнен ашық дауыстылар келетiнiн көрсетедi.
Көне түркi тiлiндегi созылыңқы дауыстылардың табиғатын анықтау түркiтану ғылымындағы күрделi мәселелердiң бiрi. Батманов И.А. ескерткiштер тiлiнде дауысты дыбыстардың кейде таңбаланып, кейде таңбаланбауы көне түркi тiлiндегi созылыңқылар мен қысқа дауыстылардың қолданысын көрсетуi мүмкiн деген пiкiр айтады [52,7]. Ғалымның көрсетуiнше қазiргi түркiмен, якут тiлдерiндегi созылыңқы дауыстылардың сипаты көне түркi тiлiндегiң созылыңқылармен бiрдей; қырғыз, тува, хакас тiлдерiндегi созылыңқылар дауыссыздардың түсiп қалуы арқылы жасалған екiншi дәрежелi созылыңқы дыбыстар; ескерткiштер тiлiнде екiншi дәрежелi созылыңқылардың iзi жоқ, олар кейiннен пайда болған [52,7]. Бiр дыбыстың жекелеген тiлдердегi акустикалық жай-күйi жайлы С.Аманжолов «Түрлi тiлдегi бiрдей дыбыстардың жасалуы әр түрлi болуы мүмкiн. Тiл ғылымында жеке халықтың ерекше дыбыстарының артикуляциясын ашып бiлу оңайға соқпайды» [193,44] деген пiкiр айтады. ҮII-ҮIII ғасыр түркi жазба ескерткiштерiнiң тiлi өлi тiлдер қатарына жататындықтан олардың дыбыс жүйесiнiң артикуляциялық-акустикалық сипаттамасын дәл беру мүмкiн емес. Сол сияқты ескерткiштер тiлiндегi созылыңқы немесе қысқа дыбыстардың қолданылу ерекшелiктерiн де тап басып көрсету қиын мәселе. Жоғарыда келтiрiлген И.А.Батмановтың гипотезалық пiкiрiне сүйенсек, Орхон ескерткiштерi тiлiнде VС, СV, СVСмодельдi моносиллабтар құрамындағы дауыстылардың таңбаланбау жағдайының жиi кездесуi бiршама қысқа немесе жартылай созылыңқы дауыстыларды қолданатын тiлдiң белгiлерi (Т – Тон.33, ЫТ – КТк. 3 «посылать») болуы да мүмкiн. Бiрақ дауыстылардың таңбалану, таңбаланбау құбылысының лексиканы қамту мүмкiндiгi белгiлi бiр жүйеге бағынбайды. Бiр өңiрде орналасқан Таникуқ, Күлтегiн ескерткiштерiндеïtетiстiгiнiң дауысты дыбыс арқылы да, дауыссыз дыбыссыз да қолданылуы ескерткiштер тiлiндегi диалектiлiк ерекшелiктердi бiрдiрмесе керек. Бұл қайшылықты ғалымның өзi де аңғарған: «В большинстве говоров долгие гласные, видимо, отсутствовали, иначе получили бы отражение в орфографических приемах. Для пояснения этого можно привести распрастраненный пример: считается, что в слова «лошадь – ат» был краткий гласный, а в слове «имя –аат (аад)» - долгий. Но в написании этих слов это явление последовательно не отражено, т.к. встречаем «лошадь – АТ, Т» и «имя АТ, Т»» [52,7]. Егер ғалымның пiкiрi ғылыми тұрғыдан толық дәйектелiп жатса, ескерткiштер тiлiнiң жартылай қысқа және қысқа дауыстылар тән қыпшақтың бояуы қоюлана түседi.
Түркi тiлдерi вокализмдерi дамуындағы жаңа дауыстылардың қалыптасуы жайлы А.Н.Баскаковтың «... процессы развития вокализма и дифференциации гласных от одной гласной с функцией морфочленения и слогообразования к дальнейшему различению их имели последовательность прежде всего в отношении тембра (подъема), а затем лабиализации и палатализации» [159,73] деген пiкiрi негiзiнде ашық, қысаң дауыстылардың ажырауы алғашқы құбылыс екенiн байқаймыз.
Жалпы түркi тiлдерi дауыстылар жүйесiнiң даму процесiн ашық → қысаң немесе жуан → жiңiшке деп белгiлi бiр бағытта ғана айқындау гипотезалық пiкiрлерге негiзделетiндiктен нақты ғылыми тұжырым ретiнде қабылдауға болмайды. Алғашқы адамзат тiлiнде бiр дыбыстың бiрнеше рефлекстiк варианттары тең дәрежеде қолданылуы да мүмкiн. Бұл созылыңқы, жартылай созылыңқы, қысқа дыбыстардың табиғатына да қатысты.
Көне түркi тiлi дауыстылар жүйесiнiң құрамын толық сақтаған ескi қыпшақ, қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi вокализмдер жүйесi де аздаған артикуляциялық ерекшелiктерi бар 8-9 дауыстыдан тұрады. Қараңыз: 1-кесте.
1-кесте
Орхон, Енисей, Талас, ескi қыпшақ ескерткiштерi және қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi дауысты дыбыстардың артикуляциялық жiктелiсi, құрамы
|
№ |
Тiлдер |
Жасалуы |
Тiлдiк қатар | ||||||||
|
ашық |
жар-тылай ашық |
қысаң |
жар-тылай қысаң |
Тiл алды |
Тiл ортасы |
Тiл арты | |||||
|
езу |
ерiн |
езу |
ерiн |
езу |
ерiн | ||||||
|
1 |
Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi |
а е |
о ö |
ï i u ü |
|
i е |
ü ö |
|
|
а ï |
u о |
|
2 |
Ескi қыпшақ ескерткiштерi тiлi |
а е о ö |
|
i ï u ü |
|
i е |
ü ö |
|
|
a ï |
u о |
|
3 |
Қазақ тiлi |
а ä е о ö |
|
i ï u ü |
|
|
|
i ä е |
ü ö |
а ï |
u о |
|
4 |
Қарақалпақ тiлi |
а ä е о ö |
|
j(ij) ü ï u |
|
j(ij) ä е |
ü ö |
|
|
а ï |
u о |
|
5 |
Ноғай тiлi |
а ä е о ö |
|
j(ij) ü ï u |
|
j(ij) ä е |
ü ö |
|
|
а ï |
u о |
|
6 |
Башқұрт тiлi |
а ä |
о ö |
j(ij) ü
|
е ï |
j(ij) е ä
|
ü ö |
|
|
а ï |
u о |
|
7 |
Татар тiлi |
а ä |
е ö ï о |
j(ij) ü u
|
|
u е ä
|
ü ö |
|
|
а ï |
u о |
|
8 |
Қарайым тiлi |
а э ö о |
|
j(ij) ü ï u |
|
j(ij) э |
ü ö |
|
|
ï а
|
u о |
|
9 |
Қарашай-балқар тiлi |
а э(е) jo(ë) о |
j(ij) |
|
|
j(ij) э(е) |
ju(ю) jo(ë) |
|
|
а ï
|
u о |
|
10 |
Құмық тiлi |
а е ö о |
|
u ü w(uw) ï |
|
u e |
ü ö |
|
|
а ï
|
о w(uw) |
|
11 |
Қырғыз тiлi |
а аа |
ö öö э ээ о оо |
ü üü j(ij) ï u uu |
|
j(ij) э,ээ |
ü,üü ö,öö |
ï |
|
а,аа |
u,uu о,оо |
|
12 |
Қырым татарлары тiлi |
а е о,ö |
|
u,ü ï,uw |
|
u e |
ü ö |
|
|
а,ï |
u,o |
[126. 192. 159. 197. 198. 199. 200. 201].
Түркi тiлдерiндегi бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздер құрамындағы дауысты дыбыстар да үнемi тұрақтылығын сақтамай, туыс тiлдер арасында, кейде бiр тiл iшiнде де түбiрлес моносиллабтардың дауыстылар сәйкестiгiн түзiп қолданылуы зерттеушiлер тарапынан «түркi түбiрiнiң варианттылығы» жайлы көзқарасты қалыптастырды. Моносиллабтардың вариантты болып келуi түркi тiлдерiндегi түбiрлiк деңгейдi толық қамтитын жүйелi құбылыс болмағанымен, тiлдiк деректер анық көрсететiн табиғи заңдылық екенi белгiлi. А.М.Щербак полисиллабтардың бiрiншi буындағы дауысты дыбыстардың өзгеруiнiң негiзгi себептерi ретiнде кейбiр фонематикалық қатардың сапалық сипатын өзгертуiн, мәселен этимологиялық қысқа дауыстының фарингализацияға ұшырауы, буын санының көбеюiне байланысты фарингаль дауыстылардың созылыңқылық сапасынан ажырауы; дауыссызға аяқталатын бiр буынды сөзге дауыстыдан басталатын аффикстер жалғанған жағдайда бiрiншi буын құрамындағы дифтонг дауыстылардың дифтонгтық сипатынан ажырауы; қосымшалар жалғанғанда бiрiншi буындағы қысаң дауыстылардың редукциясының күрт артуы т.б. тәрiздi құбылыстарды атайды [158,59-65]. Зерттеушi ұсынған факторлар полисиллабтар құрамындағы өлi түбiрлердiң өзгерiстерiн анықтауға бағытталған. Ал дербес лексема түрiнде қолданылатын моносиллабтардың құрамындағы дауыстылардың өзгеруiнiң нақты себебiн анықтау өте күрделi. Сондықтан тектес бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздердiң дауысты дыбыстар арқылы вариантталуы агглютинативтi құрылымның қалыптасу кезеңiне қатысты қарастырушы көзқарастар қалыптасты [203,76. 192,52]. Қазiргi түркi тiлдерiндегi моносиллабтар құрамындағы дауыстылар сәйкестiгiнiң жүйесiздiгiн кей жағдайда әрбiр тiлдiк топтың сөйлеу ерекшелiгiне байланысты, кейiн қалыптасқан құбылыс ретiнде қарастыру дәстүрi де ғылымда белгiлi. Түркi тiлдерiндегi бiр буынды сөздердi тұрақты немесе өзгермелi деп кесiп айтуға қарсы Ә.Т.Қайдар «Түркi түбiрiне тән варианттылықты кездейсоқ өзгерiстердiң нәтижесi ретiнде қарастыруға болмайды. Керiсiнше түбiрлердiң варианттас болып келуi жалпы және жекелеген түркi тiлдерiнiң фонетикалық заңдылықтары бойынша, хронологиялық реттiлiктi сақтай отырып, нақты бiр тiлдiң морфонологиялық заңдылықтары аясында жүзеге асатын тарихи процесс» [145,32,69] деген ойлары арқылы түркiлiк моносиллабтар диахрондық тұрғыдан алғанда табиғатынан икемдi, өзгеруге бейiм тiлдiк элемент екенiн аңғартады. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тобындағы тiлдердiң моносиллабтық жүйесiндегi дауыстылар сәйкестiгi де ғылым пiкiрiнiң негiздiлiгiн көрсетедi.
Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тіліндегі 350-дей бiр буынды түбірлер мен түбір-негіздер құрамындағы дауысты дыбыстар қазіргі қыпшақ тобындағы тілдермен салыстыра қарағанда бiрнеше фоно-корреляттар түзеді, олар моносиллабтың барлық шенiнде ашық ~ ашық, қысаң ~ қысаң, ашық ~ қысаң, еріндік ~ еріндік, езулік ~ езулік, еріндік ~ езулік түрінде де келе береді.
