Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

V тарау. 1920—1930 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір

§ 32. Қазақстандағы мәдени революция

Мәдени революцияның мақсаты. Мәдени революцияның жүзеге асырылуы социалистік қоғам құру туралы лениндік жоспардың бір тармағы болатын. Мәдени революция қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып, жаңа мәдениет түрін жасау және жаңа адамды тәрбиелеуге әсер етуге тиісті болды. Алайда мәдени революцияның даму үрдісі әр аймақтағы халықтың мәдени деңгейіне қарай әр түрлі өтті. Мәдени революцияның белгіленген міндеттері кеңес мемлекетінің әр аймағында әр түрлі әдіс-тәсілдермен жүргізілді. Барлық аймақ үшін мәдени революцияның түпкі мақсаты — бірыңғай дүниетаным қалыптастыру және мәдени-ағарту, білім беру, ғылыми мекемелердің бірыңғай жүйесін құру ғана ортақ болды. Сонымен қатар, республикалардың тарихи дамуының өзіндік сипатына және қуат-қарымына қарай мәдени революциялардың өзіндік ерекшеліктері болды.

Большевиктер билік басына келген кезде олар әлі қазақ өлкесінде толық жеңіске жеткен жоқ еді. Саяси жағдайдың қажеттілігінен басқа, жаңа социалистік қоғам құруға қажетті идеологиялық алғышарттар жасау керек болды. Қазақстан тұрғындарының санасына жаңа саяси көзқарас енгізу міндеті тұрды. Адамдарды жаңа өмір құруға өз еркімен, ынтасымен қатыстыру қажет болды. Ол ынтаны социализм және коммунизм идеялары тудыруға тиісті еді. Осындай күрделі міндетті шешу үшін мәдени революцияны жүзеге асыру идеясы туды. Мәдени революция коммунистік партияның талабына сай білім беру, ғылым мен мәдениет мекемелерінің қызметін түбірімен өзгертуге деген сөз еді. Мәдени революция қоғамның мәдени өмірін түбірімен өзгертуге бағытталды. Мәдени революцияның міндеттерін табысты жүзеге асыру үшін қажетті саяси жағдай бар болатын. Азамат соғысы аяқталып, өлкеде Кеңес өкіметі орнаған. Қазақстанда басқарушы мемлекеттік және партиялық аппарат орнап, қоғамдық ұйымдар (кәсіподақ, комсомол, “Қосшы”, “Жарлы” және т.б.) қызу жұмыс жүргізіп жатты. ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында белең алған саяси жүйе Қазақстандағы мәдени дамудың бағытын, көлемін және қарқынын өзгертуге мүдделі болды. Алайда мәдени революцияны тез әрі табысты жүзеге асыруда бірқатар кедергілер де болды. Ең алдымен, бұл кезеңде Қазақстан мәдениеті кеңес елінің орталық аудандарынан айтарлықтай артта қалған-ды. Өткеннен мұра болып қалған ағарту жүйесі әр текті: діни және ақсүйектік, орысша және орысша-қазақша аралас болатын. Халықтың басым көпшілігінің бастауыш білімі де болмады.

Қазақстандағы мәдени революцияны жүзеге асыру екі басты міндетті шешуге байланысты болды: біріншіден, мәдени артта қалушылықты жою; екіншіден, білім беру, ғылыми және мәдени мекемелердің жаңа кеңестік жүйесін қалыптастыру.

Партияға мығым сенім іргетасы қажет болғандықтан, мәдени революцияны жүзеге асыру үшін күрес жүргізді. Партия ұйымдарының идеологиялық жұмыстары мәдени сипаттағы бұрыннан бар және жаңадан қалыптасқан барлық органдар қызметін өзіне бағындыруға тырысты. Партияның бұл салаға басшылық ету міндеті Қазақстандағы жас партия ұйымдары мен еңбекші бұқараға идеялық әсер етудің барлық түрлері мен әдістерін, барлық бағыттарын өз уысынан шығармау болды.

Идеологиялық мекемелер қызметіне басшылық жасау және бақылау жүргізуді партияның ОК хатшылығы жүзеге асырып отырды, ал жергілікті жерлерде партия комитеттері мен ұялары, олардың насихат және үгіт жүргізу коллегиялары атқарды. Партия ОК-нің үгіт-насихат жұмысына бағыт беріп, бақылау жүргізген бірінші бөлімдері әйелдер арасында жұмыс жүргізуге арналған (1918 ж.) және ауылда жұмыс жүргізу (1919 ж.) бөлімдері болды. 1919 ж. мамырда Ағарту халкомы жанынан үгіт пункттерінің Орталық коллегиясы құрылды. Жергілікті жерлерде, РК(б)П комитеті жанынан әр түрлі бөлімдер ашылды. Парткомитеттің өздері де біртекті болмады, өйткені партия кадрларын даярлау деңгейі мен олардың саны әр түрлі болды. Бұл орталықтан басқару және бақылауды қиындатты, келісімсіз әрекеттерді туындатты. Бұл кемшіліктер әсіресе “әскери коммунизм” және ЖЭС саясатының өтпелі кезеңдерінде анық сезілді. Мұндай жағдайда бұқара арасындағы беделін түсіріп алмас үшін еңбекшілермен саяси-тәрбиелік жұмысқа партиялық және мемлекеттік басшылықты күшейту қажет болды.

Елдегі идеологиялық бақылауды жүзеге асыру үшін партиялық және мемлекеттік аппарат құру қажеттігі байқалды. 1920 ж. тамызда партияның ОК-де үгіт-насихат бөлімі құрылды. 1920 ж. 6 қарашада РСФСР Ағарту халкомы қасында Бас саяси-ағарту комитеті іске қосылды. Бұл екі партиялық және мемлекеттік органдар мәдени революция үрдісіне күнделікті практикалық басшылықты жүзеге асыра бастады. Бұл басшылықтың икемді техникалық жүйесінен Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында партияның ОК-де мәдениетке байланысты әр түрлі мәселелер туралы мәжілістер өткізілді.

Мәдени революцияның міндеттері. Қазақстанда мәдени революцияны түпкілікті жүзеге асыру үшін бірқатар міндеттерді шешу қажет болды:

— жергілікті жерде нақты мәдени база жасау үшін сауат ашу және саяси білім тарату шараларын жүзеге асыру қажет;

— Қазақстандағы оқу және ағарту мекемелерін бір жүйеге келтіру, оқытуды бірыңғай оқу бағдарламасымен жүргізу;

— рухани өмірге жаңа мазмұн беру үшін қазақ социалистік музыка мәдениетін дамыту;

— кеңестік мемлекеттердің тұтас аумағында бірыңғай мәдени кеңістік жасау үшін өлкеде өнердің жаңа түрлерін — театр, кино, бейнелеу өнерін, т.б. қалыптастыру;

— Қазақстанда ғылымды дамыту үшін ғылыми мекемелер жүйесін құру;

— жергілікті халықтың қоғамдық және жеке өмірдегі рулық және діни наным-сенімдерін жойып, кеңес адамының жаңа өмір салтын енгізу;

— социалистік қоғам құру міндеттерін шешу үшін ұлттық кадрларды даярлау;

— Қазақстанда орта арнаулы және жоғары білім жүйесін құру.

Осылайша, 1920—1930 жж. партияның мәдени саясатының мазмұны партиялық және мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ, рухани саладағы мекемелер мен ұйымдар қызметі арқылы жаңа кеңестік сана қалыптастыру ісіне бағытталды. Мәдени саясат дегеніміз түпкі мақсаты КСРО-да социалистік қоғам құруға бағытталған партияның біртұтас саясатының белгілі бір аспектісі болып табылады. Біртұтас социалистік мәдениет қалып­тастыру үшін партия бір жағынан — шығармашылық саласын халыққа жақындата түсуге, екінші жағынан — халықтың жалпы білімі мен мәдени деңгейін көтеруді ұсынды. Мұндай көзқарас әр түрлі ұлттық мәдениеттер қызметінің өрісін айтарлықтай тарылтты. Көпұлтты мемлекеттің рухани саласын бірегейлендіру беталысы кейінірек ондағы қарама-қайшылықтардың шиеленісуіне алып келді.