Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Рим пр каз.doc
Скачиваний:
812
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
10.55 Mб
Скачать

Римдегі меншік құқығы

  1. Заттар ұғымы және олардың жіктелуі.

  2. Рим жеке құқығындағы меншік институты.

  3. Бөтеннің мүлкіне құқық.

І. Затқа қатысты Дигестыларда келесідей анықтама ұсынылған: «Қандай да бір тұтастықты білдіретіндердің және мүліктік құндылыққа иелердің барлығы затқа жатқызылады». Сыртқы немесе физикалық сипаттамаларына орай заттар келесідей түрлерге жіктеледі2:

1) пішінді және пішінсіз. Бұған қатысты Гай келесідей анықтаманы ұсынады: «қол тигізіп ұстауға жарайтын заттар пішінді заттар деп танылады мысалы, егін алқабы, құл, көйлек, алтын немесе күміс және басқа да көптеген мүліктер. Ал, мұра, узуфрукт, әралуан міндеттемелер сияқты қол тигізу мүмкін емес құқықтар пішінсіз заттар деп танылады». Бұдан әріде, Гай былай жалғастырады: «Әдетте, мұраны егін алқабынан алынатын пішінді заттар немесе өнімдер құрауы себепті олар пішінді заттар ретінде танылады және міндеттемеге орай бізге тиесілі мүліктер жалпылай алғанда, пішінді заттар болып табылады. Атап айтқанда, егін алқабы, құл немесе ақша соммасы. Ал, мұраның, узуфрукттың өзіне құқық және міндеттеменің өзі пішінсіз заттар деп танылады». Ал, Гарсиа Гарридо Цицеронның да заттарды пішінді және пішінсіз деп жіктегенін жеткізеді: қолмен ұстап көруге болатын заттар біріншісіне жатқызылса, ал, ұстауға болмайтын тек, ақылмен танылатындары екіншісіне жатқызылады;

2) құқықтық салдарларына орай заттар бөлінетін және бөлінбейтін деп жіктеледі;

3) жай және күрделі заттар: Помпоний заттардың үшке жіктелетінін жеткізеді: «Құл, бөрене және осы сияқты дербес бір бөлік болып табылатын заттар; ғимарат, кеме сияқты өзара байланысты құрамдас бөліктерден тұратын заттар; үшінші топты өзара байланысты емес заттар болғанымен бір атаумен аталатын мүліктер құрайды. Мысалы, халық, легион немесе табын»;

4) тектік белгілерімен және жеке-дара айқындалған заттар: Genus perire non censetur [Тектік белгілерімен айқындалған заттар жойылмайды (яғни, егер тектік белгілерімен айқындалған заттар жарамсыз болып қалса, жоғалса онда борышқор орындаудан босатылмайды]3;

5) тұтынылатын және тұтынылмайтын заттар: Мысалы, көмір, тағам өнімдері. Юстиниан тұтынылатын заттар санатына қолданудан ескіретін заттарды да жатқызады;

6) жылжитын және жылжымайтын заттар;

7) басты зат және керек-жарақ. Бұған қатысты Дигестыларда келесідей анықтама берілген (D.34.2.19.20): «Егер, қымбат бағалы тастар алтын және күміс вазаларға орналастырылса, онда олар алтын және күмістің керек-жарағы болып табылады; өйткені, біз қай заттың үлкен құндылыққа ие екендігіне емес, қай затты әсемдеуге қолданылатынына назар аударамыз»;

8) манципацияланатын және манципацияланбайтын заттар. О.С. Иоффенің деректері бойынша өндірістің маңызды құралдары болуы себепті құлдар, ірі қара мал, италиядағы жер бөліктері Римдегі ең құнды игіліктер болып табылған. Сондықтанда, олардың иелерінің мүдделерін тиісінше қорғауға қатысты арнайы шаралар қабылдау қажет болды. Сондай шаралардың бірі манципация болып табылды. А.В. Орлянскаяның пайымдауынша, манципация бес куәнің қатысуымен күрделі нысанда өтетін болды. Бір сөзден қателесу мәміленің жарамсыздығына әкелетін болды.

9) айналымдағы және айналымнан алынып тасталған заттар.

Павел узуфруктқа қатысты келесідей анықтама береді: «Бөтеннің мүлкін пайдалану құқығы және затты сақтай отырып одан өнім алу узуфрукт болып табылады».

Римдегі заттық құқықтың келесідей түрлері болды: - меншік құқығы; - иелену құқығы; - бөтеннің мүлкіне құқық.

ІІ. Бастапқы кезеңдерде меншік термині Рим құқығында қолданылмайтын. Меншік құқығын сипаттау үшін Рим құқығында екі термин қолданылды: Dominium және Proprietas. И.Б. Новицкий өзінің еңбегінде республикалық дәуірдің соңғы кездерінен бастап Proprietas терминінің тұрақты қолданысқа енгізілгенін тілге тиек етеді4. Е.А. Скрипилев болса б.з. 2 ғасырдың ортасындағы Гай институцияларында Proprietas терминінің алты рет қолданылғанын, сондай-ақ, аталған сөздің синонимі болып табылатын Dominium терминінің де алты рет кездесетіндігі жөнінде деректер келтіреді. Меншік құқығының бірнеше түрлері болды: квириттік меншік, перегриндердің меншігі, аймақтық (провинциалдық) меншік, бонитарлы меншік. “Proprietas est plena in re potestas” – “Затқа қатысты толықтай билік меншікті білдіреді”. Меншік иесінің келесідей өкілеттіктері болды: затты пайдалану құқығы (ius utendi); затқа билік ету құқығы (ius abutendi); ius fruendi (затқа билік ету немесе пайдалану нәтижесінде кірістер алу).

Қоғамдық мүдделерге орай меншік құқығына келесідей бірқатар шектеулер қойылуы мүмкін болды:

- діни пайымдар бойынша қойылатын шектеулер: ХІІ кесте заңдарында мәйіттерді қаланың шеңберінде және қала аяқталғаннан кейінгі алпыс фут шегінде жерлеуге тыйым салынды;

- құрылыстық нормаларға қатысты қойылатын шектеулер: Мысалы, Гозидиан сенатусконсультына сәйкес құрылыс материалдары ретінде сату мақсатында ғимаратты бұзуға меншік иесіне тыйым салынған. Осындай мазмұндағы шектеулердің саны классикалық кезеңнен кейінгі құқықта арта түсті және соңынан олар Зенон конституциясында сұрыпталған болатын;

- қоғамдық жолдар: қоғамдық жолдармен жанасып жатқан жер бөліктері иелерінің ол жолдарды жөндеу міндеті ХІІ кесте заңында бекітілген болатын. Егер, жол одан өтуге болмайтындай жағдайда бұзылатын болса, онда оған жанасып жатқан жер бөліктерінің немқұрайлы меншік иелеріне өз жерлерінен өткізу міндеті жүктелетін болды;

- су жағалауындағы жер бөліктеріне қойылатын шектеулер: бұл жер бөліктерінің иелері теңізшілер мен балық аулаушыларға теңізде жүзу не балық аулау мұқтаждықтары үшін өз жер бөліктерін пайдалануға рұқсат етуге міндетті болды;

- жер қойнауларын пайдалануға салынатын шектеулер: Гарсиа Гарридо өз еңбегінде классикалық құқықтың минералды ресурстарды басқа тұлғаларға тиесілі жер бөліктерінен емес, тек, қоғамдық жерлерден ғана алуға мүмкіндік бергендігін жеткізеді. Сондай-ақ, б.з. 382 жылғы Конституцияға сәйкес пайдалы қазбаларды бөтеннің жерінен меншік иесіне 10% төлей отырып, өндіру мүмкіндігі қарастырылғандығын айтады;

- қоғамдық мұқтаждықтардың туындауына орай меншікті алу: Негізінен, классикалық құқықта азаматтардан мүлікті алуға мүмкіндік беретін қандай да бір ортақ бір ережелер болмаған болатын. Дегенмен, магистраттар сенат келісімін ала отырып, нақты бір жағдайларда жекелеген тұлғалардың мүліктеріне билік ете алатын болды.

Сонымен бірге, И.А. Покровский өзінің еңбегінде ХІІ кесте заңдарының өзінде меншікке қатысты келесідей бірқатар шектеулердің болғандығын білдіреді және солардың санатына мыналарды атап өтеді: а) Меншік иесі өзінің жер бөлігінің шекарасынан жүріп өтуге арналған 2 футтай бос бөлік қалдыруы тиіс; b) Меншік иесі өзінің көршісінің 15 футтан аспайтын ағашының аулаға түсетін бұтақтарына шыдаммен қарауға міндетті; c) Меншік иесі өзінің ауласына көршісінің ағашынан түсетін жемістерді жинап алуы үшін көршісін күн ара өзінің жер бөлігіне келуіне тосқауыл жасамауы тиіс; d) Меншік иесі жасанды құрылғыларды қолдана отырып, жаңбыр суының табиғи ағысын өзгертпеуі тиіс. Уақыт өте келе, бұлардың санатына өзге де шектеулер қосылды. Мысалы, ешкім қалыпты шектен асқан шуға, иіске және т.б. шыдамдылықпен қарауға міндетті емес5.

Меншік құқығын алудың әдістері екіге жіктелінді: бастапқы және туынды. Меншік құқығын алудың бастапқы әдістері бұрынғы иесінің еркінен тәуелсіз туындайтын болды. Ал, туынды әдісте алдыңғы меншік иесінің еркі қажет болды және ол Ульпианның «ешбір тұлға басқаға өзі иеленетіннен артық құқық бере алмайды» деген ережесіне негізделетін.

Меншік құқығын алудың бастапқы әдістері ретінде келесілерді атауға болады6: 1) оккупация: ешкімге тиесілі емес заттардың тұлғаның меншігіне өтуі оккупация деп аталынады. Бұл әдіс бойынша әдетте «res nullis7» яғни, бастапқыдан ешкімге тиесілі болмаған заттар алынады. Оккупацияның ең танымал түрлері ретінде келесілерді атауға болады:

  • жабайы аңдарды (venatio), құстарды (aucupium) және балықтарды аулау. Аңдар қолға түскенімен, өзінің табиғи бостандығын жоғалтпауы мүмкін. Аулану әдістеріне қарай жануарлар үшке жіктелінген: 1) табиғи бостандықтағы жабайы жануарлар (ferae bestiae) – бұларды әрбір тұлға өз меншігіне айналдыра алатын болды; 2) қолға немесе үйге үйретілген жануарлар (mansuetae не mansuefactae) – бұлар табиғи бостандықта болғанымен, адамның бақылауында болады және әдетте, оған қайта оралады; 3) адамның билігінің аясындағы үй жануарлары (quorum non est fera natura). Ал, аңшылық құқығы адамзат жер өңдеуге кіріскенге дейін оған тиесілі болған ежелгі, көне құқық болып табылады. Сондықтанда, бөтеннің жерінде аң аулауға тыйым салынбады;

  • жау қолынан алынған әскери олжа. Бұған қатысты Гай Институцияларында (2.69) келесідей сөздер берілген: «Жау қолынан түсіргендеріміздің бізге тиесілі болуы, табиғи құбылыс», (4.16) «Жау қолынан түсірген заттарымыз біздің ең даусыз меншігіміз болып есептеледі».

  • теңізде қалыптасқан арал және теңіздің жағалауға шығарған заттары. Мысалы, Дигестыда келесідей сөздер кездеседі (D.1.8.3): «Теңіз жағалауынан табылған тастар, қабықшалар (раковины) және өзге де заттар табиғи құқыққа сәйкес оны тапқан тұлғаның меншігіне айналады».

  • бұрынғы меншік иесі бас тартқан заттар (res derelicta). Бұған қатысты Юстиниан Институцияларында келесідей сөздер берілген (2.1.47): «Өтіп бара жатқан арбадан құлап, меншік иесі оның құлағанын байқамай қалған заттар «бас тартылған» заттар ретінде қарастырылмайды».

Қақпан қолданып, аң аулаған узуфруктуарий жайлы казус

Гай узуфрукт құқығы негізінде өзі қолданатын жерге қақпан қояды. Ал, аталған жердің меншік иесі Тиций еді. Сонымен, қақпанға қабан түседі. Мұны көрген Тиций, оны босатып жібереді және қашып ұзай берген қабанды Тицийдің құлы Стих найзамен ұрып, ұстап алады.

Трифонин D.7.1.62.;

Прокул, D.41.1.55; I.Inst. 2.1.12-13

Сұрақтар

- Осы тұста, узуфруктты иеленушінің бөтеннің жерінде аң аулау құқығының бар не жоқтығы туралы білгендігі жайлы сұрақ туындайды;

- Меншік иесі болып табылатын Тиций өзінің жеріндегі қабанды босата алатындығын жариялайды;

- Гайдың пайымдауынша, қабан қойылған қақпанға түскен екен, демек, ол аңшылық құқығы және узуфрукт құқығы бойынша тиесілі болады;

- Тиций құлының дәл сол өзі босатқан қабанды өлтіргенін жоққа шығарады.

Жауаптары

Трифонин: Өзінің иелігіндегі орман-тауларда узуфрукт иеленушінің аң аулай алатындығы жайлы дұрыс айтылуда; өзі аулаған қабан немесе бұғыны ол, меншік иесі ретінде емес, (цивильдік) құқық не халықтар құқығына орай өнімдер ретінде өз меншігіне айналдырады. Аулау арқылы алынған құстар мен жануарлар узуфрукт иеленушіге тиесілі болады.

Ульпиан (D.7.1.9.5.1): Егер, жер бөлігінде бал аралары болса, онда узуфрукт оларға да қатысты бекітіледі.

Юлиан (D.22.1.26): Жердің өнімдері тек аңшылықтан құралған реттерді қоспағанда, ол аңшылықтың жер бөлігінің өнімдері болып табылатындығын жоққа шығарды.

Прокул, D.41.1.55; I.Inst.2.1.12-13: «Гайдың аң аулау мақсатында құрған тұзағына қабан түседі; тұзаққа түскен қабанды көрген мен (Тиций) оны босатып жібердім. Бұл әрекетім сенің қабаныңды тартып алғаным сияқты қабылдануы керек пе? Егер, сен оны өзіңдікі деп ойласаң, онда мен оны босатып, орманға жіберген кезде ол сенікі болуын тоқтатады ма әлде, сенің иелігіңде болуын жалғастырады ма? Сондай-ақ, мынадай сауал қойылуда: егер, аң сенікі болуын тоқтатса, онда қандай талап-арыз қоя аласың?». Біз аңның қай жерде құрылған тұзаққа яғни, қоғамдық жердегіге не жеке жердегіге түскендігінің арасында айырмашылықтың бар-жоғын анықтап алуымыз қажет; егер, тұзақ жеке тұлғаға тиесілі жерге қойылса, онда мұның сенің не өзгенің жерінде орын алғандығын анықтау қажет; егер, бөтеннің жерінде қойылса, онда рұқсатының бар-жоқтығын білу керек; сондай-ақ, қабанның өзі босатылып, шыға алмайтындай оралғаны немесе белгілі-бір күш салса, шыға алатындай етіліп оратылған ба екендігін анықтау қажет. Сонымен, менің пайымдауынша, егер аң менің билігіме түссе, онда ол менің меншігіме айналады, алайда, егер менікі болған қабанды сен табиғи бостандыққа жіберіп, ол менікі болуын тоқтатса, онда маған in factum талап-арызын қою құқығы ұсынылуы тиіс. Бұл жоғарыда аталып өткен, өзге тұлғаға тиесілі болған ыдысты кемеден лақтырып тастаған оқиғаға ұқсас.

Гай, D.41.1.1: Жерде, теңізде немесе әуеде ұсталынуы мұмкін жануарлардың, құстардың және балықтардың барлығы яғни, жабайы болып табылатын жануарлар, құстар және балықтар ұстаған тұлғаның меншігіне айналады.

Ульпиан, D.9.1.1.10: Аң (аю) қолдан шығып, қашқан сәтте жануарға қатысты меншік құқығы тоқтатылады. Міне осылайша, егер оны мен өлтіретін болсам, онда ол менікі болады.

Ульпиан, D.47.10.13.7: Ешкім маған балық ұстауға, сондай-ақ аң аулауға тыйым сала алмайды. Өйткені, ауа сияқты теңіз және оның жағалауы біздің ортақ меншігіміз болып табылады және бөтеннің алқабына килігуге, кіруге кімге болса да тыйым салынады.

Бұғыны алғаш жаралаған аңшы жөніндегі казус

«Аң аулап жүрген Гай бұғыға байқатпай жақындап келеді және оны садақпен атып жаралайды. Алайда, бұғы қалың ну ағаштың арасына кіріп, көзден таса болады. Жараланған бұғыны Тиций байқап, оны өлтіреді және өз меншігі деп жариялайды».

Гай, D.41.1.5.1;

I.Inst.2.1.12-16

Сұрақтар

Осы тұста, алғашқы жаралап, ізіне түскен аңшы мен кейінгі ұстаған аңшының арасында дау туындауы мүмкін. Мұның келесідей шешімдері болуы мүмкін:

а) Ізіне түсуін тоқтатқанша, жараланған аң оны жаралаған аңшыға тиесілі болады.

b) Оккупация құқығына орай аң, оны іс жүзінде ұстаған тұлғаға тиесілі болады.

Жауаптары

Требаций: Ол бірден (жаралаған сәттен) біздікі болады және біз оның (жараланған аңның) ізіне түсіп, ұстау талпынысын тоқтатқанша, ол біздікі болып есептеледі. Егер, біз ізіне түсіп, ұстау талпынысын тоқтатсақ, онда ол кейінгі тұлғаның меншігіне айналады; міне осылайша, жараланған аңның ізін кесіп, ұстау талпынысында жүрген кезімізде оны бөтен біреу ұстап алса, онда мұны бейне бір біздің меншігімізді ұрлау әрекеті ретінде бағалауымыз қажет.

Гай: Заңгерлердің басым бөлігінің пікірі дұрысырақ болып табылады: аңды ұстаған сәтте ғана ол біздікіне айналады; ұстап алуға тосқауыл болатын әралуан мән-жайлар туындауы мүмкін.

Қасқырлардан қойларды алып қалған көрші жөніндегі казус

Гай өз меншігіндегі бір қора қойларын қорғауды өзінің құлы әрі қойшысы Стихке тапсырады. Қойларға қасқыр шауып, Стихтан бірнешеуін тартып әкетеді. Көрші алқапты өңдеуші колон Тиций қасқырларға өзінің қойларын күзетіп жүрген төбет иттерін салып, қойларды қасқырлардан алып қалады. Гай өзінің қойшысы бағып жүрген қойларын кері талап етті және осы себепті, Помпонийға келесідей сауалмен жүгінді: қасқырлардан тартып алынған қойлар колонның меншігі болып табылады ма немесе аң аулау барысында түскен зат іспетінде олар Гайға тиесілі болып қала береді ме?

Помпоний Ульпианнан, D.41.1.44

Фактілер

1. Қасқырлар Стих бағып жүрген қойлардың бірнешеуін тартып алып кетеді.

2. Стих пен қойлар Гайдың жеке меншігі болып табылады.

3. Колон Тиций өзінің төбет иттерімен қасқырлардың ізіне түсіп, қойларды алып қалады.

4. Стих қойлардың өзіне қайтарылуын Тицийден талап етті.

5. Тиций аталған қойларды қасқырларды аулау кезінде алғандығын айтып, қарсылық білдірді.

Сұрақтар

Гай мен Тицийдің арасында қойларға қатысты меншік құқығы туралы дау туындады.

- Гай қойлардың өзіне тиесілі екендігін жеткізеді және мұны қасқырлардың өзінің құлы Стихтан тартып алып кеткендігімен негіздейді. Сондай-ақ, ол қойлардың үй жануарлары ретінде аң аулау объектісі ретінде бола алмайтындығын айтады.

- Бұған Тиций қарсылық білдіріп, қасқырлардың қойларды тартып алған сәтінен бастап Гайдың қойларға қатысты меншігінің тоқтатылғанын жеткізеді. Өзінің төбет иттерінің арқасында ол қасқырларды қуып жеткен және осы себепті, қасқырлар қойларды тастап қашуға мәжбүр болған. Сондықтанда, қойлар енді аң аулау құқығы негізінде тиесілі болады.

Жауаптар

Кв. Муций Сцевола: Тартып алып, ізін суытып үлгерген теңіз және жер жыртқыштарының алғандары біздің мүлкіміз болудан қалады; дәл осылайша, аңшылық кезінде ұсталған құстар немесе теңіз жануарлары өздерінің табиғи бостандығын қайта иеленгеннен кейін ешкімге тиесілі болмайды. Сондықтан, келесідей сұрақ туындайды: біздің торымыздан немесе алқабымыздан ұшып шығып, еркін қалықтап жүрген құстың біздің меншігіміз екендігін айтуға кімнің батылы жетер екен? Міне осылайша, қандай да бір аң екінші бір жабайы аңның аузынан құтылып шыққан ретте ол, алғаш ұстаған («оккупациялаған») тұлғаның меншігіне айналады. Дәл осылайша, егер біз ұстаған балық, қабан немесе құс жұлқынып, босап шығатын болса, онда ол оны бірінші ұстаған тұлғаның меншігіне өтеді.

Помпоний: Қойларды қожайнына қайтару мүмкіндігі болған ретте қойлардың біздікі (Гайдікі) болғаны дұрысырақ болған болар еді, деп пайымдаймын; ал құстарға, балықтарға және жабайы жануарларға келер болсақ, онда жазылғандарды әділетті санаймын.

Кв. Муций Сцевола: Бұл кеменің күйреуі барысында жоғалған мүлікке де қатысты болады; бұл заттар біздің меншігіміз болуын бір мезетте тоқтатпайды және оларды ұрлағандар жымқырылған мүлік құнының төрт еселенген мөлшерінде жауаптылыққа тартылсын.

Ульпиан: Шын мәнінде, қасқырлардың бізден алғанын қайтару мүмкіндігі сақталған ретте олар біздің меншігіміз болып қала береді. Ал, егер біздің меншігіміз болған болса, онда менің пайымдауымша, колонда оларды ұрлау ниетінің болмағанына қарамастан, бұл ұрлық туралы талап-арыздар саласына қатысты болады; мұндай ниетінің болған-болмағандығына қарамастан үй жануарларының қайтарылуын талап етушінің талабын орындаудан бас тартуы, олардың жымқырылғандығын және оларды өз меншігіне айналдырғысы келетіндігін білдіреді. Сондықтанда, ол ұрлық туралы және ұсыну туралы талап-арыз (exhibitoria) бойынша жауап беруі тиіс және егер, бұл қойлар сотта ұсынылатын болса, онда бұл қойларды талап етуге болады деп пайымдаймын.

Тибрға құлаған тастар жайлы казус

Гайға тиесілі кеменің суға батуы кезінде біршама тастар Тибр өзеніне батып кетеді. Арада біршама уақыт өткеннен соң оларды (Тиций) жоғары көтереді. Осы ретте, Помпоний мынадай сұрақ қояды: тастардың су астында жатқан уақытында оларға меншік құқығы сақталынады ма?

Ульпиан, 72 ed. D.41.2.13

Сұрақтар

- Гай тастарды қайтару ниетінен бас тартпайынша және оларға қатысты derelicto жасалынбайынша, тастарға деген меншік құқығы Гайға тиесілі болады.

- Тастардың res nullius, яғни ешкімге тиесілі болмауы себепті, Тицийдің пайымдауынша, өзен түбінен алынған тастар оккупация құқығына орай өзіне тиесілі болуы тиіс.

Жауаптар

Ульпиан: «Пайымдауымша, мен тастарға қатысты иелік етуді емес, меншік құқығын сақтап қаламын. Бұл жағдай, қашқын құл туралы казусқа ұқсамайды; өйткені, құлды ол бізді иеліктен айыра алмауы мақсатында иеленеміз; алайда, тастарға байланысты оқиға – мүлдем басқа жағдай.

2) Көмбе: Рим заңгері Павел көмбеге қатысты келесідей анықтама ұсынады: «көмбе дегеніміз бұл меншік иесін анықтау мүмкін болмайтын белгілі-бір мөлшердегі жасырылған заттар; көмбенің ешкімге тиесілі болмауы себепті көмбе оны тапқан тұлғаға тиесілі болады және егер, кімде-кім қандай да бір затты сараңдықпен, қауіппен немесе сенімді сақтау ниетімен жерге көметін болса, онда ол зат көмбе ретінде саналмайды және міне осылайша, ол ұрлықтың пәні бола алады». Бастапқыда көмбе қай жерден табылса, ол сол жердің меншік иесіне тиесілі болды. Кейіннен, император Адрианның рескрипті бойынша көмбеге меншік құқығы оны тапқан адаммен жер бөлігінің иесінің арасында теңдей бөлінетін болды.

Ұмытшақ жолаушы қалдырған көмбе туралы казус

Жолаушылап сапарға аттанғалы тұрған Гай, жақсырақ сақтау мақсатында мөр басылған сандыққа белгілі-бір мөлшердегі ақша сомасын салып, бөтеннің жер бөлігіне көміп кетеді. Қайта оралғаннан кейін ол, сандықтың нақты қай жерде екенін есіне түсіре алмайды. Осы ретте, ол иелік етуді тоқтатады ма? Өзінің жер бөлігіне Гайдың келуінің жиілеп кеткеніне таң қалған жердің иесі Тицийдің ұлы Виниций, Гайды әкесінің жерінен күштеп шығарып жібереді және кейіннен, қазба жұмыстарын мұқият ұйымдастырып, сандықты тауып алады және оны өзінің әкесіне ұсынады.

Папиниан, D.41.2.44

Сұрақтар

- Бұл жердегі мәселе көмбе жайлы болуда ма?

- Көмілген сандыққа қатысты Гайдың иелігі қай сәтте тоқтатылады?

- Виницийді көмбені тапқан адам ретінде есептеуге болады ма?

Жауаптар

Павел, D.41.1.31.1: Көмбе дегеніміз бұл меншік иесін анықтау мүмкін болмайтын белгілі-бір мөлшердегі жасырылған заттар; көмбенің ешкімге тиесілі болмауы себепті көмбе оны тапқан тұлғаға тиесілі болады және егер, кімде-кім қандай да бір затты сараңдықпен, қауіппен немесе сенімді сақтау ниетімен жерге көметін болса, онда ол зат көмбе ретінде саналмайды және міне осылайша, ол ұрлықтың пәні бола алады.

Трифонин, D.41.1.63: Егер, қандай да бір тұлға өзге бір тұлғаның билігіне тәуелді болса, онда жерді иеленетін тұлғаның назарын аударған жөн; міне осылайша, егер көмбе бөтеннің жерінен табылса, онда оны тапқан адам оның тек, бір бөлігін ғана алады, алайда, көмбе оны тапқан адамның әкесіне немесе қожайнына тиесілі жерден табылса, онда соңғысы көмбені жәуліктей өз меншігіне алады; егер, бұл бөтеннің жерінде орын алса, онда тек жартысын ғана алады.

Лабеон Помпонийдан, D.10.4.15: Маған тиесілі көмбе сенің жер бөлігіңде көмілген және сен маған оны қазып алуға рұқсат етпей отырсың. Лабеонның айтуынша, сен оны орнынан қозғалтқанша, мен не ұрлық туралы не оны ұсыну туралы талап қоя алмаймын. Өйткені, сен оны иеленбейсің және иеленуді қиянат жасау мақсатында тоқтатқан жоқсың. Тіпті, өзіңе тиесілі жер бөлігінде көмбенің барлығын білмеуіңде мүмкін. Алайда, егер мен мұның қандай да бір ойын мақсатында еместігі жайлы ант беріп, (сенің жер бөлігіңде) жасалынатын жұмыстардан келуі мүмкін залалды өтеуге саған алдын-ала кепілдік ұсыну арқылы сенің тарапыңнан болуы мүмкін тосқауылдардан сескенбей, бұл көмбені қазып, алып кеткенім әділетті болар еді. Алайда, егер бұл көмбе ұрланған болса, онда ұрлық туралы талап қоюға болар еді.

Гайдың көмбесі

«Тицийға тиесілі жер бөлігінен Гай көмбе тауып алады, алайда, кейіннен оны қазып алуға қайта келгенде, Тиций оған қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат бермейді және өзінің жер бөлігінен қуып шығады. Бірнеше күн өткеннен кейін Тиций мен Семпронийдің ортақ меншігіндегі құл Стих аталған көмбені қазып алып, өзінің қожайындары Тиций мен Семпронийға береді».

Лабеон Помпонийдан, D.10.4.15;

Трифонин, D.41.1.63.2

Сұрақтар

Лабеон: Сен оны орнынан қозғалтқанша, мен не ұрлық туралы не оны ұсыну туралы талап қоя алмаймын. Өйткені, сен оны иеленбейсің және иеленуді қиянат жасау мақсатында тоқтатқан жоқсың. Тіпті, өзіңе тиесілі жер бөлігінде көмбенің барлығын білмеуіңде мүмкін. Алайда, егер мен мұның қандай да бір ойын мақсатында еместігі жайлы ант беріп, (сенің жер бөлігіңде) жасалынатын жұмыстардан келуі мүмкін залалды өтеуге саған алдын-ала кепілдік ұсыну арқылы сенің тарапыңнан болуы мүмкін тосқауылдардан сескенбей, бұл көмбені қазып, алып кеткенім әділетті болар еді. Алайда, егер бұл көмбе ұрланған болса, онда ұрлық туралы талап қоюға болады.

Трифонин: Егер, ортақ бірлескен меншіктегі құл өзінің қожайындарының бірінің жерінен көмбені тауып алса, онда көмбенің осы қожайынға тиесілігі еш күмән тудырмайды. Алайда, бұдан өзге меншік иесіне қандай бір бөлік берілуі қажеттігін не қажет еместігін анықтаған жөн және бұл жағдай, меншік иелердің бірінің келісімімен ғана құлдың стипуляция жасауы немесе қожайындарының бірінің пайдасына ғана traditio арқылы қандай да бір мүлікті алу жағдайына ұқсас емес пе?

3) Өңдеу8: егер, қандай да бір тұлға өзіне тиесілі емес материалдардан жаңа бір зат дайындап шығатын болса, онда ол өңдеу деп аталды. Мысалы, өзге тұлғаға тиесілі мыс, алтын және күмістен қолөнер шебері ваза жасап шығарса не өзгенің ағашынан орындық жасайтын болса не бөтен бір тұлғаға тиесілі материалдан киім тігілетін болса және т.б. Сабиниандықтардың пайымдауынша, жаңа затқа меншік құқығы материалдың иесіне тиесілі болуы тиіс9. Ал, прокулиандықтардың пайымдауынша, затқа меншік құқығы оны дайындаған тұлғаға тиесілі болуы тиіс болды. Ал, осы екі көзқарас ортасында келесідей пікір болды яғни, егер, затты бастапқы қалпына қайтару мүмкін болса, онда ол затқа меншік құқығы материалдардың иесіне тиесілі болды. Ал, егер бастапқы қалпына қайтару мүмкін болмаса, онда оны дайындаған тұлғаға тиесілі болды.

4) Иелену көнелігі10: Рим заңгері Ульпиан аталған ұғымға келесідей анықтама ұсынады: «Иелену көнелігі (usucapio) бұл, бір немесе екі жыл шегінде жалғасқан иеленуге орай меншік құқығын алу әдісі болып табылады: жылжымалы затқа бір жыл ал, жылжымайтын зат үшін екі жыл». Сондай-ақ, Модестин де келесідей анықтаманы ұсынады (D.41.3.3): «Usucapio – бұл, үзіліссіз иелену арқылы заңда бекітілген мерзімнің өтуіне орай затқа меншік құқығының алынуы болып табылады». Осы ретте, иелену көнелігі механизмі келесідей ұзақ та күрделі дамуы жолынан өтті: 1) ХІІ кесте заңдарында бекітілген иелену көнелігінің бастапқы режимі; 2) Классикалық кезеңдегі құқық жүйесіндегі реформалар; 3) Иелену мерзімінің ұзақтығы туралы ереже; 4) Классикалық кезеңнен кейінгі және Юстиниан дәуіріндегі құқықта бекітілген режим.

Атап айтқанда, иелену көнелігіне қатысты ХІІ кесте заңдарында бекітілген ережелерге орай келесідей заттарды иелену көнелігі бойынша алуға тыйым салынды11:

- ұрланған заттар (res furtivae); Гайдың еңбектерінде (2.45; 2.49), ұрланған заттарды иелену көнелігі бойынша алуға ХІІ кесте заңдарының тыйым салғандығы жеткізілген.

- әйел адамның өзінің қорғаншысының келісімінсіз иеліктен шығарған заттары;

- ауылдық жер бөліктерін ажыратып тұрған аралық шекаралар.

Иелену көнелігі арқылы алынбайтын заттардың санатына классикалық кезеңде күш көрсету арқылы алынған қозғалмайтын мүліктер де енгізілді12. Бұл кезеңде, иелену көнелігі «егер, затты беруші тұлғаны біз заттың қожайыны ретінде санап, затты алған болсақ, онда аталған заттардың res mancipi немесе res nec mancipi тиесілігіне қарамастан меншік иесі емес тұлға берген» заттарға да қолданылды (Гай, 2.43).

Юстиниан дәуірінде иелену көнелігіне қатысты ережелер екі бағытта дамытылды: бір тараптан, ол классикалық нормаларды жинақтап, олардың қолданысын оңайлатты; басқа тараптан, ол заңнаманы дамытудың классикалық кезеңнен кейінгі заңгерлер салған бағытын жалғастырды және usucapio мен praescriptio13 жүйелерін бірыңғайластырды. Сондай-ақ, Юстиниан Институцияларында (2.6 pr.) иелену көнелігіне байланысты бұрынғы мерзімдерді бекіту кезінде ертедегі заңгерлердің меншік иесін өз затын қайтару туралы талапты тезірек қоюға ынталандыруға талпынғандығы айтылады. «Алайда, бізге меншік иесінің мүлкін осындай тез айырылмауы және бұл жеңілдіктің қандай да бір жергілікті өңірмен шектелмеуі жақсырақ сияқты көрінді». Сондықтанда, қозғалатын заттар үшін иелену көнелігінің мерзімі үш жылға дейін ұлғайтылса, ал, жылжымайтын заттарға 10 немесе 20 жылға дейін ұзартылды.

Ұрланған сиырдың бұзауына қатысты иелену көнелілігі туралы казус

«Гайға тиесілі сиырды Тиций ұрлап кетеді және сиыр Тицийдің иелігінде болған уақытта бұзаулы болатындығы белгілі болады. Кейіннен, Тиций сиырдың ұрланғандығы жөнінде хабарсыз Семпронийға аталған сиырды сатады. Сиыр Семпронийдің иелігінде болған уақытта бұзаулап, Семпроний оның сүтін пайдаланады және кейіннен, бұзауын Каликстқа сатады. Тиций қайтыс болғаннан кейін оның мұрагері Кассий, Семпронийға сатылған сиыр үшін ақыны Гайға төлеуден бас тартады. Семпроний сотта өзінің иелену көнелігіне орай сиырдың және оның бұзауының меншік иесі болатындығын айтады».

Ульпиан, 16 ed. D.41.3.10.2;

Ульпиан 16 ed. D.6.2.11.2

Сұрақтары

- ХІІ кесте заңдары және Атиния заңы ұрланған заттарды (res furtivae) иелену көнелігі бойынша алуға тыйым салады.

- Мынадай сауал туындайды: ұрының қолында болған кезде сиыр бұзау көтеріп, оны кейіннен адал иеленушінің қолына өткен кезде бұзауласа, ол бұзау res furtiva ретінде саналады ма?

- Адал иеленуші заттың өнімдерін өз меншігіне айналдыра алады.

Жауаптары

Марцелл: Ұрының мұрагері бұзауды иелену көнелігі бойынша ала алмайды.

Ульпиан: Иеленуінде ақау бар затты мұраға алып отырғандықтан, ұрының мұрагері мұндай талап қоя алмайды.

Павел, 54 ed. D.41.3.4.9: Ұрының қолында болған кезде қысқартылған, ұрланған қойлардың жүніне қатысты иелену көнелігі қарастырылмаған. Керісінше, егер қойлар адал иеленушінің қолында болған болса, онда олардың жүні өнім болып есептеледі және usucapio қажет етпестен дереу сатып алушының иелігіне өтеді. Егер, олар тұтынылып кетсе, онда осы ереже «сол қойлар» әкелген қозыларға да қатысты болады. Бұл дұрыс шешім.

Ульпиан, 42 Sab. D.47.2.48.6: олардың өнім болуы себепті, ұрланған биелердің құлындары адал иеленушіге тиесілі болады; алайда, күңнің балалары өнім болып табылмайды.

Күңнің баласының өнім болып табылмайтындығы жайлы казус

«Бас бостандығына айырбас ретінде Стих атты құл өзі ұрлаған күңді өзінің қожайыны Семпронийға береді. Ол күң Гайдың меншігі болатын, алайда, оны узуфруктуар ретінде Тиций иеленетін. Күң Стихтан жүкті болып, кейіннен Семпронийға сатылған кезде босанады. Осы тұста, узуфруктуар Тиций және күңнің меншік иесі Гай күңді және оның баласын қайтару туралы талап-арыз қояды және иелену көнелігі үшін қарастырылған бір жылдық мерзімнің өтпегендігін қоса жариялайды».

Юлиан, D.41.4.10;

Ульпиан, D.7.1.68

Сұрақтар

- Күңнің ұрлануы және құлдың қожайнының мүліктік жауапкершілігі.

- Күңге қатысты меншік және узуфрукт құқықтары.

- Күңнің баласы өнім болып табылмайды.

- Құлдың ұрпақтарына қатысты usucapio жүзеге асыру үшін баланың бойға біткен, дүниеге келген мерзімдерін және иелену көнелігі үшін қарастырылған бір жылдық мерзім ескерілуі тиіс.

Юлиан, D.41.4.10: Қандай да бір құл өзі ұрлаған және кейіннен жүкті болған күңді өзінің бас бостандығына айырбас ретінде ұсынады. Осы тұста, мынадай сұрақ қойылады: құлдың қожайыны иелену көнелігіне орай баланы ала алады ма? Жауабы: балаға қатысты иелену көнелігін бұл қожайын сатып алушы сияқты пайдалана алады. Өйткені, ол күңді алу үшін айырбастауға белгілі-бір мүлікті шығындады және белгілі деңгейде құл мен оның арасында сату туралы шарт жасалынды.

Юлиан, D.41.3.33: Тек адал иеленушілер ғана емес, сонымен бірге, иелену көнелігі бойынша қандай да бір затты осы негізде иеленушілер де ұрланған күңнің баласын осылай ала алады. Менің пайымдауымша, бұл заңды болып табылады. Өйткені, егер бұған ХІІ кесте заңдары мен «ұрланған заттарды иелену көнелігі бойынша алуға тыйым салатын» Атиния заңы тосқауыл болмаса, онда иелену көнелігі арқылы күңді алуға болатынындай баланы да алуға жол берілуі қажет; мұндай күң, баланың анасының ұрланғандығы жайлы хабарсыз иеленушінің билігінде болған кезде жүкті болып, босанған әрбір ретте жарамды болады.

Егер, затқа қатысты қандай да бір тұлғаның меншік құқығы болған болса, онда келесі тұлғалардың ол затқа қатысты меншік құқығы туынды әдістерге сәйкес пайда болуы мүмкін. Туынды әдістердің келесідей түрлерін атауға болады14: 1) затты беру; 2) легат.

Рим жеке құқығында талап-арыздың 70 жуық түрлері болса, осылардың 40 астамы аса маңызды жекелеген талап-арыздар болып табылды15. Ал, меншік құқығын қорғау келесідей талаптар қою арқылы жүзеге асуы мүмкін болды16:

1) виндикациялық талап;

2) негаторлық талап.

Меншік иесінің өзінің еркінен тыс шыққан заттарын қайтаруға бағытталған іс-қимылдары виндикациялық талаптың мазмұнын құрайды. Бұл ретте, меншік иесі келесі ережені басшылыққа алады: «Маған тиесілі затты қай жерден тапсам, сол жерден кері қайтаруды талап ете аламын». Бастапқыда, виндикация шексіз сипатта болды. Дегенмен, кейіннен оған адал иеленушінің мүдделерін қорғау мақсатында бірқатар шектеулер қойылды. Сонымен, талап-арыздың бұл түрінің тараптары ретінде келесілер танылды: затты нақты иеленбейтін меншік иесі – талап қоюшы болып табылды; ал, затты нақты иеленуші тұлға – жауапкер ретінде қарастырылды. Кейбір жағдайларда, тіпті затты иеленбейтін тұлғаларды да жауапкер ретінде есептеп, осы талапты ұсыну мүмкіндігі қарастырылды. Атап айтқанда, затты иеленетін тұлға виндикациялық талаптың қойылатынынан хабардар болып, затты қасақана өзінің иелігінен шығарған жағдайларда осы тұлғаға виндикациялық талап қойылуы мүмкін еді. Жалпылай алғанда, «затты қайтара алатын» кез-келген тұлға жауапкер ретінде қарастырылуы мүмкін болды17.

Талап қоюшыға виндикациялық талапты қою кезінде өзінің меншік құқығын дәлелдеу міндеті жүктелінді. Егер, істі талап қоюшы жеңіп шыққан ретте сот затты талап қоюшыға берді. Иелікті қалпына келтіру барысында мынадай үш мәселеге назар аударылатын:

а) заттың өнімдері мен құрамдас бөліктері;

ә) иеленушінің шығарған шығыстары;

б) затқа келтірілген залалдар.

Бұлардың мазмұнынан иеленушінің адал не адал еместігі жөніндегі соттың шешімі ықпал етті.

Адал иеленушінің келесідей жауаптылығы болады: - талап қойылған сәттен заттың жағдайына жауап береді; - өнімдерін өтемейді; - меншік иесі иеленушіге затқа байланысты барлық қажетті немесе пайдалы шығыстарын өтейді (сақтауға, жөндеуге байланысты және т.б); -

Адам емес иеленушінің келесідей жауаптылығы болады: - тіпті, жеңіл немқұрайлылығын қоса алғанда, талап қойылғанға дейінгі заттың жойылғанына толықтай жауап береді; - талап қойылғаннан кейін заттың жойылғанына кінәсі болмасада толықтай жауап береді;

ІІІ. Римде өзінің мүлкіне және өзгенің де мүлкіне белгілі-бір құқықтар болуы мүмкін болды. Демек, зат белгілі-бір тұлғаға тиесілі болғанымен, аталған затқа қатысты өзге тұлғаның да бірқатар құқықтары қарастырылатын болды. Меншік құқығы өзіне толықтай тиесілі затқа қатысты туындайтын болса, бұл құқықтар өзгенің мүлкіне қатысты туындады. Сондықтан, бөтеннің мүлкіне құқықты иеленушілер аталған мүлікке толықтай билік ету құқығын иеленбейтін еді.

Бөтеннің мүлкіне құқықтардың келесідей түрлері болды: 1) сервитуттар: жеке және заттық; 2) суперфиций; 3) эмфитевзис; 4) кепіл18.

Сервитут: белгілі-бір тұлғаға (мысалы, көрші жатқан жер бөлігінің иесіне) өзінің меншігінің кемшіл тұсын толықтыру мақсатында өзгенің меншігін шектеулі пайдалану құқығын (су алу үшін бөтеннің жері арқылы барып-келу) ұсынатын бөтеннің мүлкіне деген заттық құқық болып табылады. Сервитут термині, “servitus” сөзінен шыққан және «заттың құлдығы» мағынасын білдіретін. Гай (2.14) сервитуттарды res incorporales санатына жатқызады.

Сервитут туралы принциптер мен ережелер ретінде келесілерді атауға болады:

1) өзінің затына қатысты сервитутты бекітуге қойылатын шектеу: «nemini res sua servit» - «ешкімге өзінің заты қызмет етпейді» (D.8.2.26). Егер, екі жер бөлігінің де иесі бір тұлға болатын болса, онда сервитут тоқтатылады;

2) сервитут қандай да бір әрекетті білдірмейді: «servitus in faciendo consistere nequit» - «сервитут қандай да бір орындауды көздемейді» (D. 8.1.15.1) яғни, сервитутты иеленушінің пайдасына меншік иесінің қандай да бір әрекетті орындау міндеттемесі қарастырылмайды. Бұл ережені интерпретаторлар Помпонийдің «Сабинге» деген шығармасынан алған: «Сервитут табиғаты біреудің қандай да бір әрекетті жасауында емес.... керісінше, тұлғаның белгілі-бір затқа жол беріп немесе белгілі-бір затты жасамауында болып табылады»;

3) сервитуттың тұрақтылығы: Мысалы, Дигестыда «сервитут тұрақты болуы тиіс» делінген мағынадағы сөйлемдер кездеседі (D.8.2.28). Сондай-ақ, Дигестыда Павелдің мынадай бір сөзі келтіріледі: «Егер, жер бөлігіне екінші бір жер бөлігінің пайдасына сервитут бекітілген болса, онда сервитуттар жер бөліктері сатылғаннан кейін де сақталынады» (D.8.4.12). Тек, сервитут жер бөлігіне пайдалы болуы тиіс;

4) екі жылжымайтын мүлік объектісінің жақын орналасуы; - сервитуттың бөлінбейтіндігі.

Заттық сервитуттар әдетте, жерге байланысты болуы себепті жер сервитуттары деп аталынды. Ауылдық жер сервитуттары: Сервитуттың бұл түріне қатысты Ульпиан келесідей анықтаманы ұсынады: «Ауылдық жер сервитуттарының мәні мынада: жеке тұлғалардың өтуі, малдарды не жүктерді алып өту, жолаушының өтуі, суды тарту. Суды пайдалануды, малдарды суатқа айдап өтуді, өріске жаюды, құм қазуды ауылдық сервитутқа жатқызған жөн». Бұл сервитуттарды келесідей жіктеуге болады: - жүріп өту сервитуты: 1) жаяу, атпен жүру немесе зембілге салып өту; 2) малдарды айдап өту: малдарды немесе арбаларды айдап өту; 3) жол: кез-келген қозғалыс құралының көмегімен жүріп өтілуі мүмкін. 12 кесте Заңына сәйкес тіке кеткен тұстарында жолдың көлемі 8 фут, ал, бұрылыс тұстарында 16 фут болуы тиіс; - су құқығы: 1) суды тарту: бөтеннің жер бөлігінің үстінен суды тарту; 2) суды алу; Ульпиан еңбектерінде келесідей сөздер кездеседі: «Судың бастау алатын жері бұлақ деп аталынады;»; - малдарды өріске жаю не суару құқығы; - саз балшықты не құмды қазу құқығы.

Көршілес жатқан үш жер алқабы арқылы өтетін су құбыры жайлы казус

«Үш меншік иесіне (Тиций, Гай, Семпроний) тиесілі бір-бірімен қатарласа орналасқан үш жер бөлігі болды. Төменгі жер бөлігінің иесі (Семпроний) жоғарғы жер бөлігінен (А) су сервитутын өтінеді және (суды) көршілес жер алқабы (В) арқылы меншік иесінің келісімімен алып өтеді. Кейіннен, ол (Семпроний) жоғарғы жер бөлігін (А) сатып алады және кейін су тартылған төменгі (С) жер бөлігін (Марийге) сатады. Осы тұста мынадай сауал қойылады: өзінің пайдасына сервитут ауыртпалығының жүктелінбейтіндігі себепті, төменгі (С) жер алқабы осы су құқығын жоғалтты ма? Өйткені, екі жер алқабы да жоғарыдағы жағдайда бір қожайынның меншігіне өткен еді».

Юлиан, D.8.3.31

А В С

1 – Тиций - Гай - Семпроний

2 – Семпроний - Гай - Семпроний

3 – Семпроний - Гай - Марий

Жауаптары

Миниций немесе Юлиан: Сервитуттың жойылғандығын мен жоққа шығарамын. Өйткені, су тартылатын жер алқабы бөтен адамға тиесілі және жоғарыдағы жер алқабынан төменгі жер алқабына су тарту үшін ол ортаңғы жер бөлігінен өтуі тиіс болды. Міне осылайша, осы жер бөлігіне бекітілген бұл сервитутты тек, ортаңғы жер бөлігі арқылы су өткізбеген ретте немесе үш жер бөлігі бірмезетте бір меншік иесіне тиесілі болған реттерде тоқтатуға болады.

Помпоний, D.8.3.20.2-3: Егер, бұл Сейдің алқабының жанындағы су көзі болса және мен Сейдің алқабы арқылы одан тартсам және кейіннен, Сейдің алқабы менікі болған ретте де сервитут сақталынады. Суды пайдалану құқығы бұл, адамның емес, алқаптың құқығы.

Ульпиан, D.8.3.18: (Әралуан жер алқаптары арқылы өтетін және осылардың бірінде қолданылмайтын жолға қатысты) сервитут не толықтай тоқтатылады не толықтай сақталынады; сонымен, егер мен жер алқаптарының бірде-бірін қолданбайтын болсам, онда сервитут толықтай жойылады, ал, егер кемінде біреуін қолданатын болсам, онда сервитут сақталынады.

Құрғап қалған бұлақ жөніндегі рескрипт туралы казус

«Статилий Тавр және өзге де тұлғалар Цезарға келесідей сауалмен жүгінді: біз су тартқан Сутрин алқабындағы бұлақ құрғап қалды; алайда, (қолданбау нәтижесінде сервитуттың жойылатындығы туралы) бекітілген мерзім өткеннен кейін су қайта аға бастады. Осы тұста, келесідей сауал қойылады: біз суды тарту құқығын жоғалттық па?»

Папиниан, D.8.3.34.1;

Павел, D.8.3.35

Жауабы

Рескрипт: Сутрин бұлағынан су тартқан және оны пайдалануды әдетке айналдырған тұлғалар маған жүгініп, бұлақ суының тартылып қалуы себепті, өздерінің Сутрин бұлағының суын қатарынан бірнеше жыл қолданғандай қолдана алмай қалғандықтарын білдірді; алайда, арада біршама уақыт өткеннен кейін бұлақтан су қайта аға бастады және олар маған жүгініп, өздерінің кінәсінен не немқұрайлығы себепті емес, судың жоғалуымен тоқтатылған өздерінің құқықтарын қалпына келтіруді өтінді. Мен олардың талаптарын заңды деп таптым және оларды қорғауға тиіспін деген байлам жасадым және сондай-ақ, судың ақпауы себепті тоқтатылған олардың құқықтарын қалпына келтіруді жөн деп шештім.

Суды іздестіру сервитуты жөніндегі казус

«Көршісіне тиесілі жер бөлігінен суды іздестіретіндігі және егер, оны тапқан ретте жер бөлігі арқылы саз құбыр жүргізуге кедергі келтірмейтіндігі жайлы көршісімен Гайдың арасында шарт жасалынады. Жұмыстар жүргізіліп, Гай суды тапқаннан кейін Тиций оған құдық қазуға тыйым салады және мұны су ақпайынша сервитут ұсына алмайтындығымен негіздейді».

Помпоний, D.8.3.15;

Лабеон, D.8.5.21;

Павел, D.8.3.10

Сұрақтары

Мынадай сұрақ талқылануда: Су табылғанға дейін оны іздестіру құқығын ұсынуға болады ма?

Екінші сұрақ: үстемдік етуші жер бөлігінің меншік иесі суды алудың тұрақты немесе уақытша сервитут құқығымен суды тарту үшін құбыр жүргізе алады ма?

Жауаптары

Квинт Муций Сцевола: Егер, бөтеннің жер бөлігі арқылы суды тарту құқығы қолданыста болса ... онда қандай түрде болғанына қарамастан өзінің құбырын тартқаны заңды болып табылады; кез-келген су құбырын тарту заңды болып табылады; алайда, аталған сервитутқа басқа ешбір ауыртпалық түсірмеу қажет.

Лабеон: Суды алу немесе оны тарту сервитутын бекітуге су ақпайынша жол берілмейді. Суды іздестіру және оған құбыр тарту рұқсат етілетін сервитуттың бекітілуі мүмкін.

Павел: Керісінше, бұл (алғашқы пікір) жаңсақ болып табылады; өйткені, суды іздестіру құқығын және табылған суды (өзінің жер бөлігіне) тарту құқығын ұсынуға болады.

Қалалық жер сервитуттары

Сервитуттың бұл түріне қатысты Гай келесідей анықтаманы ұсынады: «Қалалық жер бөліктеріне қатысты құқықтың мәні келесіде болып табылады: белгілі-бір биіктіктен асыра құрылыс салу немесе салмау және көршісіне түсетін жарықты көлеңкелеу, сондай-ақ, жаңбыр суын көршісінің шатырына немесе ауласына бағыттау не бағыттамау, сонымен бірге, көрші үйдің қабырғасына белгілі-бір заттарды тіреу не балконды немесе шатырды көршісінің жер бөлігіне шығарып қою және тағы да басқа осы сындылар» (D.8.2.2).

Сонымен, қалалық сервитуттар келесідей түрлерге жіктелінеді:

- су жиналу сервитуттары

Көршілес үйді ұстап тұрған колонна жөніндегі казус

Гай, Тицийға тиесілі көршілес үйдің басты конструкцияларын қалыпты жағдайда ұстап тұру сервитуты жүктелген үйдің меншік иесі болып табылады. Тицийға тиесілі үйдің басты құрлымдарын ұстап тұру үшін тастан колонна құрылған. Уақыт өте келе, колоннаның тозығы жетті және Тиций Гайдан оны жаңалауын талап етті.

Павел, D.8.2.33

Сұрақтары

- «Сервитут қандай да бір іс-қимыл жасауға міндеттемейді» ережесіне сәйкес қызмет етуші жер бөлігінің меншік иесі колоннаны жөндеуге міндетті емес; ол тек, үстемдік етуші жер бөлігінің меншік иесіне колоннаны жөндеуге немесе алмастыруға рұқсат етеді.

- Көршілес ғимараттың конструкцияларын тығыз орналастыру міндеттілігіне қатысты сервитут туралы Аквили Галл және Сервий Сульпиций Руф сынды заңгерлердің арасында теориялық пікірталастар жүрген болатын және кейіннен, бұған Лабеонда қосылған еді.

Жауаптары

Алфен, Павел, D.8.2.33: Құрлысты ұстап тұратын колоннаға жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті бұған (жүктерін) сүйеуді қалайтын тұлғаға емес, сервитут ауыртпалығы бекітілген ғимараттың меншік иесіне жүктелуі қажет; өйткені, ғимаратқа қатысты сервитут туралы тармақта былай делінеді: «басты конструкцияларды ұстап тұратын қабырға сол қалпында сақталынсын» яғни, қабырғаның мұнда әрдайым болу керектігі айқын айтылған. Сонымен, бұл сөйлемдерде қабырғаның сол қалпында өзгеріссіз сақталынуы айтылмаған, алайда, ауырлықты ұстап тұратын осы сынды қабырғаның әрдайым тұру міндеттілігі бекітілген. Дәл осылайша, егер бір тұлға өзге бір тұлғаның құрлысын ұстап тұру сервитутына кепілдік берген болса, онда сервитут бекітілген зат бүлінген немесе жойылған ретте оның орнына оған ұқсас өзге бір зат қойылуы қажет.

Аквилий Галл; Ульпиан, D.8.5.6.2: Сондай-ақ біз, үйіміздің бір бөлігін ұстап тұрған көршілес үйге бекітілген сервитут туралы талап-арыз қоюға құқықты иеленеміз; осы ретте, көршіміз біздің ғимаратты ұстап тұруға, сондай-ақ сервитутты бекіту барысында көрсетілген шектерде (біздің үйімізді ұстап тұрған бөлігін) жөндеуге міндетті болады. Аквилий Галлдың пайымдауынша, ешкімнің қандай да бір тұлғаны белгілі-бір іс-қимылдар жасауға міндеттейтін сервитутты бекітуге құқығы жоқ: тек, менің әрекеттеріме тосқауыл қоюына тыйым салуға болады, өйткені, барлық сервитуттардың мәні сервитутты жүзеге асыруға байланысты заттарды жөндеу міндеті, қызмет етуші жер бөлігінің меншік иесіне емес, өзіне сервитут тиесілі деп жариялайтын тұлғаға жүктелуі тиістігін білдіреді; алайда, бұл жағдайда талап қоюшының құрлысын ұстап тұратын қабырғаға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қарсыласын мәжбүрлеу құқығы туралы білдірген Сервийдің пікірі басымдылыққа ие болды. Алайда, Лабеонның жазуынша, бұл сервитуттың ауыртпалығы адамға емес, затқа жүктеледі және меншік иесіне тіпті, затты тастап кетуіне рұқсат етіледі.

Терезеден қаралатын көрініске кедергі келтіруші ағаш жайлы казус

«Тицийға тиесілі ғимараттың пайдасына құрлысты ұлғайтуға тыйым салатын сервитут ауыртпалығы жүктелген үйдің меншік иесі Гай, өзінің үйінің жанына көршісіне түсетін көрініске тосқауыл болатын ағашты отырғызады. Арада екі жыл өтеді. Алайда, Тиций ешбір наразылық білдірмейді және осы себепті, Гай сервитуттың тоқтатылғаны туралы жариялап, қосымша тағы бір қабаттың құрлысын бастап жібереді».

Помпоний, D.8.2.7

Сұрақтар

- Тицийға тиесілі үйдің пайдасына ғимараттың биіктігін ұлғайтуға тыйым салатын сервитут бар; бұл сервитут ауыртпалығы Гайға тиесілі құрылысқа жүктелген.

- Usucapio libertatis (иелену көнелігіне орай сервитутты тоқтату) арқылы сервитутты тоқтатуға үміттеніп, Гай көрініске тосқауыл болатын ағаш отырғызады.

Бақылау сұрақтары:

1. Рим құқығындағы жеке меншікке қатысты «шексіз» сөзін қолдануға болады ма? Жалпылай алғанда, ондай меншік болды ма?

Неге жеке меншік құқығын «заттарды пайдалану және оларға билік етудің ең абсолютті құқығы» деп сипаттайды?

2. Н.Н. шеберге өзінің әйелінің суретін жасауға тапсырыс береді және тапсырысты орындау үшін шеберге мрамор ұсынады. Осы арада аталған шебер императордың кескіні бейнеленген суретті жасауға байланысты анағұрлым пайдалы тапсырыс алады. Қажетті материалдары болмағандықтан, шебер бірінші тапсырысшының материалдарын қолданады. Кейіннен, жұмыстың нәтижесін көрген бірінші тапсырысшы мұны қабылдауға және император кескіні бейнеленген суретке ақы төлеуге келісетіндігін білдіреді. Алайда, шебер бұған қарсылық білдіреді және тасты өңдеп бейнелеген шебердің аталған бұйымның меншік иесі ретінде танылуы тиіс екендігіне назар аударады. Ал, тапсырыс беруші меншік құқығының материалды ұсынған тұлғаға тиесілі болуы керектігін айтады және мұны материалсыз аталған бұйымның да болмайтындығымен негіздейді.

Римдік заңгерлер бұл дауды қалай шешкен? Бұл жөнінде сіз қандай пікірді ұстанасыз? Шеберге берілген материалдың мрамор емес, мыс, алтын, күміс болуы мүмкін екендігі жоғарыдағы дауды шешу үшін маңызды ма? Сипатталған бұл дау Юстиниан құқығында қалай шешілген?

3. Заңгер Яволен былай дейді (D.50.16.83): «Мүліктен біздің асыға күтетініміз оның кәдеге жарауы, пайдалылық қасиеті болғандықтан, тигізер пайдасына қарағанда зияны басымырақ заттар – мүлік емес».

Бұл байлам әділетті ме?

4. Көршісінің анағұрлым биігірек шатырынан өзінің жер бөлігіне ағатын жаңбыр суына Н.Н. шыдауға міндетті ме?