Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 14. Қазақ-жоңғар соғысының тарихи қайраткерлері

Азаттық қозғалысының қаһарман батырлары. Халықтың басына сұрапыл күн туып, ат ауыздықпен су ішіп, азамат етігімен су кешкен кезеңде тоз-тоз болған елдің етек-жеңін жиып, басын құрап, халық мүддесін қорғаған қаһармандар шыға бастады.

Олардың басты арманы халықтың бостандығы, азаттығы еді. Әр азаматтың көкірек күйінішін, арман-тілегін дәл басып жырлаған Ақтамберді жырау:

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екеміз!

Күдеріден бау тағып,

Ақ кіреуке киер ме екеміз!

Жағасы алтын, жеңі жез,

Шығыршығы торғай көз,

Сауыт киер ме екеміз.

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екеміз.

Жалаулы найза қолға алып,

Жау қашырар ма екеміз, —

дейді.

Ұлттық сана-сезімі, ар намысы өртенген, есін жиған халық басын біріктіріп ірі қимылға дайындала бастады. Ел-жұрт бірлігін ойлап, жалпыға тіреу болған билер мен қол бастаушы батырлар шықты. Севан Рабданның ағасы Шона-Добаның әскеріне Сырдария өзені бойындағы қалалар тегеурінді қарсылық көрсетті. Қазақ жасақтарының басшылығымен 300 мың Ташкент халқы бір айға дейін беріспеді.

Ташкенттен кейін Сайрам, Түркістан қалалары алынды. Түркістан, Сайрамды қорғаушылардың басқыншыларға қарсы жанқиярлық ерлігі ерен болды. Әсіресе Сайрам қаласын ала алмаған жоңғарлар қаланы сумен жабдықтап тұрған Сайрам өзені сағасының ағысын басқа бағытта бұруға бұйрық берген.

Қазақ-жоңғар соғысы тарих сахнасына ерліктері халық жадында сақталған батырларды шығарды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының “Қазақ шежіресінде” Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы Көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіғожа, Сырым Малайсары, Тарақты Байғозы, Шапырашты Наурызбай, Уақ Сары, Баян сияқты батырлардың аттары аталады.

Қаракерей Қабанбай батыр(1691—1769) М.Ж. Көпейұлының айтуы бойынша: “Батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, үйсін Төле биден асқан би жоқ”. Жоңғар шапқыншылығынан елді азат етуде батырлығымен де, даналығымен де ерекше көзге түскен зор тұлғалардың бірі — Қаракерей Қабанбайдың әуел бастағы есімі Ерасыл еді. Одан соң алып денесіне қарап Нарбала атаныпты. Батырдың алғашқы ерлігін Бітімбай ақын былай жырлайды:

Ерлікпенен Ерасыл,

Дұшпанын жарып жайратты.

Дәл он алты жасында,

Көрсетті мұндай қайратты.

Қос білегін сыбанды,

Қас батырдай айбатты...

Өкпеден қанжар кіргенде

Барқ етті малғұн бақырып,

Қалмақ жатыр ойбайлап,

Бірін-бірі шақырып.

Қабанбай батыр алғаш 1724 ж. Түркістанда жасақ құрғанда отыз екі жас шамасында болған. Найман жасақтарын бастап әйгілі Алакөл шайқасына (1925 ж.), Бұланты шайқасына, Аңырақай шайқасына, 1745—1755 жылдар арасындағы Шорға соғысы мен Шаған шайқасына қатысады.

1716 жылдан 1757 жылға дейін 41 жылдық өмірін Қабанбай Қожағұлұлы қан кешіп жүріп халқын жаудан қорғауға арнады. Ол өз өмірінде соғысқа 103 рет кіріп, 54 рет жау батырымен жекпе-жекке шыққан. Осындай ерлігі үшін Абылай хан оған “Дарабоз”, “Хан батыры” деген құрметті атақтар берген.

Қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлы (1680—1778) аса көрнекті қолбасшы, елші, жоң-ғарларға қарсы азаттық соғысын ұйымдастырушылардың бірі.

Баһадүр Бөгенбай мемлекеттік, жалпыұлттық деңгейдегі қайраткер ретінде 1710 ж. Қарақұмдағы бүкілқазақтық Құрылтайда көрінді. Революцияға дейінгі зерттеуші Я.Гавердовский: “Құрылтайға қатысушылардың ішінде әр түрлі көзқарастар болды. Олардың бір тобы үй-күйін тастап, жан-жаққа босып кетпекші болды. Бірақ шешуші сәтте Бөгенбай көптің алдына шығып, ру ақсақалдарының аяғына қылышын қойып, ашуланып жейдесін жыртып: “Жаудан кек аламыз. Қолымызға қару алып, тоналған жайылымдар мен тұтқындалған балаларды қайтарамыз, қарап отыратын уақыт бітті. Қыпшақ далаларының сарбаздары жаудан қорыққан ба?” — деп, сол кезде ерлігімен әйгілі болған рубасы Бөгенбай мұндай әрекеттерге тосқауыл қойды” деп жазды. Осы құрылтайда Бөгенбай қазақ жасақтарының басшысы болып сайланды. 1726 ж. жауға бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру мәселесі көтерілген Ордабасы кездесуінен кейін Кіші жүз ханы Әбілқайырмен бірге Бұланты түбіндегі ұрыста жеңіске жетуге басшылық етті. Бөгенбай бастаған елшілік көршілес қытай, қырғыздармен келіссөз жүргізді.

Бөгенбай батыр Абылайды талай жорықтарға ертіп жүріп, мемлекет басқару ісіне баулып, ең соңында хандық билікке ұсынды.

Шақшақұлы Жәнібек — көрнекті қолбасшы, мемлекет қайраткері, жоңғарларға қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі. Абылайды хан көтергенде Орта жүздегі төрт тірегінің бірі ретінде шешуші рөл атқарды.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаз дауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек.

Орманнан көп Орта жүз,

Содан шыққан төрт тіректің бірі Жәнібек еді, —

деп көрсетеді Бұқар жырау өз толғауларында.

М.Ж.Көпейұлының айтуынша аты аңызға айналған белгілі батыр, қолбасшы Шақшақұлы Жәнібектің басшылығымен Орта жүз жасақтары 1725 ж. Қорғалжын көліне жақын Шұбаркөл ауданында (Орталық Қазақстан) жоңғарларға күйрете соққы берген.

Қазақ-орыс қатынастарының дамуына қосқан үлесі үшін патша өкіметінен І тархан атағын алған, Кіші жүз ханы Әбілқайырмен жақын байланыста болғандығы белгілі.

Шапырашты Наурызбай Құтпанбетұлы (1706—1781) жоңғарларға қарсы күрескен батыр, Абылайдың ту ұстаушы үш батырының (Бөгенбай, Қабанбай) бірі, он мың әскердің қолбасшысы. Наурызбайдың 1729 ж. жоңғардың белгілі батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтірген ерлігі қазақ даласына кең тарады. 1750—1752 жылдары ол бәсентиін Малайсары батырлармен жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып, жеңіске жеткен.

Әбілқайыр хан. Әз Жәнібектің кіші ұлы Өсеке сұлтаннан тарайтын Абдулла шаңырағында 1693 ж. дүниеге келіп, 1748 ж. әйгілі Барақ сұлтан қолынан қаза тапты. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың кіші әулеттен шыққанына қарамастан хан болып сайлануына оның жоңғарларға қарсы күрестегі ерлігі себепші болды.

1710 ж. Қарақұм құрылтайында да, 1726 ж. Ордабасыдағы ұлы жиында да бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы етіп Әбілқайырды бірауыздан сайлады.

А.Левшин: “Кіші жүздің ханы Әбілқайырды бас сардар етіп сайлағанда оны арғымаққа мінгізді, болашақ жеңіс үшін ақбоз атты құрбандыққа шалды. Билер мен хандардың ақ шатырларының алдында, Арғыннан шыққан қарт Бөгенбай жеңіс туын көтертті”, — деп суреттейді.

Джон Кэстль: “Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзді, қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ. Хан болмай тұрып, ол сұлтан ғана болатын, оның барлық балалары да осы лауазымды алып жүр. Жоңғар қалмақтарымен болған соғыста олардың басшысы қонтайшыны өз қолымен тұтқынға алғаннан кейін... Кіші орда оны хан сайлады”, — деп хабарлайды.

Әбілқайыр хан қазақ мемлекеттілігінде Абылай сияқты хандық пен қолбасшылықты қатар ұстаған жан-жақты ерекше тұлға. Әбілқайырдың батырлығы мен қолбасшылық дарынын ерекше танытқан — 1723 ж. Аюке хан басқарған Еділ қалмақтарына қарсы жорық. Онда қазақ жасағы өздерінен 4–5 есе артық қалмақтарды жеңген болатын. 1627—1771 жыл бойы Еділді мекендеген торғауыт қалмақтарға қарсы күреске Әбілқайыр тұтас жарты ғасыр өмірін арнады.

Жоғарыда аталған Әбілқайырдың ұйымдастырушылық қабілеті, қазақ қоғамының және қарсылас жауының ішкі-сыртқы өмірін терең білетіндігі жоңғарларға қарсы күресте өз жемісін берді. 1724 ж. өзінде-ақ Әбілқайырдың басшылығымен қазақтар алғашқы жеңіске жете бастады. Түркістанды қайтарып алды. “Ақтабан шұбырындыдан” кейін 1725 ж. оның шешімді қимылдарының арқасында 50 мың әскер қолы қайта жиналды. Әбілқайырдың басшылығымен қазақ жасақтары Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам қалаларын азат етуде ерен ерлік көрсетті. Жоғарыда айтылған аты бүкіл қазаққа мәшһүр болған батырлармен тізе қосып қазақ жасақтарын ұрысқа бастаған Әбілқайыр мен Бөгенбай еді. 1728 ж. Бұлантыдағы (Ұлытау жотасы, Қарасиыр мекені), Қалмаққырылған және 1730 ж. Аңырақай шайқастарына қолбасшылық Болат ханның қолында болғанымен Әбілқайырдың ұйымдастырушылық қызметі ерекше көрінді. Бүкіл Үш жүздің қолын біріктіруде Әбілқайырдың еңбегі зор.

Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы шешуші мәні бар ұлы тарихи оқиға.

Әбілқайырдың күреске толы өмірі ХVІІІ ғ. бірінші ширегіндегі қазақ халқының қилы тағдырына ұқсас. Ол қысқа тарихи мерзім ішінде көпшілікке танымал болып, ең жоғарғы билік шыңына көтерілді. Ол өзінің “басты хан” ретінде тарихи миссиясын орталықтандырылған, күшті, экономикалық жағынан гүлденген Қазақ хандығымен байланыстырды. Оның осы бір жеке басының қасиеттері мен саяси ойлары дәл сол кезеңдегі қалыптасқан жағдайға сәйкес келетін. Алысты болжағыш көрегендік қасиеті Әбілқайырды басқа дала хандарынан ерекшелеп көрсетеді.

Төле би Әлібекұлы (1663—1756) — қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірі, Жайсан жайлауында туған. Ұлы жүздің биі “Жеті жарғы” заңдар жинағын шығаруға қатысқан. 1743 ж. Ұлы жүз ханы Жолбарыс қайтыс болғанда, оның орнына алты жыл бойы, яғни 1749 жылға дейін Ташкентті басқарды.

Төле бидің қоғамдық қызметі “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” жылдарынан кейін күшейе түсті. Қарадан шыққан билер жоңғарларға қарсы қарулы күресті ұйымдастыруда халыққа ұйтқы болды. “Елге бай құт емес, би құт” дейтін нақыл сөзді Төле би сол кезде айтыпты. Төленің даналығын бейнелейтін бір халық аңызы бар. Жоңғар шапқыншылығынан босып, ел көше бастаған кезде Төле үйін жықпай жұртта қалыпты-мыс. Қалмақтың әскербасы бұған таңданып, көшпеген себебін сұрағанда, Төле би:

— Биыл шаңырағыма бір қарлығаш ұя салып еді, бұл дүние жүзін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін суға батудан сақтап қалған, жыланға адам баласының жем болу қаупі туғанда, содан қорғаған жәндік еді. Мен өз бала-шағамды қорғап қалған құстың ұясын бұзып, балапандарын қырып кете алмадым, — дейді. Мұны естіген қалмақ қонтайшысы:

– Бұл әулие екен, — деп оның өзіне де, маңайындағы еліне де тимепті-мыс. Сөйтіп Төле би қамсыз отырған халық қанын төктірмеуде осындай айла-тәсіл қолданған.

Қалмақ-жоңғар басқыншыларына қарсы халық азаттық күресін ұйымдастырудағы ерлігі мен сіңірген еңбегі үшін Төле би ел алдында үлкен беделге ие болған. Қазақтар мен өзбектер оның есімін тура атамай, көзі тірі кезінде-ақ “Абыз”, “Қарлығаш әулие”, “Қарлығаш би” деп қадірлеген.

Төле би көршілес Бұхар, Қоқан, Жоңғар хандықтарымен мүмкіндігінше бейбіт қатынас жасауды жақтаған. Ресейге екі рет елшілік жіберген. Соңғы 1749 ж. елшілікпен өз балалары Айтпай мен Жолдас батырды аттандырып, Ұлы жүзді Ресейдің өз қамқорлығына алуын өтінген. Төле би ұзақ жасап, кейінгі тұрған жері Ташкентте жерленген.

Қазыбек би Келдібекұлы (1665—1765) — Қарағанды облысының қазіргі Қазыбек (Егіндібұлақ) ауданында әйгілі би, ру басшысы Келдібектің отбасында туған. Жас кезінен асқан қабілеттілігімен Орта жүз рулары арасында танымал болады. Қазыбек бидің: “Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз; елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз”, — деген жай оғындай отты сөздері үшін халық оны қазып айтқан Қазыбек деп қастерлеген.

Ол Абылайдың басқаруы кезеңінде жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырады. Шапқыншылық кезде екі елдің арасындағы бітімші елші, мәмілегер ретінде белгілі болады. ХVІІІ ғ. 40-жылдарында Абылай ханды жоңғарлардың тұтқынынан босатып алған басты қайраткерлердің бірі.

Аса көрнекті би-шешен Қазыбек шешендік өнер тәсілін шебер қолданған. Оның сөзіне ешкім қарсы дау айта алмаған. Бұл қабілеті оның тұтқындағы адамдарды, айдап әкеткен малдарды, тіпті Абылайдың өзін босатып алуға жәрдемдескен. Халық аузында “Қазыбектің қалмаққа үш рет елші болып баруы”, “Қазыбектің елшілігі” деген әңгімелер сақталған.

Қазыбек би жүзден асып, Қарқаралы тауларына жақын жердегі ата қонысында қайтыс болған. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне жерленген.

Әйтеке би Бәйбекұлы (1682—1766). Кіші жүздегі Әлімұлы тайпасының Төртқара руынан шыққан. Оның өмірі мен қызметі туралы мәліметтер аз. Кіші жүздің биі ретінде Тәуке хан жанындағы кеңеске еніп, “Жеті жарғы” заңдар жинағын жасауға, мемлекеттік істерге, жүздердің арасындағы дауларды шешуге қатысқан. Ш. Уәлиханов белгілі билердің бірі ретінде Әйтеке есімін Төле бимен қатар атайды.

Қазақ руларының басын біріктіріп, бір орталыққа бағындырған және туысқан қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарымен одақтас болуды, жоңғар шапқыншылығына қарсы бірыңғай тұтас майдан құруды жақтаған.