Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Рим пр каз.doc
Скачиваний:
812
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
10.55 Mб
Скачать

Реалдық контрактылар

1 Сұрақ. Қарыз шарты.

Реалдық контрактылар тек қана бір тарап екінші тарапқа затты бергеннен кейін жасалды деп саналатын, келісімге келу ғана реалдық мәмілелердің жасалуын растамайды. Бұл контрактыларға қарыз алу, сақтау, кепілге беру және бөтен мүлікті тегін пайдалану (ссуда) шарты жататын.

Қарыз (заем) шарты бойынша бір тарап (қарыз беруші) екінші тараптың меншігіне ақша немесе тектік белгілермен айқындалған заттарды береді, ал қарыз алушы оған дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегі және сападағы заттардың тең мөлшерін (санын) уақытында қайтаруға міндеттенеді. Бұл шарттың объектісі ретінде май, қант, шарап, ұн, отын, құм т.б. заттар танылады.

Шарттың негізгі белгілері: реалдық, яғни заңдық күшіне енгізу үшін келісімге келу жеткіліксіз, оған қоса затты беру талабын орындағаннан кейін ғана шарт күшіне енеді. Екіншіден, қарызға тек қана тектік белгілермен айқындалған заттар беріледі (санымен, өлшемімен, сомасымен есептелетін). Қарызға берілген зат алушының меншігіне кіретін. Тиісті мерзім өткен соң қарыз алушы сондай тектегі және сондай сападығы заттарды қайтаруға міндетті болады.

Рим құқығы пайыздың жоғарғы мөлшерін шектеді. Классикалық құқықта пайыздың жоғарғы мөлшері айына 1 пайыздан аспауы тиіс болды, ал Юстиниан құқығында жылына 6 пайыздан аспайтын.

Қарызды қайтару мерзімі тараптардың келісімімен белгіленеді. Қарыз бергені үшін заңда көзделмесе де, алушы пайызбен есептелетін төлем төлейтін.

Кейбір жағдайларда қарыз беруші алушыдан қолхатты алдын ала жазғызып алып, мүлікті қарызға бермейтін болыпты. Осыған орай преторлар әртүрлі қорғау шараларын пайдаланатын.

Заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi. 

Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасыз болады және заемшы алынған заем нысанасын өз қалауы бойынша пайдаланады.

Шарт заемшының заем нысанасын белгiлi бiр мақсатқа пайдалануы шартымен (нысаналы заем) жасалған жағдайда, заем берушiнiң заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал заемшы заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi. 

2 Сұрақ. Ссуда және сақтау шарттары.

Ссуда (мүлікті тегін пайдалану) шарты – бұл шарт бойынша бір тарап (несие беруші) екінші тарапқа (пайдаланушы, несие алушы) мүлікті тегін уақытша пайдалануға береді, ал соңғысы мүлікті мақсатты түрде пайдаланып, сол қалпында қайтаруға міндетті. Шарт субъектілері латынша коммодант және коммодотарий деп аталады.

Бул шарт реалды, ақысыз, біржақты. Қарыз шартынан айырмашылығы: ссуда шартының объектілері жеке айқандалған және тұтынбайтын заттар болады (белгілі мал, шана, шелек, қайық, балта, шербек т.б.). Аталған заттарды пайдаланғаннан кейін иесіне қайтару міндет болады, себебі олар несие берушінің меншігінде қалады. Егерде пайдаланған затқа зиян келтірілетін болса, затты несиеге алушы шығынды өтеп, оның орнын толтыруға міндетті.

Несие берушi мүлiктi тегiн пайдалану шартының талаптары мен мүлiктiң мақсатына сай келетiн күйде беруге мiндеттi.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiк тегiн пайдалануға оның барлық керек-жарақтарымен және оған қатысты құжаттармен (мүлiктiң жиынтықтылығын, қауiпсiздiгiн, сапасын, пайдалану тәртiбiн куәландыратын және т.б. құжаттармен) қоса берiледi.

Егер мұндай керек-жарақтар мен құжаттар берiлмесе, алайда оларсыз мүлiктi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаса не оны пайдалану несие алушы үшiн едәуiр дәрежеде құнын жойса, соңғысы сондай керек-жарақтар мен құжаттар берудi немесе шартты бұзуды және өзiне келтiрiлген нақты зиянды өтеудi талап етуге құқылы. 

Мүлікті тегін пайдалануға берген несие беруші мүлікті беру кезінде қасақана немесе өрескел абайсыздықпен айтпай қалған осы мүлiк кемшiлiктерi үшін, егер бұл орайда несие алушыға нақты зиян келсе, жауапты болады.

Егер мүлiк оны несие алушы, тегiн пайдалану шартына немесе мүлiктi мақсатына сай пайдаланбағандықтан жойылса немесе бүлiнсе не оны несие берушiнiң келiсiмiнсiз үшiншi тұлғаға берсе, ол тегін пайдалануға алған мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупiн өз мойнына алады. 

Тегiн пайдалану шарты, егер шартта өзгеше көзделмесе, несие алушы азамат қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.

Прекарий. Ссуда шарты ерекше қатынас болып табылатын precarium (прекарий) деп аталатын шарттан айырмашылығы болды. Олардың (commodatum мен precarium) айырмашылығы мынада: а) екі шартта мүліктік игіліктерді бір тұлғаның екінші тұлғаға пайдалануға беруі, б) commodatum кезінде және precarium кезінде де зат ақысыз берілді.

Ссуда шарты пайдалану мерзімі көрсетілмеген кезде жарамсыз болмады. Ал, рrecarium мүлікті талап еткенге дейінгі мерзімді көздеді. Ульпиан бұл мәмілені былайша анықтайды: «Precarium est, quod precibus petenti utendum concedltur tamdiu, quamdiu is qui concessit patitur», яғни precarium тұлғаның сұрауы пайдалануға берген тұлғаның шыдамы жеткенге дейін мүлікті пайдалану. (D 43, 26. 1. pr.).

Кейіннен прекарий ерекше шарт болды және прекарист абайсыз кінә болған кезде де жауап берді.

Сақтау шарты – бұл реалды келісім бойынша бір тарап (сақтаушы) оған екінші тараптың (жүк беруші) берген жеке белгілермен анықталған затын ақысыз түрде белгілі мерзім немесе талап қойғанға дейін сақтауға және осы затты сақталған күйінде қайтарып беруге міндеттенеді. Шарт реалдық шарттарға жатады, ол зат сақталуға берілген кезден жасалды деп танылады. Келісімнің объектісі жеке анықталған зат болғандығынан шарттығ мерзімі аяқталғаннан кейін сақтаушы тұра осы затты қайтару қажет болады. Және де аталған шарт ақысыз болғанынан сақтаушы оны өзінің мүлкіндей ұқыпты да күтімді сақтауға міндеттенетін. Сондықтан Гай сақтаушының адалдығын немесе адал еместігін айыруды қажеттігін ескертетін. Егерде сақтаушы өзі сақтауға сұранып алса, онда заттың бұзылу, жоғалуына ол оқыс (абайсыздан) болған себептерде де жауап көтеретін. Онымен қоймай, ежелгі римде сақтаушы заттың өртке ұшырағанында да жауапқа тартылатын. Сақтауға беруші затты қайтаруға талап қоя алатын. Егер затты сақтауға беруші тараптың кінәсінен сақтаушыға зиян тиетін болса, ол зиянның орнын толтыруға міндеттелетін.

Иррегулярлық сақтау - бұл топтық белгілерімен анықталатын заттарды сақтауға беру.

Секвестр – даулы затты сақтау. Секвестр туралы шарт бойынша затқа деген құқық жөнiнде араларында дау туған екi немесе бiрнеше адам даулы затты даудың шешiлуi бойынша соттың шешiмi не дауласып жүрген барлық адамның келiсуi (шарттық секвестр) бойынша бұл зат кiмге берiлсе, соған қайтаруды мiндетiне алатын үшiншi адамға бередi.

Даулы зат соттың шешiмi бойынша секвестр тәртiбiмен сақтауға берiлуi мүмкiн (сот секвестрi).  Сот секвестрi бойынша сақтаушы сот тағайындаған адам да, дауласушы жақтардың өзара келiсуi бойынша белгiленген адам да болуы мүмкiн. Екi жағдайда да, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сақтаушының келiсiмi талап етiледi. Секвестр тәртiбiмен сақтауға қозғалатын да, қозғалмайтын да заттар берiлуi мүмкiн.

3 сұрақ. Кепiл ұғымы

Мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.

Кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiк, кiмнiң пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн, егер жоғалу немесе бүлiну кепiл ұстаушы жауап беретiн себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемiнен сол бұрынғы негiзде қанағаттандырылуға құқығы бар.

Үйлер, ғимараттар, жер учаскелерiне және басқа қозғалмайтын мүлiкке құқықтар ипотека деп аталады.

Кепiл шартқа сәйкес пайда болады.

Кез-келген мүлiк, соның iшiнде айналымнан алып тасталған заттар, несие берушiнiң жеке басымен тығыз байланысты талаптар, атап айтанда алименттер, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптар, заттар мен мүлiктiк құқықтар (талаптар) кепiл объектісі бола алады.

 Кепiл құқығы болашақта кепiлге салушының меншiгiне түсетiн мүлiкке шарт бойынша қолданылуы мүмкiн. 

1. Ипотека - кепiлге салын¬ан мүлiк кепiл салушының немесе үшiншi бiр жақтың иелiгiнде және пайдалануында қалатын кепiл түрi. 

Құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көлiк құралдары, айналымдағы тауарлар және азаматтық айналымнан алынбаған басқа да мүлiк ипотека мәнi бола алады.

Бөлiнетiн жемiстер бөлген кезден бастап үшiншi жақтың құқықтарының объектiсi болмайтын жағдайда ғана олар ипотека мәнi бола алады. тиiс. 

2. Кепiлзат (пигнус) - кепiлге салынған мүлiктi кепiл берушi кепiл ұстаушының иелiгiне беретiн кепiл түрi. Пигнус нысанындағы кепілде зат меншік құқығына берілмеді, зат тек кепілұстаушыға иеленуге ғана берілді. Борышқор затты қайтаруға міндетті болды.

3. фидуция кум кредиторе – мүлікті кредитордың меншігіне, оған сеніп, беру. Сенім кредиторға берілген мүлікті сол қалпында қайтарып берудегі үмітте болатын. Несие берушіде борышқор міндеттемені орындаған кезде затты қайтарудың тек моральдық міндеті болды.

Ортақ меншiктi құрайтын мүлiк кепiлге барлық меншiк иелерiнiң келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн. Борышқордың өзi де, үшiншi жақ та кепiл берушi болуы мүмкiн.        Кепiл объектісі болып табылатын затқа кепiл ұстаушының құқығы (кепiл құқығы), егер шартта өзгеше көзделмесе, оның керек-жарақтары мен бөлiнбейтiн жемiстерiне де қолданылады.

    Кейiнгi кепiл (кепiлдi қайталап салу)

 Егер кепiлге салынған мүлiк басқа талаптарды қамтамасыз ететiн басқа бiр кепiлдiң нысанасы болса (кепiлдi қайталап салу), кейiнгi кепiл ұстаушының талабы алдыңғы кепiл ұстаушылардың талаптарынан талаптары қанағаттандырғаннан кейiн кепiл мәнiнiң құнынан қанағаттандырылады.  Егер кепiл туралы бұрынғы шарттарда тыйым салынбаса, қайтадан кепiл салуға жол берiледi.  Кепiл берушi келесi кепiл ұстаушысының әрқайсысына осы мүлiктiң бұрыннан бар барлық кепiлдерi жөнiндегi мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi және осы мiндеттiң орындалмауы себептi кепiл ұстаушыларға келтiрiлген залалдар үшiн жауап бередi. 

Кепiл берушi кепiлге салынған мүлiктiң кездейсоқ қирау немесе бүлiну тәуекелiн мойнына алады. Кепiл ұстаушы өзiне кепiлге берiлген нәрсенiң толық немесе iшiнара жоғалуы немесе бүлiнуi үшiн жауап бередi. 

Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыруға кепiл ұстаушының келiсiмiмен жол берiледi.  Кепiл берушi кепiл нысанасын оның мақсатына сәйкес пайдалануға, соның iшiнде одан жемiстер мен табыстар табуға құқылы. 

Борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн. 

Тақырып бойынша сұрақтар:

Кепіл ұстаушыға кепілге жылқы беріледі және оны ол өз еркімен пайдалана бастайды. Ол затты пайдалануға құқылы ма?

Рим құқығында қарыз беруші мен қарыз алушының арасындағы қатынастың жазбаша бекітілуі болды ма?

Егерде зат бірнеше тұлғаға сақтауға қалдырылса, кімге талап қоюға болады?

Қай шарттың пәні топтық белгілерімен анықталатын заттар болады?

Ссуда шартында мүліктің кездейсоқ жойылуы кімде болады?

Рим құқығында қарыз беруші мен қарыз алушының арасындағы қатынастың жазбаша бекітілуі болды ма?