Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Lektsii_GRE.doc
Скачиваний:
287
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.05 Mб
Скачать

§3 Экономикалық өсудің интенсивті типіне өтуді мемлекеттік реттеу

Ел экономикасы дамуы деңгейінің жоғарылауы экономикалық өсудің негізгі екі факторы – ресурстар мен қажеттіліктерге өзгерістер әкеледі. Экономикалық дамудың жоғары деңгейіне жеткен елдер табиғи және адами ресурстардың тапшылығын сезінеді. Сондай-ақ, экономикалық даму деңгейінің жоғарылауы экономикалық қажеттіліктер жүйесінің сан жағынан көбеюіне және сапалық жаңаруына қол жеткізеді.

Осылайша экономикалық даму деңгейі жоғарылаған сайын ресурстардың шектеулілігі мен қажеттіліктердің шексіз кеңеюі арасындағы қайшылықтар арта түседі.

Бұл қайшылықтарды экономикасы дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткеніндей, өндірісті кеңейтудің басым экстенсивті әдістерінен басым интенсивті әдістеріне өту шешеді.

Әлемдік және Қазақстанның өзіндік тәжірибесін алып қарастыратын болсақ, онда іс-әрекеттің алғашқы адымдары бағдарламалық шаралар тізбесі толық бағындырылған стратегиялық мақсатты анықтаудан басталады. Қатал дағдарыстардан шығуға арналған жемісті бағдарламалардың түгелі дерлік экономикалық дамудың мақсаты және оған жету жолдарын анықтаудан басталып соның негізінде орта мерзімді және қысқа мерзімді бағдарламалар жасау арқылы жалғасын табады.

Экономикалық өсуге бағытталған қозғалыс үдерісінде өсу факторларының бірінен екіншісіне қарай өту маңызды деп саналады.

Егер өткен ғасырдың 90-шы жылдары ел экономикасын тұрлаулы өсу жолына бағыттау үшін ең алдымен оны қалпына келтіру әрекеттері жүзеге асырылған болса, ендігі жерде интенсивтендіру шаралары қолға алыну үстінде.

Қалпына келтіру іс-қимылдары экстенсивтік өсу кезеңі болып табылады, және ол тоқыраудағы өндірістік қуаттарды іске қосу және пайдалану шараларымен ерекшеленеді. Ал, тұрлаулы экономикалық өсу – интенсивтік өсу кезеңі және ол негізгі капиталға ірі инвестицияларсыз жүзеге аспайды.

Сонымен, экономикалық өсудің экстенсивті типі өндірістің кеңеюін жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен жүзеге асырады. Бұл үшін елде бос жұмысшы күші болуы тиіс және олар ұдайы өндіріс үдерісіне қамтылуы қажет.

Экономикалық өсудің интенсивті типінің мәні бойынша қосымша тұтыну құнын еңбекке тартылған жұмысшы күшінің еңбек өнімділігін арттыру, ұдайы өндіріс үдерісінің барлық элементтерін сапалық жағынан жаңарту арқылы жасауға болады.

Экономикалық тиімділік тұрғысынан өндірісті кеңейтудің экстенсивті және интенсивті типтерін бір-біріне қарсы қоюдың негізі жоқ.

Егер, экономикалық өсуді, жұмыспен қамтуды сандық жағынан өсіру арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік болса оларды интенсивтік сипаттағы факторлармен біріктіру негізінде қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдай жасап, өндіріс дамуы қарқынын жеделдете түсіп, экономикалық тиімділігін арттыруға қол жеткізуге болады.

Экономикалық өсудің интенсивті типін қалыптастыру қосымша шығындармен байланысты емес деген көзқарас та шаруашылық жүргізу практикасына қарама-қайшы көзқарас болып табылады.

Жұмыс бабындағы өндірісті техникалық қайта жарақтандыру және жетілдіру әрекеттері едәуір қаржы талап ететін экономикалық өсудің интенсивті типінің практикалық көрінісі екендігі баршаға түсінікті құбылыс деп санаймыз. Өндірісті интенсивтендіру арқылы кеңейту еңбек өнімділігін арттыру негізінде жүзеге асады. Ал, еңбек өнімділігін арттыру ғылыми-техникалық прогресс пен еңбектің техникалық жарақтануына байланысты болғандықтан материалдық шығындарды қажетсінеді.

Экономикалық тиімділік – басым интенсивті немесе басым экстенсивті әдістер негізінде өндірісті ұлғайту бойынша іс-әрекеттің нәтижелілігі болып табылады. Қазіргі жағдайларда экономикалық тиімділік проблемасын шешу қиыншылықтары өндіріс тиімділігі көрсеткіштерінің елдер, кезеңдер, сфералар мен салалар, сондай-ақ меншікті иемденушілер бойынша бірдей еместігіне байланысты болып отыр. Мұның өзі өндірісті интенсивті ұлғайту және оның экономикалық тиімділігін арттыру түсініктерінің жалпыға бірдей түсіндірмесінің болмауынан туындаған мәселе.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай «өндірісті ұлғайтудың (кеңейтудің) басым интенсивті типі» және «өндірісті интенсификациялау» категорияларындағы өзгешеліктерді түсіндірудің өзі едәуір қиыншылықтар туғызады. Егер өндірісті ұлғайтудың басым интенсивті типі еңбек өнімділігін және оның техникалық жарақтануын арттырумен байланысты экономикалық өсудің әдісі болса, онда өндірісті интенсивтендіру дегеніміз өндіріс элементтерінің әрекетін және оларды пайдалану қарқынын күшейту болып табылады.

Экономикалық мәні бойынша интенсивтендірудің процесс ретіндегі ерекшелігі, оның шығынсыз атқарылуында болса керек. Интенсивтендіру құрал-жабдықтарды қалыпты қуатына жеткізу мақсатында еңбек қарқынын жоғарылатумен байланысты мүмкін болады.

К.Маркс интенсивтендіру және ұдайы өндірісті ұлғайтудың интенсивті типі деген ұғымдарды ажыратқан болатын. Өндіріс құрал-жабдықтарын пайдалануды интенсивтендіру туралы ол былайша жазған еді: «Сол қалпындағы еңбек құрал-жабдықтарының, яғни сол қалпындағы негізгі капиталдың тиімділігін жыл сайынғы пайдалану уақытын ұлғайту арқылы да, сондай-ақ оны қолдануды интенсивтендіру арқылы да арттыруға болады». Маркс жұмысшы күшінің тұрақты саны жағдайында «авансталған капиталды көбейтпей-ақ» олардың еңбек қарқындылығын арттыруға болатындығын да қарастырған еді.

Үдеріс ретіндегі интенсивтендірудің ерекшелігі жұмыскерлердің белсенділігі, шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеті арқылы айқындалады. Бұл тұжырымның шаруашылық механизмін жаңғырту үшін практикалық маңызы бар. Интенсивтендіру процесінің шығынсыз жүзеге асуы және оның экономикалық нәтижелері әрбір жұмыскердің ұйымдастырушылық іс-әрекетіне байланысты болғандықтан еңбекті интенсивтендіруден алынған экономикалық өсім сол жұмыскерлердің мүддесіне жұмсалуы қажет. Бұл принципті практикада жүзеге асыру интенсивтендіру дәрежесін жоғарылату ісіне жұмыскерлердің ынталылығын арттыра түседі.

Дамыған елдердің соңғы он бес жыл ішіндегі ресурстарды үнемдеу жолындағы үлкен табыстары пайданы бөлу қатынастарын жетілдіру, ресурстарды үнемдеу процесіне тікелей қатысушылардың экономикалық мүддесіне қозғау салатын механизмдермен тығыз байланысты болуы.

Интенсивтендіру экономикалық өсудің интенсивті типімен өзара байланысты. Себебі, экономикалық өсудің интенсивті типі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының салыстырмалы жоғары деңгейін көрсетеді және ол затқа айналған еңбектің қорлану көлемімен және жоғары білікті жұмысшы күшімен сипатталады.

Экономикалық өсудің басым интенсивті типі экстенсивті типімен салыстырғанда қымбатқа түседі, бірақ қоғамдық өндіріс нәтижелері мен оған байланысты қоғамдық еңбектің жиынтық шығындарының арақатынасы ретінде экономикалық өсудің интенсивті типі экстенсивті типке қарағанда өзінің зор потенциалдық мүмкіндіктерін пайдаланады.

Елдің экономикалық дамуы деңгейін анықтайтын экономикалық өсудің интенсивті типі және интенсивтендіру болса, онда олардың арасында тек қана тікелей емес, сонымен бірге кері байланыс та болады. Елдің экономикалық дамуының жоғары деңгейі қамтамасыз ететін өмір сүрудің жоғары дәрежесі ұдайы өндіріс процесін интенсивтендіруден бастау алатын экономикалық өсудің басым интенсивті типінің тиімділігін жоғарылатуға потенциалды мүмкіндіктер береді.

Үкіметтік емес «Бүкіл әлемдік экономикалық форум» корпорациясының сарапшыларының қорытындысы бойынша мол табиғи ресурстары бар елдердің әлемдік артықшылыққа ие болатын уақыты өткен. Ендігі уақытта экономикалық өсудің сапалық типтері қандай болмасын елдің халықаралық позициясын анықтайтын болады. Аталмыш позицияны анықтаушы факторларға еңбекке құлшыныс (мотивация) білімділік дәрежесі және кадрлардың біліктілігі, өндірістегі құндылықтар жүйесін қалыптастыру, ақпаратты практикалық мақсаттарға пайдалану т.с.с. жатады.

Экономикалық өсуді орнықтыру мақсатындағы мемлекеттің экономикалық саясаты келесі мәселелерді қарастыруы тиіс:

  • Қолайлы инвестициялық және кәсіпкерлік ахуалды қамтамасыз ететін базалық заңнамалық негіздер жасау;

  • Мемлекеттік міндеттемелерді қолда бар ресурстармен сәйкестендіру және ресурстарды мемлекеттің базалық функцияларын орындауға шоғырландыру. Ал, мұның өзі инвестициялау мен шаруашылық жүргізуді едәуір жақсартуды, салық ауыртпалығын кемітуді, сондай-ақ салықтық және кедендік жүйелердің тиімділігін арттыруды көздейді;

  • Бюджеттік жүйенің тепе-теңдігіне және оның қызметі тиімділігін арттыруға қол жеткізу;

  • Қазақстан экономикасында прогрессивті құрылымдық өзгерістерді ынталандыру;

  • Қазақстанда әлемдік экономикаға интеграциялау үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру.

Қазақстан Республикасын бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосу үшін ел экономикасы дамуының тұрақты жоғары қарқынын ұстап тұру қажеттілігі өзекті мәселе болып табылады.

Даму қарқынын едәуір жоғарылатудың негізгі факторлары келесідей:

  • Инновацияларды және техникалық прогресс жетістіктерін өндіріске енгізу;

  • Қазақстанның негізгі байлығы – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;

  • Салық жүйесін мейлінше жетілдіру;

  • Қазақстаннан капиталдың кетуін кеміту және шетелдік инвестицияларды еселеп тарту үшін инвестициялық ахуалды жақсарта түсу;

  • Рынокқа кіру кедергілерін азайту бағытындағы кешенді шараларды жүзеге асыру;

  • Ресми және көлеңкелі экономика арасалмағын біріншісінің пайдасына едәуір өзгерту;

  • Үкіметке әкімшілік реформалар жүргізу, ең алдымен электрондық үкіметті жасақтауды жеделдету.

Ізденіс сұрақтары

  1. «Экономикалық өсу» және «экономикалық даму» түсініктері

  2. Экономикалық өсу сапасы

  3. Экономикалық динамиканы болжау

  4. Өндірістік функция аппараты

  5. Қоғамдық өндіріс тиімділігінің көрсеткіштері

  6. Қазақстанның тұрлаулы экономикалық өсуіне негізгі шектеулер мен кедергілер

  7. Қ.Р. экономикалық дамуының перспективалары

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]