Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 58. Шет елдердегі қазақтардың атамекеніне оралу проблемалары

Қазақтардың атамекенге оралу кезеңдері. Кезінде 1931—1933 жылдардағы ашар­шы­лықтан Адай округінен көшіп кеткен 5 мыңдай Красноводск қазақтары қайтып орала бастады.

1960—1965 жылдары жұмыс іздеген 1850 Астрахань қазақтары Атырау облысына қоныс аударып келді. Осының бәрі Маңғыстау, Атырау облыстарындағы халықтардың механикалық жолмен өсуіне әкелді.

1956—1962 жылдары Кеңестер Одағы тұсындағы әміршіл жүйенің қыспағынан Қытайға өтіп кеткен қазақтарға Отанына оралуға рұқсат етілді.

Сол жылдары келушілердің қолында аты-жөні жазылған және көлемі 4х5 см фотосуреті бар қағаз болды. Оларға бұрынғы кеңестік негізінде 1930 ж. 2 тамыздағы “КСРО азамат­тығы туралы заңды” басшылыққа ала отырып, жаңа төлқұжаттар берілді. Сол заңның 2-бабы бойынша 1930 жылдардағы аштық кезінде кеткендерге азаматтық берілді. Ал 3-бабы 1917 жылғы төңкерістерден шетелге кетуге мәжбүр болғандарға қатысты қолданылды. Осы 2-ші және 3-ші баптары бойынша Қытайдан келген оралмандарға КСРО азаматтығын беру туралы қорытындылар шықты. Бұл қорытындылар бекітіліп, төлқұжат берілетін мекемелерге жөнелтілді.

Қытайдағы қазақтардың оралуы қазақтардың механикалық жолмен ұлғаюына жағдай жасады. 1959—1970 жылдары қазақтар механикалық жолмен 143 мыңға көбейді. Тек ғана Алматы облысына 62 мың адам көшіп келді.

1956—1962 жылдардағы қазақтардың кері миграциялық ағымдары олардың этно­демографиялық жағдайына әсер етті. Мәселен, 1962 туғандардың жалпы саны ең жоғары көрсеткішке жетті.

1962 ж. 60 мыңдай ұйғырлар мен қазақтар кеңес-қытай шекарасынан бері өтті.

ХХ ғ. 90-жылдарының басында қазақтардың тарихи Отанына оралуы мәселесі үкімет деңгейінде шешіле бастады. Бұл мәселенің күрделілігіне орай, мемлекет қазақтардың шетелдерден оралуын біртіндеп жүзеге асыру бағдарламасын дұрыс көрді. 1991 ж. көктемде Талдықорғанға таяу Сарыөзек станциясына Монғолиядан шыққан оралмандар (7 отбасы) келіп түсті. 1991 ж. 18 қарашада Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес республиканың Министрлер Кабинеті “Өзге республикалар мен шет елдерден Қазақстанға келіп, ауыл шаруашылығында еңбек етуге тілек білдірген жергілікті ұлт өкілдерін көшіріп алу тәртібі мен жағдайлары туралы” қаулы қабылдады. Мұндай шешім шығарудың себебі, Қазақстан бұл кезде әлі оралмандарды қабылдаудың заңды мүмкіндіктеріне ие емес еді. Қазақстан 1991 ж. 16 желтоқсанда ғана тәуелсіз елге айналды. Содан кейін-ақ өзге елдерден қазақ оралмандарын қабылдаудың заңды негізін анықтау туралы мемлекетаралық келісімдер жүргізу үшін қажетті заңды құжаттар даярлауға байланысты шым-шытырық жұмыстар басталады.

1993 ж. 15 сәуірде ҚР Президенті “Иран Ислам Республикасынан және басқа мемле­кет­терден отандастарымызды көшіріп алуды ұйымдастыру шаралары және иммиграция квотасы туралы” қаулыға қол қойды. ҚР Президентінің 1993 жылғы 21 сәуірде қабылдаған N 322 қаулысына сәйкес, “Көші-қон туралы” заңдарда көзделгендей оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй сатып алу үшін ұзақ мерзімге ақша беру мәселелері көр­сетілген. Алайда жылда үкімет тарапынан квотаға бөлінетін қаржының жетіспеуінен бұл мәселелер әлі де толық шешілген деп айту қиын. Қаржы тапшылығы мен тұрғын үй қоры­ның жеткіліксіздігінен, азаматтық алу тәртібі мен тіл мәселесіне байланысты кедергілер және жұмыссыздыққа байланысты қиындықтар кездеседі.

Көші-қон барысында кеденнен оралмандардың дүние-мүлкін алып өту қиындыққа кезігеді. Кеден салықтарының жоғарылығынан олар бүкіл мал-мүліктерін кеденнен өткізе алмайды. Сондай-ақ, бұрынғы Одақтас республикалардың ішінде Түрікменстан мен Өзбек­станда үй-жайларды сатуға 10 жыл мерзімге дейін шектеу қойылған. Сондықтан олар жеке меншік үйлерін долларға немесе теңгеге сата алмай, тастап кетуіне тура келеді. Бұл мәселені мемлекет тарапынан бақылап отыру үшін Қазақстанда көші-қон мәселесімен 1997 ж. құрылған “Көші-қон және демография агенттігі” айналысады. Көші-қон мәселесі тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде елеулі рөл атқарады.

Көші-қон мәселесінің барлық құқықтық әрекетін 1992 ж. қабылданған Қазақстан Республикасының “Көші-қон туралы” заңы реттеп отырады. Осы заң негізінде Республика үкіметі қабылдаған шаралар жүзеге асады. Заңда көшіп келушілерге жан-жақты көмек көрсету, қамқорлық жасау шаралары белгіленген. Мәселен, 2001 ж. 600 отбасына көшіп келушілердің квотасы белгіленді. Жобада әр жылға орта есеппен 20 мың отбасын көшіріп әкелу қарастырылған.

ХХ ғ. 90-жылдарында Қазақстанда демографиялық жағдайдың нашарлауына, республика халқының құрамында жастар азайып, қариялар санының артуына (1990 жыл басымен салыстырғанда еңбекке қабілетті халық саны 83 мың, балалар мен жасөспірімдер 608 мың азайған, зейнет жасындағы адамдардың ара салмағы өскен) байланысты халық санын арттыруға бағытталған белсенді демографиялық саясат жүргізуді қажет етеді. Бұл саясаттың бір бағыты шет елдердегі қазақ ұлтын Қазақстанға қайтару болып табылады. 1991 жылдан 2000 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанға жалпы саны 176 мың адам болатын 41 мың отбасы оралды, оның ішінде 63,5 мың — Монғолиядан, 4,8 мың Ираннан, 2,4 мың — Түркиядан, ТМД елдерінен 103 мың адам болды.

Қоныс аударып келушілерді шыққан елдеріне қарай екі топқа бөлуге болады: алыс шет елдерден және бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан келген қазақтар. Бұрынғы КСРО-дан шыққан оралмандардың әр түрлі республикада болғандарына қарамастан, ортақ кеңестік менталитеті байқалып тұрады, сондықтан оларға Қазақстанның тұрмыс жағдайына бейім­деліп кету оңай. Шет ел қазақтары болса, өмір сүрген елдеріне байланысты іштей ерек­ше­леніп тұрады. Бұл әсіресе дін ұстауы, білім деңгейі, сыртқы жағдайға бейімделе білу дәре­же­сінен байқалады. Оралмандар неғұрлым аз елдер әлеуметтік-экономикалық және саяси жа­ғынан анағұрлым дамыған қоғам. ХХ ғ. 90-жылдары әлемдегі геосаяси өзгерістерге орай, жергілікті, аймақтық жанжалдар саны арта түсті. Бұл отқа оранған елдердегі қазақтар босқын статусымен Қазақстанға келе бастады. 1998 ж. желтоқсанда Қазақстан 1951 жылғы БҰҰ кон­вен­циясына және оның 1967 жылғы босқындар статусы туралы хаттамасына қосылды. Осы игілікті заң шараларына орай республикаға 15 мың босқын, негізінен Ауғанстаннан оралды. Олардың көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысына орналастырылды. Халықаралық ұйымдар­дың қолдауымен босқын-оралмандарға гуманитарлық жәрдем беру бағдарламасы қолға алынды.

Проблемалар. Тарихи Отанына келген қоныс аударушылар мұнда көптеген проб­лема­ларға тап болуда. Ең бастысы жұмыспен, баспанамен, азаматтық алумен қамтамасыз ету пробле­малары. Осы қажетті жағдайларды жүзеге асырудың күрделілігінен қоныс ауда­рушылар қазіргі Қазақстанның тәртібі мен жағдайына қиындықпен көндігуде. Мемлекет тарапынан оралмандарды жұмыспен қамту жөнінде бірқатар жұмыстар жүргізілді. Олардың көпшілігі ауылдық жерлерден шыққандықтан, оларға жер және фермер қожалығын құруға қажетті құрал-сайман бөлінді. Шағын несие беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алайда оралмандардың бәрі бірдей алғашқы тоқтаған жеріне тұрақтап қалмады, Монғолиядан келген оралмандар Көкшетау, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарын қолай көрсе, Ираннан келгендер — Алматыға, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарына орналасуға тілек білдірді. Соңғы кезде олардың республикаішілік көші-қоны байқалуда, бірсыпыра орал­ман­дар Қазақстанның оңтүстік облыстарына көшсе, бірқатары елді мекеннен ірі қалаларға қарай жылжуда. Бұл оралмандардың әлеуметтік-экономикалық мүдделеріне байланысты.

Оралмандардың көпшілігі азаматтық алу мәселесінде күрделі проблемаларға тап болуда. Өзбекстандағы көптеген қазақтар “өзбек” болып жазылып, қалың өзбектердің арасындағы көптеген қазақтар өзбектеніп кеткен. Түбі қыпшақ, қоңырат руларынан шыққан құра­малардың арасында да қазақтар көптеп кездеседі. Оларды қайта қазақтандыру болашақтың ісі. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының азаматтығынан шығу ісі де қазақтарға оңайға түсе қоймайды. Құжаттар дайындалып біткенше басқа жаққа шығуға болмайды және өзбек азаматтығынан шығу үшін 110 американ долларын төлеуге тиіс.

1991 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықта 183700 адам таяу және алыс шет елдерден көшіп келді.

Оралмандардың басым көпшілігі, яғни 47 мыңға жуығы Оңтүстік Қазақстан облысына, 26 мыңы Маңғыстау облысына, 24,9 мыңы Алматы қаласына, 14,4 мыңы Қарағанды облысына қоныс тепті. Елімізге қайта оралған 183700 адамның 140 мыңға жуығы Қазақстанның азаматтығын алып үлгерді. Қалғандарына ықтияр хат берілді.

Біздің конституциямыздың екінші бөлімі “Адам және азамат” деп аталады. Соның 10-бабының 3-тармағында “Республика азаматтығының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды” делінген.

Ауғанстаннан келген қандастарымызға ғана азаматтық іркіліссіз беріледі. Өйткені оларда ешбір елдің азаматтығы жоқ. Өзбекстанда бұл мәселе ол елде жылына бір немесе екі рет-ақ қаралады екен. Оның үстіне, азаматтықтан шығатын адамдар төлем төлеуі тиіс.

Өзбекстаннан және Түрікменстаннан келген ағайындарымызда бұрынғы КСРО-ның қызыл төлқұжаты болса, ол іркіліссіз біздің еліміздің азаматтығына қабылданады.

Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алған адамды ол ел бірден азаматтығынан шығарып тастайды.

1995 ж. Қазақстан Республикасында тұратын шет ел азаматтарының құқықтары туралы заң шықты. Сол заңда шет ел азаматы Қазақстан Республикасына тұрақты тұратын болса, оның құқығы Қазақстан азаматтарының құқығымен бірдей болатыны тайға таңба басқандай етіп жазылған. Олар сайлауда дауыс беру құқығына ие емес. Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейді, ол келген елінің азаматтығынан шығу да айтарлықтай заңды проце­дура­лар­мен күрделендірілген. Әсіресе Монғолия азаматтығынан шығу өте қиын, бұл осы елдегі қазақтардың Отанына оралу үрдісін қиындата түсуде. Ал Қазақстан азаматтығының жоқтығы оралмандар жағдайына көлеңке түсіруде. Мемлекет оралмандардың бейімделу үрдісін жеңілдету мақсатында бірқатар шаралар қолданды. Отанына иммиграция квотасымен оралған қазақтар отбасына баспана беріледі. Квотасыз келіп, баспананы өздері салғандарға миграция және демография басқармасы комиссиясы арқылы мүмкіндігінше қаржылай көмек көрсетіледі. Мемлекет өзін және отбасын қамтамасыз ете алмайтын, бұл жөніндегі қажетті құжаттары түгел адамдарға қамқорлық жасауды мойнына алған. Бүгінде Қазақстанда 13 мың 600 оралмандар отбасы мекенжайлық әлеуметтік жәрдем алады, олардың 898-і асы­рау­шы­сы­нан айырылғандар, 3014 отбасы көп балалы, 4398-і нашар қамтамасыз етілгендіктен уақытша жәрдемақы алады.

2001 ж. көшіп келушілердің квотасы тек 600 отбасына (жобадағы әр жылға орта есеппен қаралған — 20 мың отбасының орнына) бекітілген.

Республикамызға келген барлық оралмандардың 76768-сі (жетпіс алты мың жеті жүз алпыс сегіз) еңбекке жарамды адамдар болса, қазір олардың 27971-і (жиырма жеті мың тоғыз жүз жетпіс бір) немесе 32 пайызы жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, оралмандардың кәсіпкерлік қызметін материалдық жағынан қолдау мақсатымен үкіметтік емес “шағын несие” ұйымы арқылы 386 адамға 15749,1 мың теңге берілді.

Көшіп келгендерге бірінші кезекте үй бөлу, қарыз ақша беру туралы “Тұрғын үй” кодексінде де айтылған. Алайда мұндай шаралар қолға баяу алынуда.

Жергілікті атқару органдары оралмандармен жұмысқа ерекше мән береді. Аймақтарда “Оралмандар күні” өткізіліп, мұнда олардың проблемалары көтеріледі және әкімдердің қатысуымен нақты мәселеге байланысты нақты шешімдер белгіленеді. Мәселен, 2000 ж. мамыр айынан бастап жыл аяғына дейін барлық облыстарда “Оралмандар күндері” өткізілді. Кейбір облыстарда оралмандар шығармашылығына арналған фестиваль, көрмелер ұйымдастырылып, онда оралмандардың экономикалық саладағы және кәсіпкерлік қызметі жарнамаланды. Оралмандардың Қарағанды облыстық фестивалінде қолөнер көрмесі ашылып, киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылып, оралмандар өнер көрсетті. Сөйтіп, қазақтардың тарихи Отанына оралу мәселесінің шешуі оралмандардың өздері, мемлекеттік органдар және республика қоғамдастығының біріккен күш-жігеріне келіп тірелетін күрделі де жан-жақты проблемалардан тұрады екен.