Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

Іі тарау. Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық күресі

§ 12. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың даму кезеңдері, ерекшеліктері, тарихи маңызы

“Ұлт-азаттық қозғалыс” ұғымының жалпы сипаттамасы. Ұлт-азаттық қозғалыс негізінен отар елдерге тән тарихи құбылыс. Үнді халқының азаттық күресінің басшысы Джавахарлал Неру халықтар мен елдер арасындағы қақтығыстың ең жоғарғы көрінісі — соғыс деп көрсетеді. Бақталас елдер мен мүдделері қарама-қайшы елдердің арасында нағыз соғыс болмаған жағдайдың өзінде, үнемі соғыс пен қақтығыс қаупі жасырын сақталып тұрады. Ал басқа мемлекеттің қол астында отырған елде бұл қақтығыс (жанжал) адамдардың ақыл-ойы мен іс-әрекетіне іштей әсер ете отырып, тұрақты сипатқа ие болады дейді. Ол метрополия мен отар елдердің арасындағы қақтығыстың табиғи заңдылығын негіздеп берді. Себебі отарлық езгі халықты тұтас қанайды. Ал бұл өз кезегінде отар елдердегі барша халықтың, барлық әлеуметтік топтарының мүдделерімен қарама-қайшы келеді. Сондықтан олардың барлығы (сұлтандар, ру ақсақалдары, билер, көшпелі малшылар) өздерінің аяқ асты болған құқықтарын қорғауға көтеріледі. Отаршылдыққа қарсы күреске барлық әлеуметтік топтардың қатысуына әкеледі.

Ұлт-азаттық қозғалыстың басты мақсаты — ұлтты езгіден азат ету, оның ұлттық мүддесін қорғайтын мемлекеттілігін қалпына келтіру. Сонымен ұлт-азаттық қозғалыс дегеніміз — ұлттың әлеуметтік езгіге қарсы жалпыхалықтық күресі. Отаршылдық билікті жою арқылы ұлттық және әлеуметтік азаттыққа жетуді көздейді.

Сонымен қатар, ұлт-азаттық күрес әлеуметтік және тарихи құбылыс. Ол қоғам өмірінің барлық салаларымен байланыста дамиды. Бұл байланыстық тек саясат пен экономикадан ғана байқалмайды, әсері қоғамның мәдени-рухани жағын да қамтиды. Сондықтан азаттық қозғалыстарды жан-жақты шынайы тарихи контексте оқып- үйренуіміз қажет.

Ұлт-азаттық қозғалыстар қалай зерттеліп келді? Ұлт-азаттық қозғалыс — бұл ұлттық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, діни, рухани қайшылықтардың түйіні. Ендеше бүгінгі күні оның барлық түйіні шешілген деп кесіп айту қиын.

Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі революцияға дейін де, кеңестік дәуірде де ұлы державалық империалистік саясаттың, таптық идеологияның, еуроцентристік көзқарас қағидалары тұрғысынан зерттелді. Сондықтан төл тарихымыздың барлығына тән бұл құбылыс ұлт-азаттық қозғалыстардың толыққанды шынайы тарихының жазылуына кедергі болды.

Отаршылдық дәуірде ұлт-азаттық күрестерге “бүлік” деген айдар тағылды. Ал оған қатысушылар “бүлікшілдер”, “тонаушылар” делінді. Осылайша Ресейдің империялық пиғылдарына қарсы, жалпы адамзаттың өркениет көшінде өз этносын сақтап қалу жолындағы халықтың азапты күресі бұрмаланды.

Ұлт-азаттық қозғалыстардың тууының себебі неде? Отаршыл Ресей үкіметінің әр түрлі әкімшілік-саяси шаралары қазақ көшпелі қоғамының дәстүрлі құрылымын бұзды. Мұның өзі оның әлеуметтік организмінде үнемі дағдарыс құбылысын туғызып отырды. Ал бұл өз кезегінде мақсат-мүдделері мен табиғи құқығы аяқ асты етілгендердің табанды қарсылығына әкелді.

Қоғам дамуындағы тепе-теңдіктің бұзылуы сол қоғамның барлық әлеуметтік элементтерін азаттық күрес аясына тоғыстырды.

ХVІІІ–ХІХ ғғ. қазақтардың тәуелсіздік үшін күресі орыс отаршылдығы өзімен бірге ала келген әлеуметтік өзгерістерге қарсы күрес түрінде көрінді. Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі екі өркениеттің, екі этностық жүйенің арасындағы қақтығыс күресі еді.

Сондықтан ұлт-азаттық қозғалыстардың барысында отаршылдық үкімет жойып жіберген хандық билік қайта қалпына келтірілді. Көтерілісшілер өзінің ұлттық мүддесін қорғайтын мемлекеттілік белгілерін қайта жаңғыртты.

Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың даму кезеңдері, ерекшеліктері. Қазақ халқының Ресей отаршылдығына қарсы тәуелсіздік күресі ұзаққа созылып, ХVІІІ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басына дейінгі кезеңді қамтыды.

1. 1783—1797 жж. Сырым Датұлы бастаған қозғалыс;

2. 20–30 жж. Саржан Қасымүлы мен Жоламан Тіленшіұлы бастаған қозғалыстар;

3. 1836—1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс;

4. 1837—1847 жылдардағы Кенесары Қасымүлы бастаған қозғалыс;

5. 1856—1857 жылдардағы Жанғожа Нұрмұхамедұлы мен Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістер;

6. 1869—1870 жылдардағы Орал, Торғай облыстарындағы және Маңғыстаудағы көтерілістер;

7. 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс.

Халық бұқарасының алғашқы әрі ең маңызды қимылдарының бірі — Сырым Датұлы қолбасшылығымен болған қозғалыс болды. Кіші жүз қазақтарының көтерілуіне патша өкіметінің қазақтардың “ішкі жаққа”, Жайық сыртына өтуіне тыйым салуы, қазақ билеушілерінің бір бөлігінің құқықтарымен санаспау негізгі себеп болған еді. Ресейдегі шаруалар көтерілісінің көптеген қолбасшылары сияқты Сырым батырға да “жақсы ханға” деген сенім тән еді. Сырым билердің қазақ қоғамындағы рөлін көтеру мақсатын көздеді. Сонымен қатар, хандық билікті қалпына келтіруге де өз келісімін берді. Көтеріліс басшысының мұндай келісімпаздық тактикасы оның дамуына айтарлықтай кедергі жасады. Дегенмен, қозғалыстың отаршылдыққа және ханға қарсы сипаты соңғы кезеңге дейін сақталды.

Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталар кезеңіндегі, 1836—1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы батыр бастаған шаруалар көтерілісінде халық бұқарасының отаршылдыққа және өз билеушілеріне қарсы күресі неғұрлым айқын байқалды.

1836—1838 жж. көтерілістің оған дейінгі қозғалыстан ерекшелігі: бұл уақытта Қазақстан жерінің негізгі бөлігі Ресейдің құрамына еніп, отаршылдық саясат барған сайын ашық сипат ала түскен еді. Хандық биліктің жойылуы, жаңа әкімшілік басқару жүйесінің енгізілуі, қазақтардың құнарлы жерлерден ығыстырылуы, міне, осының бәрі көтерілістің патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытын айқындап берді. Бұл стихиялы көтеріліс бола тұра, көтеріліс басшысы мен оның жақтастарының Ақбұлақ түбіндегі шайқасқа дейін табандылықпен күрескенін атап өту қажет. Даңқты батыр, көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы осы азаттық жолында күресте мерт болды. Сөйтіп, өзінің алдына қойған мақсатты күресінің идеясына, қатардағы көшпелілер алдында адалдығын дәлелдеді. Ал көтеріліске қатысқан кейбір билер тобының тұрақсыз әрекеттері, жазалаушы күштердің басымдылығы көтерілістің жеңіліске ұшырауын жылдамдатты.

Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихында ауқымдылығы, қуаттылығы жағынан ең ірісі 1837—1847 жж. көтеріліс болды. Орта жүзде округтық басқаруға қарсы басталған бұл көтеріліс Абылай ханның ұрпағы, ақсүйек Кенесары Қасымұлы басшылығымен жүзеге асты. Егер осығанға дейінгі көтеріліс басшылары қазақ қоғамының төменгі топтарынан — қарасүйектен шықса, Кенесары сұлтандық ақсүйектер тобына жататын. Қозғалыс 10 жыл уақыт бойы Ресейдің саясатына ықпал ете отырып, Орта және Ұлы жүздердің бірталай бөлігінің Ресейдің құрамына ену мерзімін біраз уақытқа кейінге шегерді. К.Қасымұлы қозғалысы қырғыз жерінде жеңіліспен аяқталғаннан кейін ғана Орта жүз толығымен Ресейдің құрамына қосылған еді. Патша үкіметі Ұлы жүз иеліктеріне осы көтерілістен кейін ғана ауыз салуға мүмкіндік алған еді. Көтеріліс әлі де толығымен Ресейдің құрамына кіре қоймаған аудандарды қамтыды. Сондықтан Кенесары қозғалысы әлі де дербестігін сақтап қалған жерлерде жалпы отаршылдық саясатының тереңдей түсуіне қарсы бағытталды.

Өлкенің Ресейге қосылуы кезеңіндегі қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің жалпы заңдылықтары аз зерттелген. Ұлт-азаттық қозғалыстардағы билеуші топтардың рөлі мен орны турасында, Ресейдегі орыс шаруаларының көтерілісіне ұқсас жақтары болды. Мәселен, ондағы кейбір бояр, дворяндардың қатысқаны сияқты, қазақтардың ұлт-азаттық қозғалыстарының барлық кезеңінде билер, старшындар, сұлтандар қатысты.

Қазақ шаруалар күресінің әскери ұйымдасуы, қарулану дәрежесі төмен болды. Көтерілісшілер саны әлдеқайда басымдылығына қарамастан жеңіске жету үшін жеткіліксіз еді. Бұл қимылдардың стихиялылығы, бір аумақтық шеңберден шыға алмауы (1837—1847 жж. көтерілістен басқасы), нақты күрес бағдарламасының жоқтығы олардың жеңіліспен аяқталуын заңдылық етті. Ислам идеясын жақтаушы билер мен кейбір дінбасыларының уағыздары да өлкедегі күрес барысына айтарлықтай пәрменді ықпал ете алмады.

Көтеріліс барысындағы хан сайлау фактілері, хандық биліктің жаңғыруы, халық бұқарасының әлеуметтік санасының беріктігін аңғартады. Отаршылдық жүйе этностың күрескерлік рухын, азаттыққа деген сағын сындыра алмады.

Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар мақсаты мен міндеті тұрғысынан бір-бірімен және әлемдік, басқа ұлт-азаттық қозғалыстармен сабақтастықта дамыды.

Отаршылдық дәуірде ХХ ғ. басына дейін Қазақстанда 300-ге жуық наразылық бас көтерулері болған екен. Тәуелсіздік үшін күрестің бір сәт толастамағаны анық. Қазақ халқының азаттық үшін көтерілістері бір-біріне жалғасып жатыр. Сонау жоңғар шапқыншылығына қарсы басталған Отан соғысының, ұлт-азаттық көтерілістердің жалпы отаршылдыққа қарсы қарсылықтардың мәні, мақсаты бір. Ол — ұлт тәуелсіздігі.

Ресей империясының ұлт аймақтарындағы, мәселен, 25 жылға созылған Солтүстік Кавказдағы Шәмілдің, башқұрт халқының Салауат Юлаев бастаған көтерілісімен, Әндіжандағы халық толқуларымен салыстыруға болады. Ал дүниежүзілік тарихтан сендер үнді халқының ағылшын отаршылдарына, Әбдәл-Кадар бастаған Алжир халқының француз отаршылдарына, Вьетнам халқының американ империализміне қарсы күресін және т.б. тарихтан оқып-білдіңдер.

Қазақ халқының азаттық күресі де дүниежүзілік ұлт-азаттық қозғалыс тарихының құрамдас бөлігі. Қазақ жеріндегі әрбір ұлт-азаттық қозғалыстың алғышарттары жергілікті ұлттық проблемалардан бастау алғанымен, оның мазмұны ұлттық шеңберден асып кетеді. Сөйтіп, әлемдік ұлт-азаттық қозғалыстар қатарынан орын тебеді.

Осылайша қазақтар өздерінің қайсар мінезімен, қажымас-талмас күресінің арқасында тұтас бір этностың болмысын, менталитетін сақтап қалды. Дүниежүзілік өркениеттегі өзіндік орнын белгілеп алды.