Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

Қазақстан ресей империясының құрамында

§ 1. Ресейлік отарлаудың ерекшеліктері

Патшалық, кейіннен кеңестік тарихнама Қазақстанның Ресей империясының құрамына енуін қазақ елі үшін тек жағымды құбылыс ретінде ғана бағалады. Егер алдыңғысы қазақ халқының Ресей империясының құрамына енуі оның экономикалық және мәдени дамуына әсер етті деп қараса, соңғысы бұл “игіліктерге” революциялық, социалистік перспективаны (болашақты) қоса атады. Басқа көзқарас, пікірге тіпті де орын қалған жоқ-тын. Мәселен, 1944 ж. 10 сәуірде Мәскеуде КОКП Орталық Комитетінің хатшылары Маленков пен Андреевтің басшылығымен “Қазақ ССР тарихын” талқылауға арналған тарихшылардың кеңесі қабылдаған тезисте: “Кіші халықтарды үлкен елдердің жаулап немесе қосып алуының қай-қайсысы болмасын объективті — прогресшіл факт (отарлау — объективті-прогресшіл құбылыс)”, — деп көрсетті.

Кеңестік тарихнама отарлау үрдісінің зорлық-зомбылықсыз жүрмейтіндігін мойындай отырып, сонымен бірге, “ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерін дәріптеуге” үзілді-кесілді қарсы шықты. Міне, осы көзқарас тұрғысынан жазылған кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының барлық басылымында Қазақстан Ресей құрамына түрлі себептерге байланысты өз еркімен енді, ал бұл оқиға қазақ халқын отарлық тәуелділікке душар еткенімен, түптеп келгенде феодалдық мешеуліктен прогресс жолына алып шықты деген тұжырым жасалынды. Пікірі бұл тұжырымға қайшы келген тарихшылар (Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, П. Галузо, т.б.) қудаланды.

Бұл айтылған тұжырымды Кеңестер Одағы ауқымында орнықтыра отырып, кеңес идеологтары орыс отаршылдығына батыстық жаулап алушылықтан өзге мазмұн, яғни оған ағартушылық, өркениеттік сипат беруге тырысты. Ал тарихи шындық Ресей үкіметінің ХVІІІ—ХХ ғғ. Қазақстанда классикалық үлгідегі отарлау саясатын жүргізгендігін көрсетеді. Оның мынадай белгілері мен ерекшеліктерін бөліп айту орынды.

1.     Ресейдің шығысқа, Орталық Азияға жылжуына түрткі болған оның өнеркәсіптік дамуы, соған байланысты өнім өткізетін рынокқа, шикізат көздеріне, т.б. мұқтаждықтары еді. Бірақ Ресей бұл мәселелерді шешу үшін Батыс мемлекеттері сияқты алысқа артынған жоқ, іргесіндегі экономикалық дамуда кенже қалған елдерді жаулап алуға кірісті. Сондықтан да Ресей үшін Қазақстан сияқты елдерді отарлау оның континенттік аумағын одан әрі кеңейтумен бірдей болды.

2.     Қазақстан жері империяның құрамына енді, сондай-ақ метрополияның әкімшілік басқару жүйесі оған да таралды. Ал осы Қазақстанға тараған Ресейдегі басқару жүйесі ол кезде (ХІХ ғ. 60 жж.) әскери-феодалдық мазмұнда болды және ол қазақ губернияларын метрополиядан бөлек, арнайы даярланған заңдар бойынша (1868, 1881, 1891, т.б.) басқарды. Бұл заңдар қазақтарды ең негізгі құқықтарынан айырды, біртіндеп орыс тіліне, христиан дініне, салт-дәстүріне көшіруді көздеді. Қазақ қоғамындағы барлық сословиелер (сұлтан, қожа, би, т.б.) село тұрғындарына теңгерілді. Қазақ ауылында мешіт салу үшін генерал-губернатордың рұқсаты керек болса, ал шіркеулер тұрғызуға мемлекеттің өзі мүдделілік танытып, қолдау көрсетіп отырды.

3.     Қазақ губернияларын билеуге жіберілген генерал-губернаторларды патшаның өзі бекітті және ол шексіз билікті иемденді. Қазақтар оларды “жарым патша” атады. 1868 ж. енгізілген Ереженің 17-бабы бойынша генерал-губернатор “саяси тұрғыдан сенімсіз, зиянды бұратаналарды ішкі істер министрінің келісімімен империяның белгіленген жеріне бес жылға шейінгі мерзімге жер аударуға” құқылы болды.

4.     1891 ж. 25 наурызда қабылданған Ережеде “көшпелілер иемденген жерлер, олардың бар байлығы, оның ішінде орманы мемлекеттің меншігі болып саналады” (119 және 120-баптар) деп көрсетілді. Бұл іс жүзінде қазақ жерлерін тәркілеумен тең еді. Аталған бапқа “көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер Мемлекеттік мүлік министрлігінің қарауына өтеді” деген қосымша енгізілді. Бұл қосымша отаршыл әкімшілікке ең құнарлы қазақ жерлерін артық деп жариялап, оларға ішкі Ресей губернияларынан орыс және басқа славян қоныс аударушыларын әкеліп орналастыруға мүмкіндік берді.

5.     Қазақстандағы отарлау ісіне әскери казактар, орыс помещиктері мен шаруалары, орыс қоғамының басқа да сословиелері белсене ат салысты. Отарлау­шы әкімшілік жаппай қоныс аудару үрдісіне әсіресе ішкі губерниялардағы жерсіз шаруаларды кеңінен тартты, оларға түрлі жеңілдіктер жасады. Тек 1917 ж. Қазан революциясы қарсаңында-ақ қазақ жерлерінің 16%-ы (45 млн га) мұнда келіп орналасқан 1,0 млн жуық қоныс аударушыларға өтті. Өз еліндегі жоқшылықтан, помещиктік өктемділіктен, мемлекеттік биліктен қашқан орыс шаруалары Қазақ­станға келіп, енді сол биліктің жергілікті тірегіне айналып, соған байланысты өздерінің аса маңызды мемлекеттік іс атқарып жатқандығын сезіне бастайды. Міне, осы билік пен қоныс аударып келушілер арасындағы өзара үнсіз түсіністік орыстық отарлаудың өркениеттік, мессиялық (құтқарушы) сипаты жөніндегі доктринаның өмірге келуіне негіз болады. Патша үкіметі өлке халқы құрамында жедел түрде славяндық элементтерді көбейте отырып, түптеп келгенде сол арқылы мұнда терең тамыр жайып, орыс үстемдігін біржолата қамтамасыз етуді көздеді.

6.     Ресей үкіметі қазақ халқына қатысты түрлі кемсітушіліктерге жол берді. Мәселен, қазақтардың орыстармен тең әскери білім алу, әскери қызметке шақы­рылу құқығы болған жоқ. 1905 ж. қазақтарға берілген Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығы 1907 ж. 3 маусым­дағы заңы бойынша жойылды.

7.     Патшалық биліктің (сонан соң кеңестік биліктің) Қазақстанда түрлі мез­гілдерде жүргізген реформалары еш уақытта қазақ қоғамының ішкі сұраныстарына сай келген емес, керісінше Ресейдің мүддесіне сай мазмұнда сырттан, жоғарыдан таңылды. Реформа жөніндегі идея, оның мазмұны мен іске асыру механизмдері ресейлік орталықтарда даярланды, бұл іске бірде-бір қазақ тартылған емес. Сон­дықтан да патшалық биліктің Қазақстандағы реформалары қазақ қоғамы үшін пайдалы болған жоқ, өйткені олар ұлттық негізге сәйкес келген емес.

Ресейлік реформаларды іске асыру әдістері бұйрық, зорлық, күштеу болды. Бұл әсіресе орыс билігінің тереңдей ену әрекетіне кезекті қарсылықтан соң анық байқалып отырды. Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық соғысынан (1837—1847) соң жүргізілген 1867—1868 жж. реформалардың мақсаты кез келген азаттық үшін ұмтылысқа жол бермеу, оларды бесігінде тұншықтыру болды. Мұндай мемлекеттік саясат сәл өзгерістермен кейін де қайталанып отырды. Қазақ басқарушы элитасы мен зиялыларын, қоғамның ауқатты бөлігін күшпен жою, ұлттық өмірдің дәстүрлі негіздерін әлсірету — міне, бұл 1917—1919 жж. ұлттық мемлекеттік автономия үшін азаттық қозғалысқа берілген саяси биліктің жауап реакциясы.

Міне, сондықтан да Ресей империясы құрамында болған кезеңдегі қазақ елінің қол жеткізген жетістіктері оған тым қымбатқа түсті. Экологиялық апат, халықтың бірнеше дүркін қырғын мен қуғын-сүргінді басынан кешіруі, мәдениеттің ұлттық негіздерінің әлсіреуі, ұлттық психологияның жағымсыз өзгерістерге ұшырауы — міне ресейлік реформаларға халықтың берген өтемінің толық емес құны осылар еді.