Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 60. Қазақстандағы сайлау жүйесі

Атқарушы органдардың қызметін Үкімет басқарып отырады. Ал оның құрылуына Президент тікелей қатысып, өз қызметінде Үкімет елбасы алдында жауапты әрі Парламентке есеп беріп отырады. Тікелей және өздері сайлаған өкілдер арқылы халық ел басқару ісіне қатыса алады.

Қазақстандағы сайлау республика азаматы өзінің сайлау және сайлану құқықтарын еркін жүзеге асыруға негізделген. Президентті, мәжіліс және мәслихат депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау дауыс берудің құпиялылығы сақталып, жалпыға бірдей төте сайлау құқығы негізінде өткізіледі. Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті.

Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің енгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізді. Парламент сайлауы мен оны қалыптастыруда саяси партиялардың белсенділігі арта түсті. Партиялық тізіммен дауыс беруге рұқсат етілген 2000 жылғы соңғы сайлау кезінде бұл анық байқалды. Бұл жағдай өз кезегінде елдің саяси өмірін одан сайын жандандыра түсті. Мұны мынадан көруге болады: 1998 жылдың соңы мен 2000 жылдың басында ҚР Әділет министрлігінде “Қазақстан азаматтық партиясы”, “Қазақстан халықтық республикалық партиясы”, “Республикалық саяси “Отан” партиясы”, “Қазақстан аграрлық партиясы” және басқа да партиялар тіркеуден өтіп, өмірге жолдама алды.

Алдыңғы саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың дүниеге келуі халықтың қалың көпшілігінің саяси сана-сезімін, сондай-ақ, саяси мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, ұлттық-мәдени орталықтар мен діни бірлестіктер қоғамдық сананың түрліше тұстарын қамтыды. Әйткенмен, бұлардың ішінде саяси партиялар ғана қоғам мен мемлекет арасындағы дәнекерлеуші буын қызметін атқара алады. Өйткені ол ең алдымен өз қызметінде қалың көпшіліктің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауы тиіс. Іс жүзіне келгенде, республикадағы саяси, қоғамдық партиялар өздерінің қаржылық және ұйымдық деңгейі, алға қойған мәселелерінің ауқымдылығы, бағдарламаларының бірін-бірі қайталайтындығы жағынан әлі де болса тар шеңберде екенін айта кету керек.

Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар. Қазақстанның социалистік партиясы (ҚСП) бұрынғы Коммунистік партияның тікелей мұрагері ретінде 1991 ж. 7 қыркүйек күні ҚКП-ның кезектен тыс ХVІІІ съезінің шешімдері нәтижесінде саяси аренаға шықты. 1991 ж. 21 қазан күні партия республикалық Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Партия Жарғысына өзгерістер енгізілуіне байланысты 1992 ж. 29 мамыр мен 1994 ж. 16 наурызда қайта тіркеуден өтті. 1991—1993 жж. ҚСП ымырашыл саясат ұстанып, солшыл-орталықшыл позицияда болып, үкімет жүргізіп отырған саясатқа ашық келіспеушілік көрсетпеді және ықпалды болды. 1994 ж. бастап оппозициялық көңіл күйге ауысып, солға ығыса түсті.

1995 ж. партияішілік проблемалардың асқынуынан партия басшылығымен облыстық ұйымдардың саяси бағытында келіспеушіліктер туып, тұтас ұйымдар коммунистер жағына шығып кетті. ҚСП қазіргі кезде нақты күші мен ықпалының жоқтығынан іске қабілетсіз.

“Алаш” Қазақстанның ұлттық партиясы (ҚҰП) қоғамдық ұйымы алғашқыда 1991 ж. 4 қыркүйекте өткен құрылтай конференциясында Қазақстанның Республикалық партиясы (ҚРП) болып құрылды. 1992 ж. 26 желтоқсанда ҚРП республикалық Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. Республикалық статусы бар.

1999 ж. 29 мамырда Астана қаласында ҚРП ІІІ съезі болып өтті, онда ҚРП “Алаш” ҚҰП болып өзгертілді. Съезде партияның жаңа жарғысы мен бағдарламасы қабылданды, сайланбалы органның құрамы жаңартылды. Партияның аты өзгеруіне байланысты 1999 ж. 11 тамызда қайта тіркеуден өтті.

“Алаш” ҚҰП 1991—1992 жж. айрықша белсенділік көрсетті. 1993—1994 жж. Респуб­ликамыз мемлекеттік егемендік алуына орай, бірқатар саяси ұрандары актуалдылығын жоғалтуына және басшылығы арасында ала ауыздық пайда болуына байланысты партияның позициясы кәдімгідей әлсіреді. Ол 1995 ж. парламент, 1999 ж. елбасы сайлауларына қатыспады.

Қазақстан Халық Конгресі партиясы (ҚХКП) 1989 ж. құрылып, іле-шала Қазақстан бойынша басталып, Қазақстанның халқы және шет елдер құлшына қолдаған “Невада—Семей” антиядролық қозғалысының базасында дүниеге келді. Осы қозғалыстың даңқына орай, алғашында ҚХКП-ның жақтастары көп болды. ҚХКП 1991 ж. 5 қазан күні өткен І (құрылтай) съезінде бекітілді. Ресми түрде партия 1991 ж. 31 желтоқсанда ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Республикалық статусы бар. 1995 ж. 12 желтоқсанда қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты қайта тіркеуден өтті. Невада—Семей қозғалысының даңқтылығына байланысты партия алғашқы кезде көп жақтастар тауып, республиканың қоғамдық өмірінде аса белсенділік танытты. Алайда, 1995 ж. соңына қарай О.Сүлейменовтың партиялық белсенділіктен қол үзуіне байланысты, ҚХКП партияішілік өзінің идеологиялық позициясын анықтау үрдісінде күрделі жағдайларды бастан кешіруде. Осыдан да партия соңғы жылдары республиканың мемлекеттік-саяси дамуы үрдістеріне айтарлықтай ықпал көрсете алмай келеді.

Қазақстанның коммунистік партиясы (ҚКП) 1991 ж. қазан айында ХVІІІ кезектен тыс (төтенше) съезден кейін құрылды. ҚКП мүшелері бұл датаны “өзін-өзі таратқан партияның қайта бірігуі” деп, ал өздерін 1903 ж. құрылған большевиктер партиясының заңды мұрагері деп есептейді. ҚКП-ны қайта біріктіру шешімі партияның ХІХ съезінде коммунистердің бір тобының коммунистік партияны социалистік деп өзгертуіне қарсылық білдіруінен келіп шықты.

1994 ж. 28 ақпанда ұйым ресми түрде республикалық Әділет министрлігінде тіркелді. ҚКП-ның республикалық статусы бар. Қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты 1997 ж. 17 ақпанда қайта тіркеуден өтті. Өз қызметінің басынан-ақ ҚКП елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып келеді. Әсіресе 1998—99 жж. елбасын сайлау және ҚР өкілетті органдарына депутаттар сайлау кезінде елеулі де тиімді қызметімен көзге түсті.

Қазақстанның азаматтық партиясы (ҚАП) республикалық қоғамдық бірлестігінің 1998 ж. 17 қарашада Ақтөбе қаласында І (құрылтай) жиналысы болып өтті. ҚАП ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркелген. Республикалық статусы бар. Өз қызметінің алғашқы күнінен бастап ҚАП саяси белсенді өмір сүруде. Саяси аренада өз бетінше сенімді әрекет етеді. Партияның негізгі мақсаты — ҚР мемлекеттілігін нығайтуға және дамытуға үлес қосу.

“Отан” республикалық саяси партиясы” қоғамдық бірлестігі — “Отан” РСП 1999 ж. 19 қаңтарда Астана қаласында ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдайтын республикалық қоғамдық штаб қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысының шешімімен “Отан” республикалық партиясы қоғамдық бірлестігі болып өзгертілді. 1999 ж. 12 ақпанда “Отан” РСП-сы ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. Республикалық статусы бар. Алғашқы күннен бастап партия елдің саяси өміріне белсене араласты. Дүниеге келген күнінен бастап “Отан” РСП, өзінің ойынша, өз алдына қойған екі басты саяси міндеттерді орындаған: қатаң ұйымдық структура құрылды және 1999 ж. елдің өкілетті органдарына парламенттік және мәслихаттық орындардың көпшілігін иемденді.

“Қазақстанның аграрлық партиясы” (ҚАП) қоғамдық ұйымы — 1999 ж. Астана қала­сында өткен құрылтай съезінің шешімімен құрылды. Съезд делегаттары ауыл шаруа­шылығын реформалауды қолдау туралы ойларын білдірді. 1999 ж. 16 наурызда ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Республикалық статусы бар. Ол ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғау, бағдарламалық және жарғылық мақсат-міндеттерін жүзеге асыру, өзін-өзі басқару принципінде әрекет етеді. Бүкіл Қазақстан қоғамының жағдайын жақсартуға мүдделі.

“Азамат” — Қазақстанның демократиялық партиясы (ҚДП) қоғамдық бірлестігі 1995 ж. интеллигенция тобы құрған “Азамат” қоғамдық қозғалысының тікелей мұрагері. 1999 ж. 27 наурызда құрылтай съезі болды. 1999 ж. 17 мамырда “Азамат” ҚДП ҚР Әділет министр­лі­гінде ресми тіркеуден өтті. Республикалық статусы бар. Елдің қоғамдық өмірінде партия белсенді позиция ұстанып, көптеген баспасөз конференцияларында билік құрылымдарының қызметіне байланысты кез келген мәселеге партия басшылығының пікірін білдіреді, жағдайдан шығудың проблемалары мен шаралары туралы өз ойын айтып отырады.

“Ауыл” шаруа социалдемократиялық партиясы” (“Ауыл” ШСДП) қоғамдық бірлестігі — 2000 ж. 30 қаңтарда І (құрылтай) съезі болды. 30 наурызда партия ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Республикалық статусы бар. Басшыларының пікірінше, партия аграрлық партиямен шынайы идеологиялық келіспеушіліктер негізінде құрылды, олардың ойынша аграрлық партия ауыл тұрғындарының емес, “делдал капитал” мүддесін қорғайды.

1991 жылдан 2001 ж. дейінгі кезеңде Қазақстанда көппартиялық жүйе қалыптасты. Оның жолға қойылуында Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев үлкен рөл атқарды. Оның қолдауымен көптеген демократиялық партиялар құрылып, елде саяси жағдайдың дамуы қоғамды нығайтуға негіз салды.

Көппартиялық жүйенің құрылуы Қазақстан Республикасында сайлау жүйесінің дамуына әсер етті. Қазақстанда депутаттыққа кандидаттар ұсыну құқығына сайлау ұжымдары ғана ие емес, өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтардың өздері де ұсына алады.