Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

Vіі тарау. Қазақстанда тұратын өзге ұлттар мен этностық топтар

§ 47. Патша өкіметінің көші-қон саясаты

Әскери-казактық отарлау. Қазақстанның көп ұлтты құрамы өлкені үнемі және жүйелі түрде отарлау саясаты нәтижесінде қалыптасты. Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің қоныстануы:

1) Патша өкіметінің көші-қон саясаты,

2) Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты негізінде жүзеге асты.

Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің қоныстану тарихы әр түрлі кезеңде жүзеге асқан миграциялық үрдістерге байланысты. Миграция бір мемлекет көлемінде алғанда — ішкі және сыртқы болып бөлінсе, белгілі бір мерзімдік белгілері бойынша — уақытша, қайтып орал­майтын (“Бір бағытқа ғана алынған билет”), маусымдық, сағат тілі (маятник) тәріздес болады. Ал жүзеге асыру формаларына қарай: ұйымдасқан, стихиялы, өз еркімен және күшпен жүргізілген миграцияларды бөліп көрсетуге болады.

ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап Қазақстанның көп ұлтты аймаққа айналу үрдісі басталды. Қазақстан аумағына көшіп келу әр кезеңде әр түрлі сипатта жүрді: әскери-казактық отарлаудан жаппай шаруалардың қоныс аударуы қозғалысына ауысты. Ал Кеңес өкіметі тұсында да көші-қон саясаты жалғаса берді. Қазақстанның көп ұлтты құрамы жер аударылған кулактармен, сталиндік қуғын-сүргін және депортацияға ұшыраған халықтармен, тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендермен, Одақтық ведомствоаралық өкіметтің ұйғаруымен және басқа келушілермен толықты.

Қазақстан жеріне басқа ұлттардың алғаш келіп қоныстануы ХVІ ғасырдан бастау алады. Бұған дейін де Алтын Орда мен Орыс мемлекетінің арасында болып тұрған екі жақты барыс-келістер туралы айта кеткен жөн. Ал казактық отарлау Украинадан, Ресейдегі басыбайлылық қанаудан қашқан шаруалардың казак еркін жұртына қосылып, Жайық пен Ертіс өңіріне келуінен басталады. Бұл “еркін адамдар” (казактар мен татарлар) қашқын, босқындар баю мақсатында, жаңа жерлерді тартып алу мақсатында келе бастады.

Тегі түркілік болып табылатын славян казактары ХVІІІ ғасырдан бастап І Петр тұсында орыс мемлекетіне түпкілікті бағынды. Казактар христиан дінін қабылдап, орыстанып алғаннан кейін, Ресейдің геосаяси стратегиясын жүзеге асыруға белсене қатысты.

Жергілікті халықтардан тартып алынған ұлан-байтақ жер иеліктерін, балық аулайтын сулы-нулы өңірді, тұз және басқа кәсіпшілікті уысында ұстай отырып, әр түрлі артықшы­лықтарға ие болған казактар империя шебіндегі патшалық тәртіптің сенімді тірегі болды. Тарихтың қатал шындығы казактардың қаналған халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарын аяусыз басып-жаншитын патшалықтың екпінді күшіне айналғандығын айғақтайды.

Қазақстан аумағында құрылған Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу казактарына Орал­дың, Солтүстік Қазақстанның, Ертістің және Жетісудың ең құнарлы, шұрайлы жерлері бөлініп берілді. Қазақтар осы аймақтағы қыстауларынан, жайылымдық, шабындық алқапта­рынан айырылды.

Ермактың Сібір хандығын жаулап алуы “бос жатқан” қазақ жеріне шаруалар, сауда­гер­лер, кәсіпкерлердің ағылуына жол салды. Қазақстанға жалпы саны 200 мыңдай казактар келіп қоныстанды.

Казактық отарлаудан кейінгі әскери-әкімшілік отарлау кезінде тірек пункттер есебінде әскери қоныстар бой көтерді. Бұл қоныстардан әскери шептер пайда болды. Бастапқы кезде әскери қоныстар Орал, Ертіс сияқты өзен арналарын қамтыды. Осындай қозғалыстың үдере жүргізілгендігін қала бекіністерінің тез өскендігі дәлелдейді. Мәселен, бекініс есебінде 1640 ж. Гурьев қалашығы, 1613 ж. Орал бекінісінің, 1716 ж. Омбы қаласының, 1718 ж. Семей, 1720 ж. Өскемен, 1752 ж. Петропавл қалаларының, 1735 ж. Орынбордың негізі салынды. Осы­лайша ХVІІІ ғасырдың орта тұсына қарай әскери бекіністердің ұзын дәлізі қалыптасты. Содан кейін де өлкенің ішкі аудандарында тұрақты әскери бекініс құрылыстары жүргізілді. Орта және Ұлы жүз аумағындағы ХІХ ғ. бірінші жартысында ашылған округтік приказ­дар­дың орталығы есебіндегі бекіністерге әскери адамдармен қатар қоныс аударушы казактар мен шаруалардың келуі үздіксіз жүріп жатты. Тек 1714—1864 жылдардағы әскери әкімшілік отар­лау кезінде 100 мыңдай адам қоныс аударып келді.

Алғаш бекіністерге орналастырылған казактардың жағдайының ауыр болғандығын мына деректен аңғаруға болады. Сібір әскерінің қолбасшысы, генерал Шпрингер 1763 ж. сенатқа хабарында казактардың тұз шығару, отын тасу, пошта жүргізу, баржаларға жүк тиеп-түсіру, мал бағу, жер жырту, қол диірмен тарту, қамалдар құрылысын жүргізу және оны жөндеу сияқты барлық жұмыстарды атқаратындығын айта келіп, Сібір казактарының санын және төлемақысын көбейтуді ұсынады. Олар кейбір жағдайда орыс шаруаларынан яғни қолдан жасалған казактармен толықтырылып отырды (“Выписные казаки”). Казактар мен шаруа­лардың көші-қон саясаты алғашында басып алынған мол аумақта берік табан тіреу мақсатын көздеді. Ал бұл міндетті тек казак қоныстары арқылы ғана толық орындау мүмкін емес еді. Сондықтан Ресей империясының әкімшілік билігін нығайту мақсатында шаруалардың қоныс аударуына кең жол салынды.

Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуы, негізгі кезеңдері. Оңтүстік Қазақ­с­танды әскери отаршылдық жолмен өзіне қосып алған Ресей өзінің саясатын алыстағыны көздейтін саяси мүдделерін басшылыққа ала отырып жүргізе бастады. Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталғаннан кейін миграциялық ағымдардың отаршыл сипаты айқындала түсті.

Қазақстанның ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы этнодемографиялық құра­мының өзгеруіне қоныс аудару қозғалысы зор ықпал етті. Патша өкіметінің көші-қон саясатының әлеуметтік-саяси салдарлары өте ауыр болды.

Қазақстан тарихында қоныс аудару қозғалысының кезеңдері туралы біржақты пікір жоқ. Дегенмен, қоныс аудару қозғалысын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады: 1) 1861—1885 жылдар; 2) 1886—1905 жылдар; 3) 1906—1917 жылдар.

Қоныс аударудың бірінші кезеңі. Жүз мыңдаған орыс, украин, белорус шаруаларының Сібір, Қазақстан және Орта Азияға қоныс аударуы Ресейдің аграрлық саладағы саясатымен тікелей байланыста дамыды. 1861 жылғы реформадан кейін Ресей самодержавиесі жер мәселесін помещик-дворяндардың пайдасына шешіп берді. Помещиктер шаруаларды “азат ету” барысында олардың бұрын пайдаланып келген жерінің басым бөлігін тартып алды. Себебі 1861 жылғы реформадан кейін помещиктер өз пайдасына шаруалардың реформаға дейін өңдеп келген жерінен кесінді алуға құқықты болды. Кейбір губернияларда шаруалар же­рінің 1/3, тіпті 2/5 бөлігін помещиктер тартып алды. Сонымен қатар, жер үлесі үшін тым жоғары өтемдік төлемдер талап етілді. Жер тапшылығынан шаруалар помещиктерден, қазы­надан жерді жалға алуға мәжбүр болды.

Демек жер тапшылығының шиеленісуі, “азаттық” алған шаруалардың қайыршылық күйі, құрғақшылық, орта шаруалардың кедейленуі, өтемдік төлемдер мен салықтардың ауыртпалығы шаруалардың туған жерлерін тастап, Оралдың арғы жағынан жер мен “жақсы өмір” іздеуге мәжбүр етті. Кейбір зерттеушілер, мысалы А.А.Кауфман қоныс аударудың басты себебін жаңа шаруашылық жүйесіне бейімделе алмаудан, жер құнарлығының тө­мен­дігінен деп түсіндіреді. Ал шаруаларда топырақтың құнарлығын тыңайтқышпен қайта қалпына келтіруге қаржы да, құрал-сайман да жоқ еді.

Әуелгі кезде патша үкіметі шаруалардың шет аймақтарға қоныс аударуына қарсы болып, шектеулер қойып көрді. Алайда 1891—1892 жылдардағы Ресейдегі аштыққа байланысты өз бетімен еркін қоныс аудару көлемінің өсуіне орай, патша үкіметі қоныс аударуды заң­дас­тырып, ырқында ұстауға тырысып бақты.

Жетісу облысының губернаторы Г.А.Колпаковскийдің басшылығымен 1868 ж. “Жеті­суға шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелер” қабылданды. 1883 жылға дейін өз күшін сақтаған бұл ереже бойынша жан басына (ер адам) 30 десятина мөлшерде жер белгіленіп 15 жылға алым-салықтардан босатылды.

Ал 1883 ж. қабылданып, 1885 ж. бекітілген ережеде Жетісу облысына жаңа келушілер мен Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер үшін жаңа нормалар бекітілді. Енді жан басына берілетін жер үлесі 30 десятина емес, 10 десятина болып белгіленді, бірқатар жеңілдіктер енді 3 жылға дейін ғана сақталды. Ресми деректер бойынша 1861—1885 жылдары Орал арқылы 300 мың қоныс аударушы келген.

Қоныс аударудың екінші кезеңі. Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамындағы өзгерістер. 1889 жылғы 13 мамырдағы “Ережеде” село тұрғындары мен мещандарын Тобыл, Том губерниялары мен Жетісу, Ақмола, Семей облыстарына өз еркімен қоныстандыру белгіленді. Үкімет қоныс аударуға шектеулердің кейбіреулерін алып тастады. Дегенмен ресми түрде қоныс аударғандардан гөрі өз бетімен келгендердің ағыны үздіксіз өсе түсті. Шаруа­ларды қоныстандыру Ақмола, одан соң Жетісу, Семей, Орал, Торғай облыстарында ХІХ ғасырдың 60-жылдарының ортасынан басталып, 1892 ж. Сібір темір жол комитеті құрылғанға дейін жалғаса түсті. Ақмола облысында 1870—1895 жж. 87 шаруа қоныстары пайда болып, отырықшы халық саны шаруақоныс аударушылар есебінен 2 есеге артты.

Әсіресе қоныс аударушылардың басты легі Жетісу өлкесіне келді. Сырдария облысының Шымкент, Ташкент, Әулиеата уездерінде орыс, украин шаруаларының 1884—1892 жылдар аралығында 37 қонысы болса, 1906 жылға дейін Түркістан өлкесінде қоныс аударушылар қонысы 137-ге жетті, Жетісу облысынан 752 мың десятина жері, Сырдария облысының 160 мың десятина жері жергілікті тұрғын-дардың еркінен тыс тартып алынды.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Еуропалық Ресей мен Украинадан мигранттардың келуі есебінен халықтың ұлттық құрамы өзгерді. Қазақ, қырғыздармен бірге орыс, украиндар, татарлар, тәжіктер, түрікмендер, башқұрттар, шуваштар, қараноғайлар, армяндар саны өсе түсті.

ХІХ ғасырдың 70-жылдарында орыстар мен украиндар барлық Қазақстан мен Қырғызстан тұрғындарының 8%-ын (246,9 мың) құрады. Бұдан барлық облыстарда жергілікті тұрғындардың бірден-бір жоғары үлес салмағын анық байқауға болады.

1897 ж. Қазақстан тұрғындарының саны 4 млн 150 мың адамға жетті. Солардың ішінде қазақтар 3 млн 400 мың адамды құрады. Қалған 750 мыңдай адамдар басқа ұлт өкілдері болды. Орыс шаруаларының көбі Ақмола облысына келген. Сондай-ақ ең көп орыс және украин тұрғындары Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай уездерінде тіркелген. Торғай облысында да басқа ұлт өкілдерінің саны өсе түскені байқалды. Жетісу облысында басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағының өскендігі әсіресе Верный, Лепсі, Пржевальск, Пішпек уездерінде ерекше байқалды. Ал Сырдария облысында орыстар мен украиндардың үлесі жалпы халық санынан ең төменгі деңгейде болды.

Өлкенің негізгі тұрғындары — қазақтардың үлес салмағы төмендеп, 1897 жылдары 81,7%-ға жетті. Ал орыстардың үлес салмағы жоғарыда көрсетілгендей — 10,9%, украиндар — 1,9% өсіп, татар, ұйғыр, өзбек сияқты ұлттардың да үлес салмағы арта түсті.

ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Жетісуға Құлжа өңірінен ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аударды. 1897 жылғы санақ бойынша ұйғырлар мен дүнгендердің саны 71 мың (56 мың ұйғыр, 15 мың дүнген) адамға жетті.

Қоныс аударудың үшінші кезеңі. Ресей экономикасындағы аграрлық дағдарыс патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатын күшейте түсті. Қазақстан аумағындағы артық жерлерді есепке алу мақсатында Ф.Щербина, В.Кузнецов, П.Румянцев экспеди­циялары жұмыс істеді. Экспедициялардың барлығы көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы қазақ тұрғындарына қатысты жер көлемін азайтып, болыстардың иелігіндегі “бос жерлерді” есепке алумен айналысты.

Ресей орталығындағы аграрлық қайшылықтардан шығудың жолын министрлер кеңесінің төрағасы П.А. Столыпин ойлап тапты. Ол 1906 ж. 6 қарашада шаруалардың қауымнан шы­ғып, хуторға енуі туралы жарлық шығарды. Ол Ресейдің ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару үшін шаруалар қауымын таратты, сөйтіп қауымдық жерлерді кулактардың басып алуына жағдай жасады. Помещиктік жер иеленуді сақтауға тырысқан үкімет қоныс аударуға бостандық берді. Қоныс аудару саясатындағы бұл жаңа бағытқа көшуге 1905—1907 жыл­дардағы бірінші революция мен аграрлық толқулар өз ықпалын тигізді. Столыпиннің жарлығы негізінде шаруа өз үлесін сатып, еркін түрде басқа жаққа кетуге мүмкіндік алды. Осы­лайша Ресейдің орталық аудандарындағы әлеуметтік жіктелудің тереңдей түсуі күй­зелген, жерсізденген шаруалардың миграциялық ағымының кең қанат жаюына әкелді.

1905 ж. қоныстандыру мәселесін реттеу мақсатында қоныстандыру мекемелері Басқар­масы құрылды. 1905—1917 жылдардағы мекеменің он екі жылғы қызметі нәтижесінде бір миллионға жуық қоныс аударушылар жерге орналастырылды.

1908 ж. қоныс аударушылар толқыны ең жоғары деңгейге жетті. Жылына 665 мың қо­ныс аударушы келді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты қазақтардың шаруашылығына нұқсан келдірді. Тек 1906—1915 жж. Жетісу мен Сырдария облысындағы қазақтардан 2,5 млн дес. жер тартып алынып, қоныс аударушыларға бөліп берілді. Қазақстанда тартып алынған жер 1906—1912 жылдар арасында 17 млн дес., ал 1917 жылға қарай 45 млн дес. жетті. Жеке меншік жүздеген учаскелер мен хуторлар бой көтерді. Патша офицерлері, кулактар, көпестер ірі жер учаскелеріне ие болды. 1905—1907 жылдардағы Ресейдегі бірінші буржуазиялық-демократиялық революциядан кейін үкімет барлық шектеуді жойып, барлық шет аймақтарға қоныс аударуға жол ашып берді.

Осылайша ХІХ ғ. екінші жартысында Қазақстан тұрғындары көп ұлтты құрамының қалыптасу үрдісі белсенді түрде жүргізілді. Патша өкіметінің көші-қон саясаты әскери-казактық және әскери-әкімшілік отарлау саясатынан басталып, шаруалардың жаппай қоныс аударуына ұласты.

Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның көп ұлтты құрамы қалыптасуының қайнар көздеріне қысқаша шолу жасар болсақ, ХІХ ғ. 70-жылдарында казак әскерлерінен (Орал, Сібір, Жетісу) тұратын тұрғындардың құрамы қалыптасып үлгерді. Қазан төңкерісіне дейін олардың құрамы толықтырылып тұрды. Дегенмен 1870—1917 жылдардағы қоныс аудару Қазақстан тұрғындарының өсу динамикасына онша әсер ете қойған жоқ.

Ал қоныс аударушы шаруалар саны Н.В. Алексеенконың есептеуі бойынша, барлығы 44 жыл (1870—1914 жж.) ішінде әр түрлі ұлт өкілдерінен 1 млн 200 мың адамға жетті. Қоныс аударушылардың ең көп бөлігі Ақмола облысына қарай ағылғаны байқалады. Барлық қоныс аударушылардың 56,2%-ы осы облысқа келуінен шаруалардың саны 6 есеге өсті. Негізінен халықтың жалпы санының өсуіне табиғи өсім емес, миграциялық қозғалыс күшті ықпалын тигізді. Сонымен қатар, ХІХ ғасырдың соңында Украинадан келгендердің рөлі арта түсті. Мәселен, 1906—1912 жылдары тек Украинадан барлығы 300 мың қоныс аударушылар келген. Жалпы алғанда Қазақстан ХХ ғ. басында миграциялық ағым бойынша Сібір мен Қиыр Шығыстан кейінгі екінші орынға шықты.