
- •Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi а.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты
- •1.2 Көне түркі тілі мен көне қыпшақ, қазіргі қыпшақ тілдерін сабақтастыра қарастырудың тарихи-лингвистикалық негізі
- •1.3 Түркі тіл біліміндегі түбіртанудың теориялық, методологиялық негіздері
- •II Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық моделдерi
- •2.1 V тұлғалы моносиллабтар
- •2.2 Vс тұлғалы моносиллабтар
- •2.3 Сv тұлғалы моносиллабтар
- •2.4 Сvс тұлғалы моносиллабтар
- •2.5 Vсс модельдi моносиллабтар
- •2.6 Сvсс модельдi моносиллабтар
- •Iіі Моносиллабтар құрамындағы дауысты фоно-корреляттар
- •3.1 Моносиллабтар құрамындағы а дыбысының өзгерістері
- •3.2 Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі е фонемасының өзгерiстерi
- •3.3 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы ï, і дауыстыларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •3.4 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы u, ü, o, ö дыбыстарының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiсi
- •Іү Моносиллабтар құрамындағы дауыссыз фоно-корреляттар
- •4.1 Ескерткіштер тіліндегі j дыбысының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiстерi
- •4.2 Ескерткiштер тiлiндегi p, b, m, n, ņ фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •4.3 Ескерткiштер тiлiндегi l, r фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi
- •4.4 Моносиллабтар құрамындағы q, k, γ, g дыбыстарының өзгерiстерi
- •4.5 Моносиллабтар құрамындағы d, z дыбыстарының өзгерiстерi
- •4.6 Моносиллабтар құрамындағы t, s, š, č дыбыстарының өзгерiстерi
- •5.1 Тiлтанымдағы тұлға мен мазмұнды зерделеудiң философиялық негiзi
- •5.1.2 Моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгi
- •5.2 Көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының моносиллабтық негiзi
- •5.2.2 Моносиллабтар дамуындағы бинарлық қатынастар жүйесi
- •5.2.3 Көне түркi тiлiндегi концептiлер тоғысын бейнелейтiн моносиллабтар
- •5.3. Көне түркілер ономастиконының моносиллабтық негізі
- •5.3.1 Этнонимдер жүйесiндегi моносиллабтар
- •5.3.2 Антропонимдік жүйедегі моносиллабтар
- •5.3.3 Топонимдер құрамындағы моносиллабтар
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет:
- •Шартты қысқартулар
Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi а.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты
ӘОЖ 811. 512. 1:003+81-112 Қолжазба құқығында
Ескеева Мағрипа Қайнарбайқызы
Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi және қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi моносиллабтардың құрылымдық ерекшелiктерi
10.02.06 – түркi тiлдерi
Филология ғылымдарының докторы
ғылыми дәрежесiн алу үшiн дайындалған диссертация
Ғылыми кеңесшiсi:
ҚР ҰҒА-ның академигi, филология ғылымдарының докторы Ә.Т.Қайдар
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
МАЗМҰНЫ
Кiрiспе .............................................................................................................. |
4 |
|
|
І Көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен қазiргi түркi тiлдерiндегi моносиллабтарды зерттеудiң теориялық-методологиялық және тарихи негiзi ................................................................................................... |
10 |
1.1 Орхон, Енисей және Талас жазбаларының лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі ………………………………………………………. |
20 |
1.2 Көне түркі тілі мен көне қыпшақ, қазіргі қыпшақ тілдерін сабақтастыра қарастырудың тарихи-лингвистикалық негізі ................ |
29 |
1.3 Түркі тіл біліміндегі түбіртанудың теориялық, методологиялық негіздері ...................................................................................................... |
44 |
|
|
II Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлiндегi моносиллабтардың фонологиялық құрылымы ...................................... |
51 |
2.1 V тұлғалы моносиллабтар ................................................................... |
52 |
2.2 VС тұлғалы моносиллабтар ................................................................ |
56 |
2.3 СV тұлғалы моносиллабтар ................................................................ |
67 |
2.4 СVС тұлғалы моносиллабтар .............................................................. |
70 |
2.5 VСС модельдi моносиллабтар ............................................................ |
91 |
2.6 СVСС модельдi моносиллабтар .......................................................... |
94 |
|
|
IІІ Моносиллабтар құрамындағы дауысты фоно-корреляттар .......... |
99 |
3.1 Моносиллабтар құрамындағы а дыбысының өзгерістері ................ |
111 |
3.2 Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі е фонемасының өзгерiстерi .......................................................................... |
115 |
3.3 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы ï, і дауыстыларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi ................................ |
118 |
3.4 Ескерткіштер тілі моносиллабтар құрамындағы u, ü, o, ö дыбыстарының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiстерi ....................... |
124 |
|
|
ІҮ Моносиллабтар құрамындағы дауыссыз фоно-корреляттар ......... |
135 |
4.1 Ескерткіштер тіліндегі j дыбысының қазіргі қыпшақ тілдеріндегі өзгерiстерi ................................................................................................... |
139 |
4.2 Ескерткiштер тiлiндегi p, b, m, n, ņ фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi .............................................................................. |
145 |
4.3 Ескерткiштер тiлiндегi l, r фонемаларының қыпшақ тiлдерiндегi өзгерiстерi ................................................................................................... |
152 |
4.4 Моносиллабтар құрамындағы q, k, γ, g дыбыстарының өзгерiстерi |
158 |
4.5 Моносиллабтар құрамындағы d, z дыбыстарының өзгерiстерi ...... |
163 |
4.6 Моносиллабтар құрамындағы t, s, š, č дыбыстарының өзгерiстерi . |
166 |
|
|
Ү Моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн ................................. |
174 |
5.1 Тiлтанымдағы тұлға мен мазмұнды зерделеудiң философиялық негiзi ............................................................................................................ |
174 |
5.1.2 Моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгi ..... |
180 |
5.2 Көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының моносиллабтық негiзi ................................................................................. |
187 |
5.2.1 Көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының тiлдегi бейнесi ......................................................................................................... |
187 |
5.2.2 Моносиллабтар дамуындағы бинарлық қатынастар жүйесi ......... |
198 |
5.2.3 Көне түркi тiлiндегi концептiлер тоғысын бейнелейтiн моносиллабтар ............................................................................................ |
204 |
5.3 Көне түркілер ономастиконының моносиллабтық негізі ................. |
208 |
5.3.1 Этнонимдер жүйесiндегi моносиллабтар ....................................... |
209 |
5.3.2 Антропонимдік жүйедегі моносиллабтар ....................................... |
214 |
5.3.3 Топонимдер құрамындағы моносиллабтар .................................... |
218 |
|
|
ҚОРЫТЫНДЫ .............................................................................................. |
223 |
Пайдаланылған әдебиет ............................................................................... |
226 |
Шартты қысқартул ар ................................................................................. |
240 |
Кiрiспе
Зерттеудің өзектiлiгi. Жалпытүркілік тектілден (протоязык) өрбіп, өзара тоғысу, қайта ыдырау тәрізді тілдік үдерістерді бірнеше мәрте басынан өткізген, өзіндік ерекшеліктерімен, бітім-болмысымен сараланатын, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан қазіргі түркі тілдерінің қалыптасу ерекшеліктерін, өзара туыстық деңгейін анықтауға арқау болып отырған құнды тілдік дерек – ҮІI-ІХ ғасырлардан жеткен көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштері тiлi түркi жазба тiлiнiң бiзге жеткен ең көне нұсқасы болғандықтан қазіргі барлық түркі тілдеріне тән басты фонетикалық, грамматикалық заңдылықтардың бағыт-бағдарын, өткен кезеңдердегі қалып-күйін, ортақ лексикалық жүйенің дамуын айқындауға мүмкіндік береді. Көне жазба мұралар тілінің лексикалық құрамы, фонетикалық жүйесі мен морфологиялық, синтаксистік құрылымы, стильдік ерекшелігі қазіргі түркі тілдерінен де көрініс тауып отыруы тек табиғи-генеалогиялық сабақтастықты ғана көрсетіп қоймайды, жалпытүркілік рухтың, тілдік сананың беріктігіне де дәлел бола алады. Түркi халықтарының ұлттық-мәдени болмысын, тарихи-әлеуметтiк сипатын танытуға қызмет ететiн жалпытүркiлiк танымды жаңғыртып, түркi жұртшылығы арасындағы рухани үйлесiмдiлiк пен тарихи тұтастықты сақтауға жол ашады. Бұл көне түркi жазба мұраларын зерттеудiң тек түркiлiк тiлтану ғылымында ғана емес жалпы түркi әлемi аясындағы өзектi мәселе екенiн көрсетедi.
Көне түркі дәуірінде өмір сүріп, артына мол жазба мұра қалдырған мемлекеттік деңгейдегі түркілік бірлестіктер тек этникалық негізде ғана емес, географиялық-аумақтық негізде де құрылғаны тарихтан белгілі. Кең байтақ аумақты алып жатқан түркі елі өзіндік тілдік ерекшеліктері бар бірнеше түркі этникалық топтарын қамтығанын, сол көне тайпалардың қазіргі түркі халықтарының этностық құрамына шашырай таралғанын ескерсек, көне түркі жазбаларының барлық түркі халықтарына ортақ жәдігер, ортақ құндылық екені анық. Көне тілдің ерекше белгілері қазіргі тілдердің тек біреуінен ғана емес, әр топтағы бірнеше тілдерден көрініс беруі де кезінде өзiндiк диалектiлiк ерекшелiктерi бар жалпытүркілік ортақ жазба әдеби тілінің қолданыста болғанының куәсі. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік деңгейдегі тайпалық бірлестіктер құрамындағы саны жағынан басым топтардың немесе билеуші тайпалардың тілі де басымдыққа ие болатынын естен шығармау керек. Соған орай, көне түркілердің қазіргі мұрагерлерінің көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысы қаншалықты дәрежеде, үлес-салмағы қандай деген мәселелердің туындауы да заңды. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде көне түркі тілінің фонетикалық, лексика-грамматикалық құрылымын дәлме-дәл қайталайтын бірде-бір тіл жоқ. Тіл үнемі даму үстіндегі құбылыс болғандықтан, бұл – табиғи лингвистикалық заңдылық. Сондықтан ҮII-ІХ ғасырлардағы көне түркі елінің ортақ әдеби тіліне арқау болған тайпа тiлiн немесе диалектісін анықтау көне жазба мұралар тілін қазіргі түркі тілдерімен бірден жеке-дара салыстыру негізінде емес, сол дәуірлерде өмір сүріп, түркі қағанаттарының құрамында болған көне тайпаларға тікелей қатысы бар қазіргі түркі тілдерінің макротоптарын құрайтын бірнеше тілдер деректері негізінде қарастырса нәтижелі болмақ. Сондай түркілік макротоптардың бірі – көне түркі бірлестіктерінің құрамында болған көне қыпшақ тайпаларымен тікелей генетикалық-тарихи жалғастықта қалыптасқан, қазіргі түркі тілдерінің қыпшақ тобын құрайтын – қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, қырым татарлары, башқұрт, құмық, қарайым, қарашай-балқар халықтарының тілдері. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi салыстырмалы-тарихи негiзде арнайы зерттеу нысаны ретiнде алынбауы көне мұралар тiлiн оғыздық, ұйғыр-оғыздық, қырғыз-қыпшақтық сипатта тануды қалыптастырып, батыс қыпшақ тiлдерiне қатысы күңгiрт қалып отыр, бұл жұмыстың өзектiлiгiнiң тағы бiр қырын анықтайды.
«Ескерткіш тілін зерттеудің көп жолының тиімді де нәтижелі бір жолы – ол түбі бір түркі тілінің түбіріне тереңірек үңілу» (Ә. Қайдар) ескерткіштер тілі мен қазіргі түркі тілдеріндегі моносиллабтардың фоно-морфо-семантикалық ерекшеліктерін айқындау. Орхон, Енисей, Талас көне түркі жазбаларының тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі бір буынды түбір-негіздердің тұлғалық ерекшеліктерін анықтау аталған тілдердің дыбыстық жүйесін, морфологиялық құрылысы мен семантикалық құрылымын тереңірек тани түсуге жол ашады. Түркi тіл біліміндегі түбiртану өзiндiк тарихы бар, жан-жақты талданған сала болғанымен, түбiр сөздердiң құрылымдық типтерiн анықтауда әлi даулы мәселелердiң болуы да ескерткiштер тiлiн моносиллабтық деңгейде саралаудың көкейкестiлiгiн көрсетiп, зерттеу жұмысының өзектiлiгiн танытады.
Соңғы жылдары тіл біліміндегі когнитивті бағыттың, тіл бірліктерін танымдық тұрғыдан зерделеу мәселесінің жандана бастауына орай мазмұн мен мағынаға ерекше мән беріліп, сыртқы тұлға, оның тарихи өзгерістері назардан тыс қалып жатқаны да белгілі. Шын мәнінде туыс тілдердегі сабақтастық гомогенді түбірлер мен түбір-негіздердің тұлғалық сәйкестіктерін олардың мазмұнымен, архитұлға мен архисеманың лингвогенездік негізімен, алғашқы дыбыстық тіл бірліктерінің акустикалық қалып-бейнесі мен идеялық бейнесін тұтастықта қарағанда ғана айқын ажыратылады. Сондықтан түркi тiлдерiндегi моносиллабтарды құрылымдық-жүйелiлiк, тарихи-салыстырмалы және антропоцентристiк парадигмаларды ұштастыра отырып зерттеу де қазіргі тіл білімінің даму бағытына сәйкес көкейкестi мәселелердiң бiрi.
Зерттеу нысаны – Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздердiң құрылымы; моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттар.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен мiндеттерi. Зерттеу жұмысының мақсаты Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiндегi бiр буынды түбiр-негiздердi қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi сәйкес нұсқаларымен салыстыра отырып, түркi тiлдерiнiң көне түркiлiк қабатындағы түбiрлер жүйесінің құрылымдық модельдерiн нақтылау, көне жәдiгерлер тiлi мен қыпшақ тiлдерiнiң қатыс-дәрежесiн моносиллабтар құрамындағы фоно–корреляттар негізінде анықтау. Осы мақсатқа орай мынадай мiндеттердiң шешiмiн табу көзделедi:
– Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерiнiң тілдік тұрғыдан зерттелу деңгейiн саралау;
– ҮII-ІХ ғасыр түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiн моносиллабтық деңгейде салыстыра зерттеудiң тарихи-лингвистикалық негiзiн көрсету;
– ескерткiштер тiлi мен қыпшақ тiлдерiндегi ортақ моносиллабтық жүйенi анықтау;
– V және СV модельдерiнің түркілік моносиллаб концепциясындағы тарихи орнын зерттеу нысанына сәйкес YII-IX ғасыр ескерткіштері және қазіргі қыпшақ тілдері деректері негізінде бағамдау;
– VС, СVС, VСС, СVСС модельдi моносиллабтардың тарихи эволюциясы мен өзгерiстерiн түбірлес сөздер аясындағы табиғаты негізінде шамалау;
– көне түркi және қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi тарихи дыбыс сәйкестiктерiнiң толық құрамын көрсету;
– ескерткiштер тiлiнiң өз iшiндегi және қыпшақ тiлдерiнiң бiрi – қазақ тiлiнiң iшiндегi дыбыс сәйкестiктерiн салыстыру арқылы көне түркі тілі мен қазіргі қыпшақ-ноғай тілдері моносиллаб жүйесіндегі ортақ фонологиялық заңдылықтарды анықтау;
– дыбыс сәйкестiктерiнiң фоно-семантикалық қырларын V, VС, СV модельдерi негiзiнде зерделеу;
– моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн құрылымдық– жүйелілік, тарихи– салыстырмалы, антропоцентристік парадигмаларды ұштастыра отырып бағалау;
– көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының тiлдегi бейнесiн анықтаудағы моносиллабтық деңгейдің мәнін көрсету;
– көне түркi және қазақ тілдері ономажүйесіндегі ортақ моносиллабтық негiздiң этно-мәдени қырлары арқылы ескерткіштер тілі мен қазақ тілінің (қыпшақ тілдерінің) сабақтастығын көрсету.
Зерттеу жұмысының дереккөзi. Орхон ескерткiштерi – Бiлгеқаған, Күлтегiн, Туниқуқ, Күлi Чор, Мойун Чур, Онгин жазбаларының, Енисей ескерткiштерi – Уюк-Тарлақ, Уюк-Аржан, Барык жазбаларының, Талас өңiрiнен табылған Айыртам-ой ескерткiштерiнiң, Шу, Талас бойынан табылған басқа да шағын жазбалардың мәтiндерi (В.Радлов, П.Мелиоранский, С.Малов, Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Қ.Сартқожаұлының оқылымдары мен аудармалары бойынша); И.А.Батманов, З.Б.Арагачи т.б. авторлардың «Современная и древняя Енисейка» (1962), «Древние тюркские диалекты и их отражение в современных языках. Глоссарии. Указатель аффиксов» (1971), Д.Д.Васильевтiң «Корпус рунических памятников Енисея» (1983), «Древнетюрский словарь» (1969), Э.В.Севортянның «Этимологический словарь тюркских языков» (1974, Т.I; 1978, Т.II; 1980, Т.III, 1989, Т.IҮ), Л.З.Будаговтың «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий» (1869, Т.1; 1871, Т.2.), В.Вербицкийдiң «Словарь алтайского и аладагского наречий тюркского языка» (1884, 2-басылымы, 2005), М.Қашқаридың «Девону луғат-ит түрк» (Муталибов, 1960, Т.1; 1961, Т.II; 1963, Т.III), Ә.Құрышжановтың «Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника ХIII в. “Тюркско-арабского словаря» (1970) еңбектерiндегi деректер; Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi, 10 томдық (1974, 1976, 1978, 1979, 1980, 1985, 1986), I.Кеңесбаевтың «Қазақ тiлiнiң фразеологиялық сөздiгi» (1977), «Қазақ тiлiнiң диалектологиялық сөздiгi» (1996), сондай-ақ қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, құмық т.б. тiлдердің түсiндiрме, диалектологиялық және екi тiлдi сөздiктерi қолданылды.
Зерттеудiң әдiс-тәсiлдерi. Жұмыста зерттеудiң лингвистикалық әдiс-тәсiлдерiнiң бiрнеше түрi пайдаланылды. Олардың негiзгiлерi – дәстүрлi сипаттама әдiсi, тарихи-салыстырмалы, диахронды-синхрондық, типологиялық салыстыру әдiстерi, морфемдiк-компоненттiк талдау, ретроспективтi талдау тәсiлдерi, тарихи-семантикалық, этимологиялық, семасиологиялық, танымдық-логикалық талдау әдiстерi.
Зерттеудiң ғылыми жаңалығы. Жұмыста Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiнің моносиллабтық деңгейі арнайы зерттеу нысаны ретінде алынды, әрi көне түркiлiк моносиллабтардың тұлғалық ерекшелiктерi қыпшақ тiлдерi аясында алғаш рет арнайы қарастырылып отыр.
–Орхон Енисей Талас ескерткіштері деректері негізінде ҮII-ІХ ғасыр түркiлерi тiлiнiң моносиллабтық жүйесі анықталды;
– ескерткiштер тiлiмен салыстырыла отырып, батыс қыпшақ тiлдерi ортақ моносиллабтық жүйесiнің көне түркілік қабаты жіктелді;
– көне түркi тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық типтерiнiң тарихи даму бағыты айқындалды;
– ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi дыбыс сәйкестiктерiнiң толық құрамы ажыратылды;
– ескерткiштер тiлiндегі қыпшақтық белгілер ҮII-ІХ ғасыр түркiлерi тілі мен қыпшақ-ноғай топшасындағы тiлдердiң өзара жақындығын көрсететiн моносиллабтар құрамындағы дыбыс сәйкестiктерi негізінде дәлелденді;
– V, СV модельдi моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттардың сөз мағынасына ықпал ету мүмкiндiгi бастапқы архетиптердiң полифонды және полисемалы болып келуiмен байланысты құбылыс екені анықталды;
моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн қалыптастырудағы фоно-корреляттардың мәні ашылды;
ескерткiштер тiлi мен қазақ тiлi онимдік жүйесiнiң ортақ моносиллабтық негiзi лингво-танымдық сабақтастықтың көрiнiсi ретінде бағаланды;
– ескерткiштер тiлінiң қыпшақ-оғыздық сипаты зерттеу мақсаты мен нысанына сәйкес фоно-корреляттар негізінде дәйектелді;
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Тақырыптың теориялық маңызын жұмыстың өзектiлiгi айқындайды. ҮII-ІХ ғасыр ескерткiштер тiлi мен қазіргі қыпшақ тiлдерiнiң моносиллабтық жүйесінiң негiзiн анықтап, олардың құрылымдық модельдерiнiң даму эволюциясы мен тарихи орнын саралау түркілік моносиллаб концепциясын теориялық тұрғыдан дәйектеп, түбіртанудың күрделі мәселелерін шешуге, жалпытүркілік түбірлер корпусын сомдауға септігін тигізеді. Қазiргi түркi тiлдерiнiң үлкен бiр бұтағын құрайтын қыпшақ тобындағы тiлдер мен көне түркi мемлекеттерi қалдырған жазба ескерткiштер тiлiн моносиллабтық деңгейде зерделеу тарих пен тіл сабақтастығы арқылы жалпы түркiлерге тән онтологиялық, семасиологиялық стереотиптердi модельдеуге жол ашады.
Зерттеу жұмысының практикалық мәнi. Зерттеу материалдары мен тұжырымдары жоғары оқу орындарында түркiтануға кiрiспе, көне түркi тiлi, түркi тiлдерiнiң салыстырмалы грамматикасы, қазiргi түркi тiлдерi, қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасы пәндерi бойынша ғылыми курстардан дәрiс оқуда, қыпшақ тiлдерiнiң тарихи морфологиясы, тарихи дыбыс өзгерiстерi, түбiр мәселелерi бойынша арнайы курстар мен арнайы семинарлар өткiзуге, көмекшi оқу құралдарын дайындауда септiгiн тигiзедi. Сондай-ақ жинақталған тiлдiк материалды тарихи этимологиялық зерттеулер мен лексикографиялық еңбектерде де пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын негiзгi тұжырымдар:
– Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiн салыстыра зерттеу негізінде моносиллабтардың құрылымдық ерекшеліктерін анықтаудың тарихи-лингвистикалық негiзi бар;
– қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң көне қыпшақ тiлiмен генетикалық байланысын сипаттайтын белгілердің және қыпшақ тiлдерiн классификациялаудың шарттылығын зерттеу барысы көрсетіп отыр;
– ескерткiштер тiлi лексикасының негiзiн құрайтын моносиллабтар қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтық жүйесiнде толық сақталған;
– ескерткiштер тiлiндегi СVС, СVСС, VС, VСС модельдi моносиллабтар түркі түбірінің архетипі бола алмайды;
– V, СV модельдi моносиллабтардың архитұлғасы мен архисемасы бiрнеше вариантты қамтитын полифонды, полисемалы болып келедi, олардың тұлғалық өзгерiстерi о бастағы көп мағыналы архитұлғаның варианттары ретінде семасиологиялық-онтологиялық даму барысында дербес мағыналық реңктерге ие болған;
– салыстырмалы тілдік деректердегі СVС, СVСС, VС, VСС модельдi моносиллабтар құрамындағы соңғы дауыссыздар мағынаны нақтылаушы, даралаушы қызмет атқаратын идео-сема-фондар;
– моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн фоно-корреляттар қамтамасыз етеді;
моносиллабтардың тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясы таным ортақтығының көрсеткiшi;
YII-IX ғасыр ескерткіштері тілі мен қыпшақ- ноғай топшасындағы тілдердің өзара жақындығын моносиллабтар құрамындағы тарихи дыбыс сәйкестіктері айқындайды.
– ескi қыпшақ-оғыз тiлi, қазіргі қыпшақ тілдері Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiмен тiкелей сабақтастықта дамыған тарихи мұрагерлері.
Зерттеудiң талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негiзгi мазмұны мен бағыттары, басты тұжырымдары бойынша «Байырғы түркi өркениетi: жазба ескерткiштер» (Астана, 2001), «Байырғы түрк мұралары қазақ мәдениетiнiң түпнұсқасы» (Астана, 2002), Ә.Т. Қайдардың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Академик Ә.Т.Қайдар және тiл бiлiмiнiң мәселелерi» (Алматы, 2004), Академик Ә.Марғұланның туғанына 100 жыл толуына арналған «Уақыт ұштастырған желi: көшпелiлер әлемi ХХ ғасырдағы тарих ғылымында» (Астана, 2004), «Көне түркi жазба ескерткiштерi: жазу мәдениетiнiң бастаулары, тiлдiң даму құбылыстары» (Астана, 2005), Т.Р.Қордабаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Тiлтанудағы тұлға» (Қарағанды, 2005), «Азаттық идеясының қазақ әдебиетiндегi көрiнiсi: әдiснама, таным, көркемдiк» (Астана, 2006), Ә.Қоңыратбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ежелгі түркі өркениеті және Қорқыт ата мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері» (Қызылорда, 2006), «Ғасырлар тоғысындағы түркі өркениеті: саясат, экономика және мәдениет» (Орал, 2007) «Отандық түркология: мәселелер, iзденiстер, нәтиже» (Астана, 2007) атты халықаралық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда; «Қазақ терминологиясы және бұқаралық ақпарат құралдары» (Астана, 2003), «Н.Оңдасынов – Қазақстанның көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi» (Астана, 2004), «Қазақ ономастикасының өзектi мәселелерi» (Астана, 2005), «Қазақ ономастикасы мен терминологиясының өзектi мәселелерi» (Астана, 2005), «А.Байтұрсынұлы оқулары» (Астана, 2006) атты республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды; республикалық басылымдар мен ғылыми жинақтарда 30-дан аса мақала жарияланды; «Қазақ жазуының тарихи негiздерi» (Астана, 2002. –123 б.), «Қазақ тілі» (Астана 2001. -208 б.) оқу құралдары, «Түркi филологиясына кiрiспе» (Астана, 2004. –144 б.) оқу-әдiстемелiк құралы, «Тарихи дыбыс өзгерiстерi» (Астана, 2003 –184 б.), «Көне түркiлер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң моносиллабтық негiзi» (Алматы, 2007. –250 б.) атты монографиялар жарыққа шықты; ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» ғылыми-әдiстемелiк семинарында баяндама жасалды (2006). Жұмыстың қолжазбасы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының тіл тарихы және диалектология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертация құрылымы. Жұмыс кiрiспеден, бес тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тiзiмiнен тұрады.
І Көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен қазiргi түркi тiлдерiндегi моносиллабтарды зерттеудiң теориялық-методологиялық және тарихи негiзi
Көне түркілер өркениетінің көрсеткіші ҮIІ-ІХ ғасырлардағы түркі жазба мұралары жайлы алғашқы деректер ХІІІ ғасырдың екінші жартысында хатқа түсіп, жұртшылыққа белгілі бола бастағанымен, құпия жазулардың сыры ашылып, өз мұрагерлерін табуы ХІХ ғасырдың үлесіне тигенi көпшiлiкке аян.
1270 жылдары шығыс зерттеушісі Ата Малик Жувеинидiң Монғолия жеріндегі Орхон өзенінің бойынан тасқа қашалған беймәлім жазулар көргені жайлы дерек қалдыруы [2,8] түркология тарихындағы көне түркі жазба мұраларының табылу хронологиясын ХҮІІ ғасырдың соңынан бастауды, яғни 1678 жылғы Н.Г.Милескудің Енисей өзені бойынан, 1692 жылғы Н.К.Витзеннің Орта Оралдың шығыс сілеміндегі Тур өзені бойынан белгісіз жазу таңбаларын кездестiргендерi туралы мәлімдемелерімен байланысты қарастыру үрдісін әрі қарай төрт ғасырға жылжытуға мүмкiндiк бередi. 1696-1697 жылдары Сібір өңірін, Орта Азия мен Қазақстан аумағын аралап, аталған өңірлердің тұңғыш картасын сызған С.У.Ремезевтің «Барлық Сібір қалалары (елді мекендері) мен жерінің және барлық сусыз, ел сирек жүретін тасты далалардың сызбасы» атты атласы құрамындағы Орта Азия картасында Талас өзенінің жоғарғы ағысына (1896 жылы Талас жазбалары табылған өңір) «Орхон тасы» деп топографиялық белгі қойылғаны да белгілі. Зерттеушінің Орхон жазбалары туралы ресми мәлімдемелер әлі белгісіз кезде, әрі Орхон өзені бойынан тыс жатқан аймаққа «Орхон тасы» деп белгі қоюы оның Монғолия аумағындағы құпия жазулар туралы деректерден сол кезде-ақ құлағдар болғанын көрсетеді. Демек, қазіргі таңдағы тарихи деректер негізінде Орхон жазбаларының жергілікті тұрғындардан басқа жұртшылыққа белгілі болуын 1270 жылдан, Енисей жазбаларын 1678 жылдан, Талас жазбаларын 1697 жылдан басталады деп айтуға толық негіз бар. Сол кезеңнен бастап көне түркі жазба мұралары қоры жаңа ескерткіштермен толығып келеді. 1697 жылы С.Ремезов «Орхон тасы» деп белгі салған Талас бойынан 1896-1897 жылдары бірнеше жазба ескерткіштердің табылуы көне түркі жазба мұраларының таралу шегін кеңейте түсті. ХХ ғасырдың екінші жартысында көне түркі жазба ескерткіштері қоры Ертіс бойынан, Іле бойынан, Лена өзені бойынан табылған шағын жазулы мұралармен толықты. Олардың біразы жартастар мен құлпытастарда, балбал тастарда бедерленсе, бiр бөлiгi ескі қала, қорған орындарына қазба жүргізгенде, біразы халықтың қолынан, енді бірі музейлер қорынан табылған тұрмыстық құралдардағы, әшекей бұйымдар мен ыдыстардағы жазулар.
Енисей бойынан алғашқы кезде Д.Г.Мессершмидт 3 ескерткіштi жарияласа, В.В.Радловтың тікелей өзінің және шәкірттерінің ізденістері нәтижесінде 45 ескерткіш табылады, ал 1980 жылдары олардың саны 135-ке жеткен. 2002 жылға дейінгі дерек бойынша Оңтүстік Сібірден табылған көне түркі жазбаларының саны 300-ге жуық [3,4]. 2004 жылға дейін анықталған ескерткіштерді 500-дей ірілі-кішілі жәдігерлер құрайды. Олардың Орхон бойынан табылғандары – 75; Енисей бойынан табылғандары – 158; Талас бойынан табылғандары – 23; Алтай өңірінен тіркелгендері – 46; Байкал-Саха аймағында тіркелгендері – 17; Шығыс Түркістаннан табылғандары – 50; Ферғана маңынан табылғандары – 17; Ертіс, Іле, Тараз өңірінен табылғандары – 12; Солтүстік Кавказ, Еділ-Дон, Дунай аймағынан тіркелгендері – 100, жалпы саны – 497 ескерткіш [4,104]. Қазақстан мемлекетінің аумағынан табылған көне жәдігерлердің саны 30-ға жуық [5,13]. Түркі халықтарының бай тарихы мен жоғары мәдениетін көрсететін құнды жазба жәдігерлердің әлі де табылатынына шүбаланбаймыз.
ХҮII ғасырдың соңғы кезеңі мен ХХ ғасырдың соңына дейін әлем ғалымдарының назарын аударып, негізінен еуроцентристік бағытта қарастырылып келген көне түркі жазба мұраларын зерттеу мәселесі ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап жаңаша бағыт-бағдар алып, жазба жәдігерлерді мұра иесі – көне түркілердің, олардың ұрпақтары қазіргі түркілердің дүниетанымы негізінде, яғни «түркі әлемі» аясында, барлап-зерделеуге талпыныстар жасалуда.
Орхон, Енисей, Талас бойынан табылған жазба ескерткіштерді зерттеу мәселесі ең алдымен «Бұл кімнің мұрасы?», «Осындай күрделі жазу жүйесін тудырған үлкен мәдениет иесі қай халықтың ата-бабасы?», «Қандай көне жазулармен сабақтас?», «Графикалық негізі (генезис) қандай?» деген сұрақтар төңірегінде туындады. Әлі көне жазбалардың сыры ашылмай тұрған ХҮІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың соңына дейінгі аралықта Орхон-Енисей, Талас құпия жазуларының шығу тегі, мұрагерлері жайлы көптеген мақалалар жарияланып, таңбалардың оптикалық сипатындағы сәйкестіктер мен ұқсастықтар бойынша негізінен финикилік, готтық, гректік тегі жайлы болжамдар айтылды, мысалы: көне кельттік (Т.Байер), гректік, финикийлік (Ю.Клапрот), скифтік немесе грек-готтық (О.Г.Тихзен, Н.Попов, Г.Роммель), славяндық, қалмақтық-монғолдық (Г.Спасский), славяндық (В.Флоринский), усындық, индокоттық, скандинавиялық (А.Ремюза), этрустық, малазиялық (О.Доннер), таңбалық (А.Шифнер) т.б. негіздері жайлы көзқарастар қалыптасып, пікірталас өзегіне айналды [6,50. 2,23. 5,289. 7,240-241. 8,11].
1893 жылға дейінгі Орхон-Енисей руникалық жазу үлгілерінің сырын ашуға, оқып, аударып мазмұнын анықтауға орыс ғалымдарының да, шетелдік ғалымдардың да тарапынан болған талпыныстардың барлығы сәтсіз аяқталғаны белгілі. Тек 1893 жылы 25 қараша күні Дания лингвисі Вильгельм Томсеннiң В.В.Радлов, А.О.Гейкель жасаған эстампаждарды пайдалана отырып, көне түркі таңбаларының дыбыстық мәнін дұрыс анықтап шығуы түркітану ғылымында үлкен серпіліс туғызды. Ол Орхон жазуларындағы дыбыстардың артикуляциялық жасалу жолына, жуан, жіңішке айтылу ерекшеліктеріне мән береді. В.Томсеннің таңбаларды оқу әдісі жайлы С.Е.Малов «Он пытался самым детальным образом сначала изучить соотношения одних букв с другими. Для В.Томсена при этом выяснилось, что некоторые буквы могут быть в близком соседстве с рядом других букв, другие же нет. Это привело В.Томсена к мысли о делении букв на два класса по числу звуков переднего и заднего ряда. А все это вело к строю тюркских языков» деп көрсетеді [9,12]. В.Томсен байқаған құбылыстың түркі тілдерінің басты ерекшелігі үндестік заңына сәйкес келетіні белгілі. В.Томсеннің зерттеу нәтижесі, жаңалығы көп ұзамай 1893 жылдың 15 желтоқсан күні ғылыми әлемге таратылып, 1894 жылы өз елінде, артынша орыс тіліне аударылып, Археологиялық қоғамның шығыс бөлімінің арнайы журналында жарияланды. 1894 жылы қаңтар айында В.В.Радлов В.Томсеннің оқуына сүйене отырып, Күлтегін ескерткішінің бірінші аудармасын, 1897 жылы П.Мелиоранскиймен бірге кемшіліктерін түзетін екінші аудармасын жариялайды [10,25-63].
Әлемдік ғылымда құпия болып келген Орхон ескерткіштерінің мазмұны айқындалып, көне түркілер мұрасы екені толық дәлелденгеннен кейін орыс ғалымдары да, шетелдік зерттеушілер де Енисей, Талас ескерткіштерінің сырын ашуға, жаңа ескерткіштерді іздеп табуға жұмылды.
ХҮІІІ ғасырдың соңғы жылдарынан бастап көне түркі жазба мұраларын іздеп табу үшін арнайы құрылған экспедициялар құрамындағы Данил Готлиб Мессершмидт, Филипп Иоганн Табберт Страленберг, Зигрфрид Байер, Г.И.Спасский, П.С.Паллас, Н.М.Ядринцев, Аксес Олай Гейкель, Г.Н.Потанин, В.А.Каллаур, В.В.Радлов, Г.И.Рамстедт, Д.А.Клеменц, Е.Н.Клеменц, П.Мелиоранский, В.В.Бартольд, А.Позднев, Отто Доннер, В.Банг, Г.И.Рамстедт, В.Л.Котвич, И.Г.Гране, Пенси Аальто т.б. орыс және батыс зерттеушілерінің қажырлы еңбегін кейінгі жылдары С.Е.Малов, А.М.Щербак, Д.Н.Насилов, И.А.Батманов, Л.Р.Кызыласов, В.М.Наделяев, Ғ.Айдаров т.б. сынды ғалымдар жалғастырса, қазіргі таңда С.Г.Кляшторный, И.К.Кармушин, А.С.Аманжолов, В.В.Васильев, В.Г.Кондратьев, И.Л.Кызыласов, Ч.Джумагулов, М.Жолдасбеков, Қ.Сартқожаұлы т.б. ғалымдар ғылыми дәстүр сабақтастығын үзбей, өнімді еңбек етіп келеді.
ХХ ғасырдың екінші жартысында шетелдік ғалымдардың көне түркілердiң жазба дәстүрі, табылу аймағы, зерттелуі, оқылуы, оқылу әдістемесі, қолданылу кезеңдері, түркі жазуының шығу тегі, көне түркі жазбаларының тілі, көне түркілердің дүниетанымы жайлы еңбектері де жиі жарияланып тұрды. Олардың қатарында А.фон Габеннің [11,159-191. 12,294-334], Дж. Клосонның [13,135-158], Л.Базеннің [14,361-378. 15. 345-360.; А.Темирдің [16,14] А.Бомбачидің [17,192-195]; Э.Трыярскийдің [18,325-333]; т.б. зерттеушiлердiң құнды деректері, теориялық тұжырымдары мол мақалаларын атауға болады. Көне түркi жазба ескерткiштерi мәтiндерiнiң оқылуын, аударылуын жетiлдiрiп, зерттеу нәтижелерiн көлемдi монографиялық еңбектерiнде тұжырымдап берген түрiк ғалымдары Х.Оркуннiң [19], Т.Текиннiң [20.] iзденiстерi де түркiтану ғылымына қосылған елеулi үлес ретiнде бағаланады.
Оңтүстік Сібір мен Монғолия, Орта Азия мен Қазақстан аумағынан табылған құпия жазулардың мұрагерлері ХІХ ғасырдың соңында-ақ белгілі болып, ескерткіштер тілі түркі тілі екені анықталғанымен, алфавиттің шығу тегі жайлы пікірлер мен көзқарастар бірізге түскен жоқ. Орхон-Енисей жазбаларының сыры ашылмай тұрғанға дейін гот жазуымен (О.Г.Тихзен, Г.Роммель, Н.Попов), грек, этрус, малазия жазуларымен (Ю.Клапрот, О.Доннер), ен – таңбалар жүйесімен (А.Шифнер, Н.Аристов) байланыстыра айтылған пікірлер, жазу сыры белгілі болғаннан кейінгі алғашқы жылдары финикий (Н.М.Ядринцов), арамейден тараған пехлевий (В.Томсен) т.б. жазуларымен сабақтастығы туралы айтылған гипотезалық ойлар төңірегіндегі пікірталас әлі жалғасуда [5,289], жаңа болжамдармен толығуда. Соңғы жылдары көне түркi руникасы арнайы тапсырма бойынша уақытша пайдалану мақсатында құрастырылған, жарты ғасыр көлемiнде ғана белсендi қолданыста болып, келесi жарты ғасырда белсендiлiгiнен ажырап, тоқырауға ұшыраған, тарихы таяз жазу жүйесi деген пiкiрлер де айтылуда [21,72]. Мыңдаған жылдық тарихы бар көне мәдениет иесi түркi халықтарының өзiндiк жазба дәстүрi қалыптасқаны тарихи ақиқат. Қалай болғанда да, кезiнде В.В.Бартольд көне алфавиттер iшiндегi ең жетiлген жазу жүйесi ретiнде таныған түркi руникалық әлiпбиi [22. 26] жалпы адамзаттың iрi мәдени құндылығы болып қала бермек.
Кез келген табиғи емес мәдени-материалдық құндылықты жеке адам, халық өкілі тудыратынын ескерсек, адамзат өркениетінің үлкен жетістігі болып табылатын жазу жүйесінің негізін де тұтас халық емес, жеке тұлғалар қалыптастырғаны, өмірге келген құндылық (жазу жүйесі) халық өкілдері тарапынан үнемі жетілдіріліп, толықтырылып отыратыны да ақиқат. Барлық құндылық халықтың немесе жеке тұлғаның (кейін халықтық құндылыққа айналады) рухани-материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында пайда болады. Дж. Клосон жазу жүйесінің қалыптасу себебінінің бірнеше алғы шарттарын көрсетеді: «Алғашында жазу көсемдер мен патшалардың, шiркеу иелерiнiң меншiгiндегi мүлiктер мен құрал-жабдықтарды, оларға адал қызмет етушiлердi өздерiнiң иелiгiнде екенiн бiлдiру мақсатында пайда болып, сәл кейiнiрек билеушiлердiң өнегелi iс-әрекеттерi мен өсиеттерiн құлпытастарға жазып қалдыру үшiн қолданылуы мүмкiн. Кейiнгi кезеңдерде қарым-қатынас құралы ретiнде билеушiлердiң алыс провинциялардағы халықтармен немесе басқа елдермен байланысқа түсуi үшiн қызмет еттi. Одан кейiнiрек сауда-саттық мақсатында қолданылды» [13,135-136]. Ғалым ұсынған факторлар көне түркілердің өмір салтымен, дүниетанымымен толық сәйкес келмегенімен, жазудың қажеттілігі жағынан көне түркі әліпбиінің қалыптасуына қатысты айтқан ой-пiкiрлерi маңызды. Көне түркілердің жекеменшік малына таңба салатын дәстүрі, түрлі құрал-жабдықтар мен әшекей бұйымдарға жазылған көне жазбалар, жартастар мен балбал тастардағы шағын жазбалардың функционалдық қызметі осыған саяды. Ал көлемді мәтіндерден тұратын Күлтегін, Білгеқаған, Тоникуқ, Мойун Чур т.б. ескерткіштердің мақсаты жеке тұлғаны дәріптеуден гөрі, білікті қағандардың іс-әрекеті арқылы халықтың санасын оятуға, бір мақсатқа – түркі халқының елдігін сақтауға, ынтымақ-бірлікке шақыруға, территориялық тұтастықты сақтауға, тәңірлік идеяны келер ұрпақ санасына сіңіруге бағытталады. Дж. Клосон көне түркілер жазу үлгісін бұрын қалыптасқан басқа бір халықтардың әліпбиінен алғандығын сенімді түрде айтады және өз тұжырымының себебін – түркілердің ерекше діншіл халық болмағандығымен, саудаға, коммерцияға қырсыздығымен түсіндіре отырып, әкімшілік-административтік, дипломатиялық мақсатта (іс жүргізуден гөрі, коммуникативтік мүддеде) ҮІ ғасырдың соңында Істемі қағанның бұйрығымен жасалған деген пікірге келедi [13,139-140]. Көне түркілер мекен еткен Еуразия аймағының әр жерінен сақ дәуіріне жататын жазба мұралардың табылуы көне түркі әліпбиінің қалыптасуын Істемі қағанмен байланыстырған зерттеуші пікірінің негізсіздігін көрсетеді.
Көне түркі жазуының шығу тегі жайлы кейін айтылған пікірлердің көпшілігі В.Томсеннің пікірімен үндес, С.Г.Кляшторный Ү ғасырда Ганьсу және Гаочан соғдыларының жазуы негізінде қалыптасты деген тұжырымға келсе [23,49], Дж. Клосон ҮІ ғасырда иран әліпбиі негізінде жасалған, әріптердің көпшілігі көне соғды, бір-екі таңба пехлевий әліпбиіне және сасанид ескерткіштеріндегі таңбаларға ұқсайтынын [13,148], ал А.фон Габен ҮІ ғасырдың соңында, мүмкін одан да кейін батыс түркілер Хорасан ирандарымен бірге өздерінің руникалық жазуын қалыптастырғанын айтады [11,171]. О.Доннер индобактрий жазуынан тараған кхарошти әліпбиімен, Ф.Альтхайм арамей жазуынан өрбіген армаз жазу жүйесімен байланыстырады [5,289]. Осы бағытты, яғни көне арамейден тараған кейінгі жазу үлгілері арқылы қалыптасқан деген пікірді В.А.Лившиц те қолдайды. Ғалым түркі руникасы жаңа соғды әліпбиінің графикалық прототиптерін реконструкциялау арқылы жасалған деп санайды [24,64-69].
Орхон-Енисей әліпбиіндегі әріптердің көпшілігінің қазіргі түркі халықтарының ру таңбаларымен тұлғалық жағынан сәйкес келуі кезінде А.Шифнер ұсынған теорияның жандануына алып келді. Н.А.Аристов, А.Дж Эмре, Н.Маллицкий, А.Соколов, А.Г.Кунаа, И.А.Батманов [25,8-11] т.б. зерттеушілер көне түркі жазуы түркілердің төл жазуы, басқа жазулардың ықпалынсыз-ақ түркі таңбалары арқылы қалыптасуы мүмкін деген бағытты ұстанады. Көне түркі руна жазуы мен ру таңбалары арасындағы байланысты кездейсоқ сәйкестік деп бағалаушы көзқарастар да бар. Кезінде Н.А.Аристов көрсеткен Орхон әліпбиіндегі 38 таңбаның 29 түркі таңбаларымен ұқсас болуы, тек қазақ ру таңбаларының 20-ға жуығы көне түркі әліпбиіне сәйкес келуі кездейсоқтық дегенге келмейтін сияқты. Жазу таңбалары мен ру ен-таңбаларының кескiндiк жағынан ұқсас болып келуi көне түркi жазу таңбаларын тiкелей түркiлiк ен-таңбалардан таратуға толық кепiлдiк бере алмасы, тарихи-грамматологиялық-теориялық қағидалардың талаптарына толық жауап бере алмасы да анық. Дегенмен жалпы әлемдiк графикалық символдар жүйесiндегi ортақ белгiлердiң идеялық мазмұны да үндес келiп отыруы грамматологиялық дамудың семасиографикалық, идеографикалық, фонографикалық қалып-күйлерi арасындағы сабақтастықтың iздерi болуы да мүмкiн. А.Аманжолов түркі халықтары ру таңбаларының сыртқы тұлғасына сәйкес өзіндік мән-мазмұны да бар екенін айта отырып «Егер де ежелгi түркi таңбаларының (бейнелi логограммалардың) бастапқы мазмұнын, мән-мағынасын анықтауға мүмкiндiк туса А.Шифнер – Н.А.Аристов болжамының ақиқатқа жақындығына көз жеткiзуге болар едi» деп көрсетеді [5,290].
Соңғы жылдары жазыла бастаған көне түркі әліпбиінің генезисін түркілік дүниетаным негізінде, құпия ілімдердің концептуалды мазмұны бойынша қалыптасқан графикалық композиция арқылы айқындауға бағытталған зерттеулер де әдіснамалық сонылығымен ерекшеленеді. Т.Досанов ұстанған графикалық композицияның мазмұны графикалық лингвистика тарихындағы идеографиялық жазу таңбалары мен идеограммалардың теориялық негiзiне сәйкес келеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда зерттеуші пікірі ру таңбаларына, ен-таңбаларға негізделетін А.Шифнер – Н.Аристов бағытымен, кейбір таңбалардың идеографиялық тегі жайлы айтқан В.Томсен, Е.Д.Поливанов пікірлерімен үндеседі [26,76-93. 27,53-70].
Белгілі ақын, қоғам қайраткері О.Сүлейменов та ұзақ жылдардан бері көне жазу таңбаларының идеялық қырларын ашу, алғашқы жазу таңбаларының мазмұнын, қазіргі жеке сөздердің этимологиясын анықтау, яғни сөздің мазмұндық тұлғасын алғашқы графикалық тұлғалармен салыстыра қарау мәселелерімен шұғылданып жүргені белгілі. Зерттеушінің еңбектері мол тілдік деректердің қамтылуымен, тың идея-болжамдарымен құнды [28. 29].
Рунолог Қ.Сартқожаұлы көне түркі жазуының шығу тегі туралы түркілердің тәңірлік дүниетанымына орай ұстанған iki jïltïz (екі негіз) іліміне байланысты концепциясын ұсынады. Ғалым жуан дауыстылармен үндесетін дауыссыздарды «аталық» топқа, жіңішке дауыстылармен үндесетін дауыссыздарды «аналық» топқа, жуан әрі жіңішке дауыстылармен бірдей тіркесе беретін дауыссыздарды «қауыштыру» тобына жіктеп, оны байырғы түркілер танымындағы екі негіз (дуализм) арқылы түсіндіреді [8,87-91].
Рунология іліміндегі графикалық концепцияны – ұлттық идеологияның архаикалық моделі ретінде танып, көне түркі әліпбиін көне түркілердің Тәңірлік діни дүниетанымы аясында қарастыратын ой-пiкiрлердi А.Мектеп-тегінің еңбектерiнен де кездестiремiз [30,125-137].
Түркі руникасы жайлы айтылған негiзгi теориялық тұжырымдар мен ой-пікірлерді жинақтап, қорыта отырып, А.С.Аманжолов «Тюркский рунический алфавит выступает как очень богатая и вполне самостоятельно сложившаяся графическая система» [5,295] дейді және көне түркі графикасының көне семит, көне грек, италий, малазия жазуларының таңбаларымен тектес болуын оның ұзақ мерзімге созылған даму жолы арқылы түсіндіреді.
Көне түркі жазбаларының қалыптасу, қолданылу кезеңі жайлы да бірнеше пікірлер бар. Негізгі бағыт Енисей жазбаларының Орхон жазбаларынан әлдеқайда бұрын қолданыста болғанын қолдайды. В.В.Бартольд В.В.Радловтың Енисей жазбаларының қолданылу кезеңі жайлы пікірінің негізділігін көрсете отырып, Енисей жазу таңбаларының сыртқы пiшiнi арқылы оның Орхон жазуынан бұрын қалыптасқанын аңғаруға болатынын айтады. Ғалымның пiкiрiнше түркi руникасының қолданылу кезеңiн ҮII ғасырдан әрi шегеруге дерек жеткiлiксiз [22,24-25], П.М.Мелиоранский де өзінің «Об орхонских и енисейских надгробных памятниках с надписами» (1898) атты еңбегінде Енисей ескерткiштерi жазу таңбаларының архаикалық сипаты Орхон ескерткiштерiне қарағанда айқын ажыратылатынын көрсетедi [31,27].
Л.А.Батманов Енисей ескерткіштері тілінен көне белгілерді оңай ажыратуға болатынын мойындай отырып, ескерткіштің жасалу мерзімі мен оның тілі әрдайым тікелей байланыста болатынына күмән келтіреді. Ғалым ескерткіштің қашалу мерзімі жайлы өз ойын былай білдіреді «Надпись могла быть высечена в ІХ-Х вв., но отражать в себе сохраняющиеся особенности речи предшествующих веков, т.к. процесс развития или стабилизации диалектов в древности протекал очень медленно» [32,29].
Орхон-Енисей ескерткіштерінің тарихи-хронологиялық мерзімін анықтауда көп еңбек сіңірген ғалым Л.Р.Кызыласов Тува аймағынан, Хакасиядан табылған Енисей жазбаларының деректерін негізге ала отырып, Енисей ескерткіштерін ҮІІ-ХІІІ ғасырлардың мұрасы ретінде қарайды, бірақ жазу үлгісі ҮІ ғасырларда-ақ қолданыста болғанын ескерте кетеді [33,96. 34,32]. Ғалым пiкiрi Енисей жазуы ҮІ ғасырдан бастап ХІІІ ғасырға дейін қолданыста болған дегенге саяды. С.Е.Малов Енисей жазуы Ү ғасырдан бастап, біршама кейінгі кезеңдерге дейін таралғанын айтады [35,7-8]. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Орхон-Енисей жазуларының қолданылу кезеңіне байланысты жаңа бағыт ретінде көрініс берген, Орхон жазуы бұрын қалыптасып, Енисей жазуына негіз болғаны жайлы көзқарастар мен пікірлер [32,28] тарихшылар тарапынан да, лингвистер тарапынан да қолдау таппады. Себебі жазу жүйесінен де, тілдік ерекшеліктерінен де, тарихи-археологиялық сипаттамасы жағынан да Енисей жазбаларының көнелігін көрсететін деректер жеткілікті болды.
Орхон ескерткіштерінің көлемді мәтіндерінде көне түркілер өздерінің бітіг тасты қай жылы орнатқандарын нақтылап жазып кеткенi белгiлi. Осы деректерге сүйене отырып зерттеушілер Орхон мұраларын ҮІІ-ҮІІІ ғасырдың аясында қарастырады. Аумалы-төкпелі заманда, тынымсыз жаугершілік жағдайда, үнемі көшіп-қонып жүрген көне түркілердің әлеуметтік-қоғамдық өмір-салтында тіл ерекшелігін толық қамтитын дыбыстық жазу жүйесі бір-екі ғасыр ішінде қалыптасуы мүмкін емес. Бұл жазу жүйесін көне түркілер өздеріне дейін өмір сүрген ата-бабаларынан мұра етіп алып қалғанына, ұзақ жылдардан бері үнемі жетілдіру үстінде болғанына Ертіс, Іле бойындағы сақ дәуіріне жататын көне қорғандардан табылған Орхон-Енисей, Талас жазбаларымен типтес жазу үлгілері дәлел бола алады. Қазіргі таңдағы зерттеулер нәтижелері Орхон, Енисей, Талас және Ертіс, Іле жазбаларын хронологиялық мерзімге, тайпалық тілдік ерекшеліктерге байланысты өзіндік ерекшеліктері бар бір ғана көне түркі жазу жүйесі екенін анықтап отыр. Белгілі қазақ ғалымы рунолог-лингвист А.Аманжолов көне түркі жазуының түркі тілді ғұндардың (ІҮ-Ү ғғ.), бұлғарлардың (ҮІІ ғ.) қоныс аударуына байланысты Еуропаға, Солтүстік Кавказдан Дунайға дейінгі аралыққа таралғанын айтады, сондай-ақ «көне түркі руникалық жазуы арғы ата бабаларымыздың 1500 жыл бойы қолданған төл жазуы екендігі ешқандай күмән туғызбайды» деген қорытындыға келедi [36,43].
Көне түркі жазба ескерткіштерінің басым бөлігінің, әсіресе, шағын мәтінді Орта Азия мен Шығыс Еуропадан табылған жазбалардың толық зерттелмеуі көне түркі ескерткіштері тілін жүйелі түрде зерттеуге кедергі келтіруде. Көне мұраларды оқудың басты қиындығы, көптеген мамандар тарапынан болған талпыныстардың сәтсіз аяқталуының басты себебі ескерткіштердегі кейбір әріп-таңбалардың фонетикалық мәні бұрын оқылған, фонетикалық жүйесі айқындалған көлемді ескерткіштер тіліндегі фонетикалық мәнімен сәйкес келе бермеуінде әрі жазу бағытының да біркелкі болмауында. Сондықтан «түркі рунологияның ең өзекті мәселесі көне жазбалардың тарихи негізіне талдау жасап, алфавиттік жүйені (кешенді жүйені – Е.М.) қалыпқа келтіру» [37.4], яғни түркi рунологиясының кешенді палеографиялық жүйесін орнықтыру болып табылады. Бұл көне ескерткіштер тіліне жасалған лингвистикалық зерттеулердің нәтижелі болуына, Еуразияның, Шығыс Еуропаның кең байтақ аумағына таралған көне түркілер тілінің толық академиялық грамматикасын жасап шығуға жол ашар еді. Өкінішке орай, бұл мәселе әлі де болашақтың үлесінде қалып отыр.
ҮІІ-ІХ ғасырлардағы көне түркі жазбалары алғаш оқылып, аударыла бастаған кезеңде В.В.Радлов көне түркі жазба жүйесі ішінде дербес екі әліпби – Орхон және Енисей әліпбилері бар екенін көрсетсе, 1959 жылы С.Е.Малов үшінші әліпби – Талас жазуы туралы пікірін жариялады [38,58]. Қазір түркітану ғылымында аталған әліпбилердің таңбалар жүйесіндегі тұлғалық өзгешелiктердiң аздығына, бәрі де бір тілде, аздаған айырмашылықтары бар көне түркі тілінде жазылуына байланысты локальді ерекшеліктері бар біртұтас көне түркі жазу жүйесі ішінде қарастырылады. Орхон және Енисей, Талас жазуларының бір ғана көне түркі әліпбиінің эволюциялық даму жолының хронологиялық кезеңдердегі көріністері екені жайлы болжамды И.В.Кормушин жан-жақты дамытып, нақты деректермен тұжырымдап берсе [39], Р.Д.Васильев Азияда көне түркі әліпбиі негізінде «жергілікті жазба мектептерінің қалыптасқанын» көрсетеді [40,45]. С.Я.Байчоров Азияда табылған ескерткіштер мен Оңтүстік және Шығыс Еуропадан табылған жазба мұраларды әліпби жүйесін салыстыра отырып, бір ғана көне түркі жазуының әртүрлі аймақтық мектептері арқылы жазу таңбаларында өзіндік ерекшеліктері бар көне жәдігердің бізге жеткенін айтады [41,281].
И.Л.Кызыласов көне түркі әліпбиінің Еуропа мен Орта Азияда, Оңтүстік Сібірде, Орталық Азия мен Жетісуда бірнеше үлгілері кездесетініне сүйене отырып, «рунотанудың заманауи жағдайында көне мұраларды географиялық тұрғыдан саралау ғылыми аргумент бола алмайды, түрколог-тарихшылар үшiн де, түрколог-тiлшiлер үшiн де жазба ескерткiштердi алфавиттiк жүйе аясында қарастырған әлдеқайда нәтижелi болар едi» [37,10] деген ой айтады. Көне түркі жазба мұраларын географиялық тұрғыдан (Орхон бойындағы, Енисей бойындағы т.б. – Е.М.) жіктеуге қарсы ғалым көне түркі әліпбиінің жүйесіне енетін бірнеше әліпбилерді дербес екі топқа бөлуді ұсынады: 1. Азиялық: Енисей, Орхон, Талас алфавиттері; 2. Еуразиялық: Дон, Кубань, Ашықтас, Исфарин, Оңтүстік Енисей алфавиттері. Бір жүйеге кіретін әліпбилердің өзара сабақтастығы жайлы «Әрбiр топтағы жазу жүйесi түрлi жағдайда және әртүрлi негiзде қалыптасқан. Өзара жақын әлiпбилiк жұптар: дон – кубань, ашықтас – оңтүстiк енсией, енисей – орхон, енисей – талас» деп көрсетеді [37,36].
Кең байтақ аймақты мекендеген түркі халықтары құрамындағы ру-тайпалар тілдерінің өзіндік ерекшеліктеріне, мемлекеттік құрылымдарына, хронологиялық кезеңдеріне байланысты жазу жүйелерінде ерекшеліктердің болуы заңдылық. Соңғы жылдары Еуразия аймағының Шығыс Еуропа, Орта Азия, Сібір өңірлерінен табылған ескерткіштер ішінде, кейбір жекелеген ескерткіштерге тән әліпби жүйелерінің анықталуы да осының дәлелі. Филологтар мен рунолог–этнографист мамандардың пікірінше бұл ескерткіштердегі жазулардың түп-негізі Орхон-Енисей-Талас жазбаларында қолданылған әліпбилерден өзгешелеу. Еуропалық және Орта Азиялық кейбір жазу жүйелерін Орхон-Енисей әліпбиінің қалыптасу жолындағы локальді кезеңін көрсететін бір ғана әліпби ретінде қарастыру мәселесi де жеткілікті дәрежеде негізделмеді. Өз дәуірінде көне түркілердің мемлекеттік деңгейдегі бірнеше қағанаттарды құрғаны, әрбір қағанаттың өзіндік мемлекеттік құрылымы болғаны тарихтан белгілі. Сондықтан әрбір мемлекеттің жазу жүйелерінде де өзiндiк ерекшелік болуы қисынды. Әрбір мемлекет құрамындағы ру-тайпалардың бірыңғай этникалық топтардан құралмағаны, бір мемлекет құрамындағы ру-тайпаның, басқа мемлекеттер аумағында тұруы мүмкін екені де ақиқат. Сондықтан көне түркі жазба ескерткіштерін жіктеу этностық тұрғыдан емес, мемлекеттік негізде жүргізілгені дұрыс, бірақ қағанат құрамындағы билеуші тайпаның, басым тайпаның ықпалын естен шығармаған абзал. Көне түркі жазба ескерткіштеріне тән белгілердің бірі жазу бағытының әр түрлі болып келуi және символдық ен-таңбалардың орналасу тәртібі де түрліше қалыптасқан. Енисей ескерткіштерінде ен-таңба бітіг-тастың төменгі жағына орналастырылып, жазу төменнен жоғарыға бағытталса; Орхон ескерткіш-терінде керісінше, ен-таңба ұстынның жоғарғы жағына орналасып, жазу жоғарыдан төменге бағытталады; ал жоғарғы Енисей бойынан табылған ескерткіштерде жазу төменгi жолдан басталып, тас бетіне көлденеңінен түссе, ен-таңба осы көлденең жазудың астына орналасады. Мамандардың пiкiрi бойынша тас бетiне көлденең түсiп, жоғарыға бағытталған сатылы жазу әдiсi көне қорғандарға (зират) қойылған құлпытастарға тән [42]. Аздаған диалектілік ерекшеліктері бар бір ғана түркі тілінде жазылған көне мұраларда кездесетін мұндай айырмашылықтар да ескерткіштердің қандай мемлекетке қатыстылығын, сол мемлекеттегі саны жағынан басым әрі билеуші тайпалардың дүниетанымдық белгілерін көрсетсе керек. Осыған орай әрбір көне түркі мемлекеттеріндегі жазу бағыты, мемлекеттің елтаңбасы (гербі) қызметін атқарған символдық ен-таңбаның орналасу тәртібі қатаң сақталғанын бағамдауға болады.
Көне түркi тайпалық одақтарынан қалған жәдiгерлердiң мұрагерлерiн анықтауда айрықша орын алатын элементтердiң бiрi де кезiнде рәмiздiк белгi – елтаңбаның қызметiн атқарған рулық ен-таңбалар. Шу бойынан табылған балбал тастарда мәтiннiң, жоғары жағына бедерленген, екi графикалық белгiден тұратын қос таңба айқын сақталған. Таңбаның бiр сыңары халық арасында «көсеу таңба», «әлiп таңба», «таяқ таңба», «оқ таңба» деп әртүрлi аталып жүрген көлбей түскен тiк сызықтан тұратын қыпшақ, қаңлы, ысты рулары таңбаларының бiр нұсқасы. Таңбаның екiншi сыңары – орта жүздiң қаракесек, кiшi жүздiң шөмекей руларының таңбаларына ұқсас «қазан құлақ» таңба. Қазақ дәстүрiнде кеңiнен сақталған ру-тайпалар таңбалары – халықтың тарихи-генеалогиялық, әлеуметтiк, географиялық-аумақтық ерекшелiктерiн, мифологиялық-дiни наным-сенiмдерiн айшықтайтын логикалық қисынға негiзделген кешендi графикалық жүйе. Шу бойынан табылған жазба мұраларда сақталған таңбаның қазiргi қазақ халқының құрамындағы ру таңбаларына сәйкес келуi де Талас, Шу ескерткiштерiнiң қазақтардың ата-бабаларына қатысы бар екенiн меңзейдi. Сондықтан қазiргi Қазақстан жерiнен немесе шекаралас өңiрден табылған көне жазбалардың тiлi жергiлiктi халық тiлiнiң тарихи даму жолын анықтауда негiзгi дерек көзi ретiнде қарастырылуы керек. Қыпшақ тiлдер тобына жататын қазақ халқының ата-бабалары өте ерте кездерден берi-ақ қазiргi Қазақстан жерiн мекен еткенiн археологиялық деректер, ежелгi тұрғындар қалдырған морфологиялық белгiлердi зерттеу нәтижелерi анықтап бердi. Тарихшылар б.з.д. ерте темiр ғасырындағы байырғы тұрғындар мен Қазақстанның қола дәуiрiндегi қауымның арасындағы мираскерлiк сабақтастықты көрсетедi [43,5]. Сондықтан Қазақстан аумағы мен шекаралас өңiрлерден табылған көне түркi мұралардан басқа түркi халықтары тәрiздi қазақтардың да алар үлесi мол болмақ. Бұл Қазақстан жерiнен тас аймақтардан табылған көне жәрiгерлерге қазақ халқының қатысы жоқ, немесе Қазақстан аумағынан табылған ескерткiштердiң мұрагерi қазақтар ғана деген пiкiр тудырмаса керек.
Жалпы көне түркі ескерткіштерін тарихи, палеографиялық, лингвистикалық, стильдік, жанрлық, хронологиялық тұрғыдан топтастыру өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап бірізге түсе бастаған болатын. Ескерткіштерді топтастыру мәселесінде тарихшы С.Г.Кляшторный ұсынған, кейніннен лингвист А.Н.Кононов мақұлдаған жеті топтан тұратын жіктеме негізге алынып келді. Бұл топтастыру бойынша көне түркі жазба мұралары түркілер мекен еткен кең байтақ аумақта құрылған көне қағанаттар мен тайпалық одақтарға қатысты қарастырылды: 1. Батыс түрк қағанатына тән ескерткіштер (Орхон ескерткіштері): а) Орхон өзені бойынан табылған жазба мұралар; б) Алтай тауы маңынан табылған ескерткіштер (ҮІІ-ҮІІІ ғғ.); 2. Қырғыз қағанатына тиесілі ескерткіштер (Енисей ескерткіштері). Топқа Енисей өзенінің және оның салаларының төменгі бойынша табылған ескерткіштер енгізіледі (Ү-ІХ ғасырлар шамасы); 3. Лена-Байкал өңірінен табылған ескерткіштер. Құрыхан тайпалар одағына қатысты қарастырылады (ҮІІІ-Х ғғ.); 4. Талас өңірі мен Ферғанадан табылған ескерткіштер. Бұл топтағы мұралар оғыздарға қатысты қарастырылады (ҮІ-ҮІІІ ғғ.); 5. Монғолия аумағындағы Ұйғыр қағанатына тән Семиги және Қараболғасун ескерткіштері (ҮІІІ-ІХ ғғ.); 6. Шығыс Түркістандағы Ұйғыр мемлекетіне тән ескерткіштер және турфан жазулары (ІХ-Х ғғ.); 7. Хазар қағанаты мен печенек тайпаларына тән Шығыс Еуропадан табылған ескерткіштер (ҮIII-Х ғғ.) [23,51-53. 2,21-22].
Көне түркі жазба ескерткіштерінің мұрагерлерін мемлекеттік негізде анықтау жайлы соңғы жылдары жаңаша пікірлер айтылып жүр. И.Л.Кызыласов енисей әліпбиін Көне хакас мемлекеті, орхон әліпбиін ІІ Шығыс түрік қағанаты, Ұйғыр қағанаты қолданса, Талас әліпбиін Қарлұқ мемлекеті, соңғы жылдары ғана белгілі болған Тува ойпатындағы жоғарғы енисей әліпбиін тарихта әлі беймәлім көне державалардың бірі тұтынуы мүмкін екенін айта отырып, «Достаточно разбираться в формах рун, чтобы при взгляде на любую надпись, не читая ее, установить к какому государству принадлежал оставивший еë грамотей» деген ойлары арқылы әрбiр түркi қағанатына тән жазу таңбалары қолданылғанын бiлдiредi [3,9]. Зерттеушінің пікірінше Енисей және Орхон эпиграфикасында қалыптасқан жағдай түркі тілдес бұлғарлардың Кубань руникалық жазба ескерткіштеріне де таралуы мүмкін. Кубань руна жазуының көне Бұлғар мемлекетінде ислам діні үстемдік алып, араб әліпбиі қолданысқа енгеннен кейін де Биляр тәрізді ірі қалаларда пайдаланылғаны археологиялық және нумизматикалық деректерден белгілі. Көне түркілік мемлекеттердің құрамы толық нақтыланбауы, кейбір көне этнонимдердің этимологиялық тұрғыдан бірізге түспеуі, олардың қазiргi түркi халықтары атауларына қатысы анықталмауы ескерткіштердің қай тайпалық одаққа тиесілі екенін анықтауда қиындықтар тудыруда. Көне түркі әліпбиінің Азиялық тобы үлгісімен жазылған көне түркі мұралары Лена өзенінен бастап Орхон, Енисей өзендеріне, Жетісуға дейін таралған. Көне түркі жазба ескерткіштері ішіндегі оқылып, аударылғаны, көне түркілердің мұрасы екені даусыз дәлелденгендері де осылар.
Жалпы түркiлiк мәдениеттiң дiңгегi көне түркi жазба ескерткiштерiнiң ғылыми әлемде алғаш танылып зерттеле бастаған кезеңiнен қазiргi таңға дейiнгi айтылған ой-пiкiрлер мен ғылыми тұжырымдарды саралай отырып, көне жәдiгерлердiң зерттелуiн өзiндiк сипатымен, бағыт-бағдарымен, мән-маңызымен ерекшеленетiн бiрнеше хронологиялық кезеңге бөлiп қарастыруға болады:
1. Алғашқы кезең 1678-1820 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезең Ресей патшалығының саясатына байланысты басқа мақсаттарда құрылған экспедициялардың құпия жазулы көне мұраларға кездейсоқ тап келуімен ерекшеленеді.
2. Екінші кезең (1820-1893 жылдар) көне жазба мұраларды іздеп табу үшін жоспарлы түрде арнайы экспедициялардың ұйымдастырылуымен, Орхон, Енисей, Талас бойынан табылған құпия жазба ескерткіштердің біраз қоры жинақталып, ендігі кезекте олардың мұрагерлерін анықтау мәселесінің күн тәртібіне қойылуымен сипатталады.
3. Үшiншi кезең (1893-1945 жылдар) құпия жазулардың сыры ашылып, мұрагерлері анықталуымен, жазбаларды оқу-аудару ісінің алға басуымен, ескерткiштер тiлiндегi диалектiлiк ерекшелiктердiң айқындалуымен, көне түркі әліпбиінің шығу тегі жайлы үлкен пікірталас тууымен дараланады.
4. 1945-1991 жылдар аралығын қамтитын төртiншi кезең көне түркі жазба мұралары тілі бір жүйеге түсіріліп грамматикасының түзілуімен, қазiргi түркi тiлдерiмен, орта ғасыр түркiлерi тiлiмен салыстырмалы-тарихи сипатта кеңiнен зерттелуiмен ерекшеленеді.
5. Кеңестер Одағы құрамындағы түркі халықтарының егемендікке қол жеткізуі нәтижесінде көне түркі мұраларын зерттеуде жаңа бағыт-бағдар қалыптасты, саяси-идеологияға байланысты бұрмалаушылықтар мен кейбiр олқылықтарды тарихи ақиқат тұрғысынан зерделеу қолға алынды. Түркi рунологиясының зерттелуiне үлес қосқан ұлы тұлғалардың шығармашылық дәстүрiн түркi топырағында жалғастыруға талпыныстар жасалуда.
1.1 Орхон, Енисей және Талас жазбаларының лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі
Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштерін зерттеудің бастапқы кезеңі негізінен рунологиялық, текстологиялық мақсаттарға, мәтіндерді оқып, транслитерациялау, аудару жазудың генезисi мәселелеріне арналса, таза лингвистикалық тұрғыдан зерделеу, лексика-грамматикалық жүйесін түзу, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктерін айқындау, диалектілік айырмашылықтарын көрсету ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан басталады.
Көне түркі жазба мұраларының тілін зерттеудің көш басында талантты ғалым В.В.Радлов тұрды. Орхон-Енисей ескерткіштерінің грамматикалық құрылымына қатысты, кейбір аудармаларын жетілдіруге байланысты мақалалар сериясы (Alttürkische Studien. І-ҮІ, СПб., 1909-1912) 1909-1912 жылдар аралығында жарияланды. Осы серия бойынша жарияланған «Вводные мысли к изучению древнетюркских диалектов» («Einlеitende Gedanken zur Untersuchung der alttürkischen Dialekte» (1911)) мақаласында көне түркі жазба мұралары – Күлтегін, Білгеқаған, Тоникуқ т.б. ескерткiштер тіліндегі фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктерді мысалдар негізінде көрсетіп, ескерткіштер тіліндегі ортақ құрылымға, ортақ жүйеге баса назар аударса, «Древнетюркские диалекты» (Die alttürkischen Dialekt. 1911) атты мақаласында кейбір жекелеген ескерткіштер тіліне грамматикалық сипаттамалар беріп, руникалық ескерткіштер мен ұйғыр ескерткіштері тілі негізінде көне түркі тілінің диалектілеріне жіктеу жасайды. Осы мақаланың түркітану ғылымындағы құндылығын А.Н.Кононов «... здесь же была сделана попытка представить классификацию древнетюркских диалектов (языков), которая до сих пор не заменена ничем иным» деп көрсетедi [44,11]. В.В.Радлов руникалық көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін – солтүстік, оңтүстік және аралас диалектілер деп бөле отырып, солтүстік және оңтүстік диалектілердің негізгі фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктері ретінде мұрын жолды n, ņ дыбыстарының ықпалымен болатын сөз басындағы b > m алмасуын (bän > män «я», baņa > maņa «мне» т.б.); оңтүстік диалектіде барыс септігі (-ta, -tä, -da, -de) мен шығыс септігі (-tïn, -tin, -dïn, -din) жалғауларының ажыратылатынын, солтүстік диалектіде барыс және жатыс септіктері ажыратылмай, олардың мәнін -ta, -te, -da, -dä формасы беретінін көрсетеді. Зерттеуші солтүстік диалектісін түрк-сир тілі деп танып, оған сол кезде оқылған барлық руникалық ескерткіштер тілін жатқызады (сир сөзінің қыпшақтарға қатысты айтылатыны зерттеу нәтижелерінен белгілі [45,153-164]). В.В.Радловтың көне түркі жазба ескерткіштері тілінің фонетикалық жүйесі, морфологиялық құрылымы жайлы, көне түркі тілі мен қазіргі түркі тілдерінің агглютинациялық табиғаты, аффикстердің шығу тарихы туралы құнды пікірлері түркітану ғылымының ғылыми қағидаларына айналып, кейінгі зерттеушілердің бағдаршамы қызметін атқаруда. Ғалым шығармашылығындағы Орхон-Енисей жазбаларының тілі жайлы айтқан ой-тұжырымдарының маңыздылығы А.Н.Кононов, А.С.Аманжолов, К.Ш.Хусайынов т.б. сынды зерттеушiлердiң еңбектерінде жан-жақты қамтылған [6,24-28. 44,11. 36,11-19. 46].
П.М.Мелиоранский «Күлтегін» ескерткіші тілінде ілік септігі жалғаулары –γ, -g тұлғасын зат есімдерге, -nï, -ni тұлғасының есімдіктерге жалғанатынын, алғаш байқаған зерттеуші. Ол -nï, -ni жалғауының зат есімдерге жалғануы аналогиялық жолмен кейін қалыптасқанына мән береді. М.П.Мелиоранский көне түркі жазбалары тілі негізінде етістік тудырушы -sïra жұрнағын сын есім тудырушы -sïz жұрнағымен байланыстырады: «qaγansïra «лишаться кагана» – qaγansïz «лишенный кагана, без кагана» ...возможно, -cïpa возникло из -cïзpa или р здесь просто образовался из з» [47,37]. Бұл жөнінде А.М.Щербак «Попытка П.М.Мелиоранского связать р с з и таким образом дать тюркское объяснение ротацизма (р > з), попытка, которую вскоре после этого повторили Э.Н.Сетяля (в 1902) и З.Гомбоц (в 1912), является крупным достижением дореволюционной отечественной тюркологии» дей отырып, ғалымның осы пікірі бұрын да, қазір де лайықты бағасын алмай келе жатқанына өкініш білдіреді [48, 31]. П.М.Мелиоранскийдің көне түркі жазбаларының тілі туралы құнды пікірлерінің бірі қазіргі синкретикалық жұптардың табиғаты жайлы айтқан «... разделение корней на глагольные и именные не было так строго проведено в турецком языке, как теперь» [47,98] деген ойы. П.М.Мелиоранскийдің көне түркі жазбалары тілінің фонетикалық жүйесі, лексика-грамматикалық құрылымы жайлы зерттеулері қазіргі түркі тілдерінің тарихи грамматикасының қалыптасуына негіз болған еңбектердің бірі. Д.М.Насилов «В детальном изучении письменных памятников языка П.М.Мелиоранский видел одну из предпосылок создания сравнительно-исторической грамматики тюркских языков» [49,64] деген сөздерi арқылы ғалымның қазіргі түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасының түп қазығы көне түркі жазбаларының тілі болуы қажеттігін көрсетіп кеткенін меңзейді.
А.Н.Самойлович Орхон-Енисей, Талас жазбаларының тілі туралы арнайы зерттеу жүргізбегенімен ескерткіштер тілінің ерекшелігін терең білетінін ұйғыр жазбаларының тілін, орта ғасыр ескерткіштері тілін зерттеу барысында, түркі тілдерінің классификациясын жасауда көрсетіп кеткен ғалым. Ол түркі тілдерін жіктеуде негіз тіл ретінде Орхон-Енисей жазбаларының тілін алып, ескерткiштер тiлiнiң фонетикалық белгілерін жіктеудің басты критерийі ретінде қолданады [50,77-97]. Осы тұрғыдан алып қарағанда А.Н.Самойлович Орхон-Енисей жазбаларының тілін түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасында қолданудың методологиялық қырларын жетілдіруге үлес қосқан ғалым. Сондай-ақ А.Н.Самойлович еңбектері Орхон-Енисей жазбалары мен ұйғыр ескерткіштері тілінің жақындығын алғаш дәлелдеп көрсетуімен де ерекшеленеді. Ол «Памятники енисейско-орхонской и уйгурской письменности не дают, по-моему, достаточно доказательств в пользу существования основных различий между языками этих двух письменностей, и я потому не склонен резко разграничивать эти языки» дей отырып аталған тілдер арасында аздаған өзгешеліктер барын да жоққа шығармайды [50,80]. Түркi тiлдерi ҮIII ғасырдан берi тұрақтылығын сақтап келе жатқанына баса назар аударған ғалым, якут және чуваш тiлдерiнен басқа түркi тiлдерiн бiр ғана тiлдiң диалектiлерi мен говорлары деңгейiнде қарастыруға да болатынын көрсетедi [50,58].
Орхон-Енисей және Талас ескерткіштері тілінің жан-жақты зерттелуі С.Е.Маловтың еңбектерінен басталады. С.Е.Маловтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде көне түркі тілінің теориялық іргетасы қаланды. Көне түркі руникалық ескерткіштерінің оқылуы мен аударылуына ерекше еңбек сіңірген С.Е.Малов көптеген мақалалары мен көне түркі тілінің грамматикасын түзуге бағытталған көлемді монографияларында тілдің фонетикалық жүйесі, морфологиялық құрамы, синтаксистік конструкциясы жайлы ой-пікірлерін жариялап отырды. Ғалым өзінің «Памятники древнетюркской письменности (Тексты и исследования)» атты еңбегiнде ескерткiштер тiлiнiң фонетикалық жүйесiне талдаулар жасау негiзiнде түркi тiлдерiнiң тарихи-хронологиялық жiктемесiн ұсынып, морфема жiгiндегi lt, nt, nč үндi – қатаң дауыссыздар тiркесiн, γ, g дыбыстарының сақталуын көне құбылыстар ретiнде қарастырса [9,5-7], «Енисейская письменность тюрков (Тексты и переводы)» атты зерттеуiнде жетілдірілген, жаңартылған ескерткіш мәтіндерін берумен қатар көне түркі тілінің фонетикалық жүйесі, морфологиялық құрылымы, диалектілік ерекшеліктеріне сараптама жасайды. Ол ескерткіштер тіліндегі диалектілік варианттардың ұшырасатындығын дыбыс сәйкестіктері арқылы (biņ ~ bïņ, adïraltïm ~ adïrïltim т.б.) көрінетінін түбір морфема деңгейінде де, қосымша морфема деңгейінде де мысалдар негізінде айқындап береді [35,62]. Ал келесi монографиясында Талас, Шу бойынан табылған ескерткiштердiң тiлдiк ерекшелiктерiн Монғолия жерiнен табылған көне мұралардың тiлiмен салыстыра отырып, көне түркi тiлiнiң диалектiлiк ерекшелiктерi жайлы тұжырымдарын тереңдете түседi [38].
И.А.Батмановтың көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі жайлы зерттеулері немесе тікелей басшылығымен жүргізген зерттеулер көне түркi ескерткіштері тілі деректерін жинақтап, жүйеге түсіріп, оның фонетикалық жүйесіндегі дауысты, дауыссыз дыбыстардың қолданыс ерекшеліктерін, комбинаторлық өзгерістерін, лексикалық жүйесіндегі лексикалық сәйкестіктерді, лексикалық-тақырыптық топтардың (топонимдер, этнонимдер, титуларлық лексемалар т.б.) ортақтығы мен айырмашылықтарын, грамматикалық құрылымы бойынша сөз таптары мен олардың жасалу жолдарын, тәуелдеу, жіктеу, септеу категорияларының жасалуы мен қолданысын қазіргі түркі тілдерін деректерімен салыстыра отырып, Енисей ескертіштері тілінің ортақ грамматикасын сомдап беруімен, сөздiгiн түзуiмен құнды [51. 32. 52].
В.М.Насилов «Язык орхоно-енисейских памятников» атты еңбегінде ауқымды тілдік деректер негізінде Орхон-Енисей ескерткіштері тіліне сипаттама береді. Ғалым зерттеуі өзіне дейінгі зерттеушілер көп бара бермеген ескерткіштер тілінің синтаксистік құрылымы, сөздердің байланысу тәртібі, сөз тіркестерінің жасалуы, сөйлем мүшелерінің орын тәртібі мен ойды жеткізудегі қызметіне ерекше мән беруімен ерекшеленеді [55]. Көне түркі жазбаларының тілі жайлы құнды пікірлер айтып, көне түркі тілінің грамматикалық құрылымының жүйеленуіне елеулі қызмет еткен ғалымдардың бірі – Э.Р.Тенишев көне түркі жазба ескерткіштерінің қазіргі түркі тілдеріне қатыс-дәрежесі әр түрлі екенін ескерте отырып, «түркi жазбаларының тiлi тарихи диалектологияның негiзгi бастау-көзi бола алмайтынын айтады» [54,54-61]. «Түркi тiлдерiнiң тарихы тым тереңнен басталатынын, түркi тайпалары руника жазуын пайдаланған уақыттан көп бұрын-ақ диалектiлерден тұратын жалпыхалықтық тiлдi қолданғанын меңзеген ғалым «С появлением у тюрков руноподобной письменности устное койне, в какой-то мере уже архаизованное, приобрело права литературной нормы, получивший сильную общественную опору и условия распространения в связи с образованием государственных объединений» [55,164-172] деген тұжырымға келедi. ҮІІ-ІХ ғасырдағы көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін оғыз, ұйғыр, қырғыз, қыпшақ басқа да көне түркі тайпалары бірдей қолданған әдеби қалыпқа түскен тіл ретінде қарастырған ғалым, әр тайпаның өзіндік ерекшеліктері бар сөйлеу тілі болған деп санайды, «оғыздар мен қыпшақтар j – тiлдi, ұйғырлар d – тiлдi, қырғыздар z – тiлдi» [55,165].
Көне түркi жазба ескерткiштерi тiлiнде көне оғыз, көне қырғыз, көне ұйғыр тiлдерiнiң ықпалы сақталғанын көрсеткен Н.А.Баскаков, Орхон-Енисей жазбаларын көне оғыз және көне қырғыз тiлдерiмен байланыстырса, манихей жазбаларынан көрiнiс беретiн көне ұйғыр тiлiн n диалектiсiне және j диалектiсiне жiктейдi [56,165-166]. В.Г.Кондратьев көне оғыз ескерткiштерiнде де, көне ұйғыр ескерткiштерiнде де Орта Азияда жүздеген жыл бойы қолданылған бiртұтас түркi тiлi сақталған деп санайды, ғалым «бiртұтас тiл» ұғымын белгiлi бiр дәрежеде шарттылық сипатта қолданылғанын ескерте отырып, тiлдiк ерекшелiктер көне оғыз, көне ұйғыр ескерткiштерi арасында ғана емес, бiр ескерткiш мәтiнде де кездесетiнiн айтады [57,26].
Ескерткiштер тiлiнiң грамматикасын түзу барысында көне түркi тiлiндегi түбiрлердiң фонетикалық құрылымы, бiр буынды етiстiк – есiм омонимиясы, сөзжасамдық фонетикалық тәсiлi тәрiздi түркiлiк түбiртанудың маңызды мәселелерiне тоқталған зерттеушi А.Н.Кононов болды. Көне түркi түбiрiнiң ең шағын тұлғасы дауысты, дауыссыз – дауысты, дауысты – дауыссыз құрылымды түбiрлерден тұратындығын көрсеткен ғалым, қазiргi түркi тiлдерiне кеңiнен таралған дауыссыз – дауысты – дауыссыз дыбыстардан тұратын үш құрамды моносиллабтарды Э.В.Севортян, Б.М.Юнусалиев тәрiздi белгiлi түркологтар негiзiн қалаған грамматикалық синкретизм немесе етiстiк – есiм мәндi түбiр-негiздер мәселесiне қатысты қарастыруды қолдайтынын бiлдiредi. Соңғы дауыссызды қосымша морфема ретiнде таныған зерттеушi өз ойын «... морфологический анализ в большинстве случаев определяет третий элемент (т.е. конечный согласный) как залоговый показатель (при глагольных корнях) или как словообразовательный аффикс (при именных корнях)» [2,76] деп көрсетедi. Ғалым пiкiрiнiң негiздiлiгiн айғақтайтын бiр буынды түбiрлердiң iштей компоненттерге ыдырау мүмкiндiгiн дәйектейтiн тiлдiк деректер қоры жинақталып, теориялық негiзi жасалғанмен, соңғы элементтiң сөзжасамдық сипаты, қызметiне қарай етiстiк категориясына немесе есiм сөз тудырушы аффикске жiктелуi мамандар тарапынан толық қолдау тапқан жоқ.
Көне түркі мұраларының тілі жайлы алғаш пікір айтқан қазақ ғалымдарының бірі – С.Аманжолов. Ғалым 1958 жылы Шығыстанушылардың І Бүкілодақтық ғылыми конференциясында жасаған баяндамасында көне түркі руна ескерткіштерінен ерте жазылған лингвистикалық мұралардың жоқтығын ескерте отырып, ҮII-ІХ ғасыр ескерткіштер тiлi негіз – тіл ретінде, барлық түркі тілдері жайлы тарихи-салыстырмалы зерттеулердің тіні, арқауы қызметін атқаруы қажеттігін меңзейді. Ескерткіштер тіліндегі басты ерекшеліктер деп: t ≈ z ≈ j сәйкестіктерінің орнына d дауыссызының қолданылуын (адақ – нога, адырылтым – лишился, едгү – добрый, қудруқ – хвост, адғыр – жеребец, күдегү – зять); -dï қосымшасының -tï/-ti етістік формаларының қолданылуын (алты/алды – взял, келті/келді – пришел, шел; берті/берді – дал); етістіктің бұйрық райының ерекше формада қалыптасуын (өлүр – убей, умертви; олур – сиди, садись); сөз соңындағы және сөз ортасындағы ғ/г дауыссыздарының тұрақтылығын (тағ – гора, еліг – рука, азығ – коренные зубы, адығ – медведь, өгүр – стадо, табун; қайғуқ – лодка, мүгүз – рога т.д.); күрделі сын есімдердің ерекше тәртіппен қолданылуын; басқа да көптеген лексикалық ерекшеліктерді септік жалғауларындағы өзгешеліктерді көрсете отырып, ескерткіштер тілінің өз ішіндегі ерекшеліктерді s ≈ t, s ≈ š, q ≈ γ, k ≈ g, d ≈ t, m ≈ b, q ≈ d сәйкестіктері аясында айқындайды. Аталған ерекшеліктер негізінде көне түркі ескерткіштер тіліндегі диалектілік жіктеліс жайлы пікірін былай білдіреді «Я убежден, что древнетюркские памятники отражают, действительно, племенной язык многих тюркских племен, но я не отрицаю, что в древнетюркских языках имеются некоторые диалектные различия» [58,131-133].
ҮІІ-ІХ ғасыр көне түркі ескерткіштерінің тілін зерттеуде қазақ ғалымы Ғ.Айдаровтың еңбегі үлкен. Бүкіл шығармашылығы көне түркі мұраларының тілін зерттеуге арналған ғалымның бірнеше мақалалары, «Язык орхонского памятника Бильгекаган» (А., 1956), «Күлтегін ескерткіші» (А., 1995), «Тоникуқ ескерткішінің (ҮІІІ ғасыр) тілі» (А., 2000) т.б. тәрізді көлемді еңбектері түркология ғылымына қосылған үлкен үлес болып табылады. Ғ.Айдаров көне түркі жазбалары мәтінінiң қазақ тіліндегi лингвистикалық аудармасын жасаған әрі көне түркі тілі мен қазақ тілінің сөздігін түзген, көне түркі тілінің грамматикасын қазақ тілінде жазған тұңғыш ғалым [62. 63]. Ғалым ескерткіштер тіліндегі фонетикалық ерекшеліктерді саралап, сөз құрамына морфологиялық талдаулар жасау арқылы туынды сөздер құрамындағы түбір сөздерді ажыратып, зат есімдерді лексика-семантикалық топтарға жіктеп көрсетуі түркі тілдерінің тарихи лексикологиясы мен тарихи фонетикасына сіңірген үлкен еңбегінің көрсеткіші болып табылады.
Түркi рунологиясы тарихында өзiндiк орны бар белгiлi ғалым А.Аманжоловтың еңбектері тек рунолог ретінде көне мәтіндерді оқып, транслитерациялау, аудару, жазудың генезисін зерттеу ісінде сіңірген қажырлы еңбегімен ғана емес, көне түркі тілі деректері негізінде жалпы түркі тілдерінің тарихи грамматикасының күрделі теориялық мәселелері жайлы, көне түркі тілінің диалектілік ерекшеліктері туралы тұжырымдарымен, сөз этимологиясын ашудағы дәйекті ой-пікірлерімен де құнды [5. 7. 36. 61].
Көне түркі жазба ескерткіштерінің сөзжасам жүйесін жан-жақты зерттеген А.Есенқұловтың [62], есiм сөз тiркестерiн, жалпы синтаксистiк құрылымын зерттеу нысаны ретiнде алған Е.Ағымановтың [63] еңбектерi, Қ.Өмірәлиевтің [64], М.Томановтың, Ә.Құрышжановтың [65], Т.Қордабаев [66] т.б. сынды белгілі ғалымдардың көне түркі жазба мұраларының тілі жайлы әр жылдары айтқан ой-пікірлері ескерткiштер тiлi мен қазақ тiлiн салыстыра зерттеудiң теориялық-әдiснамалық негiзiн қалыптастырып, түркiтану ғылымына қосылған қомақты үлес болды.
Жалпы көне түркi ескерткiштерiнiң лингвистикалық тұрғыдан кеңiнен зерттелуi өткен ғасырдың 50-90 жылдары аралығына сәйкес келедi. Осы кезеңде Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерiнiң жекелеген мәселелерi жөнiнде, қазiргi түркi тiлдерiне қатыс-дәрежесi, сабақтастығы жөнiнде бiрнеше диссертациялар қорғалды [67. 68. 69. 70. 71. 72. 73. 74. 75. 76. 77. 78. 79.], көптеген мақалалар мен iрi монографиялар жазылды.
Көне мұралар тiлi жайлы соңғы жылдары жазылған көлемдi еңбек Қ.Сартқожаұлының, Г.Г.Левиннiң, В.У.Махпировтың монографиялары. Орхон түркiлерi мен якут тiлдерiндегi лексика-семантикалық параллельдердi құрылымдық, семантикалық тұрғыдан талдауға бағытталған еңбекте Г.Г.Левин ескерткiштер тiлi мен қазiргi якут тiлiндегi лексикалық сәйкестiктердiң фоно-семантикалық, семантикалық-тақырыптық, сандық-статистикалық сипаттамасын берсе [80], көне түркi ономастикасын зерттеген В.У.Махпиров ескерткiштер тiлiндегi онимдердiң құрылымдық типтерi мен мағыналық модельдерiн талдап көрсетедi [81]. Қ.Сартқожаұлы Орхон мұраларын түпнұсқадан қайта оқу барысында ескерткiш мәтiндерiнiң аудармаларын жетiлдiрiп, көне түркiлердiң алфавит түзу тәжiрибесi, көне түркi тiлiнiң фонологиялық құрылымы жайлы соны ойларын бiлдiредi [82. 85].
Орхон, Енисей ескерткiштерi мен қазақ тiлiндегi лексикалық параллельдердiң лексика-семантикалық сабақтастығы, семантикалық деривациясы жайлы тың тұжырымдарды, жаңа этимологиялық талдауларды Ш.Ш.Жалмахановтың [83], кейбiр түркiлiк өлi түбiрлердi ажырату мәселесi жайлы пiкiрлердi қазақ тiлiндегi түркi негiздi аффикстердiң тарихи эволюциясын зерттеген Ж.Тектiғұлдың [84] еңбектерiнен кездестiремiз. Қазақ тiл бiлiмiнде көне ескерткiштер мен қазақ тiлiнiң сабақтастығы жайлы жүргiзiлген зерттеулер қатарында О.Бекжанның [85] т.б. еңбектерiн атауға болады.
Руна жазулы көне түркі ескерткіштері алғаш оқыла бастағанынан бері ҮІІ-ІХ ғасыр мұралары тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің сыр-сипаты көптеген зерттеушілердің назарын аударып келеді. В.В.Радлов өзінің 1911 жылы жаряланған «Древнетюркские диалекты» атты мақаласында көне түркі ескерткіштерінің тілін оңтүстік диалект, солтүстік диалект және аралас диалект деп үш топқа жіктегені белгілі. Кейінгі зерттеушілер негізінен осы бағытты ұстанып, В.В.Радлов жіктемесін ХІ ғасыр түркілері тілінің ерекшеліктерін көрсеткен М.Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрк» еңбегіндегі деректермен сабақтастыра қарастырады, сондай-ақ басқа да орта ғасыр ескерткіштерінің тілінің ерекшеліктері де ескеріледі.
Н.А.Баскаков көне түркі ескерткіштерінің ішіндегі фонетикалық ерекшеліктерді сөз еткенде сөз соңындағы t ≈ d ≈ z ≈ j сәйкестіктерін негізге алып [86] пікір айтса, А.М.Щербак сөз соңындағы n ≈ j сәйкестігіне [87, 23-26], И.А.Батманов сөз басындағы е(э) ≈ і сәйкестігіне [52, 24-25] сүйенеді.
А.Аманжолов көне түркі ескерткіштерінің диалектілік ерекшеліктеріне көңіл бөлген барлық ғалымдардың пікірін талдап, қорыта отырып, «Көне түркi ескерткiштерi тiлiндегi жекелеген фонетикалық (графикалық) және морфологиялық ауытқулар әртүрлi тайпалық диалектiлердiң ықпалына ғана байланысты емес ескерткiштер тiлiне өзек болған негiзгi диалектiнiң динамикалық дамуына да қатысты болуы мүмкiндiгiн» айтады және көне түркі жазба ескерткіштерін фонетикалық белгілеріне қарай диалектикалық тұрғыдан жіктеу белгілі бір дәрежеде долбар күйінде қалатынын ескертеді [5,34].
Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің тілі түркі тілдерінің генеалогиялық және тарихи жіктемелерінде түркі тілдерінің Д – ұйғыр немесе солтүстік шығыс тобына, шығыс тобына [50,77], Солтүстік Сібір тобындағы тілдерімен байланысты топқа, Оңтүстік және батыс тобына, Орталық Азия топшасына [88,195-200], ұйғыр-оғыз тілдерінің ұйғыр-тукюй тобына [56,230-232. 89,18-19], көне түркі тілдеріне (С.Е.Малов) [9,90] жатқызылуда.
ҮІІ-ҮІІІ ғасыр ескерткіштері тілін көне оғыз немесе қазіргі оңтүстік түркі тілдерінің тегі деп тек генетикалық принцип бойынша қарастыруға қарсы Э.Р.Тенишев «Язык рунических надписей есть запись древнетюрского койне смешанной (огузо-уйгурской) природы, первый литературный вариант в истории тюркских языков» деген қорытындыға келедi [55,170]. Ескерткіштер тіліндегі дәстүрлі стилистикалық құрылымдардың молдығына сүйенген ғалым, көне түркі жазуы қолданысқа енбей тұрған кезден бірнеше ғасыр бұрын-ақ осы тілдің өмір сүргенін, ол көне түркілер дәуірінде жоғарғы әлеуметтік топтар пайдаланған аристократтық сипаттағы, диалектілерден ада нормаға түскен тіл болғанын, Күлтегін және Білгеқаған ескерткіштері мәтінінде аздаған айырмашылықтар авторлардың туған тілінің ықпалына, жеке стилінің, мектебінің, жазу мәнерінің ерекшелігіне байланыстылығын айтады [53,170]. Ал Енисей ескерткіштерін әлеуметтік топтардың барлығы тұтынуына орай, оның қолданыс аясы кең болғанын, сондықтан «диалектілік ерекшеліктерді айқын ажыратуға болады» деген пікірлерге келісетінін білдіреді және Орхон ескерткіштерін де, Енисей ескерткіштерін де бір тілдік койнеге жатқызып, Ұйғыр ескерткіштерінің тілін екінші койне ретінде қарастырады [55, 170-171]. Зерттеушінің көзқарастарынан көне ескерткіштердің тілін жекелеген көне тайпаларға тиісті жіктеуге қарсы болғанымен Орхон-Енисей ескерткіштері тілін тұтастай алып қарағанда диалектілік ерекшеліктердің барын жоққа шығармайтынын байқаймыз. Көне жазба ескерткіштер тiлiн дыбыстық ерекшеліктеріне байланысты жіктеу өте күрделі мәселе екені белгілі. Қазір қолданылмайтын көне дәуірлерден жеткен жазба мұралар арқылы сол тілдің акустикалық бейнесін дәл сомдап беру мүмкін емес. Жазу мәдениетінің бастапқы кезеңінде белгілі бір тіл иелері графикалық таңбалар арқылы өз тілінің дыбыстық тұлғасын дәл беруге ұмтылғанмен, сөздер мен форманттарды жазуда ауытқушылықтар кездесіп жатады. Көне түркі әліпбиін жетілген жазу жүйесі болды десек те, жазудың қатаң принциптері толық орныға қоймағанын байқау қиын емес, бұл тілдің дыбыстық жағына да әсер етеді әрі тасқа қашау қағазға жазу емес, мүлт кетсе түзеу де қиын.
Алғашқы жазу үлгілерінің орфографиялық тұрғыдан дамуы сол кездегі ауызша тілдің дыбыстық жүйесі дамуынан әрдайым кеш жүретіні анықталған мәселе. Жазба тiлдiң қалыптасу жолының бастапқы кезеңi мен сол дәуiрдегi ауызекi тiл арасындағы қайшылықты Гузев В.Г. «... орфографияның дамуы дыбыс жүйесiнiң дамуынан кешеуiлдеп жүредi; жазба тiл мен фонетика арасындағы байланыс әлсiрейдi, жазу сөздiң дыбысталуын дәл бере алмауы мүмкiн. Бұл көне ескерткiштер тiлiн тарихи-фонетикалық тұрғыдан зерттеудегi бiршама шарттылықты сипаттайды » [90,37-38] деген ойлары арқылы бiлдiредi. Сөзді жазу оның фонемалық құрамына да әсер етеді. Себебі көне жазбаларды басқа тіл иесі немесе сол тіл иесiнiң мұрагерлері оқығанның өзінде сөздің графикалық тұлғасындағы фонеманы ғана таниды, ал фонеманың варианттарын анықтау өте қиын, тарихқа, рунологияның принциптері мен тіл теориясының заңдылықтарына ғана сүйену аздық етеді. Бұл жерде көне тіл иелерінің қазіргі мұрагерлерінің немесе сол тілдерді жетік меңгерген, көне халықтың қазіргі мұрагерлерінің дүниетанымын терең түсінетін зерттеушілердің тілдік интуициясы да маңызды. Қазіргі көне түркі жазба ескерткіштері мәтінін оқудағы зерттеушілер арасында пікірталас тудырып жүрген, кезінде жаңсақ оқылып, транслитерациялаған жекелеген сөздердің, кейбір сөздердің аударылуында да қателіктер ұшырасуының бір себебі де осыдан туындайды.
Түркітанушы Қ.Сартқожаұлының көрсетуі бойынша бір ғана Мойун-Чур ескерткішінің мәтінінде 156 қате бар [91,118]. Зерттеуші көне түркі жазбаларын ең алғаш оқыған В.Томсен көне түркілік qon «қой» сөзін j тұлғасымен qoj деп оқығанын, одан кейін В.Радлов n (nij) тұлғасымен оқып, осы соңғы оқылым ғылыми айналымға еніп кеткенін, дұрысы j тұлғасы екенін айтады. Егер ғалымның пікірі толық дәлелденіп, басқа рунологтар тарапынан мойындалып жатса, онда осы бір жайдың өзі қыпшақ тілдерін көне түркі жазба ескерткіштерінен алшақ қарауға негіз болғанын көреміз. Сондықтан аталған мәселенің шешімін табу аса ұқыптылық пен байыптылықты қажет етеді.
Көне түркі жазбаларының көпшілігін шағын немесе тым қысқа мәтіндерден тұруы да сөйлемнің, ойдың мазмұнын дәл айқындауды күрделендiре түседi. Енисей бойынан табылған қысқа мәтінді ескерткіштерді оқудың күрделігі жайлы И.В.Кармушин «Енисей жазбаларының трафареттiлiгiне тән ерекше жағдайдың орын алуы, тiлдiң материал көлемiнiң тым шағындығы мәтiнде бұрын қолданылмаған сөздердi өте қысқа контекс аясында оқу да, түсiну де қиын, интуицияға негiзделген оқылым көп жағдайда шындыққа жанасымды болмай жатады» деп жазады [92,165].
Талас, Ертіс, Іле ескерткіштері құрамында кездесетін бір сөзден, сөз тіркестерінен немесе бір сөйлемнен тұратын мұралар да кездеседі. Мұндай шағын жазбалар көбіне бұйымдарға бедерленген. Жиі пікірталас өзегіне айналатын жәдігерлер де осылар. Енисей жазбаларының ішінде де оқылуы немесе аударылуы әлі толық мойындалмаған, бірізге түспеген мұралар баршылық. Мысалы, Енисей жазбаларына жататын Барық ІІ Е. 6 ескерткішіндегі Küni tirig «Күні тіріг» антропонимінің ер адам есімі немесе әйел адам есімі екені ажыратылмағандықтан мазмұны бір-бірімен мүлдем бөлек екі түрлі аудармасы бар. В.В.Радлов, С.Е.Малов, А.Аманжолов ер адамның атын білдіретін антропоним ретінде қарастырса [35,21-22. 5,115-116], И.В.Кармушин Küni tirig антропонимінің бірінші компоненті küni сөзінiң семантикасына байланысты тек әйелдерге қойылатынын айтады және өз пікірін М.Қашқари еңбегінде тіркелген küni лексемасының «бір еркектің әйелдерінің бір-біріне қатысы» (Бесим Аталайдың аудармасы бойынша); «екінші әйел» (С.Муталибовтың аудармасы бойынша) мағыналарын, «тұтқын әйелдердің бір-біріне қатысы» (ДТС бойынша); күндес-әйел (словарь-индекс. Т.А.Боровковтың аудармасы бойынша) мәндері арқылы дәйектейді [92,169]. Соның нәтижесінде И.В.Кармушин аудармасы алғашқы аудармадан мазмұндық жағынан тұтастай өзгеріп кеткен. Көне жазба ескерткіштерін лингвистикалық тұрғыдан зерттеуге кедергі келтіретін жағдайлардың бiрi де осындай текстологиялық жүйесіздіктер.