Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 62. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты

Қазақстанның әлеуметтік саясатының бағыттары. Мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы негізгі объект — адам. Адамның өмірі мен қызметіне қатынастының бәрі әлеуметтік салаға жатады. Әлеуметтік сала тарихи қалыптасқан институттар мен мекемелер жүйесін — білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек Заңдары жүйесін құрайды. Бұл салаларды реттеу және қаржыландыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттері болып табылады.

Қоғамдық және өндірістік қатынастарды реформалауға байланысты мемлекеттік аппараттың әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы қызметі мен мүмкіндіктері де өзгереді. Экономикалық дағдарыс жағдайында шаруашылық жүргізуші субъектілерден және басқа көптеген мекемелерден түсетін бюджеттік қаржы әсіресе егемен Қазақстанның алғашқы өмір сүру жылдарында азая түсті. Қалып-тасқан жағдай мемлекеттің әлеуметтік саясатты бұрынғы деңгейінде жүргізу мүмкіндіктерін айтарлықтай тарылтты. Қазақстанның әлеуметтік саясатында өзгерістер байқалды. Енді бұл саладағы басты міндеттердің бірі — жеке кәсіпкерлік әрекет мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету, оның белсенді дамуы ақыр соңында мемлекетті бұрынғыша халықты кеңінен әлеуметтік көтермелеу қажеттілігінен босатар еді.

Экономикалық қатынастар жүйесінің өзгеріске ұшырауы, сондай-ақ, нарықтың дамуы Қазақстан өмірінде әлеуметтік салаға да өзгерістер енгізді. Өзгерістің алғашқы белгісі жұмыссыздық десек болады. Қайта құру кезінде жасырын сипат алған ол (өндірістердің тоқтап қалуы, ақысыз демалысқа шығу, т.б.) өкімет ауысқаннан кейін ресми статусқа ие болды. Әлеуметтік көрініс есебінде қабылданған жұмыcсыздық қоғамның экономикалық дамуына, жұмысшы күшіне деген сұраныстың өзгермелі сипат алуына, оның деңгей-дәрежесі мен біліктілігіне тікелей байланысты болды. Кеңестік жүйе кезінде мемлекет жоспарлы әдіс арқылы халықты жұмыспен толық қамтамасыз етуге әрекеттенді. Ал нарықтық жағдайда бұл проблеманы мемлекет емес, сұраныс пен ұсыныс Заңдары шешетін болды. Бүгінде әр жұмыс күші иесінен жоғары мамандық, жан-жақты іскерлік, шығармашылық ізденіс пен тапқырлық, кез келген проблеманы шешудегі белсенділік талап етіледі. Қалыптасып отырған жағдайға байланысты мемлекет қоғамның белгілі бір өкілдеріне ғана ардагерлер, зейнеткерлер, жалғыз басты аналар, көп балалы отбасылар, балалар, мүгедектер, т.б. тиесілі жәрдем бере алады.

Нарықтық қатынастарға көшу жағдайында үкімет халықтың тұрақты өмір сүру деңгейін сақтауға бағытталған әлеуметтік саясатты жүргізуге тиіс. Алайда елде болып жатқан өзгерістерге байланысты мемлекет әлеуметтік жәрдемді өмір сүру деңгейі өте нашар азаматтарға ғана көрсете алады. Мемлекеттік арнайы жәрдемді белгілеу үшін билік органдары кедейліктің ресми деңгейін анықтайды. Әлеуметтік жәрдемнің саны арналу бағытына орай (бала тууға берілетін, мүгедектікке байланысты, жұмыссыздыққа, асыраушы­сынан айырылған, т.б. жағдайларға байланысты) жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне қарай анықталады. Негізінен, біртіндеп азаю және одан кейін жеңілдіктер мен мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек қысқаруы жүзеге асады. Өндірістің құлдырауы мен құнсыздану (инфляция), сондай-ақ, ел бюджетіне түсетін ақшаның кемуі бюджет қызметкерлері айлығын, зейнетақы мен жәрдемақыны дер кезінде өтеп отыруды қиындатты. 1998—1999 жылдардағы қаржылық дағдарыс республика Yкіметін бірқатар әлеуметтік жәрдемақыларды қысқартуға мәжбүр етті. Алда халықты нормативті тұрғыда қамтамасыз ету мен әлеуметтік кепілдік жүйесін қайта қарау міндеті тұрды. Осы себептен де Қазақстанда бюджеттік қаржыландырудан әлеуметтік қамсыздандыруға көшу саясаты таңдап алынды. Мемлекеттің әлеуметтік саясатын қайта құрудың негізгі бағыты зейнеткерлік реформаны жүзеге асыруға қажетті жағдай жасау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, білім беру жүйесін нығайту, жұмыссыздықпен, кедейлікпен күрес шараларын қарастырудан тұрады.

Зейнетақы реформасы. Кеңестік дәуірде жұмыс істейтіндердің есебінен зейнеткерлік қордың толықтырылып келгендігі белгілі. Қазіргі кезде өндіріс орындарының тоқтап тұруына, жұмыссыздыққа байланысты бұл жүйе мүмкін болмай қалды. 1997 ж. 20 маусымында Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы” Заңы өмірге енді. Осы заңды орындау туралы республика Yкіметінің 1997 ж. 24 қыркүйектегі қаулысы негізінде Мемлекеттік зейнетақы жинақтаушы қоры (МЗЖҚ) құрылды. МЗЖҚ-ның құрылу мақсаты және негізгі қызмет түрлері — салымшылардың міндетті зейнетақы жарналарын жинау және алушыларға зейнетақы төлеу; зейнетақы активін қалыптастыру және оларды мемлекеттік бағалы қағаздар, мемлекеттік банк депозиттері, Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына айналдыру.

Нарықтық экономика жағдайында МЗЖҚ-мен қатар, мемлекеттік емес қорлардың құрылуы да жаппай сипат алуда. Жартылай мемлекеттік қамтамасыз ету жағдайында жаңа жинақтау жүйесіне көшу зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығын (ЗТМО) құру қажеттігін көрсетті, ол бірыңғай нөмірлеу үшін әлеуметтік жеке код (ӘЖК — СИК) үлестірумен айналысады.

Зейнетақымен қамтамасыз етуді реформалаудың басты мақсаты — мемлекеттік зейнетақы жүйесін тұрақты қаржыландыруға қол жеткізу болып табылады.

Денсаулық сақтау жүйесі. Нарыққа өту кезеңінің денсаулық сақтау жүйесін көтермелеуге арналған мүмкіндіктерінің бірі — міндетті медициналық сақтандыру болды. 1996 ж. қаңтарынан бастап “Қазақстан Республикасы азаматтарын медициналық сақтандыру туралы” заңының негізінде медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істеді. Аталған жүйенің өмірге енуінің басынан оның қызметіндегі қиын проблемалардың бірі — сақтандырушылар мен жергілікті бюджет тарапынан бюджет қорына қаржының жеткіліксіз түсуі болды. Бұл республикадағы жалпы дағдарыс жағдайына байланысты еді. Осындай жағдайдан шығу үшін республикада медициналық сақтандырудың әр түрлі формалары: жеке, мемлекеттік және қоғамдық түрлері енгізіле бастады.

Республикада сақтандыру медицинасын дамыту приоритетінің бір түрі — денсаулық сақтауды қаржыландыру, бұл салада кәсіпкерлік қызметті дамытуға мүмкіндіктер беру болып табылады. 1998 ж. 9 шілдеде республика Yкіметі “Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 ж. 27 сәуірдегі “Азаматтар мен заңды тұлғалардың кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігін қорғау туралы” Жарлығын жүзеге асыру туралы” қаулы қабылдады. Осы қаулының негізінде мемлекеттік органдардың ақылы қызмет көрсету ережелері түзілді. Осы кезде мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінің ақылы қызмет көрсету түрлері қарастырылды және медициналық қызмет түрлері анықталып, олардың ақысы белгіленді. Бұл бағыттағы келесі қадам түрлі меншік формаларына негізделген медициналық мекемелер жүйесін дамытуға арналды. Бұл жерде мемлекет халыққа тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді мөлшерін сақтайды. Қазіргі кезде дүние жүзіндегі денсаулық сақтау жүйесінде екі негізгі бағытты дамыту тенденциясы байқалуда: кәсіби медицинаны дамыту және алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесі. Кәсіби медицина әр түрлі ауруларды емдеуде нақты кәсіптік міндеттерді шешуге бағытталған. Медициналық-санитариялық көмек жүйесі аурудың алдын алу шараларын жүзеге асыруға, халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға әсер етуге бағытталған.

ХХ ғ. 90-жылдарының ортасында республикада дәрі-дәрмекпен және медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету проблемасы туындады. Отандық фармацевтік өнеркәсіп халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысын 3,7%-ға ғана қанағаттандыра алды. Бұл жағдай республикадағы фармацевтік өнеркәсіп дамуы мемлекеттің әлеуметтік саясатының бір тармағына айналғанын көрсетті. Дегенмен дәрі-дәрмектердің айтарлықтай бөлігі респуб­ликаға алыс және жақын шетелдерден келіп түсуде.

Сөйтіп, денсаулық сақтау жүйесін реформалауды дамытудың бірнеше бағыттарын бөліп көрсетуге болады, бұлардың бәрі медициналық қызмет көрсету рыногін құруды мақсат етеді. Yкіметтің бұл саладағы іс-әрекеті денсаулық сақтаудың халыққа қызмет етуін арттыру, алғашқы медициналық-санитариялық жәрдем көрсету жүйесін нығайтуға, денсаулық сақтауда аурудың алдын алу бағытына баса көңіл бөлуге бағытталған.