Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 46. Қазақстандағы балалар және комсомол ұйымдары

Қазақстан комсомол ұйымының тарихы. РСДРП(б)-ның 1917 жылдың тамызында Петроградта өткен VІ съезінде жұмысшы жастардың коммунистік ұйымын құру мәселесі қаралды. Ал Қазақстан шеңберінде бұл әрекет Азамат соғысы мен шетел интервенциясы жылдарында басталған болатын. 1918 ж. Орда қаласында большевиктер басшылығымен алғашқы комсомол ұясы дүниеге келді. Комсомолды ұйымдастырушылар Б.Атуев, Х.Чурин, Қ.Сахыбалиев, Ғ.Сұлтанов, Е.Сереченко, М.Кужбанов, Н.Оперигтейн, М.Шығаев, т.б. болды.

1918 жылдың 29 қазанында Мәскеуде жұмысшы және шаруа жастарының бірінші бүкілресейлік съезі ашылды. Комсомол тарихы осы кезден басталады.

Комсомол ұйымының негізіне мына төмендегі принциптер жатқызылды:

1. Одақ Ресей коммунистік (большевиктер) партиясымен тығыз бірлікте;

2. Коммунизм идеяларын насихаттауда, сондай-ақ, жұмысшы мен шаруа жастарын Кеңестік Ресейдің іргетасын бекітуде белсенділік көрсетуге үндеу;

3. Одақ өзін РК(б)П жетекшілігіндегі дербес ұйым деп есептейді.

Қазақстандағы алғашқы комсомол ұйымдары бірінші кезекте темір жол желісі бойындағы поселкелерде құрылды. Елде Азамат соғысы жүріп жатты. Өз позициясын кү­шейте түсу үшін Кеңес өкіметі жақтастары қатарын көбейтуге ұмтылды. Бұл жолда оған Қызыл армия партия ұялары мен саяси бөлімдері көмек көрсетті.

Жергілікті партия органдары жаңа құрылған комсомол ұяларының қызметін бағыттап отырды. Бұл ұялар құрамына орташа 3-тен — 10 адамға дейін кірді. Негізгі өзегі майдан­гер­лер мен жұмысшы жастар болды. Болыстық және уездік комсомол органдарының басшы­лары өз міндеттерін негізгі жұмысынан қол үзбей, кешке және демалыс күндері атқарды. 1918—1919 жж. комсомолдардың қоғамдық жұмысы әрбір әкімшілік аудандағы жастарға комсомолдың әсерін таратуға бағытталды. Жергілікті халық жастары арасында, әсіресе, қыздармен жұмыс жүргізу айтарлықтай қиындық туғызды. Жастармен жұмыс жасаудың бір түрі — қазіргі кезең жағдайы, майдандағы оқиғалар, халықаралық оқиғалар туралы саяси әңгіме өткізу болды. Әңгімелесуге уездік партия комитетінен баяндамашылар шақырылды, кейде Орынбордан баяндамашы келген кез де болды. Комсомол жұмысының көп таралған бір түрі клубтарда көркемөнерпаздар ұжымын құру еді. Бұл ұжымдар пьесалар қойып, концерттер ұйымдастырды.

Түркістан жастарының аса көрнекті ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаев есімі комсомол тарихында мәңгі қалды. Кеңес өкіметін орнату кезінде Ғани Қазалы совдепінің (депутаттар кеңесі) жұмысына белсене қатысқан. 1920 ж. ол Түркістан комсомолының съезі жұмысына қатысып, ОК мүшелігіне сайланды. Ол қазақ жастарымен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы болып бекітіледі. 1922 ж. бастап ол Түркістан ОАК (Орталық атқару комитеті) мүшесі болып және РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшелігіне сайланады. Ғ. Мұратбаев “Жас алаш” жастар газетін шығаруға жол салды, кейін ол газет “Жас қайрат” деген атпен шығады. 1922 ж. қыркүйегінен Ғ. Мұратбаев осы мерзімдік басылымдардың редакторы болды. Ұзамай Ғани РЛКЖО (Ресей Лениншіл коммунистік жастар одағы) ОК мүшесі болып және КЖИ (коммунистік жастар интернационалы) атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. Алайда туберкулез ауруы жалынды жастың өмірін ерте қиып, 1925 ж. 15 сәуірде ол қайтыс бол­ғанда, “Правда” газеті мынадай қазанама жариялаған:

“...Мұратбаев жолдас Одақтағы аса көрнекті қызметкер, Кеңестік Шығыстағы револю­цияшыл жастардың аса талапты өкілі еді. ...Мұратбаев жолдас ірі масштабтағы комсомол қызметкері болып қалыптасқан еді. КЖИ-де ол Шығыс бөлімін басқарды. Алайда 1924 ж. күзінде басталған ауру ақыры оны бізден және жұмысынан алып кетті...” (РЛКЖО Орталық Комитеті. “Правда”, 1925, 17 сәуір).

1920 жылдың ортасында Қазақстанда және оның көптеген облыстарында уездік, губер­ниялық комсомол ұялары құрыла бастады. Бастауыш комсомол ұйым-дары жұмысының одан әрі жандана түсуіне РКЖО ІІ съезінің әсері мол болды. 1920 жылдың қазан айында өткен бұл Жастар съезінде В.И.Ленин “Жастар одағының міндеттері” туралы баяндама жасады.

1921 жылдың 7—13 шілдесінде РКЖО-ның Бүкілқырғыздық (Қазақстандық) облыстық съезі өтті. Съезге Жетісу мен Сырдария облыстарын қоспағанда, одақтың 20960 мүшесінен 194 адам делегат болып қатысты. Мұның 20 шақтысы қазақ жастары болды. Осы съезден кейін комсомол ұйымдары Коммунистік партияға бағынышты бірыңғай жүйе болып құрылды. Партия тапсырмасын орындай отырып, комсомол саяси ағарту, жетім балаларға қамқорлық, дінге қарсы насихатпен айналысты. Бұл шаралардың бәрі негізінен уездік орталықтарда өткізілді. Комсомолдар қираған шаруашылықты қалпына келтіру үшін сенбіліктер мен жексенбіліктер ұйымдастыруға мұрындық болды. Қалалардағы комсомол ұйымдары жақын жатқан ауылдарды қамқорлыққа алып, айына 2—3 рет демалыс күндері сонда барып, пьесалар қойды, көркемөнерпаздар кешін өткізді, газеттер мен журналдар оқуды ұйымдастырып, саяси әңгімелер жүргізді.

1921 ж. Түркістандағы комсомол обкомында батырақ жастарды қорғайтын экономикалық бөлімдер ашылды. Бұл бөлім байлар мен малайлар арасында еңбек келісім-шартын жасасу жұмысын жүргізді. Келісім-шарт жергілікті кеңесте тіркеліп, заңды күш берілді. Бай келісімнің күшін енді біржақты бұзып, малайын жұмыстан шығара алмады. Малай, керісінше, бүкіл саяси құқықтарға ие болды. Бай, молда, дворяндар өкілдері, бұрынғы ақгвар­дияшылар сайлау құқығынан айырылды. Бұл ЖЭС кезі еді.

ХХ ғ. 20-жылдарының басындағы күрделі бір мәселе мүшелік жарна жинау еді. Мү­шелік жарна ақшалай емес, астықпен жиналды. Ақша құнсызданып, өз бағасын жойған еді. Комсомолдардың көпшілігі жас болғандықтан, ата-анасының асырауында болатын. Жарна төлеу көптеген отбасында жанжал тудырып жатты.

Жұмыс кеңінен жүргізілгеніне қарамастан, 1921—1922 жылдары Қазақстанның барлық болыстарында комсомол комитеті болған жоқ, кейде екі, одан да көп болыстықтарда бір аудандық бюро құрылды. Комсомол қатарындағы жергілікті ұлт өкілдерінің саны мар­дымсыз, жергілікті жерлерде қызмет істейтін кадрлар жеткіліксіз болды. Аудандық және уездік комитет қызметкерлері жалақы алмады, тек қана жарнаға жиналған астықтан өздеріне тамаққа қалдырып отырды.

1937 ж. құрамында 136 мыңнан астам ұл мен қыздары бар Қазақстан өлкелік комсомол ұйымы Қазақстан лениншіл коммунистік жастар одағы болып қайта құрылды. Комсомол өкілдері бірінші ретте ауыл-село жастарын комсомол қатарына тартуға, ФЗО (фабрика-зауыт оқуы) ұйымдастыруға, екпінді құрылыстарға жастарды көбірек жіберуге күш салды. Ком­сомол республикалық, одақтық деңгейдегі социалистік жарыстарға жер-жердегі жастарды көбірек тарту мақсатында комсомол-жастар бригадаларын ұйымдастырды. Комсомол қызметіне елдің қоғамдық-саяси, мәдени өмірін біршама жетік білетін, тәжірибелі жас мамандар тартылды. Мәселен, республика комсомолы Орталық комитетінің құрамында оқушы жастар мен жұмысшы жастар, пионерлер арасында жұмыс жүргізу, тағы да басқа бөлімдер болды.

1970—1980 жылдары комсомол өзінің жастарға ықпалын жоғалта бастады. Қайта құру жылдарында (1985—1990) комсомолға қарсы заңсыз жастар ұйымдары (байкерлер, рокерлер, металлистер, т.б.) құрыла бастады. Студент жастардың жұмысшы және ауыл жастарынан бөлектенуі күшейе түсті.

Комсомол бірте-бірте өз идеяларын жүзеге асырудан қалып, партия курсын жүргізуші және негізгі атқарушысы рөлін атқарды. Тәуелсіздік алуға байланысты ҚЛКЖО таратылып, Қазақстанның Жастар одағы дүниеге келді.

Қазақстандағы В.И.Ленин атындағы пионер ұйымы. Коммунистік балалар ұйымы өз қарамағына Кеңестер Одағының барлық мектеп оқушыларын қамтитын көпшілік саяси ұйым есебінде тарих сахнасына шықты. Партияның тапсыруы бойынша балалар коммунистік ұйымын құрумен комсомол айналысты. 1922 ж. 19 мамырында өткен комсомолдың Бүкіл­ре­сейлік ІІ конференциясында елдің барлық қалалары мен селоларында пионер отрядтарын ұйымдастыру туралы қаулы қабылданды. 1922 ж. желтоқсанында өткен комсомолдың V съезінде жекелеген пионер отрядтары бір ұйымға топтастырылып, алғашқыда Спартак атын иемденді. Қазақстанда мұндай отрядтар алғаш Петропавловскіде, Перовскіде ұйымдас-тырылды. 1923 жылдың тамызында РКЖО ОК-нің Бюросы Спартак атындағы жас пио­нерлердің балалар коммунистік топтарының ұйымдық жарғысын бекітті. Ұйымдық жарғы пионерге қабылдау тәртібі мен ережесін, отряд, звено секілді ұйымдық түрлерін, сыртқы белгі-нысандарын, сондай-ақ, пионерлердің заңы мен дәстүрін, жас мөлшерін (9-дан — 14-ке дейін) белгіледі. Балалар коммунистік ұйымы болашақтағы Кеңес елі азаматтарының мектеп жасынан бастап тәртіпті, тәрбиелі, еңбексүйгіш, саналы, мәдениетті болып өсуі ба­ғытындағы партия мен комсомол ұйымдары ісіне өз тарапынан ұйтқы бола білді.

Пионер отрядтары ең алдымен олардың ата-аналары жұмыс істейтін өндіріс орындары мен мекемелерде құрыла бастады. Ал 1923 жылдан бастап ол мектептерде жалғасты. РКЖО ОК-нің 1924 жылдың 23 қаңтарында өткен кезектен тыс пленумында Спартак атындағы жас пионерлердің балалар коммунистік топтары Ленин атындағы жас пионерлердің балалар коммунистік топтары болып аталуы жөнінде қаулы қабылданды.

Пионер ұйымдарының жұмысы жас ұрпақты коммунизм ісіне берілгендік рухта тәрбиелеуге, Отанды сүюге, өзге ұлт-ұлыстарды құрмет тұтуға бағытталды. 1925 жылдың қаңтарында Орынборда “Пионер” журналының алғашқы саны жарық көрді.

1926 ж. республиканың барлық мектептерінде дерлік пионер отрядары құрылып, жұмыс істей бастады. Әрбір мектептегі пионер ұйымының құрылымы мынадай болды:

Пионер дружинасы (3—15 оқушы)

Дружина кеңесі — төрағасы

 

Пионер отрядтары (20 шақты оқушы)

Отряд кеңесі — отряд төрағасы (3—5 оқушы)

 

Пионер звеносы Орта сыныптарда — 8—10 оқушы, Кіші сыныптарда — 5—7 оқушы.

Звено жетекшісі (1)

 

1929 ж. 18 тамызында Мәскеуде КСРО пионерлерінің І Бүкілодақтық слеті ашылды. Слетке барлығы 7 мың жас жеткіншек қатысса, оның 80-і қазақстандықтар еді. Слет барысында спартакиада, олимпиада, көркемөнерпаздар үйірмелерінің конкурстары, балалар шығармашылығының көрмелері өткізілді.

1930 ж. 14 наурыз күні “Қазақстан пионері” газетінің бірінші саны жарық көрді. 1930 ж. 6 тамыз күні Алматыда Қазақстан пионерлерінің І слеті ашылды. Оған қазақстандық 69200 пионерден өкіл болып 742 делегат қатысты.

Пионер ұйымдары еліміз өмірінің барлық саласына белсене қатысты: сауатсыздарды оқытып, қызыл отауларға керекті кітаптарды жинады, металл сынықтары мен қалдықтарын жинауға қатысты, жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерге балаларды тартты.

1931 ж. 10 сәуірінде Республикалық пионерлер штабы құрылды. Алғашқы құрылған бұл штабтың төрағасы болып Ә.Асылбекұлы, бюро жетекшісі болып З.Ақышқызы сайланды. Осылайша Қазақстанда орталыққа бағынған бірыңғай пионер ұйымы өмірге келді.

БЛКЖО-ның 1949 ж. наурызда өткен ХІ съезінде комсомол ұйымдарының алдына — пионер дружиналары арасынан жан-жақты дайындығы бар жас жеткіншектердің белсенді тобын — вожатыйларды дайындап отыру міндеті қойылды. Съезд БЛКЖО Жарғысына “Пионер ұйымдары туралы” жаңа бөлім енгізді. Сөйтіп комсомолдың өзінен кейінгі жас жеткіншектермен арадағы байланысы одан сайын нығая түсті. Бұдан былайғы жерде пионер дружиналары арасындағы барлық жұмысты қалалық, аудандық комсомол комитетіндегі мектеп жастары бөлімдері атқаратын болды.

1954 ж. БЛКЖО ОК-і “В.И.Ленин атындағы жас пионерлердің балалар коммунистік ұйымдарының Ережесін” бекітті. Жаңа Ереже пионер ұйымдарының жұмысына бұрынғыдан да кең өріс аша түсті. Жас натуралистер станциясын, жас механиктер мен туристер клубтарының көптеп ашыла бастауы осының айғағы. Пионерлер сонымен бірге, октябряттар арасындағы, балалар бақшаларындағы, пионерлер парктері мен аллеяларындағы жұмыстарды да өз қолдарына алды, мектеп аумағында арнайы зоналар құрып, оларды бақылап, қадағалап отырды. Бұл жұмыстарда үздік көрінгендерге алғыс жарияланып, Құрмет грамоталары, төсбелгілер, басқа да сый-сияпаттар беріліп отырылды. Ескерту, сөгіс жариялау сияқты жаза түрлері де дружина, кеңес, звено шеңберінде жүргізілді.

Пионердің жеке рәміздері: ту, галстук, төсбелгі (значок), салют жас жеткіншектерді тәртіп пен өзара ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа, бірлікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарды.

Жалпы пионерия қызметі комсомол жоспарлаған шараларды орындаумен ғана шектелді. Саяси құрылымнан комсомолдың кетуіне байланысты, В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық пионер ұйымы да өмір сүруін тоқтатты.