Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник Акушерство каз от 12.02.09.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
91.66 Mб
Скачать

Акушерлік операциялар барысындағы жансыздандыру

Босанудың бірінші кезеңінде медбике-анестезист жансыздандыруға белсенді қатысып, дәрігер-анестезиологпен бірге үлкен және кіші операцияларда жансыздандыру жасай білуі керек. Кіші акушерлік операцияларға акушерлік қысқыштар салу, босанудан кейінгі жатырды қолмен тексеру, плацентаны қолмен босатып, бала жолдасын туғызу, босану кезінде жыртылған аралықты қалпына келтіру жұмыстары жатады. Үлкен акушерлік операция дегеніміз бұл – ішті кесумен байланысты операциялар: кесар тілігі немесе босану кезінде жыртылған жатырды немесе босанудан кейінгі гипотониялық қан кетуге байланысты жатырды алып тастау.

Кіші акушерлік операцияларды жансыздандыру барысында акушерлік анестезиологияның өзінділігін ескеру қажет. Мысалы, акушерлік қысқыш салу операциясын жансыздандыру кезінде анестезист анестезияның нәресте мен жатырдың жиырылу жұмысына кері әсерін тигізбеуі тиіс.

Акушерлік операцияларда жергілікті анестезиямен бірге жалпы анестезия да қолданылады. 0,25% новокаин ерітіндісі ретіндегі жергілікті анестезия аралықтың, жыныс еріндерінің, қынап қабырғаларының жыртылуында қолданылады. Кіші акушерлік операцияларды жасау үшін көбіне науқастың есін сөндіру арқылы жалпы анестезияны (наркоз) қолданады. Бұнда ингаляциялық және ингаляциялық емес анальгетиктер қолданылады.

Ингаляциялық наркоз көміртегі тотығы – фторотан қосындыларымен жүзеге асырылады. Наркоз тереңдігінің жеткіліксіздігінен көміртегі тотығы жеке анестетик ретінде қолданылмайды, тек анағұрлым күштірек қосылыс түрінде ғана (фторотан, трихлорэтилен және т.б.) пайдаланылады.

Ингаляциялық емес анестезия тәсілдері үшін қазіргі акушерлік анестезиологияда қысқа (тиопентал-натрий) және ультрақысқа (сомбревин) мерзімді анестетиктер қолданылады. Сонымен қатар медбике-анестезист көк тамырға жасалатын анестезия түрлерін қолдану кезінде асқынулардың даму қаупін ескеруі қажет. Мысалы, анестетик жылдам енгізілгенде немесе босанушы әйелдің оған сезімталдылығы жоғары болса, тыныс алу қысылып, қан қысымы артып, тіпті жүрек тоқтап қалуы мүмкін.

Осы асқынулар туындаған жағдайда шұғыл көмек (реанимация) көрсетілуі қажет. Медбике-анестезист дәрігер-анестезиолог болмаған жағдайда өз бетімен жалпы анестезияның қандай да болсын бір тәсілдерін өткізуге құқығы жоқ екенін есте сақтағаны дұрыс. Асқыну туындаған жағдайда дәрігер-анестезист өкпені жасанды желдетіп, кардиотоникалық және т.б. заттарды енгізеді. Ал медбике осы реанимациялық шараларды өткізуге дәрігерге белсенді көмек көрсетеді.

Қандай да болсын акушерлік операция кезіндегі анестезия тәсілі мен анестетик түрлерін таңдау сұрағы дәрігер-анестезист және акушер-гинекологпен бірге қабылданады және ол хирургиялық араласу сипатына, босанатын немесе босанған әйел жағдайының ауырлығына, босану үйінің техникалық жабдықталуына байланысты болады.

Медбике-анестезисттің кіші акушерлік операцияларды жансыздандыруда белгілі бір міндеттемелері бар: наркоз аппараты мен анестетик заттарды дайындайды, наркоз аппаратына газ баллондарын қосады, наркоз аппаратының флакондарын сұйық анестетиктермен толтырады, көк тамырға анестезия жасау кезінде дәрігер нұсқауы бойынша шприцті қажетті анестетикпен толтырып, көк тамырға енгізеді, әйелдің қан қысымы, тамыр соғысы және жалпы жағдайын бақылап отырады.

Үлкен акушерлік операцияларды орындау барысында медбике-анестезисттің жұмысы әр түрлі және күрделі.

Кесар тілігі операциясы қазіргі кезде үйлестірілген эндотрахеальді наркоз көмегімен жасалады. Эндотрахеальді наркоз ағзаның өмірлік маңызды функцияларын басқаруға және операцияны оның минималды тереңдігінде өткізуге болатындығына байланысты жалпы анестезияның анағұрлым жетілген тәсілдерінің бірі болып саналады. Эндотрахеальді наркоздың бұл қасиеттері әсіресе кесар тілігі операциясында өте маңызды, өйткені қатты әсер ететін есірткі заттарының аз ғана мөлшерін енгізу мүмкіндігі нәресте гипоксиясының және есірткілік депрессиясының алдын алуға жағдай жасайды.

Эндотрахеальді наркозды жүргізуде келесі кезеңдерді айыруға болады: премедикация, сұйытылған наркоз, кеңірдек интубациясы, негізгі наркоз және кеңірдек экстубациясы.

Операция аяқталғаннан соң науқас өздігінен тыныс алуы қалыптасқаннан және жоғалтқан қан көлемі толыққаннан кейін қарқынды терапия палатасына ауыстырылады.