Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Клиническая патофизиология 2010.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
23.39 Mб
Скачать

Шарана сұйығынан дамитын эмболия

Жүкті әйелдердің қалыпты немесе дертті босанулары кездерінде пайда болатын және 80% жағдайларда ананың өліміне әкелетін өте қауіпті ушығу болып шарана сұйығынан дамитын эмболия есептеледі.

Жүктіліктің аяғына таман шарана сұйығының көлемі бір литр шамасында болады. Бұл сұйықта белсенді тромбопластин, гистамин, серотонин, простагландиндер Е1, Е2, F2α, гиалуронидаза ферменті көп болады. Онда солармен бірге нәруыздар мен майлардың алмасу өнімдері және әртүрлі қоспалар: сыдырылған эпидермис бөлшектері, ұрық сыртына жағылатын май, ұрықтың тоңғағы т.б. заттар кезеседі.

Шарана сұйығының қан ағымына түсуіне әкелетін жағдайлар:

● көктамыр ішіндегі қан қысымынан шарана сұйығы қысымының артып кетуі. Қалыпты жағдайда соңғысы толғақ жоқ кезінде су бағанасы бойынша 8 мм, көктамырда 10 мм, толғақ кезінде осыған сәйкес 20 және 40 мм-ге теңеледі. Осыдан әдетте эмболия дамуы болмайды.

Ал, шарана сұйығының қысымы көктамыр қысымынан мына себептерден артып кетуі мүмкін:

√ толғақ тым қатты болғанда немесе толғақты күшейтетін дәрілер артық тағайындалғанда;

√ іштегі бала жатыр ернеуіне жамбасымен келгенде;

√ босану мерзімінен кеш және ірі немесе егіз бала болғанда;

√ жатыр ернеуінің ашылуы тым баяу болғанда;

√ шарана қабығы мерзімінен кеш жарылғанда;

√ гиповолемиядан көктамыр ішінде қысым төмен болғанда.

● жатыр тамырларының саңылауы ашық болуы. Ол өз алдына мына жағдайларда байқалады:

√ бала жолдасы жатыр ернеуіне біткенде;

√ бала жолдасы мерзімінен бұрын сыдырылғанда;

√ жатырға кесар тілігін жасағанда;

√ жатыр ішін қолмен зерттегенде;

√ босанғаннан кейін жатырдың атониясында т.б.

Сайып келгенде, жүктілік пен босанудың көптеген дерттері және әртүрлі себептерден пайда болатын гиповолемия шарана сұйығынан дамитын эмболия туындата алады.

Шарана сұйығы анасының қанына:

● бүлінген бала жолдасы арқылы;

● жатыр ернеуінің қан тамырлары арқылы;

● бала жолдасының мерзімінен ерте сыдырылуы немесе жатыр ернеуіне бітуі кездерінде оның бүрлері арасындағы кеңістіктер арқылы;

● жатырдың тұтастығы бүліністерінде оның кезкелген тамыры арқылы – түседі.

Қан ағымына түскен шарана сұйығы ең алдымен өкпе артериясында эмболия туындатады. Ол босанар алдындағы немесе жаңа босанған әйелдердің, кейде екі қабат әйелдердің кенеттен жан тапсыруына әкеледі. Егер бұл сұйық аз-аздап біртіндеп түссе, онда тамыр ішінде шашыранды қан ұю синдромы дамуына әкеледі. Ал шарана сұйығы қан ағымына бір мезгілде көптеп түскенде кардио-пульмоналдық сілейме дамиды.

Кардио-пульмоналдық сілейме

Шарана сұйығындағы биологиялық белсенді заттар (гистамин, серотонин, простагландиндер т.б.) кеңірдекшелердің жиырылуын және өкпе артериолаларының жайылған түрде кеңуін туындатады. Өкпе қылтамырлары қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуінен ұяшықтардың ішіне, тін аралық кеңістіктерге сұйық сүзілуі артады, ісіну дамиды. Өкпе ұяшықтарында сурфактант бейтарапталып ателектаз дамуы байқалады. Содан тыныс алу қатты тарылады, оңжақ қарыншадан қан өкпе артериясына өте алмайды. Бұл өз алдына оңжақ қарынша қызметін ауырлатып, оның жіті жеткіліксіздігіне әкеледі. Қан үлкен қанайналым шеңберінің ірі көктамырларында іркілуінен олардың ішінде қан қысымы көтеріледі. Солжақ жүрекке келетін қан көлемі азайғандықтан оның шығарымы және артериалық қысым төмендейді, жүректің, мыйдың және басқа ағзалардың қанмен қамтамасыз етілуі азаяды. Науқаста тыныстық және циркуляциялық ауыр гипоксия дамиды, ағзалар мен тіндерде зат алмасулары бұзылып, аралық қышқыл өнімдер жиналуынан метаболизмдік ацидоз дамуы байқалады. Осыдан қан тамырлары қабырғаларының өткізгіштігі көтеріліп, мыйдың, өкпенің т.б. ағзалардың ісінуі болады. ОЖЖ қозуы, тырыспа-селкілдек дамуы мүмкін. Артынан ілезде науқас есінен танады және тез арада жүректің жыпылық аритмиясы пайда болудан ол жан тапсырады.

Егер гемодинамиканың бұзылыстары өкпе артериясының тромбэмболиясы кезінде артерияның немесе оның ірі тармақтарының механикалық бітелуінен болса, онда шарана сұйығынан дамыған эмболия кезінде ол өкпе артериолаларының рефлекстік жиырылуынан болады.

Егер науқас әйел бұл сілейме кезеңінен аман қалса, онда 30 минуттан соң тамыр ішінде шашыранды қан ұю (ТШҚҰ) синдромының белгілері және жатырдың атониясы дамиды.

ТШҚҰ синдромы шарана сұйығында болатын белсенді тромбопластиннің әсерінен қан ұюының сыртқы тетіктері әсерленіп тромбин құрылуынан және плазминогеннің тіндік әсерлендіргіштері көбеюінен фибринолиз артуынан дамиды (толығырақ гемостаз бұзылыстарынан ТШҚҰ синдромын қараңыз). Бұл кезде қан ұюы артуынан пайда болған тромбоциттік және фибриндік ұйындылар мыйдың, бауырдың, бүйректің майда тамырларын бітеп, тіндік гипоксияны ушықтырады. Артынан тұтынулық коагулопатия дамуынан әйелдің босануы кезінде және босанғаннан кейінгі кезеңдерде ауыр қан кетулер болады.