Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
zhuz_sheber_sony.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.6 Mб
Скачать

Ақан сері Қорамсаұлы

(1843-1913)

Ақан сері Қорамсаұлы 1843 жылы Қоскөл (қазіргі Көкшетау облысының Айыртау ауданы) деген жерде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Ақжігіт болғанмен, әке-шешесі еркелетіп Ақан деп атап кеткен. Күнту деген молдадан мұсылманша хат таныған Ақан он үш жасқа толған соң Қызылжарға (қазіргі Петропавл қаласы) келіп, Уәлидің медресесінде үш жылдай білім алады. Осылай жүріп ол шығыс поэзиясына көңіл бөліп өнер-білімге ден қоя бастайды.

16 жасынан бастап суырыпсалмалық пен ақындық өнерге біржола ден қоя бастайды. Алғашында халық әндерін нақышына келтіре орындаумен көпшіліктің ықыласына бөленген ол ендігі жерде өз әндерін де орындап көзге түсе бастайды. Осылайша өлең, ән шығарып, оны шебер орындауы арқылы Ақанның серілік өмірі басталады. Жүрген жерінде ел мұңын мұңдап, жуандарды шенеп жүрген ол Балуан шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иман Жүсіп, Құлтума сынды атақты сал-серілермен жақын қарым-қатынаста болған. Ақындық, әншілік, композиторлық өнерді бойына жинақтап, оны терең игергендіктен, ендігі жерде Ақан сері атанады. Ақан сері Қормасаұлы – ақындық, әншілік, композиторлық өнерді тең игерген қазақ халқының біртуар тума таланты.

Ол халық әндерін шебер орындаумен бірге өзінің төл тумаларымен көпке таныла бастайды. Ақынның көп қырлы, сан салалы тақырыптарының ішінен үлкен орын алатыны – әйелдер образын арқау еткен шығармалар. Осылардың ішінде сүйген жары Бәтимаға арналған «Бәтима қызға», «Перизат» пен ол дүниеден өткен соң жазылған «Сүйген жардан айрылдым» өлеңдері. Ақын соңғы өлеңінде:

Айрылдым тағдыр айдап бұлбұл құстан,

Тарттым мен қасірет-қайғы бала жастан.

Қондырған бақыт құмай көлеңкесін,

«Сары алтын – сабыр түбі» асып-саспан,

– деп, бақыт құсынан айрылған қасірет шерін өлең жолдарына түсіреді. Ақын өлеңдерінің бірсыпырасы «Мақпал», «Перизат», «Ақсаусақ», «Бәтима», «Жамал қыз», «Балқадиша» сынды әйел аттарымен аталады. Ол сүйген қызы Ақтоқтыға арнап «Ақтоқты», «Ақ көйлек», «Сұлу қызға», «Ақиық пен ақ түлкі», «Алтыбасар» сынды бірсыпыра әндер жазса, «Сырымбет», «Тер қатқан», «Үш тоты құс», «Ай, көке», «Майда қоңыр», «Шәмшиқамар», «Ақ көйлек», «Қыз сипаты», «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы», «Сүйген қалқа», «Көңіл сыры», «Ұрқияға айтқан аужары», «Әйел сипаты», «Торыны таң асырып мінген қандай», т.б. сұлу қыз бен көрікті әйелдерге арналған сезім күйін шертетін шығармалар. Сүйген ғашығына ынтық жігіттің көңіл-күйі арқау болған «Торыны таң асырып мінген қандай» өлеңінде ақын:

Ауылы қыз қалқаның қайда екен деп,

Жүгіріп сайлау жермен келген қандай.

Атыңды бір тасаға байлап тастап,

Тұсына ақ боз үйдің төнген қандай.

Сөз салып қалқажанға жеңгесінен,

Құрбыңмен сыпайы ойнап, күлген қандай,

– деп қызды ауылды іздеп келіп түскен жігіттің тасыған көтеріңкі көңілін көркем бейнелей білген. «Біздің көңіл қайда жатыр» деген өлеңінде ақын өмірден іздеген ынтық заттарын жоғары көңіл күймен жеткізе жырлаған. Ол үшін мың теңгелік арғымақты таңдап міну мен сүйген қызына қол жеткізу арман. Қызды ауылдың сыртында сүйгенін күтіп жатқан жігіттің жабырқау көңілін «Қиядан торға түскен ақсұңқардай, Көңілім қапаланған жарда жатыр» деген жолдардан көрсек, сүйгеніне деген ынтық сезімін ақын былайша жеткізеді:

Сымбатың жас жүректі жандырғандай,

Бриллиант-гауһар жүзің сонда жатыр.

Аузыңнан шыққан сөзің тәтті балдай,

Ойласам әрбір қарпі менде жатыр.

Сүйген қалқасын баға жетпес асыл етіп көрсете білген ақын оны өзі білетін жауһарларға теңеуде жетістікке жеткен.

«Ұзатылайын деп жатқан қызға» деген өлеңінде қазақ халқының қызды ерекше құрметтейтінін, қонақ ретінде күтетінін жеткізе жырлаған ақын оның келін болып түскеннен кейінгі күйін де әдемі бейнелеген. Мәселен, «Әлпештеп өсіреді ата-анасы, кей қыздың ұлдан артық дәрежесі» деген жолдардан әке-шеше алдында бұла өскен қыз баланың ешқандай қиыншылық көрмейтінін аңғарсақ, олардың ескі салт бойынша атастырылып қойю, күйеу келген соң еріксіз кете баруы – өмір шындығы.

Сыланар тоты құстай қыз оң жақта,

Лайық не қылса да ол уақытта.

Көрсе де қанша қызық ол елінде,

Кеткен соң әркім-ақ би ол бейбаққа,

– деген жолдарынан қыз баланың өз жұрты мен қайын жұртындағы екі түрлі өмірі қатар суреттелген. Ақын бұл өлеңде қыз ғұмырдың қысқа екенін салыстыру арқылы жеткізе білген.

Ақанның «Қыз сипаты», «Әйелдер сипаты», «Айтамын замандасқа біраз кеңес», «Жігіт сипаты» өлеңдерінде адам бойындағы мінездер жете сөз болады. Жақсы мен жаманды қатар суреттеуде ақын жастарға жаманнан жиреніп, жақсыдан үйрену керек екендігін ескертеді. Адам бойындағы бір-біріне кереғар мінездердің қатар суреттелуі арқылы олардың қыр-сыры ашыла түскен. Мәселен, қыздардың бәрі сырт көзге әдемі көрінгенмен, олардың мінездері мен жаратылысы біріне-бірі тіпті де ұқсамайды. Ақша маңдай қыздың ісі ел жақтағандай болып келуі оның дана туғандығынан болса, келесі жұмақтың хор қызына ұқсаған келісті қыздың тілі жорға болуы да ықтимал.

Үшінші бір қыз келер қара шашты,

Күлім көз, оймақ ауыз, қиғаш қасты.

Шомылған айдын көлдің аққуындай,

Отырар ағажан деп кәрі-жасы,

– деп келетін қыз сипатына келесі қыз қарсы суреттелген. Ол – ар жолынан аттап арын сатып жүрсе де, елді сөз етіп, өзгеге күліп жүретін арсыз. Қыздардың бәрі де біз ойлағандай мінсіз болмайтынын ақын олардың істеген істерімен аша түскен. Бірі нәпсіқұмар, екіншісі салақ болып келетінін айтқан ақын осындайларға кездескен жігіттің қашанда соры арылмайтындығын ескере отырып, жігіттерге жар таңдауда қателеспеу керектігін баса айтады. Сырты сұлудың бәрі сұлу болмайтынын, адамның сұлулығы оның жан дүниесінде екендігін байқаған ақын олардың көркем бейнесін нақышына келтіре суреттеді. «Әйелдер сипатында» да әйелдер қауымының әртүрлі мінездері ашық бейнеленген. Әйел затының бойындағы сан-алуан қасиеттерді жете жырлаған ақын жігіттерді жаман мінезділерден сақтандыра білген:

Үй ішін жаман әйел тұмандатар,

Домалап әрбір жерде құман жатар.

Тазалық бұл әйелде болмаған соң

Күнәға жігіт адам содан батар.

Осындағы ақынның ақылды әйел кездессе маңдайыңның жанғаны, көңілі ашық әйелге жігіт ғашық, сайқалсыған әйелден аулақ жүр, қабаған ит секілді қырсықтар мен салақ әйелдерге ұшыраса көрме деген ақыл-кеңесінің жігіттерге қаратыла айтылғандығы анық. Оның көркіне ақылы сай «Гүл жүзді, сырлы сөзді жақсы қатын» мен үсті-басы сатпақ-сатпақ, кір-қожалақ болып жүретін, «Сыртына шөмішінің балшық жағып, Салады қазанына шаймай ғана» салақ қатындары – бір-біріне кереғар кейіпкерлер. Ақын көрікті мен сұрықсызды, ақылды мен ақымақты, пысық пен салақты, шайпыауыз бен сабырлы жандарды қатар суреттеу арқылы олардың шынайы бейнелерін сомдай білген. Ол тек әйел затының ғана емес, жігіттердің де бойындағы осындай мінез-құлықтарды жеткізе бейнеледі. «Айтамын замандасқа біраз кеңесте» жігіттердің он үш түрлі мінезіне кездесеміз. Бірі дана, дарқан мінезді болса, екіншісі баулыған құстай көздегенін алып түсетін өткір. Сол секілді бірі атақ-даңқы жер жарып тұрса да, сабырлы қарапайым болып келсе, екіншісі «Білімін бір жігіттің білсе дағы» елге пайдасы жоқ. Осылайша ақын жігіттер бойындағы сабырлылық, батырлық, төзімділік, қайраттылыққа қарсы қулық, көрсеқызарлық, берекесіздік, бәтуасыздық, сөз қуушылық, кербездік, жылпостық сынды мінездерді қарсы қоя суреттеді. Осындай әртүрлі мінездерді сипаттай отырып, жігіттердің сегіз қырлы, бір сырлы болуын талап еткен ақын оларға жақсы мінездерді үлгі етіп, солардан үйренуге шақырады. Оны «Жігіт сипаты» өлеңіндегі мына жолдардан байқауға болады:

Наркескен қайрылмайтын қылыш болса,

Мінезі, ақыл, өнері дұрыс болса.

Бір сырлы, сегіз қырлы болса жігіт,

Жорғадай тілі майда жүріс болса.

Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз,

Еткені берекелі жұмыс болса.

Жаны жайсаң асыл жігіттердің бойындағы жақсы мінездерді ақын гауһар тастай асылға, наркескен қайрылмайтын қылышқа, шамшырақтай фонарға, бәйгеден озған жүйрікке, ақ тұйғынға, бауулы құсқа, майыспайтын алмасқа теңесе, жаман мінездерді айлакер түлкіге, бау аспаған қыранға, баянсыз ұшпа бұлтқа, шана тартқан өгізге, семіз мәстекке теңеу арқылы олардың жарқын бейнесін сомдады.

Ақанның «Жастық шақтар», «Кәрілік» өлеңдері адамның жас ерекшелігіне арналған. Біріншісіне отызға дейінгі ғұмыр арқау болса, екіншісінде кәрілік туралы ой өрілген. Өмірді бірде сауысқанға, енді бірде бұлаңдаған қызыл түлкіге теңеген ақын:

Бір қалыпта тұрсаң нетеді?

Кетесің шығып уыстан.

Ақырында кісіні,

Шал етесің құрысқан, – дейді.

«Жастық шақтарда» анадан туғаннан бастап екі, үш жылдағы ерекшеліктер атала келіп, «тоғызда толықсыған туған айдай» болсаң, он екіде жүйрік аттай, он төртте алтын тудай айқындала түсесің деген ақын отызға дейінгі әр жастың өзіне тән ерекшелігін бейнелі образбен бере білген.

«Достарыма», «Жігіттерге» өлеңдерінде ақын өмірден түйгені жөнінде тұжырым жасап, оны жігіттерге тәрбие-тағылым болар деген ниетпен айтады:

Жиырма бестен артық жас бар ма?

Ұйқыдан жаман қас бар ма?

Еріншектен жаман нас бар ма?

Ойлаңдаршы, ағалар,

Шын жарыңнан артық дос бар ма?

Шын жолдасың ондайда

Жауға сені тастар ма?

Өмір жайындағы осындай философиялық толғамдар ақын шығармашылығының бір қырын аша түседі. Ол «Жігіттерге» деген өлеңінде де осындай толғамдарды ұсына білген.

Оның туындыларының бір саласы махаббат, саятшылық, аңшылыққа арналса, екінші саласы сол тұстағы өмірдің әділетсіздігін әшкере етуге арналған. Даңғойлық, сараңдық, надандық, зұлымдық, көрсоқырлық, екі жүзділік, мансапқорлық, еріншектік, арсыздық сынды мінездерден елді сақтандырғысы келген ақын кертартпа мінездерді сынға алады. «Заманға қарап» – сол тұстағы ел өмірінен хабар берер туынды. Мұнда ақын қарынның тойғанына мәз болған жандарға ақыл-кеңес береді. Сахараның хайуандарынша қаперсіз шөп шайнап, өзді-өздерің қырылысып жатқанша, ертеңгі күнді ойлау қажеттігін ақын баса айтады. Кең сахарада еріншектікпен ұйқыға бой алдырып, кәсіпсіз қарап жатқанша ертеңіңді ойлап, бой түзе деген ақын би-болыстардың бір қарынның қамын ойлаудан аспай жатқандығын уытты тілмен шенейді.

Сал-серілерге тән қасиеттің бірі – аңшылық-саятшылық болса, Ақан бұл кәсіптің де қыры мен сырын терең игерген жан еді. «Мылтық пен мергеншілік» өлеңінде саятшылық жасау үшін мылтық пен мергеннің бір-біріне сай болу керектігін баса айтқан ақын аңшылықтың қыр-сырын аша түскен. Құлагер атты шаң жұқпас сәйгүлігінің жүйріктігімен алты алашқа танылған оның Қараторғай атты бүркіті мен Базаралы деген тазысы болған. Ақан өмірінің соңғы шақтары қасіретке толы. Ол Құлагердей жүйрігінен, Базаралы мен Қараторғайдан айрылған соң, өмірден баз кешіп елден жырақ жалғыз өзі кетіп қалады. Ақанды сөзден тосылта алмаған жуан күш иелері оны бар асылы Құлагерден айырып, өмірінің соңғы жылдарын адам айтқысыз азапқа айналдырды. «Құлагер» – ақын шығармашылығының шарықтау шегі. Ақынның адамға айырбастамас жүйрігін жоқтаған жоқтауын атүсті оқу мүмкін емес. «Біліп ем өлеріңді Құлагерім, Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан» деп зарлаған ақын жүйрігінің бойындағы бар қасиетін жырға қосып жоқтады. Әрбір тармақта Ақанның көз жасы мен мұңды шері тұрғандығы оның әрбір сөзінен аңғарылады:

...Құлагер, айналайын, тұлпарым-ай,

Бір көрмей тұра алмаймын сұңқарым-ай.

Даңқыңа бүкіл адам ғашық болып,

Бір көрсек деп тұратын іңкәрім-ай...

...Құлагерді өлтіргендей алдым несін,

Әркімнің тәңірім берген несібесін.

Қас қылған жануарым Құлагерге,

Жауызға бар тілегім өлім берсін.

Атақ, даңқ қуған Батыраш сынды көрсоқыр, сезімсіз хайуан Құлагерді өлтіру арқылы Ақанның да өміріне балта шапты. Ол Құлагер өлімінен кейін өмірден баз кешіп, адам атаулыдан жиреніп, бойын аулақ салып кетті.

Дүлей күш иелері ақынның сағын сындырғанмен, өнеріне балта шаба алмады. Оның лирикалық поэзиясы мен музыкалық туындылары атадан-балаға мирас болып келе жатыр. Ақан серінің сом тұлғасы қазақ әдебиетінің әр түрлі жанрларында көркем бейнеленді. Оған Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясын, С.Жүнісов «Ақан сері» романын, С.Мұхамеджанов «Ақан сері – Ақтоқты» операсы мен «Балқадиша» әнінің тақырыбы бойынша вариациялар жазды. Е.Г.Брусиловскийдің «Жалбыр» атты поэмасында «Құлагер» мен «Балқадишаны» пайдаланылуы – Ақан әндерінің ғұмырлы екендігіне мысал. Әдебиеттанушы ғалымдар ақынның лирикалық өлеңдерін, музыкатанушылар ән өлеңдерін үздіксіз зерттеуі – туындыларының ұлттық рухани қазынамыздың алтын қорына енгендігі.

Ақан сері Қорамсаұлы – ХІХ қасырдағы қазақ ақындарының ішіндегі орны бөлек тұлға. Ол – ақындық, әншілік, композиторлықпен бірге саятшылықтың қыр-сырын терең меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы жан. Сондықтан да ол қазақ әдебитеті мен музыкасы тарихынан үлкен орын алмақ.

Мұрат Мөңкеұлы

(1843-1906)

Мұрат Мөңкеұлы – қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданының аумағында өмірге келген қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Болашақ ақын жастайынан халық ауыз әдебиетіне үйір болып, жыр, терме, толғауларын жаттап өседі. Есейе келе, атақты жыршылар Қуан мен Төлегеннен “Қырымның қырық батыры” жырын үйренген. Кішкене кезінен-ақ өз жанынан түрлі өлеңдер шығарып келген Мұрат айтыскерлігімен де ерте танылады. Оның Жылқышы (1860), Бала Ораз (1868), Кете Жаскілең, Жантолы, Тыныштық, Ізім сияқты ақындармен айтыстары бұл өнердің тәуір үлгілері қатарында.

Өлең сөзге жастайынан жүйрік Мұрат айырықша білімдарлығымен де көзге түскен. Ел шежіресін, оның батырлары мен ардақты азаматтарын жақсы білген, айтыс кезінде жеңіліп көрмегенінің бір себебі оның осындай білімін дұрыс қолдана білуіне де байланысты болған.

Мұрат өлеңді көп шығарған ақын: «Үш қиян», «Қазтуған», «Сарыарқа», «Омар қажыға», «Қарасай қазы» тағы басқа поэмалары, Жаскелең, Жылқышы, Бала Ораз, Қалнияз, жантолы, Тыныштық, Шолпанмен айтыстары, тағы басқа толып жатқан қысқа өлеңдері бар.

Мұрат ақынның басты шығармашылық мұралары деп «Үш қиян», «Сарыарқа» поэмаларын, «Қазтуған», «Шәлкез», «Қарасай-Қази» жырларын, көптеген айтыстарын, толғау-термелері мен арнау өлеңдерін айтуға болады. «Үш қиян» мен «Сарыарқа» поэмаларының тақырыбы қазақ халқының басынан өткен ауыртпалықтар болса, «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Шәлгез» жырларында халық аузындағы аңыздарға жаңаша трактовка жасайды. Бүгінгі ұрпаққа сондай-ақ хат түрінде жазылған «Оқудан қайтқан жігітке», «Еліне жазғаны», «Бір досқа» деген үш өлеңі, тойбастар жырлары жеткен.

Ақын шығармалары алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында Кәрімовтердің баспаханасында басылды. Кітап «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп аталады. Кейбір кітаптарда «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деп те жазылып жүр. Шындығында жинақтағы «Байұлы байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны» деп аталатын өлеңде баяндалғандай, Ғұмар – әйгілі Сырым батырдың немересі.

Мұрат шығармаларының ішінен ерекше орын алатыны – “Үш қиян” толғауы. Бұл шығармада Ресейдің отаршылдығына байланысты қазақ халқының басына төнген ауыр нәубет сөз болады. Ақынды тебіренткен нәрсе – отаршылдықтың салдарынан тынысы тарылып, тұрмысы нашарлап, көшпелі өмірі тығырыққа тірелген ел тағдыры еді. Халқының бейшаралық халге түскенін ақын заман аздыға санайды, ел билеген “жақсылар” мен “ел қорғаған” батырлардың да қазіргі қалпына қайғырып, қамығады. “Үш қиян” жырында Мұрат бұрынғы салт-сананың, дәстүрдің, рулық жүйенің іргесі шайқалғанына, адамдардың пиғылы, ниеті бұзылуына шерленеді. “Сарыарқа”, “Әттең, бір қапы дүние-ай”, “Қазтуған” атты шығармалары “Үш қиян” толғауымен үндес. Осы толғауларда басты тақырыбы – туған жер, құтты қоныстың кейінгі мүшкіл жағдайлары.

“Сарыарқа” атты толғауында ақын елдің еркін қоныста жүрген уақытын, туған жердің табиғаты мен байлығын тамсана жырлайды. Сөйтіп “енді ен далаға сыймаған сонша малдан жалғыз да тай қалмады” деп өкініш білдіреді. “Сарыарқа” – Мұраттың ауылы жұтқа ұшырап, өзін “тәңірі” айдап Маңғыстауға “жалғыз таяғын” ұстап барған бір қиын кезде шыққан толғау. Ақын туған жерін сағынышпен еске алып, бір кезде Беріш елі жинаған Тайсойған, Қабыршақты, Еділ, Жайық, т.б. жерлерге ыстық махаббатын, сол жердің тамаша қасиетін жеткізе жырлайды. Отаршылдық саясатының зардаптарын салдарынан туған халқының ежелгі қонысынан айырылғанына қынжыла отырып, осы өлкеде өмір сүрген бұрынғы азаматтарды, батырларды еске алады, қандай заман болса да, соларға “атамекен таршылық жасамаған” деп түйеді. Осы ауыртпалықтан құтылудың бірден бір жолы – жерді, құтты қонысты тастау керек дейді. Қонысты тастап көшу керек деген мәселені Мұрат «Үш қиянда» жыр етті. Мұнда ақын бұл қонысты талайлардың тастап кеткендігін дәлелдей келіп, өзінің «Қазтуған» атты поэмасында сол көшудің жолын көрсеткен болды. Ол үшін Мұрат ел аузынан «Қазтуған» батыр туралы аңызды пайдаланады. Асан қайғы, Қазтуған, Беркін тәрізді елін бастап, басқа жаққа көшкен ерлерді еске түсіреді.

Мұрат мұрасының бір саласы – термелер. “Өлім”, “Қыз”, “Ақмақ сайлап не керек”, “Аттан сұлу болар ма?”, “Жалпыға”, “Жалғаншы фәни жалғанда” атты термелерінде замана сырына үңіле келіп, көне жыраулар үлгісінде адам өмірі, жастық, кәрілік, саулық, өмір, жарастық хақында толғанады.

Мұрат өз кезіндегі пәлеқорлық, парақорлықтарды дұрыс көре біліп, оны шеней суреттейді. Бірақ оларды мінеп, сынағаннан сол жағдайдан шығудың жолын іздейді. «Күн орнынан туады, ай орнынан батады», бұзылып отырған адамдар, бұл заманның адамдары, егер олар, бұрынғының адамдарындай болса, заман баяғыдай болар еді деген қорытындыға келеді.

Ол өткір тілді сатирик ақын да болған. Мұраттың болыстарға арнау түрінде айтылған шығармаларынан реформадан кейін қазақ даласында пайда болған ел билеуші топтардың бейнесін жазбай танимыз. Ақын болыстыққа таласып, ел берекесін алған адамдарды сын садағына іледі.

Мұсылманша сауат ашқан Мұрат өлеңді жазып та шығарған. Өзі жазып шығарған толғау түріндегі (“Оқудан қайтқан жігітке хат”, “Еліне жазғаны”, “Қыз”) атты өлеңдері сақталып қалған. Мұрат ұзақ эпикалық жырларды таңды-таңға салып, жатқа айтатын жыршы, әрі әнші болған. Ол “Қырымның қырық батыры” атты жыр топтамаларын өңдеп, жетілдіре отырып жырлаған. Одан Мұрын жырау жаттап, біздің заманымызға жеткізген. Мұрат “Қарадөң батыр”, “Жұбаныш батыр”, “Сүйініш батыр”, “Төгіс батыр”, “Тама батыр”, “Тана батыр”, “Нәрік батыр”, “Шора батыр”, “Жаңбыршы батыр”, “Кеңес батыр”, “Телағыс батыр”, “Оғы батыр” және т.б. жырларын жатқа айтады екен. Мұраттың репертуарында орын алған “Қарасай-Қази”, “Шалгез”, “Қазтуған” жырлары Халел Досмұхамедұлының жазып алуымен жетіп отыр. Бұл мұралар 1925 ж. “Исатай-Махамбет” атты жинақта жарияланды.

Олардың кейбіреулерін ақын өз жанынан шығарып жыр еткен де, кейбіреулерін халық аузындағы аңыз әңгіме, бұрынғы тақырып, бұрынғы уақиғаның негіздеріне құрған. «Үш қиян», «Қазтуғандағы» батырларды суреттеу, ел аңызын ғана алып, соның негізінде өзі жанынан жаңа нәрсе шығару болса, «Шәлгез», «Қарасай-Қази» уақиғасының желісі халық аузында бар нәрсе.

Бұл жырлар мазмұны жағынан құнды, тілі жағынан өте көркем. «Қарасай-Қази» жыры – өзінің тарихи маңызы жағынан да, композициялық құрлысы және тілі жағынан да құнды жырдың бірі. Бұл шығармада ең алдымен адам образдары шебер түрде жасалынған.

“Сарыарқа” атты толғауының өн бойынан ақындық арынды қуаты айқын байқалады. Маңғыстаулықтар Атырау жағын Арқа деп атайды екен. Толғау сол себепті “Сарыарқа” деп аталған. Мұрат бұл толғауында туған жеріне сағынышын, елге деген махаббатын, ата-қоныстың қадір-қасиетін жыр тілімен шебер бейнелейді.

Елге деген сағынышын ауылда қалған азаматтарға өлеңін сәлем жолдау арқылы жеткізеді. Ақынның арнау өлеңдері де көркемдігіне назар аударады.

Мұраттың басқа ақындардан және бір айырмасы – өткен дәуірлердегі батырлардың ерлік істерін тақырып етіп алып, соларды жыр ету.

Олардың ішінде Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Асан Қайғы, Қазтуған секілді өткен адамдар туралы шығарған өлеңдері атап өтуге тұрарлық.

Мұрат Мөңкеұлы – зар заман ақындары деп баға берген топтың көрнекті өкілі. Ол қазақ жері талауға түсіп, отаршылардың ойранына айналған жылдарда халқына ұран тастады. “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қазтуған” атты толғау-дастандарында ел жағдайы мен жер жағдайын байланыстыра жырлап, халықтың ата-қоныстан айрылып бара жатқанын, оның тоз-тозы шыққанына тебірене күйзелді.

Бұлар қазақ жерінде Ресей отаршылдығының күшейе бастаған кезеңінде өмір сүргендіктен, халқының тәуелді жұртқа айналуына қамықты, келешектеріне пессимистік сарынмен қарады. Нақ осындай көңіл күйде болған Мұрат мойнына бодандық қамыты ілінген халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Отаршылдыққа қарсы әрекет жасауға шақырды.

Ақынның өміршең шығармалары ұзақ жылдар бойы жартылай ақтаңдақ ретінде бағаланып, жұрт аузына алынбай келгені сондықтан. Орыс отаршылдарының қазақ жерін жайлай бастауына наразылық білдіруі ақын шығармаларының жолын бөгеді.

Оның алты ақынмен айтысы ғана сақталған. Ал арнау өлеңдерінің дені би-болыстарға бағышталып айтылған. Оның алғаш айтысып жеңген ақыны – Жылқышы. Ол Ысық руының маңдайалды жыр жүйрігі саналған. Оны Мұратпен айтысып отырғанда өзі де сездіріп қояды:

Мен кімнен айтар сөзге қорғалайын,

Ойықтың тізгін үзген бұбұлымын,

– деп, жас ақынға өзінің оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін ескертіп өтеді. Мұратты жеңетініне сенімді сыңай танытып, еркін көсіледі. Бірақ сөйтіп өзіне сенімді бола тұра сөзден ұтылады.

Мұрат екінші рет 1863 жылы, жиырма жасында Таз руының ақыны Бала Оразбен айтысады. Мұраттың Бала Оразбен немесе Жаскелеңмен айтысы сияқты оның Ізім ақынмен айтысы да бір-бір қайырыммен бітеді. Тіпті өлеңнің буын санына дейін бірдей: жеті буынмен жырлайды. Үшеуінде де қарсыласы бастап, Мұрат жауап беріп отырған. Тек бір өзгешелігі – алдыңғы айтысушылар бірін-бірі біледі, Ізім ғана Мұратты танымайды екен. Ораз ақынмен айтысында да Мұраттың үстем тұрғаны байқалады. Ораз да, Мұрат та бұл айтыста еркін көсіле алмаған. Тек бір-бір қайырумен ғана шектеледі.

1868 жылы Мұрат жиырма бес жасында Кете Жаскелең ақынмен айтысқа түсті. Жылқышымен, Оразбен айтысып тәжірибе жинақтаған ол Жаскелеңді оп-оңай-ақ тізе бүктіреді.

М.Мөңкеұлының өлеңдері мейлінше көркем де әсерлі. Адамның жан дүниесінің бұлқынысы да айқын бейнеленіп отырады.

Мысалы:

Тайсойған, Орал бойы жүрген жерім,

Қызығын дәулетінің білген жерім.

Ат мініп, мырзалардан нар жетелеп,

Қызылын әуестікке киген жерім.

Қиғаш қас, оймақ ауыз, бал тамақты

Күнінде асаулықтың сүйген жерім

Қой сойып үй басына, ойын қылып,

Жиылып жүруші еді қыз бен келін.

Шалқыған тасқын судай көңілін басып,

Біреуге пенде болды кербездерім.

Ақын өзінің аз-ақ алдында өткен Исатай, Махамбет, Жолым, Тілеубай тағы басқалардың хан мен сұлтандарға қарсы халық үшін еткен ерлік істерін сүйсіне жырлап, оны өзінің айтыстарының өзегі етіп алады.

Бір сөзбен айтқанда, Мұрат Мөңкеұлы – өз талантын жан-жақты ашып көрсете білген ақын.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]