Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
zhuz_sheber_sony.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.6 Mб
Скачать

Әзілхан Нұршайықов (1922 жылы туған)

Қазақтың танымал прозашысы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы. А.Фадеев атындағы Ресей жазушылары сыйлығының лауреаты, II дәрежелі Даңқ, «Құрмет Белгісі», Халықтар достығы және II дережелі Отан соғысы ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Батырлығы үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысыңда Германияны жеңгені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен, 3 мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған (1962,1972,1982).

1922 жылы 15-желтоқсанда қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында, Келінсүйегі деген жерде туған. Болашақ жазушының әке-шешесі сегіз жасында ата қонысынан көшіп, жаңадан ұйымдасқан «Ақбұзау» колхозына келіп мүше болып кіреді. Осы жерде оқуға барып, жеті жылдық мектеп бітірген. Ауылдағы орталау мектепті бітіргеннен кейін, Алматыдағы Тау-кен институтының жұмысшы факультетінде, Семейдегі Абай атындағы қазақ педагогикалық училищесінде, одан кейін педагогикалық институтында оқыды. 1941-1945жылдары Қызыл Армия қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Әдебиетке талабы барын көрсеткен жас Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, одан кейін сондағы Н.К.Крупская атындағы институтта сырттай оқи жүріп, Жарма ауданындағы «Қызыл жұлдыз» орталау мектебінде мұғалім болады.

Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін он тоғыз жасында 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Алғашында 100-қазақ дербес атқыштар бригадасының құрамында зеңбірек командирі болған Ә.Нұршайықов Калинин, II Прибалтика, I және II Беларусь майдандарында неміс фашистерімен шайқасты. Сол кездегі өлендері, әскери әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық және облыстық газет беттерінде жиі басылып тұрды.

Бір рет жау танкісі бес зеңбірекшіні опат қылып, сол шайқаста зеңбірек көздеушісі Әділхан Құсайынов екеуі ғана тірі қалады. Екі көзінен бірдей айрылған соғыс ардагері Әділхан Құсайыновқа жазушы өзінің «Махаббат жыры» (1964) деген алғашқы повесін арнады.

Соғыстан кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында қызмет істеді. Әр жылдары осы газетте істеген еңбек өтілі – он жеті жыл. Әуелі әдеби қызметкер болып бастаған ол жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, облыстағы меншікті тілші, редактордың орынбасары міндеттерін атқарды. Бұдан кейін Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы (1953-1956 жылдары) республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы (1963-1965 жылдары) қызметтерінде болған.

«Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген Ә.Нұршайықов 1968 жылы жаңадан ашылған Қазақ Совет энциклопедиясына қызметке жіберілді. Бұл жерде жазушы тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі болып бес жыл істеген. Энциклопедияның алғашқы томдарын шығаруға қатысқан. Авторлардың жүздеген мақалаларын өңдеп, жөндеп, өзі жүзге тарта энциклопедиялық мақалалар жазған.

Кейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының театр бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қызметке ауысады. «Қазақ театр тарихының» I томын жазуға қатысады. 1979 жылдан бері бірыңғай шығармашылық жұмыста.

Ә.Нұршайықов он төрт жасынан бастап өлең жазуға ден қойған. Алғашқы өлеңдері мен мақалалары Жарма аудандық «Социалистік еңбек», Семей облыстық «Екпінді» және республикалық «Пионер» (кейіннен «Октябрь балалары»), «Лениншіл жас» газеттерінде, сол сияқты «Пионер» журналында жарияланып тұрды.

Ә.Нұршайықовтың көлемді очерктерінің бірі «По дорогам Казахстана» деген атпен «Дружба народов» журналының 1956 жылғы 11-санында жарияланды. Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Ғабит Мүсірепов осы очеркті оқығаннан кейін Ә.Нұршайықовты Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылдатады (1957).

Жазушының алғашқы кітаптары – «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959) және «Жомарт өлке» (1960) атты жинақтары. Бұл төрт кітапты да әдеби сын мен қалың оқырман қауым жоғары бағалап қарсы алды.

Алпысыншы жылдардан бастап біржола көркем прозаға ауысты. Жиырмадан астам кітабы шыққан. Олардың басты-бастылары – «Махаббат, жыры» (повестер, 1964), «Алтын соқпақ» (1967), «Батырдың өмірі» (1969), «Тоғыз толғау» (1977), «Автопортрет» (әдеби портреттер, 1977), «Махаббат қызық мол жылдар» (1970) романы және «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-диалогы, «Екі естелік» (1985), «Жамбылға хат» атты әскери естеліктері (1996), т.б. Бұл туындылардың бірқатары «Жазушы» баспасынан бірнеше дүркін орыс тілінде де басылып шықты. Мәселен «Песня любви» (1965, 1975, 1982); Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан «Истина и легенда» (1980) және «Дорогой памяти» (1985) кітаптары жарық көрді. «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы украин («Дніпро», 1984) және чех (1985) тілдеріне аударылып, жарияланды. Жеке шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне аударылған. 1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.

И.Буниннің шығармаларын, М.Шолоховтың «Адам тағдыры», П.Павленконың «Жарияланбаған хат» әңгімелерін, А.Якобсонның «Қорқау» пьесасын және басқа туындыларды казақшалады.

Ә.Нұршайықовтың есімін жазушы ретінде Қазақстан жұртшылығына ерекше танытқан шығармасы «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970) романы болды. Ол көркемдік мазмұны сюжеті мен образдар жүйесі орындалу жағынан оқырман назарын аударды. Романда көтерілген адамгершілік, адал махаббат, кіршіксіз достық, ар-инабат, ұлттық салт пен сана тәрбиесі оқырманға эстетикалық тұрғыдан әсер етті. 52 400 данамен шыққан бұл кітап оқырманға жетпей қалып, жұртшылық «Жазушы» баспасы мен республикалық баспасөз комитетіне үсті-үстіне хаттар жазып, мол тиражбен қайтадан басып шығаруды талап етті. Бұл тілекті орындау үшін баспа араға жыл салып, ол кітапты 1972 жылы 60 000 дана тиражбен екінші рет басып шығарды. 1973 жылы орыс тіліне аударылып, 100 000 дана тиражбен және жарияланды. Орыс, қазақ тілдерінде роман одан кейін де басылып шықты.

Әзілхан Нұршайықовтың романының бас кейіпкері – Ұлы Отан соғысының қан майданынан оралып, университет босағасын жаңа аттаған жауынгер Ербол Есенов. Ол – өмірге ғашық романтикалық сезімнің адамы. Блиндажға түскен снарядты құшақтап, сыртқа ала жүгірген жауынгердің бұл әрекеті – нағыз батырлық. Ол университетте Меңтай есімді қызға ғашық болады. Меңтай арудың ақ свитеріне байқаусыздан сыя төгіп алған ол қатты қысылады. Романдағы үлкен оқиғаның басталуына себепші осы болмашы деталь арқылы жігіттің қызға деген нәзік сезімі және Меңтайдың биязы ұстамдылығы мен сүйкімділігі ашылады. Сыя төгілгенде үн шығармай, ештеңе болмағандай, артына бұрылып, Ерболдың алдына басқа сыя сауыт қояды. Студент қыздардың келемежіне де қымсынбайды. Жер боп жүрген Ерболға ләм демей, ақыры свитерін сыя түскен бояуға бояп алады. Адамгершілік қасиет Меңтайдан да, Меңтайдың қасындағы Ерболдың да жан сүйсінер жақсы істерінен көрінеді.

Екі жастың махаббатына куәгер достарының тағдырлары да оқырманды жетелеп отырады. Меңтайынан айрылып, мұратына жетпесе де, Ербол шын бақытын табады. Өйткені ол өмірдің мәні махаббат пен достықта екендігін түсінеді. Махаббат туралы осы романның мазмұны «адам деген атыңды ақырына дейін ақта» дейтін үлкен қорытынды жасайды, көкірегіңе қонымды етіп жеткізеді, азғана хикаядан зор мән, мазмұн табады.

Ә.Нұршайықовтың оқырмандар назарын аударған көрнекті шығармасының қатарында «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогын айтуға болады. Шығарманың бас кейіпкері – қазақтың атақты батыр ұлы, жазушы Бауыржан Момышұлы. Бұл кітапқа дейін-ақ Бауыржан бейнесі А.Бектің «Волокалам тас жолы», Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романдарында ашылып, жан-жақты суреттелген болатын. Енді осы көрнекті шығармалардан кейін жазылған бұл туындыда батыр бейнесін жаңа қырынан ашу мүмкіндігі шектеулі еді. Бірақ соған қарамастан, «Ақиқат пен аңыз» оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, қазақ әдебиетінің тарихында белгілі бір орынды иеленді деп айтуға болады. Алдыңғы айтылған екі туындыға қарағанда, бұнда батыр Бауыржанның көптеген адами қырлары, оқиға суреттеріп отырған кезеңдегі жекелеген шындықтар ашылған, қызықты фактілер де келтіріліп отырады.

Неміс-фашистері өздерінің бар күш-қуатымен Москваға төніп келіп, кескілескен қатты ұрыстар болып жатқан уақытта Қызыл Армияның орталық командованиесінен ұлты орыс емес командирлерді шұғыл Москваға шақыртқан бұйрық келіп түседі. Бұның өзі – осынау сын сағатта орыстан басқа ұлттарға сенімсіздік көрсеткендей әсер ететін, шешілуі қиын жағдай. Майдан шебінде тұрған Дарно селосына жиналған командирлер бұл пәрменнің мәнісіне түсіне алмай, дағдарысып қалады. Міне, осындай шиеленіскен ауыр ахуалды ыдырату үшін бұл іске бел шешіп кіріскен белсенділердің ең басында Бауыржан Момышұлы тұрады. Ол Москвадағы орталық штабта отырғандармен тікелей сөйлесіп, соғыс қызып жатқан және астанаға қауп төніп тұрған осынау қысылшаң шақта мұндай мәселенің көтерілуінің өзі мүлде орынсыз екендігін дәлелдейді. Осынау пікірлер жекпе-жегінде Бауыржан өзінің тек қолма қол ұрыста ғана емес, сөзбен тайталасуға тура келетін шешуші сәттерде де батыр екендігін көрсетеді. Шені жоғары командирлермен келіссөзге барып, сын сағатта ұлттық тұрғыдан жікке бөлудің кері әсері бар екенін тайсалмай дәлелдеп шығуы Бауыржан батырдың тағы бір қырын ойының ұшқырлығын, өжеттігін ашады. Қиын келіссөз барысында Москвалық бастықтардың өз райынан қалай қайтқандығы романда психологиялық тартыстар арқылы берілген. Аталған роман-диалогте басқа да қызықты ситуациялар аз емес.

Жазушының оқырман назарын аударған тағы бір шығармасы – 1985 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Екі естелік» кітабы. Ол – қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов жайындағы естеліктер жинағы еді. «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында филология ғылымының докторы Б. Майтанов: «Бұл кітап – М. Әуезов пен С. Мұқановқа сөзден соғылған ескерткіш» деп атады.

Жалпы Ә.Нұршайықов естелік жанрында өнімді қызмет етіп келе жатқан жазушылар қатарынан саналады.

Жекелеген шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдаван, татар, саха (якут) тілдерінде басылған.

Жазушының Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Аңыз адам» деген радио-пьесасы, М. Әуезов туралы орыс, қазақ тілдерінде айтқан естеліктері мен басқа да бірсыпыра сөйлеген сөздері («Баубектің жүрегі», «Абай туралы сөз», «Автопортрет», «Сен менің жүрегімдесің, Армения», т.б.) Қазақ радиосының алтын қорына қабылданған. Сол сияқты радиодан жазылып алынған сексеннен астам магнитофон таспалары және жиырмаға жуық бейне таспа жазушының өз архивінде сақтаулы.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]