Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Lektsii_GRE.doc
Скачиваний:
287
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.05 Mб
Скачать

§2 Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің бағыты, әдістері және нақты механизмдері

Қазіргі дамыған елдердің барлығында дерлік ауыл шаруашылығы экономиканың маңызды сферасы ретінде мемлекеттің қолдау объектісі болып отыр. Өндірістің бұл саласындағы басты қағида еркін рынок жағдайындағы сұраныс пен ұсыныс арақатынасын белсенді мемлекеттік реттеумен толықтыруда болса керек.

Батыс елдерінде мемлекет ең маңызды деген ауыл шаруашылық өнімдеріне минималды бағалар тағайындайды және оны қайта қарап отырады. Осындай әрекеттер арқылы өндірушілер бағаның тым төмендеп кетуінен қорғалады. Аграрлық саясатты жүргізуге байланысты шығындар мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. А.Ө.К.-ті рыноктық экономика жағдайында реттеу көпқырлы мәселе болып табылады.

Сонымен, агроөнеркәсіптік өндірісті мемлекеттік реттеу – бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін, шикізатты және азық-түлікті өндіру, өңдеу және өткізу, сондай-ақ аграрлық секторды өндірістік-техникалық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің экономикалық әдістер арқылы әсері болып табылады.

Қазақстан Республикасында мемлекеттің реттеуші қызметі келесі бағыттар бойынша жүзеге асады:

  1. Заңнамалық база жасау, реттеуді құқықтық қамтамасыз ету. Мемлекеттік реттеу монополдық құрылымдардың теріс әсерін болдырмауға бағытталуы тиіс.

Қазақстанда аграрлық реформа жүргізу барысында мейлінше монополданған ресурстық, шикізаттық, азық-түлік рыноктары қалыптасты. А.Ө.К.-пен шектес салалардың монополизмі, делдалдардың көптігі бағалар диспаритетін (теңсіздігін) туындатып, ауыл шаруашылығында жасалған жалпы табысты монополистер мен делдалдардың пайдасына қайта бөліп, А.Ө.К.-тің негізгі саласындағы ұдайы өндіріске кедергі келтірді.

  1. Аграрлық рыноктардың барлығында бәсекелік орта қалыптастыру. Мұның өзі А.Ө.К.-тің түпкі табысын оның барлық буындарының шығындарына сәйкес қайта бөлуге көмектеседі. Бұған қоса баға теңсіздігін жою үшін энергетикалық кешен, көлік, байланыс кәсіпорындарының қызметін реттеуде мемлекет-рөлін күшейте түсетін заңнамалық негіз қажет.

  2. Агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту, тауар өндірушілерді рынок шарттарына бейімдеу жағдайларын жасауды қолдау. Осыған байланысты мемлекеттік реттеудің маңызды қызметіне тамақ өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізаттарына орнықты сұранысты қолдау жатады.

Мемлекет А.Ө.К. өнімдеріне, мемлекеттік тапсырысқа қажетті баға жүйесін реттеу арқылы халықтың табысын қалыптастыруға әсер етіп, тұрғындардың төлем қабілеті бар сұранысын түзуге жәрдемдеседі.

  1. Ақылға қонымды протекционизм (қолдау) саясатын жүргізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету кедендік тарифтер, импорттық азық-түлік тауарларына салықтар көмегімен жүзеге асады.

  2. Шетелдік инвесторлар үшін қолайлы ахуал жасау, А.Ө.К.-тің біріккен кәсіпорындарын құру, озық техника мен технологияны импорттауды қолдау мақсатында шетелдік кредиторлар үшін мемлекеттік кепілдіктер беру.

  3. А.Ө.К.-проблемалары бойынша шешуші ғылыми бағыттарды қаржыландыру, әлемдік стандарттарға сай жаңа технологияларды жасау бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысу.

Агроөнеркәсіптік өндірісті мемлекеттік реттеу бірқатар экономикалық құралдар арқылы жүзеге асады. Бұлардың ішінде бағаның рөлі ерекше. Баға – рыноктық экономиканың негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Бағаларды ырықтандыру ұсынысты да, сұранысты да қысқартты және бағалар диспаритетін (теңсіздігін) туындатты. А.Ө.К.-тің негізгі баға жасаушы буындары бойынша бағалар теңсіздігін реттеу қажеттілігі туып отыр. Бұл диспаритеттер: энерготасушылар – транспорттық тарифтер - А.Ө.К. үшін машина жасау салаларының өнімі – ауыл үшін қызмет көрсету – ауыл шаруашылығы шикізаты – өңдеу, тамақ өнімдері саудасы тізбесі бойынша реттелуі тиіс.

Бағалар диспаритеті екі формада көрініс табады:

  • Ауыл шаруашылығына тауар жеткізілімдері мен қызмет көрсетулерге шығындар деңгейінен әлдеқайда артық баға тағайындау;

  • Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасын шығындарды жабу және қажетті пайдалылықты қамтамасыз ету деңгейінен едәуір төмен тағайындау.

Сондықтан, ауыл шаруашылығын бағалық диспаритеттің қатаң құрсауынан шығару үшін бағаларды қалыптастыру және реттеу іс-әрекеттеріне мемлекеттің белсенді түрде араласуы қажет.

Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуде келесі бағалар жүйесі қолданылады:

  • Ауыл шаруашылығы өнімдері, шикізат және азық-түлік рыногында экономикалық негізі сұраныс және ұсыныс әсерімен қалыптасатын рыноктық (келісімді) бағалар болып табылады;

  • Егер орташа рыноктық бағалар кепілденген (гарантиялық) бағалардан төмен болса, онда ауыл шаруашылығы өнімдерге кепілді бағалар қолданылады;

  • Мақсатты бағалар (нормативтік индикаторлар) өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдеріне паритеттік (теңестірілген) бағалар арақатынасын қамтамасыз ету үшін; салық төлеумен байланысты шығынды жабу үшін; кредит бойынша пайыздарды төлеу үшін қолданылады.

Ауыл шаруашылығындағы бағалар паритетін орнықтыру барысында ауылдық тұрғындар үшін тұтыну бағаларының да паритеті ескерілуі тиіс. Ауылдағы жалдамалы жұмысшылардың жалақысы жұмысшы күшінің ұдайы өндірісі мен әлеуметтік сфера дамуын қамтамасыз етуі қажет.

Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығын жеңілдікті несиелеу жүйесін ұйымдастыру әдістері қалыптасқан. Ауыл шаруашылығын несиелеу қызметін атқаратындар:

  • Кооперативтік ауыл шаруашылығы банктері;

  • Мемлекеттік банктер;

  • Мемлекет бақылайтын және қолдайтын мамандандырылған банктер;

  • Бюджеттік несиелеу.

Рынокқа бейімделген қаржы-несие жүйесіне мыналар жатады:

  • Бағалық кешірімдер мен орнын толтырулар (дотациялар мен компенсациялар);

  • Жеңілдікті шарттар негізінде бөлінетін ақшалай несие;

  • Ауыл шаруашылығының жекелеген салаларын қолдау үшін республикалық бюджеттен субсидиялар (қайтарымсыз арнайы ақшалай жәрдем).

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың болжамды көрсеткіштерін негіздеу үшін келесі әдістер қолданылады:

  • Бағдарлы-мақсатты әдіс;

  • Баланстық (теңгермелі) әдіс;

  • Нормативтік әдіс.

Агроөнеркәсіптік кешенді бағдарлы-мақсатты жоспарлаудың отандық тәжірибесі, сондай-ақ шетелдік практика мемлекеттік реттеудің аталған әдісін талдап жасаған. Экономикасы дамыған елдерде (Еуропалық Одақ, АҚШ т.б.) А.Ө.К.-тің мақсатты бағдарламалары шеңберінде аграрлық сфераны қолдауға жыл сайын ондаған миллиард доллар бөлінеді. Мұның сыртында сатып алу бағалары мен айналмалы қорларды несиелеу үшін субсидиялауға берілетін сома тағы бар.

Агроөнеркәсіптік мақсатты бағдарламалар саланың нақты проблемасын шешуде пайдаланылады. Аталған әдісті қолдану үшін проблеманы анықтап, жан-жақты негіздеу маңызды рөл атқарады. Мақсатты бағдарламалардың басты міндеті проблеманы кешенді қарастыру негізінде жан-жақты және терең сараптау арқылы жүзеге асыру болып табылады.

А.Ө.К. салаларын дамытудың пропорционалдығын қамтамасыз ету үшін баланстар жүйесі талдап жасалынады. Бұның көмегімен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемдерін ауыл шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтаумен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемдерін өңдеуші өнеркәсіп қуаттарымен, А.Ө.К. салаларын дамытуға жұмсалатын күрделі қаржымен баланстық байланыс қамтамасыз етіледі.

А.Ө.К. баланстар жүйесіне мыналар кіреді: ауыл шаруашылығының негізгі өнімдерін өндіру және пайдалану материалдық балансы (астық, ет және т.б. баланстар), өндірістік қуаттар балансы, А.Ө.К.-тің салааралық балансы және т.б. А.Ө.К. үшін арнайы талдап жасалынған динамикалық моделдер көмегімен А.Ө.К. салалары мен сфераларының салааралық байланыстары мен балансталған дамуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ А.Ө.К.-тің күрделі қаржылар, еңбек және материалдық ресурстарға қажеттіліктері анықталады.

Нормативтік әдіс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтыну көлемдері мен құрылымын анықтау үшін халықтың жан басына шаққандағы тамақ өнімдерін және азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтынудың рационалды тұтыну нормалары пайдаланылады.

Ауыл шаруашылығы өндірісін жоспарлауда тұқым, жем-шөп, тыңайтқыштар т.б. материалдық ресурстарын шығындау нормалары қолданылады.

Ауыл шаруашылығы өнімдері рыногының баланстылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет, сондай-ақ рынокта сатып алу және тауар интервенцияларын жүргізеді. Сатып алу интервенциясы ауыл шаруашылығы өнімдерін, шикізатты, азық-түлікті сатып алуды ұйымдастыру формасында жүзеге асырылады. Бұндай интервенциялар ауыл шаруашылығы өнімдерінің, шикізаттың және азық-түліктің рыноктық бағалары минималды деңгейден төмендеп кеткенде, немесе агроөнеркәсіп өндірісі сферасындағы тауар өндірушілер сұраныстың қысқаруына байланысты өнімдерін өз күшімен өткізе алмайтын жағдайларда қолданылады.

Тауар интервенциялары республикалық және өңірлік қорлардан ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізаттың және азық-түліктің көтерме саудасын ұйымдастыру формасында жүзеге асырылады. Бұндай интервенциялар рыноктық бағалар максималды деңгейден артып кеткенде қолданылады.

Ізденіс сұрақтары

  1. Агроөнеркәсіптік кешеннің құрамы

  2. Агроөнеркәсіп кешенінің мақсаттары мен міндеттері

  3. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары

  4. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің бағыттары

  5. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің әдістері және нақты механизмдері

  6. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудегі бағалар жүйесі

  7. Агроөнеркәсіптік кешеннің баланстар жүйесі

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]