Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мед.микробиология 1 часть каз.doc
Скачиваний:
2156
Добавлен:
20.05.2015
Размер:
3.47 Mб
Скачать

7.4. Қоршаған орта факторларының организмнің реактивтілігіне әсері.

7.4.1. Инфекциялық процесс пайда болуы және дамуындағы макроорганизм реактивтілігінің рөлі.

Инфекциялық процестің спецификалығы микробпен байланысты болса оның ағымы және көрініс түрлері макроорганизмнің жағдайымен байланысты. Инфекция қоздырғыштарымен күресу үшін макроорганизм патогенді және шартты-патогенді микробтардың енуіне және көбеюіне де олар өндіретін патогенділік факторларының әсеріне де кедергі жасайтын тұқымқуалаушы генетикалық (түрлік) және жеке баста жүре пайда болатын механизмдердің барлық комплексін жұмылдырады. Инфекциялық процестің пайда болуына, барысына және аяқталуына әсер ететін макроорганизмнің негізгі қасиеттеріне резистенттілік және қабылдаушылық жатады.

Резистенттілік (лат.resistentia – қарсы тұру, қарсы әсер ету) – ол әр түрлі зақымдаушы факторлардың әсеріне организмнің төзімділігі. Инфекциялық қабылдаушылық немесе қабылдағыштық– ол макроорганизмнің микробтардың енуіне инфекциялық процестің әр қилы түрде дамуымен реакция беру қабылеттілігі.

Резистенттіліктің де, қабылдаушылықтың да екі түрі бар: түрлік және ин-дивидуальдық (жеке даралық).

Түрлік қабылдаушылық осы түрге жататын барлық дараларға тән. Әр түрлі микробтарға байланысты ол генетикалық белгіленген және едәуір шамамен жасушалар мен тіндердің химиялық құрамының ерекшелігімен, рецепторлардың болуымен т.б. анықталады.Микроб макроорганизмнің ішкі ортасына түскен күннің өзінде,инфекциялық процесс барлық уақытта дами бермейді, өйткені оның қабылдаушылық жағдайы, патогендік әсердің көрініс беру мүмкіндігін анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Әрбір жануарлардың микробтың бір түріне сезімталдығы бірдей емес. Мысалы, су егеуқұйрықтары, қояндар, үй тышқандары және аламандар туляремия қоздырғышына сезімталдығы және оны қабылдаушылығы өте жоғары. Олар осы микробтың минимальды дозасынан ауруға шалдығады және өледі. Оларға қарағанда мысықтар, түлкілер және сасық күзендер бұл микроорганизмді қабылдаушылығы өте төмен және оған іс жүзінде сезімталдығы жоқ, өйткені қоздырғыштың мол мөлшерімен жұқтырған кезде де оларда ауру жеңіл түрде өтеді және жылдам жазылып кетеді. Аусыл вирусына ірі қара мал өте сезімтал, ал адамдар сирек жағдайда ауырады.

Белгілі бір қоздырғыштарды қабылдаушылық инфекциялық агенттің эво-люциялық процесі кезінде ғана өзгеріп қоймай, осы түр-реципиенттің де эволюциялық процесінде өзгеруі мүмкін.

Жекедаралық (индивидуальный) қабылдаушылық – ол микробтардың әсерінен оларда инфекциялық процестің әр түрлерінің пайда болуына әрбір жеке даралардың бейімділігі. Жекедаралық қабылдаушылық дәрежесі сол микроб жұққаннан кейін ауырып тұрғанда жүре пайда болатын және профилактикалық егуден кейін түзілетін әр түрлі деңгейдегі иммунитет дәрежесімен, организмнің реактивтілігін өзгертетін қосалқы аурулардың болуымен анықталады.

Қабылдаушылық белгілі микробтарға түрдің немесе жеке дараның сандық тұрғыдан сезімталдық өлшемі ретінде толық, жоғарғы, шамалы, әлсіз болуы немесе тіптен көрініс бермеуі мүмкін. Осыған байланысты микробтардың патогенділік қасиеті толық, жартылай байқалады тіптен білінбейді, ал инфекциялық процесс типті, атипті (айқын емес, субклиникалық) түрде өтеді немесе тіптен білінбейді.

Макроорганизмнің қабылдаушылығы және резистенттілігі оның жалпы физиологиялық реактивтілігін немесе сырттан келген әсерге, соның ішінде микробтарға қарсы тұру үшін, тіршілігін өзгертумен жауап беру қабылеттілігімен тығыз байланысты. Белгілі түрге қатысты факторлардан басқа макроорганизмнің реактивтілігіне әсер ететін фактолрлардың қатарына жатады: жынысы, жасы, тамақтану тәртібінің бұзылуы, жүйке, эндокринді жүйелердің иммунды жүйемен байланысты жағдайлары және де сыртқы ортаның биологиялық және әлеуметтік факторларының әсері.

Инфекцияға әр түрлі жастағы төзімділік зат алмасу ерекшеліктерімен, ішкі секрециялық органдардың қызметімен және иммундық жүйенің жағдайымен байланысты болады. Нәрестелердің 6 айға дейін күл, қызылша т.б. ауруларды қабылдамайтыны белгілі, ол эмбрионалдық кезеңде плацента арқылы анадан балаға иммунды глобулиндердің G класына жататын спецификалық антиденелердің берілуімен байланысты. Жасанды тәсілмен тамақтандырылатын балаларға қарағанда,анасының емшегін еметін балалар ішек инфекцияларының қоздырғыштарына анағұрлым төзімді келеді, өйткені олар ана сүтімен иммунды глобулиндердің А және М класына жататын антиденелерді алады. Бұл антиденелер трансплацентарлы жолмен берілмейді және жергілікті антибактериялық иммунитетте маңызды рөл атқарады. Жасы есейіңкіреген балаларда жұтқыншақ және көмей дифтериясы жиірек дамиды,ал емшек жасындағы балаларда – кеңірдек, мұрын және басқа сирек орналасатын дифтериясы кездеседі.Жасы бойынша мұндай айырмашылық бала организмінің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Емшек жасындағы балаларда көмей және жұтқыншақ дифтериясының сирек болуы олардың бадамша безі әлі жетілмегенімен және де көмейдің шырышты қабатында және лимфалық аппаратында нерв рецепторларының болмауымен байланысты. Баланың жасы кішкентай болған сайын жұқпалы ауру атипті түрде өтеді. Жас туралы айтқанда мынаны атап өтуге болады: ересек тышқандардың сары қызба ауруына тұқым қуалайтын иммунитеті бола тұра, жас кезінде оған өте сезімтал келеді, яғни жылдам қабылдаушылығы бар – 3 - апталық жаңа туылған тышқандардың бұл вирусқа қарсы тұру қабылеттілігі толығымен жоқ. 4 айдан астам жастағы қояндардың көк тамырына енгізгенде сөзсіз өлімге әкелетін стафилококтық токсин дозасы қоянның жас көжектеріне ешқандай әсер етпейді. Жаңа туылған тышқандар мен көжектер дүниеге жетілмеген түрінде келеді және олар сіреспе токсиніне өте төзімді,ал ересек тышқандар мен қояндарды бұл токсин жылдам зақымдайды. Қартайған сайын иммунды жүйе ресурстарының азғындануына байланысты макроорганизмнің резистенттілігі төмендей бастайды, ол жасушалық микроқоршаудың да және иммундық жүйенің меншікті жасу-шаларының да өзгеруімен байланысты. Қартаю процесі кезінде тимус инволюциясы байқалады, лимфоциттердің саны және функциялық белсенділігі өзгереді, фагоциттеуші жасушалардың микробоцидті белсенділігі төмендейді, жергілікті иммунитет бұзылады. Нәтижесінде тері және шырышты қабат ауруларының созылмалы үдемелі түрге айналуына және шырышты қабаттардың атрофиялануына алып келеді.

Балғын жастағы балаларға қарағанда жас қыздарда иммундық жүйенің қа-лыптасуы ертерек басталады, сондықтан олар қолайсыз факторлардың әсеріне төзімділеу келеді. Дегенмен, еркектерге қарағанда әйелдердің организмі қолайсыз факторлардың ұзақ мерзімді әсеріне төзімді бола тұрғанымен, етеккір келген, жүкті болған және босанған кездерінде иммундыдепрессантты гормондар өндірілуінің жоғарылауы нәтижесінде, іріңді инфекциялар мен туберкулез қоздырғыштарына және басқа да микробтарға қабылдаушылығының күшейгені байқалады.

Аштыққа шалдығу немесе нашар тамақтану (тағамдық дистрофия), ақуыздардың және витаминдердің жеткіліксіздігі микробтардың өніп-өсіп көбеюіне және ішкі ортаға таралуына кедергі жасайтын механизмдерге қолайсыз әсер етеді. Жекедаралық жүре пайда болған иммунитет қана емес, түрлік иммунитеттің де күрт төмендеуінің нәтижесінде олар макроорганизмнің реактивтілігін де аса жылдам төмендетеді.Тері жабындыларының және шырышты қабаттардың қорғаныс фнукциясы әлсізденеді, қабыну процестері баяулап өтеді, жасушалардың фагоцитарлық белсенділігі күрт төмендейді,антиденелер түзілу құлдырайды, жоғарғы жүйке қызметі әлсірейді, аллергиялық реакциялар жойылады, көптеген аурулардың клиникалық сипаты өзгереді. Тамақтанудың нашарлауы антиденелердің өндірілуінің тапшылығына әкеліп қоймай, сонымен бірге көптеген метаболизмдік циклдер молекулаларының да (ферменттер, қышқылдар, витаминдер және аминқышқылдары, АТФ, НАД және НАДФ т.б.) түзілуін азайтады, олар молекулалық иммундық циклдерге қатысады және микробоцидті немесе микробостатикалық әсер ете отырып микробтардың биохимиялық процестерін бұзады. Жүгенсіздік (порочный) шеңбер пайда болады,өйткені пайда болған және дамыған жұқпалы ауру қоректенудің арман қарай нашарлауына әсер етеді. Әсіресе витаминдер мен амин-қышқылдары тапшылығының маңызы зор. Жеткіліксіз тамақтану жағдайында патогенді бактерияларға макроорганизмнің төзімділігі көбінесе төмендейтінін, ал бұл кезде,генетикалық деңгейде облигатты жасушаішілік паразиттер болып табылатын вирустарға, керісінше күшейтетінін зерттеулер нәтижесі көрсетті. Өйткені вирустардың меншікті белоксинтездеуші жүйесі жоқ, сондықтан олар жасушаның физиологиялық жағдайына тәуелді болып келеді. Сонымен, аштыққа шалдыққан организмнің инфекциялық агенттің біреуіне төзімділігі жоғкары, ал басқа біреулеріне төмен болуы ықтимал.

Жүйке, эндокринді және иммунды жүйелер жағдайының да атқаратын рөлінің маңызы кем емес. Жүйке жүйесі сияқты иммундық жүйе де макроорганизмнің жас жүйелеріне жатады. Құрылымы және жұмыс атқару принципі жүйке жүйесіне ұқсас болғанымен,ақырғы эффектілері нейрогуморальді емес иммунды процесс болады. Иммунды жүйе жасушаларының макроорганизмнің сигналдық молекулаларына – гормондар мен нейромедиаторларға – бағытталған рецепторлары болады. Иммунды жүйе макроорганизм қорғанысының кешенді құрамды бөлігі болып табылады. Оның жүйке және эндокринді жүйелермен қайтымды байланысы бар.Жануарларға микробтар жұқтырғанда, олардың токсиндері және антигендерімен әсер еткенде макроорганизмнің реактивтілігі жоғары жүйке жүйесінің қызметімен байланысты болатыны анықталған. Стафилококтық, стрептококтық және дифтериялық токсинмен егеуқұйрықтарды уландырғаннан кейін, күшті, салмақты және жылдам-ауыспалы жоғарғы жүйке әрекеті бар дараларына қарағанда, жоғарғы жүйке қызметі әлсіз типті егеуқұйрықтарда кең жайылған коркалық тежеуілдену ұзақ уақытқа созылатыны байқалған. Бас миының қыртысы (кора) иммунды-модульдеуші рөл атқарады.Бас мидың сол жақ жартысы Т-лимфоциттердің қызметін бақылайды, осы жақ бұзылғанда лимфоциттердің белсенділігі басылып қалады, ал оң жақ жартысы В-лимфоциттердің, макрофагтардың әрекетін бақылайды. Солақай адамдарда аутоиммунды аурулар жиірек болады. Психо-эмоциялық және жарақатттанудан кейінгі депрессиялар, стрестер және аса күшті шаршау, функцияларының біреуі макроорганизмді иммундық жүйенің гипербелсенділігінен және аутоиммундық процестер дамуынан қорғайтын, глюкокортикоидтардың жоғарғы деңгейде шығуының нәтижесінде иммундық реакциялардың басылып қалуына әкеледі. Екінші жағынан,кері байланыс каналымен иммундық жүйенің белсенділігінің артуы ОЖЖ (ЦНС)-нің механизмдерін іске қосады. Интерферонмен емдеу кезіндегі невротикалық және психиатриялық қолайсыз жанама эффектілер осының клиникалық белгілерінің көрінісі болып табылады.

Иммундық процестердің барлығы нейро-эндокриндік аумақта өтеді. Эндо-криндік жүйе де кері байланыс принципі бойынша жұмыс атқарады. Эндокриндік жүйенің аурулары макроорганизм реактивтілігінің едәуір өзгерісіне әкеледі. Мысалы,қантты диабетпен науқастанғандарда іріңді инфекциялардың қоздырғыштарына қабылдаушылығы жоғары екені белгілі, ол инсулиннің иммунды жүйеге стимулдеуші әсерінің болмауымен,зат алмасудың бұзылуымен және фагоцитоздың басылып қалуымен байланысты. Гипофиздің алдыңғы бөлігі шығаратын және адамдар мен жануарлар организміндегі зат алмасудың барлық түрлерін реттеуге қатысатын, соматотропты гормон - өсу гормонының тапшылығы, иммунды жүйенің орталық органына жататын тимустың жетілмеуіне және де иммунды-тапшылық дамудың нәтижесінде тиісті иммундық реациялардың әлсізденуіне әкеледі. Глюкокортикоидтар, андрогендер, эстрогендер және прогестерон макроорганизмнің иммундық реакцияларын басып тастайды, ал өсу гормоны, тироксин және инсулин стимулдеуші әсер етеді.

Организмнің жекедаралық реактивтілігінің қалыптасуында генетикалық полиморфизм маңызды рөл атқарады. Резистенттілік және қабылдаушылыққа полигендік сипат тән. Резистенттілік тек қана инфекция пайда болуына төзімділік емес, оның одан әрі дамуын, латентті жағдайда сақтап тұруын қамтиды. Бір қатар жағдайларда микробтар дамуының белгілі стадияларына фазалық төзімділік болуы болжамдалады. Микробтарға генетикалық төзімділік иммундық жүйе арқылы да және оның қатысуынсыз да іске асырылуы мүмкін. Инфекция дамуында иммундық жүйенің генетикалық факторларының арасында МНС антигендердің рөлі және де фагоцитозды, Т-және В-лимфоциттердің дифференциациялануын, интерферон өндірілуін және т.б. реттейтін гендердің мутациясы жақсы зерттелген. Иммундық жүйе арқылы әсерлеспейтін генетикалық факторлардың арасынан мыналарды атап өтуге болады:лиганд-рецепторлық өзара әсерлесуді бұзатын рецепторлардағы мутациялар;тар спектрлі микробтармен метаболизделетін субстраттардағы мутациялар т.б. Жеке дараларда, популяцияларда, этникалық топтарда және нәсілдерде микробтарға төзімділік барлық уақытта салыстырмалы сипатта болады.

Сонымен, инфекциялық процестің әр түрлі көрініс беруі, жұқпалы аурулардың клиникалық полиморфизмі осы инфекциялық процесс қоздырғышының биологиялық қасиеттерімен ғана емес, олар зақымдайтын макроорганизмнің жекедаралық реактивтілігінің ерекшеліктерімен де байланысты. Бұл кезде макроорганизмнің қорғаныс қызметін әлсірететін факторлар инфекцияның таралуына ықпал етеді, ал макроорганизмнің резистенттілігін күшейтетін факторлар, керісінше, оның дамуына кедергі жасайды. Қалыпты макроорганизмге қарағанда иммунды-тапшылығы бар макроорганизмде резистенттілік - инфекциялық процесс пайда болуының алғы щарты болып табылады. Бұл кезде сезімталдығы едәуір жоғары иммунды-тапшылығы бар макроорганизмде микробтардың жоғарғы вирулентті, ал иммунды макроорганизде – аз вирулентті штамдарының іріктелуі (селекциясы) болады.