Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 5. Патша үкіметінің хvііі ғ. Екінші жартысындағы қазақстандағы отарлық шаралары

Нұралы хан билігі. Әбілқайыр хан өлген соң 1748 ж. Кіші жүздегі хандық таққа оның ұлы Нұралы отырды. Бұл шешімді Ресей патшасы Елизавета Петровна бекітті. Нұралы патшалық билік тарапынан бекітілген бірінші қазақ ханы еді. Патша үкіметі бұл  әрекеті арқылы ендігі уақытта қазақ жұрты хан ретінде мойындаған сұлтанды хандық дәрежеге бекіту немесе бекітпеу өз еркінде екендігін білдіруі еді. Бұл қазақ халқының дербес мемлекеттігін жоюға бағытталған алғашқы қадам, сондай-ақ “патшалық ішінде патшалықтың болуы мүмкін емес!” деген стратегиялық бағыт көрінісі болатын.

Нұралы хан да әкесі Әбілқайыр сияқты ел арасындағы ықпалды топтардың қолдауына сүйене алған жоқ, сондықтан да оған ресейлік билік орындарының қолдауы қажет-ақ еді. Әкесіне ұқсап ол да алғашқы жылдары жалпықазақтық тақтан үміткер екендігін білдірді де, бірақ сыртқы істер коллегиясы И.И. Неплюевтің кеңесі бойынша Нұралы ханның өтінішін қолдамады, сөйтіп бекіту грамотасында оның билік ауқымын белгілемей, жай ғана “қазақ ханы” атады. Бұл қазақ қоғамын жеке хан билігі арқылы басқарудан бас тарту еді. Нұралы ханға дара қолдау көрсету өз ретінде Абылай, Барақ және басқа ел арасындағы аса беделді билеушілерді Ресейге қарсы қоюмен тең еді. Осы жағдайды ескере отырып, петербургтік билік Неплюев ұсынған, қазақ қоғамындағы ықпалды топтардың бірде-бірінің басқалардан ерекше күшейіп кетуіне жол бермей, олардың арасында  күштер “тепе-теңдігін” сақтау саясатын ұстануға көшті. Сөйтіп, кейінгі ХІХ—ХХ ғасырларда жаңа тарихи жағдайларға байланысты өзгеріп, жетілдіріліп отырған, бірақ үздіксіз жүргізілген ресейлік қазақ саяси элитасын басқару әдісі осылайша орныға бастаған еді.

Ресей үкіметінің бұл саясатының орнығуына қазақ қоғамының ішіндегі билеуші топ арасындағы ала ауыздықтың етек алуы, сондай-ақ Нұралы ханның ел арасында беделінің жоқтығы қолайлы жағдай туғызды. Әбілқайыр ханның ескі жауы Батыр сұлтан Нұралыны хан ретінде мойындаудан бас тартып, Сырдарияның төменгі ағысындағы шекті тайпасының старшындары оны өздеріне хан сайлайды. Сөйтіп, Кіші жүз екі хандыққа бөлініп, солтүстік-батыс бөлігі Нұралы ханға, ал оңтүстік-шығыс бөлігі Батыр ханға қарады. Егер Нұралы ханның Ресейге тәуелділігі жыл өткен сайын арта түскен болса, Батыр сұлтан өзін Ресейден алысырақ ұстап, Хиуа хандығының қолдауына сүйенуге бейімділік танытады.

Нұралы хан билігінің әлсіреуіне оның көрші халықтармен екі жаққа бірдей тиімді қатынас орнықтыра алмауы да үлкен әсерін тигізді. Оңтүстік шекарада Хиуаға бағынышты түрікмендермен арада бейбіт қатынастың орныға қоймауы салдарынан Нұралы әскері біріккен өзбек-түрікмен қолдарынан қирай жеңіліп, мыңнан аса қазақ жігіттері опат болды. Ханның Еділ мен Жайықтың арасындағы торғауыт қалмақтарымен қатынасы да өзара жаулық сипатта болды. 1771 ж. қысында патшалықтың езгісі мен зорлығынан Жоңғар жеріне қашқан торғауыттарды Нұралы хан Ералы және Айшуақ деген інілерімен бірге аяусыз тонап алады.

Нұралы ханның саясаты Кіші жүз қазақтарының башқұрт халқымен ара қатынасының шиеленісуіне алып келді. 1755 ж. Башқұртстанда Ресей езгісіне қарсы жаңа көтеріліс бұрқ ете қалды. Патша әскерінің қуғынынан ығысқан елу мыңға жуық башқұрттар қазақ даласына еніп, қазақтармен біріге орыс шабуылынан қорғанудан үміттенді. Орынбор губернаторы И.И. Неплюев башқұрттар мен қазақтарды өзара жауластыру мақсатында Нұралы ханға және басқа қазақ билеушілеріне арнайы грамота жолдап, онда башқұрттардың малы мен мүлкін тонап, ал өздерін құлға айналдыруға шақырады. Бұл үндеу қазақ ауылдары арасында кең қолдау тапқан жоқ. Тіпті, орыс билігінен бірігіп қорғану мақсатында жетіру тайпасы жерінде қазақ-башқұрт аралас қолдары құрылып, шекара бекіністеріне шабуылдар да жасалынды. Дегенмен, Орынбор губернаторының тілегін орындауға кірісіп кеткен Нұралы мен оның інілері башқұрттарды тонап, олардың басшысы Батырша Әлеевті орыстарға ұстап беруге күш салады. Бұл  сатқындық әрекеттен қазақ пен башқұрт елдері арасындағы туыстық қатынас бұзылып, өзара жаулыққа ұласуына жол ашады.

Көршілерімен араздасқан Нұралы хандық ішінен де қолдау таба алмады. Патшалық әкімшілікпен ғана жақын болу жолына түскен ханның рубасылармен ара қатынасы алшақтап кеткен еді. Хандықтың күнделікті өміріне байланысты шақырылып тұратын билер кеңесі де сиреп, билердің ел басқару ісіне араласу мүмкіндігі тарыла түскен-ді. Ал Нұралы ханның  Жайықтың оң жақ бетіндегі жайылымдарды пайдалануға патшалық әкімшіліктің келісімін ала алмауы, соның салдарынан мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы ханның беделін біржола құлдыратты. 1785 ж. генерал-губернатор О.А.Игельстром ІІ Екатерина  патшаға “рубасылары мен халықтың ханға наразылығы соншалықты зор, тіптен өздерінің берекесі мен тыныштығын алушы ретінде қарайды” — деп жазды.

1772 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының отарлық билік пен хан-сұлтандардың зорлығына қарсы азаттық қозғалысының басында тұрған Сырым батыр  өзін қолдаған рубасыларымен біріге отырып, Нұралыны биліктен аластату мәселесін қояды. Генерал-губернатор қозғалыс басшыларының бұл талабын орындап, 1785 ж. Нұралы ханды Орынборға шақыртып алып, оған  қызметкерімен бірге тұруға Уфадан жарамды үй бөлдіріп, күнкөріс үшін жылына 5 мың сом қаржы тағайындайды.

Жаңа басқару жүйесі. Тура осы жылы генерал-губернатор Игельстром патшалық билік орындарына Кіші жүз қазақтарын басқарудың жаңа жобасын ұсынды. Ол жоба бойынша хандық билік жойылып, қазақтарды басқару патша шенеуніктері мен қазақ ақсүйектерінің өкілдерінен тұратын Шекаралық сотқа берілетін болды. Шекаралық сот генерал-губернаторға бағынышты болып, Орынборда орналасты. Ал қазақ арасында, яғни жеке рулар үшін ерекше әкімшілік орындары – расправалар құру белгіленді. Рубасыларынан құралған расправалар өз ретінде Шекаралық сотқа бағынуға тиіс еді. Жаңа басқару жүйесі қазақ қоғамын басқаруды жеңілдетіп, патшалық билік  ықпалының арта түсуіне жол ашуға тиіс болды.

Ресей үкіметі Игельстром ұсынысын қабыл алып, 1786 ж. Орынборда Шекаралық сот ашылып, ал 1787 ж. Кіші жүздің негізгі руларын қамтыған төменгі сот орындары — расправалар ұйымдастырылатын болды.

Шын мәнінде жаңа билік жүйесі өзін ақтаған жоқ. Хандық билік жойылды, ал расправалар құрылмай  қалды. Шынайы билік ресейлік билік орындарынан тәуелсіз рубасыларының қолына көшті. Үкімет жергілікті әкімшілік орындарына толық тәуелді билік жүйесін құра алмады. Қоғамның ішкі өміріне ықпал жасау мүмкіндігінен айырылған үкімет дәстүрлі хандық басқару жүйесіне оралуға мәжбүр болды. 1791 ж. өмірден қайтқан Нұралы ханның орнына оның інісі Ералы хан  сайланды.

Бірақ ел арасында жеккөрінішті сұлтанның таққа отыруы хандық биліктің беделін көтере алған жоқ. 1794 ж. Ералы хан өмірден өтті. Араға жыл салып патша үкіметі 1795 ж. Нұралының ұлы Есімді  хан етіп  бекітті. Есім хан тұсында хандық билік пен рубасылары арасындағы егес тереңдей түсті. Соның салдарынан 1797 ж. наурызда Есім хан Сырым батырдың жақтастарының бірі Тілеп Қойбасовтың қолынан қаза табады.

Бұл жағдай да үкіметтің хандық билікке көзқарасына өзгеріс енгізе алған жоқ, отаршыл әкімшілік хандық таққа ел арасында беделсіз, өз пікірі жоқ сұлтандардың отырғанын жөн көрді. 1797 ж. күзде жаңа хан тағайындалды. Ол әлжуаз, патшалық биліктің айтқанынан шыға алмайтын қарт Айшуақ   сұлтан  еді.

Патшалық биліктің тұрақты қолдауына сүйеніп, қазақ қоғамының орыс билігіне тәуелділігін күшейте түскен сұлтандар партиясын Сырым батыр бастаған азаттық қозғалыс жолында тұрғандар жеңе алған жоқ. Батыр Хиуа хандығы тарапына ығысуға мәжбүр болып, сонда 1802 ж. опат болады.