Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 63. Тәуелсіз қазақстан республикасындағы ұлт саясаты

Ұлт мәселесіндегі проблемалар. Көпұлтты Қазақстан жағдайында ұлт мәселесі мемлекеттің негізгі мәселесі болып саналады. 1996 ж. өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының үшінші сессиясында Н.Ә.Назарбаев біздің мемлекеттігіміздің, біздің балаларымыздың болашағы Қазақстандағы әр түрлі этностық топтардың арасындағы келісімді, сыйласымдылықты сақтап, бекіте түсуге байланысты екендігіне ерекше назар аударған болатын.

Тәуелсіз Қазақстан ұлт мәселесіне өзінің өмір сүруінің алғашқы кезінен бастап үлкен мән берді. Өйткені күні біткен КСРО-дан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттерде қордаланып қалған ұлттық проблемалар аз емес болатын.

КСРО ұлт мәселесін шешуге мүлдем қабілетсіздік танытты. Тек көзжұмбайлыққа салынып, бізде ұлттық мәселе түпкілікті шешілгендігі және бір ғана кеңес халқы қалыптасқандығы туралы тезисті қайталаумен болды. Бұл тезистің шындыққа жанаспай­тындығын КСРО бар кездің өзінде оның аумағында ұлтаралық жанжалдардың болып тұрғандығы дәлелдейді. Ұлтаралық шиеленістер, ұлт мәселесіндегі дағдарыс бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауына түрткі болған стратегиялық, технологиялық артта қалу сияқты көп себептердің бірі. Кеңес Одағы құлар алдында елде бұрын байқалмаған толқулар күшейді. Н.Ә.Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” кітабында: “Ең қауіптісі — олар таза ұлттық сипат ала бастады. Ұлт мәселесінің соншалық асқындауы әуелі теориялық дәрменсіздіктен етек алды”, — деп жазды. Шынында, басшылықта да, ғылыми орталықта да бұл мәселемен шындап айналысқысы келген ешкім болмады. Ал ХХ ғасырдың аяғында тек кеңестер елінде ғана емес, бүкіл әлемде ауқымды ұлттық оянудың бұрқырай бас көтеруі басталған болатын.

Тоталитарлық жүйе тұсындағы жалпы мемлекеттік саясатқа эклектизм, яғни қарама-қарсы әр түрлі философиялық көзқарастарды, теориялық алғышарттарды, саяси тұжы­рым­дарды қалай болса солай дәйексіз біріктіре салу тән болды. Соның нәтижесінде ұлттарды аға мен ініге бөлу саясаты тәрізді келеңсіз көріністер орын алды. Кеңес халқы тоталитарлық-саяси әдістермен біріккен қауым, оның мәдени негізі идеологияландырылған кеңес мәдениеті болды. Сол себепті саяси қатаң тәртіп сәл әлсіреген кезде “адамдардың жаңа тарихи қауымдастығы” ыдырап кетті. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін бұрынғы ұлт саясатындағы бір ұлтты жоғары қою арқылы, екіншілерін төмендету, екінші қатарға ысырып тастауға, империялық көңіл-күйлерге, экстремистік әрекеттерге тосқауыл қойылды. Ұлт мәселесі “атылмаған жанартау” болудан қалып, ұлт проблемасының ақылды, парасатты шешімдерді қажет ететіндігі мойындалды.

Кеңестік тоталитарлық жүйеден қалған осындай этностық проблемалар жағдайында Тәуелсіз Қазақстан өзінің ұлт саясатын екі түрлі бағытта жүргізді. Бірі — осы мемлекетті құрушы негізгі ұлт болып есептелетін қазақтардың Кеңес үкіметі тұсындағы әлсіреген ұлттық мәдениетін, тілін, ділін қайта жандандыру болса, екіншісі — Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа ұлттардың мәдени, тілдік құқықтарын қамтамасыз ету еді.

Қазақстандағы ұлт саясатын зерттеуші ғалымдар осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың бүгінге дейінгі даму барысын екі кезеңге бөледі.

Бірінші кезең — 1991—1995 жж. қамтиды. Бұл кезеңді этноұлттық басымдылықтар кезеңі деп атауға болады. Бұл кезеңде мемлекетті құрушы негізгі ұлт ретінде қазақ этносына, оның тіліне, оның мәдениетіне біраз артықшылық берілді. Сондықтан да 1990 жылғы 25 қазанда жарияланған “Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі” жөніндегі Декларациясында қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп танылды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жөніндегі” конституциялық заңда қазақ ұлтының өз мемлекеттілігін анықтауға құқы бар екендігі көрсетілді. 1993 ж. 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында да Қазақстан мемлекеттілігінің ұлттық сипатына ерекше мән берілді. Ол бойынша да Қазақстан өзін-өзі таныған, өз болашағын өзі анықтайтын Қазақ ұлтының мемлекеті деп танылды.

Тәуелсіз еліміздің бұл кезеңінде мемлекеттігіміздің формасын ұлттық деп жариялаудың объективті қажеттілігі болды. Біріншіден, бұл кезеңде тәуелсіздік алған барлық мемлекеттер өздерін сол мемлекеттердің негізін құрайтын ұлттың мемлекеті деп жариялаған болатын. Екіншіден, ғасырлар бойы өз тәуелсіздігін жоғалтып, өз жерінде саны жағынан азшылыққа айналған қазақ халқының ұлттық рухын, көтеру, сол арқылы дүниеге жаңа келген мемлекетті тез арада аяғынан тік тұрғызу керек болды. Үшіншіден, тоталитарлық жүйе кезінде жойылып кете жаздаған қазақ халқының ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін, ділін қалпына келтіру үшін бұндай саясат қажет болды.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасына қарай қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін сезіне бастады, ұлттық рухы оянды, өзінің ұлттық құндылықтарын ақтап алды, ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін қалпына келтіре бастады, имандылыққа мойнын бұрды. Осы кезеңді мемлекеттің атауына негіз болып отырған қазақ ұлтының ұлттық санасының ерекше ояну кезеңі, ұлттық рухының ерекше көтерілу кезеңі десе де болады. Бұл кезеңде ұлтжандылықпен қоса, ұлтшылдық пиғылдардың да белең алғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл жағдайлар, екінші жағынан, республикада тұратын басқа ұлт өкілдерінің өгейсуіне, олардың арасында кемшілдік пиғылдардың біртіндеп қалыптасуына бастады. Сондықтан, әсіресе, 1993 жылдан бастап елімізден басқа ұлттардың біраз азаматтары өз тарихи отандарына көшуге бет алды. Мысалы, 1993 ж. Қазақстаннан 170 мың, 1994 ж. — 283 мың, 1995 ж. — 160 мың орыс ұлтының өкілдері Ресейге қоныс аударды. Осы кезеңде өз тарихи Отандарына немістер, украиндар, белорустар, татарлар да көбірек қоныс аударды.

Жалпы осы кезеңде, бұдан соңғы жылдары да басқа ұлт өкілдерінің Қазақстаннан қоныс аударуын республикадағы этноцентристік саясаттың нәтижесі ғана деп түсінбеу керек. Егемендік алған кездің алғашқы жылдарындағы өзге ұлттар өкілдерінің сыртқа көшуінің біздіңше мынадай себептері де бар. Біріншіден, бұрынғы КСРО сияқты үлкен мемлекеттің ыдырауы ұлттық жаңа құрылған мемлекеттер жағдайында ұлттардың арасында болашағына деген белгілі бір сенімсіздік туғызды. Сондықтан басқа ұлт өкілдері өз мемлекеттілігі бар елге көшті. Екіншіден, ұлттық мемлекеттіліктер құрылу кезеңінде этностар өкілдерінің санасында этноцентристік пиғылдар уақытша болса да күшейді. Үшіншіден, сана бодандығынан құтылған азаматтарда өз тарихи Отанына қайту пиғылының күшейуі заңды құбылыс еді. Әсіресе мұндай себеп кезінде Қазақстан жеріне күшпен депортацияланған неміс, т.б. халықтарға тән болды.

Қазақстанның ұлт саясатының екінші кезеңі 1995 ж. қабылданған жаңа Конституциядан басталады. Бұл Ата заңда енді Қазақстан халқын титулды және титулсыз ұлт деп бөлу жойылды. Бұл заң бойынша ендігі жерде Қазақстан мемлекеті ұлттық негізде емес, жалпыазаматтық негізде құрылатындығы баяндалды.

Осы конституциялық заңға негізделген еліміздің ұлт саясаты азаматтық қоғамның принциптеріне сүйене отырып, Қазақстан ұлты деп аталатын саяси-азаматтық қауымдастық құру мақсатын көздейтін саясатқа айналды. Бұл — Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған адамдар қауымдастығын бірте-бірте Қазақстан ұлты деп аталатын саяси-азаматтық бірлестікке айналдыру. Бұл — этностық мәдениеті, діні, тілдері түрлі болғанымен “Мен — қазақстандықпын!” деген елдік сананы қалыптастыру.

Тілдер туралы заң. 1927 жылдың 11 шілдесінде “Қазақстан Республикасындағы тілдер жөніндегі заң” қабылданды. Бұл заң бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып — қазақ тілі саналады. Бұл тіл мемлекеттік басқару органдарының, заң шығару, сот ісінің, іс жүргізудің тілі болып саналады және мемлекет аумағындағы қоғамдық қатынас­тардың бар салаларында қолданылады. “Қазақстан халқының басын біріктіруші маңызды қатынас құралы болып табылатын осы мемлекеттік тілді білу Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы болып табылады”, — делінген тілдер жөніндегі заңның 4-бабында.

Осы заңның 5-бабында мемлекеттік ұжымдарда және жергілікті басқару органдарында қазақ тілімен бірдей дәрежеде ресми түрде орыс тілі де пайдаланылатындығы жазылған. Сонымен қатар, бұл заң бойынша “Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өз ана тілінде сөйлеуге, өзінің қалаған тілінде тілдесуге, шығармашылықпен айналысуына, тәрбие, оқу жұмыстарын жүргізуге құқылы” (6-бап).

Жалпы еліміздегі тіл саясаты өте иманды. Ол бір жағынан — мемлекеттік тілді үйрену, пайдалануды міндеттесе, екінші жағынан — республикамызда бүгінгі қалыптасқан тілдік ахуалды ескеріп, орыс тілінің қолданылу аясына ешқандай шек қоймайды, оның үстіне, басқа тілдерге де ешқандай шектеу жасамайды. Дегенмен, балалар, сендер мынаны түсінулерің керек. Қазақ тілі осы мемлекеттің негізгі қолданыс тілі. Бұл тіл осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, бұл тілдің басқа Отаны жоқ. Сондықтан мемлекеттік саясатта бұл тілге алдағы уақытта да басымдылық беріледі. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін әрбір азамат бұл тілді білуге міндетті. Тіпті қазақстандық патриотизм бізді осыған жетелеуі қажет. Әрине, басқа тілдер де біздің елде толыққанды өмір сүруге құқылы.

Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. 2030 жылға дейінгі даму стратегиясындағы ұзақ мерзімді жеті басым бағыттың ішінде ұлттық қауіпсіздіктен кейінгі екінші орында көрсетілген. Ұлттық бірлік, татулық, теңдік қоғамның топтасуының кепілі. Дегенмен, көпұлтты республикада жалпыұлттық мүдделерді жүзеге асыруда қазақ ұлты оларды біріктіруші рөл атқаратындығы айқын. Күллі қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принцип пен ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды. Осыған орай, еліміздегі барлық ұлттар, ұлттық топтар мен этностық топтардың тілі мен салт-дәстүр, мәдениетінің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін Қазақстанда бірінші қазақ халқының түпкілікті ұлттық мүдделері дұрыс шешілгенде ғана өзге ұлттар мен этностық топтардың дамуына жол салынады. Себебі қазақтардың өзі кеңес империясы тұсында, одан ерте патшалық Ресейдің отарлық саясатынан көп зардап шекті. “Бұратана”, “тағы”, “варвар”, “қырғыз-қайсақ” деген небір ұлттық кемсітушіліктерді басынан өткерді. Сондықтан неше ғасыр басқа империяның қол астында болған Қазақстан үшін оның негізгі тұрғындары — қазақтар үшін, ұлт мәселесі өте-мөте маңызды. Өйткені қазақтар Кеңес империясы құлап, көптеген ұлттық топтардың өз отанынан жырақта қалған жағдайын жақсы түсінеді. Себебі тоталитаризм жылдарында миллиондаған қазақтардың өздері оның зардаптарын басынан өткерді. Миллиондаған қазақтар шет елге кетуге мәжбүр болды, демографиялық апатқа ұшырады. Ендеше кеңестік тоталитаризм қазақ халқының басына да орны толмас бақытсыздықтар әкелді.