- •Бұқар жырау Қалқаманұлы
- •Жанақ Сағындықұлы
- •Дулат Бабатайұлы
- •Махамбет Өтемісұлы
- •Шернияз Жарылғасұлы
- •Шөже Қаржаубайұлы
- •Сүйінбай Аронұлы
- •Шортанбай Қанайұлы
- •Біржан сал Қожағұлұлы
- •Ыбырай Алтынсарин
- •Ақан сері Қорамсаұлы
- •Абай Құнанбайұлы
- •Жамбыл Жабаев
- •Шәңгерей Бөкеев
- •Мәшһүр Жүсіп Көпеев
- •Шәкәрім Құдайбердіұлы
- •Нұрпейіс Байғанин
- •Әсет Найманбайұлы
- •Ахмет Байтұрсынов
- •Омар (Ғұмар) Қарашев
- •Сара Тастанбекқызы
- •Тұрмағамбет Ізтілеуұлы
- •Міржақып Дулатұлы
- •Жүсіпбек Аймауытов
- •Мағжан Жұмабаев
- •Сұлтанмахмұт Торайғыров
- •Бейімбет Майлин
- •Сәкен Сейфуллин
- •Ілияс Жансүгіров
- •Сапарғали Бегалин
- •Мұхтар Әуезов
- •Бернияз Күлеев
- •Иса Байзақов
- •Сәбит Мұқанов
- •Ғабиден Мұстафин
- •Ғабит Мүсірепов
- •Әбу Сәрсенбаев
- •Хакімжанова Мариям
- •Әлжаппар Әбішев
- •Дихан Әбілев
- •Ғали Орманов
- •Тайыр Жароков
- •Әбділда Тәжібаев
- •Бауыржан Момышұлы
- •Қасым Аманжолов
- •Жұмағали Саин
- •Қалижан Бекхожин
- •Саттар Ерубаев
- •Ілияс Есенберлин
- •Мұқан Иманжанов
- •Хамит Ерғалиев
- •Мал қайтарған үніміз
- •Қасым Қайсенов
- •Жұбан Молдағалиев
- •Тұрсынхан Әбдірахманова
- •Әзілхан Нұршайықов (1922 жылы туған)
- •Сафуан Шәймерденов
- •Сырбай Мәуленов
- •Мұзафар Әлімбаев (1923 жылы туған)
- •Тахауи Ахтанов
- •Әбдіжәміл Нұрпейісов (1924 жылы туған)
- •Бердібек Соқпақбаев
- •Сара Мыңжасарова
- •Шона Смаханұлы
- •Қуандық Шаңғытбаев
- •Нығмет Ғабдуллин
- •Ғафу Қайырбеков
- •Қалтай Мұхамеджанов
- •(1930 Жылы туған)
- •Мұқағали Мақатаев
- •Кәкімбек Салықов (1932 жылы туған)
- •Шерхан Мұртаза (1932 жылы туған)
- •(Әкім Тарази)
- •Әубәкіров Оспанхан
- •Сағи Жиенбаев
- •Ғаббас Қабышұлы (1935 жылы туған)
- •Жұмекен Нәжімеденов
- •Қадыр Мырза Әли
- •1935 Жылы туған
- •Рамазан Тоқтаров
- •Тұманбай Молдағалиев (1935 жылы туған)
- •Кеше үйленген араздасты екі жас,
- •Ысқақ Қалихан (1935 жылы туған)
- •Айтхожина Марфуға (1936 жылы туған)
- •Қабдеш Жұмаділов (1936 жылы өмірге келген)
- •Құмарова Шәрбану (1936 жылы туған)
- •Төлеген Айбергенов
- •Асқар Сүлейменов
- •Оразбек Сәрсенбай (1938 жылы туған)
- •Әбіш Кекілбаев (1939 жылы туған)
- •Фариза Оңғарсынова (1939 жылы туған)
- •Мұхтар Мағауин (1940 жылы туған)
- •Нұржекеев Бексұлтан (1941 жылы туған)
- •Дулат Исабеков (1942 жылы туған)
- •Дүкенбай Досжан (1942 жылы туған)
- •Мұхтар Шаханов (1942 жылы туған)
- •Софы Сматаев (1942 жылы туған)
- •(1942 Жылы туған)
- •Оралхан Бөкеев
- •Ақұштап Бақтыгереева (1944 жылы туған)
- •Жәркен Бөдешұлы (1944 жылы 15 мамырда туған)
- •Жұматай Жақыпбаев
- •Медетбек Темірхан (1945 жылы туған)
- •Тынымбай Нұрмағанбетов (1945 жылы туған)
- •Ахметова Күләш (1946 жылы туған)
- •Мырзабеков Кеңшілік
- •Шөмішбай Сариев (1946 жылы туған)
- •Нұрлан Оразалин (1947 жылы туған)
- •Оразбаев Иранбек (иран-ғайып) Әбітайұлы (1947 жылы туған)
- •Марат Қабанбайұлы
- •Несіпбек Айтұлы
- •Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы (1954 жылы туған)
- •Есенғали раушанов (1957 жылы туылған)
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- •Мазмұны
Тұрсынхан Әбдірахманова
(1921-2003)
Қазақ КСР халық ақыны, Қазақ КСР Халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының, «Парасат» орденінің лауреаты, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі.
Әбдірахманова Тұрсынхан 1921 жылы 5-қарашада қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданына қарасты «Бөке» деген кеніште туған.
1959 жылы «Ән» деген атпен тұңғыш жинағы жарық көрді. Содан бері қырыққа жуық жыр жинағы оқырманға ұсынылды. Олардың біразы орыс тіліне аударылып, жеке кітап болып шықты, кейбір өлеңдері чех, неміс, ағылшын, испан, француз, араб, корей, және басқа шетел тілдеріне аударылды.
«Өзім туралы» атты өлеңінде Қасым дәстүрін жалғастыра білген ол Аманжолов тәрізді өзі туралы толық мағлұмат бере білді. «Ән», «Ән әсері», «Ән қанатында», «Күй», «Мақпал әні», «Өлеңім», «Азығым» сынды өлеңдерінде өнерді жоғары дәріптеген ақынның «Тоңсам, өлең жазамын да, Қызуына жылынам. Күйсем, желпіп тағы өлеңмен, Сая табам, суынамын» дей отырып, өлеңге жоғары талап қойғанына өз шығармалары мысал.
«Адамдық», «Сұлулық», «Адам», «Қол», «Еңбек» атты өлеңдерінде адалдық пен адамдықты қатар ұстана отырып, «Дүниеге мені әкелген Еңбек сен – ғазиз анамсың» деп тек қана еңбекпен шыныққан адам ғана сұлу болады деген тұжырым жасайды. Адамдықты әрбір адамның борышы деп түсінген ол «Жер басып әркім жүреді, бірақ адаммын, Дегейсің, адам қалпыңды биік сақтасаң» деп түйіндейді.
Ақын лирикасынан үлкен орын алатын – туған жер туралы өлеңдер. Өзінің туған жеріндегі Бөке өзені туралы «Өзі шағын, суы мол, толқыны асау Мен кішкентай Бөкеме тартып туғам» дейтін ақын әрбір жердің өзіндік ерекшелігіне баса көңіл аударады. Туған жердің тасын да, суын да «Туған жер», «Бөке өзені», «Қатпас бұлақ», «Жылқыасқан» сынды өлеңдерінде жырлаған ол бір өңірден шығып, Қазақстанның түпкір-түпкірін жырға қосты. «Семейге» атты өлеңінде «Ақ Ертіс, әсем екен жағаң бүгін Төгілген қалың жыныс қолаң бұрым» десе, Шыңғыстауды «Ырыс-бақ ұялаған құтты қоныс» деп бейнелейді. «Шу өзенінде» ағыны қатты өзенді «Екпініменен лықсытып, Кетердей тауды еңсеріп» деп бейнелесе, «Ақ Еділде» «Қырың құт, баурайың бақ Еділ, Халықтың ырысы дер едім» дейді. Сұлу Көкшеге өлең арнамаған ақын жоқтың қасы. Тұрсынхан да «Көкше» атты өлеңінде «Түкті кілем тоқып шебер табиғат, Оқжетпестің етегіне жайғандай» деп бейнеледі. Осындай «Сырдария», «Қызылорда», «Шиелі», «Жаңақорған», сынды жекелеген жерлерге арналған өлеңдер жинақтала келіп, Отан, Қазақстан, өлке деген ұғымға ұласты. «Еңбек күйін шырқап, билеп тұр толқып, Біздің жомарт, астықты тың өлкеміз» деп Отанға миллиард пұт астық тапсырған Қазақстанның ен байлығын еңбектің нәтижесімен көрсеткен ақынның туған жер туралы өлеңдерінен асқақ сезімі анық байқалады.
Ол бірсыпыра өлеңдерін туған жерге арнаса, енді бірсыпыра өлеңдерін жекелеген адамдарға арнады. «Өзіңсің поэзия Гималайы» (Ілиясқа), «Сәбит ағамен сырласу», «Мәншүк», «Мұхтар ағаға», «Буыржан ағаға», «Ақын» (Ілиясқа), «Шолпан», тағы басқа өлеңдері арнау өлеңдердің қатарын толықтырады.
Оның «Менің ғажап кеңпейіл байтақ жұртым», «Көрші хақы», «Дәм»,» Тұз», «От», «Құдайы қонақ», «Базарлық» өлеңдерін – этногрфиялық өлеңдер деп айтуға негіз бар. Себебі, осы аталған жырларында ақын қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабар бере отырып, ұлттық ерекшеліктерін «Бұл қазақ деп тани бер кезіксеңіз, Мол дастархан, кең пейіл тірлік барға» деп көрсете білген.
«Достық лебіз», «Қарақұм», «Қара теңізге», «Кипарис», «Кавказ шыңы», «Магнолия», «Бестау», «Машук», «Армысың, ақын Сильваның елі», «Сәлем, саған Ферғана», «Тақия», «Сәлем өзбек қызына», «Самарқан», «Он екі ару қаласы», «Ұлы Петр шыңы», «Эстондықтар», «Музей қала», «Кактустер», «Армысың, Бағдат», тағы басқа өлеңдері қазақ поэзиясындағы достық туралы өлеңдердің қатарын толықтырады. Ақын бұл өлеңдерінде өзі жүрген жерлерді жырға қоса отырып, достық қарым-қатынас пен бейбіт өмірді жырлады.
Шағын лирикаларын оқиғаға құра білген ақынның «Әсем», «Мамам бәрін біледі», «Суретші», «Аяды», «Аулада» және басқа өлеңдері қазақ балладасының қатарын толықтырары даусыз. «Ешкіөлмес», «Партизан әйел туралы балладалары» – қазақ балладасының жақсы үлгілері. «Ешкіөлместе» Талдықорған облысындағы Ешкіөлмес тауының не себепті солай аталатындығына қанықсақ, «Партизан әйел туралы балладасынан» партизан ана мен ез ұлы арасындағы оқиғаға кезігеміз.
Ақын поэзиясынан мысал өлеңдер де орын алады. «Құзғын мен бұлбұл» атты мысалында құзғынға жалпақтаған жапалақтар мен бұлбұлдың өмірі арқылы адамдар арасындағы бақталастықты сынады.
Оның поэзиясынан үлкен орын алатын – ғибрат өлеңдер. Ақын өмір жайындағы ұстанымдары мен тұжырымдарын «Ақымақтар арасында Ақыл сөйлеп ары қалмас. Жүрегіңді зар жайласа, Жеген балдың дәмі болмас» деп өсиет ретінде жеткізуде табысқа жетті.
«Қазақ қызы» (кейін «Дала қызы» деп жарияланды), «Коммунист туралы толғау», «Обал, сауап, борыш», «Ірілік пен тірілік», «Бір үзім нан», «Саясат туралы толғау» сынды толғаулары қазақ поэзиясындағы толғау жанрын байытты деп айтуға болады. «Қазақ қызы» поэмасында «Бір сырлы, сегіз қырлы құдіретті, Жеткізіп айта алар ма қыз қадірін» дей отырып, қазақ халқының арғы-бергі тарихына көз жүгіртті. Мамыр, Еңлік, Баян, Айғыз аналардан бастап, Қазан төңкерісінен кейінгі Ыбырай мектебінен білім алған қазақтың тұңғыш оқымысты қызы Нәзипа, ақын Шолпан Иманбаева, тұңғыш Нарком Нағима Арыққызы, әнші Майра мен Күләш, күйші Дина, биші Шара, Қазақстан Парламентін жиырма жыл басқарған Шекер апай, Кеңес одағының батырлары Мәншүк пен Әлия, ақын Мәриям Хакімжанова, әнші Бибігүл, қылқалам шебері Гүлфайруз сынды нақты кейіпкерлер арқылы қазақ қыздарының жеткен биігін көркем бейнеледі.
«Коммунист туралы толғаудан» жетпіс жылдан аса өмір сүрген коммунистік партия мен оның мүшелері туралы толық мағлұмат алуға болады. Келесі толғауларында обал, сауап, борыш пен ірілік, тірілік туралы да жақсы ой тастады.
Ақын поэмаларының негізгі ерекшелігінің бірі – тарихилық. Ол негізінен жекелеген кейіпкерлер өмірі мен қазақ тарихынан хабар беруден байқалады. Осы тұрғыда «1932», «Елім-ай» атты түрі жағынан публицистикалық поэмаларын атауға болады. «1932» атты поэмасында ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы жан түршігер атышулы ашаршылыққа жан бітіреді. Ақын қазақтың кең сахара даласынан көр бұйырмай көмусіз қалған үш миллион жанға ескерткіш салу керектігін баса айтты.
«Елім-ай» поэмасында да қазақ халқының ХХ ғасырдағы тарихи оқиғаларына кездесеміз. Кешегі Қабанбай, Бөгембай, Махамбет, Саурық сынды батырлардың найзаның ұшымен қорғаған кең байтақ жерінің патша ағзамның «кесіп ал да, билей бер» саясатына ұшырағаны ащы болса да шындық. «Жеріңнің шұрайлысын бөліп беріп, Бағындың, басыңды иіп барша заңға» дей келіп қазақтың Ресейге қосылғанынан бергі уақыттан хабар береді. Мұнда бірінші дүние жүзілік соғыста қазақтарды окоп қазуға алғандығы, Голощекиннің «Кіші Октябрь» жасауы, алаш зиялыларын жаппай қыру, Кеңес өкіметіне қызмет еткен Тұрар Рысқұлов сынды азаматтардың да Сталиндік жаппай қырғыннан аман қалмауы, Карлаг, Алжир, Гулактағы түрме мен лагерлердің талай жанның түбіне жеткені, жер қойнауын қазбалағандардың экологияны бүлдіруі, Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтың ерлігі бағаламай, батыр атағын бермеуі, кеңестік дәуірдің ата-баба зиратын бұзып тегістеуі (Мәшһүр Жүсіп), қазақ мектептерінің жойылуы, тың жерді игереміз деп жердің эрозияға ұшырауы, ядролық қоқыс пен озон, космодром, полигонның қазақтың жері мен еліне шаш-етектен алып келген зияны, Желтоқсан оқиғасы, тәуелсіздік тұсындағы Еуропаға еліктеген жастардың әдет-ғұрыпты ұмыта бастауы, арды аяқ асты етуі, көкек аналар мен тастанды балалардың көбеюі – бәрі де қамтылған. Аты аталған тарихи оқиғалар мен бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселелерінің бәрін де ақын үлкен азаматтық үнмен жырлай білді.
«Сыр» атты поэмасында Ауатком хатшысы Толымжан мен Ақан өкіл арасындағы бір сәттік оқиғадан екі балалы Ақанның жас қыздың басын әлекке салмақ болған арам пиғылын әдемі бейнелесе, «Анар» атты поэмасында «О, жарандар, қараңдар, тас жылайды, Тас жылайды аһ ұрып, жас бұлайды» деп бастап, Қырым еліндегі бір аңызды тірілтті. «Ақ алмасты мұқалтқан меңіреу тас, Ақ тарыдай иленіп, жаншылады» дей отырып, оның сырын ашу үшін шегініс жасайды. Қара тасты зар илеткен өнерінің арқасында бостандығынан айрылып құл болып жүрген шебер Омар да еркіндік алады. Осылайша, ақын Қырымдағы хан сарайы Бақшасарайдың құпиясын ашады. Аңызға құрылған поэманың бірі – «Қызкөл». Мұнда ақын Есіккөлге ұқсайтын Кавказдың Рица көлінің тарихынан хабар береді.
«Қаракер» поэмасы Нарботаның «Шапса – құс, Жортса – бөкен, Желсе – мая» Қаракеріне арналған. Автор қазақтың жүйрікті союға болмайды дегенін талай бәйгеден жүлдені шаппай алған атақты жүйріктің қартайған шағымен көрсетеді. Кезінде «Қара пері» атанған жүйріктің аяғына қан түсіп, тісі тозып, жемнен қалған сәтіне кезігеміз. Ол бір-ақ рет берілетін өмірде намысқа тырысып бағу керектігін жүйріктің соңғы сәтімен бейнелей білді.
«Екі кездесуде» Алтай мен Тәтібайдың екі рет кездесуінен үлкен қорытынды жасайды. Оның біріншісі – Тәтібайдың діні қатты қатыгездігін, екіншісі – «Таспен ұрғанды аспен ұрған» Алтайдың үлкен адамгершілік иесі екенін танытады. Кешегі ауыр да қасіретті күн мен бүгінгі бейбіт өмірді салыстыра сөз еткен ақын ел өмірін параллелизм арқылы бейнелей білген.
«Ілияс – пір тұтарым, Қасым – ағам, Қалайша бұрқақтамай басыла алам», – дейтін ақын қыз Ілияс Жансүгіров пен Қасым Аманжоловтың поэзиясын зерттеу нысанына алып, 1964 жылы «Ілияс Жансүгіровтың лирикасы» атты тақырыпта кандидаттық, 1981 жылы «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» атты тақырыпта докторлық диссертация қоғады.
Ақын, ғалым, әнші Тұрсынхан Әбдірахманова – қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар қаламгер. Оның қаламынан туған көңіл-күй, табиғат, махаббат, азаматтық лирикалары мен эпикалық поэмаларының құндылығы өз заманындағы аса зәру мәселелерді дер шағында жырға қосуынан байқалады. Ақынның өзі өмір сүрген дәуір материалдарын іріктей отырып жырға қосқанына лирикалық, эпикалық шығармалары мысал. Ақын поэзиясымен бірге әдебиеттану ғылымының талап-тілектеріне сай жазылған зерттеулерінің де ғұмырлы екені анық.
