Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 19. Хіх ғасырдың 50-жылдарындағы қазақ шаруаларының патша отаршылдық саясатына қарсы күресі

Есет Көтібарұлы көтерілісінің алғышарттары (1847—1858 ). ХІХ ғ. 40-жылдарында патшалық Ресейдің қырға ішкерілеп еніп, бекіністер салу ісі жалғаса берді. 1837—1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезінде Кіші жүз аумақтық бірлестігінде қазақтардың жайылымдық жерлерінің қақ ортасында бір жылда екі бекініс бой көтерді. Олар 1845 ж. дүниеге келген Кіші жүздің Шығыс бөлігінде салынған Торғай (кейіннен Орынбор бекінісі) және Ырғыз (кейіннен Орал бекінісі) бекіністері еді. 1847 ж. Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр тұсында Райым бекінісі, 1848 ж. Орал мен Ор бекінісі аралығында Қарабұтақ бекінісі пайда болды. 1846 ж. Каспийдің шығыс жағалауындағы Түпқараған түбегінде Ново-Петровск (Александровск форты) қамалын тұрғызды.

Ресей экспансиясының оңтүстік аудандарға, Сырдария өңіріне қанат жаюы осы ауданда көшіп-қонып жүрген Кіші жүздің Шекті, шөмекей, төртқара руларының ашық наразылығына кезікті. Осылайша 1855—1857 жылдардағы Есет Көтібарұлы, Жанғожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтеріліс туындады.

Сыр өңіріне орыс әскерлерінің келуі, әрине, осы өңірге қожалық етіп келген Хиуа, Қоқан билеушілеріне ұнамады. Олар да Сырдария және Арал өңірінде бекіністер тұрғыза бастады. Жем өзеніне дейінгі қазақтардан зекет, ұшыр жинаумен айналысты.

Ал Ресейдің Орынбор әкімшілігі 1837 ж. түтін салығын енгізіп, әр шаңырақтан 1 сом 50 тиыннан жинай бастады. Оған қоса, Орынбордан басқа орыс бекіністеріне әскери жүкті тасымалдауға тек қана осы өңірге салынған жылма-жылғы түйе, жылқы салығы қарапайым көшпелі малшыларға ауыр тиді.

Сырдария бойында бекіністер салу мен 1853 жылғы Қоқан хандығына қарсы Ақмешіт жорығының барлық ауыртпалығы халықтың мойнына түсті. Орыс жасақтарын көлікпен, қоммен, жүк артып көлік бағатын қара жұмыскермен қамтамасыз ету міндеткерлігі болды. Түркістан өлкесіне баратын әскердің гарнизондық қажеттіліктерін тасымалдау міндеткерлігі — лау міндеткерлігі деп аталды. Мұндай төтенше салық міндеткерліктеріне лау міндеткерліктерінен басқа жолдарды, арықтарды тазалау, көпірлерді жөндеу, малдың қысқы азығы, отынмен қамтамасыз ету, т.б. жатты.

Әсіресе заттай жиналатын земстволық алымдарды жинауда жергілікті билік иелерінің асыра сілтеушіліктеріне орын берілді. Мысалы, 1847 ж. — 3500 түйе, 1853 ж. — 8285 түйе, 1854 ж. –6194 түйе жиналған. Бұл лау міндеткерліктері қазақтар үшін салық түріне айналады. Шын мәнінде орыс жасақтары түйелерді жалдап алып, белгілі бір көлемде ақы төлеуге тиіс болатын (1 түйеге —15 сом). Көбіне халықтан жинап алынған түйелер үздіксіз ауыр тасымалдан зорығып шығын болатын. Орыс жасақ басшыларынан өлген түйелердің құнын талап ету туралы, әрине, сөз болған жоқ.

Түйе жинауға қырға шыққан казак жасағымен қақтығыстар жиіледі. 1853—1854 жылдарда Есет Көтібарұлының түйе беруден бас тартуы шекаралық әкімшілікпен арадағы қарулы қақтығысқа ұласты.

Көтеріліс басшысы Есет Көтібарұлы Кіші жүздегі саны жағынан ең көп саналатын Шекті руының аса ықпалды батыры болатын. Ол қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар қаласының іргесіндегі Ақши деген жерде туған. Есеттің әкесі Көтібар Бәсенұлы ХVІІІ ғасырдың аяғындағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы кезінде Шекті руының жасақтарын бастап, Тіленші, Асау батырлармен бірге патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресті.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Сегіз сері Баһрамұлы өзінің “Қашқын” дастанында Көтібар батыр туралы:

Аралас Шекті, Табын қонған екен,

Олар да патшаға өшті болған екен.

Көтібар заманында ту көтеріп,

Халқына хал-қадірі болған екен. —

деп жырлайды.

Сырым мен Көтібардың түпкі мақсатына жете алмай, біреуі Хиуада, біреуі өз елінде қаза болуы жайында:

Сырым мен Көтібардың,

Пайдасы тиген жалпыға.

Екеуінің өлімі

Қатты батты халқына, —

деп көрсетеді.

Осындай күрескер әкенің ұлы Есет жас кезінен-ақ Кіші жүздегі қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысты. Шекті руы Тілеуқабақ тармағының рубасы, әрі биі, әрі батыры ретінде аты Кіші жүзге, одан асып үш жүзге белгілі болды. Ол ХІХ ғ. 50-жылдарында патша үкіметінің отарлық саясаты күшейіп, Қазақстанның Ресей қол астына енуі аяқталар уақытта ел тағдыры үшін күреске белсене кірісті.

Сонымен, Есет Көтібарұлы көтерілісі қарсаңында Кіші жүз көлеміндегі ең ірі тайпалық бірлестік — Шекті руы 12800 түтін, демек шамамен 65–85 мың адамнан тұрды. Есеттің қарамағындағы Үлкен Шекті рулары жазда Жем өзенінің жоғарғы ағысы, Арал теңізі жағалауы, Үлкен және Кіші Борсық құмдарында мекендеді. Ал Жанғожа бастаған Кішкене Шектілер — 3500-дей түтін басқалардан бөлек Кіші жүздің оңтүстігін Қуандария, Сырдарияны мекендеді. Жанғожа мен Есет бір-бірімен ағайынды. Халық аузында Есетке Қыр Шектісі, Жанғожаға Сыр Шектісі деп атаулар берген. Жаугершілік заманда Есет үнемі Жанғожаға көмек беріп отырған.

Көтерілістің себебі ХІХ ғ. 40-жылдары күшейе түскен патша үкіметінің отарлық езгісі; Хиуа, Қоқан билеушілерінің озбыр шапқыншылықтары. Осылайша Кіші жүздің оңтүстік аудандарындағы, Арал мен Сырдың төменгі ағысындағы қазақтар екі жақты қысымның ортасында қалды. Қоқан, Хиуа бектері де Сырдариядағы бекіністерге жақын маңда көшіп жүрген қазақтарға дүркін-дүркін шапқыншылықтар жасап, ауылдарды тонап, үйлерін өртеп, малдарын айдап әкетті.

Ортаазиялық хандықтар қазақтардан зекет, ұшыр жинау арқылы өздеріне тәуелді етуді көздесе, ал патшалық әкімшілік те дәл осындай мақсатпен түтін салығын төлеуді талап етті. Осындай “былай тартсаң арба сынатын, былай тартсаң өгіз өлетін” қиын саяси жағдайда жергілікті рубасылары алдында бірнеше жолдың біреуін таңдау міндеті тұрды.

Мәселен, Жанғожа Нұрмұхамедұлы Хиуа, Қоқан хандықтарына байланысты бітіспейтін жаулық бағытты ұстанды. Ал кейбір Кіші жүз сұлтандары Хиуа хандарымен тату байланыстар орнатты. Есет Көтібарұлы болса Ресеймен де, Хиуамен де дипломатиялық жолдармен қатынас жасауға тырысты. Себебі олармен тығыз сауда байланыстарын орнатқан еді. Әсіресе Хиуамен байланыстың үзілуі ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан отырықшы қалалардан қол үзуге әкелер еді. Ал Жанғожаның қол астындағы Кіші Шектілер өздері 3 мың десятинаға жуық жерге егін егіп, Хиуа нанынсыз күн көре алатын. Басқа тауарларды Бұхардан сатып алды.

Кіші жүз қазақтары ХІХ ғ. 20–30 жж. шекара шебінің салынуымен байланысты Табын руы мекендеген жайылымға, өзендерге, тұзды жерлерге бай Жаңа Елек ауданынан бір рет айырылды. 40 жж. ортасында Жем өзенінің ар жағына өтуге тыйым салынды. Ал бұл ауданда Үлкен Шектілердің жайлауы орналасты. Ембі посты мен Арал бекінісі салынған кезде Шектілер ол жерлерді де тастап шығады. Жоғарыда айтылғандай алғашқы наразылық 1853 жылғы Ақмешіт жорығына қажетті 4 мың түйе мен көлік жабдықтарын беруден бас тартудан басталды. Есет бастаған көтерілісшілерді жазалау өз нәтижесін бермеді.

Көтерілістің басталуы және барысы. Патша үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс 1855 ж. жазда басталды. Оған Қырым соғысында Ресейдің түрік әскерлерінен жеңілуі әсер етті. Қырым соғысының нәтижелері қазақ даласында отаршылдыққа қарсы көңіл күйдің өрши түсуіне жағдай жасады. Есет өзіне қарсы күштердің шығарылуын күтпей, топ жасақтай бастады. Есеттің қол астына 1300-ге жуық Шекті, Табын, Адай, т.б. патшалық озбырлық құрбандары жинала берді.

Есет Көтібарұлына қарсы Орынбор бекінісінен Кіші жүздің орта бөлігінің басқарушы сұлтаны Арыстан Жантөреұлы басқарған казак әскери жүздігі және әр түрлі рулардан 900-дей сарбаздар жиналды. Онымен бір мезгілде батыс бөліктің басқарушы сұлтаны М.Тәукеұлы жасағымен қырға бет түзеді. Елек өзенінің жоғарғы ағысындағы Суықсу шатқалындағы сұлтан лагеріне тұтқиылдан жасалған шабуыл кезінде Арыстан Жантөреұлы және т.б. дистанция бастықтары, билер, рубасылары — барлығы 10 адам қаза тапты.

Ал Дәуіт Асауұлы бастаған Шөмішті, Табын, Ысық, Таз, Шеркес руы қазақтары келісім бойынша Тәукеұлы жасағына шабуыл жасауы керек еді. Мұны естіген Тәукеұлы дереу шепке оралып, казак жасағын ертіп шығып, Д. Асауұлына қатысты ауылдарды талқандап, малдарын тонады. Дәуіттің отбасы тұтқындалып, Орынборға аттандырылды. Дәуіттің өзі бойтасалап үлгерді.

Енді Есет жасақтары 10–40 адамнан тұратын шағын топтарға бөлініп алып, патшалық Ресей жағындағы би, рубасы, сұлтандардың малдарын айдап әкетумен айналысты.

Орынбор әкімшілігі көтерілісшілерге қарсы Орал, Орынбор казак әскерін, башқұрт полктерін, бекініс гарнизондары күштерін бір мезгілде қырға шығарды. Жазалаушы жасақтарды басқарған подполковник Кузьминский, Дерышевтер көтерілісшілер ауылдарымен қоса бейбіт ауылдарды жан түршігерлік қаталдықпен жазалады. Жазалаушыларға “бүлікшілердің” мал-мүліктерін тонап алуға, барымта жасауға рұқсат берілді.

Есет Үстіртке жақын Асмантай, Сам құмдарына шегінуге мәжбүр болды. 1857 ж. Сам құмдарында көтерілісшілер түгелімен талқандалды. Көтерілісшілерге қарсы барлық операциялар барысында 42 мың бас ірі және ұсақ малдар тәркіленді. Бұл малдарды сату барысында 79360 сом пайда түсті.

Есеттің Хиуамен көмек жөніндегі келіссөздері нәтиже бермеді. Есеттің алдында тағы да екі жолдың бірін таңдау міндеті тұрды: туған жерді тастап шығып, Хиуаның қол астына бағыну немесе Ресей билігін мойындап, ежелгі атақоныста қалу. Есет екінші жолды таңдады. Тек 1858 жылдың жазында ғана Перовскийдің орнына тағайындалған генерал-губернатор Катенин Жем бойында Есетпен бітім жасасады. Есет лажсыздан патша билігін мойындауға мәжбүр болды.

Есет 1859 ж. бірнеше би-сұлтандармен Петербургке барып, империяның күш-қуатымен танысып қайтады. Қазақ даласынан барған бұл делегацияны әдейі әскери шеруге қатыстырған.

Осылайша Есеттің халық алдындағы беделімен санасқан патша үкіметі оны өз жағына тартып, Шекті руының қабақ тармағының басқарушысы етіп тағайындайды.

Арынғазы Әбілғазыұлы мен Жанғожа Нұрмұхамедұлының Хиуа мен Қоқан хандықтарына қарсы күресі. (Картаны қараңдар.) ХІХ ғ. басынан басталған Азия құрлығы үшін Англиямен бақталастық, Ресей үшін Қазақстанның Шығыс елдеріне апаратын “қақпа және кілт” факторының күшеюі дамып келе жатқан Ресей капитализміне жаңа шикізат көздерінің қажеттігінен туындады.

Міне, осылардың бәрі ХІХ ғасырдың ортасында үлкен маңызға ие болып, Ресейдің Орта Азияны жаулап алу саясатында Қазақстанның оңтүстік өңірінің стратегиялық маңызын арттыра түсті. Сыр бойында алғашқы орыс бекінісі — Арал (Райым) Арал теңізінен 60 шақырым жерде орналасты.

Орыс бекіністерінің салына бастауы хиуалықтардың табанды қарсылығына кезікті. Хиуалықтар орыс билігіне мойынсұнған қазақтарды жазалау үшін сусыз қалдыруды көздеді. Қожанияз бекінісінің тұсынан Қуаңдарияның суын төмен жібермей бөгеп, Арал теңізіне дейінгі жерлерді сусыз қалдырды. Судан тапшылық көрген қазақтар — Төртқара, Кішкене Шекті, Тілеу рулары Райым бекінісінің маңайына көшіп келеді, хиуалықтарға зекет төлеуден бас тартады. Жалпы бұған дейін Сырдың төменгі ағысы, Арал өңірінде бұрынғы Хиуа ханы Қайыптың немересі Арынғазы Әбілғазыұлы билік жүргізді. Ол 1815—1821 жылға дейін қазақтардың саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірген Хиуа ханы Мұхаммед Рахыммен үздіксіз қарсыласты. Хиуа басқыншылығына қарсы күрес Арынғазының беделін өсірді. Оның билігін Орта жүздің батыс бөлігіндегі қазақтар да мойындады. Көптеген қазақтар Арынғазы шетел басқыншылары мен өз билеушілерінің озбырлығынан құтқарады деп үміттенді. Жайықтан Сырға дейінгі далада билігі жүруге тиісті Шерғазы Айшуақұлының орнына халық Арынғазыны бекітуді сұрайды. Арынғазының қол астына қарулы жасақтар топтаса бастайды.

Арынғазының күшеюінен сескенген патша үкіметі Арынғазыдан құтылу үшін сылтауратып 1821 ж. оны Петербургке шақырады. Ол жолда ұсталып, Калугаға жер аударылды. Өз халқынан осылайша қол үзген Арынғазы 1833 ж. сол жақта қайтыс болды. Сыр бойын иеленуге ұмтылған патшалық Ресей өз жолындағы кедергіден осындай жолмен құтылды.

Арынғазының тұтқындалуы Сыр өңірі қазақтары үшін орны толмас ауыртпалықтарға әкелді. Бұл аймақта Хиуа бектерінің үстемдігі орнады. Жайық пен Елек өзені аралығындағы жерлерден айырылуға байланысты Жоламан Тіленшіұлы көтерілісінің басталуына да Арынғазының тұтқындалуы себепші болды.

Енді Сыр бойындағы қазақтарды Қоқан, Хиуа хандықтарынан азат етуге Кішкене Шекті руының билеушісі Жанғожа батыр бел шешіп кірісті. ХІХ ғ. ортасына дейін хиуалықтар Сырдарияның төменгі ағысына дейінгі, қоқандықтар Ақмешітке дейінгі жерлерді бақылауда ұстады. Жанғожа батыр осындай жағдайда Орта Азияға қарай жылжып келе жатқан Ресейдің көмегіне сүйеніп, қазақтардың дербестігін қорғауды ойлады. Қазақтардың Ресей жағында тұрғанын байқаған Хиуа ханы 1847 ж. тамыз, 1848 ж. наурыз айында 6 мың әскермен Сырдың екі жағындағы елге жойқын жорық ұйымдастырды. Хиуалықтар 2500 отбасын тонап, 500-ге жуық адамды өлтіріп, 30 баланы суға лақтырады.

Екі күннен кейін Жанғожа өз сарбаздары және Райым гарнизонының көмегімен хиуалықтардың Жаңақала бекінісінің, қоқандықтардың Қошқорған бекіністерінің күл-талқанын шығарады.

Патшалық әкімшілік Жанғожаның халық алдындағы зор беделін ескеріп, оны өз жағына тарту үшін казак әскерінің “есаул” шенін береді. “Ерлігі үшін” алтын медалін сыйлап, Сыр қазақтарын басқарушы ретінде 200 сом төлемақы белгілейді. Алайда Жанғожа шеннен де, төлемақыдан да, ант беруден де бас тартады. Жанғожа батыр басында Ресей әскерін хиуалықтардан қорғаушы ретінде қабылдағанымен, уақыт өте келе олардың да отаршылдық пиғылын тереңірек түсіне бастаған еді. Орынбор әскери губернаторы генерал Обручев Жанғожаны “бағынбағандығы үшін” жазалауға көшеді. Қазалы маңындағы қазақтарға салық төлеткізіп, әскери бекіністердегі ауыр жұмыстарға жекті. Егістікке қолайлы жерлерді басып алды.

Сонымен, Сырдария бойындағы қазақтар көтерілісінің негізгі себебі де жерінің тартып алынуынан еді. Орыс армиясы Қоқан бекіністерін жаулап алу арқылы Сырдария әскери шебін құрды. Қазақстанның Ресейге қосылуын аяқтау үшін Сырдария әскери шебін Сібір шебімен қосу көзделді. 1853 ж. Перовскийдің басшылығымен Аралдан Ақмешітке дейінгі аралықта бекіністер салынды. Қоқандықтар үшін саяси стратегиялық және экономикалық үлкен маңызы бар Ақмешіт 20 күн қоршаудан кейін аса зор әскери күштің арқасында орыс әскерлерінің қол астына өтті. Ақмешіт Ресейдің қол астына өткеннен кейін Перовск форты салынып, Сырдария шебі құрылды. Райым (Қазалы) мен Ақмешітке дейінгі аймақта отаршылдық тәртіп орнады. 1 сом 50 тиын түтін салығы енгізіліп, толып жатқан еңбек міндеткерліктері: әскери бекіністер құрылысы, бекіністер арасында жол, көпір салу, егіске керек су жүйелерін қазу, жүк тасу үшін көлікпен (түйемен), адам күшімен қамтамасыз ету жүктелді.

Жаңа тәртіпке наразылар Жем бойында көшіп жүрген Есет батыр мен Сыр маңындағы Жанғожа бастаған отаршылдыққа қарсы күреске қосылды. Көтерілістің ошағы Қызылқұм, Жаңақалада орналасты. Көтерілісшілердің қарулану дәрежесі төмен, астындағы аттарының күйі болмаса да, тіпті кейбіреуі өгізге мініп, кейбіреулері жаяу-жалпы болса да, олардың күрескерлік рухы жоғары еді. Көтеріліске Сыр бойындағы Алты ата Әлімүлынан Кішкене және Үлкен Шектілер, Қарасақал, Шөмекей, Кете, Төртқара сияқты т.б. 3 мыңға жуық жергілікті халық қатысты.

1857 ж. қаңтарда Ақмешіттен Перовскийдің бұйрығымен Фитингофтың әскері 1 зеңбірек, 2 ракета станогы, 300 аттылы казак әскері, Елекей Қасымұлы бастаған 320 жаяу башқұрт жасағы шықты. Оған Арал флотилиясының бастығы Бутаков жасағы да көмекке жетті. Бұдан көтерілістің патша әкімшілігін қатты әбігерге салғандығын аңғарамыз.

Жанғожа бастаған көтерілісшілер Фитингоф әскерімен 1857 ж. 9 қаңтарда Арықбалық деген жерде бетпе-бет кездеседі. Жараланған Жанғожа қолы біртіндеп шегініп, Бұхар жеріне өтіп кетеді. Көтеріліс жеңіліс тапты. Көтерілісшілерді өкшелей қуған жасақтар оларды таба алмады, есесіне жолда кездескен ауылдарды айуандықпен талан-таражға салды. Ашыққан ел балықты талшық етіп қана аман қалды. Көтерілісшілердің көп бөлігі Хиуа жеріне өтіп кетті. Азып-тозған халықты бастап Жанғожа тек 1860 ж. ғана қайта елге оралады.

Сырдария әскери шебінің бастығы Жанғожаға қарсы оның ежелгі қас дұшпаны Елекей Қасымұлы басшылығымен 600 орыс әскерін аттандырады. Олар Жанғожа ауылын қоршайды.

Жанғожа келе жатқан жасақты көрсе де асықпай намазын оқып, жауларына қасқая қарап отыра береді. Жаулары оны қолға түсіруге батпай, алыстан атқылайды. Осылайша 90 жастағы батыр орыс жендеттері мен итаршыларының қолынан қаза тапты. Қазақ халқы батыр өліміне қайғыра отырып, ол туралы жырда былай дейді:

“Аттанды Елекей хан жұртын жиып,

Ауыр қол жүре алмайды жолға сиып.

Бар болса Елекей хан жау болмас деп

Тұр екен таң алдында намазға ұйып,

Жанғожа жұрттан асқан батыр еді

Өлтірді оны неғып көзі қиып”.

(В.И. Аничков Мұсабай жыраудан жазып алған дастаннан үзінді.)

Жанғожа мен Есет бастаған көтерілістің жеңілу себептері. Біріншіден, жергілікті сұлтандардың, рубасыларының сатқындығы. Патша үкіметіне қызметке өткен би-сұлтандар олардың жергілікті жерлердегі қолшоқпарына айналды. Қазақта “іштен шыққан жау жаман” деген сөз бар. Себебі олар жауының барлық әлсіз жақтарын жақсы біліп отырады.

Екіншіден, көтерілісшілердің қарулану дәрежесінің төмендігі, патша үкіметі әскерімен теңдесе алмауы.

Көтеріліс сипаты жағынан ұлт-азаттық мазмұнға ие болды. Себебі көтерілісте азаттықты аңсаған, отаршылдық қысымнан зардап шегіп тығырыққа тірелген халық өз көсемдерінің бастауымен отаршылдық бұғауға қарсы күресті. Ел басына төнген ауыртпалық кезде Жанғожа, Есет сияқты батырлар ел бастар қорғандарына айналды. Есет батыр да, Жанғожа батыр да Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы көрнекті мемлекеттік тұлғалар қатарына жатады.