Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Lektsii_GRE.doc
Скачиваний:
287
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.05 Mб
Скачать

§2 Рыноктық жүйенің сипаты – аралас экономика

Экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігі туралы рыноктың «көрінбейтін қолы» теориясының авторы А. Смиттің өзі де айтқан болатын. Ол өзінің атақты «Адамдар байлығының табиғаты және себептері туралы» еңбегінде ол былай деп жазды: «мемлекеттің мейлінше маңызды үш міндеті бар: әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әділ сот жүргізу және пайдалылығы үлкен қоғам үшін едәуір болғанымен жеке тұлғаның немесе шағын топ, шығындарының орнын ешқашан толтыра алмайтын, сондықтан жеке тұлғалар немесе шағын топтар үшін оларды құрап, ұстаудың пайдасы жоқ белгілі бір қоғамдық мекемелерді құрып және ұстау міндеттері».

Бүгінгі таңда әлемдегі дамыған елдердің қайсы біреуінен де таза рыноктық қатынастарды іздеп, таба алмайсыз. Іс жүзінде ұлттық және әлемдік шаруашылықта аралас экономика қалыптасқан. Сондықтан, бүгінгі, егер әңгіме рыноктық жүйе туралы өрбитін болса, мәселе аралас экономика жайында болып отыр деп айтуға толық қақымыз бар. Мұның өзі таза күйінде рыноктық критерийлер мен механизмдер әрекет етпейді және әрекет етуі мүмкін емес деген сөз, себебі кез келген ұлттық шаруашылық меншіктің көптүрлі формалары мен кәсіпкерліктің көпқырлы қызметтерінен құралады және рыноктық, корпоративтік, мемлекеттік, халықаралық тәрізді экономикалық реттеу түрлерінің аралас әрекетінен түзіледі. Мұндай жағдайда мемлекет осы жүйенің ажырамас бір бөлігі, сонымен бірге бүкіл жүйенің өміршеңдігі мен қызмет атқаруының кепілі ретінде көрінеді.

Аралас экономика дегеніміз негізін рыноктық қатынастар және жеке кәсіпкерлік, сондай ақ басқа да көптеген институттар (қаржы өнеркәсіп топтары, трансұлттық компаниялар т.б.) құрайтын экономикалық жүйе. Бұл жүйеде шаруашылықтың ең маңызды үдерістері мен өрістерін (сфералары) мемлекет реттейді (қорғаныс өнеркәсібі, энергетика т.б.).

Теория және практикада экономиканы мемлекеттік реттеудің бірқатар анықтамалары бар. Олар:

Экономиканы мемлекетік реттеу рыноктық қатынастарды тиімді қалыптастыруды қамтамасыз ету мақсатындағы әлеуметтік экономикалық процестерге қажетті әдістер мен құралдарды қолдану негізінде мемлекеттің ел экономикасы болмысына қатысуы болып табылады.

Экономиканы мемлекеттік реттеу дегеніміз мемлекеттің экономикалық өсуді ынталандыру, инфляциялық процестерді әлсірету, халықты әлеуметтік қорғау мақсатындағы салықтар, кредиттер және басқа да тетіктер арқылы ұлттық шаруашылыққа макроэкономикалық әсер етуі.

Экономиканы мемлекеттік реттеу – бұл өкілетті мемлекеттік органдардың экономиканы тұрақтандыру және дамыту, сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық жүйені өзгермелі жағдайларға бейімдеу мақсатында қолданатын заңнамалық, атқару және бақылау сипатындағы шаралар жүйесі.

Экономиканы мемлекеттік реттеудің мазмұны келесідей:

  • рынок субъектілеріне зиян келтірмеуге бағытталған, сондықтан олардың құқықтары мен міндеттерін, өзара жауапкершілігін анықтау үшін қабылданған заңдардың жиынтығы;

  • рынок субъектілерінің шаруашылық әрекетін қадағалауды қамтамасыз ететін ұйымдастыру-экономикалық құрылымдарды қалыптастыру;

  • мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты негізінде жасалған механизмдерді анықтап, нәтижелі қолдану.

Экономиканы мемлекеттік реттеудің мәні әкімшілік ресурстарды шамадан тыс қолдану және таңдап алынған кәсіпорындар мен рынокқа қатысушыларды қолдауда емес, жеке бастамашылық пен меншіктің барлық формаларын қорғауда болса керек. Биліктің міндеті – рынок субъектілері қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік институттардың жұмысын жолға қою болып табылады.

Бүгінде Қазақстан Республикасындағы шаруашылық жүргізу қызметтері мемлекеттік, өңірлік және жергілікті биліктер арқылы жүзеге асуда. Сондықтан біртұтас экономикалық және құқықтық кеңістік қамтамасыз етілмеген жағдайда ұлттық бағдарламалар өміршеңдігінің болашағы беймәлім күйінде қала береді.

Билік құрылымдарының реттеуші рөлінің күшеюі уақыт белгісі болып табылады. Қазіргі қолда бар маңызды стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін елдегі әлеуметтік-экономикалық процестердің басқарылу деңгейін жоғарылата түсу оларды ойдағыдай атқарудың кепілі.

Экономиканы мемлекеттік реттеу қоғам дамуының объективті экономикалық заңдары негізінде жүзеге асады. Рыноктық қатынастар жағдайында бұл, ең алдымен сұраныс және ұсыныс заңы, құн заңы т.б. Мемлекеттік реттеудің мақсаты рыноктық жүйе қызметінің құқықтық базасын қамтамасыз ету, өнімді өндірушілер, жеткізушілер және тұтынушылар арасында заңды және тиімді өзара қатынастарды орнықтыру болып табылады. Мемлекеттік реттеу өркениетті бизнес әрекетін қалыптастырудың негізгі құралы және халықтың әлеуметтік теңсіздігін салыстырмалы түзейтін жағдайларды орнықтыратын күш болып табылады.

Аралас экономиканы мемлекеттік реттеудің міндеттері мен мазмұнын рыноктық экономиканың мәні анықтайды. Қазіргі рыноктың негізгі міндеті өндірістік және өндірістік емес тауарларға, қызмет көрсетулерге сұранысты қанағаттандырып тауар тапшылығын жоюға бағытталған әрекеттерді қалыптастыру.

Рынокты декретпен енгізуге де тоқтатуға да болмайды. Оның қалыптасуы белгілі бір өтпелі кезеңді талап ететін тарихи үдеріс. Бүгінде экономиканы мемлекеттік реттеу барлық елдерде, соның ішінде дамыған елдерде де жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттің белсенді реттеуші рөлінсіз тиімді рыноктық экономика жасау мүмкін емес.

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткеніндей әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін рыноктық стихияның шексіз еркіндігіне беріп қою өте терең дағдарыстарға итермелейді. Әсіресе, мұндай жағдайларда рыноктық инфрақұрылым объектілері өлшеусіз жапа шегеді.

Экономиканы мемлекеттік реттеудің тиімді жүйесін жасау үшін бірқатар шараларды жүзеге асыру қажет. Олардың негізгілері мыналар:

  • қаржы жүйесін сауықтыру, индикативтік әдістерге көшу, қаржылық тетіктерді пайдалану;

  • бірден жойылуы мүмкін болмайтын шығынды және тиімділігі төмен кәсіпорындар үшін бейімделу және содан кейінгі даму жағдайларын жасау; Оларды жеңілдіктер мен дотациялар көмегімен қолдап рынок жағдайына лайықтау қажет. Келесі кезеңі – мемлекет меншігінен алу және мемлекетке пайдалы шарттар негізінде жекешелендіру;

  • елдің бүкіл шаруашылық кешенін қажетті құрылымдық өзгерістерге ұшырату арқылы жаңа техника мен технологияларды енгізіп, ресурс сақтау шараларын жүзеге асыру. Құрылымдық өзгерістерді әдетті әдістермен, яғни капиталдарды шашырату арқылы қажетті қорлануды жасау – бұл өте ұзақ және ауыр жол. Мақсатты бағдарланған жоспарлау және сараптаумен астасқан тиімді реттеу, сондай-ақ құрылымдық өзгерістерді мемлекеттік тікелей және жанама әдістермен ынталандыру бұл процесті едәуір жеңілдетеді.

  • белсенді әлеуметтік саясат жүргізу арқылы рынокқа өтудің халық үшін теріс салдарын жеңілдету, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту үшін кешенді шаралар жүйесін жүзеге асыру.

  • айқын антимонополиялық саясат жүргізу, монополиялар қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту, ірі монополиялар меншігін акцияландыру кезінде ондағы мемлекеттің үлесін арттыру.

Реттеудің басты тетіктеріне құндық пропорциялар жатады. Олардың көмегімен экономика сфераларында даму және ұдайы өндіру пропорцияларын қалыптастыруға болады.

Бағалар, салықтар, солар бойынша жеңілдіктер, қаржылық ресурстарды бөліп беру, кредиттік қойылымдар, ренталық төлемдер, еңбекті төлеу, зейнетақы, жәрдемақы мөлшері – мұның барлығы өндірістердің, өңірлердің экономикалық мүдделеріне әсер ететін экономикалық тетіктердің жиынтығы болып табылады. Мемлекеттік реттеудің маңызды элементіне бағаларға бақылау орнату мәселесі жатады. Әрине, рыноктық экономика жағдайында барлық өнімдердің бағасына бақылау орнату мүмкін емес. Дегенмен, шикізат бағасына бақылау қажет, себебі ол бағалардың барлық тізбегінің қалыптасуына әсер етеді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы зор негізгі тауарлар бағасына да бақылау орнату қажетті іс-әрекеттердің қатарына кіреді.

Мемлекеттік реттеу жай ғана ұйымдастыру – басқару немесе экономикалық мәселе емес, ол әлеуметтік мәселе де болып табылады. Қазіргі кезеңнің, яғни экономикалық өсуді тұрақтандыру жағдайындағы реттеу рыноктың құндық құралдарын пайдалану принциптеріне негізделуі керек.

Өтпелі кезеңде тауар-ақша қатынастарын пайдаланудың мәні мынада:

  1. құндық категориялардың сандық параметрлерін жоспарлы түрде реттеуді қамтамасыз ету және оны тауар өндірісі заңдарының шарттарына сәйкестендіру қажет, яғни қоғамдық еңбек шығыны тепе-теңдігі базасындағы эквиваленттік заңына және оған қоғамдық қажеттіліктің шамасына сәйкестендіру абзал.

  2. Өнімге қоғамдық қажеттілік шамасының әсері арқылы құндық параметрлердің мәнін өзгерте отырып, өндірушілер мен тұтынушылардың шаруашылық мүдделеріне мақсатты әсер ету қажет. Бұл арада құндық категорияларды құрылым және өндіріс пен тұтынуды реттеу құралдары ретінде пайдалану керек.

  3. тауар өндірушілерге құрылым және өндіріс көлемі, өнімді бөлу және өткізу туралы орталықтандыра орнықтырылған құндық параметрлер шектеріндегі шаруашылық шешім еркіндігін бере отырып, жалпы мемлекеттік жоспарлы көрсеткіштерді орындауға кәсіби ынталандыру.

  4. қоғамға қажетті өнім өндіруді тауар өндіруші үшін де пайдалы ету бағытында олардың түпкі мақсаттарының жақындасуына және бір жерден шығуына қол жеткізу.

Рыноктық шаруашылық жағдайындағы өндіргіш күштер дамуының жоғары деңгейі және осы деңгейдің объективті экономикалық заңдарға сәйкестігі экономикаға мемлекеттің араласуы арқылы ғана қол жеткізуге болатын мәселе.

Сонымен, экономиканы мемлекеттік реттеу міндеттері келесідей:

  • Экономиканы мемлекеттік реттеу өтпелі кезеңнің бастапқы сатысында – экономиканы ырықтандыру (либерализациялау) бағытындағы шараларды жүзеге асыру; екінші кезеңі – экономиканы тұрақтандыру бойынша шаралар жүйесін жүзеге асыру және қорытынды кезеңі – тиімділікті арттырып, тұрақты өсуді қамтамасыз ету.

  • Экономиканы мемлекеттік реттеу мүдделердің тепе-теңдігіне жеткізуі тиіс, яғни бір жағынан ол экономикалық реформалардың тиімді барысын, қамтамасыз етуі тиіс, екінші жағынан табыстар мен ресурстарды әділ бөлуге қол жеткізуі қажет.

  • Рыноктық еркіндікті сақтай отырып табиғи, адам, қаржы ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы бюджет түсімдерін көбейтуге, құрылымдық өзгерістерге, жалпы ұлттық экономиканың дамуына жол ашуы керек.

  • Реттеу арқылы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын, салалық, өңірлік, сондай-ақ мақсатты бағдарламаларды жасау, инвестициялық жобаларды, қысқа және ұзақ мерзімді болжамдарды түзу жұмыстары атқарылуы тиіс.

  • Мемлекеттік реттеу негізінде өңірлердің қаржылық дербестігін, олардың даму деңгейлерінің біркелкілігін және табиғи-экономикалық жағдайы төмен аймақтарды жан-жақты қолдау жүзеге асырылуы қажет.

Рыноктық экономиканы құру жөніндегі әлемнің басқа елдерінің тәжірибесін қабылдай отырып Қазақстан олардың моделдерін тікелей көшіріп ала алмайды, оның басты себебі әлемнің ешбір елі (ТМД елдерінен басқа) ұзақ уақыт бойы әкімшіл-әміршіл басқару шеңберінде болып көрген емес. Бұл бір. Бұдан басқа әрбір мемлекеттің өзіндік тарихы және ұлттық ерекшеліктері және өңірлік дамуының әртүрлі деңгейлері бар екендігін естен шығармау қажет. Сондықтан экономиканы реформалаудың алғашқы кезеңдерінде орын алған бұрыңғы басқару жүйесін толығымен қирату едәуір экономикалық қиыншылықтар туғызып, өндірісті құлдыратып, салыстырмалы ұзақ дағдарысқа ұшыратқаны белгілі.

Экономиканы мемлекеттік реттеуде жоспарлы реттегіштер мен рыноктық реттегіштерді қатар қолдану тиімділігін бірқатар елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр.

Жоспарлы реттегіштер дегеніміз нақты экономикалық қызметті қалыптастыру бойынша іс-әрекеттер жиынтығы. Рыноктық реттегіштер – ол көптеген өндірушілер мен тұтынушылардың өзара іс-әрекеті нәтижесінде қалыптасып, объективті түрде қызмет ететін реттегіштер болып табылады. Жоспарлы және рыноктық реттегіштерді бірін-бірі толықтыратын тетіктер деп қарастыру қажет.

Мемлекет қолданатын реттегіштер мен, тұрақтандырғыштарды тиімді пайдалану, әлеуметтік орнын толтыру әдістерін икемді қолдану мемлекеттік реттеу тиімділігінің кепілі бола алады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]