Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 30. Қазақтардың атамекенінен ауа көшуі

Көшудің басты бағыттары. Кеңес үкіметі қателіктерінің, Голощекин геноциді салдарларының бірі — қазақтардың республика аумағынан тыс жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болуы еді. Бұл қоныс аудару негізінен үш бағыт бойынша жүрді. Біріншісі — Ресейге, екіншісі — Қытайға, үшіншісі — Орта Азияға ауа көшу бағыттары болды. Ресей бағыты екі тармаққа бөлінеді: а) Солтүстік тармақ — Сібір өлкесі және ә) Батыс тармақ — Орынбор, Орта Еділ бойы. Бірінші бағыт бойынша негізінен Қазақстанның батыс, солтүстік аймақтарынан шыққандар; екінші бағыт бойынша шығыс және оңтүстік-шығыс аудандарынан, ал үшінші бағытқа — оңтүстік облыстардан көшті. Ал орталық аймақтағылар шамаларының жеткенінше осы үш бағыттың қайсысы жақындау, қайсысына мүмкіндігі болса, соған қарай көшті. Өз жерін қасиет тұтып, өзгелерден қызғыштай қорып келген, қанын да жанын да аямаған қазақтар кеңес үкіметінің және оның Голощекин сияқты ұрда-жық қолшоқпарларының жымысқы әрі озбыр саясатының барысында торғайдай тозды. Қаншама ғасыр көшпелі болса да туған жерін, кіндік қаны тамған жерін ту етіп өскен, оны тастап кетпеген қазақтар босқынға айналып, шет елдерге қоныс аударып, тарыдай шашылып кете бастады. Ол елдерде де қазақтарды молшылық пен жақсылық құшақ жая күтіп тұрмаған еді. Бүгінгі таңдағы шет елдердегі миллиондаған қазақ диаспораларының пайда болуы осылайша басталды. Олар көптеген қиындықтарды бастан өткізе отырып, бүгінгі таңға еңбекқорлығы, кез-келген даму үрдісіне бейімделіп және оны игеріп кете алатын қабілеті арқасында түрлі халықтармен тең дәрежеде өмір кешуде. Елі мен жері тәуелсіздік алған кезде атамекеніне қайта оралуға ұмтылуы заңды әрі аса қажет. Өйткені ұлан-байтақ жер шарында олардың тек бір-ақ Отаны, еркін өсіп-өнуге мүмкіндігі бар, рухани-мәдени даму ортасы — Қазақ жері, Қазақстан Республикасы. Олардың өз Отанына көшіп келуіне мүмкіндік беріп, орналасуына жағдай жасау бүгінгі таңдағы ұрпақтың, Қазақстан халықтарының голощекиндік геноцидке берген жауабы, қадірлі борышы деп есептелуі қажет.

Қазақтардың Ресейге көшуі. Қазақтардың жаппай қоныс аударуы 1930 ж. басталып, бұқаралық сипат алды. Оған дейін шекаралық аудандардағы жекелеген отбасылардың кеңес үкіметінің озбырлығына шыдамай, шет елдерге кетуі болып жататын. 1930 ж. 34977 шаруа қожалығы өз жерінен көшіп кетті. Ал 1931 ж. толық емес мәліметтер бойынша 45000 отбасы көшті.

Қазақтардың жаппай көшуге мәжбүр болған ресейлік аймақтарының бірі — Батыс Сібір өлкесі болды. Бұл өлкеге қаша көшкендер 1931 ж. шамалы болса, 1932 жылдың соңына қарай аш-жалаңаш босқын қазақтар саны көбейіп кетті. Мәселен, бір ғана Славгород ауданында 10 мың адам, оның 6 мыңы Славгород қаласында жинақталды. Ал Баевск ауданында 1300 босқын қазақ есепке алынды. Алғашқы кезеңдерде қазақтар тек Ресеймен шектескен аудандарда ғана болса, 1932 жылдан бастап, жоқшылық қысқан олар Сібір жеріне тереңдей еніп, Новосибирск жеріне дейін көшті. Бұл жағдай Батыс Сібір өлкелік партия комитеті басшыларын мазасыздандырды. Аштық пен зорлық-зомбылықтан араша іздеген босқын қазақтарды жұмыспен, тамақпен қамтамасыз етуге мұндағы үкіметтің мүмкіндігі де, құлқы да болмады. Сондықтан да ашаршылықтың түпсіз тұңғиығы мұнда келген қазақтарды да өз шыңырауына шырылдатып тартып жатты. Балалар үйлері мен ауруханалар қазақтарға толып кетті. Қазақ босқындарына көмек көрсете алмаған Сібір басшылары Қазақ өлкелік партия комитетіне қазақтардың Қазақстаннан қашып келуіне шек қоюды, босқындарға қажетті көмек көрсетуді өтініп, бірнеше хат жолдады. Ал Голощекин болса мұндай хаттарға Сібір басшыларынан қашқан бай-кулактарды ұстап беруін талап етумен жауап беріп жатты. Мұндай жөнсіз талапқа сібірліктер босқындарды Қазақстанға қайтарып, бай-кулактарды сол жерде іріктеп алуды ұсынды. Осындай немкеттілік пен “ары итеріп, бері жықтың” барысында қазақтар аштықтан қырылып жатты.

Ашыққандар БК(б)П Орталық Комитетіне, Сталиннің атына өтініштер, хаттар жазды. Содан соң ғана барып Ресейдегі босқындарға көңіл бөлуге мәжбүр болған Голощекин, ол жақтарға уәкілдерін жіберді. Ол уәкілдер жергілікті ОГПУ органдарының көмегімен қорқыту, зорлық-зомбылық жасау және алдау жолдарымен Сібірде аш-жалаңаш босып жүрген қазақтарды кері қайтарды. Қазақстан аумағына әрең жеткен оларды голощекиншілдер қашқындар, бай-кулактар деп жариялады. Жоқшылық пен аштық қысқан олар қайта солтүстікке, бұл жолы тіптен Қиыр Шығысқа қарай ұмтылды. Сөйтіп, біресе солтүстікке, біресе оңтүстікке жосылуға мәжбүр болған қазақтар шыбындай қырылып, қатары азая берді.

Қазақтар көшуге мәжбүр болған Ресей бағытының екінші тармағы — Орынбор мен Орта Еділ бойына Қазақстанның батыс аймағындағы қазақтар 1929 жылдан бастап-ақ көшуді жиілете бастады. Үш жылдың ішінде ондағы қазақтардың саны 50 мың адамнан асып кетті. Қазақтар Самара маңына көбірек шоғырланды. Олардың мұндағы жағдайы да қиын болды. Орта Еділ өлкелік партия комитеті қазақ босқындарының жағдайы туралы мәселені бірнеше рет талқылады. Ақыры 1932 ж. 8 наурызда БК(б)П Орталық Комитетіне, Қазақ өлкелік партия комитетіне көшіп келген қазақтар мәселесін шешуді өтінді. Голощекин осыдан кейін ғана өзінің уәкілі ретінде С.Меңдешевті Орта Еділ өлкесіне аттандырды. Ол Самара, Орынбор аймақтарындағы босқын қазақтардың жағдайын көрді. Мұндағы қазақтардың біразы әр түрлі қара жұмыстарда істесе, көпшілігі жұмыс таппай, аштықтан өліп жатты. Бұл ауыр жағдайды реттеудің бірден-бір жолы қазақтарды туған жерлеріне қайтару керек деп есептеді.

Зерттеу еңбегінен. Орта Еділге босып келген қазақтардың ауыр халін Орта Еділ өлкелік партия комитетінің де Мәскеудегі әр түрлі шаруашылық ұйымдары алдына әлденеше рет қойғаны белгілі. Бірақ Сталиннің әкімшілік аппаратының ғана айдауымен жүріп үйренген олар, безбүйректене міз бақпады. Аш қазақтардың аянышты жағдайлары туралы төтенше хабарлар оларды селт еткізе қойған жоқ. Сондықтан да Орта Еділ өлкелік партия комитеті 1932 ж. 8 наурызда олардың үстінен шағым айтып, Кремльге, Орталық Комитетке хабар түсіру туралы шешімге келді. Мұнда сонымен қатар, көшіп келген қазақтарға көмекке 1,5 мың тонна шай мен қант босатуды міндеттеп, Жабдықтау халық комиссариатына нұсқау беру туралы Орталық Комитетке өтініш жасалды.

Қазақтардың Орта Азияға көшуі. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймақтарынан бүгінгі Орта Азиядағы барлық мемлекеттер жеріне жаппай көшуі 1930 жылдың көктемінен басталды. 1930 ж. және 1931 жылдың тамызына дейін Қазақстанның 27 ауданынан Орта Азия елдеріне 15960 қазақ шаруа қожалықтары көшіп кетті. Бұл елдерге көшіп келген қазақтардың саны толастамады. Сонымен бірге, ол жақтарға барған қазақтардың бір жерге тоқтап, тұрақтануы да қиын болғандықтан, бір елден екіншісіне өтіп кетуі де кездесіп отырды. Мұның бәрі Орта Азиядағы жекелеген республикалардағы босқын қазақтардың санын дәл анықтауға кедергі келтіреді. Қазақстанның Қазалы, Арал, Шалқар, Темір, Ақтөбе және т.б. аудандарына жақын орналасқан Қарақалпақ автономиялы республикасына көшкен қазақтардың бір бөлігі одан ары түрікмен және өзбек жерлеріне де қоныс аударып отырды. Қарақалпақ жеріне де С.Меңдешев бастаған уәкілдер жіберілді. Бұл жердегі қазақтар жағдайының барған сайын нашарлап бара жатқанын, жергілікті өкімет органдарының оларға әділетсіздік пен қудалау көрсетіп отырғанын көргеннен кейін босқындарды кері қайтару шаралары қолға алынды.

Қырғызстан жеріне көшкен қазақтардың ауыр халі Бішкек темір жол станциясындағы жағдайдан көрінеді. Мұнда 1933 ж. 19—23 сәуір аралығында 860 адам жиналды. Станцияда күн сайын 6—7 өлген адам табылып отырды.

Ал өзбек жеріне ауа көшкен қазақтар негізінен қалаларға шоғырланды. Ашаршылықтан қашып аласұрған олардың да жағдайы адам төзгісіз ауыр еді. Мұндағы қазақтарды елге қайтару жұмыстарын Қазақстанның Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Құлымбетов басқарды. Өзбекстан үкіметі 1933 ж. қаңтарда Өзбек Қызыл жарты ай қоғамынан 515 мың сом ақша бөліп, баспанасыз босқындарды тамақтандыру орындарын ашуды тапсырды. Соның барысында әр түрлі аудандар мен қалаларда 22 тамақтандыру орны ашылды. Еңбекке жарамды 6050 адам совхоздар мен колхоздарға, қоғамдық жұмыстарға жөнелтілді. Қазақстанға 2683 адам қайтарылды. Ауруханаларға 547 адам, балалар үйлеріне 8975 бала (олардың ішінде қазақтар 3095) орналастырылды.

Егер Ресей жеріне босқан қазақ орыс шовинизмінің тепкісін көріп, дәрменсіздіктен қор болған болса, Қарақалпақ жеріндегі табаны тесіліп, маңдайы тасқа тірелген, аштықтан бұралған босқын қазақ жергілікті қарақалпақтық шолақ белсенділердің ұлтшыл қудалауының азабын тартты. Кейбір жергілікті өкімет органдары және жергілікті қызметкерлер босқын қазақтарға “ұрлық жасады” деген жалған айып тағып, оларды өздерінше соттады, ұрып-соғып, ауыр жазалады.

Қазақ босқындары елге екі түрлі жолмен — құрлық арқылы Қоңырат және Тақтакөпір жерімен және су жолымен — Арал теңізімен қайтты. Алғашқы жолмен 1933 жылдың желтоқсанына дейін 257 шаруа қожалықтары 258 жылқы мен түйені, 320 қой мен ешкіні, 422 есекті айдай жүрді. Ал Арал теңізімен 8000 адамнан тұратын 2500 отбасы қайтып оралды.

Бірақ осы соңғы жолмен, Арал арқылы елге оралған босқын қазақтар мемлекеттік кеме шаруашылығы Арал аудандық бөлімінің бастығы Жирововтың және оның көмекшісі Стрелецкийдің тарапынан жасалған бюрократтық және шовинистік жүгенсіздіктің кесірінен көп азап шекті. Айлақ басшылары: қолма-қол ақша төлесеңдер ғана тасимыз, кейін ақшаны аударамыз дегендеріңе көне де, сене де алмаймыз деп мейірімсіздікпен кесіп айтты. Тереңөзек айлағында 10 күнге дейін кеме күтіп жатып қалған босқындар дауылдар басталатын ауа райы қолайсыз кезеңге тап болып, олардың арасында өлім-жітім көбейе бастады. Жағдайлары онсыз да нашар, аштықтан әбден әлсіреген босқындарға айлақ қызметкерлері адам деп те қарамады, уақытша баспаналар беруден мүлде бас тартты, асханаларға тамақ пісіріп алуға рұқсат етпей қойды. Кемеге мінгендердің жағдайлары да аса ауыр болды, ал оны жеңілдетуді, жағдай жасауды ешкім де ойлай қоймады. Кеме шаруашылығы қызметкерлерінің ашықтан-ашық: “Босқын қазақтарды тасығанша мал тасыған жақсы, оны жейтін боласың, ал қазақтарды жей алмайсың ғой”, — деп шімірікпестен безбүйректік танытқандарын Өлкелік партия комитетіне Қарақалпақстаннан жазған баяндау хатында Сейтқали Меңдешев арнайы көрсетті.

Кеме қызметкерлерінің адамгершіліктен жұрдай арсыздығы, бетімен кеткен оспадар жүгенсіздігі Қазақстанның үкімет басшысы Ораз Исаевтан босқындарды жедел өткізіп салуды талап еткен телеграмма келгенде де байқалды. Айлақ бастығы Жировов оны алып, оқыған бетте өзінің Қазақ үкіметіне бағынбайтынын беті бүлк етпестен маңғаздана айтып салды.

Босқындарды мейлінше жек көру сезімі, оларды адам қатарына санамауы — “Бухарец” кемесінің 1300 өлімші, әбден жол азабынан қажыған қазақтарды тиеп алып, әдетте 2—3 күнде өтетін Қазақстанға баратын су жолын тұтас 8 тәулікке әдейі созып, теңіздің бетін немқұрайлы шиырлап, босқа жүріп алғанынан да айқын көрінсе керек. Ал оны іздеуге жіберілген “Туркестанец” кемесі де Арал теңізінің айлақтарында себепсізден-себепсіз екі тәулік тұрып алды және осының кесірінен кеме үстіндегі біраз қазақтар қайтыс болды. Бұл қылмыстардың бәрін Сейтқали Меңдешев ескерусіз қалдырған жоқ. Мәселені Арал аудандық атқару комитетінің және Көлік ГПУ-інің алдына қойып, айыптыларды жауапқа тартуды дер кезінде талап етті.

Қазақтардың Қытай жеріне ауа көшуі. Қытай жеріне негізінен Қазақстанның шекаралас аудандарындағы озбырлық пен ашаршылыққа төзбеген қазақтар көшіп кетті. Олар Кеген, Жаркент, Талдықорған, Ақсу, Алакөл, Лепсі, Октябрь, Үржар, Тарбағатай, Зайсан, Қатонқарағай аудандарынан болатын. Осы аудандардан 1929—1931 жылдары 5993 шаруа қожалықтары Қытайға өтіп кетті. Қазақтардың Қытайға көшуі біз жоғарыда қарастырған Ресей мен Орта Азия республикалары жерлеріне өтуден әлдеқайда күрделі болды. Өйткені ол көшулер сол кездегі бір мемлекеттің, Кеңестер Одағының аумағында болса, Қытайға көшу бір мемлекеттен екінші мемлекетке шекаралық тәртіпті бұзып көшу еді. Ал шекара бұзу мемлекеттік ауыр қылмыстың бірі саналатыны белгілі. Голощекиндік геноцидке шыдамаған қазақтар екі мемлекет шекарашыларының қарша бораған оғына қарамастан, өлім мен өмір айқасының сөзсіздігін біле тұра шекарадан өтуге ұмтылды. Шекарашылармен қарулы қақтығыстарға дейін барды. Осында шайқастардың бірінде 734 қазақ қаза тауып, 38-і жараланды. Шекарашылардан да адам шығыны болып, 24-і қайтыс болды. Қызыл шекарашылар шекарадан өткізбей қою міндетімен шектелмей, Қытай жеріне өткендердің соңынан қуып барып, қырып салып отырған. Мәселен, 1930 жылдың 2 желтоқсанында Қорғас посты маңынан өткен 50 қазақты соңынан қуып жетіп өлтірген. Олардың ішінде жас балалар мен әйелдер де болды. Шекарадағы осындай қырғындарға қарамастан, қазақтардың Қытайға өтуі жылдан-жылға өсе түсті. 1930 ж. ол жаққа 15302 адам өтсе, 1931 ж. одан екі еседен астам, дәлірек айтқанда, 36965 адам өтті.

Голощекин Ресей мен Орта Азиядағыдай Қытайға да бай-кулактар көшіп жатыр деп айтудан жалықпады. Мұнымен бірге Қытай жағы қазақтарды әдейі көшіріп, олардың көшуін ұйымдастырып жатыр дейтін тағы бір шындыққа жанаспайтын, жалған мәліметтер беріп, пікір қалыптастырды. Келесі бір голощекиншілердің ойлап тапқан жаласы — аштыққа, кеңес үкіметінің жазықсыз айыптаулары мен озбырлықтарына шыдамай жеке бастары Қытайға өтіп кетіп, соңынан отбасы мүшелерін, туыстарын көшіріп әкету үшін қаруланып шекарадан қайта өткен қазақтарды “банды” деп жариялауы болды. Бұны голощекиншілер босқын қазақтарды жеккөрінішті, қылмыскер ретінде көрсетіп, қатаң да шұғыл жазалау шараларын өрістету үшін пайдаланды. Аталған жалған бағыт пен айыптауларды Голощекиннің айналасындағылар мен жергілікті үкімет орындары ақтауға, өтірік мәліметтер арқылы “дәлелдеуге” тырысып та отырды.