- •Бұқар жырау Қалқаманұлы
- •Жанақ Сағындықұлы
- •Дулат Бабатайұлы
- •Махамбет Өтемісұлы
- •Шернияз Жарылғасұлы
- •Шөже Қаржаубайұлы
- •Сүйінбай Аронұлы
- •Шортанбай Қанайұлы
- •Біржан сал Қожағұлұлы
- •Ыбырай Алтынсарин
- •Ақан сері Қорамсаұлы
- •Абай Құнанбайұлы
- •Жамбыл Жабаев
- •Шәңгерей Бөкеев
- •Мәшһүр Жүсіп Көпеев
- •Шәкәрім Құдайбердіұлы
- •Нұрпейіс Байғанин
- •Әсет Найманбайұлы
- •Ахмет Байтұрсынов
- •Омар (Ғұмар) Қарашев
- •Сара Тастанбекқызы
- •Тұрмағамбет Ізтілеуұлы
- •Міржақып Дулатұлы
- •Жүсіпбек Аймауытов
- •Мағжан Жұмабаев
- •Сұлтанмахмұт Торайғыров
- •Бейімбет Майлин
- •Сәкен Сейфуллин
- •Ілияс Жансүгіров
- •Сапарғали Бегалин
- •Мұхтар Әуезов
- •Бернияз Күлеев
- •Иса Байзақов
- •Сәбит Мұқанов
- •Ғабиден Мұстафин
- •Ғабит Мүсірепов
- •Әбу Сәрсенбаев
- •Хакімжанова Мариям
- •Әлжаппар Әбішев
- •Дихан Әбілев
- •Ғали Орманов
- •Тайыр Жароков
- •Әбділда Тәжібаев
- •Бауыржан Момышұлы
- •Қасым Аманжолов
- •Жұмағали Саин
- •Қалижан Бекхожин
- •Саттар Ерубаев
- •Ілияс Есенберлин
- •Мұқан Иманжанов
- •Хамит Ерғалиев
- •Мал қайтарған үніміз
- •Қасым Қайсенов
- •Жұбан Молдағалиев
- •Тұрсынхан Әбдірахманова
- •Әзілхан Нұршайықов (1922 жылы туған)
- •Сафуан Шәймерденов
- •Сырбай Мәуленов
- •Мұзафар Әлімбаев (1923 жылы туған)
- •Тахауи Ахтанов
- •Әбдіжәміл Нұрпейісов (1924 жылы туған)
- •Бердібек Соқпақбаев
- •Сара Мыңжасарова
- •Шона Смаханұлы
- •Қуандық Шаңғытбаев
- •Нығмет Ғабдуллин
- •Ғафу Қайырбеков
- •Қалтай Мұхамеджанов
- •(1930 Жылы туған)
- •Мұқағали Мақатаев
- •Кәкімбек Салықов (1932 жылы туған)
- •Шерхан Мұртаза (1932 жылы туған)
- •(Әкім Тарази)
- •Әубәкіров Оспанхан
- •Сағи Жиенбаев
- •Ғаббас Қабышұлы (1935 жылы туған)
- •Жұмекен Нәжімеденов
- •Қадыр Мырза Әли
- •1935 Жылы туған
- •Рамазан Тоқтаров
- •Тұманбай Молдағалиев (1935 жылы туған)
- •Кеше үйленген араздасты екі жас,
- •Ысқақ Қалихан (1935 жылы туған)
- •Айтхожина Марфуға (1936 жылы туған)
- •Қабдеш Жұмаділов (1936 жылы өмірге келген)
- •Құмарова Шәрбану (1936 жылы туған)
- •Төлеген Айбергенов
- •Асқар Сүлейменов
- •Оразбек Сәрсенбай (1938 жылы туған)
- •Әбіш Кекілбаев (1939 жылы туған)
- •Фариза Оңғарсынова (1939 жылы туған)
- •Мұхтар Мағауин (1940 жылы туған)
- •Нұржекеев Бексұлтан (1941 жылы туған)
- •Дулат Исабеков (1942 жылы туған)
- •Дүкенбай Досжан (1942 жылы туған)
- •Мұхтар Шаханов (1942 жылы туған)
- •Софы Сматаев (1942 жылы туған)
- •(1942 Жылы туған)
- •Оралхан Бөкеев
- •Ақұштап Бақтыгереева (1944 жылы туған)
- •Жәркен Бөдешұлы (1944 жылы 15 мамырда туған)
- •Жұматай Жақыпбаев
- •Медетбек Темірхан (1945 жылы туған)
- •Тынымбай Нұрмағанбетов (1945 жылы туған)
- •Ахметова Күләш (1946 жылы туған)
- •Мырзабеков Кеңшілік
- •Шөмішбай Сариев (1946 жылы туған)
- •Нұрлан Оразалин (1947 жылы туған)
- •Оразбаев Иранбек (иран-ғайып) Әбітайұлы (1947 жылы туған)
- •Марат Қабанбайұлы
- •Несіпбек Айтұлы
- •Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы (1954 жылы туған)
- •Есенғали раушанов (1957 жылы туылған)
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- •Мазмұны
Ыбырай Алтынсарин
(1841-1889)
Ыбырай Алтынсарин қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында Тобыл өзенінің бойында туған. Әкесі Алтынсары ерте қайтыс болып, атасы Балқожа бидің тәрбиесінде өседі. Балқожа өз заманының беделді, оқу-өнердің пайдасын білген адам екен. Сол Ыбырайдың бес жасар кезінде Орынборда ашылмақ болашақ орыс-қазақ мектебіне жаздырып қойыпты. 1850 жылы сол мектеп ашылғанда түскен 30 баланың бірі Ыбырай болған.
Қазақ балаларын орысша оқыту арқылы олардан қазақ даласын билейтін патша шенеуіктеріне көмекші әкімдер даярлау мақсатымен ашылған мектепке Балқожа би де немересін осы үмітпен берген. Бірақ Ыбырай мектепті жан-жақты білім алуға пайдаланған. Сабақты ерекше ынтамен оқиды. Сөйтіп, мектепті 1857 жылы “өте жақсы” деген бағамен бітіреді.
Содан кейін екі жылдай Ыбырай өз елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қазақ қоғамының қайшылықты тұрмысын тереңірек түсініп, оның болашағы жайлы ойлануда бұл аз уақыттың өзі Ыбырай өмірінде едәуір із қалдырады.
1859 жылы Ыбырай Орынбордағы Шекаралық комиссияға тілмаш болып ауысады. Бұл кезде ол Шекаралық комиссияның төрағасы, Шығысты зерттеуші белгілі ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын танысады. Атасы Балқожаны жақсы білетін және сыйлайтын Григорьев Ыбырайға аса ілтипатпен қарап, өзінің бай кітапханасын пайдалануға рұқсат берген. Осы кітапханада Ыбырай орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүниежүзі ағартушыларының еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайлы кітаптарды көп оқыған. Өз заман заманының озат ой-пікірімен танысқан. Әдебиет, саясат, ағарту саласындағы журналдарды да қараған.
Осылайша өз бетімен оқудың нәтижесінде білім қорын едәуір молайтқан Ыбырай өзінің болашағын тілмаш болудан емес, халыққа пайдалы қызмет істеуден іздейді. Оның бойында ағартушылыққа деген ынта туады. Сол заманның прогресшіл ағартушылық ой-пікірі негізінде оның көзқарасы қалыптаса бастайды. 1860 жылы Орал сыртындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп (Троицк, Торғай, Ырғыз және Қазалы қалаларында) ашуға ұйғарылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алады.
Бірақ жергілікті орындардың жәрдемі жеткіліксіз болып, мектеп ашу ісі созылып кетеді. Соған қарамастан, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, жұрттың оқуға ынтасын арттыру үшін біраз баланы өз үйінде оқытады.
Ыбырайдың арман еткен мектебі Торғайда 1864 жылы ғана ашылады. “Осы жылы қаңтардың 8 күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы қабылданды. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім”, – деп жазды ол белгілі Шығыс зерттеуші, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында.
Ыбырай мектептегі сабақ пен бүкіл тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен хабар беруге тырысады. Тәрбие жұмысын Ыбырай оқу арқылы әкім даярлау мақсатына емес, адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді.
Осы негізде Ыбырайдың, ағартушылық, демократтық көзқарастары қалыптасып, дамиды. Қоғамдық әділетсіздік пен адам бойындағы ұнамсыз мінездерге қарсы күресу үшін ол ел ішінде білім, өнер тарату ісін кеңейте беру керек деп ұғады.
1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушыларының еңбектерін зерттейді. Соларға еліктеп, қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. Сөйтіп, 1876 жылдан бастап “Қазақ хрестоматиясын” жазуға кіріседі.
“Қазақ хрестоматиясы” 1879 жылы Орынборда басылады. “Бұл кітапты құрастырғанда мен, – деп жазды Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім”. Сол мақсатпен Ыбырай “Қазақ хрестоматиясын” балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан алып, еркін аударды. Сонымен бірге кітапқа қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін іріктеп кіргізді.
“Қазақ хрестоматиясы” арқылы жеткен Ыбырайдың бүкіл әдеби мұрасы оның көркем шығарма жазуды ағартушылық идеясына бағындырғанын айқын көрсетеді. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, оны жақсы, үлгілі істерге үйрететін күшті құрал деп ұқты.
Ең алдымен, ол балаларды оқу-білімге үндейтін “Кел, балалар, оқылық”, “Өнер-білім бар жұрттар” деген өлеңдер жазды.
Оқысаңдар, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Өлеңнің әр шумағын оқудың пайдасын әр жақты түсіндіруге құра отырып, ақын соңғы жолдарды ылғи қайталап отырады.
Екінші өлеңде балаларға озық мәдениеті бар елдердің өнегесін үлгі етеді. Оқудағы мақсат – ел билейтін әкім болу деп ұғатын ескішіл замандастарына қарама-қарсы Ыбырай жастардың білімді адам болғандағы мақсаты – өз халқының бір керегіне жарау, оның ілгерілеуіне жетекшілік жасау, өз елін “тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын” елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенген Ыбырай арманын жастарға артты.
Ел ішіндегі қоғамдық әділетсіздік, зорлық, біреуді біреудің қанау сырын аңғартуда Ыбырайдың “Залым төреге”, “Әй, жігіттер” деген өлеңдерінің едәуір маңызы бар. Оның алғашқысы – қарапайым адамның төреге айтқан шағым монологы. Ол көрген әділетсіздігін айта отырып, келешекке сеніммен қарайды.
Оразаның түбіне мақсым жетер,
Азған елдің түбіне тақсыр жетер.
Әділдіктен хан тайса, наным кетер,
Жылай-жылай жарлының малы кетер.
Ай, тақсыр, бұл дүние өтер-кетер,
Мал иесі артыңнан қуып жетер.
Жарлылар да бір табар әділ қазы,
Таразылы күн болса, арыз етер,
– дейді.
“Әй, жігіттер” өлеңінде Ыбырай “азған елдің” хандарына, билеріне, қожасына, молдасына, байларына және жай адамдарына мінездеме береді. Олардың әділетсіздігін – “жарлыдан алып, байларға сыйлайтын” хандардың, “қорадағы малыңа төрелік” айтатын билердің, “көрмей-білмей, куәлік беретін” молданың, “бермек түгіл, бишараны мазақ қылатын” сараң байлардың, “айтсаң, тіліңді алмай, бір тәңірден ұялмай” жүрген арамза адамдардың қылықтарын шенейді. Бұл өлеңдер Ыбырайдың демократтық халықтық көзқарасын танытады. Ел ішіндегі езуші мен езілушінің қақтығысын жиі көрген және өзі де жапа шеккен ақын таптық қайшылықтың сыры оңайлықпен шешілмейтінін анық аңғартады.
Ыбырайдың “Өзен”, “Жаз” деген өлеңдері табиғат көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай тұтас лирикалық, пейзаждық өлеңдер Ыбырайға дейінгі қазақ әдебиетінде кездеспейтін. Оқырмандардың көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудару арқылы ел сүю, жер сүю, Отан сүюге тәрбиелейтін патриоттық өлеңдер орыстың демократтық, гуманистік әдебиетінің үлгісі болатын. Ыбырай өлеңдері – ақынның сол озық әдебиет дәстүрінде қазақ табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасалған елеулі талабы. Екі өлеңде де Ыбырай табиғат көрінісін жалаң алмай, халық тіршілігімен байланыстыра көрсетеді. Сол арқылы табиғат пен адамның байланысын, табиғаттың адам ісіне, еңбекке, ой-сезіміне тигізер жанды әсерін бейнелейді.
“Қазақ хрестоматиясына” кірген әңгіме-новеллаларында Ыбырай жастарды еңбекті сүюге, оқу-өнерге ұмтылуға, Отанын, елін сүйетін патриоттық сезімге, талапты, жігерлі, кішіпейіл болуға баулиды. Жалқаулықты, қиянат жасауды, надандықты сынап, жас ұрпақты ондай әдеттерден аулақ болуға үндейді. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді.
“Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш” әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін айта келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа дейді.
“Атымтай жомарт” әңгімесінде жазушы халық арасындағы Атымтай жомарт туралы аңыздарға жаңаша мазмұн беріп, өзінше қорытады. Атымтайды ол еңбек адамының үлгісі етіп көрсетеді. Еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ Атымтай ылғи жұмыс істейді. “Күн сайын өз бейнетімен тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады” – дейді ол.
“Бай баласы мен жарлы баласы” атты әңгімесінде Ыбырай еңбекке деген екі түрлі қоғамдық көқарасты бейнелейді. Көшкен елдің жұртында қалған екі баланың бір тәулік ішінде басынан кешкендерін суреттеу арқылы сол балалардың өмір тануы, тіршілікке икемділігі жайлы мәселеге әлеуметтік мән береді.
Жазушының шығармаға жасы құрбы екі баланы алып, оларды бай мен кедейдің өкілі етіп суреттеуінің сыры да оның идеясынан айқын көрінеді. Жарлы баласы Үсен – тұрмыстың тепкісін көре жүріп, ысылған еңбек адамы. Ауыл көшіп, жұртта қалған екі баланың далада тамақ тауып жеуіне, ауылдың қалай қарай көшкенін аңғаруына, түнде далаға түнегенде ит-құстан сақтануына Үсеннің тапқырлығы мен еңбекқұмарлығы себеп болады. Ал бай баласы Асан – өмір үшін күресудің жолын білмейтін, шыдамсыз, еңбекке икемі жоқ жан. Кісі еңбегімен күн көріп, жаман үйренген, бейнетсіз тоғышар болып өскен бай баласының басына күн туғандығы дәрменсіздігін суреттеу арқылы жазушы келешек Үсендер жағында екенін аңғартады.
Елді отырықшылыққа, егіншілікке үгіттеу – “Қыпшақ Сейтқұл” әңгімесінің негізгі түйіні. Сейтқұлдың барлық іс-әрекеттерінен жазушы өмірге жаңаша талап жасап, отырықшы болуға, тіршіліктің пайдалы түріне көшуге ұмтылған адамның бейнесін көреді. Сейтқұл өзімен қоныстас отыз үйлі кедейді отырықшы болып, егіншілікпен шұғылдануға үйретеді.
Адам бойындағы талаптылық, мейірімділік, рақымды болу, төзімділік сияқты жақсы қасиеттерді жазушы “Талаптың пайдасы”, “Мейрімді бала”, “Аурудан аяған күштірек” т.б. әңгімелеріне арқау еткен.
“Қазақ хрестоматиясына” жазған алғы сөзінде Ыбырай біраз шығармалардың “Түрлі орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан” аударылып алынғанын айтады. Бұл – Ыбырайдың қазақша оқулық жасауда орыс оқулықтары үлгісін пайдаланумен бірге, балаларға тәрбие беретін шағын шығармалардың басқа халықтағы нұсқаларын да кітапқа кіргізу ниетін ұстағанын көрсетеді. Сол арқылы Ыбырай жастарды озық әдебиеттер үлгілерімен, орыстың ағартушылық ой-пікірмен таныстырды.
Олардың аудармалары көп жағынан еркін. Жазушы кейбіреулерінің сюжеті мен тақырыбын алып, өзінше жазған. Қазақ тұрмысына жақындатып, өзінің төл әңгімелерімен қатар қойған. “Бір уыс мақта”, “Алтын шеттеуік”, “Тәкаппаршылық”, “Әдеп” (Паульсоннан), “Силинчи ханым”, “Мұңсыз адам”, “Данышпан қазы”, “Үш ұры”, “Жақсылыққа жамандық”, “Жаман жолдас” (Л.Толстойдан), “Түлкі мен ешкі”, “Сауысқан мен қарға” (К.Ушинскийден), “Қайырымды түлкі” (И.Крыловтан), т.б. әңгіме-мысалдардың Ыбырайдың өзінің төл шығармаларындай болып тұратыны да сондықтан.
Сонымен қатар, “Қазақ хрестоматиясына” қазақтың балаларға лайық ауыз әдебиеті үлгілерінен әр түрлі аңыз әңгімелер (“Лұқпан Хакім”, “Жиренше шешен”, “Таза бұлақ”, т.б.), ертегілер (“Қара батыр”, “Тазша бала”, “Алтын айдар”), эпостық шығармалардан (“Қобыланды”) үзінділер кіргізілді.
1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол жаңа үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) уездік жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылады. Бұл мектеп қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды.
Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – ұлы ағартушының бұл тұрғыда жасаған үлкен еңбегі.
Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды күн тәртібіне қояды. 1881 жылы Орск қаласында тұңғыш мұғалімер мектебі ашылады.
Ыбырайдың инспекторлық және ағарту саласындағы қызметін аталған мектептерді ашу ісімен шектеуге болмайды. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие ісін жаңаша ағартушылық бағытта ұйымдастырды. Бұл тұрғыда ол мұғалімнің атқаратын рөлін айрықша бағалады.
Ыбырай туған халқының болашағына зор сеніммен қарады. “Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру – қалай дегенмен де аса қажет болып отыр”, – деп жазды ол 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында.
Осы жолда, халық пен оны ағарту мүддесін қорғау жолында ол көп қиыншылықтар да кездестірді. Ел ішіндегі ескішіл көқарастарды, парақорлық пен өсекшілдікті аяусыз әшкерелеп отырды. “Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек”, – деп санады. Бұл – Ыбырайдың демократтық, ағартушылық көзқарастарының толысқандығының көрінісі.
Қазақ халқын мәдениетке үндеп, халық ағарту мәселесінде көп еңбек еткен қазақтың тұңғыш педагогі, әрі ақын, әрі жазушы Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы жүрек ауруынан қайтыс болды.
“Оренбургский листок” газетінде берілген қазанамада оның орыс достары: “Ыбырай Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұғыш кемеңгер адам еді, ол өзінің қараңғы, көшпелі халқының ішіне еуропалық мәдениеттің жарық сәулесін таратты және оларды Ресейді сүюге шақырды”, – деп жазды.
Бұл – Ыбырайдың тарихи еңбегіне берілген зор баға еді. Және ол күні бүгінге шейін маңызын жойған жоқ.
