- •Бұқар жырау Қалқаманұлы
- •Жанақ Сағындықұлы
- •Дулат Бабатайұлы
- •Махамбет Өтемісұлы
- •Шернияз Жарылғасұлы
- •Шөже Қаржаубайұлы
- •Сүйінбай Аронұлы
- •Шортанбай Қанайұлы
- •Біржан сал Қожағұлұлы
- •Ыбырай Алтынсарин
- •Ақан сері Қорамсаұлы
- •Абай Құнанбайұлы
- •Жамбыл Жабаев
- •Шәңгерей Бөкеев
- •Мәшһүр Жүсіп Көпеев
- •Шәкәрім Құдайбердіұлы
- •Нұрпейіс Байғанин
- •Әсет Найманбайұлы
- •Ахмет Байтұрсынов
- •Омар (Ғұмар) Қарашев
- •Сара Тастанбекқызы
- •Тұрмағамбет Ізтілеуұлы
- •Міржақып Дулатұлы
- •Жүсіпбек Аймауытов
- •Мағжан Жұмабаев
- •Сұлтанмахмұт Торайғыров
- •Бейімбет Майлин
- •Сәкен Сейфуллин
- •Ілияс Жансүгіров
- •Сапарғали Бегалин
- •Мұхтар Әуезов
- •Бернияз Күлеев
- •Иса Байзақов
- •Сәбит Мұқанов
- •Ғабиден Мұстафин
- •Ғабит Мүсірепов
- •Әбу Сәрсенбаев
- •Хакімжанова Мариям
- •Әлжаппар Әбішев
- •Дихан Әбілев
- •Ғали Орманов
- •Тайыр Жароков
- •Әбділда Тәжібаев
- •Бауыржан Момышұлы
- •Қасым Аманжолов
- •Жұмағали Саин
- •Қалижан Бекхожин
- •Саттар Ерубаев
- •Ілияс Есенберлин
- •Мұқан Иманжанов
- •Хамит Ерғалиев
- •Мал қайтарған үніміз
- •Қасым Қайсенов
- •Жұбан Молдағалиев
- •Тұрсынхан Әбдірахманова
- •Әзілхан Нұршайықов (1922 жылы туған)
- •Сафуан Шәймерденов
- •Сырбай Мәуленов
- •Мұзафар Әлімбаев (1923 жылы туған)
- •Тахауи Ахтанов
- •Әбдіжәміл Нұрпейісов (1924 жылы туған)
- •Бердібек Соқпақбаев
- •Сара Мыңжасарова
- •Шона Смаханұлы
- •Қуандық Шаңғытбаев
- •Нығмет Ғабдуллин
- •Ғафу Қайырбеков
- •Қалтай Мұхамеджанов
- •(1930 Жылы туған)
- •Мұқағали Мақатаев
- •Кәкімбек Салықов (1932 жылы туған)
- •Шерхан Мұртаза (1932 жылы туған)
- •(Әкім Тарази)
- •Әубәкіров Оспанхан
- •Сағи Жиенбаев
- •Ғаббас Қабышұлы (1935 жылы туған)
- •Жұмекен Нәжімеденов
- •Қадыр Мырза Әли
- •1935 Жылы туған
- •Рамазан Тоқтаров
- •Тұманбай Молдағалиев (1935 жылы туған)
- •Кеше үйленген араздасты екі жас,
- •Ысқақ Қалихан (1935 жылы туған)
- •Айтхожина Марфуға (1936 жылы туған)
- •Қабдеш Жұмаділов (1936 жылы өмірге келген)
- •Құмарова Шәрбану (1936 жылы туған)
- •Төлеген Айбергенов
- •Асқар Сүлейменов
- •Оразбек Сәрсенбай (1938 жылы туған)
- •Әбіш Кекілбаев (1939 жылы туған)
- •Фариза Оңғарсынова (1939 жылы туған)
- •Мұхтар Мағауин (1940 жылы туған)
- •Нұржекеев Бексұлтан (1941 жылы туған)
- •Дулат Исабеков (1942 жылы туған)
- •Дүкенбай Досжан (1942 жылы туған)
- •Мұхтар Шаханов (1942 жылы туған)
- •Софы Сматаев (1942 жылы туған)
- •(1942 Жылы туған)
- •Оралхан Бөкеев
- •Ақұштап Бақтыгереева (1944 жылы туған)
- •Жәркен Бөдешұлы (1944 жылы 15 мамырда туған)
- •Жұматай Жақыпбаев
- •Медетбек Темірхан (1945 жылы туған)
- •Тынымбай Нұрмағанбетов (1945 жылы туған)
- •Ахметова Күләш (1946 жылы туған)
- •Мырзабеков Кеңшілік
- •Шөмішбай Сариев (1946 жылы туған)
- •Нұрлан Оразалин (1947 жылы туған)
- •Оразбаев Иранбек (иран-ғайып) Әбітайұлы (1947 жылы туған)
- •Марат Қабанбайұлы
- •Несіпбек Айтұлы
- •Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы (1954 жылы туған)
- •Есенғали раушанов (1957 жылы туылған)
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- •Мазмұны
Мұқан Иманжанов
(1916-1958)
Мұқан Иманжанов 1916 жылы Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. 1937 жылы Алматыға келіп, Есеп-санақ техникумына оқуға түсіп, оны 1939 жылы бітірген. Әдебиетке құмар жас бұдан соң Жазушылар одағы жанынан ұйымдастырылған 6 айлық әдеби курста оқиды. 1941-1943 жылдары радио хабарларын тарату комитетінде, 1943-1949 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде (әуелі әдеби қызметкер, кейін бөлім меңгерушісі), 1949-1958 жылдары «Пионер» журналында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ұлы Отан соғысы тұсында әдебиетке келген ұрпақтың ең бір талантты өкілі – Мұқан Иманжанов еді. Ұлытау жерінен соғыстың алдында оқу іздеп Алматыға келген Мұқан жерлесі, досы Баубек Бұлқышевпен бірге әдебиетке деген құмарлығын, мазасыз ізденісін танытқан азаматтар болды. Баубек әскерге алынып кеткенде, денсаулығына байланысты ондай қызметке жарамай қалған Мұқан елде, «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істеп, майдан өміріне арналған әңгіме-очерктер, Баубектің публицистикалық мақалаларын газетте үзбей жариялап тұрды. Майдан, газеттерін ақтарып, қазақ ақындарының тәуір шығармаларын көшіріп басып қалың оқырманмен таныстырды. Солардың ішінде Қасым Аманжоловтың «Абдолла», Дихан Әбіловтің «Майданбек» поэмалары, Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» атты өлеңі бар еді. Сөйтіп Мұқан ел басына түскен ауыр күндерде майдан мен әдебиеттің, әдебиет пен оқырманның арасын жалғастыруға себін тигізді. Сол кездегі Қазақстан Комсомолы орталық комитетінің хатшысы, ақын Қайнекей Жармағанбетовпен бірге соғыс кезінде және соғыстан соңғы жылдары әдебиетке келген жастарға зор қамқор бола білген адам да Мұқан болды. Жақсы жазушылығына қоса осындай адамгершілік биік қасиеттерімен оның есімі жұрт аузына тез ілікті. Оның сүйіктілерінің қатарына кірді.
Әдеби-журналистік қызметін 1938 жылдан бастағанмен, Мұқанның жазушы есебінде танылуы Ұлы Отан соғысы тұсында. Оның «Тау ұлы» деген атпен басылған әңгімелері мен публицистикалық толғамдары республикалық газет-журналдар бетінде жиі жарияланып, жас жазушы есімін кең танытты. Шығармаларының дені жастар өмірі, олардың арман-тілегі, адамгершілік мәселелеріне арналған. Бұлар жазушының «Жастық» (1948), «Алғашқы айлар» (1950), «Таныс қыз» (1954), «Тыңдағылар» (1956), «Адам туралы аңыз» (1959), «Менің махаббатым» (1960), т.б. кітаптарына кірген.
Жазушылық пафосы мен өміршілік рухы жағынан Мұқан Саттар Ерубаевпен және Баубек Бұлқышевпен үндес жазушы. Оларды өмір сүйгіштік, өмірге ғашықтық идеясы туыстыратын еді. Олардың шығармалары адамды ардақтауды, оны сүйе білуді уағыздаған биік романтикалық сезімге құрылды. М.Горькийдің «Адам – ардақты ат» деген қағидасын үшеуі де жазушылық өмірінің туы етіп ұстады. Өмір, бақыт, ерлік туралы олардың толғаныстары да сарындас. Жаңа заманның жасампаздығына бас иіп, оның рухын жанымен түсініп төгіле сөйлеу, ойы мен сезімін ірікпей бар дауыспен жариялау, отаншылдық ұғым мен сезімнің биіктігі біздің ұлттық әдебиетімізге дәуір дарытқан қасиет болып осы жазушылардың шығармашылығы арқылы кірді. Мұқанның 40-жылдары жазған «Адам туралы аңыз», «Жыртық дәптер», «Қош бол, Шығыс ұлы», «Жастық» тәрізді әңгімелерінде бұл ерекшелік романтикалық патетика күйінде емес, адам бойындағы игі сезімдердің көрінісі ретінде жырланды. Ұлы Отан соғысын Мұқан біздің адамдарымыздың моральдық бейнесін, қоғамдық құрлысымыздың өміршең күшін сынаудан өткізген қатал өмір мектебі деп ұқты. Сөйтіп адамды, сол сыннан алып өткен күшті романтикалық биік сезіммен бейнелеуге тырысты.
Жазушы «Ене мен келін», «Дос қайғысы», «Сүйген жар» сияқты әңгімелерінде өз замандастарының бойындағы адамгершілік сипатты, адамның адамға достығы идеясын көтере жазды. Алғашқы әңгімеде баласы әскерде қайтыс болған ананың келіні жайлы өсек естіп күйзелген күйін суреттей отырып, оның қызметтес жолдастары мен келіні, оның сүйген жігіті Шәріп тарапынан жасалған қамқорлық ананы райынан қайтарғаны нанымды көрсетіледі. «Сүйген жарда» майданнан мүгедек болып оралған күйеуін қалтқысыз сезіммен қарсы алып күткен Алтынның адамгершілігін паш етеді.
Мұқан – адамды еңбегімен бағалайтын заманның жазушысы. Ол адалдық, адамгершілік қасиеттердің бәрін еңбекпен байланыстырады. Еңбек адамды тәрбиелейді. Әркім өз еңбегін ешкімге міндет етпей, елеусіз атқаруға тиіс. «Ақмоншақ», «Таныс қыз», «Кондуктор», «Еңбек қуанышы», «Сенім», «Кішкентай көрші», сияқты әңгімелерінде ол еңбектің үлкен-кішісі жоқтығын, әркім өз қызметінде Отан мүддесіне үлес қосуға тиісті екенін жырлайды, қарапайым еңбек адамдардың мінез-құлқын, қуанышы мен сезімдерінің байлығын ашады. Мұқан геройлары трамвайдың кондукторы, тігінші, телеграфистка, сауыншы сияқты қарапайым кәсіптің иесі болуы да бұл тұрғыдағы жазушы позициясын анық байқатады.
«Еңбек адамның кісіні өзіне тартатын бір ғажайып ерекшелігі болады. Мұны шүу дегенде аңғара да бермейсің. Дегенмен, сайып келгенде, еңбек адамымен ұғысу да, достасу да, сырласу да оңай орайласатыны анық. Содан соң оны қадірлей бастаймыз. Сол үшін оған құрметпен қараймыз».
«Кондуктор» әңгімесінде Мұқан осылай дейді. Содан соң ол бұрын талай көрсе де, көңіл аудармайтын кондуктор қызметіне ой жібере қарайды. Жазушы троллейбуста билет алмаған баланың іс-қылығы арқылы кондуктор қызметінің мән-мағынасына бойлайды. Кондуктор өзін бала тәрбиелеуге қатысы бар қызметтегі адаммын деп санайды. «Менің бар міндетім – троллейбусқа отырған жұрттан ақша жию ғана болса, өзімді өмірден алар еш үлесі жоқ, адамның ең қорымын деп есептер едім», – дейді ол. «Еңбек қуанышында» телеграфистка қыз мыңдаған адамдарға хабар жеткізіп, қуанышына ортақтасып жатқанын мақтан тұтады.
«Таныс қыз» – Мұқанның қарапайым еңбек адамдарын суреттейтін көпке таныс әңгімесі. Оның да сюжеті жұпыны. Кітапханаға барған Бекен жүзі таныс қызды көріп, қайда кездестіргенін есіне түсіре алмай көп ойланады. Кейін оқу залында жиі кездесе жүріп суреттері газеттерге шыққан мақташы қыз – Социалистік Еңбек Ері екенін, Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскенін біледі. Қазақ қызының даңқына сай қарапайым кейпін таниды, еңбек адамына деген шын құрметін білдіреді. Майдан солдаты Бекеннің қызды қайда көргенін есіне түсіре алмай, әрқилы кездесулерді ойша кезуі арқылы (майданда жарасын таңуға көмектескен қыздың ерлігі, т.б.) жазушы психологиялық суреттер жасайды. Сол суреттер әйел-ананы, еңбекқор қызды сыйлауға, ардақтауға жетелейді.
Мұқан жазушылық қызметін журналистикадан бастады. Одан жазушы байқағыштықты, адам тануды үйренді. Жазар объектісін ұзақ зерттейтін еді. Қазақстанда тың көтерілген кезде ол Павлодар облысында бір айдай жатып, тыңгерлер өмірін зерттеді. Соның нәтижесінде «Тыңдағылар» атты әңгімелер жинағы туды. Бұл кітаптың геройлары да романтик жандар – қазақ жерін жаңартып, жаңа елді мекендер салып, даланы көгалдандырып, ел ырзығын жасап жатқандар. Олардың ішінде құрылысшы да, дәрігер де, суретші де бар. Бәрі – бір бағытта ынтымақтасып еңбек ету үстінде. Жазушы тың көтерушілер өмірінің романтикасын жанымен ұғып, қиялшылардың қанатты идеясын қолдай жазады.
Өмірге батыл, белсенді араласу Мұқан Иманжанов геройларының басты принципі. Оның көлемді туындысы «Алғашқы айлар» повесінің сипаты мұны анық байқатады. Мұнда жас маман, ұстаз Жақыпбектің белсенді әрекеті ауыл мектебінің мәдениетін көтеруге жұмсалады. Жас ұстаз мектептегі бала тәрбиесі мәселелерін қозғап, өмірдегі адалдық пен шындық, достық пен жолдастық сезімдер, шын және алдамшы сезімдер жайлы тартыстың өрістеуіне жол ашады. Ол ауыл мектебінің қайнаған өмірдің ішінде отырып, колхоздың қоғамдық тіршілігінен тыс қалып келе жатқанын, балалардың білім алуында өмірлік тәжірибенің жетімсіздігін байқайды. Оқудың политехникалық жүйесін ұсынады. «Алғашқы айлар» (1950) жазылған тұста Кеңес мектептерінде политехникалық оқуды ұйымдастыру мәселесі қозғалмағанын ескерсек, Жақыпбектің идеясы өз заманынан озық ойға құрылғанын көреміз. Кеңес өкіметі мұндай шараны 1952 жылдарда ғана ойласа бастады.
Мұқаннан қалған әдеби мұра ішінде оның соңғы жылдары жазған бірталай пьесалары бар. Ол «Жас өмір», «Менің махаббатым», «Сөнген шала» атты драмалық туындылар қалдырды. Тың игерушілер өмірінен жаза бастаған «Көк белес» атты романы аяқталмай қалды. Алайда, Мұқанның әңгіме-повестері қазақ прозасының шағын жанрын өз дәуірінде жаңа бір белеске көтеруге көмектесті. Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтер бастап дамытқан бұл жанрдың бір бәсеңсіген дәуірінде Мұқан шығып, қазақ әңгімесін жаңа белеске көтерісті. Оның үстіне жазушылық стилі, ұстаған позициясы, жаңа идеяларға толы шығармалары оқырмандарын тез тапты. Ол жастардың сүйікті жазушысы болды. Сөйтіп өмір танумен оны бейнелеудің өзіндік сипатын ұстанған Мұқан ұлттық әдебиетімізде елеулі із қалдырды.
