- •Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi а.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты
- •1.2 Көне түркі тілі мен көне қыпшақ, қазіргі қыпшақ тілдерін сабақтастыра қарастырудың тарихи-лингвистикалық негізі
- •1.3 Түркі тіл біліміндегі түбіртанудың теориялық, методологиялық негіздері
- •II Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық моделдерi
- •2.1 V тұлғалы моносиллабтар
- •2.2 Vс тұлғалы моносиллабтар
- •2.3 Сv тұлғалы моносиллабтар
- •2.4 Сvс тұлғалы моносиллабтар
- •2.5 Vсс модельдi моносиллабтар
- •2.6 Сvсс модельдi моносиллабтар
- •Iіі Моносиллабтар құрамындағы дауысты фоно-корреляттар
- •3.1 Моносиллабтар құрамындағы а дыбысының өзгерістері
- •3.2 Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі е фонемасының өзгерiстерi
- •3.3 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы ï, і дауыстыларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •3.4 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы u, ü, o, ö дыбыстарының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiсi
- •Іү Моносиллабтар құрамындағы дауыссыз фоно-корреляттар
- •4.1 Ескерткіштер тіліндегі j дыбысының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiстерi
- •4.2 Ескерткiштер тiлiндегi p, b, m, n, ņ фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •4.3 Ескерткiштер тiлiндегi l, r фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •4.4 Моносиллабтар құрамындағы q, k, γ, g дыбыстарының өзгерiстерi
- •4.5 Моносиллабтар құрамындағы d, z дыбыстарының өзгерiстерi
- •4.6 Моносиллабтар құрамындағы t, s, š, č дыбыстарының өзгерiстерi
- •5.1 Тiлтанымдағы тұлға мен мазмұнды зерделеудiң философиялық негiзi
- •5.1.2 Моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгi
- •5.2 Көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының моносиллабтық негiзi
- •5.2.2 Моносиллабтар дамуындағы бинарлық қатынастар жүйесi
- •5.2.3 Көне түркi тiлiндегi концептiлер тоғысын бейнелейтiн моносиллабтар
- •5.3. Көне түркілер ономастиконының моносиллабтық негізі
- •5.3.1 Этнонимдер жүйесiндегi моносиллабтар
- •5.3.2 Антропонимдік жүйедегі моносиллабтар
- •5.3.3 Топонимдер құрамындағы моносиллабтар
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет:
- •Шартты қысқартулар
1.3 Түркі тіл біліміндегі түбіртанудың теориялық, методологиялық негіздері
Түркітану ғылымындағы түбір сөз проблемасының зерттелуі өзіндік дәстүрі мен қағидалары қалыптасқан, мақсат-мүддесі айқындалған классикалық сала болып табылады десек те, тілдің негізін құрайтын бір буынды сөздердің табиғаты толық ашылып болмағаны белгілі. Түбір проблемасының күн тәртібінен түспей отыруы алғашқы дыбыстық тілдің сұлбасы байқала бастаған кезден бастау алатын түркі түбірінің бірнеше сатылы даму жолы мен қайшылыққа толы қат-қабат күрделі табиғатына байланысты. «... односложный корень – основа, чаще всего выглядит как волнообразное повторение агглютинации» деп Б.М.Юнусалиев [133,185] көрсеткендей, түркі сөздері тұлғасының қарапайымнан күрделіге қарай дамуы басты ерекшелік болғанымен, фонетикалық заңдылықтарға орай кезең-кезеңімен кері процестерді де (ықшамдалу, редукция, элизия т.б.) басынан өткізуі, одан қайта күрделенуі тәрізді мәселелер де түбір табиғатын айқындауда қиындықтар туғызады. Фонетикалық құбылыстар гаплалогия мен редукция үнемдеу принципi бойынша жаңа дыбыс тiркесiмiн, жаңа фонологиялық жағдайды тудырады. Бұл дыбыстардың позициялық ауысуына, дыбыстардың түсiп қалуына, екi дыбыстың орнына жаңа бiр дыбыстың пайда болуына алып келедi, ал дыбыс өзгерiстерiнiң қордалануы коммуникативтiк дербестiктi сақтау принципi бойынша фонетикалық жүйенiң жаңаша қалыптасуына арқау болады. Фонетикалық жүйедегi өзгерiстер моносиллабтардың тұлғасына әсер етiп, семантикалық даму барысында қарапайым фонетикалық өзгерiстер фонологиялық құрылымға да ықпал етуi мүмкiн. Осы процестiң нәтижесiнде дыбыс сәйкестiктерiнiң екiншi дәрежелi фоно-морфо-семантикалық қырлары қалыптасады. Сөздің шынайы болмысын танып-білу әрдайым тұлға мен мазмұнды бірлікте қарауды талап ететіндіктен жалпы түркі лексикалық қорының негізін құрайтын моносиллабтардың семантикалық дамуы да адам санасымен, дүниетанымымен тікелей байланысты құбылыс ретінде семасиологиялық жүйенің сан қырлы заңдылықтарына орай психо-физиологиялық процестермен өзара сабақтастықта жүріп отыруы мәселені одан әрі күрделендіре түседі.
Кез келген тілдің лексикалық жүйесінің даму жолын, басқа тілдермен туыстық деңгейін анықтау ең алдымен түбір құрылымын айқындап алуға негізделетiндiктен түркі түбірлері жайлы алғашқы зерттеулер де түбір құрылымын анықтауға бағытталып, түркі, кең көлемде алғанда алтай тілдері бойынша түбірдің дыбыстық құрылымы жайлы екі бағыт қалыптасты: 1. Моносиллабтық (В.В.Радлов, Г.Вамбери, Дж. Клосон, В.Котвич т.б.); 2. Дисиллабтық (В.Банг, К.Менгес, Б.Я.Владимирцов, Н.К.Дмитриев т.б.) түркі тілдері деректері негізінде морфемдік, компоненттік, семантикалық, логикалық талдау әдістері арқылы дисиллабтар мен полисиллабтар құрамындағы алғашқы буынды бастапқы тұлға ретінде қарауға теориялық негіз бар. Сондықтан моносиллабтық бағыт көптеген ғалымдар тарапынан (Н.Сауранбаев, Б.Юнусалиев, Н.А.Баскаков, А.М.Щербак, Э.В.Севортян, А.Н.Кононов, Ә.Т.Қайдар, Ә.Ибатов, М.Томанов, Б.Сағындықұлы, т.б.) қолдау тауып, зерттеу нәтижелері түркі тілдері бойынша түбір және түбір-негіздер жүйесін құрайтын 6 құрылымдық модельді – V, VС, VСС, СV, СVС, СVСС – негізгі тұлғалар деп танығанмен, осы модельдердің қайсысы алғашқы (этимон түбір, этимологиялық түбiр, архетүбір, өлі түбір, ілкі түбір, бастапқы түбір, т.б.) деген мәселе үлкен пікірталас өзегі болып отырғаны белгілі.
Түркі тілдеріндегі түбірлер мен түбір-негіздердің құрылымы жайлы ХІХ ғасырдың соңында пікір айтқан батыс ғалымы Г.Вамбери түркі тілдерінің ішінде СVС тұлғасын алғашқы деп танып, СV моделінiң осы тұлғадан ажырағанын мысалдар арқылы беруi (Рукописное предисловие к Etymologisches Wörterbuch der Turko-tatarischen Sprachen. Leipzig, 1878) ХХ ғасырда лингвистер тарапынан жан-жақты талданып, бiраз зерттеушiлер Г.Вамбери пiкiрiнiң негiздiлiгiн көрсетсе, ендi бiр лингвистер түркi түбiрiнiң даму бағыты бiржақтылыққа көнбейтiнiн тiлдiк деректерден керi процестердi де байқауға болатынын алға тартып, V, СV моделiн бастапқы түбiр ретiнде таниды, зерттеушiлердiң үшiншi тобы V, VС, VСС, СV, СVС, СVСС модельдерiнiң бәрiн де тең дәрежеде тарихи түбiр ретiнде қарастыруды ұсынады. Түркi тiлдерiндегi түбiр морфемалардың фонетикалық құрылымын әр қырынан қарастырған Н.А.Баскаков түркi түбiрiнiң СVС тұлғалы болып келетiнi жайлы алғашқы ойын қарақалпақ тiлi деректерi негiзiнде көрсетiп [134,101-105], түркi түбiрiнiң екi дыбыстан тұратын ашық буынды болып келетiнiн негiздеген В.Котвич [135,30-32] теориясына қарсы аргумент ретiнде созылыңқы дауыстыларды мысалға келтiру түркi түбiрiнiң шынайы табиғатын ашып бере алмайтынын айтады [136,17]. Барлық түркi түбiрлерi о баста үш дыбыстан тұратын тұйық буын үлгiсiнде қолданылғанын көрсете отырып, өз ойын «Все остальные двузвучные или однозвучные корни в тюркских языках представляют собой редкие исключения и исторические восходят к трехзвучным корням с утраченным в результате фонетического развития начальным или конечным или тем и другим согласным» [59,89] деп тұжырымдайды. Ғалым төрт дыбыстан тұратын СVСС тұлғалы модельдердi СVС тұлғасына өнiмсiз немесе өлi аффикстер жалғану арқылы жасалған негiздер, не басқа тiлден енген кiрме сөздер ретiнде, бiр ғана дауыстыдан тұратын ö «ойлау», u «ұйқы», ï «өсiмдiк» тәрiздi V тұлғалы модельдердi СVС тұлғасынан ықшамдалып VС тұлғасына, одан ықшамдалып V моделiне айналған (ï < γi < jig «густой, частый, плотный», ö < ög ~ ök ~ oj ~ oj ~ od < *bög «думать, размышлять») негiздер ретiнде қарайды [56,146-151]. А.Н.Баскаков түбiр құрылымы жайлы ұсынған теориясын кейiнгi еңбектерiнде де тереңдетiп, СV тұлғалы ашық буыннан тұратын түбiрлердiң де түркi түбiрiнiң табиғатын анықтаудағы маңызына мән бередi, бiрақ сандық қатысына қарай СVС тұлғасы басымдық алатынын, тарихи түбiр де осы тұлға болатынын қайталап көрсетедi, зерттеушiнiң статистикасы бойынша көне түркi тiлiнде де, қазiргi түркi тiлдерiнде де барлық моносиллабтардың төрттен үш бөлiгiн СVС модельдi тұлғалар құрайды [137,145-146]. Н.А.Баскаковтың көзқарасына қарсы А.Зайончковский орта ғасыр ескерткiштерi тiлiнде СV тұлғалы модельдердiң көп мөлшерде кездесетiнiн көрсете отырып, тарихи түркi түбiрi V, VС, СV, СVС тұлғаларында қолданылғанын айтады [138,28-29].
Тiлдiк деректерге ыждаһаттылықпен қарап, көне жазба ескерткiштер тiлiндегi түбiр сөздер құрамына тереңiрек үңiлсек, «... тарихи категория бiр буынды түбiрлердiң кейде компоненттерге ыдырауын бiр тiл материалы негiзiнде де ауғаруға болатынын» [139,24], моносиллабтардың iшiнде де туынды тұлғалардың кездесетiнiн жоққа шығаруға болмайды. Аталмыш тақырыпқа алғашқылардың бiрi болып кеңiнен тоқталған қырғыз ғалымы Б.М.Юнусалиев сөздiк қордағы екi буынды, көп буынды сөздермен бiрге бiр буынды лексемалар құрамында да өлi түбiлер сақталып қалатыны жайлы «Омертвевшие корни не исчезают бесследно. Они лишились лишь лексической самостоятельности, но их звуковая материя продолжает жить в той или иной форме в основе новообразованных корневых слов» дей отырып, тiптi «... туынды тұлғалар да дербестiгiн жоғалтуы мүмкiндiгiн» айтады [133,63]. Ғалым Орхон ескерткiштерi тiлiнде кездесетiн sа «сан, санау» т.б. түбiр сөздерге сүйенiп, қазiргi түркi тiлдерiндегi baγ, baw, ban лексемаларының өлi түбiрi *ba тұлғасы деп ұйғарады [133,29, 43].
Қазақ тiлiнде түбiр, негiзгi түбiр, негiз немесе түбiр сөз ұғымдарының қатар қолданылуына, түрлiше аталуының себептерi ашылмай, күңгiрт қалып келе жатқанына алғаш назар аударған ғалымдардың бiрi А.Хасенова етiстiктiң лексика-грамматикалық сипаты жөнiндегi монографиясында түркi тiлдерiнде сөз iшiндегi дыбыстардың орын алмасып қолданылуы (үйрек, урған, өрән, ургат, өрәт; қапуғ, қапуғ, қапқа, қақпа т.б.), түбiрлердiң тек соңғы дыбыстары емес алдыңғы дыбыстарының да саны артық немесе кем болып келуi (қаз. нану, сену; өзб. инон-моқ, илон-моқ т.б.) қалыптасып кеткен тiлдiк ерекшелiк екенiн, қазақ тiлiндегi п дауыссызына бiтетiн етiстiктердiң қосымша жалғану барысында деформацияланып б, у, м дыбыстарына ауысуы кездесетiнiн (жап: жабады, жауып, жамыл, жапқан т.б.) негiзге ала отырып, А.Зайончковский мен Б.М.Юнусалиев ұсынған теориялық қорытындыға күмән келтiредi. Ғалымның пайымдауынша «Бұл құбылыс сөз iшiнде не сөз аяғында кейбiр дыбыстардың айтылуда түсiп қалуға икемдiлiгiмен де тiкелей байланысты» [140,72]. Кейiнгi жылдарғы зерттеу нәтижелерi ғалымның көзқарасына қарсы фактiлердi де айқындап отыр. СVС тұлғалы моносиллабтар құрамындағы соңғы дауыссызды аффикстiк деңгейде қарастырған А.Н.Кононов түркi түбiрiнiң ең шағын тұлғасы V, СV, VС модельдерi екенiн морфологиялық талдау нәтижелерi көрсетiп отырғанын айтады [2,108]. Э.А.Макаев түркiлiк түбiр құрылымы жөнiндегi даулы пiкiрлердi шешудiң жолы ретiнде хронологиялық стратиграфия әдiсiн қолданудың қажеттiгiн ұсынса [141,21-25], И.В.Кормушин СV тұлғасын тектiл дамуының алғашқы кезеңiне, (СV + С >) СVС екiншi кезеңiне сәйкес келсе, келесi кезеңiнде кейбiр түбiр құрамындағы соңғы дауыссыздар қайта түсiп қалуы мүмкiн деген болжам ұсынады [142,11-13].
Түркiлiк түбiрдiң прототипi СV моделi болуы мүмкiн екенiн алғаш айтқан В.В.Радловтың пiкiрiн тереңдетiп, мысалдар арқылы дәйектеген ғалымдар Г.И.Рамстедт, Э.В.Севортян, А.М.Щербак, А.Н.Кононов, Б.М.Юнусалиев, В.Котвич т.б. болды. Бұл бағыттағы зерттеушiлер VС, V модельдерiнiң тарихилығына күмән келтiрмейдi.
Қазақ тiлiндегi қарт, қария, кәрi; айт, айтыс, айқай т.б. сөздерiнiң құрамынан қар, ай тұлғаларын түбiр морфема ретiнде ажыратып, -т, -йа, -i, -т, -ыс, -қай тұлғаларын түбiр құрамына қатысы жоқ элементтер ретiнде таныған М. Томанов “ ... осы аз ғана фактiлер тобына жасалған талдаудың өзi де (және тек бiр тiл ыңғайында) қазiргi тiл нормалары бойынша бөлiп-жаруға келмейтiн жалаң түбiр деп қаралатын сөздердiң недәуiр тобы “мағынасыз” түбiрлер мен “белгiсiз қосымшаларға ажырайтындығын көрсетедi” деп қорытады [143,140]. Сондай-ақ ғалым түбiр құрылымын анықтауда бiраз дау-дамай туғызып жүрген протезалық дыбыстардың, «екiншi дәрежелi дифтонгiлер мен созылыңқылардың қалыптасуы да түбiр құрамын фонетикалық басқа сипатқа алып келгенi мәлiм» [143,141] деп бастапқы түбiр құрамына аталған құбылыстардың аса қатысы жоқтығын меңзейдi. Орта ғасыр ескерткіштері тілі деректері негізінде бір буынды сөздердің де туындылар қатарына жатуы мүмкін екенін көрсеткен қазақ ғалымдарының бірі Ә.Ибатов ХІҮ ғасыр ескерткіштері тіліне V, VС, СV, VСV, СVС, VССV, VСVС, СVСС тұлғалы түбірлер мен түбір-негіздер тән екенін айтады [144,67].
Түркілік түбір табиғатын қазақ тілі аясында әр қырынан жан-жақты қарастырған академик Ә.Т.Қайдар ұзақ жылдар бойы түркі тілдеріндегі түбір, негіз терминдерінің ара-жігі толық ажыратылмай келгеніне ерекше мән беріп, аталған ұғымдардың өзіндік ерекшеліктерімен сараланатын ғылыми анықтамасын ұсынады. Ғалым нақты тілдік деректер мен В.В.Радлов бастаған белгілі лингвист-түрколог ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, «... разложимость односложных корней-основ в тюркских языках ... вполне реальный факт» [145,28] деген қорытындыға келеді. Түркі тілдері бойынша ғалым пікірінің негізділігіне дәлел бола алатын, дисиллабтармен қатар моносиллабтардың да біразы тіл дамуындағы ұзақ мерзімді қамтитын агглютинативтік процестің жемісі екенін көрсететін тілдік деректер қоры жинақталып, маңызды теориялық тұжырымдар дәйектелді. Түркі тілдеріндегі гомогенді моносиллабтарды етіс-есім омонимиясы тұрғысынан зерттеп синкретизм құбылысының теориялық сипаттамасын ауқымды тілдік дерек негізінде дәйектеп берген Е.Қажыбек «...түркi тiлдерiндегi сөз таптары синкретизмiнiң iздерi грамматикалық деңгейде де – дериваттардың етiстiк–есiм омонимиясы немесе сөзжасам аффикстерi негiзiнде де аңғарылады» дей отырып, соңғы құбылысқа аса ыждаһаттылықпен қарау қажеттігін, яғни аффикс арқылы жасалған етістік, есім мәнді моносиллабтар құрамында кездейсоқ сәйкестіктердің де кездесіп қалуы мүмкін екенін көрсетеді [146,244]. Моносиллаб синкретизмдер табиғаты негізінде түбірлердің көп функционалды болу құбылысын жалғамалылық кезеңге дейін қолданыста болған сөзжасам моделi ретінде қарастырған зерттеуші «Семасиологиялық тұрғыдан қарағанда түркі түбiрiнiң синкреттi семантикасы ең ежелгі тектілдің семантикалық жүйесiнiң сiлемi. Сондықтан түркі тілдері лексикасын диахрондық негізде саралауда түркілік сөз мағынасының жалпыдан нақтылыққа қарай даму бағытына ерекше мән беру қажеттігін» айтады [146,245]. Түркi сөзiнiң семантикалық табиғатын анықтауға бағытталған келесi еңбегiнде зерттеушi түбiрлес сөздердiң фоно-морфо-лексика-семантикалық құрылымын жан-жақты талдай отырып, күрделi лингвистикалық мәселелердiң шешiмiн табуда алдымен моносиллабтық деңгейдi зерттеу маңызды екенiн көрсетедi [147,51]. Қазақ тіліндегі етістік негіздерді морфемдiк-компоненттiк талдау барысында тілімізде қолданылып жүрген етiстiктер құрамындағы өлі түбірлердің мол қорын анықтаған ғалым Ж.Манкеева [148] қазақ тіліндегі айт, арт, кет императивтерінің құрамындағы т компонентiн етістік тудырушы тарихи жұрнақ ретiнде таниды [149,55]. Императив етiстiктер құрамынан басқа да 35 сөзжасам моделiн ажыратып берген зерттеушi «Қазiргi тiлiмiздегi көптеген сөздердi бiз шартты түрде түбiр сөз деп қараймыз. Шын мәнiнде олар – “өлi” түбiр мен қосымшадан тұратын тарихи туынды түбiрлер» деген қорытындыға келедi [150,68].
Аса ежелгi дәуiрлерде қолданылған түбiрлер мен қосымшаларды мүмкiндiгiнше бастапқы қалпына келтiрудi өз зерттеуiнiң басты мақсаты етiп алған қазақ ғалымы Б.Сағындықұлы қазiргi түркi сөздерiнiң ежелгi тұлғасын реконструкциялауда дәстүрлi салыстырмалы-тарихи әдiстер жиынтығымен қатар математикалық амал-тәсiлдерге де, атап айтқанда теңдеу теориясына жүгiнедi. Ғалым математикалық амалды тiлдiк деректерге қолдану барысында компоненттiк талдау әдiстерiнiң нәтижелерiн пайдаланады. Тек өлi түбiрлер ғана емес қазiргi қосымшалардың да кезiнде дербес мәндi лексемалық дәрежеде қолданылғаны туралы гипотезалық идеялардың негiздiлiгiн қолдайтын ғалым «Түркi тiлдерi флексиялық құрылым дәуiрiн басынан өткiзген. Iшкi флексия қалдықтары бiр буынды түбiрлер көлемiнде едәуiр дәрежеде қазiрде де бар. Бұдан кейiн полисинтетикалық құрылым (түбiр тiл) дәуiрi келген. Түркi тiлдерi мұндай құрылымды өз басынан кешiргенiн белгiлi түркологтардың көпшiлiгi мойындайды. Қазiргi агглютинативтi қалпы бүкiл жұртшылыққа белгiлi» [151,5] деп түркi тiлдерi дамуындағы жалғамалылыққа дейiн флексиялық, синтетикалық кезеңдердiң негiздiлiгiн көрсетедi. Флексиялық құрылымның басты ерекшелiгi түбiрлердiң бiр ғана дауысты мен бiр ғана дауыссыздан жасалған силлабофонемалардан тұратынын жалпы түркi тiлдерi континуумында да, қазақ тiлi аясында да дәйектеп көрсеткен зерттеушi, «Бiрнеше силлабофонема өзара омонимдес болғандықтан, силлабофонеманың құрамындағы дауысты да, дауыссыз да қытай тiлiндегiдей әр түрлi сапада айтылған. Белгiлi бiр дауысты дыбыстың дауыссыз дыбыстың алдында, яки соңында келуi, түсiрiлiп айтылуы тағы басқа комбинациялық өзгерiстерi ұғым, түсiнiктi жеткiзуде шешушi роль атқарған. Қай дыбысқа қаншалықты акцент берiлуi iшкi флексия реттеп отырған. ... Жеке-дара дауыссыз дыбыстар заттардың, нәрселердiң, қимыл-қозғалыстың, күйдiң, сын-сапа, қасиеттердiң атауы болған. Ал дауысты дыбыстар әр түрлi семантикалық өзгерiстердi, реңктердi жеткiзген» [151,157] деген тұжырымға келедi. Ғалым соңғы мақалаларының бiрiнде силлабофонемаларды түбiртек деп атауды ұсынады және «Кез келген сөзде қанша дауыссыз болса, сонша түбiртек болатындығын» [152,199-205] көрсетедi. Б.Сағындықұлының көзқарастары жалпылама алғанда лингвистикадағы фонология теориясының қағидаларымен, императив теориясындағы идеяфондық идеялармен үндесiп, жалпы лексикадағы фоно-семантикалық құбылыстарды нақтылай түседi.
Түркi тiлдерi түбiртану мәселесiн зерттеуде дәстүрлi әдiс-тәсiлдермен қатар тың теориялық-методологиялық қағидаларды да ұстанудың қажеттiгiн көтерiп жүрген башқұрт ғалымы А.Шайхулов [153] Едiл-Жайық аумағын мекендеушi түркi халықтары тiлiндегi моносиллабтарды фонетикалық, морфологиялық, фоно-семантикалық тұрғыдан саралау барысында аталған аймақтағы қыпшақ тобына енетiн тiлдерде қолданылатын 4000-нан аса түбiр-негiздердiң жартысына жуығы этимологиясы күңгiрт, дербестiгiнен айрылған бiрлiктер деген қорытындыға келедi [154,56]. Түркi түбiрлерiнiң құрылымдық сипаттамасын жасау үш деңгейлi (фонологиялық, морфологиялық, семантикалық) зерттеу аясында жүргiзiлгенде ғана нәтижелi болатынын баса көрсеткен ғалым тұжырымдарынан түбiр табиғатын зерттеуде теориялық-танымдық бағытты да ұстанатынын, имманенттiк талдау мен когнитологиялық талдауды ұштастыра қарастыруды қолдайтынын байқаймыз. Ол татар, башқұрт, чуваш, монғол, тұңғыс-маньчжур тiлдерi деректерi негiзiнде алтай семьясына енетiн тiлдердегi ғалам бейнесiнiң iздерiн түбiрлiк деңгейде де ажыратуға болатынын «... в языках картинах мира языков алтайской семьи можно выделить общее структурно-семантическое ядро, которое выражает не только наличие общих корневых основ но и мотивирующих признаков, позволяющих объединить лексемы в тематические группы и семантическое гнездо далее рассматривать их в рамках идеографической парадигматики» [155,95] деген ойлары арқылы бiлдiредi. Ғалым пiкiрi дербес және реконструкцияланған моносиллабтардан тұратын тiларалық лексикалық параллельдердiң (жалпы алтайлық) семантикалық даму ерекшелiктерi олардың жалпы мазмұндық, ономасиологиялық қасиеттерiн қамтитын идеографиялық сипатына сәйкес келедi дегенге саяды.
Қазақ тiл бiлiмiнде түбiртану жайлы айтылған маңызды ой-пiкiрлер мен тұжырымдарды тарихи сөзжасам процесiн семантикалық тұрғыдан қарастырған А.Салқынбайдың [156], семантикалық деривация мәселесiмен айналысқан Ш.Жалмахановтың [86], орта ғасыр ескерткiштерi мен қазақ тiлi лексикасын саақтастыра зерттеген М.Сабырдың [83], қазақ тiлiндегi түбiр тұлғалардың даму жолын арнайы қарастырған Ұ.Исабекованың [157] т.б. зерттеушiлердiң еңбектерiнен кездестiремiз.
Түркi лингвистикасындағы түбiртану мәселесi бойынша айтылған ой-пiкiрлер, түбiрлер мен түбiр-негiздердiң жекелеген аспектiлерiн қарастырған зерттеу нәтижелерi де, кешендi түрде жүгiзiлген зерттеулер де тiлдегi түбiрлiк деңгейдiң қалыптасуы мен дамуы фонетика-фонологиялық, морфологиялық, семантикалық, ономасиологиялық құбылыстардың өзара тығыз байланысына негiзделетiнiн, түбiр табиғатын тереңiрек тани түсу үшiн моносиллабтардың сыртқы тұлғасы мен iшкi мазмұнын сабақтастыра қарастырудың қажеттiлiгiн көрсетiп отыр. Себебi, жалпы лексикалық байлықтың өзегiн құрайтын моносиллабтар адамзат өмiрiндегi тiлдiң маңызын айқындайтын сан қырлы рухани-функционалдық сапаны қамтамасыз ететiн лингво-онтологиялық құрылым. Үнемi даму үстiнде болатын тiлдiк жүйенiң өзгермелi, икемдi табиғаты моносиллабтардың құрылымдық модельдерiнiң даму бағытымен, оның құрамындағы фоно-корреляттардың өзара сәйкестiк түзу мүмкiндiгiмен, таралу аясымен, фоно-морфологиялық, фоно-семантикалық, идеофондық, идеосегменттiк қырларымен сипатталады.
