Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
zhuz_sheber_sony.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.6 Mб
Скачать

Сағи Жиенбаев

(1934-1994)

Қазақтың көрнекті лирик ақыны.

1934 жылы 15-мамырда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында өмірге келген. Осы жердегі орта мектепте оқып, оны тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетіне түсіп оқиды. Оны бітіргеннен кейін 1955 жылы Жезқазған қаласының №10 орта мектебіне мұғалімі болып орналасып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Бірақ шынайы ақындықты арман еткен жас 1956 жылы Алматы қаласына ауысып, «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінің, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарының редакцияларында жұмыс жасайды. Көп жылдар бойы «Жазушы» баспасының поэзия редакциясын басқарды. Өмірінің соңғы жылдары «Ақ Орда» журналының бас редакторы қызметін атқарды.

Дүние құбылыстарын барынша шеберлікпен жырлай білген ол – отыздан астам өлеңдер мен поэмалар кітабының авторы. «Қарлығаш» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1959 жылы жарық көрген. Ұлы жазушы М.Әуезовтің өзі жас ақын шығармашылығы туралы «С.Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін ризалықпен оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар... – поэзияға керек нәрсе осы, шыншылдық» – деген екен.

Ақын лирикасының ұтымдылығын ондағы шындық пен шеберліктің шынайы ұштасуында, үн мен ұғымның сұлу үйлесімінде жатыр деп бағалауға болады. Оның өлеңдерінде көркемдік құралдары дәл қолданылып отырады.

Сағи Жиенбаев поэзиясының айтулы қасиеті – Отанға, туған жерге, биік адамдық атқа деген нәзік те асқақ сезімінде, тәрбиелік мәнінде. Оның туған жерді қастерлеу, Отанды сүю, еңбекке баулу, адамгершілік, табиғат әсемдігін сезіне білу және т.б. алуан түрлі тақырыптарға жазылған өлеңдері тәлім-тәрбиелік қуатымен де назар аудартады.

Ақынның өзіндік бір қырларымен оқырман көзіне жас, көңіліне мейірім ұялататын бір өлеңі – «Әйелдер». Қазіргі аналар, аяулы әжелер Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға әкесін, ағасын, бауырын, жарын шығарып салған бойжеткендер мен келіншектер – қандай жыр-дастандарға да арқау болуға лайықты адамдар.

Ақынның ең таңдаулы өлеңдері музыка тілінде де сөйлеп, халық арасында кең тарап кетті. Атап айтқанда, олардың ішінде «Қарттарым, аман- сау жүрші», «Ана», «Елім менің», «Бейбітшілік жыры», «Ашық аспан», «Ауыл азаматтары», «Таң бұлбұлы», «Соғыс ардагері», «Қайдасың сен?», «Дәурен-ай» және т.б. өлеңдері бар. Сонымен бірге-ақ «Еңлік-Кебек», «Махамбет», «Боранды Едіге» либреттоларының авторы.

Сағи Жиенбаев әлем поэзиясының аудармашысы ретінде жемісті еңбек етті. Оның аудармасында Байронның, Пушкиннің, Туманиянның, Лермонтовтың және басқа әлем әдебиеті классиктерінің өлмес туындылары қазақ тілінде көркем тілмен сөйледі.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі ретінде С.Жиенбаев қазақ әдебиетінің жас өркенін, әсіресе, лирика жанрындағы ізбасарларын тәрбиелеп өсіруге көп күш жұмсаған.

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Сағи Жиенбаев оқырман қауымның назарын өзінің мөлдір лирикаға толы, көркемдігі кенеулі өлеңдерімен аударған болатын. Көркемдік әлемінің өзіндік талаптары бар екендігі – өмір қойнауынан, эстетикалық болмыстан туындайтын ақиқат. Осы тұрғыдан алып қарағанда, шынайы көркемдік заулап өтіп жатқан уақыт желіне мүжілмейді, ескірмейді, керісінше, әрбір оқыған сайын жаңа болып көрінеді. Сағи Жиенбаев өлеңдерінің көркемдік-эстетикалық болмысы да нақ осындай ескірмейтін қалыптан көрінеді.

Зерттеушілер бұл ақынның шығармаларын тақырыптық жағынан негізінен үш топқа бөліп қарастырады. Ол тақырыптар – көркемсөз зергерлерінің қай-қайсысы да аттап өте алмайтын ең негізгі қасиетті тақырыптар. Олар – туған жер, Отан, табиғат және махаббат. Ақын бұлардың қай-қайсысын да өзіне тән өрнекпен, үздіккен лирикалық сезіммен жырлай білді. Өзінің жүрек түбінде аунақшыған сезім күйлерін оқырманға бейнелі түрде жеткізуге барын салып бақты. Соның нәтижесінде өмірге адам жанының жарқырап түскен сәулесіндей болып көркем пішілген жырлары өмірге келді.

– Қайдансың?

– Қазақстаннан!

Шығады жарқын дауысым.

Көтеріп мені ұшқандай

Көгілдір дала, кәрі шың.

Бастарын изеп,

Жұрт елтіп,

Бір-бірін мақұлдатады...

Көтеріп мені,

Үлкейтіп, тауларым келе жатады.

Елестеп сол шақ көзіме,

Қырларым,

Қала,

Қыстағым,

Арқамды сүйеп өзіңе,

Тұрамын, Қазақстаным,

– деген шумақтар алғаш рет оқыған оқырманның өзіне соншалықты таныс болып көрінеді. Өйткені бұндағы айтылар ой әрбір қазақстандықтың көкірегінде жүрген патриоттық сезіммен оңай үндесіп жатыр. Ақынның өз ойын жеткізуі қарапайым да көркем, сондықтан да жанымызға жақын. Осы сипаттас жарқын шумақтар ақын лирикасында жиі ұшырасады.

Туған жер табиғатын сезім жылылығымен бейнелейтін мына бір жолдарға назар аударайықшы. Әсем кестеленген ықшам штрихтар көз алдыңызға әсерлі суреттерді тізіп береді:

Шығып ап еркін көгіне,

Қанатын ерке жайқалтып,

Барады құстар жолымен

Ауаны көлдей шайқалтып.

Жалтылдап жалы асқардан,

Жарысып ойнап, аптығып.

Соғады жақпар тастарға

Толқынды толқын лақтырып,

– дейді ақын өз көзімен көрген көріністерді қолмен қойғандай етіп бейнелеп. Қысқа қайырылған бұл жолдарда образ да, сезім де, ой да бар. Өлеңді бір оқып шыққан оқырман өзі күнде көріп жүрген туған жер табиғатына енді басқаша көзбен қарай бастайды. Өз Отанымызға, туған жерімізге сүйіспеншілігімізді арттыратын мұндай көркем шумақтар Сағи өлеңдерінде жиі ұшырасып отырады.

«Көргенін түсінетін Сағи, төңірегін, тіпті табиғат көріністерін де мәңгі қозғалыс қалпында қабылдайды. Ақын ұғымындағы қозғалыс. Ол табиғатты құрғақ суреттеп жатпайды, әдемі ырғақ, келісті сөзбен баяндап, бір кезде көргенмен, есте сақталмаған ғажайып көріністерді қайтадан көз алдыңа әкеледі» (Шаңғытбаев Қ. Сағи лирикасы. Кітапта// Жиенбаев С. Іңкәр дүние, – Алматы: Жазушы, 1981, 392 бет, 7-8-беттер) дейді қазақтың көрнекті ақыны Қуандық Шаңғытбаев ақын жырлары туралы ой толғай келіп.

Ғашығын ойлаған лирикалық кейіпкер оның есімін жағалаудағы құмға дірілдеген саусақтарымен жазады, оны тентек жел өшіріп тастайды. Ақ қарға жазады, долы боран басып тастайды.

Гүл жапты талай белеңді,

Бұрқады талай ақ боран.

Атыңды сенің мен енді

Кеудеме жазып сақтағам.

Сақтаулы сонда бейнеңмен

Сонау бір балғын күлкің де.

Енді оны менің кеудемнен

Өшіру, сірә, мүмкін бе? – дейді ең соңында ғашық жігіт.

Бұл арадағы лирикалық кейіпкердің толғана отырып жасаған шешімі өзгеше. Сүйгеніңді жадыңнан шығармаудың, ешқашан ұмыттырмаудың төте жолы оның қадірлі есімін кеудеңе жазу екен. Бұл арада «Мен сені сүйемін, күйіп-жанамын» дейтін ашық ынтызарлық жоқ. Лирикалық кейіпкер өзінің махаббатты соншалықты қастерлей білетіндігін ойын астарлап, ишаралап жеткізу арқылы аңғартып тұр. Сезім тәрізді нәзік тақырыптың өзінде осындай символиканы ұтымды пайдалана білген ақынның махаббат тақырыбын ерекше құрметпен, нәзіктікпен жырлауының көрінісі деп ой түюге болады.

С.Жиенбаев – балалық шағы Ұлы Отан соғысының өртіне шарпылған ұрпақтардың санатынан. Оның өз балалық шағы жайлы жазылған өлеңдерінің ауыр тыныспен, ерекше күрсініспен оқылатыны да сондықтан. Оның Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған өлеңдері поэзиямыздың үздік үлгілері қатарында. Атап айтқанда, «Сыртта боран ұлып тұр», «Сүт туралы баллада», «Күткен күн», «Жеңістің тұңғыш таңы бұл» өлеңдері, «Жер құдіреті» жинағындағы «Ескерткіш», «Соғыс кезіндегі сәбилер», «Бейбіт басындағы белгі» және т.б. өлеңдері көркем жазылуымен назар аударады. Өмірдің күрделі де нәзік сырларына жетелейтін «Тарту», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Таң алдында», «Қайырлы таң», «Ақ толқын», «Киік», «Есімде сол бір көктем», «Әлия», «Гүл дәурен», «Оймауытым», «Бозторғай», «Іңкәр дүние» және өлеңдері өздерінің көркемдік деңгейінің жоғарылығымен кезінде қазақ поэзиясының кезекті табысы саналды. Оның Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова, Нүркен Әбдіров туралы дастандары таңдаулы қазақ поэмаларының қатарынан табылады.

Ұлы Отан соғысының бүкіл қазақстандықтар үшін орны толмас қасірет болғанын ақын ықшам өлеңдері арқылы да шеберлікпен жеткізе білді. Мысал үшін алғанда, «Ескерткіш» атты өлеңі соғыс құрбандарына арнап қойылған ескерткіш туралы сыр толғайды. Тастан соғылған сол ескерткіште лирикалық кейіпкердің әкесінің есімі де жазылыпты. Әкесі майданға аттанған кезде емшекте қалған жас баланың жадында ол кісінің бейнесі сақталмаған да. Енді азамат болған уақытында сол қымбатты адамының есімін қашалған тастан оқып, жан жүрегі елжіреп кетеді. Бұл арада соғыс трагедиясын күшейтіп тұрған ұтымды деталь – кейіпкер жігіттің ышқына дауыстап «көке» деп айтқан бір ауыз сөзі.

Сағи өлеңдерінің бір тобы халықтар достығына, өзі болған жерлердегі сапар саздарына арналған. Бұл тақырып бейбітшілік, адамзат теңдігі төңірегіндегі ұтымды ойларды өрнектеудің таптырмас құралы ретінде көрінеді. Қай тақырыпты алса да, ол жадағай жырлаудан, жалаң дидактикаға бой ұрудан аулақ. Адам ретіндегі жеке түйсінген сезімдерін образды түрде сыздықтатып жеткізе отырып, оқырманды ойға бөлей біледі. Бұл да – ақын стилінің бір ұнасымды қыры.

Ақынның қаламынан бірсыпыра балладалар да туған. Көркемдік табиғатына қарап оларды лирикалық балладалар деп атауға әбден болады. Сонымен бірге Сағидың поэма жанрына көп қалам тарта қоймағанын да айтуымыз керек. Поэзиядағы биіктік поэма санымен өлшенбейтінін ескерсек, бұл жағдай қай ақын үшін де кемшілік болып есесптелмейтіні анық.

Қандай жағдайда да оқырманның кейінгі ұрпақтары С.Жиенбаевты қазақ лирикасының көгінен көріп, тани біледі. Оның көркемдікпен кестеленген өлең-жырларынан алдағы уақытта да сусындай береді, рухани-эстетикалық ләззат алады деп білеміз.

Өнегелі еңбектері жақын шетелдегі орыс, украин, армян, түркімен, грузин, қырғыз және басқа ТМД халықтары тілдерінде аударылған. Сондай-ақ, неміс, поляк, чех, монғол, француз тілдеріне де аударылып, жақын және алыс шетелдерде басылып шықты.

С.Жиенбаев қазақ әдебиетін дамытудағы айтулы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, басқа да мемлекеттік наградаларымен марапатталған.

Сағи Жиенбаев 1994 жылы 15-мамырда 61 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.

Сәкен Жүнісов

(1934 - 2007)

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болды.

Сәкен Жүнісов 1934 жылы 11-ақпанда Көкшетау облысының Қызылту ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген ол еңбек жолын өз туған ауылында мұғалім болудан бастайды. 1957-1959 жылдары “Пионер” (қазіргі “Ақжелкен”) журналында тәжірибе жинақтаған ол 1960-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. 1964-1968 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1988-1991 жылдар аралығында КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарды.

Баспа қызметін балаларға арналған «Пионер» журналынан бастаған жазушы қаламынан туған алғашқы туындылары да балдырғандарға арнап жазылды. 1959 жылы ол балаларға арналған «Сонарда» атты тұңғыш кітабын шығарды. Бұл қатар кейінгі жылдары шыққан “Әжем, емші және дәрігер” (1961), “Кімнің мекені жақсы”(1962), “Сақау бәтеңке” (1983) сияқты кітаптары жарық көрген. Бүгінгі өмір тынысы жайлы “Өшпейтін іздер” повесін (1968), “Жапандағы жалғыз үй” романын (1965) жазды. Бұдан кейін жазылған “Ақан сері” (бірінші кітабы – 1971, екінші кітабы – 1977) тарихи романы жазушының ғана емес, қазақ әдебиетінің үлкен табыстары қатарынан орын алды. Осы қатар кейінгі жылдары “Алғашқы вагон” (1982), “Заманай мен Аманай” кітаптарымен толықты.

Тырнақалды туындысы проза жанрында болғанмен ол драматургияны да бірсыпыра меңгерді. Оның қаламынан туған “Ажар мен ажал” (1967), “Тұтқындар” (1970), “Қызым, саған айтам” (1972), “Жаралы гүлдер” (1973), “Қос анар” (1974), “Әр үйдің еркесі” (1975), “Қысылғаннан қыз болдық” (1976), “Кроссворд немесе масханадағы маскарад” (1981), т.б. пьесалар драматургияны да еркін игергендігіне айқын мысал. Оның драмалық шығармалары республиканың түкпір-түкпіріндегі сахналарда қойылды. Сондықтан да ол 1986 жылы “Өлара” пьесасы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Проза, драматургия жанрын тең игерген қаламгер қазақ көркем аудармасына да біршама үлес қосты. Ол Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгтің бірсыпыра әңгімелерін, О.Т.Гончардың “Перекоп” және “Көк адыр” романдарын қазақ тілінде сөйлетті.

Ол алғашында балаларға арналған “Пионер” (қазіргі “Ақжелкен”) журналында қызмет жасағандықтан “Бір шофердің әңгімесі”, “8 нөмерлі көйлек”, “Айып”, “Байқа фото”, “Ауладағы әңгіме”, “Он алтыншы қатар” сынды тырнақ алды әңгімелерін де балаларға арнап жазды. Шағын жанрдың талаптарын толық игерген жазушы ендігі кезекте эпикалық шығармаға ден қоя бастады. Ол “Әжем, емші және дәрігер” атты повесі арқылы өз замандастарының көркем бейнесін қазақ әдебиетіне алып келді. Кеңқұлашты эпикада бағын сынаған ол ендігі кезекте роман жазуға ден қойды. “Жапандағы жалғыз үй” – осы саладағы алғашқы ізденісі.

Кеңестік дәуір тұсындағы егістікке тың жерді игеру, әртүрлі мамандық иелерін Қазақстанға қоныстандыру, ұлттар достығын нығайту науқанымен жүргізілген отарлау саясатын көзіқарақты оқыған қазақ азаматтары түсінді де. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының Одақ тұсындағы жай-күйін Тың көтеру науқаны арқылы көрсетуге қазақ жазушылары бет бұра бастады. Шұрайлы жерлердің басқа ұлт өкілдеріне беріліп, қазақ халқының атадан балаға мирас болған шұрайлы жерлерінен айырылуы, орыс халқымен келген жаман әдеттің ел ішіне сынаптай енуі, ғасырлардан келе жатқан ұлттық әдет-ғұрыптарымыздың аяқасты болуы сынды өзекті мәселелерді “Жапандағы жалғыз үй” романы арқылы көрсете білді. Жеке меншіктің күлі көкке ұшуын бір отбасы төңірегін көрсете білген жазушы Тың көтеру ұранының қазақ ішіне алып келген лаңының шаш-етектен екендігін нанымды түрде бейнеледі. Қазан төңкерісінен бұрынғы кезеңнен бастап сөз еткен жазушы Тың игеру науқанына дейінгі аралықтағы қазақ ауылындағы тарихи оқиғалар мен аты шулы өзгерістерді тілге тиек ете отырып, қазақ ауылының жанды картинасын қазақ әдебиетіне алып келді.

Қазіргі қазақ өмірін бейнелеген “Жапандағы жалғыз үй” романынан кейін жазушы өнер тақырыбына ден қойды. “Сырымбет саласында” “Қаратал бойында” және “Ереймен баурайында” деген үш бөлімнен тұратын «Ақан сері» атты романын ұсынды. Жазушы сұлу Көкшедегі Ереймен баурайында өткен тарихи оқиғаға жан бітіру арқылы алты алашқа аты жайылған Ақан серінің сом тұлғасын қазақ әдебиетіне алып келді. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерінен» кейінгі проза жанрында жазылған эпикалық шығарманың орталық кейіпкері – Ақан сері. Романда әйелдер бейнесіне де біршама көңіл бөлінген. Олардың қатарын Жаңыл, Ырысты, Дәмелі аналар мен Ақтоты, Ұрқия, Қадиша, Ақбота сынды арулар толықтырады. Жүйрік ат мініп, жүйрік тазы ерткен Ақанның аңызға айналған өмірінің аяқ астынан қайғылы (трагедиялы) халге ұшырауын автор нанымды бейнелей білген. Батима мен Үрқия, Ақтоқты, Жамал, Балқадиша сынды арулардың тақсіреті мен алты алашқа аңыз болған Құлагердей жүйрігінен, Қараторғай мен Базаралыдан айрылу, кенже інісі Айбергеннің қазасы сынды біріне-бірі ұласқан қасіреттердің Ақан өмірін адам танымастай күйге енгізгендігін жазушы нанымды бейнелеген. Ақан мен Ақтоқты, Ақан мен Құлагер желісі арқылы автор озбырлардың әлсізге тізе батыруын жеріне жеткізе суреттеді. Жазушы Ақан сері өмірі арқылы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің шындығын шынайы көрсете білді.

“Ақ қасқырлар қамаған қызыл керуен” атты повесіне Азамат соғысы тақырыбын арқау етті. Қазақ ауылынан шыққан қарапайым адамдар кеңес үкіметін орнату жолында әртүрлі қиындықтарға кездессе де оған мойымай, оны жеңе білді.

Жазушы қаламынан туған кең құлашты шығармалары тақырыбы жағынан біріне-бірі ұқсамайтын әртүрлі тақырыпты көтере білуімен ерекшеленеді. «Жападағы жалғыз үйде» тың жерді игеру, «Ақан серіде» өнер, өнер иелері туралы, “Ақ қасқырлар қамаған қызыл керуенде” Азамат соғысы жылдарын көркем бейнелесе, “Аманай мен Заманай” повесіне қазақ елінің тарих қойнауына енген тағы бір аумалы-төкпелі кезеңін арқау етті. Кең далада еркін өскен қазақ халқының басы жаңа өкіметтің тар бұғауы сыймады. Олар жаппай және шұғыл ұжымдастыру науқанынан басы бүтін қарсы болып ел ауа көшіп кетті. Жазушы бұл повесте сол отызыншы жылдардың қанды науқанын сөз ете отырып, қандастарымыздың бүгінгі күйінен хабар береді. Үдере көшкен елдің ата жұртқа деген үлкен сағыныштың жыл өткен сайын арта түскенін жазушы жекелеген кейіпкерлер арқылы көркем бейнеледі. Саналы саясатпен жасалған қасіреттің үш ұрпақ өкілдеріне дейін жалғасуы да шынайылығымен баурап отырады.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген халық даналығын Балзия бойындағы қайсарлықпен көрсеткен жазушы табиғаты нәзік қазақ қыздарының керек жерінде қайыспайтын қайсарлық танытарын да аша білген. Асқар таудай әкесінің қазасы оны сүйген жар мен құрсақтағы баланы әкеден айыруға мәжбүр етеді. Бірақ араға елу жылдай уақыт салып, ата-қоныс пен туған жерге немересін ертіп келе жатқан Балзия кемпір – бір қауым елдің қайғысы мен қасіретін бойына жинақтаған типтік бейне. Балзия бойына үдере көшкен елдің тауқіметін көтерте білген жазушы Атымтай бейнесі арқылы Кеңес өкіметінің кеселді жақтары мен күнгей беттерін көркем суреттеген. Атымтай – Кеңес өкіметін орнатуға барын салған, оның кірпішін қалауда ештеңеден аянбаған күрескер азамат. Жазушы оның қасіреті арқылы Кеңес өкіметінің де қазақ үшін жұмақ өмір сыйламағанын ұғындыруға тырысқан.

Проза жанрында шығармашылық табыстарға жеткен жазушы драматургияда да үлкен белестерді бағындырды. Оның қаламынан “Бәсеке”, “Ажар мен ажал”, “Тұтқындар”, “Қызым, саған айтам…”, “Жаралы гүлдер”, “Қос анар”, “Әр үйдің еркесі”, “Қысылғаннан қыз болдық”, “Өлара”, “Кроссворд немесе әзіл маскарад”, “Жығылып-сүрініп”, “Өліп-өшіп”, “Кемеңгерлер мен көлеңкелер”, “Төгілген қандар, шашылған жандар”, “Жамбылдың даңғыл, тарғыл жолдары”, “Сәукеле”, “Елім-ай” атты бірнеше драмалық туындылар туды.

“Ажар мен Ажал” пьесасы М.О.Әуезов атындағы Академиялық драма театры мен республикамыздың әр түкпіріндегі театр сахналарынан орын алды. “Ажар мен ажалда” ажалды жеңген күрескер ананың сом тұлғасын жасаған драматург “Қызым, саған айтам…” пьесасында «үйлену оңай, үй болу қиын екендігін» бір отбасы төңірегінде көрсете білді. “Жапандағы жалғыз үй” романы мен “Ақ қасқырлар қамаған қызыл керуен”, “Заманай мен Аманай” повестеріне арқау болған оқиғалар желісін ықшамдап, қазақ сахнасына да алып келді. “Жапандағы жалғыз үй” романының негізінде “Қос анар”, “Ақ қасқырлар қамаған қызыл керуен” повесі негізінде “Өліара”, “Заманай мен Аманай” повесінің негізінде “Төгілген қандар, шашылған жандар” трагедияларын жазды.

Сәкен Жүнісов шағын жанрдан бастап повесть, романдарында, драмалық туындыларында қазақ халқының қай заманда да ең өзекті болып келе жатқан жер мәселесін бірінші кезекке қоя білді. “Қос анар” пьесасында драматург орталық кейіпкер Қарасай бейнесі арқылы тың жерді игеру науқанының шындығын аша түсті. “Кемеңгерлер мен көлеңкелер” пьесасында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов араларындағы тартыстар мен қақтығыстар арқылы тарихи шындықтың бір қыртысын сахналай білді.

“Жаралы гүлдер” пьесасында кешегі Ұлы Отан соғысы тұсындағы қазақ ауылының өмір тіршілігін көркем бейнелей білді. Автор бұғанасы қатпаған ауыл балаларының тыл майданындағы қыруар еңбегін сахналауда табысқа жетті. “Қысылғаннан қыз болдық”, “Кроссворд немесе әзіл маскарад” атты комедиялары жеңіл күлкінің астарына үлкен мәселе сыйғызуымен ерекшеленеді.

Сәкен Жүнісов қазақ прозасы мен драматургиясын биік белеске көтерумен бірге көркем аударма саласына да үлес қосты. Оның қаламынан туған көркем шығармалардың өміршеңдігі тақырып өзектілігімен ашылары даусыз.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]