Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 50. Кеңестік дәуірдегі жоспарлы миграциялар

Тың және тыңайған жерлерді игерудің демографияға әсері. Соғыстан кейінгі және 50-жылдардағы азық-түлік проблемасын шешуге бағытталған тың және тыңайған жерлерді игеру қолға алынды. Осыған байланысты республикаға аса ірі көш-қон тасқыны қайта басталды. Мұның өзі уақыт жағынан алып өнеркәсіптік құрылыстар жүруімен тұспа-тұс келді. Өнеркәсіп, құрылыс және көлік үшін жұмысшы күшін ұйымдасқан түрде тарту арқылы 1954—1965 жылдары республикаға 0,5 млн адам көшіріліп әкелді. Сөйтіп, рес­публикаға қажетті жұмысшы күшінің 80%-ы сырттан әкелінді.

Қазақстанға Ресей мен Украина, Белоруссия және басқа да Одақтас республикалардан тыңды жаппай игерудің бірінші кезеңінде (1954—1956 жж.) 640 мың адам келді. Бұлардың ішінде 391,5 мың ауылшаруашылық механизаторлары, 10,8 мың тракторшылар, 50 мың құрылысшы, 3 мың денсаулық сақтау қызметкерлері, 1,5 мыңдай мұғалім, 1 мыңнан астам сауда қызметкері және басқалар болды. Олар негізінен Ресей, Украина, Белоруссиядан келген қыздар мен жігіттер болатын. Комсомол жастардың интернационалды екпінді бригадалары құрылды.

Баспасөз беттерінде тың игерушілер қатарына қосылуға шақырған үндеулер жиі басылып тұрды. Тың игеруге қатысқан адамдарды материалдық ынталандыру қолға алынды. Тың игеруге келгендердің жолы тегін болды, әр отбасына 500—1000 сомға дейін, әр мүшесіне 150—200 сомнан бір реттік көмек көрсетілді. Үй салу үшін (оның 35 пайызын мемлекет берді), мал сатып алу үшін несие берілді. Тың игерушілер 2 жылдан — 5 жылға дейін ауылшаруашылық салығынан босатылды. Бұл көтерме көмекті тек славян ұлты өкілдері ғана пайдалана алды. Көбінесе отбасымен көшіп келушілер көп болды.

Алғашында олар ен далада бой көтерген палаткалы қалашықтарда, шағын вагондарда, жертөлелерде тұрды. Алғашқы екі жылда ғана Қазақстанның тың жерлеріне 200 мыңдай отбасы қоныстанды.

Тың аймағындағы МТС, совхоз директоры сияқты басшылық жұмыстарға сырттан келген мамандар тағайындалды. Орталық комитеттен бастап, аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметіне дейін орталықтан жіберілді.

Қазақстан тыңын игеруге 1954—1955 жылдары орталықтан 26 мыңға жуық коммунист жолдамамен келді. Тың игеру шын мәнінде ұйымдастырылған қоныс аудару болды. Орталықтың ұйғаруымен әкімшіл-әміршіл басқару әдісімен асығыс жүргізілді. Әрине, тыңды бағындыруға келгендердің қиындықтарға қарамастан қажырлы еңбек еткендігін жоққа шығаруға болмайды. Алғашқы тың игерушілердің ерен еңбегі сөзсіз тарихта қалады.

Тың жерлерге Кеңес әскері қатарынан қайтқан жауынгерлер де көптеп тартылды. Олардың күшімен Көкшетау облысында “Тамановец”, Қарағанды облысында “Индустриальный” және басқа совхоздар құрылды.

Тың және тыңайған қазақ жерлерін игеру үшін 1954—1959 жылдары 1 млн 500 мың адам келді. Қазақстандағы тың эпопеясын жүзеге асыруға, орталықтың ұйғаруымен жоспарлы ұйымдастырған миграциялар ғаламат этнодемографиялық өзгерістерге әкелді. Нәтижесінде Қазақстанның ұлттық құрамы түбірлі өзгеріп, қазақтар өз жерінде азшылыққа айналды. Қазақ ұлтының республика тұрғындары арасындағы үлесі 1959 жылғы санақ бойынша 38%-дан 30%-ға (2 млн 787 мың адам) күрт төмендеді. Сырттан келгендер есебінен басқа ұлт өкілдерінің өсу динамикасына назар аударайық; 1939 жылғы санақпен салыстырғанда орыстар 2,5 млн адамнан 4 млн-дай адамға (40,2%-дан 42,7%-ға), белорустар 31 мың адамнан 107 мың адамға, немістер 92 мың адамнан 660 мың адамға және басқа ұлттар 2,5 есеге өсті. Жалпы 1953—1965 жылдары ауылшаруашылық тұрғындары Қазақстанда 2 млн-ға көбейді, демек 1,5 есеге артты. Қазақстандағы халық санының көбеюі табиғи өсім есебінен емес, механикалық өсу жолымен жүрді.

Одақтық өнеркәсіп құрылыстарының демографияға әсері. Кеңестік дәуірдегі тұрғындар миграциясы Қазақстанның экономикалық және мәдени дамуын жеделдету құралы ретінде пайдаланылды. Нәтижесінде Қазақстанға келгендер ағымы жылдам түрде қажетті маманданған жұмысшы күшін толықтыру үшін пайдаланылды. Бұл халық шаруашылығын жылдам дамытуды көздеген Қазақстанға жоспарлы миграция еді. Өнеркәсіп құрылысы үшін соғысқа дейінгі кезеңде негізінен елдің еуропалық бөлігінен шығысқа 1 млн 200 мың адам көшіріліп әкелді.

Қазақстан жоспарлы түрде көшірудің одақтық жүйесіне 30-жылдардың ортасынан бастап тартыла бастады. Қазақстанға ұйымдасқан түрдегі көшірулер халық шаруашылығының екі саласын қамтыды. Бірінші, ауыл шаруашылығына 1940 жылдардың соңына дейін барлығы 24 мыңдай шаруашылық (Украинадан, Воронежден, Курск және т.б. автономиялы республикалардан) көшірілді. Екінші, өнеркәсіпке қажетті жұмысшы мамандар әкелінді. “Өнеркәсіпке ұйымдық қабылдау” деген атпен 1931—1940 жылдары 509 мың адам өнеркәсіп жұмысшылары қатарын толықтырды. 1929—1932 жылдары Мәскеу және Ленинград жұмысшы еңбекшілері бірінші және екінші бесжылдық жылдарында республиканың жаңа құрылыстарында еңбек етті. Жаңа құрылыстарға құрал-жабдықтармен бірге мамандар, ғалымдар келді. Баку мен Грозныйдан келген мұнайшылар Орал—Ембі мұнай орындарын игеруге, Донбасс шахтерлері — Қарағанды, Екібастұз көмір бассейндерін игеруге көмектесті. Олар Қазақстанның экономикалық картасында жаңадан пайда болған өнеркәсіп аудандарында еңбек етті. Кеңестік Қазақстанның социалистік құрылыстарында жұмысшы табының көп ұлттық құрамы қалыптасты. Қазақстандағы жұмысшылардың абсолюттік саны қарқынды өскенімен, қазақ жұмысшыларының үлес салмағы соғысқа дейінгі жылдармен салыстырғанда біршама кеми түсті. 1939—1970 жылдары қазақстандық жұмысшылар саны 224 мыңнан 823 мыңға өссе, қазақтардың үлес салмағы 26%-дан 24,1%-ға кеміді. Жоспарлы түрде көшірілгендер Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орталықтарына орналастырылды. Мәселен, Қазақстан халқының өсуіне Орталық Қазақстан (Қарағанды, Балқаш, Жезқазған өнеркәсіп тораптарындағы), Шығыс Қазақстандағы түсті металл кешені, Павлодар—Екібастұз, Торғай, Қостанай, Оңтүстік Қазақстандағы (Жамбыл—Қаратау, Шымкент—Кентау) өнеркәсіп кешендерінің іске қосылуы әсер етті. Тек қана 1961—1965 жылдары 160 мың адам (120 мыңдай отбасы) республикаға жоспарлы түрде көшіріліп қоныстандырылды.

Республиканың Кеңес Одағының өнеркәсіп және ауыл шаруашылық шикізат базасы болғандығы белгілі.

Қазақстанда әлемдік масштабтағы ядролық қарудың сынақ полигондары, Байқоңыр ғарыш кешені сияқты маңызды объектілері орналасты. Сондықтан 1991 жылға дейін жалғасқан миграциялық ағымдарға жабық әскери объектілер халқын (250 мың адам), стратегиялық маңызы бар жер асты байлықтарын игеру үшін салынған жұмысшы қалашықтары тұрғындарын және одақтық ведомствоаралық өкіметтің ұйғаруымен көшіп келгендерді қосуға болады. Рудный, Теміртау, Зыряновск, Ленинск, Курчатов, Лениногорск, Шахтинск қалаларында жергілікті халықтың үлесі өте төмен дәрежеде болып келді. Жалпы стихиялық лекпен өздігінен келіп қоныстанғандардың болғандығын да естен шығармаған жөн.

60-жылдары республиканың индустриялық потенциалының кең қанат жаюы демографиялық жағдайдың көп ұлтты бағытын тағы да тереңдете түсті.

Кеңестік кезеңдегі ұлт мәселесінің “шешілуі”. Осылайша Кеңес Одағында бір одақтас республикадан екіншісіне тұрғын халықтардың қоныс аударуы күшті қарқынмен жүргізілді.

Қазақ КСР-де ғана емес, басқа да кеңестік және автономиялық кеңестік республикаларда тың жерлерді және пайдалы қазба байлықтары орындарын игеру, аса үлкен электр станцияларын, зауыт-фабрикаларды тұрғызу, канал, бөгеттер салу кезінде сырттан келгендер есебінен тұрғындардың ұлттық құрамының ара-салмағы тез өзгеріске ұшырады. Осылайша Менделеев кестесіндегі барлық элементтерге бай әрі кең-байтақ қазақ даласы социализм құрылысына қызмет ету үшін сырттан келгендерді құшағын жая қарсы алды.

Алып социалистік құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру үшін қажет мамандар Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Балтық өңірінен және барлық кеңес елінің түпкір-түкпірінен келген еңбекші мамандар есебінен қамтамасыз етілді. Ал жергілікті халықты тартуға жеткілікті мән берілмеді. Бұл одақтас республика халқының Қазақстанға көмегі ретінде көрсетілді және солай бағаланды. КСРО көлемінде тұрғындардың көші-қон үрдісі жалпы және жеке түрде алғанда түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдерін бір-бірімен мидай араластырып жіберді. Бұл Кеңес елінің түпкілікті мақсаттарына сәйкес жасалды. Нәтижесінде Қазақстан жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын “халықтар достығының лабораториясына” айналды. Және Қазақстан халқы бұл ерекше атақты мақтан тұтуға тиіс болды. КОКП-ның бағдарламалық құжаттарында коммунистік партияның еңбекшілердің интернационалдық тәрбиесіндегі бағыт беруші рөлі баса көрсетілді. Онда “ұлтшылдық көріністері және ұлттық шектеушілік социалистік құрылыс орнағанмен өзімен-өзі бірден жоғалып кетпейді. Ұлтшылдық, алып-қашпа сөздер мен бұрынғы ұлт араздығы, міне осылар әрқашан да әлеуметтік прогреске неғұрлым ұзақ, тегеурінді, кескілескен қарсылық көрсетуі мүмкін”, — делінді. Және бұл кереғар құбылыстармен күресу қажеттігі партия қызметкерлерінің мойнына жүктелді. Лениндік ұлт саясаты негізінде жұмыс істейтін КОКП-ның ұйым­дастырушылық және басшылық рөлі — социалистік интернационализм идеясын жүзеге асыру болып табылды. КСРО халықтарының достығы мен ынтымақтастығының беки түсуін қамтамасыз ету қажеттігі күнде теледидар мен радио арқылы беріліп жатты. Ал осы қағидаларды нақты өмірге енгізу жағына келетін болсақ, әрине, кеңес дәуіріне тән сөз бен істің арасындағы алшақтық ұлт мәселесін шешуде де орын алды. Мәселен, лениндік ұлт саясаты бойынша әрбір ұлттар мен халықтар өз мүдделерін барлық кеңес халқы мүдделе­рімен дұрыс ұштастыра білу, ұлт ерекшеліктерін елеп-ескеруі қажет еді. Басқаша айтқанда, Кеңес мемлекеті тек интернационалдық міндеттерді көздеп, қазақ халқының өзіне, өткеніне, шаруашылық ерекшелігіне, мәдениетіне, тұрмыстық-қоғамдық даму деңгейіне байланысты мүдделерін ескерген жоқ. Әдебиеттерде Қазақ халқы орыс және т.б. халықтардың жұмысшы табының мемлекеттік көмегінің арқасында капитализмді айналып өтіп, социализмді КСРО-ның басқа аймақтарымен бірдей дәрежеде орнатуға қол жеткізді деп жазылды. Шын мәнінде кеңестік ұлт саясаты қазақ халқының түпкілікті мүдделеріне қарама-қайшы келіп, сырттан таңылды. Бұл кезеңде жергілікті халықтың әлеуметтік, экономикалық, ұлттық ерекшеліктері ескерілмей, аяқ асты етілді. Ұлттық мүдделерден гөрі интернационалдық міндеттер, таптық идеологиялық мақсаттар жоғары қойылды.

Этномәдени үрдістер көп қырлы екендігі мәлім. Жауынгер атеизм жылдарында мыңдаған мешіттер қиратылды, ұлттық басылымдар жабылды. Сөйтіп, халықтың рухани дүниесіне нұқсан келді. Ең қарапайым есепке қарағанда, КСРО аумағында ХХ ғасырдың басында болған 25 мың мешіттің 1986 ж. 376-сы ғана қалды. Алайда КСРО-дағы 70 жылдай үстемдік құрған белсенді атеизмнің жанкешті саясатына қарамастан, көптеген ұлттық және этностық топтар өз діндерінің әдет-ғұрып және салт-дәстүрмен ұштасатын тұстарын сақтап қалды.