Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 27. Алашорда үкіметі

Алашорда үкіметінің құрылуы. Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай Уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлт өміріне қатысты мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. Қазақ облыстарында асқынған жер мәселесін шешуге бағытталған әрекеттің болмауы, атты казак әскері, қарулы солдат пен қоныстанушылардың панасыз жергілікті халық үстінен жүргізген озбырлығының өрши түсуі соның айғағы болатын.

Міне, осындай жағдайда қазақ зиялылары арасында ұлттық мемлекет туралы мәселенің қойылуы толық негізді болатын. Сөйтіп, қазақ мемлекеттігі туралы мәселені қараған жалпы қазақ-қырғыз съезі 1917 ж. 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылды. Оған барлық қазақ облыстарынан, сондай-ақ, одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы мен Самарқан облысы қазақтарынан және Жетісу облысы қырғыздарынан барлығы 82 өкіл қатысты. Съездің күн тәртібінде мынадай мәселелер қойылды: 1. Сібір-Түркістан автономиясы һәм оңтүстік-шығыс Одақ туралы. 2. Қазақ-қырғыз автономиясы. 3. Милиция. 4. Ұлт кеңесі. 5. Оқу мәселесі. 6. Ұлт қазынасы. 7. Муфтилік мәселесі. 8. Халықтық сот. 9. Ауыл басқармасы. 10. Азық-түлік мәселесі. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе, әрине, ұлттық автономия мәселесі еді.

Съез қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады: “Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын… және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуі мүмкін деп ойлап… Съез бір-ауыздан қаулы қылады: 1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Әмудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға; 2) Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын; …5) Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады; 6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады. (“Сарыарқа” газеті, Семей, 1918, 25 қаңтар).

Съез Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. 2-жалпықазақ съезі милиция жасақтарын құру мәселесін жан-жақты талдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатын болды. Милицияны құру мақсатын съез былай деп анықтады: “… Осы күнде мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін… ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісуі тиіс…”.

Сонымен, съезд Алаш автономиясын құру қажеттігін бірауыздан қолдады. Алаш автономия­сының бастау көздерінде тұрған, 2-жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан Ермеков бұл туралы былай деп тебірене жазды: “…желтоқсанның 12-күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға коңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды”. (“Сарыарқа”, 1918, 22 қаңтар).

Ұлттық-аумақтық қазақ автономиялы мемлекетін құруда съез делегаттары бірауыздылық танытқанымен, оны (автономияны) ресми түрде жариялау мәселесінде ала ауыздыққа жол берді. Бұл жағдай мемлекеттік құрылым ретінде жаңадан қалыптаса бастаған автономия үшін қатерлі еді, өйткені автономияны ресми түрде жарияламайынша, оған қазақ халқын, өлкені мекендеген басқа халықтарды сендіру, Алашорда үкіметін мойындату қиын еді.

Қазақ зиялылары большевиктердің тап күресі туралы теориясын да қолдамады.

Бүкілресейлік Құрылтай таратылғаннан кейін, сол арқылы ұлттық автономия алудан үміттенген Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер “Алаш” партиясына біріккен ұлттық интеллигенция большевиктерге, қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені зорлап таңушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жанұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш есебінде қарады.

Ақпан революциясынан кейінгі кезеңде өз бостандығы үшін күреске шыққан отарлық езгідегі халықтарға большевиктер партиясы тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлімдеді. В.И.Ленин мен И.В.Сталин Түркістан кеңестерінің съезіне жолдаған жеделхатында: “Халық комиссарлары кеңесі сіздердің өлкелеріңіздің кеңестік негіздегі автономия болғандығын қолдайды” — деп көрсетті. (В.И.Ленин. О Средней Азии и Казахстане. Ташкент, 1960, с. 379.). В.И.Лениннің бұл ойын сол кезеңдегі ұлт істері бойынша Халық комиссары И.В.Сталин және басқа қайраткерлер белгілі бір ұлттың автономия алуы емес, кеңестік билікті қолдайтын жұмысшы және шаруалардың автономия алуы деп түсінді. В.И.Ленин мұндай тұжырымға үзілді-кесілді қарсы шығып: “…ұлттардың өзін-өзі билеуін алып тастап, еңбекшілердің өзін-өзі билеуі мүлде теріс, өйткені бұлайша қою ұлттардың ішіндегі жіктелудің қандай қиыншылықтармен, қандай бұралаң жолдармен жүріп жатқанын есепке алмайды” деп көрсетті. Ол еңбекші бұқараның өзін-өзі билеуі туралы айту, тек пролетариаттың өзінің таптық мүдделерінің буржуазия мүдделерімен ешқашан да сәйкес келмейтіндігіне біржола көзі жеткенде ғана мүмкін екендігін, сондықтан да мұндай деңгейге әлі жете қоймаған халықтар өзін-өзі билеу құқығын талап етсе, онда мұндай талаптың толық заңдылығын мойындаудан бас тарта алмаймыз деп кесіп айтты.

1918 жылдың көктемінде Алашорда мен Кеңес билігі арасында өмірлік шындықтан бастау алатын, екі қуатты қоғамдық қозғалыстың (ұлттық және әлеуметтік, таптық) табиғатынан туындаған өзара түсіністікке ұмтылушылық байқалды.

Ұлттар ісі бойынша Халық комиссары Алашорданың қойған шарттарына тікелей ресми жауап берген жоқ. Кеңес өкіметінің мойындауынан үміттенген Алашорда Х.Ғаббасов арқылы 1 сәуірде РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ елінің жалпыұлттық мүддесін білдіретін Алашорда үкіметін тез арада ресми түрде мойындауды тағы да талап етеді. Бірақ бұл уақытта Кеңес өкіметі Алашордадан біржола теріс айналып кеткен еді.

Міне, осындай жағдайда Кеңес өкіметімен жүргізілген келіссөздің нәтижесіз аяқталғанына көзі жеткен Алашорда басшылары басқа жол іздеуге мәжбүр болған еді.

Алаш қайраткерлерінің ұлттық тұтастыққа ұмтылысы, әсіресе, Қоқан автономиясына қатынасынан айқын көрінді. Басқаша айтқанда, Алашорда үкіметі құрылған бетте Түркістан өлкесі құрамындағы қазақ жұртымен бірігу жолдарын қарастыруға кірісті. Алашорда басшылары жаңа құрылғалы тұрған Қазақ мемлекетінің тағдыры оны барлық қазақ жұртының қолдауына тәуелді екендігін өз дәрежесінде тура түсіне білді.

Қоқан автономиясының құрылуы. 1920 жылы кеңестік Қазақ автономиясы құрылып, одан кейінгі кезеңде әкімшілік-аумақтық тұрғыдан бір мемлекет құрамына енгенге шейін (1924—1925) қазақ жерлері көршілес генерал-губернаторлықтардың құрамында болғаны мәлім. Мәселен, Семей және Ақмола облыстары — Батыс Сібір генерал-губернаторлығына, Торғай және Орал облыстары — Орынбор генерал-губернаторлығына қарады. Міне, сондай қазақ елінің үлкен бөлігі қоныс тепкен Сырдария және Жетісу облыстары, Бөкей ордасы, олармен бірге Әмудария, Ферғана және Самарқан облыстарында тұратын қазақтар — Түркістан генерал-губернаторлығы құрамында (орталығы Ташкент) болды.

Түркістан генерал-губернаторлығы құрамында Қазан революциясы қарсаңында 2.972.725 қазақ өмір сүрген. Бұл қазақ елінің жартысынан астамы еді. Міне, осы сандық көрсеткіш арқылы-ақ Түркістан уәлаятында болып өткен оқиғалардың жалпы қазақ қоғамына тигізер ықпалын пайымдау қиын емес.

Бұл кезеңде өлкелік, облыстық, уездік және болыстық деңгейде ұйымдастырылған Қазақ комитеттерімен қатар, Азық-түлік комитеттері де болғаны мәлім. Жергілікті халық өзінің бар талап-тілегін осы мекемелер арқылы іске асыруға ұмтылды. Жетісу, Сырдария, Қазақ және Азық-түлік комитеттеріне күзге қарай жергілікті аш халықтан шағымдар қардай борады. Бірақ бұл мекемелердің де мүмкіндігі тым шектеулі еді. Ал негізінен ескі патша шенеуніктерінен тұрған атқару комитеттері Қазақ комитеттері қойған талаптарға жүрдім-бардым қарап, уағында шешпей, созбаққа салды, шешсе де негізінен өздеріне қолайлы тұрғыдан шешті.

Міне, осындай күрделі, қайшылықты, ауыр жағдайда Түркістанның байырғы халықтары, соның ішінде, қазақ елі де, алдына өзін-өзі аман сақтап қалу міндетін қойды. Ол үшін ең алдымен ұлттық мүддені қорғай алатын саяси мемлекеттік құрылым қажет еді. Түркістандық қазақтар үшін ондай мемлекет құрудың екі жолы бар-тын.

Бірақ түркістандық және дала облыстары қазақтарын бір мемлекет шаңырағы астына біріктіру мүмкіндігіне 1917 жылдың желтоқсанына дейін екі жақтың саяси басшылары — Ә.Бөкейханов та, М.Шоқай да сене қойған жоқ еді. Мәселен, Сібір автономиясын құру туралы мәселе қараған жалпы Сібір съезіне қатынасып қайтқан Ә.Бөкейханов: “Түркістан өз алды автономия болар. Біздің қазақтың Түркістанға қосылғаны оң деген пікір де бар. Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. Автономия болу — өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халқының қараңғылығы һәм шебер адамның жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз?” деген.

1917 ж. қазақ саяси қайраткері, интеллигенциясы арасында қазақ облыстарының Түркістанмен бірігу мүмкіндігіне байланысты қарама-қарсы екі пікірдің болғандығын М.Дулатов та қуаттайды. Бұл арада мәселенің тек отарлық езгіге қарсы күресте одақтас күштердің өзара қатынас сипатымен шектелмей, сонымен бірге, азаттық алғаннан кейінгі күнде басталмақ мемлекеттік құрылыстың мазмұны жөнінде де болып отырғаны түсінікті. Өмірдің өзі ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерінің облыстарды бір мемлекетке біріктіру жолдарына байланысты пікіріне өзгеріс енгізіп отырды. Бұл ретте, ең алдымен, 22 қарашада Ташкентте өз жұмысын аяқтаған ІІІ Түркістан өлкелік кеңестер съезіне тоқталу қажет.

Түркістан автономиясының жариялануы. ІV Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі 26 қарашада Қоқан қаласында өз жұмысын бастады. Тау-кен жұмысшылары, мұсылман солдаттар, мұсылман кәсіподақ мүшелерінен, барлығы 200-ден астам өкіл қатысқан бұл съезді кіріспе сөзбен М.Шоқай ашты.

Съез 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы (Туркистан мухтариат) деп жариялап, Түркістан құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдайды.

Түркістан Уақытша кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік құрылтайға сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтар Сырдария және Жетісу облыстарынан 11 өкіл (9 және 2) бар болатын. Кеңес құрамында сондай-ақ мұсылмандар съезі сайлаған өкілдермен бірге, қаланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік “еуропалық” ұйымдардың 18 өкілі бар болатын. Басқаша айтқанда, кеңестегі барлық орынның үштен бірі сол тұстағы Түркістан халқының 7 пайызын құрған жергілікті емес, еуропалық тұрғындардың үлесіне тиген.

Түркістан Уақытша кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметін бекітті.

Съез Түркістандағы барлық халықтардың құқын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, еврей, жұмысшы, солдат және шаруаларын, барлық тұрғындарын, Түркістан билігі төңірегіне топтасуға шақырды.

Түркістан автономиясын жариялаған мұсылмандар съезінен соң көп ұзамай Орынбор қаласында екінші жалпықазақ съезі өз жұмысын бастады. Оған Сырдария және Жетісу облыстарынан да өкілдер шақырылып, олардың арасында М.Шоқай, С.Аманжолов, Б.Маметов, И.Арабаев, Ж.Солтанаев сияқты және басқа қазақ, қырғыз қайраткерлері бар еді.

Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, Алашорда өкіметін — ұлт кеңесін сайлаған жалпықазақ съезі, әрине, Қоқанда құрылған Түркістан автономиясына өз қатынасын білдіруі керек еді. Съезге қатысқан өкілдер Қоқан автономиясының құрылғандығы туралы хабарды съездің барысында М.Шоқайдың өзінен естиді. Ол туралы М.Дулатов ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: “Қоқанда Түркістан елінің де съезі болып, Түркістан ұлт автономиясы үкіметін құрған екен. Ол жөнінде біз съезде білдік. Съездің соңына қарай Қоқаннан Шоқайұлы Мұстафа келді. Шоқайұлы Қазақ автономиясының өз алдына жеке құрылуына қарсы болды, Түркістанмен қосылуды жақтады. Түркістан үкіметіне қазақтан өзі мен Тынышбайұлы Мұхаметжан кіргендігін сөйледі”.

Оқиғалардың ағымы көрсетіп бергендей, бұл М.Шоқайдың біржола түйген шешімі емес-тін. Қазақ жұртшылығының бір мемлекетке бірігу мәселесіне байланысты съезде болған қызу айтыс Ә.Бөкейханов, М.Шоқай және басқа ұлт-азаттық қозғалыс басшыларына өздерінің соған дейін ұстанған бағыттарын анықтай түсуге немесе өзгертуге себепші болғаны сөзсіз.

Алаш және Түркістан автономиясы. Жалпықазақ съезі Түркістан қазақтарының Алаш автономиясына қосылу-қосылмауын өз бетінше шеше алмайтын еді. Оны тек Сырдария, Жетісу және Түркістан құрамындағы басқа облыстарда тұратын қазақтардың құрылтайы ғана шеше алатын. Екіншіден, отаршыл биліктің зорлықшыл саясаты нәтижесінде сол кездің өзінде-ақ жергілікті халықтың ұлттық еркіндігіне қарсы құрылған тұзақтың бірі — ғасыр басында Қазақстан ішкі Ресейден қоныс аударған переселендер келіп орныққан ірі өлкеге айнала бастаған еді. Демек, олардың мүддесін есепке алмай, бірде-бір ірі қоғамдық мәселені толық шешу, әрине, мүмкін емес-тін. Үшіншіден, патшалық билік қоныстанушыларға түрлі жеңілдіктер және көмек беріп, қазақтың құнарлы жерлеріне әкеліп орналастырғанда, оларды өзінің шығыстағы әлеуметтік-саяси тірегіне айналдыруды көздеді. Ал бұл мақсатқа переселен шаруаларды қаруландырмай жету мүмкін емес еді. Сондықтан да оларға қару берді, сөйтіп, жергілікті халыққа қарсы қойып, мерейін үстем етуге тырысты. Қажет жағдайда қарашекпенділер атты казак әскерінің де көмегін ала алатын еді.

Осы айтылған жағдайлардың съезде Ә.Бөкейханов бастаған өкілдерге Алаш автономиясының құрылғандығын ресми түрде бірден жария етуге кедергі болғаны даусыз. Бірақ, сонымен бірге, екінші жалпықазақ съезінің бүкіл қазақ жерлерін, халқын біртұтас мемлекет шаңырағы астына жинауға батыл қадам жасағаны анық. Ұлттық еркіндікке жеткізетін басқа жол да жоқ еді. Съез құрған Алашорда өкіметі құрамы жағынан барлық қазақ облыстарын қамтыды. Он бес адамнан тұрған бұл өкіметтің арасында Сырдария мен Жетісу облыстарынан М.Шоқай, М.Тынышбаев, С.Аманжолов, Б.Мамытов және О.Әлжанов, ал оларға орынбасарлыққа сайланғандардың ішінде Жетісудан С.Сабатаев, Н.Бекімов және Ж.Солтанаев бар болатын. Съез бекіткен атқармақ шараларда — халық милициясын жасақтау, ұлт қазынасын құру, оқу ағарту ісін жолға қою сияқты жалпыұлттық мақсаттарды көздеді.

Жаңа өмірге келген Алашорда өкіметінің ең алғашқы жасаған әрекеттері де қайткен күнде ұлттық бірлікке жетуге бағытталды. Съез өз жұмысын аяқтаған бетте Алашорда өкіметі Сырдария қазақтарының съезін шақыру туралы тиісті адрестерге жеделхаттар жолдады. Өкімет атынан Ә.Бөкейханов пен М.Шоқай қол қойған бұл жеделхатта мынадай жолдар бар еді: “Екінші жалпықазақ-қырғыз съезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алашорда 5 ғинуарда Түркістан шаһарында Сырдария облысының съезін шақырды. Съезге болыс басы бір өкіл келсін. Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Алашорда Бақтыкерей Құлмановты, Мирякуб Дулатовты һәм Тұрағыл Құнанбаевты жібереді. Уақыт шұғыл, мәселе зор болғандықтан, шақырылған өкілдер съезге айтылған күннен қалмай келулері керек”.

“Қазақтың” осы санында М.Шоқайдың Сырдария қазақтарына үндеуі де жарияланды. Көлемі шағын, бірақ маңызды осы құжатта М.Шоқай Түркістан қазақтарының басқа қазақ облыстарымен қосылуына байланысты жалпықазақ съезінен соң жасаған тұжырымын анық және дәл жеткізген еді. Ол “Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айырылсақ мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз” деп жазды.

Келесі, 1918 жылдың қаңтарында өткен Сырдария қазақтарының съезіне 72 өкіл қатынасты. Алаш автономиясына қосылу мәселесін үш күн ұдайы талқылаған Съез сол бір ауыр сәтте Сырдария облысының Түркістан автономиясы құрамынан бөлініп кетуі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына соққы болып тиеді деген пікірді негізге ала отырып, мынадай қаулы қабылдайды:

1. Сырдария облысы қазіргі уақытта тегіс Түркістан автономиясында болуы себепті әзірше Түркістан автономиясында қалады.

2. Алашорда өз алдына автономия иғлан қылып болып, Түркістан автономиясымен союз (одақ) болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіруге қарар қылады.

3. Съездің осы қаулысы Сырдария облысынан Түркістан Құрылтай жиналысына сайланып баратын депутаттарына аманат.

4. Сырдария облысының халқы Алаш автономиясына қосылған уақытта осы облыстан Түркістан Құрылтай жиналысына сайланған депутаттары, Алаш автономиясының сайлау законіне муафиқ болса Алаш Учредительное собраниесіне депутат болсын.

5. Алашорда үкіметі Түркістан шаһарында болсын”.

Сырдария қазақтарының съезі қалыптасқан саяси жағдайға байланысты тура шешім қабылдағанымен, бірақ ол шешімнің іске асу мүмкіндігі күн өткен сайын тарыла түсті. Империяның езілген ұлттарының ұлттық автономиясын ресми түрде бекітіп береді деп үміттенген Бүкілресейлік құрылтайды 1918 жылдың қаңтарының басында большевиктер таратып жіберді. Араға бір айдай уақыт салып құрылтайдың кебін Қоқан автономиясы да киді. Қоқандағы үкіметті большевиктер қуып таратты. Қаланың өзі талан-таражға түсті.

Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы мен Түркістан Уақытша үкіметі өлке үшін ең негізгі мәселе — жергілікті халықтардың өзін-өзі билеу құқығын мойындауда ескі империялық түсінік шеңберінде қалып қойған Ташкенттегі жаңа билікке балама есебінде өмірге келген жалпыөлкелік саяси құрылымдар еді.