Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Lektsii_GRE.doc
Скачиваний:
287
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.05 Mб
Скачать

Лекция VIII Инвестициялар мен инновацияларды мемлекеттік реттеу

§1 Инвестициялар мен инновациялық үдерістердің мәні, бастаулары және оларды тұтынушылар

«Инвестиция» түсінігі кең мағынада болашаққа салым дегенді білдіреді. Инвестициялар – бұл болашақтағы қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған кез келген қаражат. Сондықтан олар ағымдағы пайдаланудан шығарылып экономикалық немесе әлеуметтік игілік әкелуге мүмкіндігі бар белгілі бір іске салынады.

Экономикалық ресурстарды іс-әрекеттегі өндірістік факторларға айналдыру үшін белгілі бір мерзім қажет, яғни ресурстарды өндіріске тарту мен олардың агенттерінің, өндіріс үдерісінің факторы ретінде қолданылуы арасында бастапқы ресурсты факторға айналдыруға қажетті белгілі бір уақыт өтеді. Айталық, өндірістік ғимарат тұрғызып оны жабдықтау үшін уақыт пен ақша керек болады. Сондықтан экономикада ең алдымен іске қаражат салып, өндірістік үдеріс жүруі үшін алғышарттар жасалуы тиіс, нәтижені содан кейін күтуге болады.

Сонымен, инвестиция дегеніміз негізгі капиталға, запастарға, резервтерге, сондай-ақ басқа да экономикалық объектілер мен үдерістерге салымдар болып табылады. Оның сипатты белгісіне материалдық ресурстар мен ақшалай қаражаттың салыстырмалы ұзақ уақытқа бейтараптануы жатады.

Инвестиция түсінігінің жоғарыдағы анықтамасы іргелі экономикалық категория болып табылатын инвестиция ұғымын толыққанды түсіндіре алмайды. Мысалы, экономикалық әдебиетте «күрделі қаржы салымдары – күрделі қаржылар (капитальные вложения)» түсінігі «инвестициялар» түсінігіне қарағанда тар мағынада қолданылады. Өзінің атауы көрсетіп тұрғандай күрделі қаржылар тек қана негізгі капиталға салынады, ал ақпараттық ресурс, бағалы қағаз, рухани әлеует, материалдық запастар сияқты экономикалық ресурстардың басқа түрлеріне салымдар күрделі қаржы салымдары деп аталмайды немесе бұл түсіндірме ескерту арқылы жасалады.

Инвестиция көп тармақты құрылым.

Капиталдың физикалық және ақшалай болып бөлінуіне сәйкес инвестициялар да материалдық-заттай және ақшалай деп бөлінеді. Материалдық-заттай формадағы инвестициялар – бұл құрылыстағы өндірістік және өндірістік емес объектілер, жабдықтар мен машиналар және басқа да техникалық паркті алмастыруға немесе кеңейтуге бағытталған инвестициялық тауарлар.

Ақша формасындағы инвестициялар – бұл материалдық-заттай инвестицияларды құруға бағытталған, инвестициялық тауарларды шығаруды қамтамасыз ететін ақша капиталы. Орталықтандырылған экономикада орын алған инвестициялық тауарлар мен ақша формасындағы инвестициялардың тапшылығы өндірісті кеңейту мен жаңарту, қажетті инфрақұрылым жасау, материалдық запастарды қалыптастыру мәселелерін шешуде жеткіліксіз болса, рыноктық экономикадағы негізгі мәселе қол жетімді инвестициялық тауарға айналдыратын ақшалай инвестицияларды іздестіру болып табылады.

Өндіріске жалпы инвестициялар деп негізгі капиталды (негізгі қорлар) және запастарды ұстап тұру мен арттыруға бағытталатын инвестициялық өнімді атайды. Жалпы инвестициялар екі құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі, амортизациялық төлемдер. Бұл - негізгі құрал-жабдықтардың орнын толтыруға, оларды жөндеуге, қалпына келтіруге қажетті инвестициялық ресурстар. Екіншісі, таза инвестициялар – бұл негізгі құрал-жабдықтарды көбейту, арттыра түсу мақсатында ғимараттар мен құрылғыларды, жабдықтар мен іс-әрекеттегі өндірістік қуаттарды іске қосуға арналған капитал салымы.

Материалдық өндіріс салаларына инвестициялармен қатар олардың едәуір бөлігі әлеуметтік-мәдени сфераға, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, информатика, қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ осы салалар үшін жаңа объектілер салуға, оларды қолданылатын техника мен технологияны жетілдіруге, инновацияларды жүзеге асыруға бағытталады.

Соңғы жылдары ғылыми және оқу әдебиеттерінде адамға, адам капиталына инвестиция салу туралы әжептәуір айтылып жүр. Бұл – салымдардың ерекше түрі, негізінен білім беру мен денсаулық сақтауға, жеке тұлғаның рухани дамуы мен жетілдірілуіне, халықтың денсаулығын нығайтуға, өмірді ұзартуға, адамдардың шығармашылық еңбек қабілетін арттыруға арналған инвестициялар болып табылады.

Нақты (реалды) инвестициялар экономика салаларына және экономикалық қызмет түрлеріне салымдар болып табылады және нақты капитал өсімін қамтамасыз етеді, яғни өндіріс құрал-жабдықтарын, материалдық құндылықтарды, запастарды, ақпараттық-интеллектуалдық ресурстарды молайтады.

Қаржылық инвестициялар дегеніміз акцияларға, облигацияларға, вексельдерге және басқа да бағалы қағаздар мен қаржылық құралдарға салымдар. Мұндай салымдар өздігінен нақты заттай капиталға өсім бермейді, дегенмен уақыт бойынша құнды қағаздардың бағамы өзгеруі есебінен пайда, соның ішінде алыпсатарлық пайда әкелуге мүмкіндіктері бар. Мысалы, акциялар нақты, физикалық капитал өндірмейді. Бірақ, егер акцияны сатудан түскен ақша өндіріске, құрылысқа, жабдықтарға салынатын болса, онда қаржылық инвестициялар нақты капиталға ақшалай салымдар болып шығады да, реалды инвестицияларға айналады. Сондықтан, бағалы қағаздарды сату-сатып алу арқылы алыпсатарлық пайда алу мақсатындағы салымдар мен реалды, физикалық капиталға айналатын қаржылық инвестицияларды ажырата білу керек.

Тікелей қаржылық инвестициялар дивиденд түрінде табыс, сондай-ақ акционерлік компанияны басқаруға қатысу құқығын алу мақсатындағы акционерлік қоғамның жарғылық қорына ақшалай салымдар. Бақылаушы тікелей инвестициялар деп акциялардың бақылау пакетіне иелікті айтады, яғни дауыс берушінің акциялардың жартысынан астамына иелік етуі.

Қаржылық инвестициялар құрамынан портфельдік инвестицияларды ерекшелейді. Бағалы қағаздарға салым салатын тұлғалар табыстылығын жоғарылатып, тәуекелін төмендету үшін портфель деп аталатын бағалы қағаздардың бірнеше түрлерінің жиынтығын сатып алады. Бұл инвестициялардың атауы осылайша қалыптасқан.

Тәуекелдік деңгейі жоғары инвестициялар венчурлық капитал деп аталады. Ірі венчурлық капитал инвестициялық жобаларға, қызметтің жаңа түрлеріне салынуымен ерекшеленеді. Мұндай капиталдың әрбір салымшысының тәуекелін кеміту үшін көптеген салымшылардың капиталын біріктіріп венчурлық капитал қорын құрады.

Мерзімдері бойынша қысқа мерзімді (бір немесе бірнеше айға) және ұзақ мерзімді (бір немесе бірнеше жылға) салымдар белгілі. Осы мерзімдер ішінде алғашында бейтараптанған салымдар өндірістік факторларға айналып, қайтарым, табыс, пайда әкеле бастайды.

Капитал салымшысы – инвестор деп тек қана өзінің емес «өзгенің» де ісіне салымдаушы тұлғаларды, мекемелерді, мемлекетті атайды. Әрине, қаражат салынған «өзгенікі» шамалы болса да «өзінікіне» айналады. Капиталды инвестициялаушыға байланысты мемлекеттік, жекеменшік, шетелдік инвестицияларды ажыратады.

Республикалық бюджет қаражатынан бөлінетін инвестицияларды бюджеттік, ал басқа көздерден тартылатындарды бюджеттік емес инвестициялар деп атайды.

Инвестициялар мемлекеттің, кәсіпорынның, тұрғындардың жинақтары және қорлануымен тығыз байланысты. Мемлекет үшін қорлану, яғни ұлттық табыстың ағымдағы тұтынуына жұмсалмайтын бір бөлігі негізгі ішкі инвестицияның қайнар көзі, бастауы болып табылады. Кәсіпорындар, компаниялар инвестициялық қаражат ретінде пайданың қорлануын жұмсайды. Егер мемлекеттік бюджет үшін инвестицияға айналатын қорлану ауырлау, бірақ қажетті салмақ түсіретін болса, ұйымдар мен компаниялар үшін пайдадан алынатын өндірістік инвестициялар өмір сүруі мен өндірісті дамытудың міндетті шарты, ал тұрғындардың жинақтары тікелей инвестициялар емес, оларды шоғырландыратын банктердің ғана бұл жинақтарды инвестиция ретінде пайдалануға мүмкіндіктері бар.

Сонымен, үй шаруашылығының жинақтары да белсенді өндірістік инвестициялар бола алады (мұның өзі, тіпті бастапқы иелерінің ойына келмесе де). Нәтижесінде, экономиканың барша субъектілерінің қорлану қаражаттары мен жинақтары қандай жолмен болмасын инвестицияларға айналады.

Инвестициялық ресурстарды тұтынатын негізгі үш экономикалық субъектілерді бөліп көрсетуге болады. Олар: мемлекеттік басқару органдары түріндегі мемлекеттің өзі, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер, сондай-ақ үй шаруашылығы жиынтығы түріндегі тұрғындар.

Қажетті инвестицияларды тарту үшін мемлекет ішкі және сыртқы көздерді пайдаланады. Ішкі қаражаттарға табыстар, салықтан құралатын бюджет қаражаттары, міндетті төлемдер, сыртқы экономикалық қызметтен түсетін пайда жатады. Сыртқы қаражатқа кредит, шетелдік көмек түріндегі инвестициялар жатады.

Мемлекеттің инвестициялық саясаты шетелдік инвестицияларды экономиканың нақты секторына тартуды (келтіруді) көздеуі тиіс. Рыноктық экономикада инвестицияларды тарту мен пайдаланудың негізгі агенті меншіктің әртүрлі формасындағы компаниялар, фирмалар және кәсіпкерлер болып табылады. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің бұл жиынтығы өндірістік капиталға ең мүдделі топ болғандықтан қажетті инвестициялар тартудың әртүрлі көздерін іздестіреді.

Кәсіпорынды инвестициялық қаржыландырудың көзі ретінде шаруашылық қызметтің барлық түрлерінен алынатын паайда болып табылады. Салықтарды, ренталық төлемдерді жүзеге асырудан және дивидендтерді үлестіргеннен қалған пайданы кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өз өндірісіне капитал салымы ретінде пайдалануға толық мүмкіндігі болады. Рентабелділігі жоғары кәсіпорындар үшін бұл өзін-өзі қаржыландыру формасындағы инвестиция тартудың сенімді көзі және ешқандай қарыз міндеттемелері жоқ қаржы болып табылады.

Өндірістік ұйымдарды инвестициялаудың орнықты ішкі көзіне амортизациялық төлемдер жатады. Олар бекітілген нормаларға сәйкес, міндетті түрде өндірісте қолданылатын негізгі құрал-жабдықтардың барлығына есептеледі және өндірістік шығындар (өзіндік құн) құрамына қосылады. Тозған капиталдың, негізгі құрал-жабдықтардың орнын толтыруға жұмсалатындықтан бұл қаражаттың инвестициялық жаратылысы байқалады. Амортизация жабдықтардың нормативті қолданылуы мерзімі бойына бекітілген пайыз мөлшерінде әр жылғы біркелкі есептелуі немесе жеделдетілген амортизация шартына сәйкес жоғары пайызбен есептелуі мүмкін.

Жеделдетілген амортизация құрал-жабдықтарды ұстап тұруға аударылатын қаражат көлемін көбейтеді. Кәсіпорындардың ішкі инвестициялық көздеріне пайларды, құрылтайшы жарналарын, инвестициялық ресурстар санатында пайдаланылатын компания акцияларын жатқызуға болады.

Ақша түріндегі инвестиция тартудың негізгі сыртқы көздерінің бірі банктік кредит болып табылады. Банктік инвестициялық кредит, әдетте қайтарым кепілдігі, белгіленген уақыт және пайыздық қойылым негізінде жүзеге асады. Кредитті қамтамасыз ету ұшін, бәлкім жылжымайтын мүлікті кепілдікке қоюға тура келетін жағдайдағы кредитті ипотекалық деп атайды.

Капиталды тартудың негізгі бір көзі болып отандық және шетелдік банктер, басқа да қаржы-несиелік ұйымдар беретін инвестициялық кредиттер есептеледі. Егер инвестор-банк кәсіпорын-қарыз алушыға кредиттік желі ретінде қайталанатын қаражат түрінде беретін болса, онда бұл кредит түрі қарыз алушының векселдік міндеттемесі, сондай-ақ оның активтері негізінде берілуі мүмкін.

Әрине, инвестицияларды мемлекеттік қаржыландыру туралы да айту қажет. Мемлекеттік инвестициялар кәсіпорындарға пайыздық және пайызсыз, тіпті атаулы субсидиялар, субвенциялар түрінде тегін берілуі де мүмкін.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]