Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§§ 16—17. Хіх ғ. Бірінші жартысындағы ұлт-азаттық қозғалыстар

Орта жүздегі патшалық реформаларға қарсылық. Саржан Қасымұлының қозғалысы (1825—1836). (Картаны қараңдар.) Қазақтардың 1773—1775 жж. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы, батыр Сырым Датұлының көтерілісі Қазақстандағы хандық билік жүйесінің әлсірей бастағанын көрсетті. Халық арасында ықпалы кеміген хан патша үкіметінің билеп-төстеу саясатын ойдағыдай іске асыра алмады. Бұл жағдай билеу жүйесінің жаңа тәртібін қажет етті. Патша үкіметі 1822 ж. Орта жүзде Сібір қазақтары туралы жарғы енгізу арқылы хандық билікті жойды.

Бұл бірінші патшалық реформа дәстүрлі билік құрылымдарын бұза отырып, қазақ қоғамындағы бұрынғы қайшылықтарды одан әрі тереңдете түсті. Екіншіден, Ресейдің әскери-әкімшілік отарлауына кең түрде жол ашып берді.

Орта жүзде хандық мемлекеттіліктің жойылуы және Қарқаралы (1824 ж.) және Көкшетау (1824 ж.) округтерінің құрылуы және т.б. әскери-әкімшілік шараларға қарсы күресті Абылай ұрпақтары бастады. Оның басында тұрған Қасым сұлтан Абылайұлы және оның балалары Саржан, Есенгелді, Кенесарылар жиырма жылдан астам уақыт бойы патшалық режімге қарсы күресумен болды. Абылай ұрпақтарының қолдауына сүйене отырып, үкіметке қарсы наразылықты бірінші болып, Көкшетау округінің аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиұлы ұйымдастырды. Алайда патша үкіметі Ғұбайдолланы тез қолға түсіріп, Сібірге жер аударды. Дегенмен Шыңғыс ұрпақтары бастаған қарсылық қозғалыстар одан әрі өрби түсті. Осы кезеңде Саржан Қасымұлы басқарған Қарқаралы округінде де 1825 ж. көктемінен бастап үкіметке қарсы толқулар басталды. Бұл толқулардың мақсаты — Абылай ұрпақтары сұлтандар билік жүргізетін Қазақ хандығын қайта орнату, округтік приказдардың көзін құрту еді. Саржан өзінің інісі Есенгелдімен ауылдарды аралап, өкіметке қарсы күресуге үндеу тастады. Өсу үстіндегі халық наразылығын басуға Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М. Капцевич жазалау жасағын жасақтады. Карбышев бастаған 200 казак жасағы Қарқаралы округінің Қарпық болысына жіберілді. 1825—1826 жылдар жазалаушы күштер мен көтерілісшілер арасында қақтығыстармен өтті. Саржанның қол астына Көкшетау округінен Шыңғысұлы Сартай сұлтан бастаған топтар келіп қосылды. Саржанның қол астында сұлтан Абылай Ғаббасұлы, жас сұлтан Кенесары Қасымұлы да өз сарбаздарымен іс-қимылдар жүргізді. Патша әкімшілігі болса өз тарапынан “бүлікшіл” сұлтандардың іс-әрекетін бақылай отырып, мүмкін болған жағдайда қолға түсіріп, әскери соттың құзырына беру керек деп шешті.

Дегенмен үкімет көтерілісшілерді жазалау үшін олардың ізіне түсетін ірі казак жасақтарын қырға шығаруды кейінге қалдырды. 1827—1830 жылдары көтеріліс Ұлытау өңіріне тарады да, жаңа құрылған округ аумағын наразы топтар тастап шыққан болатын. Ал патша үкіметі қазақ даласында округтер ашуды жалғастыра берді. 1826 ж. Баянауыл, 1832 ж. Ақмола, 1831 ж. Аягөз (Сергиополь) округтерін негіздеу арқылы Орта Азия иеліктеріне жақындай түсті.

Ресей отаршылдығына қарсы күресте қазақ қоғамы тағы да бір-біріне қарсы топқа бөлінді. Қарқаралы округінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысұлы Саржанның әрбір қимылын Омбы әкімшілігіне хабарлап, қарсы көмек жіберуді өтінумен болды. Ал Саржан бастаған көтерілісшілер өз кезегінде отаршыл әкімшілікті қолдаған сұлтандармен күресе жүріп, орыс керуендеріне алым-салық төлетіп, разъезд бен пикеттерге шабуыл жасады. Бұған қосымша Саржан сұлтан және оның жақтастары Қоқан хандығымен байланыс орнатады. Солтүстіктен келе жатқан қауіпке бірігіп күресуге бел шешіп кіріседі. Алайда қырға шыққан патшалық жасақтардың қимылы да қарқынды бола түсті. Патша әскерлерінің қысымымен Саржан Орта жүзді тастап шығып, Ұлы жүз иеліктеріне келеді, осы жақтағы шашыраңқы қазақ күштерін өз жағына тартуды көздейді. Саржанның бұл әрекеті Қоқан билеушісін алаңдатпай қоймады. 1836 ж. жазда Ташкентте Саржан сұлтан және оның інілері Ержан, Есенгелділер опасыздықпен өлтірілді.

Саржан көтерілісінің саяси мазмұны бұған дейінгі көтерілістерге қарағанда тереңірек болды. Ол Абылай ұрпағы ретінде Қазақ хандығын қайта қалпына келтіруді мақсат етті.

С. Қасымұлы өлімінен кейін де патша отаршылдығына қарсы күрес бір сәт те толастамады. Саржаннан кейінгі он жылға созылған күресті Саржанның кіші інісі Кенесары одан әрі жалғастырып әкетті. Саржан бастаған Орта жүздегі көтеріліс алдағы келе жатқан үлкен көтеріліс от жалынының тек ұшқыны іспеттес еді.

Кіші жүздегі Жоламан Тіленшіұлы бастаған қозғалыс. 20–30-жылдары патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы Кіші жүздегі наразылықты Жоламан Тіленшіұлы басқарды. Жер үшін, айырылған жайылымдар үшін күрес оның негізгі мазмұнына айналды. ХІХ ғ. 20–30-жылдары Жаңа Елек әскери шебінің құрылуы барысында 7—10 мың шаршы шақырымға дейінгі жер қазақтардан тартып алынды. Бұл жаңа шекара шебі Орынбор әскери-шекара шебінің бір бөлігі ретінде құрылды. Жаңа Елек шебі 29 форпост, редут, бекіністерден тұрды. Үкімет бұл жерлерге Орал, Орынбор орыс-казактарын, шаруаларды көшіріп әкеліп қоныстандырды. 1935 ж. тағы бір жаңа шептің салынуымен 12 мың шаңырақ Қыпшақ және Жағалбайлы рулары жерсіз қалды.

Табын руының жайылымдары Елек өзені ауданында орналасқан болатын. 1822 жылдан патша үкіметі қазақтарды Елек пен Орал арасындағы шұрайлы жайылымдарға өткізбеді.

Жоламанның әкесі Тіленші кезінде Сырымның жақтасы ретінде көтеріліске белсене қатысқан болатын. Ал Жоламанмен бірге көтеріліске Сырым Датұлының баласы Жүсіп те қатысты. Демек көтерілістер арасындағы ұрпақтар сабақтастығы сақталды. Жоламан да, Жүсіп те батырлардың, азаттық күресі көсемдерінің ұрпақтары ретінде олар бастаған күресті одан әрі жалғап әкетті.

Сонымен қатар, Жоламан Тіленшіұлымен бірге Табын руының батырлары Дәуіт Асауұлы, Алдаш Байғаниндер болды. Ал 1838 жылдың соңына қарай оған Шекті руының батыры Есет Көтібарұлы келіп қосылғандығы мұрағат деректерінен белгілі болып отыр.

Жоламан батыр тархан атағы бар Табын руының басшысы бола жүріп, патша үкіметінің алдында қазақтардың құқын қорғауға кіріседі. Басында Орынбор губернаторы Эссенге 1822—1823 жылдары бірнеше рет хат жазып, әділеттілік орнатуын талап етеді. Қазақтардың өмірлік қажеттілігі — жерін бейбіт түрде қайтарып ала алмайтындығына көзі жеткен соң қарулы күрес жолына түседі. Ол өзінің Ресеймен соғыс жүргізуінің себебін Елек өзені бойындағы шептің салынуынан деп түсіндіреді.

Орск-Троицк бекіністерінен Торғай өзеніне қарай ығысқан қазақ шаруалары жер тапшылығынан мейлінше қиыншылық көрді.

1835 жылға қарай Жоламан батырды қолдаушылар қатары өсіп, оны Табын, Тама, Жағалбайлы, Жаппас, Алшын, Арғын, Қыпшақ рулары қолдай бастады. Орта жүзде Кенесары Қасымұлы көтерілісі басталған кезде Жоламан оған көмекке ұмтылды. Сөйтіп, Кіші жүз бен Орта жүз күштерін біріктірушіге айналды. Ол қырға ішкерілеп еніп, Кенесары көтерілісіне қосылуға үндеді.

Ал 1838 ж. Бөкей ордасындағы көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы Кіші жүзге келген кезде көтеріліс одан әрі өрши түсті.

1838 ж. ортасына таман шекара шебінен Орск мен Троицкіге дейінгі аралықты көтеріліс оты шарпыды. Көтерілісшілер жаппай Торғай мен Ырғыз аудандарына көшіп кете бастады. Ол өз қол астына Ресей өктемдігіне қарсы 3 мыңға жуық сарбаздарды топтастыра алды.

Жоламан батыр жасақтарын жоюға патшалық әкімшілік үш бағытта жасақтар шығарғанымен, батырды қолға түсіре алмады. Орта жүздегі Кенесары көтерілісінің Орынбор өлкесіне ауысуына байланысты жазалаушы күштер кейін қайтуға мәжбүр болды.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (1837—1847). (Картаны қараңдар.) Қазақ даласындағы тізбектеле созылған шептер құрылысына, патшалық әкімшілік реформаларға, шұрайлы жерлерді басып алу қиянатына қарсы күрестер біртіндеп қайта өрбіген Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске ұласты. Сонау ұлт-азаттық күрестің қайнар бастауында тұрған Сырым, Саржан, Жоламан, Исатай мен Махамбеттердің күрес дәстүрін одан әрі жалғастырды. Олардың қолындағы азаттық туы қайта желбіреді.

Абылай ханның немересі, Қасым төренің баласы сұлтан кейіннен хан Кенесары (1802—1847) бұрынғы Көкшетау облысының Көкшетау елді мекенінде дүниеге келді. “Кенесары туғанда тым кішкентай болыпты. Сондықтан оның атын Кенесары қойыпты” делінеді ертеректегі авторы белгісіз бір жырда.

Кенесары күреске жастайынан араласты. Атасы Абылайдың, әкесі Қасымның ел тәуелсіздігі жолындағы күресін жалғастыруды алдына мақсат етіп қойды.

Кенесары көтерілісінің басты мақсатын көрсететін құжаттар “бүлікшіл сұлтанның” император І Николайға, Орынбор және Сібір губернаторларына жазған хаттарынан анық байқалады. Олар:

Абылай хан тұсындағы Қазақ иеліктерінің аумақтық тұтастығын, ұлттың бірлігін қалпына келтіру;

— Қазақ жерлерін бекіністер мен жаңа округтік билеу арқылы жан-жақты отарлауды тоқтату, Қазақстанның Ресейдің құрамына кіріп үлгермеген өңірлерінің дербестігін сақтау;

— Түркістан, Әулиеата қалаларымен қоса, Ұлы жүздің көп бөлігін Қоқан езгісінен азат ету міндеті тұрды.

Кенесары ордасында тұтқында болған барон Услар оның сыртқы келбетін былайша суреттейді: “Кенесары орта бойлы, арықтау келген, бет-пішінінде қалмақ белгілері бар, қысыңқы көздерінен ақыл-ой мен қулық қабат аңғарылады, келбетінен көп жағдайда қатаңдық байқалмайды”.

Революцияға дейінгі зерттеуші Н. Середа “Қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымұлының бүлігі (1838—1847)” деген еңбегінде Кенесарының жеке басын, оның қолбасшылық дарынын өте жоғары бағалайды, мемлекеттік тұлға дәрежесіне көтереді.

“...Кенесары өз жасағының ықыласына лайықты билеуші бола білді. Оның жасағының рухының жоғарылығына еуропалық әскердің қайсысының болсын қолбасшысы қызғана қарайтындай еді. Шабуылдар кезінде сондай жылдам, бейне бір жолындағының бәрін күйрететін дала дауылы сияқты, Кенесары алдында қандай кедергі болса да тоқтамайтын. Қайта қандай да бір кедергі болмасын оның еркін өрлендіре түсіп, өзінің ойлаған мақсатына жету жолында кездескен барлық тосқауылдар оның топан суындай қуатының алдында күйремейінше, оны екпіндетіп, өз ісіне батылдандыра түсетін.

Кенесарының бойындағы осы қасиеттерін біздің көшпелілер жоғары бағалайтын және оның серіктерінің жүректері өз қолбасшыларына шексіз, жанқиярлық сеніммен соғатын...

Кенесары осындай еді! Иә, бұл адам бір сөзбен айтқанда, аса ірі тұлға екендігінде дау жоқ. Басқа тәрбие жағдайында одан теңдесі жоқ мемлекеттік қайраткер шығар еді”, — деп тамсана жазды.

Көріп отырғанымыздай, көтерілістің басталу кезіне қарай Кенесары күрестің қатал мектебінен өтіп, бай өмірлік тәжірибе жинақтаған болатын. Ол өзінің алдындағы ағаларының кейбір қателіктерінен сабақ алып, қайталамауға тырысты.

Біріншіден, аса қуатты Ресей мемлекетімен күресу үшін Үш жүздің күшін біріктіру қажет екендігін түсінді. Және осы жолда тек қарулы күрес қана емес, сонымен қатар дипломатиялық айла-тәсілдерге барды. Мәселен, бетпе-бет соғыстың қиындығын сезіне отырып, Сібір және Орынбор әкімшіліктерімен келіссөздер жүргізді.

Екіншіден, сыртқы жауға қарсы тұра алатын күшті мемлекет құру үшін жекелеген сұлтандардың, билердің қарсылығын, қазақ қоғамындағы ала ауыздықты, екі майданға бөлінушілікті жою қажет деп тапты.

Кейбір сұлтан, би, рубасыларының қарсылығына қарамастан Кенесары шындығында үш жүздің ру тармақтарының көпшілік бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Кенесары әскерлерінің саны кейбір жағдайларда 20 мыңға жетті. Негізгі күші — Орта жүз қазақтарынан тұрды.

Көтеріліс басталған кезден-ақ бұқаралық сипатқа ие болды. ХVІІІ ғасырдың соңы — ХІХ ғасырдағы азаттық қозғалыстар тарихында тұңғыш рет бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бүкіл халық үш жүздің ханы ретінде Кенесарыны мойындағанын мұрағат құжаттары да растайды.

Он жылға созылған көтерілістің басты қозғаушы күші — қазақ шаруалары еді. Оған күшейіп отырған отарлық езгіден қысым көрген қатардағы егіншілер де, рубасылары да, сұлтандар да қатысты. Қазақ жерлерін әскери-әкімшілік отарлауға қарсы езілген халықтың барлық топтары қатысты. Басты мақсатына қарай ол ұлт-азаттық көтеріліс болды.

Кенесары әскерлерінің жеке жасақтарын басқарғандар арасында белгілі халық батырлары Ағыбай, Иман (Амангелді Имановтың атасы), Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Басығара, Анғал, Жәуке Жанайдар, Байсейіт, Сұраншы батырлар болды.

Кенесарының жақын серіктерінің қатарында оның туыстары да белсене қатысты. Кенесарының інілері Наурызбай мен Әбілғазы, әпкесі Бопай және жиені Әділғазылар көтерілістің белсенді қайраткерлеріне айналды. Кенесарының қасында Саржанның балалары, т.б. туыстары болды.

Осылардың арасынан ерекше көрінген Наурызбай еді. Наурызбай көтеріліс бойы Кенесарының басы-қасында болып, жан серігіне айналды. Ол 1822 ж. дүниеге келген Кенесарының кіші інісі. Жас кезінен-ақ өзінің ержүрек жауынгерлігімен көзге түседі. Наурызбай өзінің тобымен Кенесарының барлық ірі әскери шайқастарына қатысты. Көптеген ел аузындағы аңыз-жырларда Кенесары мен Наурызбай есімдері бірге аталады. Кенесарыға арналған тарихи жырлардың ішіндегі ең атақтысы Нысанбайдың “Кенесары — Наурызбай” дастаны.

Орысқа анталаған ұстатпады,

Кенекең талай шапты, бір шаппады.

Аруақты Кенесары, Наурызбайға

Жортқанда қарсы келіп жан батпады.

(“Ағыбай батыр” поэмасынан)

Наурызбай 1847 ж. ағасы Кенесарымен бірге қырғыз жеріндегі қақтығыста мерт болды. Олардың өлімі туралы да ел ауызындағы қисса-дастандар көп.

Өзінің әскери ерлігімен Кенесарының әпкесі Бопайдың да аты шықты. Ол алғашқы күндерден-ақ өзінің жұбайы, алты баласы және туған-туыстарын ертіп көтерілісшілерге қосылды. Бопай 600 адамдық зекет жинайтын ерекше топты басқарды. Сонымен қатар, барлық ірі шайқастарға қатысып, Кенесарының басты ақылшы-кеңесшісіне айналды.

Ал орысшаға жүйрік тағы да бір інісі Әбілғазы Кенесарының Ресей өкімет орындарымен хат-қағаз алмасу ісін жүргізіп отырды.

Көтеріліске қатысушылардың құрамы көп ұлтты еді. Онда қазақтар, орыстар, өзбектер, қырғыздар, поляктар, т.б. болды.

Көтерілістің басталуы және барысы. 1837 ж. қараша айында Кенесары Петропавл қаласынан шыққан керуенге еріп келе жатқан Ақтау бекінісіне қарасты орыс-казактар тобына тұңғыш рет шабуыл жасады.

Әскери қимылдар 1838 жылдың көктемінде қайта жанданып, көтерілісшілер Ақмола приказын қоршап, өртеп жіберді.

Ақмола приказының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы мен бекініс коменданты Карбышев өртенген бекіністен зорға құтылып шығады. 1838 жылдың жазы мен күзінде Орта жүзді шарпыған көтеріліс енді Кіші жүзге ойысты. Осылайша, Торғай далаларына келу арқылы, кезінде И. Тайманұлы көтерілісіне қатысқандармен, Жоламан Тіленшіұлы батыр бастаған топтармен бас қосу көзделді.

1841 ж. қыркүйекте үш жүздің ықпалды би-сұлтандары Кенесарыны хан етіп сайлады. Осылайша қазақ жерінде мемлекеттілік қайта орнады.

1841 жылдың күзінде көтерілісшілер тобы Ташкентке аттанып, Созақ, Жаңақорған, Жүлек бекіністері алынды.

Кенесары ұйымдастырған мемлекет феодалдық мемлекет болды. Белгілі қазақ руларының, батырларының, сұлтандарының, жақын туыстарының қатысуымен хандық кеңес құрды. Дегенмен Әбілқайыр хан кезіндегі ақсақалдар кеңесінен өзгешелігі: барлық билік тізгіні Кенесарының қолында болды. Белгілі билер сотын жойып, оның орнына хандық сотты енгізді. Арнайы топ қаржы, алым-салық мәселесін, хандық кеңестің шешімдерінің орындалуын қадағалап отырды.

Экономикалық салада жер шаруашылығымен айналысуды қолдады. Кенесары саудадан түсетін салықтың пайдалы екендігіне көзі жеткендіктен керуендерді тонаудан гөрі оларға қонақжайлылық танытты.

Кенесары әскерінде қатаң тәртіп орнатылды. Атақты батырлар мен әскери кеңестің мүшелері басқарған жекелеген жасақтар жүздіктерден, мыңдықтардан тұрды. Бұл басқару жүйесі көшпелі халықтардағы дала соғысына барынша қолайлы әдіс еді.

Патша үкіметі 1843 жылға дейін ірі жазалаушы күштер жасақтай қоймады. Алайда көтерілістің аумағы, даму барысы, Солтүстік Кавказдағы тау халықтарының қозғалысы патша үкіметін Кенесарыға қарсы тұрақты армия шығаруға итермеледі.

Кенесарыға қарсы шыққан әскери құрамалардың ішінде сұлтандар Ахмет Жантөреұлы, Баймағамбет Айшуақұлы, т.б. болды. Осы соңғыларымен болған 1844 жылғы 20–21 шілдедегі ұрыста Кенесарыға қарсы 44 сұлтан ұрыс даласында мерт болды.

Ал патшалық Ресеймен жүргізілген келіссөздер нәтиже бере қоймады.

1845 жылдың жазында көтерілісшілерді Орынбор өлкесінен ығыстырып шығару мақсатында Ырғыз және Торғай бекіністері салынды. Кенесарының Сарыарқаны тастап шығуына тура келді. Сонымен қатар, Кенесарының Сарыарқадан Ұлы жүзге қарай бет алуының бір себебі — Қоқан хандығындағы қазақ руларын өз жағына тарту еді.

Кенесарының Жетісуға келуі тұрғындардың арасында үлкен толқу туғызды. Үйсін, жалайыр, дулат руларының бір бөлігі көтерілісшілерді жақтады. Кенесарыға қарсы аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев, Барақ Сұлтанбайұлы мен генерал-майор Вишневский жасағы шықты.

Күші басым әскерлерден ығысқан Кенесары Балқаш көлі аумағын тастап, Іле арқылы Алатау мен Шу өзеніне жақындады.

Кенесарыны Ұлы жүздің Саурық, Тойшыбек, Сұраншы батырлары барынша қолдады. Кенесары өз өкілдерін қырғыз манаптарына аттандырып, Қоқан хандығы мен орыс отаршылдарына бірігіп күресуге шақырды.

Алайда Ресей мен Қоқан бектерінің арасында екі жүзді саясат ұстаған қырғыз манаптары Кенесары ұсынысын жауапсыз қалдырды. Ал патша үкіметі өкілдері өз кезегінде қырғыздар мен Алатау өңіріндегі қазақтарды бір-біріне айдап салумен болды.

Кенесары 1847 ж. қырғыз жеріне басып кірді. Көтерілістің отаршылдыққа қарсы азаттық сипаты өзгере бастады. Кенесарының өз қарсыластарына қаталдығы, жазықсыз қырғыз ауылдарын тонауы оған деген қарсылықты өршіте түсті. 1847 ж. қазіргі Бішкекке жақын Майтөбе деген жерде қырғыз манаптарының әскерімен шайқаста Кенесары және оның жақтастары мерт болды.