Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 52. Қазақстан халықтарының ассамблеясы

Ұлттық мәдени орталықтар және оның қызметі. Еліміздегі әрбір ұлттың өзінің мәдени дәстүрлері бар. Сондықтан да әрбір ұлттың өзінің тілін пайдаланып, балаларын оқытып-тәрбиелеуге деген құлшынысы заңды болып табылады. 80-жылдардың соңынан бастап ұлттық сана-сезімнің күрт өсуі байқалған болатын. Бұл қоғам санасындағы түбірлі өзгерістер Қазақстанда ұлттық қатынастарды реттейтін заңдарды қажет етті.

Осылайша Қазақстандағы ұлттық мәдени орталықтар Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 1989 жылғы 14 сәуірдегі “Қоғамдық ұйымдардың құрылу тәртібі мен қызметі туралы” жарғысы негізінде жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, оған қосымша 1995 ж. 14 шілдеде “Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аймақтық органдарында заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тәртібі жөніндегі ережелер”, 1996 ж. 30 мамырда “Қазақстан Респуб­ли­касындағы қоғамдық ұйымдар туралы” заңдар қабылданды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының конституциясында көп ұлтты Қазақстандағы барлық ұлттардың тең құқықтық дамуы үшін заңдық негіз жасалған. Бірнеше баптар осы мәселеге арналған. Мысалы, 39-бапта ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген әрекеттердің заңға қарама-қайшы екендігі атап көрсетілген.

Жоғарыда аталған конституциялық-құқықтық базалар негізінде ұлттық мәдени қайта өрлеу үрдісі басталды. Тек 1994—1996 жылдары республикалық және аймақтық, ұлттық мәдени орталықтардың 27-сі қоғамдық ұйым ретінде заңдық статусқа ие болды. Олардың әрқайсысының облыстық құрылымдарда бөлімшелері бар.

Ұлттық мәдени орталықтар қызметінің негізгі бағыттары және нәтижелері мынандай: ұлттық мәдени орталықтар білім беру ісін шешуге қатысады, бірінші сатыдағы ұлттық мектептердің дамуына мұрындық болуда. Мәселен, 1990 ж. неміс ұлттық мәдени орта­лығының және “Дойче альгемайне” газетінің ұсынысымен республикада тұңғыш рет Алматыдағы N 18,68 орта мектептерде барлық пәндерді неміс тілінде оқытатын сыныптар ашылды. Сол сияқты поляк тілінде оқытатын сыныптар Алматыда, Астанада, Қарағандыда, Көкшетауда бар. Жергілікті, аймақтық және республикалық ұлттық мәдени орталықтардың белсенді араласуымен жоғары оқу орындарындағы ұлттық тілдерден маман-тілшілер даярлайтын факультет пен бөлімдер саны көбейді. Мысалы, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде корей, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, парсы, араб бөлімдері ашылды. Осындай корей тілінің мұғалімін даярлайтын білім ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда пединститутында қайта ашылып, 1995 ж. алғашқы түлектерін даярлап шығарды.

Ұлттық мәдени орталықтардың араласуымен адамның өзінің ана тілін пайдалану құқығы жүзеге асырылды. Қазақстанда тіл қоғамдары құрыла бастады. Мысалы, Т.Шевченко атындағы украин тілі серіктестігі “Рідне слово”, Талдықорғандағы татар орталығы “Туған тель”. 1996 ж. барлығы 106 мың ұлт өкілдерінің балалары өз ана тілдерін жеке пән ретінде оқып-үйренді. Ұлттық мәдени орталықтар өз ана тіліндегі газет, журналдар жаздырып алуы, кітапханалық мекемелермен байланыс орнатуы, арнайы оқу үйлері ұлттық тілдердің функционалдық жай-күйіне игі әсер етті.

Павлодар облысының Кіші ассамблеясының ұсынысымен этностық топтардың 9 тілінде оқытатын 500 оқушыға арналған ұлттық мектеп ашылды. 1995 жылдан бері Ассамблея Қа­зақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жоғары оқу орындарына түсу­шілерге 10%-дық квота бөлу туралы идеясын жүзеге асырды. Нәтижесінде азшылық ұлттардың студенттер арасындағы үлес салмағы 17,7% артты. 11 ұлттық газет, 44 телестудия 12 тілде хабар береді және 18 радиостанция 6 тілде хабар беруінің арқасында ұлттың өзіндік дамуына ақпараттық кеңістік қаланған. 1995 ж. этностық топтар тілінде 20 кітап жарық көрді.

Дегенмен, кешегі 70 жылғы Кеңес өкіметі кезінде қордаланып қалған ұлт мәселелерін ұлттық мәдени орталықтар көтеріп, Қазақстан халықтары Ассамблеясының шын мәніндегі демократиялық орган ретінде айқындалуына да септігін тигізді. Сөйтіп, бұрынғыдай жоғарыдан әміршіл-әкімшіл жолмен емес, сұхбат жолымен келуге жол салды.

“Тұран” мәдени орталығы. Ұлы даладағы Қыпшақ мәдениетінің негізін қаласқан халықтардың бірі — әзірбайжандар. Кешегі сталиндік заңсыздықтар кезінде туған елінен бас сауғалап, қоныс аударуға мәжбүр болған бұл халықтың 100 мыңдай өкілі бүгінде Қазақстанда тұрады. Тұрмыс-тіршілігі, мұрат-мақсаты ежелден тұрандықтармен, алаш жұртымен біте қайнасқан әзірбайжандар қазақ елінің егемендігін нығайту, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін биіктету жолында табанды күрес жүргізіп келеді. 1992 ж. негізі қаланған “Тұран” мәдени орталығы мүшелерінің өз ұлттық мәдениетінің барынша өркен жаюы үшін сіңірген еңбегі орасан зор.

Армян мәдени орталығы. Армян халқының тағдыры өте күрделі. Бір жағынан христиан мәдениеті, екінші жағынан мұсылман мәдениеті тоғысатын белдеуде орналасқандықтан да армяндар жаугершілікті бастан көп өткізген. Сондықтан да туған елінен гөрі сыртта жүрген армяндар анағұрлым көп. Әйтсе де бұл халықтың байырғы мәдениеті ғасырлар бойы жасап келеді. Айталық қазіргі қолданылып келе жатқан армян әліпбиіне (алфавитіне) 1600 жылдан асқан.

Осынау ежелгі мәдениет өкілдерінің үлкен тобы ұзақ жылдардан бері Қазақстанда тұрып еңбек етуде. Олардың мәдени орталықтары 1991 ж. құрылған.

“Вонщен” — дүнген қоғамдық және мәдени орталығы. 1862—1877 жылдары Маньчжуриядағы Цин әулетіне қарсы күресте ойсырай жеңілген дүнгендердің үлкен тобы Қытай—Ресей шекарасынан өтіп, Жетісуға орналасуға мәжбүр болды. Бұдан кейін қытайлықтар тепкісіне түскен бұл халықтың шашырандылары Жетісуға қарай ағылып жатты. Қашқындардың соңғы легі — шамамен мыңға жуық адам — 1956—1962 жылдары бергі бетке өтті. Қазақстандағы дүнген мәдени орталықтары бұл халықтың мәдениетін өркендетуге қамқорлық жасап, жастардың ана тілінде сусындауына айрықша назар аударып отыр.

Корей мәдени орталықтары. Кеңес өкіметі Қиыр Шығыстағы корейлерді сенімсіз халық ретінде 1937 ж. Орта Азияға қарай жер аударды. Қазақстандағы бұл халық өкілдері 100 мыңнан асады. Қазақстанды туған отанындай қабылдаған корейлер еліміздің экономикасы мен мәдениетінің гүлденуіне елеулі үлес қосты. Олардың арасынан өсіп шыққан өнер, білім, ғалым, мәдениет, еңбек саңлақтары Қазақстанның игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Корей театры жұмыс істеп, теледидар арқылы корей тілінде “Коре сарам” хабарлары беріліп тұрады.

“Түркия” мәдени орталығы (республикалық Түрік қоғамы). 1829 ж. Ресей Түркияның солтүстігіндегі үш ауданын жаулап алып, бұл жерді Ресей империясының аумағына қосты. Кеңес өкіметі тұсында Сталин ежелгі түрік ауданын Грузия аумағына қосу мақсатымен жергілікті халықты Қазақстанға жер аударды. Түріктердің “Түркия” қоғамы Қазақстан халықтарының арасындағы ұлттық татулықты саяси тұрақтылықтың негізі деп түсінеді. “Түркия” мәдени орталығының басшысы Д.Абдуллаев мырзаның ұйымдастыруымен Таразда 1996 ж. түрік мәдениетінің күндері болып өтті. 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы түрік диаспорасының жалпы саны — 49475 адам болса, 1999 ж. Қазақстандағы түріктердің саны 75933 адамға өсті. Түрік тілін оқытатын 46 мектеп жұмыс істейді.

Күрділердің мәдени орталықтары. Күрділердің “Якбун” мәдени ассоциациясы, “Барбанк” қауымдастығы (төрағасы Н.Надиров) жұмыс істейді, сонымен қатар, бұрынғы кеңестік республикаларда да мәдени тіл, діни орталықтар жұмыс істейді. 1898 жылғы санақ бойынша Ресей империясында 100 мың күрділер өмір сүрген. Әзірбайжан күрділері бұл аумақта бір мыңға жуық жылдай өмір сүрген. Ал Грузия, Армения күрділері ол аумаққа ХVІІІ, ХІХ және ХХ ғасырларда Түркиядан қоныс аударды. Сталиндік 1937, 1944, 1948, 1950 жылдардағы депортация кезінде күрділер Қазақстан мен Орта Азияға көшірілді. 1999 жылғы санақ бойынша Қазақстан Республикасында 32764 күрді этностық топтарының өкілдері мекендейді. 1993 жылдан “Якбун” мәдени ассоциациясы жұмыс істей бастады. Күрді халқының мерекелері республикалық деңгейде аталып өтіледі. 1999 ж. Алматыда “Қазақстан күрділері”, “Тарих және қазіргі кезең” атты конференция өтті. Интернетте бірнеше сайтта халықтың тарихы, мәдениеті туралы мақалалар жарияланып тұрады.

“Идель” — башқұрт пен татарлардың қоғамдық мәдени орталығы. Ежелден Еділ бойын мекендеген башқұрт пен татар халқының түрлі қуғын-сүргінді бастан кешкен бөлігі Қазақ­станда да аз емес. Бүгінде олардың “Идель” қоғамдық және мәдени орталығы түркі халықтарының ынтымағын нығайтуда. Көп ұлтты мемлеке-тіміздің қоғамдық және мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі — 1998 жылғы 8—9 маусымда Шымкентте татарлардың бүкіл дүниежүзілік конгресі Атқару комитетінің көшпелі мәжілісінің өткізілуі. Оған Татар­стан Ғылым академиясының академигі И. Тагиров төрағалық етті. Бұл мәжіліс Орталық Азиядағы татар диаспорасының ана тілінде білім алуын одан әрі дамыту мен мәдениетін өркендету проблемаларына арналды. Осынау алғашқы кеңеске Қазақстандағы татар диаспорасымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстан татарлары мәдени орталықтарының өкілдері де қатысты.

Сонымен қатар, Қазақстанда неміс, поляк, грек, өзбек, шешен, ингуш және т.б. ұлттық мәдени орталықтары жұмыс істейді. Қазақстандағы орыстардың қауымдастығы “Здрава” да өз қызметін жалғастыруда.

Қазақстандағы тілдер статусы. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Этностың тұрақты тіршілік етуі мен оны айқындайтын көптеген элементтердің ішінде тілдің алатын орны ерекше. Тілдің дамуы мен оның функционалдық қызметінің өсуі және сол ұлттың мәдениетінің дамуының арасында тікелей байланыс бар.

Сондықтан республика толғағы жеткен мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік ала салысымен, бірінші болып тіл мәселесін көтерді. 1989 ж. 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында “Қазақ КСР-індегі тілдер туралы Заңның” жобасын бекітті. Бұл құжаттың 1-бабында Республикадағы Мемлекеттік тіл — қазақ тілі, орыс тілі халықаралық тіл болып жарияланған. 1997 ж. шілдеде “Қазақстан Респуб­лика­сындағы тілдер туралы” заңы өзгерістермен, толықтырулармен қайта қабылданды.

Қазақстан Республикасының конституциясында да қазақ тілі Мемлекеттік тіл болып қала беретіндігі айтылған. 1993 ж. Министрлер кабинеті жанында тілдер жөніндегі комитет құ­рылды, ол 1995 ж. ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет деп аталды. Дегенмен, рес­публика тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген саяси, экономикалық және мәдени өміріміздегі қиындықтар негізінде айырылып қалған рухани мұралар мен тілдерді дамытуда проблемалар кездесті. Ұлттық балабақшадан бастап мектептер ашу барлық аймақтарда бірдей емес екендігі анықталды. Мәселен, қазақтар саны халықтың 20—30% болып келген солтүстік облыстарда қазақ мектептерін көбейту, жаңа мектептер ашу мәселелері шешусіз қалып келді. Сол сияқты 1992 ж. Павлодар облысы бойынша қазақ балаларының 70,4%-ы орыс мектептерінде оқыған.

Сондықтан орыс мектептерінде оқып жүрген қазақ балаларын қазақ мектептеріне беруге шақырған “Қазақ тілі қоғамының” үндеуі 1991 ж. 1 тамызда “Ана тілі” газетінде жария­лан­ды. Онда былай делінген еді: “Шын мәніндегі егемендікке қол жеткізіп, елдігімізді сақ­тай­мыз десек, ана тіліміздің ата мекенімізде жасқаншақтамай күн кешуіне ұмтылсақ, халқы­мыз­дың болашағы бүгінгі жас өркеннің тіл тұнығынан сусындап, өз ұлтының болмыс-бітімін жан жүрегімен сезініп өсуін тілесек, балаларымызды төл тілімізде тәлім-тәрбие беретін балабақша мен мектепке апарайық. Қазақ балалары қазақ мектептеріне жаппай бет бұрғанда ғана ана тіліміздің төбесіне төніп тұрған қою бұлт ыдырамақ”.

Осындай игі бастамаларға қосымша Қазақстан Республикасының тіл саясаты жөнінде тұжырымдамасы қабылданды. 1999 ж. “Тіл туралы заң” негізінде Қазақстанда “Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы” жасалды. Бағдарлама төмендегідей бағыттарда істелінетін шараларды белгілеген:

— Ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдық, материалдық-техникалық алғышарттарын жасау;

— Мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту, оның белсенді түрде қоғамдық қолданылу аясын, әсіресе, ғылым, білім және мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу және халықаралық қатынастар саласында функционалдық қызметін арттыруға жағдай жасау;

— Ресми іс қағаздарын мемлекеттік тілге біртіндеп көшірудің нақты базасын жасау;

— Ел азаматтарының өз ана тілін пайдалануына жағымды жағдайларды дамыту және сақтау.

Сонымен, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінің нақты шындығы елдің көп ұлтты тұрғындарының қажеттеріне сәйкес, тілдік, демографиялық және саяси жағдайдың ерекшеліктерін ескеретін тіл саясаты үш басым бағыттарынан тұрады:

1. Бұл мемлекеттік тілді дамыту;

2. Орыс тілінің қолданылу аясын сақтау;

3. Көп ұлтты мемлекетіміздегі басқа ұлттық және этностық топтардың мәдениеті мен дәстүрлерін жан-жақты қолдау.

Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іс жүзіне енгізу біртіндеп кезең-кезеңмен, салмақты, жан-жақты ойластырылған, күштеу әрекетінсіз жүзеге асыру көзделген. Бағдарлама іс қағаздарын біртіндеп қағаз тіліне көшіруге ерекше назар аударады. Мәселен, қазірдің өзінде көптеген аудандар мен мекемелерде іс қағаздары мемлекеттік тілге көшірілген. Мұндай ұйымдар бағдарламада қарастырылған қазақ тілін іс қағаздарына енгізудің үлгілерін, компьютерлік модельдерді көмек ретінде пайдаланады. Мемлекеттік орган аппараттарында мемлекеттік тілді іс қағаздарына енгізу жөніндегі бөлімшелер ашу көзделген. Әрине, іс қағаздарын жүргізуде екі тілді білетін қызметкерге сұраныс болары сөзсіз. Жоғары және орта оқу орындарында “Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу” деген арнайы курс енгізілген. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ тіліндегі көркем безендірілген кітапшалар мен буклеттер шығару туралы арнайы бағдарлама жасалды. Мектепке дейінгі мекемелерде орыс тілінде тәрбиеленетіндерге қазақ тілін аптасына 3 сағатқа дейін жеткізу қарастырылған. Неміс, поляк, өзбек, ұйғыр тілдерінде оқытатын оқу мекемелері үшін ана тілі мен әдебиетін оқытудың мемлекеттік стандарты жасалуда.

Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жанынан мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытатын республикалық орталық құрылған. Орталықтың сегіз облыс пен төрт қалада бөлімшелері жұмыс істейді. 2000 ж. қыркүйек айында Қазақстан халықтары тілдерінің республикалық ІІ фестивалі өтті. Бұл фестиваль шеңберінде “дөңгелек үстелдер”, ұлттық мәдени орталықтардың мерекелік шаралары ұйымдастырылды. Фестивальда мемлекеттік қызметкерлер арасында мемлекеттік тілді білу сайысы болды. Оны мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің тілдерді дамыту департаменті ұйымдастырды.

Қазіргі Қазақстанды мекендейтін этностық топтардың жалпы тарихи тағдырластығы халықтардың менталитетіне, өмірлік көзқарасына ықпал етіп, олардың бәріне ортақ моральдық игіліктер қалыптастырды. Мәселен, олардың бәріне дерлік белгілі бір дәрежеде ұлттық сана-сезімнің өсуі, өз халқының байырғы тарихына деген қызығушылық, ана тіліне және ұлттың ежелгі салт-дәстүріне деген құштарлық тән. Елімізде бұл проблемалармен негізінен ұлттық-мәдени орталықтар мен ассоциациялар айналысуда. Сондықтан олардың қоғамдағы рөлі айтарлықтай өсті.

Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылуы және оның сессиялары. Егемендік пен тәуелсіздігімізді нығайтып, алға қарай дамуымызда қазақстандықтардың көптеген ұрпақтары жинақтаған достық пен ынтымақтастық аса бағалы құндылықтарға жатады. Сондықтан Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылын мерекелеу қарсаңында Қазақстан халықтарының форумын өткізу жөнінде ұсыныс жасады. 1992 ж. желтоқсанда Алматы қаласында өткен алқалы кеңесте әр түрлі этностық топтардың өздерін біртұтас Қазақстан халқы ретінде сезінетіндігі айқындалды. Осылайша, жаңа қоғамдық институт — Қазақстан халықтары Ассамблеясының негізі салынды.

Қазақстан халықтарының Ассамблеясы 1995 ж. 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жарлығымен құрылды. Ол — биүкіметтік, бисаяси, еліміздің президенті жанындағы кеңесші орган, өз қызметін Конституцияға, Ассамблея туралы ережеге сәйкес жүргізеді. Ассамблея туралы ережеде оның мүшелерінің тең құқықтығы, жариялылық, демократия сияқты идеялар көрініс тапқан. Мемлекеттік органдар мен аймақтың өзін-өзі басқару органдарымен, халықаралық және өзге мемлекеттік органдармен тығыз байланыс жасау принциптері басшылыққа алынған. Республика жұртшылығының еркі бойынша Қазақстан халықтары Ассамблеясының төрағалығына Н.Ә.Назарбаев ұсынылды. Жаңа органның сандық құрамы жергілікті кіші ассамблеяларға тең бөлінген кандидаттардан тұрды. Ассамблея құрамына 320-дан астам адам енді. Олар қазақ халқы мен 33 диаспораның өкілдері: атап айтқанда, өкілдердің 77-сі қазақ, 52-сі орыс, 22-сі корей, 21-і неміс, 20-сы украин, 18-і татар, 14-і еврей, 12-сі ұйғыр, 9-ы белорус, т.б. (1996 жылғы мәлімет бойынша).

Сондай-ақ Ассамблея мүшелерінің арасында халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының, республикалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің, орыс қауымдастығының, “Лад” қоғамдық славян қозғалысының және т.б. қоғамдар мен қозғалыстардың, мәдени орталықтар мен діни конференциялардың өкілдері, сенат пен мәжіліс депутаттары болды.

Ассамблея қызметін төмендегідей міндеттер мен мақсаттарға сәйкес жүргізуге тиіс болды:

— Республикадағы оқиғалар мен саяси жағдайларға баға беріп, қоғамдағы топтасуды қамтамасыз ететін практикалық ұсыныстар әзірлеу;

— Қазақстан азаматтарының нәсіліне, ұлтына, әлеуметтік тегіне қарамастан олардың құқы мен бостандығының кепілі ретінде Республика Президентінің қызметіне қолдау жасау;

— Елдегі ұлттық келісім мен саяси тұрақтылықтың сақталуына ықпал ету, әр түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту;

— Әр түрлі ұлт өкілдерінің рухани-мәдени жағынан қайта өркендеуі мен дамуына, мемлекет жүзеге асырып отырған ұлттық саясатта сан алуан ұлт мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ету;

— Қоғамдағы қайсыбір әлеуметтік қайшылықтарды шешу үшін келісім жолдарын іздестіру.

Ассамблеяның сессиясында, қазақстандық қоғамды одан әрі экономикалық және саяси реформалаумен байланысты өмірлік маңызы бар бірқатар мәселелер қаралады.

1995 жылғы наурыздағы құрылтайда “Біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін” деген баяндамасында Н.Ә.Назарбаев сессияға қатысушыларды республикадағы қоғамдық үйлесімділік пен ұлтаралық келісімді нығайтуға шақырды.

Ассамблеяның 1995 ж. маусымда өткен сессиясында Республика Президенті “Өткенді саралау және қоғамды одан әрі демократиялық реформалау” деген баяндамасында елдің жаңа ата заңын қабылдау қажеттігін негіздеп, жаңа Негізгі Заңның жобасының басты прин­циптері мен баптарын сессияның қарауына ұсынды. Ассамблея елбасының жобасын қолдап, мемлекет басшысына Қазақстанның жаңа конституциясын қабылдау жөнінде референдум өткізуге ұсыныс білдірді. 1996 ж. сәуірде Алматыда Ассамблея мүшелерінің үшінші сессиясы өтті. Оның жұмысына Ассамблеяның 326 мүшесінің 314-і қатысты. Ассамблея төрағасы Н.Ә.Назарбаев “Қоғамдық келісім — Қазақстанның демократиялық дамуының негізі” деген баяндамасында мемлекетаралық интеграцияны тереңдету, егемендікті нығайту және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру туралы мәселелер көтерілді. 1997 ж. мамыр айында Ақмолада Қазақстан халықтарының екінші құрылтайы, ал желтоқсан айында Ассамблеяның ІV сессиясы өтті. Сессияда 1997 жылдың жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы боп жариялануына байланысты істелінетін шаралар сөз болды.

Тоталитаризмнің құрбандарына Ақмолада ескерткіш тұрғызылып, Қазақстанға жер аударылған халықтар хақында кітап жарық көрді. Бұған ұлттық-мәдени орталықтар, тарихшылар, мұражай қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар жұмыла атсалысты.

Халықтарды демографиялық апатқа ұшыратқан, ұлттың таңдаулы өкілдерінің тарихи тағдырына өлшеусіз зиян келтірген кеңестік тоталитаризм озбырлығы Қазақстан халықтарына зор қасірет әкелді. Сондықтан өткенді таразылау, шындықты аршып алу үшін 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбан-дарын еске алу жылы деп жариялау туралы елбасының жарлығы қоғам тарапынан зор қолдауға ие болды. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер және ұлттық мәдени орталық басшылары жарлықты жүзеге асыруға белсене атсалысты. Бұл шара тарихи шындықты қалпына келтіруге, саяси қудалау құрбандарын ақтап алуға, ең бастысы ұлтаралық келісімге игі ықпалын тигізді.

Қазақстан халықтары Ассамблеясының қызметі. Қазақстан халықтарының Ассамблеясы қоғамдағы саяси және этностық тұрақтылық факторларының бірі ретіндегі өзінің мәніс-маңызын нақты істермен қуаттады.

Республика халықтары мәдениетінің қайта өркендеуі мен дамуына елеулі үлес қосылды, ұлттық мәдени орталықтардың жұмысы айтарлықтай жандана түсті. Наурыз мейрамы, корей, неміс мәдениеттерінің фестивальдары, татардың сабантойы бүкілхалықтық мерекеге айналып, дүнгендер мен күрділердің той-жиындары тұңғыш рет республикалық деңгейде өтті.

1995 ж. қазан айының соңында Алматыда ұйғыр жастарының дүниежүзілік фестивалі, Ақмолада ұйымдастырылған неміс балалары шығармашылығының республикалық фестивалі, Қазақстан түріктерінің өмірі туралы әңгімелейтін “Халық жадының кітабы” сияқты және басқа мәдени шаралар алғаш рет өткізілді. 1997 ж. Алматыда дағыстан мәдени орталығының ұйымдастыруымен Шәміл имамның туғанына 200 жыл толуын атап өтті, оған Кавказ халықтары өкілдері қатысты. Павлодарда, Семейде, Жамбылда, Өскеменде, Петропавлда, Көкшетауда және басқа қалаларда шағын ассамблеялар жұмыс істеді. Ұлттық-мәдени орталықтар үшін ғимараттар бөлінді.

Ассамблея диаспоралармен жұмысты ұйымдастарудың орталығына айналды. Оның жұмыс органдарына мемлекеттік мәртебе берудің арқасында ұлттық-мәдени орталықтардың проблемалары шешілетін болды.

Ассамблея кеңесінің шешімімен оның республикалық қоры құрылды. Бұл қор ұлттық-мәдени орталықтарға қаржы және ұйымдық көмек көрсетуге арналған. Оның филиалдары барлық облыстарда жұмыс істейді. Осы қордың республикалық мәдени орталықтарға қаржылай көмегі нәтижесінде қазақстандық көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Левон Мирзоян мен Мағазы Масанчидің есімімен байланысты мерейтойлар атап өтілді. Ассамблея Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 50 жылдық мерекесін, славян мәдениеті мен жазуының 1100 жылдығын, “Манас” эпосының мың жылдығын, Абай мен Жамбылдың 150 жылдық торқалы тойларын әзірлеп, өткізуге белсене қатысты.

Қазақстандық студенттердің шет елде білім алуына жол ашылды. Ассамблеяның көмегімен ұлттық диаспоралар өз тарихи Отанымен тығыз байланыс орнатты. Мысалы, “Қазақстан—Украина” ұйымы, Қазақстан мен Ресей достық және ынтымақтастық қоғамы құрылды. Алматы қаласында ұлттық диаспоралар оқырмандары үшін “Отан” кітап дүкені ашылды. “Қазақстан-1” телеарнасы арқылы “Достық” тележурналы шығып тұрады.

Ассамблея өкілдері еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ОБСЕ) 1996 жылғы ақпанда Алматы қаласында өткізілген халықаралық конференциясының бастамашысы болды. Конференция “Жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі этносаралық қатынас­тардың жарасымды үйлестігінің проблемалары (Қазақстан тәжірибесі негізінде)” деген тақырыпта өрбіді. Оған ОБСЕ-нің аз ұлттар жөніндегі бас комиссары Макс Вандер Стул мырза қатысты.

Қазақстан халықтары Ассамблеясы Алматыдағы ең көрікті ғимараттардың бірінде — Ғылым академиясы үйінде орналасқан. Мұнда барлық республикалық ұлттық-мәдени орталықтар мен қауымдастықтар жұмыс істейді.

Ассамблея — “Ақиқат” және “Мысль” республикалық журналдарының тең құрылтай­шысы. Ассамблея облыс әкімдері жанындағы шағын ассамблеялармен тығыз іс-қимыл жасай отырып, ұлттық диаспоралар туралы кең-байтақ материал жинақтады. Ассамблеяның атқарушы хатшылығының күшімен “Ортақ үйіміздегі бейбіт өмір мен келісім”, “Қазақстан халықтары Ассамблеясы — 1995 жыл” деген жинақтар жарық көрді. Астанадағы Л.Гумилев атындағы университет ассамблеяның ғылыми орталығы болып есептеледі. Республикадағы әр түрлі ұлт өкілдерін толғандыратын мәселелер осы орталықта ғылыми шешімін табуға тиіс. Ұлттық диаспоралардың проблемаларын теориялық және практикалық тұрғыдан дұрыс шешіп отырудың маңызы зор. Қазақстан халықтары Ассамблеясының жемісті жұмыс­тарының нәтижесінде кейбір ұлтшылдық, экстремистік көріністерінің (Орал, Өскемен сияқты бірқатар облыстардағы) тамырына балта шабылды. Елбасының 1997 жылғы бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығын “Украинские новости” газетінің бас редакторы А. Н.Гарковец, академик, белгілі тарихшы М.Қ.Қозыбаев, Фонтенбло (Франция) универси­тетінің профессоры А.Фишлер иеленді. Ассамблея елбасының жыл сайынғы берілетін Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығына үміткерлерді ұсыну мен іріктеуге араласады. 1996 ж. нақ осы сыйлықпен ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майер, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев және басқалар марапатталды.

ҚОСЫМША ДЕРЕКТЕР

Қазақстан халықтарының Ассамблеясы біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан және еркін, демократиялық, өркендеген мемлекетті құруға бағытталған прогресшіл өзгерістерді қолдайды. Бұл өзгерістер біздің халқымыздың өз Президенті Н.Ә.Назарбаевты қолдау көрсетуінің, тәуелсіз Қазақстанның жаңа демократиялық Конституциясын қабылдаудың және біздің Отанымыздың игілігі үшін жаңа құндылықтарды белсене жасауының арқасында мүмкін болып отыр.

Саяси тұрақтылықты, татулық пен келісімді сақтаудың және нығайтудың негізінде Қазақстан экономикалық дағдарыстың қыспағынан шығып келеді. Енді реформалардың бұдан арғы барысы біздің бәріміздің ұйымдасқанымызға және бірлестігімізге байланысты болмақ.

Қазақстан халықтарының Ассамблеясы барлық саяси партиялар мен қозғалыстарды біздің халқымыз бен мемлекетіміздің болашағы үшін жауапкершілікті барынша толық сезі­нуге шақырады. Демократия дегеніміз — ауа жайылу емес, қайта халық игілігі жолындағы сындарлы әрекеттерді сезіне білу. Тек саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім ғана әлеу­меттік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асырудың және біздің қоғамымызды одан әрі демократияландырудың негізі болып табылады. Экстремизм мен әуейі әйгілілік берекесіздік пен былыққа апарып соғады. Ал мұндай былық диктатураны туғызады. Біздің консти­туциямыз бен өзіміз сайлаған президент Қазақстан халқының демократиялық таңдауы екенін ұмытпағанымыз жөн. Бір сәттік қана саяси шамшылдық үшін осы таңдауға қол сұғу халықтың еркіне қарсы шығу деген сөз.

Біз Президент Н.Ә.Назарбаевтың ТМД халықтары арасындағы экономикалық және гуманитарлық байланыстарды сақтауға және тереңдетуге бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Біз өткенді қалпына келтіруді емес, ерікті интеграцияны, республиканың егемендігін барлық қазақстандықтардың жасампаз еңбегі арқылы нығайтуды жақтаймыз. Біз соғыстар мен қантөгіске апарып соқтыратын кертартпа әрі бұрынғыны қалпына келтіруші күштердің іс-қимылына қарсымыз. Бізде тоталитаризмге, шовинизмге, ұлтшылдыққа жол жоқ!

Қазақстан халықтарының Ассамблеясы біздің мемлекетіміздің барлық саяси күштерін тоталитаризмді қалпына келтіруді армандайтын реакциялық күштерге қарсы тұруға, қоғамның сындарлы әлеуетін халықтардың бірлігі, бейбітшілік пен әлеуметтік прогресс жолында топтасуына шақырамыз!

Қазақстан халықтарының Ассамблеясы 1996 жылғы сәуірдің 29-ы.