Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§§25—26. Қазақстандағы саяси партиялар

Зиялылар қызметі. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары сан жағынан көп болған жоқ. 1917 жылғы Қазан революциясына дейінгі кезеңде қазақ қоғамында жоғары оқу орнын аяқтағандығы туралы дипломды иемденген мамандардың саны жүз отыздан, ал арнайы орта оқу орындарын бітіргендердің саны жеті жүзден асып жығылатын еді. Қазақстанда бірлі-жарым орта білімді мұғалімдер даярланатын курстар мен училищелерді есепке алмағанда, арнайы оқу орындары болған емес. Түрлі мекемелерде, әкімшілік орындарында қызмет жасаған қазақ мамандары негізінен ресейлік оқу орындарында білім алды.

Патша үкіметі қазақ халқының жалпы мәдени деңгейінің өсуіне мүдделі болған жоқ, керісінше, қараңғылықта ұстау оған пайдалырақ көрінді.

Ал ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде ашыла бастаған азын-аулақ мектептер мен гимназиялар жергілікті жұртты ислам дінінің “зиянды әсерінен” сақтау және далада орыс ықпалын өткізу үшін керек еді.

Сонымен бірге, отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орынды қазақ жастарына бөлуге мәжбүр болды. Мұндай қадамға бара отырып ол жыл сайын өсе түскен басқару жүйесінің жергілікті ұлттан шыққан мамандарға мұқтаждығын қанағаттандыруды көздеді. Осы мақсатта генерал-губернаторлық кеңселері жанынан қазақ студенттеріне жылына 3—4 стипендия белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген стипендияға және қазақ ауқатты топтарының өз еркімен жәрдемге жиған қаржысына сүйеніп қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Варшава сияқты қалалардағы оқу орындарында түрлі мамандықтар бойынша білім алды. Мәселен, тек Қазан университеті мен малдәрігерлік институтын 1917 жылға шейін 35 (20 және 15) қазақ жастары аяқтап шыққан.

ХІХ ғ. соңы — ХХ ғ. басында қазақ жастары үшін ірі білім орталығы міндетін Петербург қаласы атқарды. Империяның саяси өмірінің де астанасы болған бұл қалада осы мезгілде Ә.Бөкейханов (Орман шаруашылығы институты), М.Тынышбаев (Темір жол көлігі институты), Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров (Дәрігерлік академиясы), Б.Қаратаев, Ж.Досмұхамедов, М.Шоқаев (Петербург университеті) сияқты қазақ азаттық қозғалысында терең із қалдырған қайраткерлер білім алды. Қазақ жастары сондай-ақ Стамбұл, Каир университеттерінде де оқыды.

Қазақ зиялыларының үлкен бөлігі гимназия, дәрігерлік училище, мұғалімдер даярлайтын семинария түлектерінен тұрады. Бұл топтың қатарында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев сияқты көптеген ірі тұлғалар болды.

Қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі орталықтарда оқып, саяси оқиғаларға тікелей араласуы, орыс демократиясының ықпалында болуы оның қоғамдық көзқарасының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады. Сол тарихи кезеңдегі Петербургтің саяси өміріне қатысты мәліметке жақсы таныс Х.Досмұхамедов: “Петерборға 1-ші революция қарсаңында бардым да, бірден студенттік өмір иіріміне сүңгіп, өзімнің саяси сауатымды ашуға кірістім, түрлі партиялардың бағдарламалық талаптарымен таныстым, түрлі студенттік үйірмелерде болдым, тек сонан соң ғана орыс мемлекеті өмірінің ішкі мазмұнын түсіне бастадым. Мені және басқа қазақ студенттерін бірде-бір саяси партияның немесе үйірмелердің бағдарламалары қанағаттандыра алған жоқ... Сол уақытта Петерборда жүрген 10 шақты қазақ студенттері өз үйірмемізді құрып, Қазан және Мәскеудегі отандастарымызбен хат алыстық. Осы үйірмеде алғаш рет біздің негізгі тілектеріміз бірқалыпқа түсті. Ол — қазақ еліне толық мәдени және саяси теңдік, автономия берілуге тиіс, мұсылмандық Шығыспен ғана емес, Батыс елдерімен де қатынасты нығайту, Түркиядан емес, Жапониядан үйрену, Бұхар және басқа Шығыс елдерінде емес, Ресей және басқа Батыс елдерінде білім алу, жаңа негіздегі білім мен мәдениет үшін күресу, қорыта айтқанда, осы үйірмелерде тұңғыш рет кейін алашордалық қозғалыста үстемдік алған пікірлер бір арнаға түсті” деп жазды.

Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиесілі құбылыс емес-тін. Өмірде болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі саяси үйірмелер ісіне араласу Омбы, Семей, Орал сияқты жергілікті орталықтарда оқып жүрген жастарға да тән әрекет еді. Халел Ғаббасов ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында Семей гимназиясында оқып жүргенде Бичевин деген кісі ұйымдастырған үйірмеге қатынасып, оның жұмысына Омбыдан саяси қызметі үшін қуылған Жақып Ақбаевтың да араласқаны, үйірме мүшелерінің халық арасында “саяси әдебиеттер мен қазақтарды отырған жерлерін өз еркімен бермеуге, халқының мүддесін кафтанға айырбастаған сатқын болыстармен күресуге” шақырған үндеу қағаздарын таратқандығын айтады.

Сонымен, ХХ ғ. басындағы қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке даярлықпен келді, ал оның дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905 жылғы революциялық оқиғаларға тура келді. Оған қазақ халқының орыс отаршыл әкімшілігіне тәуелділігі және қоғамдық дамуда ортағасырлық дәрежеде қалуы түрткі болған еді. Саяси қызметі тура осы мезгілде басталған Міржақып Дулатұлы 1929 ж. кеңестік абақтыда тергеушілерге берген жауабында жалпы ұлт зиялыларына ортақ мынадай пікір білдірді:

“...Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уезд бастықтарын айтпағанда, ең төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады, оның бұл халге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш шенеуніктер, болыс басқарушылары және басқалары өз үлестерін қосып, ауыр салық, зорлық, парақорлық, құпия өсектер тасу үйреншікті көрініске айналды; қазақ әйелі күң жағдайында болуы, ең құнарлы жерлер ешқандай есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілуі, ал қазақтардың шөлге ығыстырылуы; патша үкіметі мектептер аштыруға бас-көз қамқоршы болудың орнына, қазақтарға өздері жиған қаржыға мектеп салуға тыйым салды; мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды (мысалы, Қосшығұлов, Науан хазірет, т.б.), дәрігерлік көмек жөнінде халықта түсінік те болған емес...

Қазақ елі, міне, осындай түнекте ғұмыр кешті. Патша үкіметінің отаршыл саясаты гүлдеу шегіне жетті. Осының бәрін көре тұрып өзімнің азын-аулақ біліміме қарамастан, қолымдағы барыммен ар-намысы аяқ асты болған сорлы халқыма көмектесу өз борышым деп санадым”.

Ресейдің орыс-жапон соғыстарында жеңіліске ұшырауы, оған 1905 жылғы империяның өміріндегі саяси оқиғалар қосымша болып, қазақ халқының санасында пісіп-жетілген наразылықтың сыртқа тебуіне түрткі болды. Қазақстанда саяси өмірдің қауырт жандануы ІІ Николай патшаның 1905 жылғы 18 ақпан күні “жеке адамдар мен мекемелерді” мемлекеттік қызмет пен халық тұрмысын жақсартуға қатысты өз ұсыныстарын арыз-тілек (петиция) түрінде орталық билік орындарына жеткізу туралы үлкен қаулысының жарық көруінен басталады. Бүкіл дала, Ә.Бөкейханов дәл көрсеткеніндей, саясат аясына тартылды. Жазға қарай Қазақстанның барлық өңіріндегі жәрмеңкелерде қазақ жұртының мұқтаждықтарын талқылаған съездер өте бастайды.

Бірден жандарм мекемелерінің назарына іліккен бұл жиындарда патшаға, ортақ билік орындарына арналған арыз-тілектер жазылды; Жетісу және Семей облыстары атынан жазылған петицияларды талқылауға 25 мыңнан астам адам қатысты.

Бұл талап-тілектерде қазақ елінің қоғамдық өмірдегі ең негізгі мұқтаждықтары, яғни жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру, ұждан және дін бостандығы, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, қазақ елінің жоғарғы заң шығарушы орындарға депутат сайлау құқын мойындау және басқа сол сияқты аса маңызды мәселелер көтерілді.

Барлық арыз-тілектерде жоғарғы билік алдына қойылған ең үлкен де өзекті мәселе, әрине, жер мәселесі болды. Арыз-тілек авторлары “әкелер қанының өтеуімен азат етілген атамекенін” орыс үкіметінің ешқандай да дәлел-себепсіз мемлекеттік меншік деп жариялап, соған сүйеніп ең құнарлы жерлер мен тұщы су көздерінің қоныс аударушыларға зорлықпен өтіп жатқандығына наразылықтарын білдірді.

Бірінші орыс революциясы тұсында жазылған бұл арыз-тілектер қазақ азаттық қозғалысының мүлдем жаңа сатыға көтерілгендігінің, сондай-ақ, оның басына тың саяси күштің — ұлт зиялыларының келгендігінің көрінісі болды.

Арыз-тілек науқаны қазақ азаттық қозғалысында өзара айырмашылығы бар екі ағымның қалыптасып келе жатқандығын аңғартты. Оның бір жағында қазақ жұртының болашағын еуропалық өркениеттің жетістіктерімен байланыста қарап, ал дін ісін екінші кезекке ығыстырған зиялылар тұрса, оған қарсы екінші бетте қоғамдық дамуда ұлттық-діни ерекшеліктерді негізгі құндылық ретінде бағалаған топ тұрды. Ә. Бөкейханов алғашқы ағымдағыларды батысшылдар, ал соңғы ағымдағыларды түркішілдер деп атады.

1905 ж. 6 тамызда жарияланған манифест бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығы берілді. Ұлт зиялылары Дума жұмысына белсене араласу арқылы үкіметтің Қазақстандағы саясатына, әсіресе жер мәселесіне ықпал етуге болады деп түсінді. Сайлау қарсаңындағы қазақ қоғамында Думаға депутат ұсына алатын өз бағдарламасы бар саяси партия жоқ болатын. Уақыттың тарлығына байланысты және басқа даярлықтың жоқтығын түсінген ұлт зиялыларының басым бөлігі ресейлік конституциялық демократиялық партияның (кадеттер) бағдарламасын мойындап, қазақ облыстарында осы партияның филиалдарын құрып, осы ұйымның атынан депутаттыққа түсті.

Бірінші Мемлекеттік Думаға қазақ елінің атынан Орал облысынан Алпысбай Қалменов, Торғай облысынан — Ахмет Бірімжанов және Семей облысынан — Әлихан Бөкейханов сайланды. Ақмола облысындағы қазақ жұрты атынан депутат болып сайланған молда Шаймерден Қосшығұловқа орыс тілін білмейтіндігіне байланысты депутаттық мандат берілмеді.

1906 ж. сайланған бірінші Мемлекеттік Дума бар болғаны 72 күн жұмыс істеп, үкіметтің шешімімен таратылды.

Өз жұмысын 1907 жылы 20 ақпанда бастаған екінші думаға қазақ елінен бес депутат сайланды. Олар Орал облысынан Бақытжан Қаратаев, Жетісу облысынан Мұхаметжан Тынышбаев, Сырдария облысынан Тілеулі Алдабергенов, Астрахан губерниясынан Бақыткерей Құлманов және Семей облысынан Темірғали Нұрекенов.

Бірінші және екінші Мемлекеттік Дума жұмысына мұсылман депутаттар фракциясы қатынасып, қазақ депутаттары үкіметтен Қазақстанға ішкі Ресейден қоныс аударушыларды қаптатуды, жергілікті халықты егіншілікке жарамды жерлерден ығыстыруды тоқтатуды талап етті. Қазақ депутаттарының бұл талабын қазақстандық Т.И.Седельников және сібірлік Скалозубов бастаған демократиялық бағыттағы орыс және басқа ұлт депутаттары да қолдады.

Қазақ зиялылары саяси партия құру жолында. Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысқа сай партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында (1905—07) қолға алды. 1905 жылғы 6 тамыздағы Мемлекеттік Дума құру жөніндегі патша манифесі басқа ұлттармен бірге қазақ еліне де депутат сайлау құқын берді. Сайлау науқанына араласқан қазақ зиялылары отарлық тәуелділіктегі қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қоғамдық үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, депутат сайлап, оған аманат тапсыру ісіне мұрындық болатын саяси ұйымның қажеттігін айқын аңғарды. 1905 жылдың соңына қарай Орал қаласында өткен қазақ облыстары өкілдерінің съезі “Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын” құру туралы шешім қабылдады. 9 адамнан тұрған ОК мен бағдарламасы жөніндегі хабар “Фикер” (Пікір) газетінде жарияланды (1905, 25 желтоқсан, N 5).

1906 ж. 10 маусымда Семей қаласында Мемлекеттік Думаға қазақтардан депутат сайлау үшін өкілдер жиналысы өтіп, Ә.Бөкейханов жиналғандарды “Халық еркіндігі” (кадеттер) партиясының бағдарламасымен таныстырып, жиналыс оған қатысқандардың аталған партияға қосылатындығы жөнінде қаулы қабылдады (“Семипалатинский листок”, 1906, 13 маусым). Саяси күрес жолына енді ғана түсе бастаған қазақ зиялыларының осы кезеңдегі саяси-әлеуметтік бағдары белгілі дәрежеде ресейлік радикалдық-буржуазиялық партия кадеттерінің қызметімен ұштасты. Бірақ осы кезеңдегі қазақ кадеттерінің өмірде ұстанған мұраттары орыс кадеттерінің бағдарламасынан мүлдем өзгеше еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында төмендегідей талаптар қойылды: қазақ жерін бүтіндей қазақ елінің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келушілер легіне тежеу қою, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу, т.б. (“Фикер”, 1905, 25 желтоқсан). 1905 ж. жазда өмірге келген Қарқаралы петициясының да талаптары осы мазмұндас болды. Отарлық езгіге қарсы жалпыұлттық бас көтеру толқынында пайда болған бұл алғашқы әрекеттер саяси партия құрумен аяқталған жоқ, өйткені оған қажетті алғышарттар қалыптаса қоймаған болатын. Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 ж. тағы да бой көрсетті. М.Сералин бастаған “Айқап” журналы төңірегіне топтасқан зиялылар ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Бірақ қазақ даласында орнаған қатаң әскери-отарлық тәртіппен есептесуге мәжбүр болған Бөкейханов бастаған топ мұндай әрекеттерге көшуге үзілді-кесілді қарсы шықты.

Алаш партиясының құрамы. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 ж. Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін “Қазақ” газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне “Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін” ұсынып, оған мынадай негіз келтіреді: “Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары программасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса программасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайды”. (“Қазақ”, 1917, N 234). 1917 жылғы 21–26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: “Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съез “Шора-и исламға” сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық, федеративтік, парламенттік республикаға құрылмақ...”. Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Бөкейханов ресейлік кадеттер партиясына мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келеді. “Қазақ” газеті (1917, N 244) өзінің бас мақаласында партияның атын “Алаш” қойып, оған тілектестерді, құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен бір мезгілде “Қазақ” басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын “Алаш” қою туралы жеделхаттар жіберілді.

Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 12—20 аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Орталық Комитет құрылымы, 1-ші жалпықазақ съезі бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйтқысы болды.

Партияның бекітуге даярланған жарғысы жөнінде “Қазақ” газеті былай деп жазды: “Алаш” партиясының толық жарнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты — кіндік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын, “Алаш” партиясының программасын жақтырып, жөн көрген, программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. “Алаш” программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, “Алаш” жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі “Алаш” партиясына кірмейді. “Алаш” партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн”. Партияның Орынбор қаласында Торғай облыстық комитеті ашылғандығы жөнінде хабарында “Қазақ” газеті “Алаш” партиясының мүшелік жарнасы 1 сом деп көрсетті (1917, N 250).

Алаш партиясының бағдарламасы. Алаш партиясы жарияланған бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республика болғандығын жақтады. Бағдарлама бойынша шашыраңқы қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізде Ресей Федерациясының құрамына енбек. Әлеуметтік қатынаста феодалдық аристократияны шектеу, таптық жіктелу мәселесі қойылған жоқ, керісінше, жалпыұлттық мүдде, ұлттық тұтастық бағытында тұрды. Алаш партиясы ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұртты тарқы ету жағына бастайды деп көрсетеді. Салық мәселесі де осы тұрғыдан шешілуге тиіс болды. “Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға — байша, кедейге — кедейше ғаділ жолмен салынады, ...бар жұмысшылар заң панасында болады”.

Бағдарламаның антифеодалдық сипаты “негізгі құқық”, “ғылым-білім үйрету” сияқты тарауларынан байқалады. “Ресей республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей, адам баласы тең. Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап басуға еркіншілік”, заң орындарының рұқсатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды, т.б.

Қазақ мемлекеттерінде оқу орындарының есігі кімге де болса ашық және оқу ақысыз болмақ, оқу жалпыға бірдей жайылмақ. Қазақ тілінде орта мектептер, университеттер ашылады, бастауыш сыныптарда сабақ ана тілінде жүреді. Оқу ісі өз алдына автономия түрінде жүргізіледі, үкімет оқу ісіне араласпайды. Мұғалімдер мен профессорлар өзара сайлау арқылы тағайындалады.

Бағдарламадағы ең негізгі мәселе — жер мәселесі болды. Қазақ жері, оның асты-үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару тоқтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылдап, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, ата мекенінен әркімнің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін сыбаға жер шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болады. Жер сыбағасын жергілікті жер комитеттері анықтайды. Заң жерді сатуға тыйым салады. “Ертіс бойындағы он шақырымдағы (десятиверстная) қазақ сол жерден үлес алсын. Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, законмен аламыз. Қазақ сыбаға жерін алған соң, қалған жер мемлекет қазынасына өтіп, оларды земство билейді” (“Қазақ”, 1917, N 251).

1917 жылдың соңына қарай ұйымдық тұрғыдан қалыптасқан Алаш партиясының жергілікті ұйымдары облыстық, уездік Қазақ комитеттері, ал жергілікті сауатты, партиялық ниеттегі зиялылар партияның активі, тірегі болды. Алаш партиясы күрделі үш ірі мәселені шешуге үлкен үлес қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде ең алдымен шешілуге тиіс жалпыұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасына (“Қазақ”, 1917, N 251) берілді. Екіншіден, партияның ұйытқысы болған қайраткерлерге қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекеттің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917, желтоқсан) даярлап өткізеді. Осы съезде өмірге Алашорда — ұлттық кеңес үкіметі келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін Алаш партиясының мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен бүкілресейлік құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері Алаш партиясының атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында Алаш партиясы ең көп дауыс алған партия болды. Объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік берді. Қым-қиғаш Азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді.