Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Lektsii_GRE.doc
Скачиваний:
287
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.05 Mб
Скачать

Лекция XV Сыртқыэкономикалық қызметті мемлекеттік реттеу

§1 Сыртқыэкономикалық қызметті реттеудің мақсаттары мен міндеттері

Кез келген елдің сыртқыэкономкалық байланыстарына мемлекеттік әсердің болуы табиғи құбылыс. Орталықтандырылған экономикада сыртқыэкономикалық қызмет ерекше басқаруда, мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында болады. Сыртқы сауда мемлекеттің монополиясында болып, оны бұзушылық қылмыс ретінде қарастырылады. Ал, рыноктық экономикасы бар елдерде сыртқыэкономикалық қатынастарды мемлекеттік реттеу жүзеге асырылады. Мемлекеттің сыртқыэкономикалық функциясы оның ішкіэкономикалық функциясының жалғасы болып табылады, бірақ басқа әдістер арқылы жүргізіледі.

Мемлекеттің сыртқыэкономикалық қызметке әсерінің негізгі мақсаты елдің экономикалық және саяси мүдделерін қамтамасыздандару болып табылады. Сонмен бірге мемлекеттің өзі де табыс әкелетін және мемлекеттің қатысуын талап ететін бірқатар сыртқыэкономикалық қызметтерге қатысады.

Мемлекет әрқилы әдістер арқылы халықаралық экономикалық байланыстардың барлық сферасын іс жүзінде реттейді, ынталандырады немесе шектейді. Мемлекеттік реттеу сыртқы сауданы, капиталдың халықаралық қозғалысын, валюталық және кредиттік қатынастарды, ғылыми-техникалық алмасуды, жұмысшы күшінің халықаралық ауысуын қамтиды.

Сыртқыэкономикалық байланыстарды мемлекеттік реттеудің қазіргі тәжірибесіне тән құбылыс құқықтық құжаттармен рәсімделген мемлекеттік ұстанымдар мен осы қызметке қатысушы шаруашылық жүргізуші субъектілердің белгілі дәрежеде дербестігін, бастамашылдығын, еркіндігін үйлестіру болып табылады.

Сыртқыэкономикалық қызметті мемлекет тарапынан тікелей және жанама реттеудің басты мақсатты ұстанымы басқа елдермен іскерлік ынтымақтастық пен тиімді айырбас негізінде ел үшін пайдалы экономикалық жетістіктерге қол жеткізу болып табылады.

Сыртқыэкономикалық қызметті реттеу келесі міндеттерді шешуге көмектеседі:

  1. импорт арқылы елде жетіспейтін тауарлар мен қызмет көрсетулерді алу;

  2. сыртқы рыноктарды экспортталатын тауарлар мен қызмет түрлерін сату үшін пайдалану;

  3. әлемдік интеграциялық экономикалық үдерістерге қатысу;

  4. ғылыми-техникалық және ынтымақтастықты дамыту;

  5. әлемдік озық тәжірибені үйрену;

  6. шетелдік кредиттер, инвестицияларды пайдалану;

  7. елдің төлем балансын ұстап тұру.

Қазақстан Республикасында 1995 жылы қабылданған «Сыртқы сауда қызметін мемлекеттік реттеу туралы» Заң мемлекеттің бұл саладағы реттеуші міндеттерін анықтап берді:

  • сыртқы сауда байланыстарының концепциясы (тұжырымдамасы) мен стратегиясын қалыптастыруда елдің сыртқы сауда саясаты принциптеріне сәйкес құру;

  • мемлекеттің, оның субъектілерінің экономикалық егемендігі мен мүдделерін қорғау, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

  • сыртқы сауда қызметін құрайтын үдерістер жиынтығын мемлекеттік реттеу;

  • экспортталатын және импортталатын тауарларды сертификациялау, қауіпсіздік және зиянсыздық критерийлерін орнықтыру;

  • қару-жарақты, қауіпті материалдар мен заттарды, қымбат бағалы металдар мен тастарды әкелу мен әкетудің тәртібін анықтау;

  • елдің төлем балансын талдап жасау;

  • шетелдік мемлекеттерге мемлекеттік кредиттер беру және экономикалық көмек көрсету;

  • шетелдік кредиттерді тарту;

  • мемлекеттің сыртқы қарызын басқару;

  • сыртқыэкономикалық келісімдер жасау.

Сыртқы сауданы мемлекеттік реттеу міндеттерінің молдығына қарамастан сыртқы экономикалық байланыстарды мемлекеттік реттеу аталмыш міндеттер шеңберінің шектерінен де ұзап кетеді. Ондағы басым рөлді экономикалық интеграция, сыртқыэкономикалық ынтымақтастық, біріккен бағдарламаларды іске асыру, халықаралық экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыздандыру үдерістері атқарады.

Сыртқыэкономикалық қызметті мемлекеттік реттеуге экономикалық үдерістердің жаһандануы терең әсер етеді. Оның салдарынан елдің сыртқыэкономикалық факторлары ішкіэкономикалық факторларға айнала бастайды.

Сыртқыэкономикалық қызметті мемлекеттік реттеудің қыруар міндеттері мемлекеттік басқару органдарынан өздеріне тиісті функцияларын өз дәрежесінде атқаруды талап етеді.

Сыртқыэкономикалық қызметті реттеу сыртқыэкономикалық саясатты басқаратын, сыртқыэкономикалық қызмет туралы стратегиялық шешімдер қабылдайтын, басқа елдердің жоғары мемлекеттік билік органдарымен экономикалық қатынастар мәселесі бойынша ынтымақтастық орнататын заң шығарушы және атқарушы билік органдарының құзырындағы қызмет болып табылады. Елдің заң шығарушы органдары сыртқыэкономикалық қызметті реттейтін заңдарды қабылдайды, толықтырады, өзгертеді, құқықтық нормаларды бекітеді.

Қазақстанның сыртқыэкономикалық қызметін реттеумен Индустрия және сауда министрлігі, республикалық кеден комитеті, Қаржы министрлігі, Ұлттық Банк, Сыртқы істер министрлігі шұғылданады.

Жергілікті өзін-өзі басқару қатынастарының дами түсуі, аймақтардың құқықтары мен өкілеттігінің кеңеюі негізінде сыртқыэкономикалық қызметті мемлекеттік реттеудің көптеген мәселелері республикалық деңгейден аймақтық деңгейге өтіп, құрамында сыртқыэкономикалық департаменттері (басқармалары) бар аймақтық әкімшілік құзырына беріледі.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]