Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Клиническая патофизиология 2010.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
23.39 Mб
Скачать

Гипогидрияны емдеу жолдарының негіздері.

Организмдегі су мен тұздардың тапшылығын, олардың жоғалтылу мөлшерін есептей отырып, қан, плазма, әлбумин, плазманы ауыстыратын коллоидтық сұйықтарды, глюкоза, натрий хлориді т.с.с құрамында электролиттері бар ерітінділерді енгізу арқылы емдейді. Коллапс даму қаупі болғанда айналымдағы қанның көлемін тез арада қалпына келтіру шараларын қолдану қажет.

Қан алмастыратын коллоидтық сұйықтар мен ерітінділер (қан плазмасы, әлбуминдер, полиглюкин, реополиглюкин сияқты декстрандар, қан плазмасын алмастыратын гемодез, желатиноль т.б.) коллоидтық-осмостық қысымды көтеріп, суды тамыр ішінде ұстап тұрады. Содан қан көлемі артып, оның қысымы белгілі мөлшерде сақталады, қанның тамыр ішінде ағу қабілеті жақсарады, уытты заттарды байланыстырып, олардың уытты әсерін азайтады. Бұл жағынан әлбумин ерітіндісі, жаңа мұздатылған қан плазмасы өте нәтижелі емдік әсер етеді. 1 г. әльбумин 18-23 мл су байланыстырады. Қан плазмасында, уытсыздандыру қасиетінен басқа, иммундық глобулиндер және барлық қан ұю факторлары және микроэлементтер болады.

Коллоидтық-тұздық ерітінділердің молекулалық массасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым олар тамырдың, сыртына шығып кетпей оның, ішінде ұзақ сақталады. Бірақ кесек молекулалы декстрандардың біршама теріс әсерлері де болуы ықтимал. Олар лимфа қылтамырларын бітеп қалып, өкпеде ісіну, эндотелий жасушаларын бүліндіріп, тамыр ішінде шашыранды қан ұю синдромы, аллергиялық серпілістер дамуына жиі әкелуі мүмкін. Гемодездің молекулалық массасы төменірек болғандықтан ол тамыр сыртына жеңіл өтіп кетіп, тінаралық кеңістіктерде ісіну дамуына әкелетін мүмкіндігі бар. Сондықтан мый, өкпе ісінулері бар науқастарға және жарақаттық сілейменің II-III сатыларында оны қолдануға болмайды.

Гиперосмостық гипогидрия кезінде организмдегі судың тапшылығы мен тінаралық сұйықтың изотониялық жағдайы көктамыр ішіне глюкозаның 5%-дық (изотониялық) инсулин қосылған ерітіндісін енгізу және тұзы аз сусын ішкізу арқылы қалпына келтіріледі.

Гипотониялық және изотониялық гипогидриялар кездерінде Na+, K+, Ca2+, Mg2+, Cl-, HCO3- т.б. иондарынан тұратын кристаллоидты ерітінділер (натрий хлориді, Рингер және Рингер-Локк ерітіндісі) енгізіледі. Бұл ерітінділер айналымдағы қан көлемін ұлғайтады. Бірақ олар тым артық болып кетсе тінаралық кеңістіктерде ісіну дамытуы мүмкін.

Бүйрек үсті бездері сыртқы қабатының жеткіліксіздігі кездерінде олардың гормондары қолданылады.

Организмге ерітінділер енгізу кезінде оған жетіспейтін судың мөлшерін немесе судың тапшылығын анықтау қажет. Ересек адамдарда судың тапшылығы (СТ) мына өрнек бойынша анықталады:

СТ = 0,6 х дене массасы (кг) х (1 - 140 : қан плазмасындағы Na+ мөлшері);

Мәселен: дене массасы 80 кг болса, қан плазмасында натрий 158мМ/л болса, СТ = 0,6x80 х (1 -140:158) = 48 x 0,114 = 5,47 л.

Сонда организмдегі судың тапшылығы 5,47 л.

Гипертониялық гипогидрия кезінде балаларда судың тапшылығын қан сұйығындағы натрийдің мөлшері бойынша анықтайды.

СТ (мл/кг)==500 х (1-140 : қан сұйығындағы Na); мұнда 500 - бала денесінің әрбір кг-на келетін судың жалпы мөлшері, 140 – қанда болатын натрийдің орташа деңгейі.

Сонда, натрий қан сұйығында 155 ммоль/л болса, СТ=500 х (1-140 :155) = 48,5 мл/кг-ға теңеледі.

Изотониялық және гипотониялық гипогидриялар кездерінде судың тапшылығы мына өрнек бойынша анықталады.

СТ (литр) = (науқас бала Ht –қалыпты Ht) : (100 - қалыпты Ht) х V;

Мұнда: Ht –гематокриттік көрсеткіш, V – жасуша сыртындағы сұйық көлемі, ол өз алдына дене салмағын К көрсеткішіне бөлу арқылы анықталады. К – көрсеткіші:

жаңа туған нәрестелерде - 2-ге,

1 жасқа дейінгі балаларда – 3-ке,

2 - 4 жасар балаларда – 4-ке,

5 жастан үлкен балаларда -5-ке теңеледі.

Мәселен, 10 жасар баланың дене салмағы 30 кг десек, оның гематокриттік көрсеткіші 50% болғанда, СТ= (50-40) : (100 - 40) х (30 : 5) = 10 : 60 х 6 = 1 литрдей шамасында болады.