Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
zhuz_sheber_sony.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.6 Mб
Скачать

Оразбек Сәрсенбай (1938 жылы туған)

Қазақ прозасына еңбек сіңірген қаламгерлеріміздің бірі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2000). Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» (2000) және «Парасат» (2008) ордендерімен марапатталған. Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының Құрметті азаматы.

Қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың 60-шы жылдарында келіп қосылған пассионар ұрпақтың көрнекті өкілдерінің бірі Оразбек Сәрсенбай 1938 жылдың 20-тамызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының «Жаңа тұрмыс» ауылында дүниеге келген.

1945 жылдың күзінде ол осы ауданның «Жансейіт» бөлімшесінде ашылған бастауыш мектепке оқуға түседі. Одан соң «Ақтоған» жетіжылдық мектебін бітіріп, Шиелі ауданы орталығындағы № 45 қазақ орта мектебінде (қазіргі «Ақ орда» гимназиясы) оқуын жалғастырады. 1957-1962 жылдарда Алматыдағы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақ Мемлекеттік университеттің филология факультетінде оқыған.

Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, Шиелідегі М.В.Ломоносов атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасады. Ал 1966 жылы О.Сәрсенбай Алматыға, жастар газеті «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») шақырылып, мәдениет, одан соң әдебиет және өнер бөлімін меңгереді. Мұнан кейінгі істеген қызметтері – «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі (1968-1973), «Қазақ әдебиеті» газеті өнер бөлімінің меңгерушісі (1974-1982), Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, басқарма хатшысы (1982-1986), 1987-1993 жылдар аралығында «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Өнер» баспасының директоры (1993-1995), 1996 жылдан бері «Қайнар» баспасының директоры.

Оразбек Сәрсенбайдың шығармашылық өмірбаяны ауыл мектебінде, кейініректе университетте оқып жүрген шәкірттік кезеңнен басталады. Елуінші жылдардың екінші жартысынан бастап аудандық, облыстық газеттерде, республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде оның ең алғашқы өлеңдері мен қысқа әңгімелері жарияланады. Кезінде Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің мақұлдауымен «Лениншіл жас» газетінде (1962 ж., 9-желтоқсан) басылған «1961 жыл» атты публицистикалық поэмасы әдеби, мәдени ортада үлкен дау-дамай туғызып, қазақ әдебиетіне жаңашыл жас буынның келгендігін паш еткен алғашқы шығармалар қатарына қосылды.

Бүгінгі таңда жиырмадан астам кітап шығарған Оразбек еңбектерінің ең елеулілері: «Таңбалы тас» (1971), «Шамшырақ» (1990), «Шеңбер» (1998), романдары мен «Сағым» (1970), «Бақыт құсы» (1973), «Жиде гүлдегенде» (1977), «Жақсының көзі» (1979), «Уәде» (1985), «Менің мекенім» (2002) әңгімелері, «Өмірнама» мемуары (2005) және т.б. еңбектері.

Романдары мен повестері адам өміріндегі кезеңді оқиғаларды қамтыған эпикалық кесек, кестелі шығармалар қатарына қосылды. Сонымен бірге ол –қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрындағы айтулы шеберлердің бірі.

О.Сәрсенбайдың «Шамшырақ» (1990), «Шеңбер» (1998) романдарында, «Өмірнама» (2005) мемуарлық романында өмір шындығы мен көркемдік шындықты тұтас қараудың, философиялық, психологиялық терең иірімдердің, ұлт өмірінің, ел тұрмысының айшықты, айқын суреттерін көреміз. «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» аталып жүрген тұста қасиетті сөз өнерінің шаңырағын көтеріп, ұзақ жылдар бойы руханиятымыздың асыл қорына қосылатын аса құнды шығармалар жазып жүрген танымал жазушының шығармашылығы жайында әр жылдары айтылып келеді.

Негізінен бүгінгі заман тақырыбында жазатын Оразбек Сәрсенбай өмір шындығын нағыз реалистік көркемдік әдістермен жырлайды. Оның шығармаларында қоғамның өткені мен бүгіні, замана келбетінің көркем шежіресі жасалған. Соның бәрі жеке адамдар тағдыры, олардың күнделікті өмірі, күресі мен жеңілісі арқылы суреттеледі. Мәселен, «Шеңбер» романы, социалистік қоғам неге құлады деген сұраққа жауап іздейді. Бұл туындыны социализмнің күйреу тарихы десе болады.

Оразбек Сәрсенбайдың құнарлы қаламынан туған «Шамшырақ» романы социалистік қоғамның орнығуы, қалыптасуы кезеңіне арналған. Бұл романда халық тағдыры сол халық ортасынан шыққан ақын, композитор Нартуған тағдыры арқылы өріледі. Нартуғанның прототипі – халық ақыны, әнші, композитор Нартай Бекежанов. Бұл шығармада колхоздастыру дәуірі, ашаршылық жылдары, респрессия көріністері әсерлі жазылған. Бұл – поэтикалық философияға негізделген роман.

Халықымыздың әйгілі ақындарының бірі Нартай Бекежановты автор Нартуған Бектілеуов деп алып, жазушы кейіпкерін ақындығының үстіне әрі әнші әрі композитор етіп көрсетеді. Осы арқылы ол типтік бейне жасап, бүкіл қазақ өнері үлкен қайраткерінің өмір жолын, кешкен азап, көрген бейнеттерін қызықты әңгімелейді. Өзінің адамгершілік жақсы қырлары, творчестволық толғаныстары, ең бастысы – өзінің бойына біткен табиғи өнері арқылы Нартуған бас қаһарман деңгейіне көтерілген.

Романда қазақ халқының жиырма жылға жуық кезеңі қамтылады. Бірақ осы жиырма жыл арқылы қазақ халқының күні бүгінге дейінгі өміріндегі бастан кешкен барлық трагедиясы еріксіз көз алдыңа келеді. Осының бәрі бас кейіпкердің тағдыры арқылы өрілген. Сол арқылы қазақтың зиялы қайраткерлерінің советтендіру саясаты кезіндегі көрген қорлығы, «халық жауы» атанып, жазықсыз нәубет құрбаны болып кеткендігі суреттеледі.

Оразбек Сәрсенбайдың «Таңбалы тас», «Бақыт құсы», «Ыбырай түбегі», «Жалғыз күрке», «Гүлжаһан», «Сағым», «Тамыр», «Уәде», «Қойнау» атты әңгіме-хикаяттары қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған сәтті туындылар қатарында. Бұл шығармалардың бәріне ортақ бір көркемдік қасиет – онда суреттелетін оқиғалардың тартымдылығы мен жан-жақты суреттеліп, жақсы даралаған кейіпкерлердің табиғилығы.

«Өмірнама» (2005) атты мемуарлық роман-күнделігінде шаруа отбасында туып-өскен талантты ұрпақтың жарты ғасырдан астам уақыт бастан өткерген өткелектерін күнделікті оқиғалар негізінде әсерлі бейнеленеді.

Қай туындыда болсын О.Сәрсенбаев адам жанының күрделілігін, оның кейбір шешуші сәттегі ішкі нәзік құбылыстарын көркемдікпен бейнелеп көрсетуді ниет етеді. Ол алдымен қарапайым еңбек адамының жан-дүниесін үлкен планда бейнелеп беруге бейім. Мәселен, психологиялық-философиялық ыңғайда жазылған «Шешең әлі тірі» әңгімесінің кейіпкері Байсал – сана-сезімі әбден қалыптасқан азамат. Оның күнделікті тұрмысы бір-біріне өте ұқсас және ол ұқсастық ол үшін тіпті бұлжымас заң сияқты қабылданады. Ол сағат тықылындай бір ырғаққа түсіп алған күйбең тіршіліктің күнделікті тынысын сәл ғана бұзуға да дәрменсіз.

Сондай-ақ «Өткел» әңгімесіндегі Мұсатай Байқуатовтың мінез-құлқы оқыс оқиға үстінде ұтымды ашылып, оның ішкі әлемінің сұрықсыздығын шағын эпизод, монологтарында айқын бейнеленеді. Өз баласының аянышты өлімін жеке басының пасық мүддесіне пайдалануы және осы ауыр жағдайды жазықсыз жанға ор қазу үшін қолдануы, шын мәнінде, оқырманның бойын түршіктіретін ауыр жағдай. Кейіпкер басына түскен тағдыр тауқыметі оның жан дүниесін де жалаңаштап өтеді.

О.Сәрсенбаев кейіпкердің жан дүниесіндегі елеулі сәттерді, психологиялық күрделі құбылыстарды көбінесе екі түрлі ыңғайда суреттеуге бейім. Мұның біріншісі – шығарма сюжетін қызықты оқиғаға құру. Бұл секілді туындыларға «Даңқ», «Таңбалы тас», «Сағым» повестері мен «Ұйқың тыныш болсын», «Мәміле», «Елес», «Қайыпберді қайтып келді», «Қамыс қаланың вокзалы» деген сияқты әңгімелерді жатқызуға болады. Ал, «Шешең әлі тірі», «Жиде гүлдегенде», «Өзің қандайсың» тәрізді туындыларында оқиғадан гөрі кейіпкердің жандүниесін, сезім құбылысын тікелей бейнелейтін монолог, суреттеулер басым болып келеді. Бұл да авторға тән стильдік даралықтың бір нышанын аңғартса керек.

Өмір шындығын көркемдікпен игере отырып, оқырманына әсерлі, дәмді етіп жеткізу О.Сәрсенбаевтың бүкіл творчествосынан көрінеді. Шығарма өзінің көркемдігімен, эстетикалық талаптарға жауап беруімен ғана әсер етіп қоймай, қаншалықты деңгейде шындыққа сыйымды болуымен де бағаланатынын жазушы үнемі ескеріп отыруға тырысады.

Жазушының «Жиде гүлдегенде», «Жақсының көзі» кітаптарындағы әңгімелер адам бойындағы әрқилы мінез-құлықты, адамгершілік қасиеттерді шынайы да тартымды суреттейді. Қарапайым еңбек адамдарының типтік бейнесін жасауы жазушының айтарлықтай табысы дер едік. «Жақсының көзі» әңгімесіндегі Күзембай қартты алайық. Ол – адал еңбегінің айтулы үлес қосқан еңбеккер диқан. Осы әңгімені оқығаннан кейін біздің көз алдымызға Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев тәрізді бүкіл елімізге танымал аяулы еңбек ардагерлерінің бейнелері келеді.

Халықтың тілін жете білетін жазушы сөйлем құруға ұқыппен қарауға тырысады. Көркем творчестводағы қиын проблемалардың бірі – өмір материалын көркемдікпен игеру болса, О.Сәрсенбаев мұндай творчестволық процеске аса жауапкершілікпен қарайды.

Кейіпкерге авторлық көзқарас тұрғысынан келгенде, О. Сәрсенбаев таза эпикалық әдісті пайдаланады. Ол кейіпкерлерін сынап-мінемейді, өзінің авторлық позициясын оқиғаны тек шыншылдықпен көрсетіп беру арқылы ғана анықтайды. Бұл – суреткер үшін қажетті қасиеттердің бірі.

Қай туындысында болсын О.Сәрсенбаев адам жанының күрделілігін, оның кейбір шешуші сәттегі ішкі нәзік құбылыстарын көркемдікпен бейнелеп көрсетуді ниет етеді.

О.Сәрсенбаев – тілге жауапкершілікпен қарайтын жазушылардың бірі. Оның туындыларында халықтың ауызекі сөйлеу тіліндегі образды, бейнелі сөздерді кеңінен қолдануға тырысушылық байқалады. Рас, баспасөз бетінде жазушы шығармаларының тілі жөнінде бірен-саран сын пікірлер де айтылған болатын. Оның бәрі болмағанымен, кейбірінде санасып, ескертуге тұрарлық тұжырымдар бар.

Оразбек Сәрсенбайұлының ел білетін елеулі еңбектері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды.